Контрабанда үшін қылмыстық жауапкершілік жөніндегі заңдарды қолдану тәжірибесі туралы

Қазақcтан Республикасы Жоғарғы Сотының 1997 жылғы 18 шілде N 10 нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 7 Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "209", "250" деген цифрлар тиісінше "234" және "286" деген цифрлармен ауыстырылды;
      "ҚК-тің" деген сөздер "ҚК-нің" деген сөздермен ауыстырылды;
      "кеден одағының" деген сөз тиісінше "Еуразиялық экономикалық одақтың", "Еуразиялық экономикалық одаққа" деген сөзбен ауыстырылды;
      "рәсімдеуді" деген сөз "декларациялауды" деген сөзбен ауыстырылды;
      "қылмыстар", "қылмыстардың" деген сөздер тиісінше "қылмыстық құқық бұзушылықтар", "қылмыстық құқық бұзушылықтардың" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қылмыстық жаза қолданылатын контрабанда жөнiндегi заңды дұрыс және бiрегей қолдану мақсатында Жоғарғы Соттың жалпы отырысы

      қаулы етедi:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 7 Нормативтік қаулысымен.

      1. Тауарларды немесе басқа құндылықтар мен заттарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз алып өту Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 234-бабында жауапкершілік көзделген экономикалық контрабанда болып саналады. Айналымнан алынған нәрселерді немесе айналымы шектеулі нәрселерді Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз алып өту ҚК-нің 286-бабында жауапкершілік көзделген осындай тауарлардың контрабандасы болып саналады.

      Қылмыстық жаза қолданылатын контрабанданы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген контрабандадан, сондай-ақ тауарларды және нәрселердi кеден шекарасы арқылы өткiзумен ұласқан кедендiк ережелердi бұзудан шектейтін жағдайлар iрi мөлшердегi контрабанда немесе арнайы ережелер белгiленген нәрселердi өткiзу болып табылады.

      Кедендік және мемлекеттік шекаралар ұғымы "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған.

      Тергеу iсiн жүргiзуде және сот құжаттарында контрабанданың iрi, аса ірі мөлшерiн және басқа тиiстi саралау белгілерiн, оның iшiнде белгiлi бiр заттарды алып кетудiң арнайы ережелерiн көрсету мiндеттi болып табылады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.04.30 N 3 қаулысымен; ҚР Жоғарғы Сотының 2004.06.18 N 3, 2008.12.22 N 7, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      2. Тауарларды немесе басқа құнды заттар мен нәрселердi заңсыз алып өту кеден аумағына кiргiзу немесе оларды осы аумақтан шығару жолымен жүргiзiлуi мүмкiн.

      Алып кiру және шығару деп кез-келген тәсiлмен (почтамен жiберу, әуе көлiгiмен алып өту және қайта жiберу, қолмен, қалтаға салып, қол жүгi түрiнде тасымалдау және т.б.) контрабанда заттарын өткiзудi түсiну керек.

      3. Заңсыз алып өту өткiзу бекеттерiнде және шекарадан өтуi заңмен белгiленген (ашық алып өту сыңайымен) басқа жерлерде де, сондай-ақ бұл жерден тыс та (жасырын жолмен) жүргізіледi.

      Қылмыстық құқық бұзушылық:

      жасырын алып кiру және шығару жүргiзілген кезде тiкелей шекараны қиып өткен сәттен бастап;

      ашық алып өту сыңайымен алып кiрген кезде - кедендік декларация тіркелген сәттен бастап, ал арнайы ереже белгiленген заттар үшiн - шекара бақылауы рәсiмi бiткен кезден бастап;

      ашық алып өту сыңайымен алып шыққан кезде - кедендік декларация тіркелген сәттен бастап аяқталған деп саналады.

