Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 862 қаулысына мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі туралы ережеде:
мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
"10-1) көлік саласында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар қабылдау;";
мынадай мазмұндағы 29-1) тармақшамен толықтырылсын:
"29-1) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен және мерзімде азаматтардың петицияларын қарау;";
мынадай мазмұндағы 34-1), 34-2), 34-3), 34-4), 34-5), 34-6), 34-7), 34-8), 34-9), 34-10), 34-11), 34-12), 34-13), 34-14), 34-15), 34-16), 34-17), 34-18), 34-19), 34-20), 34-21), 34-22), 34-23), 34-24), 34-25), 34-26), 34-27), 34-28) және 34-29) тармақшалармен толықтырылсын:
"34-1) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
34-2) бюджеттік субсидияларды төлеу қағидаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;
34-3) лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құны мен нысанасын айқындау қағидаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;
34-4) мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;
34-5) мемлекеттік органның даму жоспарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әрбір үш жыл сайын бесжылдық кезеңге әзірлеу және бекіту;
34-6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының жобаларын келісу;
34-7) республикалық бюджеттен шығыстар жоспарланатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының жобаларын келісу;
34-8) бюджетті жоспарлау және атқару кезеңдерінде нәтижелерді басқаруды жүзеге асыру;
34-9) бюджеттік заңнамаға сәйкес мақсаты мен тақырыбына қарай шығыстарға шолуды жүргізу;
34-10) бюджет заңнамасына сәйкес мониторингтеуді жүзеге асыру;
34-11) әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібіне сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштерінің есеп-қисаптарын әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
34-12 заттай нормаларды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;
34-13) көлік инфрақұрылымының ең төменгі стандарттарын әзірлеу және бекіту;
34-14) жергілікті бюджеттердің күрделі шығындары мен дамытуға арналған шығындарын қаржыландырудың салалық әдістемелерін жергілікті атқарушы органдармен, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;
34-15) байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдерді жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өтінімдерін ескере отырып, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсыну;
34-16) мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларын мемлекеттік жоспарлау және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша бекіту;
34-17) өз құзыреті шегінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
34-18) үлгілік конкурстық құжаттамаларды және мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгілік шарттарын қоса алғанда, салаларды (аяны) дамыту тұжырымдамалары, ұлттық жобалар шеңберінде жекеше әріптесті айқындау және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу тәртібін әзірлеу және бекіту;
34-19) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысты жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты (аукционды) және тікелей келіссөздерді ұйымдастыруды жүзеге асыру, оның ішінде қажет болған кезде конкурстық құжаттаманы әзірлеу үшін білікті заңды тұлғаларды тарту;
34-20) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастыру үшін әлеуметтік-экономикалық міндеттердің тізбесін қалыптастыру және бекіту;
34-21) тиісті салада республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу;
34-22) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу мониторингін жүзеге асыру және мониторинг нәтижелерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберу;
34-23) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары шеңберінде жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары жөнінде ақпарат беру және бұл ақпаратты өзінің ресми интернет-ресурсында жариялау;
34-24) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары негізінде құрылған мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін республикалық меншікке беруді ұйымдастыру;
34-25) республикалық меншікке жататын мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері бойынша бұрын жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда жаңа жекеше әріптестерді тартуды ұйымдастыруды жүзеге асыру;
34-26) табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бизнес-жоспарды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының жобаларын, оның ішінде табиғи монополиялар саласына жатқызылатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) қалыптастыру және бекіту тәртібі бөлігінде оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде келісу;
34-27) жекеше әріптестердің мемлекеттік функциялардың іске асырылуын қамтамасыз етуін көздейтін жобалар бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық жобасына бизнес-жоспарды, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасын, оның ішінде оларға бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласына қатысты бөлігінде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органмен келісу;
34-28) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздер кезінде республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына салалық қорытынды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бизнес-жоспар дайындауды жүзеге асыру;
