Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Қаулының мәтінінде қолданылған "дәрежеленуі", "дәрежелеуді", "дәрежеленуге", "дәрежеленген", "дәрежелеуші", "дәрежелеу" деген сөздер "саралануы", "саралауды", "саралануға", "сараланған", "саралаушы", "саралау" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2007.05.11. N 3 нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "қылмыстарды", "қылмыстардың", "қылмыс", "Қылмыс", "қылмыстың", "Қылмыстың", "қылмысты", "қылмысқа", "қылмыстар", "қылмысының", "қылмысы" деген сөздер тиісінше "қылмыстық құқықтық бұзушылықтарды", "қылмыстық құқық бұзушылықтардың", "қылмыстық құқық бұзушылық", "Қылмыстық құқықтық бұзушылық", "қылмыстық құқық бұзушылықтың", "қылмыстық құқық бұзушылықты", "қылмыстық құқық бұзушылыққа", "қылмыстық құқық бұзушылықтар", "қылмыстық құқық бұзушылығының", "қылмыстық құқық бұзушылығы" деген сөздермен ауыстырылды;
      "ҚК" деген сөз "ҚК-нің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Бөтеннің мүлкіне қол сұғушылыққа байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау кезінде қолданыстағы заңнаманы сот тәжірибесінде дұрыс және біртекті қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Бөтен мүлiктi осы мүлiктiң меншiк иесiне немесе өзге иеленушiсiне залал келтiре отырып, кінәлі адамның немесе басқа адамдардың пайдасына пайдакүнемдiк мақсатта жасалған құқыққа қарсы өтеусіз алып қою және (немесе) айналдыру бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену деп танылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену және меншікке қарсы өзге де қылмыстық құқықтық бұзушылықтардың заты бөтен, яғни кінәлінің меншігінде тұрмаған мүлік болып табылады. Бұл орайда заңсыз иелікке түсетін бөтеннің мүлкі қылмыстық құқықтық бұзушылық жасалған кезде меншік иесінің өз иелігінде немесе осы мүлік сеніп тапсырылған басқа тұлғалардың иелігінде немесе олардың иелігінде заңсыз тұруы мүмкін.

      Басқа адамдармен, соның ішінде құрылтайшылардың қатарында кінәлі адам да бар заңды тұлғаға тиесілі бірлескен меншікте тұрған мүлікті заңсыз алып қою, пиғылдың бағыттылығына қарай бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену не озбырлық ретінде саралануы мүмкін.

      Тауып алынған немесе кінәлі адамның қолына кездейсоқ түскен бөтен мүлікті иеленіп алуды бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену ретінде қарауға болмайды.

      2-1. Бөтеннің малын жасырын жымқыру (мал ұрлау) қылмыстық заңның арнайы нормасы – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 188-1-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Аталған бапқа ескертпеге сәйкес мал деп: ірі қара мал; жылқылар мен есектер; түйелер; ұсақ мал мен шошқалар түсініледі.

      Мал және басқа да бөтеннің мүлкі бір мезгілде ұрланған жағдайда жасалған әрекет ҚК-нің 188-1 және 187 не 188-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.

      Бөтеннің үй құсын ұрлау ҚК-нің 188-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Кінәлі адамның өзі заңсыз иелікке түскен бөтеннің мүлкіне өз қалауы бойынша билік етуі (сатуы немесе басқа адамдарға тегін беруі, бүлдіруі, бөлшектеуі, жоюы және т. б.) қылмыстық құқықтық бұзушылықтың жеке құрамын құрамайды және қосымша саралауды қажет етпейді.

      Заңсыз иелікке түскен бөтеннің мүлкін жоюға байланысты кінәлі адамның әрекеттері адамның денсаулығына зиян келтіруге немесе қайтыс болуына әкеп соққан жағдайларда, ҚК-нің бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену үшін жауаптылықты көздейтін баптарымен қатар жасалған әрекет пиғылына байланысты ҚК-нің адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін жауаптылықты көздейтін баптары бойынша да саралануға тиіс.