      Өткізу пункттерінде және заңнамамен белгіленген басқа да орындарда, бірақ кеден органдарының белгіленбеген жұмыс уақытында тауарларды алып өткен жағдайларда шекараны кесіп өткен сәттен бастап қылмыстық құқық бұзушылық аяқталды деп есептеледі.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Контрабанда объективтi тұрғыда:

      кедендiк бақылаудан тауарларды, басқа құнды заттар мен нәрселердiжасыру;

      оларды кедендiк бақылаудан тыс алып өту;

      оларды мәлiмдемеу немесе бұрыс мәлiмдеу;

      кедендiк және басқа құжаттарды немесе кедендiк теңестiрiлген құралдарды алдап пайдалану ретiнде сипатталады.

      Тауарларға декларациялар берілгенге дейін тауарларды шығару туралы арызда немесе уақытша тасып әкелу (рұқсат беру) рәсімі бойынша, оның ішінде жарамсыз құжаттар, жалған (немесе) көрінеу теріс (қате) мәліметтер ұсынылып орналастырылған тауарлар болып табылатын, халықаралық тасымал көлік құралдарымен уақытша тасып әкетілген тауарларға қатысты операциялардың жасалғаны туралы арызда көрінеу теріс мәліметтерді көрсету.

      Аталған санаттағы қылмыстарды жасау кезiнде қандай да бiр қылмыс зардаптарының басталуы қажет етiлмейдi. Осыған байланысты, тауарларды немесе ірі мөлшердегі өзге де заттарды "кеден транзиті" кеден рәсімі бойынша Еуразиялық экономикалық одақ шекарасы бойынша заңсыз алып өту кезінде жасалған әрекетті тауарлардың немесе заттардың аталған одаққа қатысушы мемлекеттердің (ішкі транзит) не үшінші елдердің (сыртқы транзит) аумағында олардың пайдаланылуы үшін арналғанына қарамастан ҚК-нің 234-бабы бойынша саралаған жөн.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Кедендiк бақылаудан жасыру тауарларды, басқа құнды заттар мен нәрселердi кедендiк бақылаудан тығу, оларды тасымалдағанда оларды тауып алуды қиындататын құпия орындарды немесе басқа тәсілдердi пайдалану немесе бiр заты басқа заттың түрiн беру болып табылады.

      Кедендiк бақылаудан тыс контрабандалық заттардың орнын ауыстыру оларды кедендiк декларациялауды немесе оған берiлген оны атқару уақытынан тыс Қазақстан Республикасының заңдарымен және кедендiк органдармен белгіленген кедендiк постылардан, өткiзу бекетi мен басқа орындардан тыс өткiзiп жiберу және алып өту болып табылады.

      Кедендiк және құжаттарды немесе кедендiкке теңестiрiлген құжаттарды жалған пайдалану кедендік органдарға, сондай-ақ шекара бақылауын жүзеге асыратын адамдарға жарамсыз, заңсыз жолмен алынған, қолдан жасалған, сондай-ақ жалған мәлiметтермен толтырылған құжаттарды көрсету, қолдан жасалған мөрлер, пломбылар, штампылар және осы сияқты кедендiкке теңестiрiлген құралдарды немесе басқа объектiлерге жататын теңестiрiлген түпнұсқалық құралдарды пайдалану болып табылады.

      Декларацияламау немесе дұрыс декларацияламау – бұл декларанттың тауарлар туралы теріс мәліметтерді (атауы, құны, саны, салмағы және басқалар), таңдалынып алынған кеден рәсімі және (немесе) кеден мақсаттары үшін қажетті өзге де мәліметтерді кеден декларациясын пайдалана отырып кеден органына арыз жазуы не кедендік декларациялауды жүргізу кезінде тауарлар туралы мәліметтер көрсетілген осындай арызды беру міндетін орындамауы.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Контрабанда мүлкi ретiнде кез-келген материалдық дүниенiң қозғалмалы заттарын, оның iшiнде валюта, валюталық құндылықтар, электр, жылу немесе энергияның басқа да түрлерi мен көлiк құралдары деп түсiну керек.