34-29) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша жекеше әріптесті айқындау қағидаларын бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;";
мынадай мазмұндағы 81-1) тармақшамен толықтырылсын:
"81-1) тасымалдаушылардың жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруына байланысты залалдарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялаудың үлгілік шартын әзірлеу және бекіту;";
мынадай мазмұндағы 95-1) тармақшамен толықтырылсын:
"95-1) Түркістан қаласының аумағы арқылы транзиттік автомобиль көлігі жүрісінің схемалары мен тәртібін айқындауды келісу;";
мынадай мазмұндағы 167-1) тармақшамен толықтырылсын:
"167-1) республикалық маңызы бар қалада, астанада қалалық рельсті көлікті мемлекет кепілдігімен тартылған қарыздар есебінен дамыту кезінде көлік кәсіпорнының осы қарызды өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығындарын субсидиялау қағидаларын әзірлеу және бекіту;";
мынадай мазмұндағы 180-1), 180-2) және 180-3) тармақшалармен толықтырылсын:
"180-1) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар мен материалдардың сапасына Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының сараптама жүргізуін ұйымдастыру;
180-2) автомобиль жолдарының (көпiр өткелдерiнiң) учаскелерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін беру жөнiндегі ұсыныстарды, оларды пайдалану тәртібі мен талаптарын, олармен жүрiп өту үшiн мөлшерлемелер мөлшерiн әзiрлеу;
180-3) халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу, диагностикалау және паспорттау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес автожол саласының нормативтік-техникалық базасын жетілдіру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;";
мынадай мазмұндағы 317-1), 317-2), 317-3) және 317-4) тармақшалармен толықтырылсын:
"317-1) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметтері бойынша Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің, сондай-ақ Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесе отырып бекіту және оған өзгерістер енгізу;
317-2) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, инвестициялық бағдарламаны бекітуге өтініш ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасының іс-шараларын қабылдаудың орындылығы немесе орынсыздығы туралы қорытындыларды табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберу;
317-3) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің бекітілген инвестициялық бағдарламасының орындалуы туралы есепті қарау қорытындылары бойынша ол келіп түскен күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірмей, бекітілген инвестициялық бағдарлама іс-шараларының орындалуын қабылдаудың орындылығы немесе орынсыздығы туралы өз қорытындысын белгіленген тәртіппен табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберу;
317-4) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган айқындайтын тәртіпке сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы, сенімділігі және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштерін белгілеуге қатысу;";
мынадай мазмұндағы 428-1), 428-2), 428-3), 428-4), 428-5), 428-6), 428-7), 428-8), 428-9), 428-10), 428-11) және 428-12) тармақшалармен толықтырылсын:
"428-1) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемдері жөнінде ұсыныстар енгізу;
428-2) мемлекеттік басқарудың тиісті саласында ұйымдардың жұмылдыру дайындығын жоспарлау, ұйымдастыру және оған басшылық ету, Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру қағидаларында белгіленген тәртіппен жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдардың жұмылдыру әзірлігін бағалауды жүргізу;
428-3) ұйымдармен жұмылдыру тапсырыстарын орындауға арналған шарттар жасасу, жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдар банкрот болған, қайта ұйымдастырылған, таратылған, олардың жұмыс бейіні өзгертілген кезде белгіленген жұмылдыру тапсырыстарын алып тастау және басқаға беру туралы ұсыныстар енгізу;
428-4) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, жұмылдыру жоспарларын орындауға дайындық жөнiндегi шараларды жүргізу;
428-5) жұмылдыру тапсырыстарын белгілеу үшін ұйымдардың өндірістік, қаржылық, қоймалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға беру;
428-6) әскери міндеттілерді бекітіп қою бойынша жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;
428-7) жұмылдыру жарияланған кезде Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, ұйымдарды соғыс жағдайы режимiне көшiру жөнiндегi шаралар кешенiн жүргiзудi ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
428-8) мемлекеттік басқарудың тиісті саласында жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және (немесе) бекіту;
428-9) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жұмылдыру жоспарларын әзірлеу және бекіту;
428-10) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкiлеттi органға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
428-11) әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар өткізуге қатысу;
428-12) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың мүдделеріне сай міндеттерді орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы экономикасының іркіліссіз жұмыс істеуін және халқының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік басқарудың тиісті саласында арнайы құралымдарды ұйымдастыру және олардың қызметін қамтамасыз ету;".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |