Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық сотының өтініші бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 59-бабының конституциялылығын тексеру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қаулысы 2001 жылғы 11 мамыр N 5/2

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, құрамында Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелерi Н.I.Өкеев, Ж.Д.Бұсырманов, А.Есенжанов, А.К.Котов және В.Д.Шопин қатысқан, мыналардың:
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөнiндегi сот алқасының төрайымы Р.Н.Юрченконың;
      Қазақстан Республикасы Әдiлет вице-министрi А.Н.Котловтың;
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлiм бастығы К.Н.Кьюкованың қатысуымен өткен ашық отырысында Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы сотының Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің K970167_ 59-бабының конституциялылығын тексеру жөнiндегi өтiнiшiн қарады.
      Ұсынылған материалдарды зерделеп шығып, баяндамашы - Кеңес мүшесi Ж.Д.Бұсырмановты, отырысқа қатысушылардың және сарапшы - Қаржы полициясы академиясының проректоры, заң ғылымының кандидаты Г.К.Рахымжанованың сөйлеген сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны АНЫҚТАДЫ:
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне 2001 жылғы 11 сәуiрде Орал қаласы сотының Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң (бұдан әрi - ҚК) 59-бабын конституциялық емес деп тану жөнiндегi өтiнiшi келiп түстi.
      Өтiнiштен келіп шығатыны, бұрын бiрнеше рет ұрлық жасағаны үшiн ҚК-тің 175-бабының бiрiншi бөлiгi және екiншi бөлiгiнің "б" тармағы бойынша сотталған Ю.Ю.Лемешев, Орал қаласы сотының 2000 жылғы 8 қарашадағы үкiмiмен, жәбiрленушінің өмiрi мен денсаулығына қауiптi емес күш қолдану арқылы бөтен бiреудің мүлкiн ашық ұрлауда айыпты деп танылып, ҚК-тің 178-бабының "а" және "б" тармақтары бойынша мүлкi тәркiлене отырып қатаң тәртiптегi түзеу колониясында 4 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған, Батыс Қазақстан 2000 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысымен бұл үкім өзгеріссіз қалдырылған.
      Қазақстан Республикасы Бас прокурорының наразылығы бойынша, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөнiндегi сот алқасы қадағалау тәртiбiмен бұл аталған үкiм мен қаулының күшiн жойып, iстi жаңадан қарауға жiберген. Қадағалау сатысы, бiрiншi сатыдағы сот жаза тағайындау кезiнде ҚК-тiң K970167_ 59-бабының екiншi бөлiгiмен көзделген ережелердi ескермеген деп ұйғарым жасаған. Қадағалау қаулысында, сотталушының iс-әрекетiнен, мынадай екi белгi: "өмiрге қауiптi емес күш қолдану арқылы" және "бiрнеше рет" (ҚК-тің 178-бабы екiншi бөлiгiнiң "а" және "б" тармақтары) бойынша айқындалған, қылмыстың қауiптi қайталануы байқалады, сондықтан оған ҚК-тiң 178-бабының екiнші бөлiгiмен көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзiмiнiң үштен екiсiндей, яғни 4 жыл 8 айдан төмен болмайтындай етiп жаза тағайындау керек деп атап көрсетiлген.
      Орал қалалық соты iс жүргiзудi тоқтата тұрып, ҚК-тiң 59-бабын конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсыныммен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне жүгiнген, өйткенi аталған бап iстiң нақты мән-жайы мен айыпкердiң жеке басын ескермей, қылмыстың қайталануы жағдайында жазаның түрi мен мөлшерiн күнi бұрын белгiлей отырып, азаматтардың сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығына нұқсан келтiредi деп есептейдi.
      Осы өтiнiш бойынша ұсынылған материалдарды зерделеп шығып, Конституциялық Кеңес мынаны ескердi.
      1. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы - маңызды конституциялық кепiлдiк болып табылады, ол кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы және қалпына келтiрiлуi үшiн сотқа жүгiнуге хұқылы екендiгiн бiлдiредi. Бұл құқықты пайдалану заңмен белгiленген негiзде және сол тәртiппен жүзеге асырылады. (Конституциялық Кеңестiң 1999 жылғы 29 наурыздағы N 7/2 S990007_ қаулысы). Сот арқылы қорғалу құқығы iс жүргiзу құқығына жатады және адам оны бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негiзгi құралы ретiнде пайдаланады. Ол қоғамда әдiлеттiлік, заңдылық орнауына және адамның негiзгi материалдық құқықтары мен бостандықтарының iс жүзiнде қамтамасыз етiлуiне септiгiн тигiзедi. Азаматтың сот арқылы қорғалуына құқығын кез келген түрде шектеуге жол берiлмейдi және ол заңды бұзу болып табылады.
      2. ҚК-тiң 59-бабы бiрiншi бөлiгiнде, сот қылмыстың қайталануы жағдайында жаза тағайындағанда мiндеттi түрде ескеруге тиiс мән-жайлардың тiзбесi берiледi. Оған мыналар жатқызылған: бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты және қоғамдық қауіптiлiк дәрежесi, оның алдындағы жазаның түзетушiлiк ықпалының жеткiлiксiздiгiне себеп болған мән-жай, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесi. Заңның аталған талаптары, соттың жасалған қылмыс туралы және айыптының жеке басы туралы барлық мәлiметтердi ескере отырып, жазаны сараландыруына мүмкiндiк бередi.
      ҚК-тiң 59-бабының екiншi бөлiгiнде заң шығарушы, соттың қылмыс қайталануының әрбiр түрi кезiнде жаза тағайындай отырып, сақтауы мiндеттi болған шектердi ескерген. Бұл орайда, қылмыстың қайталануы неғұрлым қауiптi болса, адамға тағайындалатын жазаның ең төмен мерзiмi соғұрлым жоғары болады: қылмыстардың қайталануы жағдайында жасалған қылмыс үшiн жазаның мерзiмi мен мөлшерi жасалған қылмыс үшін көзделген ең қатаң жаза түрінің ең жоғары мерзiмi мен мөлшерiнiң жартысынан төмен, ал қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында - үштен екiсiнен төмен, ал қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында - төрттен үшінен төмен болмауы керек.
      ҚК-тің 59-бабы үшiншi бөлiгiнде қылмыс қайталануының кез келген түрiнде жаза тағайындау ережелерiнен тыс екi жағдай белгiленген, ондай жағдайларда ҚК-тiң 59-бабы бiрiншi және екiншi бөлiктерi нормаларының күшi болмайды.
      Ережелерден тыс бiрiншi жағдай - адамның соттылығы жасалған қылмыстың айқындаушы белгiсi болып табылуы, яғни заң шығарушы баптың санкциясын құрастыру кезiнде қылмыстың қайталануы фактiсiн ескерген, сондықтан жаза тағайындау кезiнде ол ескерiлмеуге тиiс. Бұл жағдайда жаза қылмыстың қайталануы, қауiптi қайталануы және аса қауiптi қайталануы анықталған кездегi ең төмен мерзiм шегiнде де, егер сот оны жасау мүмкiн деп тапса, одан азырақ мөлшерде де тағайындалуы мүмкiн.
      Ережелерден тыс екiншi жағдай, белгiлi бiр қылмыс үшiн көзделген жазадан гөрi неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға мүмкiндiк беретiн, ҚК-тің 55-бабымен көзделген ерекше жағдайлардың анықталуымен байланысты. ҚК-тің 55-бабы сотқа ҚК-тің Ерекше бөлiмi санкцияларының, соның iшiнде 59-баптың да ең төмен шегiнен шығу құқығын бередi. Осындай ереженi белгiлей отырып, заң шығарушы сотқа жасалған қылмыс үшiн баптың санкциясымен көзделген жазадан гөрi неғұрлым жеңiл жаза тағайындау немесе қосымша жаза қолданбау құқығын бередi. Бұл жерде мiндеттi шарт - сот ҚК-тің 55-бабын қолдануды жақтайтын сенiмдi уәж келтiруге тиiс.
      ҚК-тің 59-бабының бiрiншi және екiншi бөлiктерi, жасалған әрекетте қылмыстың қайталануы мен оның түрлерінің болуына байланысты жаза тағайындауды сараландыруды көзде тұтады, ал осы баптың үшiншi бөлiгi қылмыс қайталануының түрлерi үшiн жаза тағайындаудың айрықша ережелерiн көздейдi. Сонымен бiрге, ҚК-тiң 59-бабы, мән-жайдың ерекшелiктерi бар кезде соттың ҚК-тің 55-бабы ережелерiн қолдануына кедергi жасамайды.
      Осылайша, ҚК-тің 59-бабына сай, қылмыстың қайталануы жағдайында неғұрлым қатаң жаза тағайындау жеке тұлғаның сот арқылы қорғалуына құқығын жоққа шығармайды. Бұл жоғарыда аталғанның бәрi де ҚК-тiң 59-бабы нормалары Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына қайшы келмейтiнiн, соттың нақты қылмыс үшiн нақты сотталушыға жаза тағайындау туралы шешiмiн күнi бұрын белгiлеп қоймайтынын және соттың жаза тағайындау кезiнде жазаны дараландырудың жалпы негiздерi мен принциптерiн ескеруiне кедергi жасамайтынын атап көрсетедi, өйткенi ҚК-тің 59-бабының өзi Қылмыстық кодекстiң Жалпы бөлiмiнің "Жаза тағайындау" деп аталатын IV-бөлiмiне кiредi.
      Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 2-тармағын және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" U952737_ конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33, 37, 38 және 41-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексiнің K970167_ 59-бабының нормалары Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейдi.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының K951000_ 74-бабы

3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, 
шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей 
мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында 
көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.
     3. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс 
тiлдерiнде жариялансын.
     
      Қазақстан Республикасы
     Конституциялық Кеңесінің
            Төрағасы 
     
     Мамандар:
       Қасымбеков Б.А. 
       Багарова Ж.А.