Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-нің", "АІЖК-інде" деген сөздер тиісінше "АПК-нің", "АПК-де" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Сот практикасын қорыту нәтижелері бойынша шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы құқық нормаларын біркелкі түсіндіру және қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етті:

      1. Соттар көрсетілген санаттағы істерді қараған кезде шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделгенін және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК), "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК), "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" "Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2337 Заңының (бұдан әрі - Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заң), басқа да нормативтік құқықтық актілердің нормаларын қамтитынын ескергені жөн.

      Сонымен қатар соттар Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны (Кишинев, 2008 жылғы 14 қараша), Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын азаматтардың құқықтық мәртебесі туралы шартты (Мәскеу, 1998 жылғы 28 сәуір) және Қазақстан Республикасы ратификациялаған басқа да халықаралық шарттарды басшылыққа алуы қажет.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы емес және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi бар адам шетелдік болып танылады. Қазақстан Республикасының азаматы емес және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi жоқ адам азаматтығы жоқ адам болып танылады (2-бап).

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Заңының 10-бабының 3-тармағында төмен тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары тұрған деңгейлердегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуге тиiс деп белгіленген. Аталған Заңның 12-бабының 1-тармағына сәйкес әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Әкімшілік жолмен кетіру және азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарып жіберу мазмұны бойынша әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны немесе заңнаманы бұзғаны үшін сот қаулысының (шешімінің) негізінде жүзеге асырылатын, шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен мәжбүрлеп шығарып жіберуді немесе уәкілетті органдардың бақылау жасай отырып, олардың өз бетімен өтіп кетуін білдіреді.

      5. Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу туралы істерді қараған кезде ӘҚБтК-нің нормаларын іске асыру тәртібімен қолданылатын әкімшілік жолмен кетірудің және АПК-де көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылатын шығарып жіберудің аражігін ажыратуы қажет.

      6. Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру ӘҚБтК-нің ерекше бөлімінде белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша берілетін негізгі немесе қосымша әкімшілік жазалар ретінде қолданылуы мүмкін.

      Шығарып жіберуді қолдануға:

      шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергi болатын және (немесе) ықпал ететін қызметтi жүзеге асыруы (ӘҚБтК-нің 109-бабы);

      қоғамдық орындарда тиісу (ӘҚБтК-нің 449-бабының үшінші бөлігі);

      діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзуы (ӘҚБтК-нің 490-бабының үшінші бөлігі;

      жеке басты куәландыратын құжаттарды алған кезде не Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау не Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш берген кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына көрiнеу жалған мәлiметтер беруі (ӘҚБтК-нің 495-бабының екінші бөлігі);

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу бекеттерiнде режимдi бұзуы (ӘҚБтК-нің 513-бабының екінші бөлігі);

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы режимiн бұзуы (ӘҚБтК-нің 514-бабының екінші бөлігі);

      шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы (ӘҚБтК-нің 517-бабы);

      Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзып, шетелдік жұмыс күшін және еңбек иммигранттарын тартуы, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыруы (ӘҚБтК-нің 519-бабының төртінші бөлігі);

      Әскери қызметші Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі міндеттерді атқарған кезде оның заңды өкіміне немесе талабына бағынбау (ӘҚБтК-нің 516-бабының екінші бөлігі) негіз болып табылады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      7. Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру туралы іс әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа да материалдарын алған күні қаралады.

      ӘҚБтК-нің 51-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер әкiмшілік iс жүргiзу барысында әкiмшілiк жолмен кетiрілуі мүмкiн адам, өзiне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (бұдан әрі – ҚК) сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып танылатын әрекет жасалғаны туралы хабарласа, онда iстi қарау Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiппен шешiм қабылданғанға дейiн кейiнге қалдырылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      8. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін шетелдікті не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен кетіруге әкеп соқтыратын істі қарау кезінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатын адам міндетті түрде қатысуы тиіс.

      9. Әкімшілік жолмен кетіру туралы шешімде көрсетілген ақылға қонымды мерзім ішінде аталған адамдар Қазақстан Республикасының аумағынан кетуі тиіс (ӘҚБтК-нің 822-бабының 2-бөлігі).

      Соттар ақылға қонымды мерзім деп шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның өзіне қатысты қабылданған шығарып жіберу туралы шешімді орындамағаны үшін белгіленген әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікті ескере отырып, қаулыны орындау үшін жеткілікті мерзімді түсінуі керек.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      10. ӘҚБтК-нің 51-бабының 1-бөлігі, оның ережелерінің шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында көзделген тәртіппен қолданылатын шығарып жіберу жағдайында қолданылмайтынын айқындайды.

      ӘҚБтК-нің 8-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар, әкімшілік жаза шаралары, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өндірісті қамтамасыз ету шаралары және әкімшілік-құқықтық ықпал ету шаралары тек қана ӘҚБтК-мен анықталады. ӘҚБтК-інде белгiленген негiздер мен тәртiптен басқа жағдайларда, ешкiм де әкiмшiлiк жазаға, әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларына тартылуға тиiс емес.

