Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 10 наурыздағы № 51-VІ ҚРЗ

1-бап. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 4, 217-құжат; 1998 ж., № 20, 245-құжат; 2007 ж., № 10, 68-құжат; 2011 ж., № 3, 29-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Астана қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін.".

      2. 4-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады.".

      3. 10-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі.".

      4. 39-бапта:

      1) 2-тармақ "Ұлтаралық" деген сөзден кейін "және конфессияаралық" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді. Конституцияның 11, 13-15-баптарында, 16-бабының 1-тармағында, 17-бабында, 19-бабында, 22-бабында, 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс.".

      5. 41-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.".

      6. 44-бапта:

      1) 3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; Республиканың Премьер-Министрін қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындайды; Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;";

      2) 8) және 9) тармақшалар алып тасталсын;

      3) мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "10-1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдайды;";

      4) 18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "18) өзіне бағынысты Мемлекеттік күзет қызметін жасақтайды;".

      7. 45-баптың 2-тармағы алып тасталсын.

      8. 49-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.".

      9. 53-баптың 3) тармақшасы алып тасталсын.

      10. 55-бап мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жыл мерзімге қызметке сайлау және оны қызметінен босату;".

      11. 57-баптың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады;".

      12. 61-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi.".

      13. 64-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің қызметінде Республика Президентінің және Парламенттің алдында жауапты.".

      14. 66-бапта:

      1) 1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады; Республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді, сондай-ақ олардың орындалуын қамтамасыз етеді;";

      2) 8) тармақша алып тасталсын;

      3) мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-1) Республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітеді;".

      15. 67-баптың 4) тармақшасы "Президентке" деген сөзден кейін "және Парламентке" деген сөздермен толықтырылсын.

      16. 70-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Үкімет жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады.".

      17. 72-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда – Республика Президентінің өтiнiштерiн, сондай-ақ Конституцияның 78-бабында белгiленген жағдайларда соттардың өтiнiштерiн қарайды.".

      18. 73-баптың 4-тармағы алып тасталсын.

      19. 74-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.".

      20. 79-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Республика соттарының судьяларына қойылатын талаптар конституциялық заңда айқындалады.".

      21. 81-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "81-бап

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер беріп отырады.".

      22. 83-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.".

      23. 86-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент Палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған ретте де оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.".

      24. 87-баптың 4-тармағында екінші сөйлем мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері заңда айқындалатын тәртіппен қызметке тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ қызметінен босатылады.".

      25. 91-бапта:

      1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді.";

      2) мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Республика Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, олардың осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда, республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылады.".

2-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамасына сәйкес құрылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен сайланған, тағайындалған лауазымды адамдары осы Заң күшіне енген күнгі өкілеттіктерін Республиканың органдары құрылған және лауазымды адамдары сайланған немесе тағайындалған өкілеттіктер мерзімі аяқталғанға дейін не Республика Конституциясында және заңнамасында белгіленген тәртіппен өз өкілеттіктері тоқтатылғанға дейін сақтайды.

3-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н.НАЗАРБАЕВ