Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
"141-1" деген цифрлар "146" деген цифрлармен ауыстырылды;
"ҚІЖК-нің" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды;
"сезікті", "сезіктінің", "Сезіктіден", "сезіктілер" деген сөздер тиісінше "күдікті", "күдіктің", "Күдіктіден", "күдіктілер" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарының адамның жеке бас бостандығына жөне қадір-қасиетіне қол сұқпауды қамтамасыз ететін нормаларын қылмыстық сот ісін жүргізуде дұрыс және біркелкі қолдану, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясынан (бұдан әрі - Конвенция) және Қазақстан Республикасы бекіткен өзге де халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді тиісінше түрде орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 110-бабына сәйкес, қылмыстық процесті жүргізуші орган іс жүргізу әрекеттерін жүргізген кезде (жауап алу, беттестіру, қарау, тану және т.б.) процеске қатысушыға оның құқықтарын түсіндіріп қана қоймай, сонымен катар оларды толық жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті екеніне соттардың назары аударылсын. Бұл ретте адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын сақтауға, оның ішінде қинауды, басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттерді қолданудан қорғауды қамтитын адамның қадір-қасиетіне қол сұқпауға ерекше мән берілуге тиіс. Заңның осы талаптарын орындамау іс жүргізу әрекеттерін жүргізген кезде алынған дәлелдерді рұқсат етілмейтін дәлелдер деп тану үшін негіз болып табылады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).2. Құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам ҚПК-нің 128 және 131-баптарында көзделген жағдайлар, негіздер мен себептер болған кезде ғана ұсталуы мүмкін. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша хабарлайды, оған қорғаушы шақыру құқығын, үнсіздік сақтау құқығын және оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екендігін түсіндіреді.
Адам нақты ұсталған уақыттан кейін дереу, бірақ үш сағаттан кешіктірілмей оның процестік ұсталғаны туралы мәселені шешу және ҚПК-нің 131-бабының талаптарына сәйкес ұстап алу хаттамасын жасау үшін ол анықтау органының лауазымды адамына, анықтаушыға немесе тергеушіге берілуге тиіс. Бұл ретте ұстап алу хаттамасында күдіктіге оның медициналық куәландыруға құқығын түсіндіру фактісі көрсетілуге тиіс.
Күдікті тиісті өтінішхатты мәлімдеген кезде ол өз денсаулығының жалпы жағдайын және дене жарақаттарының бар-жоғын анықтау үшін дәрігердің куәландыруына жатады. Медициналық куәландыру өткізілген жағдайда, ұстап алу хаттамасына оның қорытындысы міндетті түрде қоса тіркеледі.
Нақты ұстап алу деп жүріп-тұру бостандығын қоса алғанда, ұстап алынған адамның бостандығын шектеу, оны белгілі бір орында мәжбүрлеп ұстау, анықтау және тергеу органдарына мәжбүрлеп жеткізу (қолға түсіру, үй-жайға қамау, қандай да бір жерге баруға немесе орнында қалуға мәжбүрлеу және сол сияқтылар), сондай-ақ ұстап алынған адамға қандай да бір процестік мәртебе берілуіне немесе өзге де формальды рәсімдердің орындалуына қарамастан, көрсетілген шектеулер нақты болған кезден бастап адамның бас бостандығын минутқа дейінгі дәлдікпен елеулі түрде шектейтін қандай да бір өзге де әрекеттер түсіндіріледі.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).3. Күдіктіден жауап алу барлық жағдайларда ҚПК-нің 210, 212 және 216-баптарының талаптарына сәйкес жасалатын хаттамамен ресімделеді. Қылмыс жасағаны үшін күдікті болуына байланысты адам нақты ұсталғаннан кейін одан осы факті бойынша "түсініктеме", "айыбын мойындап келу", "куә ретінде жауап алу" түрінде немесе өзге де ұқсас нысандарда жауап алу кезінде алынған айғақтарды ресімдеуге жол берілмейді және ҚПК-нің 112-бабына сәйкес, мұндай құжаттар қылмыстық істің материалдарына тіркелуге жатпайды.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).4. Соттар сот талқылауында және қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында адамның жеке бас бостандығы мен қадір-қасиетіне қол сұқпау жөніндегі құқықтарының бұзылуы туралы арыздарды тексерген және қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініштерді қараған кезде адамның нақты қай уақытта, қанша уақытқа ұсталғанын, оның қай жерде ұстауда болғанын, хаттаманың жасалған-жасалмағанын және осыған байланысты басқа да мән-жайларды анықтауы тиіс.
Адамды ұстау мерзімі оның нақты ұсталған уақытынан басталады. Адам нақты ұсталғаннан кейін үш сағаттың ішінде тергеуші (анықтаушы) ұстау хаттамасын жасап оның міндетті түрде ұсталған сағаты мен минутын көрсетеді.
Тергеу судьясы немесе сот адамды жеткізу немесе күдікті адамды ұстап алу уақытының жалғандығы фактісін, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 369-бабында көзделген қылмыс белгілерін байқап, ҚПК-нің 185-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес тексеру және процестік шешім қабылдау үшін бұл мән-жайды жекеше қаулымен прокурордың назарына жеткізуге міндетті.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).5. ҚПК-нің 135-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің нақты ұсталынған сәтінен бастап кейінге қалдырмай оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біреуіне, ал олар болмаған жағдайда - басқа туыстарына немесе жақын адамдарына оның ұсталғандығы және қай жерде екендігі туралы хабарлауға немесе күдіктінің өзіне осындай хабарлау мүмкіндігін қамтамасыз етуге, оның ішінде сот оған телефонмен хабарласу құқығын беруге міндетті. ҚПК-нің 541-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес, кәмелетке толмаған күдіктінің, айыпталушының ұсталғаны туралы оның ата-анасына немесе оның басқа да заңды өкілдеріне, ал олар болмаған жағдайда - жақын туыстарына дереу хабарлануы тиіс. Осы іс жүргізу әрекеті хаттамада көрсетіліп, оған тергеуші (анықтаушы) және күдікті қол қояды.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).6. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
7. ҚПК-нің 64-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, күдікті ұсталған жағдайда, ұсталған немесе бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей, өзі таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейін оңаша және құпия жолығу құқығы қамтамасыз етіле отырып, одан жауап алынуы тиіс.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).8. ҚПК-нің 128 және 131-баптарында көрсетілген жағдайлар, негіздер мен себептер болмаған кезде немесе ұстау хаттамасын жасамастан үш сағаттан астам уақыт адамды ұстау, сондай-ақ тергеу судьясының қамауға алуға санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан асатын мерзімге және тергеу судьясының, қамауға алуды санкциялаған мерзімінен асатын мерзімде ұстау заңсыз болып табылады және ол қамаудан дереу босатылуы тиіс. Кінәлі адамдардың аталған заңсыз әрекеттерді жасауға тікелей ниеті болған жағдайда олар ҚК-нің 414-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).9. Адамды заңсыз ұстау фактісі анықталған жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші орган, оны ақтау және заңсыз әрекеттермен келтірілген зиянды өтеу жөнінде ол шаралар қабылдайды. Ұсталған адамға мүліктік зиянды өтеу және моральдық зиянның зардаптарын жою, оның ішінде ҚПК-нің 41-бабының ережелеріне сәйкес одан жазбаша түрде ресми кешірім сұрауды талап ету құқығы түсіндіріледі.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).10. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған әскери қызметшiлер мен жазасын бас бостандығынан айыру түрiнде өтеп жүрген адамдар тиiсiнше гауптвахталарда және қылмыстық-атқару жүйесiнiң бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны орындайтын мекемелерiнде ұсталуы мүмкiн. ҚПК-нің 61-бабы екінші бөлігінің 9-тармағында және үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар анықтау органының бастығы айқындайтын арнайы бейiмделген үй-жайларда ұсталады. Төтенше жағдай режимі жағдайларында қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар жергілікті жердің коменданты айқындаған, осы мақсаттарға бейімделген үй-жайларда ұсталуы мүмкін.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).11. Қамауда ұстау орындарының әкімшілігі ұсталған немесе қамауға алынған адамдардан түскен қинау әрекеттерінің қолданылғаны туралы шағымдарды ҚПК-нің 101-бабына сәйкес прокурорға дереу жолдауға міндетті. Шағымды тексерудің нәтижелері бойынша прокурор ҚПК-нің 105-бабында белгіленген мерзімдерде дәлелді қаулы шығарады, онда шағымның негізділігі не негізсіздігі туралы қорытынды шығаруға себеп болған шағымның мәні, уәждері, сондай-ақ қабылданған іс жүргізу шешімі көрсетілуі тиіс.