      Көрсетілген құқықтық нормалардан шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның санкциялар ішінде әкімшілік жолмен кетіру көзделетін әкімшілік құқық бұзушылықты жасаудан көрінетін заңнаманы бұзу адамды азаматтық процестік тәртібімен шығарып жіберу негіздерінің қатарынан алынып тасталатыны туындайды.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) ); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      11. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы ішкі істер органдарының өтініші бойынша істерді қарау ерекше іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады (АПК-нің 49-тарауы).

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      12. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтінішті ішкі істер органдары шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың болған (нақты болған) және (немесе) тіркелген жеріндегі сотқа береді (АПК-нің 382-бабы).

      АПК-нің 54-бабының үшінші бөлігінің сәйкес аталған адамдарды шығарып жіберу туралы өтінішті прокурор да беруі мүмкін.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13. АПК-нің 383-бабының талаптарына байланысты шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу туралы өтініште Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғанын куәландыратын мән-жайлар жазылуы тиіс.

      Шығарып жіберу туралы өтінішке аталған адамдардың заңнаманы бұзу фактілерін жасағанын растайтын құжаттар қоса беріледі, оған мемлекеттік органдардың құқықтық актілері, соның ішінде сот шешімдері, қаулылары, үкімдері жатады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      14. Азаматтық іс жүргізу тәртібімен шығарып жіберу туралы шешім шығару кезінде соттар шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жасаған құқық бұзушылығын ескеруі қажет.

      Соттар ӘҚБтК-нің және ҚК-нің әкімшілік жазаны алып тастау мерзімі, соттылықты жою және алу салдарлары туралы тиісті нормаларды басшылыққа алуы керек. Адам сот қаулысы орындалған сәттен бастап бiр жылдың iшiнде әкiмшiлiк жазаға ұшырады деп есептелмейдi (ӘҚБтК-нің 61-бабы). Соттылықты жою немесе алу соттылыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшiн жояды (ҚК-нің 79-бабының 9-бөлігі).

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтінішті сот іс қозғалған сәттен бастап он күн ішінде шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды. Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның сот отырысына келмеуі, оған қатысты хабарланғаны жөнінде мәліметтер болмаса, істі қарауды кейінге қалдыру үшін негіз болып табылады (АПК-нің 196-бабының екінші бөлігі).

      Осы адамдардың нақты болған жері белгісіз болса және оларды шығарып жіберу туралы өтінішті заңда белгіленген мерзімде қарау мүмкін болмаса, сот іздестіру жариялауға міндетті (АПК-нің 133-бабының екінші бөлігі), сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға құқылы (АПК-нің 273-бабының 8) тармақшасы).

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      16. Шығарып жіберу үшін соттың белгілейтін мерзімдері ақылға қонымды болуы тиіс.

      Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан кетуі тиіс мерзімді анықтаған кезде шығарып жіберу рәсімдерін қаржыландыру ерекшеліктері ескерілуі қажет.

      АПК-нің 384-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот шығындарын, сондай-ақ шығарып жіберу бойынша шығындарды шығарып жіберілетін шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар не Қазақстан Республикасына оларды шақырған ұйымдар немесе жеке тұлғалар көтереді. Аталған адамдардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды өтеуге қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      17. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сот шешімі оны қабылдаған күннен бастап заңды күшіне енеді және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу үшін негіз болып табылады (АПК-нің 385-бабы).

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      18. АПК-нің 401-бабының талаптарына байланысты шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы соттың шешіміне апелляциялық тәртіппен шағым және жасауға және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды, бірақ кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

      Шағым жасаудың апелляциялық тәртібін сақтамай қайта қарау мүмкіндігі Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91-III Заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген) 13-бабының ережелеріне байланысты екенін ескерген жөн.

      Соттарға шығарып жіберу туралы шешімді қабылдаған кезде шешімнің қарар бөлігінде сот актісіне кассациялық тәртіппен шағым жасау құқығын көрсету қажеттілігі түсіндірілсін.

      Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызды қанағаттандырудан бас тартқан шешім АПК-нің 240-бабының қағидалары бойынша заңды күшіне енеді және оған АПК-нің 403-бабының қағидаларында көзделген тәртіппен апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Шығарып жіберу үшін белгіленген мерзімнен кешіктірілмей шағым немесе наразылық түскен жағдайда, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы соттың шешімі кассациялық саты шешім шығарғанға дейін тоқтатыла тұруға тиіс (АПК-нің 386-бабы). Мұндай жағдайда жеке сот актісін шығару талап етілмейді. Соттың шығарып жіберу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық сатының қаулысында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тиіс жаңа мерзім көрсетіледі.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      19. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ. Мәми
      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы Д. Нұралин