Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
"141-1" деген цифрлар "146" деген цифрлармен ауыстырылды;
"ҚІЖК-нің" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды;
"сезікті", "сезіктінің", "Сезіктіден", "сезіктілер" деген сөздер тиісінше "күдікті", "күдіктің", "Күдіктіден", "күдіктілер" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарының адамның жеке бас бостандығына жөне қадір-қасиетіне қол сұқпауды қамтамасыз ететін нормаларын қылмыстық сот ісін жүргізуде дұрыс және біркелкі қолдану, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясынан (БҰҰ Бас Ассамблеясының 1984 жылғы 10 желтоқсандағы 39/46 қарарымен қабылданды, Қазақстан Республикасы Конвенцияға Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы № 247-1 Заңына сәйкес қосылды) (бұдан әрі - Конвенция) және Қазақстан Республикасы бекіткен өзге де халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді тиісінше түрде орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 110-бабына сәйкес, қылмыстық процесті жүргізуші орган іс жүргізу әрекеттерін жүргізген кезде (жауап алу, беттестіру, қарау, тану және т.б.) процеске қатысушыға оның құқықтарын түсіндіріп қана қоймай, сонымен катар оларды толық жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті екеніне соттардың назары аударылсын. Бұл ретте адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын сақтауға, оның ішінде қинауды, басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттерді қолданудан қорғауды қамтитын адамның қадір-қасиетіне қол сұқпауға ерекше мән берілуге тиіс. Заңның осы талаптарын орындамау іс жүргізу әрекеттерін жүргізген кезде алынған дәлелдерді рұқсат етілмейтін дәлелдер деп тану үшін негіз болып табылады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).2. Құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам ҚПК-нің 128 және 131-баптарында көзделген жағдайлар, негіздер мен себептер болған кезде ғана ұсталуы мүмкін. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша хабарлайды, оған қорғаушы шақыру құқығын, үнсіздік сақтау құқығын және оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екендігін түсіндіреді.
Адам нақты ұсталғаннан кейін процестік ұсталғаны туралы мәселені шешу және ҚПК-нің 131-бабының талаптарына сәйкес ұстап алу хаттамасын жасау үшін дереу, бірақ үш сағаттан кешіктірілмей анықтау органының лауазымды адамына, анықтаушыға немесе тергеушіге берілуге тиіс. Күдікті өз денсаулығының жалпы жай-күйін және дене жарақаттарының бар-жоғын анықтау үшін дәрігердің куәландыруына жатады. Медициналық куәландыру қорытындысы міндетті түрде ұстап алу хаттамасымен қоса беріледі.
Күдікті тиісті өтінішхатты мәлімдеген кезде ол өз денсаулығының жалпы жағдайын және дене жарақаттарының бар-жоғын анықтау үшін дәрігердің куәландыруына жатады. Медициналық куәландыру өткізілген жағдайда, ұстап алу хаттамасына оның қорытындысы міндетті түрде қоса тіркеледі.
Нақты ұстап алу деп жүріп-тұру бостандығын қоса алғанда, ұстап алынған адамның бостандығын шектеу, оны белгілі бір орында мәжбүрлеп ұстау, анықтау және тергеу органдарына мәжбүрлеп жеткізу (қолға түсіру, үй-жайға қамау, қандай да бір жерге баруға немесе орнында қалуға мәжбүрлеу және сол сияқтылар), сондай-ақ ұстап алынған адамға қандай да бір процестік мәртебе берілуіне немесе өзге де формальды рәсімдердің орындалуына қарамастан, көрсетілген шектеулер нақты болған кезден бастап адамның бас бостандығын минутқа дейінгі дәлдікпен елеулі түрде шектейтін қандай да бір өзге де әрекеттер түсіндіріледі.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.3. Күдіктіден жауап алу барлық жағдайларда ҚПК-нің 210, 212 және 216-баптарының талаптарына сәйкес жасалатын хаттамамен ресімделеді. Қылмыс жасағаны үшін күдікті болуына байланысты адам нақты ұсталғаннан кейін одан осы факті бойынша "түсініктеме", "айыбын мойындап келу", "куә ретінде жауап алу" түрінде немесе өзге де ұқсас нысандарда жауап алу кезінде алынған айғақтарды ресімдеуге жол берілмейді және ҚПК-нің 112-бабына сәйкес, мұндай құжаттар қылмыстық істің материалдарына тіркелуге жатпайды.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).4. Соттар сот талқылауында және қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында адамның жеке бас бостандығы мен қадір-қасиетіне қол сұқпау жөніндегі құқықтарының бұзылуы туралы арыздарды тексерген және күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініштерді қараған кезде адамның нақты қай уақытта, қанша уақытқа ұсталғанын, оның қай жерде ұстауда болғанын, хаттаманың жасалған-жасалмағанын және осыған байланысты басқа да мән-жайларды анықтауы тиіс.
