Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 7 ақпандағы № 78 қаулысы

      2019 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1165 қаулысына мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі мынадай мазмұндағы 11-тармақпен толықтырылсын:

      "11. 2019 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес сатып алынатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге мыналар жатады:

      жергілікті атқарушы органдар мен шаруашылық басшыларын тасымалдағыш зымыранның алдағы ұшырылуы туралы құлақтандыру;

      тасымалдағыш зымыранды ұшыру алдында құлау ауданын шолып байқау және тасымалдағыш зымыранды ұшыруды жүргізу кезеңінде құлау ауданын уақытша жабу;

      тасымалдағыш зымыранды ұшыру жүзеге асырылған соң тұрғындарды (бар болса) құлау ауданынан эвакуациялау және оларды қайтару;

      тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің фрагменттерін іздестіру;

      табылған сұйықтықты зымыран қозғалтқыштарын (немесе олардың фрагменттерін) және тасымалдағыш зымыраннан бөлінетін бөліктерінен құрамында бағалы металдары бар бұйымдарды (немесе олардың фрагменттерін) ұшыруды жүргізетін ұйымға қайтару;

      жануарлар дүниесіне және өсімдік жабынына әсерді төмендету мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптары мен нормативтерін сақтау;

      тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктері жерге түскен кезде өрт туындаған жағдайда дала өрттерін барынша тез жою;

      тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің фрагменттерінен құлау ауданын уақтылы тазалау (бөлінетін бөліктер сорға құлаған кезде оларды құлау ауданынан қысқы кезеңде эвакуациялауға жол беріледі);

      тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктері құлаған жерлерде ластанған учаскелерді детоксикациялау (қажет болған кезде) және бұзылған топырақ жабынын техникалық рекультивациялау (тегістеу);

      "Байқоңыр" ғарыш айлағының позициялық ауданы қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымырандарды дайындау және ұшыру әсерін бағалау;

      құлау ауданында және шектес аумақта орналасқан елді мекендердің қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің құлау әсерін бағалау;

      құлау ауданында және шектес аумақта флора мен фаунаның жай-күйін жыл сайынғы мониторингтеу;

      бес жылда бір рет немесе құлау ауданын пайдалану мерзімі аяқталған соң құлау ауданы мен шектес аумақтың қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымырандарды ұшырудың әсерін кешенді бағалау.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов