Қостанай облысы Қостанай қаласының N 2 сотының өтініші бойынша "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 3-тармағының және 25-бабыны

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 23 сәуірдегі N 4 Нормативтік Қаулысы

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты И.Ә.Әміровтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.Қ.Сәрпековтің,

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Д.Р.Құсдәулетовтың,

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы М.Т.Әлімбековтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі - Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы В.А.Калюжныйдың қатысуымен, өзінің ашық отырысында Қостанай облысы Қостанай қаласының N 2 сотының "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының  9-бабының  3-тармағын және  25-бабы  1-тармағының 6) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады.

      Конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі Ү.М.Стамқұловтың хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшының - заң ғылымдарының кандидаты, Каспийлік қоғамдық университеттің профессоры С.И.Климкиннің қорытындысымен танысып шығып,  Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
 
                          анықтады:
 

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2008 жылғы 1 сәуірде Қостанай облысы Қостанай қаласының N 2 сотының "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң)  9-бабының  3-тармағын және   25-бабы  1-тармағының 6) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы келіп түсті.

      Ұсыныстан келіп шығатыны, Қостанай облысы Қостанай қаласының N 2 сотының іс жүргізуінде М.В.Дэррдің және М.П.Борлистің "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қостанай қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығы" мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Халыққа қызмет көрсету орталығы) талаптары бойынша азаматтық істер жатыр. Тіркеуші органға құжаттарды берудің алты айлық мерзімін өткізіп алуына байланысты (Заңның 25-бабы 1-тармағының 6) тармақшасы), Халыққа қызмет көрсету орталығының жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуге (бұдан әрі - мемлекеттік тіркеу) құжаттар қабылдаудан бас тартуы көрсетілген азаматтардың сотқа жүгінуіне негіз болған. Аталған Заңның  9-бабының  3-тармағына сәйкес өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      Азаматтық істерді сот талқылауына дайындау процесінде Қостанай облысы Қостанай қаласының N 2 соты, Заңның  9-бабының  3-тармағы және  25-бабы  1-тармағының 6) тармақшасы адамның және азаматтың Қазақстан Республикасы Конституциясының  26-бабында  баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапқан. Өз ұсынысында сот "Заңның  25-бабы  1-тармағының 6) тармақшасында көзделген алты айлық мерзімді өткізіп алуы себепті, мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды қабылдаудан бас тарту жылжымайтын мүлік иесінің конституциялық құқықтарын бұзады. Тіркеудің болмауы заң жүзінде мүлікке иелік ету, пайдалану және билік етудің мемлекет қамтамасыз еткен заңды мүмкіншілігіне кедергі келтіреді, жеке меншік құқығына кепілдік берілетіндігі және меншік иесінің құқықтары шектелуіне жол берілмейтіндігі туралы конституциялық принципке қайшы келеді", деп атап көрсеткен.

      Ұсыныста, заңмен белгіленген мерзімдерді, егер олар сот дәлелді деп таныған себептермен өткізіліп алынса, сот қалпына келтіре алады деп атап көрсетіледі (1999 жылғы 13 шілдедегі N 412-І Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің  128-бабының  екінші бөлігі). Осыны негізге ала отырып, Қостанай қаласының N 2 соты "тіркеу мерзімі дәлелді себептерсіз өткізіліп алынған жағдайларда заң ұқсастығын қолдана отырып (ҚР АК-тің  5-бабы ), сот оларды қалпына келтіруден бас тартуға міндетті" деп пайымдайды. Соттың пікірінше, құжаттарды тіркеу мерзімін қалпына келтіруден бас тарту меншік иесінің дауланбайтын, заңмен кепілдік берілетін құқықтары бұзылуына әкеп соқтырады.

      Осыған байланысты, сот Конституцияның  78-бабына  сәйкес азаматтық істер бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрып, Заңның 9-бабының 3-тармағын және 25-бабы 1-тармағының 6) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінді.

      "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының  9-бабы  3-тармағының және   25-бабының  1-тармағы 6) тармақшасының конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.

       1 . Қазақстан Республикасы Конституциясының меншік туралы ережелері, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазынасы болып табылатын Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуының саяси-құқықтық бастауларын құрайды.

      Конституцияның  6-бабы  2-тармағының нормаларында "меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді" деп көзделген. Бұл, меншіктің құқықтық тәртібі, меншік иесінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері заңмен реттеледі дегенді білдіреді (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 3 қарашадағы N 19/2  қаулысы ).

      1994 жылғы 27 желтоқсандағы N 268-ХІІІ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім)  118-бабының  1-тармағына сәйкес (бұдан әрі - Азаматтық кодекс), қозғалмайтын заттарға меншік құқығы мен басқа да құқықтар, бұл құқықтарға шек қою, олардың пайда болуы, ауысуы және тоқтатылуы мемлекеттік тіркелуге тиіс.

      Міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), сондай-ақ мәмілелер, егер заңда және өзге де заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, олар мемлекеттік тіркелген сәттен бастап туындайды (Азаматтық кодекстің  155-бабының  1-тармағы, Заңның  7-бабының  1-тармағы). Азаматтық кодекстің  236-бабының  3-тармағымен, қозғалмайтын мүлік мемлекеттік тіркелуге тиіс реттерде, оған меншік құқығы осылайша тіркелген кезден бастап пайда болатыны көзделген.

      Мемлекеттік тіркеу - "осы Заң мен өзге де заңдарда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және құқықтық кадастрдағы мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін мемлекеттің тануы мен растауының міндетті рәсімі" (Заңның  1-бабының  6) тармақшасы).

      Мемлекеттік тіркеудің міндетті сипаты, қандай да бір мерзім аяқталуына қатыссыз, заңды түрде алынған мүлікке құқықтарды тиісті тіркеуші орган белгіленген тәртіппен тіркеуге тиіс екендігін білдіреді.

      Заңның  9-бабының  1-тармағымен көзделген мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берудің мерзімі, бір жағынан, азаматтарды құжаттар берудің заңмен белгіленген мерзімін сақтауға, екінші жағынан, - мемлекетті тиісті құқықтардың заңды түрде туындауын, ауысуын немесе тоқтатылуын тануы мен растауының рәсімін қамтамасыз етуге міндеттейді. Жылжымайтын мүлікке заңды негізде иелік етіп, пайдаланып жүрген тұлға бұл мүлікті тіркетуге міндетті және тіркеуші органнан мемлекеттік тіркеумен байланысты іс-әрекеттер жасауды талап етуге хақылы.

      Конституциялық Кеңес, мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берудің белгіленген алты айлық мерзімі жылжымайтын мүлікке құқықтың және онымен жасалатын мәмілелердің құқықтық айқындылығы қамтамасыз етілуіне септігін тигізуге қаратылған, деп пайымдайды. Көрсетілген мерзім сондай-ақ тәртіптеу сипатына ие, өйткені оны сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіленген (2001 жылғы 30 қаңтардағы N 155-ІІ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  354-3-бабы ).

      Осылайша, Конституциялық Кеңестің пікірінше, мемлекеттік тіркеудің міндетті сипаты, құжаттарды беру үшін заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алу айыпты тұлғалардың жауаптылығы (әкімшілік жауаптылығы) нысанындағы құқықтық салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екендігін, бірақ құжаттар қабылдаудан және құқықты (құқық ауыртпалығын) тіркеудің өзінен бас тарту үшін негіз болуға тиіс еместігін білдіреді.

       2 . Негізгі Заңның  76-бабының  2-тармағына сәйкес сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.

      Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 20 желтоқсандағы N 21/2  қаулысында , Конституцияның 76-бабы 2-тармағының ережесі "меншік құқығының даусыз тәртіппен тоқтатылуына жол бермейді" деп атап көрсетіледі. Негізгі Заңның  13-бабының  2-тармағына сәйкес "әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар", бұл "кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа шағынуға құқығы бар" екенін білдіреді (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 наурыздағы N 7/2  қаулысы ). Сот арқылы қорғалу құқығы іс жүргізу құқығына жатады және адам оны бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізгі құралы ретінде пайдаланады (Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 11 мамырдағы N 5/2  қаулысы ).

      Жоғарыда баяндалған құқықтық позицияларды негізге ала отырып, Конституциялық Кеңес, мемлекеттік тіркеудің міндеттілігі тіркеуші органға тиісті құжаттарды алты айлық мерзімді бұза отырып тапсырған өтініш берушінің оны қалпына келтіру үшін сотқа жүгіну құқығын көздейді, деп есептейді.

      Мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берудің өткізіп алынған мерзімін соттың қалпына келтіре алуы жылжымайтын мүлік және онымен жасалатын мәмілелер иесінің құқықтары қорғалуына кепілдік болар еді. Алайда дәлелді себептер болғанда ғана мерзім сот тәртібімен қалпына келтірілуі мүмкін (Азаматтық іс жүргізу кодексінің  128-бабының  екінші бөлігі). Бұл жағдай азаматтың мүмкіншіліктері мен мемлекеттің міндеті арасында қайшылық туындатады: белгіленген мерзімді дәлелсіз себептермен бұзған азамат өзінің құқық субъектілігін жүзеге асыра алмайды (Конституцияның  13-бабының  1-тармағы) және өзінің құқығын тіркете алмайды, ал мемлекет, құқық субъектілігі қатаң сипатта болса да, мұндай тіркеуден бас тартады. Мұнымен конституциялық іс жүргізуге қатысушылар - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, Жоғарғы Сотының және Бас прокуратурасының өкілдері де келісті, олардың пікірінше, Заңның  9-бабының  3-тармағымен көзделген, өткізіп алған мерзімді қалпына келтірудің сот тәртібі мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдау рәсімін күрделендіріп, азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына қосымша кедергі қояды. Конституциялық Кеңес, соттың тіркеу мерзімін өткізіп алу себептерін дәлелді деп тануы немесе танымауы, ең алдымен, әкімшілік жауаптылық туралы мәселені қараған кезде ғана маңызға ие болуы мүмкін деп пайымдайды. Осыған орай, Конституциялық Кеңестің пікірінше, заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуі қажет.

       3 . Конституцияның принциптері мен нормалары меншік құқығына оның туындауының, ауысуының және тоқтатылуының барлық кезеңдерінде кепілдік берілетінін жариялап, баянды етеді және қоғам мен мемлекеттің тұрақты әрі қарышты дамуын, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мызғымастығын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың тиісті шешімдер шығаруының барлық рәсімдеріне қолданылады. Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті (Негізгі Заңның  34-бабының  1-тармағы).

      Республика Конституциясының  26-бабына  сәйкес "Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады" (1-тармақ) және "меншікке... заңмен кепілдік беріледі" (2-тармақ). Бұл конституциялық ережелер "мүлікке ие болудың құқықтық тұрғыда заңдылығын көздейді, меншік иесінің заңды құқықтарын кімнің де болсын заңсыз араласуынан қорғауға және меншікке қол сұғылмауын қамтамасыз етуге бағытталған" (Конституциялық Кеңестің 2004 жылғы 15 сәуірдегі N 2  қаулысы ). Осылайша, меншік иелерінің де, мүліктің заңды иелерінің де мүліктік құқықтары мен мүдделері қорғалуға тиіс.

      Азаматтық заңнама нормаларына жасалған талдау, мемлекеттік тіркеудің өзі жылжымайтын мүлікке құқықтың және онымен жасалатын мәмілелердің мазмұнын қозғамайтынын, шарттар еркіндігін, тараптардың заң жүзіндегі теңдігін, олардың еркінің дербестігін, мүліктік тұрғыдағы өзіндігі мен мүліктік жауапкершілігін шектемейтінін көрсетеді.

      Конституциялық Кеңес, мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімін өткізіп алу азаматтардың және заңды тұлғалардың мүліктік құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруына кедергі келтірмеуге тиіс деп есептейді, өйткені, соның негізінде мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тарту салдарынан әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына (Негізгі Заңның  13-бабының  1-тармағы), Қазақстан азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алуына құқықтары, меншікке заңмен кепілдік берілуі (Конституцияның  26-бабының  1 және 2-тармақтары) шектеледі, сондай-ақ салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі міндетін атқаруына кедергі жасалады (Конституцияның  35-бабы ). Бұл орайда, Негізгі Заңның   39-бабының  3-тармағына сай Конституцияның  13-бабында 26-бабының  2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс.

      Демек, жылжымайтын мүлікті және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тартуға негіз ретінде осындай құжаттарды берудің Заңның 9-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімін өткізіп алуды көздейтін Заңның  25-бабы  1-тармағы 6) тармақшасының нормасы Қазақстан Республикасы Конституциясының  13-бабының  1-тармағына,  26-бабының  1 және 2-тармақтарына,  39-бабының  3-тармағына сәйкес келмейді.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының  72-бабының  2-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының  17-бабы  4-тармағының 1) тармақшасын,  31-33 37,   40-баптарын  және  41-бабы  1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
 
                        қаулы етеді :
 

      1. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының  9-бабының  3-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

      2. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының  25-бабы  1-тармағының 6) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының  13-бабының  1-тармағына,  26-бабының  1 және 2-тармақтарына, 39-бабының 3-тармағына сәйкес емес деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметіне, осы қаулыда баяндалған Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құқықтық позицияларына сәйкестендіру мақсатында қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуге бастама жасау туралы мәселені қарау ұсынылсын.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының  74-бабының  2-тармағына сәйкес конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды, ал "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының  39-бабының  2-тармағына сай мұндай заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген соттардың және өзге құқық қолданушы органдардың шешімдері орындалуға жатпайды.

      5. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағы негізінде қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының  73-бабының  4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.

      6. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

       Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы                                               И.Рогов