Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының адамның жеке бас бостандығын сақтау және қадір-қасиетіне қол сұқпау, қинауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы мәселелер жөніндегі нормаларын қолдану туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 28 желтоқсандағы N 7 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарының адамның жеке бас бостандығына жөне қадір-қасиетіне қол сұқпауды қамтамасыз ететін нормаларын қылмыстық сот ісін жүргізуде дұрыс және біркелкі қолдану, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясынан (бұдан әрі - Конвенция) және Қазақстан Республикасы бекіткен өзге де халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді тиісінше түрде орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

       1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 114-бабына сәйкес, қылмыстық процесті жүргізуші орган іс жүргізу әрекеттерін жүргізген кезде (жауап алу, беттестіру, қарау, тану және т.б.) процеске қатысушыға оның құқықтарын түсіндіріп қана қоймай, сонымен катар оларды толық жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті екеніне соттардың назары аударылсын. Бұл ретте адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын сақтауға, оның ішінде қинауды, басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттерді қолданудан қорғауды қамтитын адамның қадір-қасиетіне қол сұқпауға ерекше мән берілуге тиіс. Заңның осы талаптарын орындамау іс жүргізу әрекеттерін жүргізген кезде алынған дәлелдерді рұқсат етілмейтін дәлелдер деп тану үшін негіз болып табылады.
      2. ҚІЖК-нің 132 және 134-баптарында қаралған жағдайлар, негіздер мен себептер болғанда ғана адам қылмыс жасады деген күдікпен ұсталуы мүмкін. Адам нақты ұсталған уақыттан бастап үш сағаттан кешіктірілмей оның іс жүргізу бойынша ұсталғаны туралы мәселені шешу үшін ол тергеушіге немесе анықтаушыға берілуі тиіс. Ұсталған адамға ҚІЖК-нің 134-бабына сәйкес, оның қандай қылмыс жасағаны үшін сезікті екені хабарланады және ҚІЖК-нің 68-бабында көзделген сезіктінің құқықтары, оның ішінде оның ұсталған кезден бастап қорғаушыны шақыру құқығы, өзіне қарсы күдікке байланысты жауап беру немесе түсініктеме мен айғақ беруден бас тарту құқығы түсіндіріледі. Тергеушінің (анықтаушының) осы әрекеттері ұстау хаттамасында көрсетіледі.
      Адамның нақты ұсталуы деп, оның емін-еркін жүріп-тұру және өз қалауы бойынша өзге де әрекеттерді жасау мүмкіндігінен айырылуын (адамды қолға түсіру, күштеп ұстау, үй-жайға қамау, бір жерге баруға немесе орнында тұруға мәжбүрлеу және т.с.с.) түсіну қажет.
      3. Сезіктіден жауап алу барлық жағдайларда ҚІЖК-нің 213, 216 және 218-баптарының талаптарына сәйкес жасалатын хаттамамен ресімделеді. Қылмыс жасағаны үшін сезікті болуына байланысты адам нақты ұсталғаннан кейін одан осы факті бойынша "түсініктеме", "айыбын мойындап келу", "куә ретінде жауап алу" түрінде немесе өзге де ұқсас нысандарда жауап алу кезінде алынған айғақтарды ресімдеуге жол берілмейді және ҚІЖК-нің 116-бабына сәйкес, мұндай құжаттар қылмыстық істің материалдарына тіркелуге жатпайды.
      4. Соттар сот талқылауында және қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында адамның жеке бас бостандығы мен қадір-қасиетіне қол сұқпау жөніндегі құқықтарының бұзылуы туралы арыздарды тексерген және қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініштерді қараған кезде адамның нақты қай уақытта, қанша уақытқа ұсталғанын, оның қай жерде ұстауда болғанын, хаттаманың жасалған-жасалмағанын және осыған байланысты басқа да мән-жайларды анықтауы тиіс.
      Адамды ұстау мерзімі оның нақты ұсталған уақытынан басталады. Адам нақты ұсталғаннан кейін үш сағаттың ішінде тергеуші (анықтаушы) ұстау хаттамасын жасап оның міндетті түрде ұсталған сағаты мен минутын көрсетеді.
      Сот сезіктінің ұсталған уақытын бұрмалау фактісін, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 314-бабында қарастырылған қылмыс белгілерін анықтаса, ҚІЖК-нің  183-бабы 4-бөлігінің талаптарына сәйкес, жеке қаулыда осы мән-жайды тексеру және Іс жүргізу шараларын қабылдау үшін прокурордың назарын аударуға міндетті.