      Оларға сондай-ақ халықтың көркем, ғылыми, тарихи және археологиялық байлығы ретiнде мәнi бар мәдени құндылықтарды - өнер шығармалары, көне заттар, осындай мәнi бар нәрселер, интеллектуалды меншiк нысандары, құрып кету қаупi бар жануарлар мен өсiмдiктердiң түрлерi, олардың бөлiктерi мен ауытқуы (содан туындайтын) жатады. Аталған, сондай-ақ басқа да айналыстан алынбаған заттарды немесе айналысы шектелмеген заттарды (мысалы, азық-түлiк, киiм, аяқ киiм, парфюмерлiк заттар және т.б.) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден шекарасы арқылы заңсыз өткiзу үшiн жауапкершiлiк ҚК-нiң 234-бабында белгiленген.

      Мәдени құндылықтарды және ұлттық мәдени игілік объектілерін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге заңсыз әкету немесе оларды шекара арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мемлекетіне алып өтіп Қазақстан Республикасына қайтармау ҚК-нің 203-бабының 1-1-бөлігі бойынша сараланады.

      Мәдени құндылықтарды және ұлттық мәдени игілік объектілерін Қазақстан Республикасынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тысқары жерге заңсыз әкету немесе оларды Қазақстан Республикасына қайтармау адамдардың әрекетінде экономикалық контрабанданың құрамы да болған кезде ҚК-нің 203-бабының 1-1-бөлігімен және ҚК-нің 234-бабының тиісті бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша сараланады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.04.30 N 3, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      6-1. Соттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жеке тұлғалар үшін қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын әкелу мен әкетудің мынадай тәртібі белгіленгендігін назарға алуы керек:

      Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бөлігі болып табылатын аумақтан немесе аумаққа құжатты нысанда қолма-қол шетел және (немесе) ұлттық валютаны, вексельдерді, чектерді (оның ішінде жол чектерін), бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету шектеусіз және кедендік декларациялаусыз жүзеге асырылады.

      баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын жалпы сомаға қолма-қол шетел және (немесе) ұлттық валютаны (қымбат металдардан жасалатын монеталарды қоспағанда) және (немесе) жол чектерін Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушылар болып табылмайтын елдің аумағынан Қазақстан Республикасына біржолғы әкелу немесе Қазақстан Республикасынан осындай елдердің аумағына әкету кезінде, аталған құндылықтар әкелінетін немесе әкетілетін сомаға жолаушылардың кедендік декларациясын тапсыру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларациялауға жатады.

      Ескерту. Қаулы 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6-2. Адам қолма-қол шетел және (немесе) ұлттық валюта және (немесе) жол чектері контрабандасын жасаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті жазбаша декларациялауға жатпайтын, яғни баламасы 10 мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі оның бөлігі контрабанда мүлкі ретінде танылмайды және адамға тағылған айып көлеміне енбейді. Осы сома иесіне қайтарылуы тиіс.

      Ескерту. Қаулы 6-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Психотроптық заттарды, олардың үлгілерін, прекурсорларды, күшті әсер ететiн, улы, уландыратын, радиоактивтi заттарды, радиоактивтік қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, соғыс техникасын, жарылғыш қондырғыларды, атыс қаруын, оқ-дәрiлердi, ядролық химиялық биологиялық және қырып-жоюға пайдаланылуы мүмкiн басқа да қарулардың, материалдардың, құрал-жабдықтардың немесе компоненттердің орнынан әкетiлуi ҚК-нiң 286-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрайды және контрабандалық заттардың мөлшерi мен санынан тыс жауаптылыққа апарып соғады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.04.30 N 3 Қаулысымен; ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      8. Контрабандалық заттардың құны маманның (сарапшының) кеден ісі туралы заңнамамен және қылмыстық-процестік заңнамамен белгіленген қағидаларға сәйкес қорытындысының негізінде тауарлардың қылмыстық құқық бұзушылық жасалған сәттегі кедендік құны негізге алына отырып айқындалады.

      Контрабандалық заттардың кедендік құны туралы мәліметтер болмаған жағдайда, олардың құны мемлекеттік реттелетін баға негізге алына отырып айқындалады (мысалы, жасанды спирттік ішімдіктер, басқа да жасанды тауарлар контрабандасы жағдайларында). Осындай мәліметтер болмаған кезде тауардың бағасы мен оның құны сарапшының (маманның) қорытындысы негізінде айқындалады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8-1. ҚК-нің 234-бабында көзделген әрекеттерді ірі және аса ірі мөлшерде жасалған деп тану кезінде кедендік шекарадан кеден бақылауынан тыс немесе одан жасырын, не құжаттарды немесе кедендік теңестіру құралдарын алдап пайдалану арқылы өткізілген тауарлардың немесе өзге де заттардың бөлігінің, сондай-ақ кедендік шекара арқылы өткізудің арнайы ережелері белгіленген, декларацияланбаған не декларациялануы күмәнді тауарлардың, заттар мен құндылықтардың кедендік шекарадан өткізуге тыйым салынған немесе өткізу шектелген құнының бағасы ғана назарға алынуға тиіс.

      Кеден және өзге де заңнама нормаларының талаптары сақтала отырып кеден шекарасы арқылы өткізілген тауарлардың немесе өзге де заттардың қалған бөлігі (егер осындай тауарлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынып қоймаған немесе оларға тыйым салынбаған жағдайда) шығаруға жатады.

      Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 2004.06.18 N 3 Нормативтік қаулыcымен, өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Өз қызмет бабын пайдаланып контрабанда жасаған лауазымды адам деп, қызмет парызы бойынша кедендiк және шекаралық бақылауды жүзеге асыратын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен басқа құнды заттар және нәрселердi қарау бойынша тиiстi ықпал жасайтын және шекарадан өтуге рұқсат беретiн адамды айтады.

      Өзiнiң қызмет бабын пайдаланып, мұндай адамдармен жасалған контрабанда мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық заң баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейдi.

      Өзiнің қызмет бабын пайдаланып контрабанда жасаған мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті не соған теңестірілген басқа тұлғаларға жалпы негiзде, яғни лауазымдық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық заң нормаларын қолдану көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша және аталған саралау белгiлерiне сiлтемесiз ҚК-нiң контрабанда туралы баптарының тиiстi бөліктерi бойынша жауапкершiлiк жүктеледi.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.04.30 N 3, 2008.12.22 N 7, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      10. "Ұйымдасқан топтың" саралану белгiлерi деп алдын-ала контрабанда жасау үшiн бiрлескен адамдардың қалыптасқан тобын түсiну керек. Бірнеше адамға, соның ішінде оның өзіне де тиесілі тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды заңсыз өткізуге қасақана ниетті адам біріккен (бірге орны ауыстырылған) контрабандалық заттардың контрабандасы үшін жауапкершілік көтеруге тиіс. Қасақана ниеті контрабандалық заттардың қалған бөлігін заңсыз өткізу бойынша басқа адамдардың әрекетін қамтымайтын, орны ауыстырылуы өзіне көрінеу заңсыз мұндай тауарлардың немесе құндылықтар мен заттардың жеке бөлігінің иесі тек оған тиесілі мүліктің контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік көтереді.

      "Қылмыстық топ" саралаушы белгісінің болуы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағы мазмұнының негізінде айқындалады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 2004.06.18 N 3 Нормативтік қаулыcымен; ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11. Контрабанданы жасау кеден органдары алатын мiндеттi төлемдер мен салықтарды төлеуден бас тартумен объективтi түрде ұласады, ал айыптының тауарлар немесе құнды заттарды заңсыз алып өтудегi тiкелей пиғылы әдеттегiнше осы алып өтудiң мақсаты болып табылады, сондықтан бұл әрекеттер салықтарды және бюджетке басқа мiндеттi төлемдердi төлеуден бас тартқаны үшiн қосымша саралауға жатпайды.

      Мұндай саралау тек контрабанда құрамын және мiндеттi төлемдердi төлеуден қылмысты бас тарту құрамын құрайтын әрекеттер әр кезде жасалған жағдайда ғана орын алуы мүмкiн.

      Кедендiк және басқа құжаттарды (қызмет бабында жасыру төлем белгiлерiн, құжаттарды қолдан жасау) алдап пайдалану белгiлерi бар әрекеттер қосымша саралауды қажет етпейдi.