Егер қинау, зорлық-зомбылық, басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер қолданылғаны туралы шағымның уәждері расталса, прокурор қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығарады. Сонымен қатар, прокурор шағым берілген заңсыз шешімнің күшін жойып, арыз берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін шаралар қабылдауы тиіс. Қаулының көшірмесі арыз берушіге дереу жолданады, сондай-ақ тексеру материалдарымен бірге қылмыстық іске тіркеледі.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).12. Қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған немесе қамауда отырған адамның қинау қолданылғаны туралы шағымы сотқа жолданған жағдайларда, қамауда ұстау орнының әкімшілігі аталған шағымды ҚПК-нің 106-бабының тәртібімен қарау үшін мекеменің орналасқан жері бойынша тергеу судьясына дереу жолдайды.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).13. Адам оған қинау, зорлық-зомбылық жене басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер қолданылғаны туралы шағымды сот отырысында мәлімдеген жағдайда сот оны дереу қарау үшін заңда қарастырылған шараларды қабылдауға міндетті. Егер шағымды толық тексеру үшін соттың құзыретіне кірмейтін шараларды (тергеуге дейінгі тексеру, іс қозғау, анықтау не тергеу жүргізу және т.с.с.) жүзеге асыру қажет болса, сот шағым бойынша тиісті тексеру жүргізуді прокурорға жүктеп, тексеру материалдарын сотқа табыс ету мерзімдерін көрсете отырып қаулы шығарады. Шағымдарды тексеру материалдары және олар бойынша қабылданған іс жүргізу шешімдері сот отырысында жария етіледі және іс материалдарына тіркеледі.
Материалдарды тексеру және заңсыз әрекеттерді жасаған адамдарды жауапқа тарту іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға әкеп соқпайды.
14. Соттар тараптардың қинау қолданып алынған немесе өзге де заңсыз әрекеттердің нәтижесінде алынған деп санайтын дәлелдерді рұқсат етілген дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы өтініштерін қараған кезде алынған іс материалдарының заңдылығын растау міндеті айыптаушыға жүктелетінін негізге алуы тиіс.
Егер сотталушы сот отырысында өзінің жауаптарын қылмыстық қудалау органдарының күш қолдануының немесе психикалық қысым көрсетуінің салдарынан бергенін, бұл орайда оған қорғаушыны шақыру және өзіне қарсы айғақтар бермеу құқығымен таныстырмағанын, жауап алу қорғаушының қатысуынсыз жүргізілгенін мәлімдесе, онда дауланып отырған жауаптар рұқсат етілмейтін дәлелдер деп танылуы тиіс.
Егер іс жүргізу әрекеттеріне адвокат қатысса, онда ол хаттамаға қол қойған кезде жол берілген заң бұзушылықтар туралы көрсетуге міндетті.
15. ҚК-нің 362-бабында жауаптылық көзделген, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланумен байланысты өзге де әрекеттерден қинауды ажырата білу қажет. ҚК-нің 13-бабының үшінші бөлігінде белгіленген жалпы жене арнайы нормалардың бәсекелестігі туралы ережеге сәйкес жәбірленушіге тән азабын және (немесе) психикалық зардап тартқызумен ұштасқан әрекеттер, егер бұл әрекеттерді лауазымды тұлға осы нормада көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін жасаса, олар арнайы норма - ҚК-нің 146-бабы бойынша саралануы тиіс. Бұл ретте, әрекетті ҚК-нің 362-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
ҚК-нің 146 көрсетілген өзге де лауазымды тұлғалардың қатарына қылмыстық қудалау органдарының лауазымды тұлғаларын ғана емес, сонымен қатар ҚК-нің 3-бабының 26-тармағында аталған басқа да органдар мен ұйымдардың лауазымды тұлғаларын жатқызу қажет. ҚК-нің 146-бабында көрсетілген басқа адамға он алты жасқа толған кез келген есі дұрыс жеке адам ол ҚК-нің 146-бабының бірінші бөлігінің диспозициясында көзделген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған қасақана әрекеттер жасаған жағдайда жатады.
Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.16. Қинауды денсаулыққа қасақана зиян келтіруден (ҚК-нің 106, 107, 108-баптары) ажыратқан кезде, көрсетілген әрекеттерді ҚК-нің 146-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін тергеушінің, анықтау жүргізушінің өзге де лауазымды адамның не басқа адамның жасағаны анықталмаса, солар арқылы тән азабын және психикалық зардап тартқызу қинау ретінде саралана алмайтынын ескеру қажет.