      Егер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуді жою кезінде заңсыз иемденудің объектісі болып табылмайтын бөтеннің мүлкі қасақана немесе абайсызда жойылса немесе зақымдалса, онда кінәлі адамның әрекеттерін пиғылына байланысты тиісінше ҚК-нің 202, 203 немесе 204-бабы бойынша сараланған жөн.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      4. Ұрлық - бөтеннің мүлкін заңсыз жасырын иемдену. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің жасырын болып табылатыны туралы мәселені шешу кезінде соттар кінәлі адамның өзі жағдайды қалай қабылдайтынын басшылыққа алуға тиіс. Егер кінәлі адам айналасындағылар үшін өзі байқатпай әрекет жасадым деп санаса, онда ұрлық, тіпті егер меншік иесі не өзге адам оның әрекеттерін бақылап жүргеннің өзінде, ұрлық деп саралануға жатады. Жоғарыда аталған адамдардың бірі мүлікті иелену оқиғасын көріп тұрғанымен оның қылмыстық сипатын түсінбеген жағдайларда да, ұрлық жасырын ұрлау деп саралауға жатады.

      Егер ұрлық кінәлі адам туыстық, достық және жеке сипаттағы өзге де өзара қатынастарда болған, осыған байланысты олар хабарламайды және оның әрекеттерінің жолын кеспейді деп сенген адамдардың алдында жасалса, бұл әрекетті мұндай жағдайларда да ұрлық ретінде сараланған жөн.

      Егер жоғарыда аталған адамдар бөтеннің мүлкін иемденуге бағытталған әрекеттердің жолын кессе, онда кінәлі адам ұрлыққа оқталғаны үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс.

      5. Жәбірленуші немесе мүлік қарамағында немесе күзетуінде тұрған адамдар бар кезде не бөгде адамдардың көзінше, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденген адам өз әрекетінің заңсыз сипатын аталған адамдар түсінетінін, алайда осы мән-жайларды елемейтінін сезінген кезде жасалған бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бөтеннің мүлкін ашық заңсыз иемдену, яғни тонау болып табылады. Бұл орайда қылмыстық құқықтық бұзушылықты көзі көргендер кінәлі адам әрекетінің жолын кесу шараларын қолдануының маңызы болмайды. Қолданылған зорлық-зомбылықтың (күш қолданудың) қауіптілік деңгейіне қарай кінәлі адамның әрекеттері тонау немесе қарақшылық ретінде саралануға тиіс.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2007.05.11 N 3 нормативтік қаулысымен.

      6. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатынсыз өзіне немесе басқа адамдарға уақытша пайдалану үшін бөтеннің мүлкін құқыққа қарсы иелену ұрлық болып саналмайды.

      Уақытша пайдалану үшін бөтеннің мүлкін заңсыз алып қою кезінде адамның денсаулығына немесе өзге де зиян келтіру, егер бұл әрекеттер бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатынсыз құқыққа қарсы иеленгені үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық құқықтық бұзушылық белгілерін саралаушы болып табылмаса, ҚК-нің аталған әрекеттер үшін жауаптылықты көздейтін баптары бойынша саралануға тиіс.

      7. Ұрлық және тонау, егер мүлік алынып қойылса және кінәлі адамның ұрланған мүлікті пайдалану немесе өз қалауы бойынша өзгеше билік етуге нақты мүмкіндігі болса, ал қарақшылық - мүлікті иелену мақсатында жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық жасаумен немесе осындай зорлық-зомбылық жасаймын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау кезінен бастап аяқталған қылмыстық құқықтық бұзушылық болып танылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Кінәлі адамдардың әрекеттерін топ болып алдын ала сөз байласып жасау белгілері бойынша саралау кезінде екі және одан да көп адамның кез келген түрдегі уағдаластығының, тікелей бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бағытталған, яғни ең болмаса орындаушылардың бірі қылмыстық құқықтық бұзушылық құрамының объективті жағын орындағанға дейін сөз байласудың болғанын анықтау қажет.

      Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену, оны жасау үшін ұрлықтың екі немесе одан да көп адамның жалпы күші біріктірілген және бірге қатысушылардың әрқайсының әрекеті басқа бірге қатысушылардың әрекет жасауы үшін қажетті шарт болып табылған және рөлдердің алдын ала бөлінуіне сәйкес барлық бірге қатысушылардың әрекетінен туындаған ортақ қылмыстық нәтижемен себепті байланыста болған жағдайларда да, "топ болып алдын ала сөз байласып" жасалу белгісі бойынша сараланады. Мұндай жағдайларда қылмыстық құқықтық бұзушылыққа екі және одан да көп орындаушылардың қатысуы міндетті емес, басқа түрдегі бірдей қатысушылар болғанда бір орындаушы жеткілікті.