      Контрабандамен қатар басқа жеке алғанда валютамен немесе есiрткi заттармен, психотроптық заттармен, олардың үлгілерімен атылатын қарумен және қару-жарақтармен және т.б., немесе кеденнен гөрi (шекаралық валюталық есiрткi және т.б.) басқа бақылау объектiсi болып табылатын мемлекеттiк шекараны бұзумен байланысты өзге қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда әрекеттер қылмыстық заңның тиiстi қалыптарында көрсетiлген қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша саралануы тиiс.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Тауарларды немесе басқа құнды заттар мен нәрселердi кедендiк декларациялауды қажет етпейтiн оның iшiнде қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық келiсiмдер негiзiнде кедендiк және шекаралық бақылауды бұзу немесе жеңiлдету және оларды алып өтудiң рұқсат етiлу тәртiбi мен шарттарын қамтамасыз ету, қазақстандық рынокты қорғауға және контрабанда нәрселерінің заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған қылмыстық заң күшiнiң шектерiн тарылтпайды.

      Мұндай жағдайларда кедендiк шекара арқылы тауарларды немесе басқа құнды заттар мен нәрселердi қылмыстық жазалаушылықпен орнынан алып кету оларды мәлiмдемеумен және кедендiк, шекаралық бақылаудан тыс жасаумен ұласқан контрабанда ретiнде бағаланады.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.04.30 N 3 Қаулыcымен.

      13. Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлердегі айыптының мүлкiн пайдалануға тыйым салу туралы заңның талаптарын орындау оның мүмкiн болатын тәркiленуiн қамтамасыз ету үшiн тек қатысушысы Қазақстан Республикасы болып саналатын халықаралық келiсiмдер негізiнде және соған сәйкес жүргiзiледi.

      14. Осы санаттағы iстер бойынша жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-нiң 52-бабының талаптарын басшылыққа алып, мұндайда жаза негiздi және әдiл болуы үшiн контрабанда заттарының мөлшерi мен санын ескергенi, белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, немесе арнаулы, әскери не құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру ретiндегi қосымша жаза тағайындау мәселесiн қарағаны жөн. Заңмен көзделген жағдайларда контрабанда заттарын мемлекет кiрiсiне енгiзген жөн.

      Соттар сондай-ақ мемлекет кiрiсiне айналдырылған контрабанда нәрселерiн өткізуден түскен қаржының толық көлемде мемлекет бюджетiне аударылуға жататынын ескеруi тиiс. Сондықтан соттар үкiмде мемлекет кiрiсiне айналдырған контрабанда нәрселерiн өткiзуден түскен қаржының белгілi бiр бөлiгiн қандай да бiр арнайы есепке аудару жөнiнде ұйғару жасамауы керек.

      Егер айыпты контрабанда нәрселерiн сатып жiберсе, сот сотталған адамнан оның құнын, егер бұл сату мемлекетке мiндеттi төлемдердi төлеуден бас тарту жағдайымен ұласса, төленбеген төлемдердiң тиiстi сомасын мемлекет кiрiсiне өндiрiп алу жөнiнде мәселенi шешуi тиiс.

      ҚК-нің 234, 286-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауда кінәлі деп танылған адамдардың контрабандалық тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы көлік құралдарын пайдалана отырып заңсыз кіргізу немесе шығару фактілерін анықтау барысында контрабанда кезінде пайдаланылған көлік құралдары туралы мәселе олардың іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылық қаруы ретінде заң тәртібімен белгіленген заттай дәлелдеме болып танылуына қарай шешілуге тиіс.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.04.30 N 3 қаулысымен; ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 7, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      15. Осы қаулының қабылдануына байланысты КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1978 ж. 3 ақпандағы "Контрабанда туралы iстер бойынша сот тәжiрибесi туралы" N 2 қаулысы, 1978 ж. 5 қыркүйектегi N 7 және 1978 ж 6 желтоқсандағы N 7 қаулылары енгiзген өзгертулермен қоса күшi жойылған деп танылсын.

      16. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-тармағына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 16-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).