Егер қинау нәтижесінде жәбірленушіге қасақана жеңіл, орташа ауырлықтағы немесе ауыр зиян келтірілсе немесе абайсызда кісі өліміне алып келсе, онда мұндай әрекеттер ҚК-нің 141-1-бабының тиісті бөлігімен толық қамтылып, ҚК-нің 104, 106, 107, 108-баптары бойынша қосымша саралануға жатпайды.
Қинау нәтижесінде өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуді ҚК-нің 146-бабының тиісті бөлігінің және 102-бабының жиынтығы бойынша саралау қажет.
Қылмысты жасаған адамды ұстау үшін қажетті шаралар шегінен шығып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру қинау болып табылмайды және ол ҚК-нің 113-бабы бойынша саралануы тиіс.
Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.17. Лауазымды тұлғалардың іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі мынадай заңды әрекеттері: күдіктінің (айыпталушының, сотталушының, сотталғанның) құқыққа қарсы әрекеттерінің жолын кесу; қаруды және арнайы құралдарды (қол кісендерді, сойылдарды және т.б.) қолдану; ұстау; қамауда ұстау; соттың үкімі бойынша бас бостандығынан айыру және қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық іс жүргізудің міндеттерін орындауға бағытталған басқа да әрекеттері қинау деп танылмайды.
ҚК-нің 146-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын жүзеге асыру сылтауымен адамдарға қатысты тән азабын және психикалық зардап тартқызу қылмыстық заңның көрсетілген нормасы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.18. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
19. Конвенцияның 8-бабына сәйкес, шетел мемлекетінің азаматы болып табылатын адамды шетел мемлекетінің аумағында қинау қолданғаны үшін айыпталуына байланысты ұстап беру туралы талап Қазақстан мен талапты жолдаған шетел мемлекетінің арасында тиісті шарт болған жағдайларда ғана емес, сонымен қатар Конвенцияға қатысушы-мемлекетке ұстап беруге құқықтық негіз болатын Конвенцияға сәйкес қанағаттандырылуға жатады.
Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).20. Конвенцияның 3-бабының талаптарын орындау үшін қылмыс жасады деп айыпталған шетел мемлекетінің азаматын ұстап беру (экстрадициялау) туралы талапты қараған кезде талап жолдаған шетел мемлекетінде адам құқықтарын өрескел, сорақылықпен және жаппай бұзудың тұрақты тәжірибесінің бар-жоғын көрсететін мән-жайлар анықталады. Конвенцияның көрсетілген нормасына және ҚПК-нің 590-бабы бірінші бөлігінің 7-тармағына сәйкес, егер өзіне қатысты ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салу келіп түскен адамға, Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайлардан басқа, сұрау салушы тарапта азаптауды қолдану қатеріне ұшырауы мүмкін не оның денсаулығына, өміріне немесе бостандығына нәсілдік белгісі, діни нанымы, ұлты, азаматтығы (бодандығы), белгілі бір әлеуметтік топқа тиесілілігі немесе саяси сенімдері бойынша қауіп төніп тұр деп пайымдауға негіздер болса адамды ұстап беруге (экстрадициялауға) жол берілмейді.
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).21. Қылмыстық процесті жүргізуші орган қинаудың құрбанына мүліктік және моральдық зиянды өндіру туралы талап беру құқығын және мұндай талапты беру тәртібін түсіндіруге міндетті.
Азаматқа қинау, қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер немесе жазалаулар нәтижесінде келтірілген зиян ҚІЖК-де және "Қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 нормативтік қаулысында көзделген тәртіппен өндірілуге жатады.
Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).22. Қинау, қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер мен жазалаудың алдын алу мақсатында соттар қинауды қолдануға жағдай жасайтын себептер мен жайларды анықтап, оларды жою туралы жеке қаулы шығаруы тиіс.
Ақтау үкімі не қылмыстық істі ақтап алу негіздері бойынша қысқарту туралы қаулы шығарған кезде соттар барлық жағдайларда заңсыз ұстауға, кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға кінәлі лауазымды тұлғаларды (анықтаушыны, тергеушіні, прокурорды және басқаларды) жауапқа тарту туралы жеке қаулылар шығаруы тиіс.
23. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының Төрағасы | М. Әлімбеков |
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы | Ж. Бәйішев |