      Ұйымдастырушының, айдап салушының немесе көмектесушінің жауаптылығы, олар бір мезгілде қылмыстық құқықтық бұзушылықты орындаушылар болған жағдайларды қоспағанда, ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасалып, осы қылмыстық құқықтық бұзушылық үшін жазаны көздейтін ҚК-нің тиісті бабы бойынша туындайды.

      9. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бірге қатысушылармен алдын ала сөз байласпаған, алайда оны басқа адамдардың жасауы барысында соларға қосылған және қатысқан адам өзі жасаған нақты әрекеттер үшін қылмыстық құқықтық бұзушылықты орындаушы ретінде жауапты болуға тиіс.

      Егер адамдар тобы алдын ала сөз байласып, ұрлық жасауға немесе тонауға ниеттенген болса, ал қылмыстық құқықтық бұзушылыққа қатысушылардың біреуі қылмыстық құқықтық бұзушылық жасау барысында жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданса немесе қорқытса (қылмыстық құқықтық бұзушылыққа қатысушының шектен шығушылығы), онда оның әрекетін қарақшылық ретінде, ал басқа қылмыстық құқықтық бұзушылыққа қатысушылардың әрекеттерін – егер олар күш қолдануға тікелей ықпал етпесе не жәбірленушінің мүлкін иелену үшін оны пайдаланбаған жағдайда, тиісінше ұрлық немесе тонау ретінде саралау керек.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Қылмыстық құқықтық бұзушылықтың осы түрі үшін қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа жетпеген адаммен не есі дұрыс емес деп танылған адаммен бірлесіп қасақана жасалған әрекетті топ болып алдын ала сөз байласып жасалған деп санауға болмайды.

      Бұл жағдайларда қылмыстық құқықтық бұзушылық субъектісі болып танылған адам, қылмыстық құқықтық бұзушылыққа қатысу түріне қарамастан, ұрлықты орындаушы болып танылуға тиіс және бұған бұдан басқа да негіздер болған кезде, оның әрекеттері кәмелетке толмағанды қылмыстық іске тарту үшін қосымша саралануға тиіс. Өзге жағдайларда ауыр психикалық аурудан зардап шегетіні кінәлі адамға белгілі адамдарды не қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа жетпеген адамдарды қылмыстық құқықтық бұзушылық жасауға тарту ҚК-нің 54-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағына сәйкес қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай болып танылады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11. Егер ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым қылмыс жасаса, ол қылмыстық топтың қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны болып табылады.

      Бұл орайда тиісті жағдайларда кінәлілердің әрекеттері қылмыстық топты құрғаны не оларға қатысқаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптары бойынша қосымша саралануға тиіс.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Жалғасатын қылмыстан бірнеше мәрте жасалған қылмыстық құқықтық бұзушылықтарды ажырату кезінде кінәлі адам пиғылының бағыттылығы шешуші маңызға ие болатыны түсіндірілуге тиіс. Жалғасатын кезінде кінәлі адам алдын ала белгіленген мақсатқа қол жеткізе отырып, бөтеннің мүлкін белгілі бір көзден бірнеше мәрте алып қою жолымен бірыңғай пиғылды іске асырады, ол жиынтығында бір қылмыстық құқықтық бұзушылықты құрайды.

      Бөтеннің мүлкіне бірнеше мәрте қол сұғушылық жалғасатын қол сұғушылыққа қарағанда бөтеннің мүлкін бірнеше мәрте заңсыз иемденуге бірыңғай пиғылдың болмауымен сипатталады. Кінәлі адам бір емес, бірнеше қылмыстық құқықтық бұзушылық жасайды, әрбір жағдайда ол бөтеннің мүлкін алып қою пиғылын өз бетінше іске асырады.

      Егер бұрын бөтеннің мүлкін заңыз иемденгені үшін адам сотталса, не заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылса, бөтеннiң мүлкiн заңсыз иемдену бiрнеше мәрте жасалды деп танылмайды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. Заңсыз кіру - бұл тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға, қоймаға не көлік құралына ұрлық, тонау немесе қарақшылық жасау мақсатында жасырын немесе ашық кіру екені түсіндірілуге тиіс.

      Бұл саралаушы белгі, шын мәнінде жасырын немесе ашық заңсыз кіруге дейін бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену ұрлық жасау пиғылы пайда болған жағдайларда ғана орын алуы мүмкін.