Адамды ұстау мерзімі оның нақты ұсталған уақытынан басталады. Адам нақты ұсталғаннан кейін үш сағаттың ішінде тергеуші (анықтаушы) ұстау хаттамасын жасап оның міндетті түрде ұсталған сағаты мен минутын көрсетеді.
Тергеу судьясы немесе сот адамды жеткізу немесе күдікті адамды ұстап алу уақытының жалғандығы фактісін, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 369-бабында көзделген қылмыс белгілерін байқап, ҚПК-нің 185-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес тексеру және процестік шешім қабылдау үшін бұл мән-жайды жекеше қаулымен прокурордың назарына жеткізуге міндетті.
Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 24.01.2020 № 2 нормативтік (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.5. ҚПК-нің 135-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің нақты ұсталынған сәтінен бастап кейінге қалдырмай оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біреуіне, ал олар болмаған жағдайда - басқа туыстарына немесе жақын адамдарына оның ұсталғандығы және қай жерде екендігі туралы хабарлауға немесе күдіктінің өзіне осындай хабарлау мүмкіндігін қамтамасыз етуге, оның ішінде сот оған телефонмен хабарласу құқығын беруге міндетті. ҚПК-нің 541-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес, кәмелетке толмаған күдіктінің, айыпталушының ұсталғаны туралы оның ата-анасына немесе оның басқа да заңды өкілдеріне, ал олар болмаған жағдайда - жақын туыстарына дереу хабарлануы тиіс. Осы іс жүргізу әрекеті хаттамада көрсетіліп, оған тергеуші (анықтаушы) және күдікті қол қояды.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).6. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
7. ҚПК-нің 64-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, күдікті ұсталған жағдайда, ұстап алу хаттамасы жасалған немесе бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей, өзі таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейін оңаша және құпия жолығу құқығы қамтамасыз етіле отырып, одан жауап алынуы тиіс.
Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 24.01.2020 № 2 нормативтік (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.8. ҚПК-нің 128 және 131-баптарында көрсетілген жағдайлар, негіздер мен себептер болмаған кезде немесе ұстау хаттамасын жасамастан үш сағаттан астам уақыт адамды ұстау, сондай-ақ тергеу судьясының күзетпен ұстау санкциясынсыз адамды ҚПК-нің 131-бабының төртінші бөлігінде белгіленген мерзімдерден асатын мерзімге және тергеу судьясының, күзетпен ұстауды санкциялаған мерзімінен асатын мерзімде ұстау заңсыз болып табылады және ол қамаудан дереу босатылуы тиіс. Кінәлі адамдардың аталған заңсыз әрекеттерді жасауға тікелей ниеті болған жағдайда олар ҚК-нің 414-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.
Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 24.01.2020 № 2 нормативтік (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.9. Адамды заңсыз ұстау фактісі анықталған жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші орган, оны ақтау және заңсыз әрекеттермен келтірілген зиянды өтеу жөнінде ол шаралар қабылдайды. Ұсталған адамға мүліктік зиянды өтеу және моральдық зиянның зардаптарын жою, оның ішінде ҚПК-нің 41-бабының ережелеріне сәйкес одан жазбаша түрде ресми кешірім сұрауды талап ету құқығы түсіндіріледі.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).10. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған әскери қызметшiлер мен жазасын бас бостандығынан айыру түрiнде өтеп жүрген адамдар тиiсiнше гауптвахталарда және қылмыстық-атқару жүйесiнiң бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны орындайтын мекемелерiнде ұсталуы мүмкiн. ҚПК-нің 61-бабы екінші бөлігінің 9-тармағында және үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар анықтау органының бастығы айқындайтын арнайы бейiмделген үй-жайларда ұсталады. Төтенше жағдай режимі жағдайларында қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар жергілікті жердің коменданты айқындаған, осы мақсаттарға бейімделген үй-жайларда ұсталуы мүмкін.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).11. Қамауда ұстау орындарының әкімшілігі ұсталған немесе күзетпен ұсталған адамдардан түскен қинау әрекеттерінің қолданылғаны туралы шағымдарды ҚПК-нің 101-бабына сәйкес прокурорға дереу жолдауға міндетті.
Прокурор азаптаудың, зорлық-зомбылықтың, басқа да қатыгездік немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттердің қолданылғаны туралы шағымды ҚПК-нің 105-бабында белгіленген талаптар мен мерзімдерге сәйкес тексереді. Азаптаудың, зорлық-зомбылықтың, басқа да қатыгездік әрекеттердің қолданылғаны туралы жеткілікті деректер анықталған кезде прокурор шағымды Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркейді және қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін тергеулілігі бойынша береді.
Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 24.01.2020 № 2 нормативтік (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.12. Қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған немесе күзетпен ұсталуда отырған адамның қинау қолданылғаны туралы шағымы сотқа жолданған жағдайларда, қамауда ұстау орнының әкімшілігі аталған шағымды ҚПК-нің 106-бабының тәртібімен қарау үшін мекеменің орналасқан жері бойынша тергеу судьясына дереу жолдайды.
Ескерту. 12-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 24.01.2020 № 2 нормативтік (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.13. Азаптаулар, зорлық-зомбылық, басқа да қатыгездік қолданылғаны немесе адамдық қадір-қасиетті қорлап, жәбір көрсетілгені туралы шағым сот отырысында мәлімделген жағдайларда, сот оны дереу қарау үшін заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті. Егер шағымды тексеру үшін соттың құзыретіне кірмейтін шараларды не сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде тергеу және өзге де процестік әрекеттер жүргізуді жүзеге асыру қажет болса, сот тексеру материалдарын сотқа табыс ету мерзімін көрсете отырып, тиісті тексеру жүргізуді прокурорға жүктейтін қаулы шығарады.
Тексеруді жүзеге асыру және заңсыз әрекеттер жасаған адамдарды жауапкершілікке тарту іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға әкеп соқпайды.
Сот шағымдарды тексеру материалдарын және олар бойынша прокурор қабылдаған процестік шешімдерді сот отырысында зерттеуге және негіздер болған кезде дәлелдемелерді мүмкін емес деп тану туралы мәселені шешуге міндетті. Шағымдарды тексеру материалдары және олар бойынша қабылданған процестік шешімдер іс материалдарына тіркеледі.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.13-1. Адамның ҚПК-нің 64 және 65-баптарында көзделген өзінің процестік құқықтарын іске асыру мақсатында мәлімдемесінде білдірген оның іс-әрекетін, оған азаптаулар қолданылғаны жөніндегі өтінішін оған азаптаулар қолданылғаны жөніндегі жалған сөз айтқанынан ажырату қажет.
Күдіктінің азапталғаны немесе өзге де қатыгездікпен жәбірленгені жөнінде құзыретті органға жүгінген шағымындағы көрінеу жалған сөзі үшін оның шағымында баяндалған фактілердің расталмауы және сол өтініш бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы негізінде ғана ҚК-нің 419-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол берілмейді.
ҚК-нің 419-бабы бойынша адамды көрінеу жалған сөз жеткізгені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға қылмыстық жауаптылықтан жалтару мақсатында не өзге себептермен өзіне азаптау қолданылғаны туралы оның тарапынан қасақана жала жабу дәлелденген кезде ғана мүмкін болады.
Ескерту. Нормативтік қаулы 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).14. Соттар тараптардың қинау қолданып алынған немесе өзге де заңсыз әрекеттердің нәтижесінде алынған деп санайтын дәлелдерді рұқсат етілген дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы өтініштерін қараған кезде алынған іс материалдарының заңдылығын растау міндеті айыптаушыға жүктелетінін негізге алуы тиіс.
Егер сотталушы сот отырысында өзінің жауаптарын қылмыстық қудалау органдарының күш қолдануының немесе психикалық қысым көрсетуінің салдарынан бергенін, бұл орайда оған қорғаушыны шақыру және өзіне қарсы айғақтар бермеу құқығымен таныстырмағанын, жауап алу қорғаушының қатысуынсыз жүргізілгенін мәлімдесе, онда дауланып отырған жауаптар рұқсат етілмейтін дәлелдер деп танылуы тиіс.
Егер іс жүргізу әрекеттеріне адвокат қатысса, онда ол хаттамаға қол қойған кезде жол берілген заң бұзушылықтар туралы көрсетуге міндетті.
15. ҚК-нің 362-бабында жауаптылық көзделген, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланумен байланысты өзге де әрекеттерден қинауды ажырата білу қажет. ҚК-нің 13-бабының үшінші бөлігінде белгіленген жалпы жене арнайы нормалардың бәсекелестігі туралы ережеге сәйкес жәбірленушіге тән азабын және (немесе) психикалық зардап тартқызумен ұштасқан әрекеттер, егер бұл әрекеттерді лауазымды тұлға осы нормада көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін жасаса, олар арнайы норма - ҚК-нің 146-бабы бойынша саралануы тиіс. Бұл ретте, әрекетті ҚК-нің 362-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
ҚК-нің 146 көрсетілген өзге де лауазымды тұлғалардың қатарына қылмыстық қудалау органдарының лауазымды тұлғаларын ғана емес, сонымен қатар ҚК-нің 3-бабының 26-тармағында аталған басқа да органдар мен ұйымдардың лауазымды тұлғаларын жатқызу қажет. ҚК-нің 146-бабында көрсетілген басқа адамға он алты жасқа толған кез келген есі дұрыс жеке адам ол ҚК-нің 146-бабының бірінші бөлігінің диспозициясында көзделген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған қасақана әрекеттер жасаған жағдайда жатады.
Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.15-1. ҚК-нің 146-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген субъектінің үнсіз келісімі деп анықтауды жүзеге асыратын адамның, тергеушінің немесе өзге де лауазымды адамның не басқа адамның ҚК-нің 146-бабы бірінші бөлігінің диспозициясында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін басқа адамдардың азаптауларды қолдануына келісімінен (мақұлдауынан), оның ішінде үнсіз мақұлдау (басын изеу, ымдау және т. б.) байқалатын әрекетін (әрекетсіздігін), сол сияқты басқа адамдардың құқыққа қарсы әрекеттері туралы хабардар болу кезінде не кейін азаптаулар мен тағы басқалар қолданылғандарға осы адамдарды заңсыз жіберу кезінде әрекетсіздігін түсіну керек.
Ескерту. Нормативтік қаулы 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).15-2. Конвенцияның 16-бабының ережелерін іске асыру мақсатында қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің әрбір фактісіне құқықтық баға берілуге тиіс. Мұндай әрекеттер ҚК-нің 146-бабында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін емес, өзге де уәждермен жасалған және азаптаудың анықтамасына жатпайтын жағдайларда, онда кінәлі адам негіздер болған кезде ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті баптары бойынша жауаптылыққа тартылады.
Ескерту. 15-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.15-3. Қылмыстық іс бойынша қылмыстық процеске тартылған адамның адамгершілік қадір-қасиетін қорлайтын және қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрамайтын заңсыз әрекеттерді қылмыстық қудалау органының жасау фактісі анықталған кезде соттар прокурордың тиісті шаралар қабылдауы туралы жекеше қаулы шығаруға міндетті.
