Сот төрелігіне қол жеткізу және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі - Жоғарғы Сот) сот актілерін қайта қарау бойынша өкілеттіктері туралы заңнаманы қолдану практикасында туындайтын мәселелерді түсіндірудің қажеттілігін атап көрсете отырып және сот практикасын зерделеудің нәтижелері бойынша Жоғарғы Соттың жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығы туралы конституциялық принципті іске асыру кезінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің (бұдан әрі - Конституциялық Кеңес) 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 және 2003 жылғы 1 желтоқсандағы № 12 қаулыларындағы:
Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі - Конституция) 13-бабы 2-тармағының нормасы кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуге құқығы бар екені, осы құқық заңмен белгіленген негізде және тәртіппен іске асырылатыны;
Конституцияның 14-бабының 1-тармағымен кепілдендірілген заң алдында тең болу принципі адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін нақтылы шарттар мен жағдаяттардың нақ осы заңдарда айқындалатыны;
сот арқылы қорғалу құқығы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктері болып табылатыны, ол Қазақстан Республикасының азаматына, шетелдікке және азаматтығы жоқ адамға тиесілі болатыны туралы түсіндірмелерін негізге алған жөн.
Құқықтар мен заңды мүдделерді сот арқылы қорғауға Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес өзге де субъектілерге кепілдік беріледі.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.Конституцияның 4-бабының 3-тармағы Республика бекіткен халықаралық шарттардың оның заңдарынан басымдығын белгілейді. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады. Осыған байланысты сот төрелігіне немесе сот арқылы қорғалуға қол жеткізу құқығын регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану кезінде халықаралық құқықтың мынадай жалпы жұрт таныған нормалары мен принциптерін ескеру қажет:
әр адам, оның конституциямен немесе заңмен оған берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайларда құқықтарын құзыретті ұлттық соттардың тиімді қалпына келтіруіне құқығы бар (БҰҰ Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217 А (III) қарарымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 8-бабы);
соттар мен трибуналдар алдында жұрттың бәрі тең, әрбір адам өзіне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезінде немесе қайсыбір азаматтық процесте оның құқықтары мен міндеттерін анықтау кезінде заң негізінде құрылған құзыретті, тәуелсіз және әділ сот арқылы істің әділетті және ашық қаралуына құқылы (Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабының 1-тармағы, Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91-III Заңымен ратификацияланды, Қазақстан Республикасында 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енді).
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Конституцияның 75-бабының 1-тармағына сәйкес сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Әркімнің сот арқылы қорғалу конституциялық құқығын соттарда іске асырудың құқықтық механизмінің:
әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кемсітілуіне (бұзылуына) әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін әрекеттер мен шешімдерге сотқа шағымдану құқығын да қамтитыны (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 және 2007 жылғы 24 қаңтардағы № 1 қаулылары);
заңды күшіне енген сот шешіміне шағым берудің өзі оны міндетті түрде қайта қарауға әкеп соқпайтыны (Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 24 ақпандағы № 1/2 қаулысы);
әркімнің сот арқылы қорғалу құқығы заңмен белгіленген негізде және тәртіппен жүзеге асырылатыны туралы негізгі сипаттамалары (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 және 2000 жылғы 1 қарашадағы № 19-2 қаулылары) Конституциялық Кеңестің түсіндірмелерінде берілген.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.4. Конституцияның 81-бабына сәйкес Жоғарғы Сот жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын азаматтық, қылмыстық және өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелері бойынша түсініктемелер береді.
Жоғарғы Сот аталған конституциялық өкілеттіктерді іске асыра отырып сот ісін жүргізуді жүзеге асыру кезінде заңды біркелкі түсіндіруді және қолдануды қамтамасыз етеді.
Соттардың құқық нормаларын түсіндіру мен қолданудың бірыңғай жолдарымен сипатталатын сот практикасының біркелкілігіне сот практикасының мәселелерін түсіндіретін Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын қабылдау арқылы ғана емес, сонымен бірге кассациялық сатыда қаралғаннан кейін айрықша жағдайларда заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың нәтижесінде де қол жетеді. Осы ретте Жоғарғы Соттың сот актілерінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметінің сот практикасын қалыптастыру үшін айқындаушы маңызы бар.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 27.11.2025 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.5. Сот практикасының біркелкілігіне қол жеткізу заңдылықты қамтамасыз ету, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау міндеттеріне негізделеді.
Көрсетілген міндеттердің негізінде процестік заңнамада:
соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы біркелкіліктің бұзылуы (Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 454-1-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасы; Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-1-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасы; Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 498-1-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағы; Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 851-1-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы);
адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарлар қаупінің төнуі, тұлғалардың айқындалмаған тобының құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің немесе өзге де жария мүдделердің бұзылуы (АПК-нің 454-1-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақшалары, ӘРПК-нің 169-1-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақшалары; ӘҚБтК-нің 851-1-бабы бірінші бөлігінің 2), 3) тармақшалары);
қабылданған сот актілері мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қозғайтын не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкелуі мүмкін болса; адам өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі (ҚПК-нің 498-1-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақтары) қайта қараудың негіздері ретінде белгіленген.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.6. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Қ.МӘМИ |
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Қ.ШАУХАРОВ |