      Жәбірленушіні алдау жолымен, мысалы, кіру мақсатында жалған құжат ұсына отырып, өзін билік өкілі ретінде таныстырып және т.б. баса-көктеп кірген жағдайдың өзінде де, ол адамның әрекеттері тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға немесе қоймаға заңсыз кіру деп саралануға жатады. Негіздер болған кезде бұл әрекеттер лауазымды адамның өкілеттіктерін иеленгені үшін және көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптары бойынша саралануға тиіс.

      Кіру белгісі кінәлі адам үй-жайға, қоймаға немесе көлік құралына кірмей-ақ техникалық құралдар мен өзге де құрылғыларды пайдаланып ұрланатын заттарды алған кезде де орын алады.

      Егер кінәлі адам жәбірленушінің немесе мүлік күзетуінде тұрған адамның өз еркімен келісім беруімен, туысқандық қатынастарға, таныстыққа және басқа мән-жайларға байланысты тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға кіріп, оның бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп алу пиғылы көрсетілген үй-жайларға кіргеннен кейін пайда болса, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену заңсыз кіру белгілерімен дәрежеленбейді.

      Кінәлі үй-жайда немесе қоймада заңды түрде болғанда, ашық тұрған бөлмелерде, бөлімдерде немесе осы үй-жайдың немесе қойманың басқа да бөліктерінде ұрлық жасаған жағдайларда да осы қылмыстық құқықтық бұзушылықты саралау белгісі болмайды.

      Заңсыз кіру арқылы ұрлық жасау кезінде тұрғын үйге қол сұғылмауды бұзушылық деп танылған қылмыстық құқықтық бұзушылықты саралау белгісі қылмыстық құқықтық бұзушылық тәсілі болып табылады және ҚК-нің 149-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      14. Үй-жай деп адамдарды немесе материалдық құндылықтарды орналастыруға арналған тұрақты да, уақытша да, стационарлық та, жылжымалы да құрылыс немесе ғимарат түсініледі.

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 7-бабының 49) тармағына сәйкес баспана деп бір немесе бірнеше адамның уақытша немесе тұрақты тұруына арналған үй-жай, оның ішінде: меншікті немесе жалға алынған пәтер, үй, саяжай үйі, мейманхана нөмірі, каюта, купе, көп пәтерлі үйлерді қоспағанда, оларға тікелей жалғасатын тұрғын үйлердің верандалары, террасалары, галереялары, балкондары, мансардты құрылыстар, жертөлесі және шатыры, сондай-ақ өзен немесе теңіз кемесі және басқалары түсініледі.

      Материалдық құндылықтарды тұрақты немесе уақытша сақтау үшін бөлінген, қоршаумен немесе техникалық құралдармен арнайы жабдықталған не күзетпен қамтамасыз етілген құрылыстар, ерекше құрылғылар, аумақ орындары немесе учаскелері (мысалы, мүлікті сақтауға арналған немесе осы мақсаттарда пайдаланылатын контейнерлер, сейфтер, қоймалар, жүктері бар күзетілетін теміржол платформалары, қоршаумен қоршалған үйлердің аулалары және өзге де қоршалған немесе қоршалмаған күзетілетін учаскелер және т.б.) қойма деп түсініледі. Сақтауға арналмаған, бірақ осы мақсаттарда пайдаланылатын сыйымдылықтар, аумақтың (акваторияның) учаскелері (мысалы, күзетілмейтін не оларға кіруге кедергі келтіретін құрылғылары жоқ үйлердің қоршалмаған аулалары, автомашиналардың ашық шанақтары, платформалар және жартылай вагондар) "қойма" ұғымына жатпайды.

      Күзетте тұрған немесе кіруге кедергі келтіретін құрылғысы бар көлік құралының кез келген жабық бөлігіне (салонға, жүксалғышқа, жабық шанаққа, капотқа және т. б.) кіру көлік құралына кіру деп танылады.

      Көлік құралына заңсыз кірумен жасалған ұрлық іс-әрекетті дербес саралау белгісі болып табылады және "қоймаға заңсыз кіріп жасалған ұрлық" белгісімен қамтылмайды.

      Көлік құралына кірумен жасалған тонау немесе қарақшылық тиісінше ҚК-нің 191-бабының үшінші бөлігінің 3) тармағына немесе 192-бабының үшінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес "қоймаға заңсыз кірумен жасалған іс-әрекет" белгісімен саралануға жатады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      15. Ұрланған мүліктің ҚК-нің 3-бабының 38) тармағында немесе 3) тармағында тиісінше белгіленген құны ұрлықтың ірі немесе аса ірі мөлшері деп танылады.