Ескерту. 15-3-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.16. Қинауды денсаулыққа қасақана зиян келтіруден (ҚК-нің 106, 107-баптары) ажыратқан кезде, көрсетілген әрекеттерді ҚК-нің 146-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін тергеушінің, анықтау жүргізушінің өзге де лауазымды адамның не басқа адамның жасағаны анықталмаса, солар арқылы тән азабын және психикалық зардап тартқызу қинау ретінде саралана алмайтынын ескеру қажет.
Егер қинау нәтижесінде жәбірленушіге қасақана орташа ауырлықтағы немесе ауыр зиян келтірілсе немесе абайсызда кісі өліміне алып келсе, онда мұндай әрекеттер ҚК-нің 141-1-бабының тиісті бөлігімен толық қамтылып, ҚК-нің 104, 106, 107-баптары бойынша қосымша саралануға жатпайды.
Қинау нәтижесінде өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуді ҚК-нің 146-бабының тиісті бөлігінің және 102-бабының жиынтығы бойынша саралау қажет.
Қылмысты жасаған адамды ұстау үшін қажетті шаралар шегінен шығып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру қинау болып табылмайды және ол ҚК-нің 113-бабы бойынша саралануы тиіс.
Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.16-1. ҚК-нің 146-бабында және 110-бабы екінші бөлігінің 4) тармағында көзделген іс-әрекеттердің ара-жігін ажырату қажет.
ҚК-нің 146-бабында көзделген норма ҚК-нің 110-бабының екінші бөлігінің 4) тармағында көзделген нормаға қатысты арнайы норма болып табылады. Осыған байланысты ҚК-нің 146-бабы бірінші бөлігінің диспозициясында көзделген барлық белгілер: азаптаулардың арнайы субъектісінің болуы; азапталушыдан немесе басқа адамнан мәліметтер алу немесе мойындату не ол немесе басқа адам жасаған немесе жасады деп күдік келтірілген әрекет үшін оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшінші адамды қорқыту немесе мәжбүрлеу немесе кез келген сипаттағы кемсітуге негізделген кез келген себеппен жазалау мақсатының болуы анықталған жағдайда, іс-әрекет ҚК-нің 146-бабының диспозициясымен толық қамтылады және ҚК-нің 110-бабының екінші бөлігі 4) тармағы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
Азаптауларды қолдана отырып, тән немесе психикалық зардаптарды шектіру, егер бұл ҚК-нің 146-бабының бірінші бөлігінің диспозициясында көзделген барлық белгілерін қамтыса, ҚК-нің 146-бабының тиісті бөлігі бойынша саралануға жатады және ҚК-нің 110-бабы екінші бөлігінің 4) тармағы бойынша қинау деп сараланбайды.
Ескерту. Нормативтік қаулы 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).17. Лауазымды тұлғалардың іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі мынадай заңды әрекеттері: күдіктінің (айыпталушының, сотталушының, сотталғанның) құқыққа қарсы әрекеттерінің жолын кесу; қаруды және арнайы құралдарды (қол кісендерді, сойылдарды және т.б.) қолдану; ұстау; қамауда ұстау; соттың үкімі бойынша бас бостандығынан айыру және қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық іс жүргізудің міндеттерін орындауға бағытталған басқа да әрекеттері қинау деп танылмайды.
ҚК-нің 146-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын жүзеге асыру сылтауымен адамдарға қатысты тән азабын және психикалық зардап тартқызу қылмыстық заңның көрсетілген нормасы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.18. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
19. Конвенцияның 8-бабына сәйкес, шетел мемлекетінің азаматы болып табылатын адамды шетел мемлекетінің аумағында қинау қолданғаны үшін айыпталуына байланысты ұстап беру туралы талап Қазақстан мен талапты жолдаған шетел мемлекетінің арасында тиісті шарт болған жағдайларда ғана емес, сонымен қатар Конвенцияға қатысушы-мемлекетке ұстап беруге құқықтық негіз болатын Конвенцияға сәйкес қанағаттандырылуға жатады.
Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).20. Конвенцияның 3-бабының талаптарын орындау үшін қылмыс жасады деп айыпталған шетел мемлекетінің азаматын ұстап беру (экстрадициялау) туралы талапты қараған кезде талап жолдаған шетел мемлекетінде адам құқықтарын өрескел, сорақылықпен және жаппай бұзудың тұрақты тәжірибесінің бар-жоғын көрсететін мән-жайлар анықталады. Конвенцияның көрсетілген нормасына және ҚПК-нің 590-бабы бірінші бөлігінің 7-тармағына сәйкес, егер өзіне қатысты ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салу келіп түскен адамға, Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайлардан басқа, сұрау салушы тарапта азаптауды қолдану қатеріне ұшырауы мүмкін не оның денсаулығына, өміріне немесе бостандығына нәсілдік белгісі, діни нанымы, ұлты, азаматтығы (бодандығы), белгілі бір әлеуметтік топқа тиесілілігі немесе саяси сенімдері бойынша қауіп төніп тұр деп пайымдауға негіздер болса адамды ұстап беруге (экстрадициялауға) жол берілмейді.
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).20-1. Азаптағаны үшін кінәлі деп танылған адамдарға жаза тағайындау кезінде соттар ҚК-нің 52-бабының талаптарын негізге алуы және Конвенцияның 4-бабы 2-тармағының әрбір қатысушы мемлекет қылмыстардың ауыр сипатын ескере отырып, осындай қылмыстар үшін тиісті жазалар белгілейді деген ережелерін есепке алуы қажет. Бұл ретте соттар қылмыстық жауаптылықты және жазаны ауырлататын мән-жайлармен қатар ҚК-нің 54-бабы бірінші бөлігінің 7), 9) және 13) тармақтарында көрсетілген: қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не кінәлі адамға тәуелдi адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау; аса қатыгездiкпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбiрленушiнi қинаумен қылмыстық құқық бұзушылық жасау; өзi берген сертін немесе кәсіби антын бұзған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы жөніндегі мән-жайларды тану туралы мәселені талқылауы қажет.
Ескерту. Нормативтік қаулы 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).21. Қылмыстық процесті жүргізуші орган қинаудың құрбанына мүліктік және моральдық зиянды өндіру туралы талап беру құқығын және мұндай талапты беру тәртібін түсіндіруге міндетті.
Азаматқа қинау, қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер немесе жазалаулар нәтижесінде келтірілген зиян ҚІЖК-де және "Қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 нормативтік қаулысында көзделген тәртіппен өндірілуге жатады.
Қылмыстық процесті жүргізуші орган жәбірленушіге азаптауға байланысты қылмыстар бойынша ҚПК-нің 71-бабы алтыншы бөлігінің 23) тармағына және "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 131-VI Заңының (бұдан әрі – Қор туралы заң) 6-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өтемақы алу құқығын түсіндіруге міндетті.
Қор туралы заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес прокуратура органдары жәбірленушілерге өтемақы ретінде төленген ақшаны кінәлі адамдардан өтетіп алу жөніндегі регрестік талаптарды қояды.
Ескерту. 21-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 24.01.2020 № 2 нормативтік (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.22. Қинау, қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер мен жазалаудың алдын алу мақсатында соттар қинауды қолдануға жағдай жасайтын себептер мен жайларды анықтап, оларды жою туралы жеке қаулы шығаруы тиіс.
Ақтау үкімі не қылмыстық істі ақтап алу негіздері бойынша қысқарту туралы қаулы шығарған кезде соттар барлық жағдайларда заңсыз ұстауға, кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға кінәлі лауазымды тұлғаларды (анықтаушыны, тергеушіні, прокурорды және басқаларды) жауапқа тарту туралы жеке қаулылар шығаруы тиіс.
23. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
М. Әлімбеков |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Ж. Бәйішев |