      5. ҚІЖК-нің 138-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тергеуші (анықтаушы) нақты сезікті ұсталған уақыттан бастап он екі сағаттың ішінде оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біреуіне, ал олар болмаған жағдайда - басқа туыстарына немесе жақын адамдарына оның ұсталғандығы және қай жерде екендігі туралы хабарлауға немесе сезіктінің өзіне осындай хабарлау мүмкіндігін қамтамасыз етуге, оның ішінде сот оған телефонмен хабарласу құқығын беруге міндетті. ҚІЖК-нің 491-бабы 5-бөлігінің талаптарына сәйкес, кәмелетке толмаған сезіктінің, айыпталушының ұсталғаны туралы оның ата-анасына немесе оның басқа да заңды өкілдеріне, ал олар болмаған жағдайда - жақын туыстарына дереу хабарлануы тиіс. Осы іс жүргізу әрекеті хаттамада көрсетіліп, оған тергеуші (анықтаушы) және сезікті қол қояды.
      6. ҚІЖК-нің 138-бабы 3-бөлігінің ережелерін қолдану ерекше сипатта болады және оны тек прокурордың немесе оның орынбасарының санкциясымен, қылмыс жасаған сәтте іс 18 жасқа толған адамға ғана қатысты қолдануға болады. Ұстау хаттамасын жасаған кезде тергеуші (анықтаушы) - қаулыда аталған заң нормасын қолдануға негіз болған айрықша жағдайларды көрсетуге міндетті. Адамға террористік қылмыстар, бейбітшілікке, мемлекет пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар жасады деп адамға күдік келтіру айрықша жағдайлар деп танылуы мүмкін. Сезікті нақты ұсталған сәттен бастап жетпіс екі сағат өткеннен кейін қаулының күші жойылады және тергеуші (анықтаушы) ҚІЖК-нің 138-бабының 1-бөлігінде көрсетілген талаптарды дереу орындауы тиіс.
      7. ҚІЖК-нің 68-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сезікті айып тағылғанға дейін ұсталған немесе оған бұлтартпау шаралары қолданылған жағдайда, ұсталған немесе бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей, өзі таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейін оңаша және құпия жолығу құқығы қамтамасыз етіле отырып, одан жауап алынуы тиіс.
      8. ҚІЖК-нің 132 және 134-баптарында көрсетілген жағдайлар, негіздер мен себептер болмаған кезде немесе ұстау хаттамасын жасамастан үш сағаттан астам уақыт адамды ұстау, сондай-ақ соттың қамауға алуға санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан асатын мерзімге және соттың, қамауға алуды санкциялаған мерзімінен асатын мерзімде ұстау заңсыз болып табылады және ол қамаудан дереу босатылуы тиіс. Кінәлі адамдардың аталған заңсыз әрекеттерді жасауға тікелей ниеті болған жағдайда олар ҚК-нің 346-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.
      9. Адамды заңсыз ұстау фактісі анықталған жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші орган, оны ақтау және заңсыз әрекеттермен келтірілген зиянды өтеу жөнінде ол шаралар қабылдайды. Ұсталған адамға мүліктік зиянды өтеу және моральдық зиянның зардаптарын жою, оның ішінде ҚІЖК-нің 44-бабының ережелеріне сәйкес одан жазбаша түрде ресми кешірім сұрауды талап ету құқығы түсіндіріледі.
      10. Әскери қызметшілерді абақтыда ұстау және жазаны өтеп жүрген адамдарды жазаны өтеу орны бойынша мекемелерде бас бостандығынан айыру түрінде ұстау да жағдайларын, сондай-ақ ҚІЖК-нің 65-бабының 3-бөлігінде қарастырылған жағдайларды қоспағанда, қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған адамдар уақытша ұстау изоляторларына қамалуы тиіс. ҚІЖК-нің 152-бабында белгіленген жағдайларды қоспағанда, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған сезіктілер мен айыпталушылар тергеу изоляторларында ұсталынады.
      11. Қамауда ұстау орындарының әкімшілігі ұсталған немесе қамауға алынған адамдардан түскен қинау әрекеттерінің қолданылғаны туралы шағымдарды ҚІЖК-нің 104-бабына сәйкес прокурорға дереу жолдауға міндетті. Шағымды тексерудің нәтижелері бойынша прокурор ҚІЖК-нің 108-бабында белгіленген мерзімдерде дәлелді қаулы шығарады, онда шағымның негізділігі не негізсіздігі туралы қорытынды шығаруға себеп болған шағымның мәні, уәждері, сондай-ақ қабылданған іс жүргізу шешімі көрсетілуі тиіс.