      Егер заңсыз иемденген бөтеннің мүлкінің жалпы құны ҚК-нің 3-бабының 38) тармағында немесе 3) тармағында тиісінше белгіленген мөлшерден асса, бірыңғай ниетпен жасалған, бірнеше эпизодтардан тұратын бірыңғай жалғасқан қылмыстық құқық бұзушылық та ірі немесе аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін заңсыз иеммдену болып саралануға тиіс.

      Заңсыз иемденген бөтеннің мүлкінің мөлшері айлық есептік көрсеткішке шаққанда еселеніп анықталатындықтан, саралау кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасалған сәтте Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген айлық есептік көрсеткіш қолданылады.

      Егер кінәлі адамның пиғылы ірі, аса ірі мөлшердегі мүлікті иеленіп алуға бағытталған, алайда өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша жүзеге асырылмаған болса, жасалған әрекет нақты ұрланған мөлшеріне қарамастан ірі мөлшердегі ұрлыққа әрекет жасау ретінде саралануға тиіс.

      Егер кінәлі адам бөтеннің мүлкін заңсыз бір емес, бірнеше рет иемденсе, өздігінен туындаған әрбір эпизод бойынша кінәлі адамның бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп алып қою пиғылы дербес жүзеге асырылған болса, онда ұрланған мүліктің құнын жиынтықтап қосуға жол берілмейді.

      Қылмыстық құқықтық бұзушылық заты болған мүліктің құнын анықтау кезінде оны меншік иесінің мемлекеттік бөлшек, нарықтық немесе комиссиялық бағамен сатып алуын негізге алу қажет. Бағасы көрсетілмеген және заңсыз иемденген мүліктің құны бойынша дау туындаған жағдайда, мүліктің құны маманның немесе сарапшының қорытындысы негізінде анықталады.

      Кінәлі адам бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуді жасыру мақсатында заңсыз иемденген мүліктің орнына құндылығы кемдеу мүлікті ұсынған жағдайларда да, талан-таражға салған мүліктің мөлшері оның құнына қарай анықталады. Бұл орайда заңсыз иемденген мүліктің орнына ұсынылған мүліктің құны шығын мөлшерін анықтау кезінде ескерілуі мүмкін.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      16. Бөтеннің мүлкін ұсақтап заңсыз иемдену деп мүліктің меншік иесіне мөлшері ҚК-нің 3-бабының 11) тармағында айқындалған болмашы шығын келтірілген бөтеннің мүлкін ұрлауды, алаяқтықты, иемденуді немесе талан-таражға салуды түсінген жөн.

      Дара кәсіпкерге тиесілі мүлікті ұрлау кезінде мөлшерінің айтарлықтайлылығы жеке тұлғаға тиесілі мүліктің құны ретінде есептеледі, өйткені Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес дара кәсіпкер – заңда белгіленген тәртіппен тіркелген және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      17. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      18. Тек лауазымды адам ғана емес, сонымен бірге меншік түріне қарамастан ұйымдарда, кәсіпорындар мен мекемелерде тиісінше қызметтер атқаратын және атқаратын қызметіне байланысты өзіне сеніп тапсырылған мүлікке қатысты өкілеттіктерді жүзеге асыратын (бригадир, экспедитор, сатушы, кассир және т.б.) басқа да адам қызмет бабын пайдалану жолымен жасалған бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену субъектісі болып (ҚК-нің 189-бабы) табылады.

      Кінәлі адамның өз қызмет бабын пайдалануы бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің саралаушы белгісі болып табылады, осыған байланысты әрекет ҚК-нің 250, 361 немесе 362-баптары бойынша қосымша саралау қажет етілмейді.

      Соттар барлық жағдайларда заңсыз иемденілген бөтеннің мүлкінің кінәлі адамға сеніп тапсырылғанын, оның мүлікті ысырап жасағанын не өзі иеленіп алғанын анықтауға тиіс.

      Иемдену - бұл кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін өзінің пайдасына немесе үшінші тұлғалардың пайдасына айналдыру арқылы құқыққа қарсы өтеусіз ұстап қалудан көрінетін жымқыру түрі болып табылады. Талан-таражға салу сол бір мүлікті құқыққа қарсы өтеусіз тұтыну немесе оны тұтыну үшін басқа адамдардың иелігіне беру (сату, айырбастау, сыйға тарту және т.б.) түсініледі.

      Егер бөтеннің мүлкі кінәлі адамның лауазымдық міндеттеріне немесе тиісті заңды құжаттармен (шартпен, еңбек келісімімен, лауазымдық өкілеттіктерімен және т.б.) бекітілген шарттық қатынастарға байланысты, сондай-ақ жазбаша шартты ресімдеместен (бақташымен ауызша уағдаластық және т.б.) заңды иелігінде болса, іс-әрекет бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету ретінде саралануға жатады.

      Кінәлі адамның атқаратын лауазымына байланысты жәбірленушінің ақшалай шотындағы ақша қаражатына билік ету құқығы болған жағдайда, қолма-қол берілмейтін ақша қаражаттарын, оның ішінде электронды ақша қаражаттарын олардың иесінің шотынан өзінің шотына немесе басқа адамның шотына аудару арқылы ұрлауды қызмет бабын пайдалану арқылы жасалған, кінәлі адамға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлау ретінде ҚК-нің 189-бабы бойынша саралаған жөн. Мұндай құқық болмаған кезде іс-әрекет ҚК-нің 188-бабы бойынша ұрлық немесе ҚК-нің 190-бабы бойынша алаяқтық ретінде саралануға жатады.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.
      19. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2017 № 6 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      20. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2017 № 6 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. Кінәлінің әрекеттерін ҚК-нің 192-бабы екінші бөлігінің 4) тармағымен саралау кезінде соттар шабуыл жасауда қолданылған зат, қару немесе денсаулыққа зиян келтіретін қару ретінде пайдаланылған зат екендігін ескеруі керек.

      "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы № 339 заңына сәйкес және маманның немесе сарапшының қорытындысымен қару деп танылған тірі немесе басқа нысананы жоюға арналған құрылғылар мен заттарды қару деп түсіну керек.

      Қару ретінде пайдаланылатын заттар деп жәбірленушінің денсаулығына немесе өміріне қауіпті зиян келтіруі мүмкін (тұрмыста қолдануға арналған пышақтар, ұстара, балта, бұрағыш, арнайы бейімделген құралдар: шоқпар және т.с.с.) құралдар танылады.

      Қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдану деп олардың көмегімен іс жүзінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруді (оқ ату, тесу-кесу соққыларын келтіру және т.с.с), яғни қарудың немесе заттың тірі нысанаға зақым келтіру мүмкіндігін пайдалануды түсіну керек.

      Егер кінәлі жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті дене жарақатын келтіру үшін пайдалану мүмкін емес көрінеу жарамсыз немесе оқталмаған қарумен не қаруға ұқсас (тапаншаның нобайы, ойыншық қанжар және т.б.) затпен қорқытса, онда кінәлінің әрекеттерін, егер басқа саралау белгілері болмаса, ҚК-нің 191-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау керек.

      Егер кінәлі қаруды немесе қару ретінде пайдаланатын заттарды тікелей қолданбай, тек қолданамын деп қорқытса, онда оның әрекеттерін ҚК-нің 192-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау керек.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2007.05.11. N 3 нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      22. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында жәбірленушінің организміне оның еркінен тыс өміріне немесе денсаулығына қауіпті, күшті әсер ететін, улы немесе есеңгірететін зат енгізілген жағдайларда, жасалған әрекет қарақшылық ретінде саралануға тиіс.

      Егер жоғарыда көрсетілген мақсатпен жәбірленушінің организміне өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндірмейтіндей зат оның еркінен тыс енгізілсе, жасалған әрекет тонау ретінде саралануға тиіс.

      Егер жәбірленуші алкогольдік ішімдіктерді, есірткі заттарды, күшті әсер ететін, улы немесе есеңгірететін заттарды ерікті қолдану нәтижесінде мас не ұйқы жағдайында болуына байланысты оның мүлкін құқыққа қарсы иелену фактісін сезінбесе, онда кінәлінің әрекеттері жасырын ұрлық ретінде саралануға тиіс.

      Көрсетілген қылмыстық құқықтық бұзушылықтарды жасау кезінде қолданылған заттардың әсер ету ерекшеліктері мен сипатын маманды тарту не сараптама жасау жолымен анықтау қажет.