      Егер қинау, зорлық-зомбылық, басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер қолданылғаны туралы шағымның уәждері расталса, прокурор қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығарады. Сонымен қатар, прокурор шағым берілген заңсыз шешімнің күшін жойып, арыз берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін шаралар қабылдауы тиіс. Қаулының көшірмесі арыз берушіге дереу жолданады, сондай-ақ тексеру материалдарымен бірге қылмыстық іске тіркеледі.
      12. Қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған немесе қамауда отырған адамның қинау қолданылғаны туралы шағымы сотқа жолданған жағдайларда, қамауда ұстау орнының әкімшілігі аталған шағымды ҚІЖК-нің 109-бабының тәртібімен қарау үшін мекеменің орналасқан жері бойынша аудандық (қалалық) сотқа дереу жолдайды.
      13. Адам оған қинау, зорлық-зомбылық жене басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер қолданылғаны туралы шағымды сот отырысында мәлімдеген жағдайда сот оны дереу қарау үшін заңда қарастырылған шараларды қабылдауға міндетті. Егер шағымды толық тексеру үшін соттың құзыретіне кірмейтін шараларды (тергеуге дейінгі тексеру, іс қозғау, анықтау не тергеу жүргізу және т.с.с.) жүзеге асыру қажет болса, сот шағым бойынша тиісті тексеру жүргізуді прокурорға жүктеп, тексеру материалдарын сотқа табыс ету мерзімдерін көрсете отырып қаулы шығарады. Шағымдарды тексеру материалдары және олар бойынша қабылданған іс жүргізу шешімдері сот отырысында жария етіледі және іс материалдарына тіркеледі.
      Материалдарды тексеру және заңсыз әрекеттерді жасаған адамдарды жауапқа тарту іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға әкеп соқпайды.
      14. Соттар тараптардың қинау қолданып алынған немесе өзге де заңсыз әрекеттердің нәтижесінде алынған деп санайтын дәлелдерді рұқсат етілген дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы өтініштерін қараған кезде алынған іс материалдарының заңдылығын растау міндеті айыптаушыға жүктелетінін негізге алуы тиіс.
      Егер сотталушы сот отырысында өзінің жауаптарын қылмыстық қудалау органдарының күш қолдануының немесе психикалық қысым көрсетуінің салдарынан бергенін, бұл орайда оған қорғаушыны шақыру және өзіне қарсы айғақтар бермеу құқығымен таныстырмағанын, жауап алу қорғаушының қатысуынсыз жүргізілгенін мәлімдесе, онда дауланып отырған жауаптар рұқсат етілмейтін дәлелдер деп танылуы тиіс.
      Егер іс жүргізу әрекеттеріне адвокат қатысса, онда ол хаттамаға қол қойған кезде жол берілген заң бұзушылықтар туралы көрсетуге міндетті.
      15. ҚК-нің 308-бабында жауаптылық көзделген, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланумен байланысты өзге де әрекеттерден қинауды ажырата білу қажет. ҚК-нің 12-бабының 3-бөлігінде белгіленген жалпы жене арнайы нормалардың бәсекелестігі туралы ережеге сәйкес жәбірленушіге тән азабын жене психикалық зардап тартқызумен ұштасқан әрекеттер, егер бұл әрекеттерді лауазымды тұлға осы нормада көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін жасаса, олар арнайы норма - ҚК-нің 347-1-бабы бойынша саралануы тиіс. Бұл ретте, әрекетті ҚК-нің 308-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
      ҚК-нің 347-1-бабында көрсетілген өзге де лауазымды тұлғалардың қатарына қылмыстық қудалау органдарының лауазымды тұлғаларын ғана емес, сонымен қатар ҚК-нің 307-бабына берілген ескертудің 3-тармағында аталған басқа да органдар мен ұйымдардың лауазымды тұлғаларын жатқызу қажет.
      16. Қинауды денсаулыққа қасақана зиян келтіруден (ҚК-нің 103104 және 105-баптары) ажыратқан кезде, көрсетілген әрекеттерді ҚК-нің 347-1-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін тергеушінің, анықтау жүргізушінің немесе өзге де лауазымды тұлғаның жасағаны анықталмаса, солар арқылы тән азабын және психикалық зардап тартқызу қинау ретінде саралана алмайтынын ескеру қажет.
      Егер қинау нәтижесінде жәбірленушіге қасақана жеңіл, орташа ауырлықтағы немесе ауыр зиян келтірілсе немесе абайсызда кісі өліміне алып келсе, онда мұндай әрекеттер ҚК-нің 347-1-бабының тиісті бөлігімен толық қамтылып, ҚК-нің 101, 103, 104, 105-баптары бойынша қосымша саралануға жатпайды.
      Қинау нәтижесінде өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуді ҚК-нің 347-1-бабының тиісті бөлігінің және 102-бабының жиынтығы бойынша саралау қажет.
      Қылмысты жасаған адамды ұстау үшін қажетті шаралар шегінен шығып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру қинау болып табылмайды және ол ҚК-нің 110-бабы бойынша саралануы тиіс.
      17. Лауазымды тұлғалардың іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі мынадай заңды әрекеттері: сезіктінің (айыпталушының, сотталушының, сотталғанның) құқыққа қарсы әрекеттерінің жолын кесу; қаруды және арнайы құралдарды (қол кісендерді, сойылдарды және т.б.) қолдану; ұстау; қамауда ұстау; соттың үкімі бойынша бас бостандығынан айыру және қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық іс жүргізудің міндеттерін орындауға бағытталған басқа да әрекеттері қинау деп танылмайды.
      ҚК-нің 347-1-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын жүзеге асыру сылтауымен адамдарға қатысты тән азабын және психикалық зардап тартқызу қылмыстық заңның көрсетілген нормасы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
      18. Адамға тән және психикалық тікелей зардап келтірген лауазымды тұлғалар ғана емес, сонымен қатар лауазымды тұлға болып табылмайтын қинауды ұйымдастырушылар, айдап салушылар мен көмектесушілер де қылмысқа қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Лауазымды тұлғаның қарамағындағы адам, егер қинауды оның келісімімен немесе үнсіз келісімімен немесе оған жол беруімен немесе алдын ала жасыруға уәде беруімен жасаса, онда аталған лауазымды тұлға қылмысқа көмектесуші деп танылады. Барлық осындай жағдайларда адамдар қинауға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылады және олардың әрекеттері ҚК-нің 28-бабы қолданыла отырып, ҚК-нің 347-1-бабының тиісті бөлігі бойынша саралануға жатады. Мұндай ереже Конвенцияның 1-бабына сәйкес келеді, сол бойынша қинау үшін айдап салған немесе қинауды қолдануға келісімін немесе үнсіз келісімін берген адам қинауды қолданғаны үшін орындаушымен бірге жауаптылыққа тартылады.
      19. ҚІЖК-нің 531-бабының 2-бөлігіне және Конвенцияның 8-бабына сәйкес, шетел мемлекетінің азаматы болып табылатын адамды шетел мемлекетінің аумағында қинау қолданғаны үшін айыпталуына байланысты ұстап беру туралы талап Қазақстан мен талапты жолдаған шетел мемлекетінің арасында тиісті шарт болған жағдайларда ғана емес, сонымен қатар Конвенцияға қатысушы-мемлекетке ұстап беруге құқықтық негіз болатын Конвенцияға сәйкес қанағаттандырылуға жатады.
      20. Конвенцияның 3-бабының талаптарын орындау мақсатында, қылмыс жасағаны үшін айыпталған шетел мемлекетінің азаматын немесе шетел мемлекетінің аумағында сотталған адамды ұстап беру туралы талапты қараған кезде талап жолдаған шетел мемлекетінде адам құқықтарын өрескел, сорақылықпен және жаппай бұзудың тұрақты тәжірибесінің бар-жоғын көрсететін мән-жайлар анықталады. Мұндай фактілер болған жағдайда және ұстап берілетін адамды қинауы мүмкін деп есептеуге нақты негіз болғанда, бұл адам талапты жолдаған мемлекетке берілмейді.
      21. Қылмыстық процесті жүргізуші орган қинаудың құрбанына мүліктік және моральдық зиянды өндіру туралы талап беру құқығын және мұндай талапты беру тәртібін түсіндіруге міндетті.
      Азаматқа қинау, қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер немесе жазалаулар нәтижесінде келтірілген зиян ҚІЖК-де және "Қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 қаулысында көзделген тәртіппен өндірілуге жатады.
      22. Қинау, қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер мен жазалаудың алдын алу мақсатында соттар қинауды қолдануға жағдай жасайтын себептер мен жайларды анықтап, оларды жою туралы жеке қаулы шығаруы тиіс.
      Ақтау үкімі не қылмыстық істі ақтап алу негіздері бойынша қысқарту туралы қаулы шығарған кезде соттар барлық жағдайларда заңсыз ұстауға, кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға кінәлі лауазымды тұлғаларды (анықтаушыны, тергеушіні, прокурорды және басқаларды) жауапқа тарту туралы жеке қаулылар шығаруы тиіс.
      23. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы                           М. Әлімбеков

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                                 Ж. Бәйішев