      Газ қаруын (газ тапаншасы, аэрозольдық және көзден жас ағызатын немесе тітіркендіретін заттармен жарақтандырылған басқа да құралдар) қолдану барысында пайдаланған заттың құрамы жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін маманның немесе сарапшының қорытындысымен анықтап және осыған қатысты әрекеттерді тонау немесе қарақшылық ретінде саралау қажет.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2007.05.11 N 3; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      23. Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық деп қарумен немесе қару ретінде пайдаланылған, денсаулыққа зиян келтіруге бейімделген өзге де заттармен денсаулыққа зиян келтіруді, сондай-ақ жәбірленушінің денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан өзге де зорлық-зомбылықты түсіну керек.

      Жәбірленушіге өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда (мысалы, өмірлік маңызды дене мүшелеріне аяқ-қолдарымен көптеген соққылар беру және с.с.) жеңіл зиян келтіріліп, одан айығу үшін ол амбулаторлық немесе стационарлық ем қабылдауға мәжбүр болса, мұндай жеңіл зиян да адам өміріне немесе денсаулығына қауіпті деп танылуы мүмкін.

      Бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында жасалған шабуыл деп жәбірленуші үшін кенеттен жасалған және адам өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылыққа немесе осындай зорлық-зомбылықты тікелей қолданамын деп қорқытумен ұласқан кінәлінің өктемдік сипаттағы әрекеттерін түсіну керек.

      Денсаулыққа зиян келтірмесе де қолдану сәтінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген, мүлікті иемдену мақсатында жасалған шабуылға байланысты кінәлінің әрекеттерін, қылмыстық құқықтық бұзушылықты ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, ҚК-нің 192-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау қажет.

      Кінәлінің ұрлық түрінде басталған және жеке меншік иесінің немесе өзге адамдардың көзінше жалғасқан әрекетін тонау деп саралау қажет. Мүлікті заңсыз иемдену немесе алып қойылғаннан кейін оны ұстап қалу мақсатында одан әрі зорлық-зомбылық жасауды қолдану күш қолданумен ұласқан қарақшылық немесе тонау деп саралануы керек.

      Егер зорлықпен күш қолдану әрекеттері ұрлық (ұрлауға әрекеттену) аяқталған соң, мүлікті иемдену немесе оны ұстап қалу мақсатында емес, жасырыну және ұсталудан қашу үшін жасалса және бұл ретте ұрланған мүлік қылмыстық құқықтық бұзушылық жасалған жерде қалып қойса, бұл тонау немесе қарақшылық ретінде бағаланбайды. Бұл әрекеттер сипаты және одан кейін туындаған салдарына қарай бөлек бағалануға тиіс.

      Қарақшылық жасау кезінде денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірілген кезде кінәлінің әрекеттерін қарақшылықтың құрамы қамтитындықтан, ҚК-нің 107-бабы бойынша қосымша саралау қажет етілмейді.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2007.05.11 N 3, өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1(ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      24. Қарақшылық шабуыл кезінде денсаулыққа ауыр зиян немесе абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру толығымен ҚК-нің 192-бабының сәйкесінше екінші бөлігімен немесе үшінші бөлігімен толық қамтылады, сондықтан ҚК-нің 106-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.

      Егер қарақшылық шабуыл барысында қолданылған күштің салдарынан кінәлі жәбірленушіге қасақана қаза келтірсе, онда жасалған әрекет қылмыстық құқықтық бұзушылықтардың жиынтығы ретінде ҚК-нің ҚК-нің 192-бабы және 99-бабы екінші бөлігінің 8) тармағы бойынша саралануға жатады.

      Кейіннен бөтеннің мүлкін ұрлауды жеңілдету мақсатымен жасалған қасақана кісі өлтіру ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағында және ҚК-нің 188-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыстық құқықтық бұзушылықтардың жиынтығын құрайды.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25. N 12 нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      25. алынып тасталды
      Ескерту. 25-тармақ алынып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      26. ҚК-нің 193-бабы бойынша саралаудың міндетті шарты заңсыз иемденіліп отырған заттардың немесе құжаттардың ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы болып табылады. Осы орайда бұл қылмыстық құқықтық бұзушылықты саралау бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену әдісіне және сол мүліктің меншік нысанына байланысты болмайды.

      Заңсыз иемденілген заттардың немесе құжаттардың ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы олардың ақшалай құны ғана емес, сонымен бірге тарих, ғылым, мәдениет үшін құндылығы ескеріле отырып маманның немесе сарапшының қорытындысы негізінде анықталады.

      Кінәлі адам ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени жағынан құнды заттарды ұрлаған, сонымен қатар бөтеннің өзге мүлкін ұрлаған жағдайда, жасалған әрекеттер тұтастай қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша – ҚК-нің 193-бабының тиісті бөлігімен және ұрлау тәсіліне байланысты ҚК-нің тиісті баптары (188, 189, 190, 191 немесе 192-баптары) бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25. N 12; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      27. Соттардың тонау мен қарақшылықты зорлық-зомбылыққа ұласқан қорқытып алушылықтан ажырату туралы мәселені шеше отырып, егер тонау мен қарақшылық кезінде зорлық-зомбылық мүлікті иеленудің немесе оны ұстап қалудың тәсілі болса, ал қорқытып алушылық кезінде қорқытып алушының талаптары орындалмаған жағдайда ғана зорлық-зомбылықтың қолданылуы мүмкін екенін ескергені жөн. Тонау мен қарақшылық кезінде мүлікті иелену зорлық-зомбылықпен қатар жүреді не осындай әрекеттер жасалғаннан кейін орын алады, ал қорқытып алушылық кезінде кінәлі адамның пиғылы өзі талап еткен мүлікті болашақта қолға түсіруге бағытталған.

      28. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бұзақылық, зорлау немесе басқа да қылмыстық әрекеттер кезінде жасалған жағдайларда, адамның осы мүлікті иемденуінің қандай мақсатпен жасалғанын анықтау қажет.

      Егер адам пайдакүнемдік мақсатты көздесе, онда оның әрекеті мүлікті алып қою тәсіліне қарай тиісінше меншікке қарсы қылмыстық құқықтық бұзушылық және бұзақылық, зорлау немесе өзге де қылмыстық құқықтық бұзушылықтар жиынтығымен саралануға тиіс.

      29. Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу, егер қылмыстық құқықтық бұзушылық жасалғанға дейін немесе қылмыстық құқықтық бұзушылықтың жасалу кезінде не басқа себептер бойынша осы әрекеттер жасалады деп орындаушыға уәде берілсе (мысалы, олардың жүйелі жасалуына қарай) және мұның өзі қылмыстық құқықтық бұзушылықты орындаушының осындай көмекке сүйенуіне негіз болса, онда бұл әрекеттер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бірге қатысу болып танылуы мүмкін. Өзге жағдайларда қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алу немесе өткізу ҚК-нің 196-бабы бойынша саралануға тиіс.

      Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену деп мүлікті немесе оған құқықты шын мәнінде иелену, мүлікті өткізу деп - тиісінше мүлікті немесе оған құқықты беру түсініледі.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      30. Адамның басқа мемлекеттің аумағындағы соттылығының және жасаған қылмыстық құқықтық бұзушылығының өзге де қылмыстық-құқықтық салдарының, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе немесе егер басқа мемлекеттің аумағында жасалған қылмыстық құқықтық бұзушылық Қазақстан Республикасының мүддесін қозғамаса, осы адамның Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмыстық құқықтық бұзушылығы үшін қылмыстық жауаптылық туралы мәселені шешу кезінде қылмыстық-құқықтық мәні болмайды.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      31. Басты сот талқылауын тағайындау кезінде соттар бөтеннің мүлкінің заңсыз иемденуден келтірілген зиянның орнын толтыруды және мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ететін шаралардың қолданылғанын анықтауы қажет.

      Анықтаушы, тергеуші немесе прокурор бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуден келтірілген шығынның орнын толтыруды және мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ететін шараларды қолданбаған жағдайда, соттар қылмыстық қудалау органдарын оларды қамтамасыз етудің қажетті шараларын қолдануға міндеттейді.

      Азаматтық талаптарды шешу кезінде соттардың ұрлықтар туралы істер бойынша ҚПК-нің 170-бабының талаптарын мүлтіксіз сақтауы қажет.

      Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      32. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Ұрлықтар туралы істер бойынша сот практикасы туралы" 1961 жылғы 7 желтоқсандағы N 5 қаулысы , Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Тонау мен ұрлықтар туралы істер бойынша сот практикасы туралы" (кейіннен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге) 1985 жылғы 28 маусымдағы N 5 қаулысы , Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Бөтеннің мүлкін ұрлауды саралаудың кейбір мәселелері туралы" (кейіннен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге) 1996 жылғы 25 шілдедегі N 9 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      33. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы