ҚОЛДАНУШЫЛАР НАЗАРЫНА!
Қазақстан Республикасының 2005.11.22. N 90 Заңымен енгізілген өзгерістер әртүрлі уақытта қолданысқа енгізілген ( 2-бапты қараңыз). Қажет болған жағдайда "Заң" Деректер базасының 5 версиясының алдыңғы редакцияларын қараңыз.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) айрықша құқық - өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн өз қалауы бойынша кез келген әдiспен пайдалануға патент иеленушiнiң мүлiктiк құқығы;
2) бюллетень - өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн қорғау мәселелерi жөнiндегi ресми мерзiмдiк басылым;
2-1) еуразиялық өтінім – 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына сәйкес берілген өтінім;
3) зияткерлiк меншiк объектiлерi - зияткерлiк қызмет нәтижелерi және азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулердi дараландыру құралдары;
4) қорғау құжаттары - осы Заңға сәйкес берiлген өнертабыстарға инновациялық патенттер мен патенттер, өнеркәсiптiк үлгiлер мен пайдалы модельдерге патенттер;
5) қызметтiк өнертабыс - қызметкердiң өз қызметтiк мiндеттерiн немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындау кезiнде жасаған өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi;
6) лицензиялық шарт - патент иеленушi (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн белгiлi бiр түрде уақытша пайдалану құқығын беру шарты;
7) өнеркәсiптiк меншiк oбъектiлерi - өнертабыстар, пайдалы модельдер және өнеркәсiптiк үлгiлер;
8) Париж конвенциясы - кейiнгi өзгерiстерiмен және толықтыруларымен бiрге 1883 жылғы 20 наурыздағы өнеркәсiптiк меншiктi қорғау жөнiндегi Париж конвенциясы;
9) патент иеленушi - қорғау құжатының иесi;
10) патентке қабiлеттiлiк шарттары - өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне құқықтық қорғауды берудiң осы Заңда көзделген шарттары;
11) патенттелген өнеркәсiптiк меншiк oбъектiлерi - қорғау құжаттары берiлген өнеркәсiптiк меншiк oбъектiлерi;
12) патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер - жеке және заңды тұлғалардың уәкiлеттi орган мен сараптама жасау ұйымы алдындағы өкiлдiгiне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
13) халықаралық өтінім – 1970 жылғы 19 маусымдағы Патенттік кооперация туралы шартқа сәйкес берілген өтінім.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.03.02. N 237 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2-бап. Патент заңы реттейтiн қатынастар
1. Осы Заңмен өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн жасауға, құқықтық қорғау мен пайдалануға байланысты мүлiктiк, сондай-ақ оларға байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастар реттеледi.
2. Интеллектуалдық меншiктiң өзге объектiлерiн (селекциялық жетiстiктер, интегралдық микротәсiм топологиялары, тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары, тауар шығарылатын жерлердiң атаулары және басқалар) қорғау өзге заң актiлерiмен реттеледi.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның ережелерi қорғау құжаттарын уәкiлеттi орган берген өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттар негiзiнде патенттер берiлген өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне қолданылады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
4-бап. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және
өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы
уәкiлеттi мемлекеттiк орган
1. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын және өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгілердi қopғay саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
2. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және өнеркәсiптiк үлгiлердi құқықтық қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысу;
2) өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсiптiк үлгiлерге қорғау құжаттарын беру;
3) өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың қызметiне бақылау;
4) хаттамаларды жазу және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау, әкiмшiлiк жазалар қолдану;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.07.09 N 586, өзгеріс енгізілді - 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-1-бап. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi,
өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы
мемлекеттiк монополия
1. Белгіленген мерзімнен кейін конвенциялық басымдықты сұрата отырып өтінімдер қабылдауды; халықаралық өтінімді ұлттық фазаға ауыстыруды; формальды сараптама жүргізуді; формуланың әрбір тәуелсіз тармағына мәні бойынша біреуден артық қосымша сараптама жүргізуді; сараптаманың сауалына жауаптарды және төлемақыларды ұсынудың мерзімдерін ұзартуды және қалпына келтіруді; өнертабысқа немесе пайдалы модельге өтінімді қайта өзгертуді; өтінімді өтініш берушінің қатысуымен қарауды; өтінім құжаттарының қазақ тіліне немесе орыс тіліне аудармасының ұсынылу мерзімін ұзартуды, сұратылатын құжаттарды ұсыну мерзімдерін әрбір айға белгіленген мерзімі аяқталған күннен бастап он екі айға дейін ұзартуды, өтініш берушінің аударманы ұсыну бойынша өткізіп алған мерзімін қалпына келтіруді; өтінім материалдарына, қорғау құжатына, өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң, өнеркәсiптiк үлгiлердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне өзгерістер енгізуді; бір үлгідегі өзгерістер енгізуді; халықаралық және еуразиялық өтінімдерді өңдеуді, тексеруді және салып жіберуді; өнертабыстың, пайдалы модельдің және өнеркәсіптік үлгінің патентке қабілеттілігін бағалау мақсатында техника деңгейін айқындау үшін ақпараттық іздестіру жүргізуді; автордың куәлігін, қосымшаларды және олардың телнұсқаларын беруді; қорғау құжатының қолданылу мерзімін күшінде ұстап тұруды, ұзартуды, қалпына келтіруді және қорғау құжатын күшінде ұстап тұру, ұзарту немесе қалпына келтіру туралы мәліметтерді жариялауды; бір және бір топ өнеркәсіптік меншік объектісіне қатысты кешенді кәсіпкерлік лицензия беру туралы шарттың сараптамасын тіркеуге өтінім қабылдауды; шарттарды тіркеу туралы мәліметтерді жариялауды; қосымша келісімдерге сараптама жүргізуді; ашық лицензия беруге өтінім қабылдауды; өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң, өнеркәсiптiк үлгiлердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнен үзінді көшірмелер ұсынуды; патенттік құжаттаманы (нөмірленген немесе атауы жазылған) іздестіруді; баспа және электрондық басылымдарды өткізуді және жариялауды; техника объектілері мен технологияларды патенттік тазалығы тұрғысынан зерттеуді; техника деңгейінің даму үрдістерін зерттеуді және талдауды; ғылыми зерттеулерді патенттік-құқықтық талдауды, кепіл шартына сараптама жүргізуді қоса алғанда, өнертабыстарға, пайдалы модельдер мен өнеркәсіптік үлгілерге өтінімдер қабылдау және өтінімдерге сараптама жүргізу, қорғау құжатын беруге құжаттар дайындау, қорғау құжатын беру туралы мәліметтерді жариялау, қорғау құжатын күшінде ұстап тұру жөніндегі функцияларды жүзеге асыру, қорғау құжаттарын басқаға беру және оларды алуға құқықты басқаға беру туралы шарттарға, лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарға сараптама жүргiзу, Өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң, өнеркәсiптiк үлгiлердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сараптама ұйымы жүзеге асырады.
2. Сараптама ұйымының қызметімен технологиялық байланысты қызметке:
1) өтінімнің (басым құжаттың) көшірмелерін, өтінім материалдарының көшірмелерін, қарсы қойылған құжаттардың көшірмелерін дайындау, қорғау құжаттары жөнінде анықтамалар, статистикалық мәліметтер ұсыну;
2) төлемдерді қайта есепке алу және растау жатады.
3. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ескерту. 1-тарау 4-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.07.09 N 586 Заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5-бап. Өнеркәсіптік меншік объектілерін құқықтық қорғау
1. Өнертабысқа құқық инновациялық патентпен немесе патентпен, ал пайдалы модель мен өнеркәсiптiк үлгiге - патентпен қорғалады.
2. Өнертабысқа инновациялық патент өнертабысқа инновациялық патент беруге өтiнiмге сараптама жүргiзiлгеннен кейiн берiледi. Пайдалы модельге патент пайдалы модельге патент беруге өтiнiмге жүргiзiлген сараптаманың нәтижесi бойынша берiледi.
Өнертабысқа және өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiмге ресми сараптама және мәнi бойынша сараптама жүргiзiлгеннен кейiн берiледi.
Инновациялық патент пен патент өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне басымдықты, авторлықты және ерекше құқықты куәландырады. Инновациялық патент өтiнiм берушiге дүниежүзiлiк жаңалыққа және өнертабыстық деңгейге қатысты тәуекелiмен және жауапкершiлiгiмен берiледi.
3. Өнертабысқа инновациялық патент өтiнiм келiп түскен күннен бастап үш жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiсiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екі жылдан аспауы керек.
Өнертабысқа патент өтiнiм берiлген күннен бастап жиырма жыл бойы күшiн сақтайды.
Заңдарға сәйкес пайдаланылуы үшiн құзыретті органның рұқсаты талап етiлетiн өнертабыс патентiнiң қолданылу мерзiмi патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол бес жылдан аспауы керек.
Пайдалы модельге патент өтінiм берiлген күннен бастап бес жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол үш жылдан аспауы керек.
Өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiм берiлген күннен бастап он бес жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол бес жылдан аспауы керек.
Инновациялық патенттің және өнертабысқа патенттiң, пайдалы модель мен өнеркәсiптiк үлгiге патенттiң қолданылу мерзiмiн ұзарту тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Өнертабыс пен пайдалы модельге қорғау құжатымен берiлетiн құқық қорғау көлемi олардың формуласымен, ал өнеркәсiптiк үлгiге патентпен берiлетiн құқық қорғау көлемi бұйымның (макеттiң) кескiндерiнде ұсынылған және өнеркәсiптiк үлгiнiң елеулi белгiлерiнiң тiзбесiнде келтiрiлген оның елеулi белгiлерiнiң жиынтығымен анықталады. Өнертабыс формуласына, пайдалы модельге түсiнiк беру үшiн сипаттамалар мен сызбалар пайдаланылуы мүмкiн.
Өнiмдер алу әдiсiне берiлген қорғау құжатының күшi тiкелей осы әдiспен алынған өнiмге де қолданылады.
Егер өзгеше дәлелденбесе, бұл орайда жаңа өнiм қорғау әдiсiмен алынған болып есептеледi.
5. Қорғау құжатын алу құқығы, өтiнiмдi тiркеуден туындайтын құқықтар, қорғау құжатын иелену құқығы және қорғау құжатынан туындайтын құқықтар тұтас немесе iшiнара басқа адамға берiлуi мүмкiн.
6. Осы Заңға сәйкес мемлекет құпия деп таныған өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне құқықтық қорғау берiлмейдi. Өнеркәсiптiк меншiктiң құпия объектiлерiн пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02 N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
2-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектілерінің патентке
қабілеттілігінің талаптары
6-бап. Өнертабыстың патентке қабiлеттiлiгiнiң талаптары
1. Егер жаңа, өнертабыстық деңгейге жеткен әрi өнеркәсiпте қолдануға жарамды болса, өнертабысқа құқықтық қорғау берiлудi.
Егер ол техника деңгейi туралы мәлiметтерде белгiсiз болса, өнертабыс жаңа болып табылады.
Егер маман үшiн ол техника деңгейi туралы мәлiметтерден айқын кездеспейтiн болса, өнертабыс өнертабыстық деңгейде болады.
Техника деңгейi туралы мәлiметтер өнертабыс басымдық алған күнге дейiн дүние жүзiнде жалпы жұртқа мәлiм болған кез келген мәлiметтердi қамтиды.
Өнертабыстың жаңалығын анықтаған кезде техникалық деңгейi туралы мәлiметтерге бұрынырақтағы басымдықтары болған жағдайларда өнертабыстар мен пайдалы модельдерге (қайтып алынғандардан басқасы) Қазақстан Республикасында берiлген өтiнiмдер және Қазақстан Республикасында патенттелген өнертабыстар мен пайдалы модельдер кiредi.
Егер өнеркәсiпте, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтауда және қызметтiң басқа да салаларында пайдалануға болса, өнертабыс өнеркәсiпте қолдануға жарамды деп табылады.
2. Өнiмге (құрылғыға, затқа, микроорганизмнiң штаммына, өсiмдiктер немесе хайуанаттар клеткаларының көбеюiне), әдiске (материалдық объектiмен iс-әрекеттi материалдық құралдардың көмегiмен жүзеге асыру процесiне), сондай-ақ белгiлi өнiмдi немесе әдiстi жаңа мақсатта немесе жаңа өнiмдi белгiлi бiр мақсатта қолдануға жататын кез келген саладағы техникалық шешiмдер өнертабыс ретiнде қорғалады.
3. Мыналар:
1) жаңалықтар, ғылыми теориялар және математикалық әдiстер;
2) шаруашылықты ұйымдастыру және басқару әдiстерi;
3) шартты белгiлер, кестелер, ережелер;
4) ақыл-ой операцияларын орындау, ойындарды жүргiзу ережелерi мен әдiстерi;
5) есептегiш машиналарға арналған бағдарламалар мен алгоритмдердiң өзi;
6) ғимараттар, үйлер, аумақтар жоспарларының жобалары мен тәсiлдерi;
7) бұйымдардың тек сыртқы түрiне қатысты ұсыныстар;
8) қоғамдық тәртіпке, iзгiлiк пен мораль қағидаттарына қайшы келетiн ұсыныстар өнертабыстар деп танылмайды.
4. Париж конвенциясына қатысушы мемлекет аумағында ұйымдастырылған, ресми немесе ресми деп танылған халықаралық көрмеде өнертабыстың экспонат ретiнде көрсетiлуiн қоса алғанда, өнертабысқа қатысты ақпаратты арыз берушiнiң (автордың) немесе одан бұл ақпаратты тікелей немесе жанама түрде алған кез келген адамның көпшiлiкке жария етуi, өнертабысқа өтiнiм ол ашылған немесе көрмеге қойылған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей берiлген болса өнертабыстың патентке қабiлеттiлiгiне әсер ететiн мән-жай деп танылмайды. Бұл орайда осы фактiнi дәлелдеу мiндетi арыз берушiге жүктеледi.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.03.02 N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
7-бап. Пайдалы модельдiң патентке қабiлеттiлiк
талаптары
1. Өндiрiс құрал-жабдықтары мен тұтыну заттарын, сондай-ақ олардың құрамдас бөлiктерiн (құрылғысын) конструкциялық орындау пайдалы модельдерге жатады.
Егер жаңа және өнеркәсiпте қолдануға болса, пайдалы модельге құқықтық қорғау берiледi.
Егер елеулi белгiлерiнiң жиынтығы техника деңгейi туралы мәлiметтерден белгiсiз болса, пайдалы модель жаңа болып табылады.
Техника деңгейi туралы мәлiметтер пайдалы модельге басымдық берiлген күнге дейiн жұртқа мәлiм болған, арыз берiлiп отырған пайдалы модель мақсаттас құралдар туралы дүние жүзiнде жарияланған мәлiметтердi, олардың Қазақстан Республикасында қолданылуы, сондай-ақ олардың неғұрлым бұрынырақта басымдығы болған жағдайларда Қазақстан Республикасына басқа адамдардың пайдалы модельдерге және өнертабыстарға (қайтарып алынғаннан басқа) берген өтiнiмдерi және Қазақстан Республикасында патенттелген пайдалы модельдер мен осы бағыттағы өнертабыстар туралы мәлiметтердi қамтиды.
Егер iс жүзiнде пайдалануға жарайтын болса, пайдалы модель өнеркәсiпте қолдануға жарамды болып табылады.
2. Париж конвенциясына қатысушы мемлекет аумағында ұйымдастырылған, ресми немесе ресми деп танылған халықаралық көрмеде пайдалы модельдiң экспонат ретiнде көрсетiлуiн қоса алғанда, пайдалы модельге қатысты ақпаратты арыз берушiнiң (автордың) немесе одан бұл ақпаратты тiкелей немесе жанама түрде алған кез келген адамның көпшiлiкке жария етуi пайдалы модельге өтiнiм ақпарат жария болған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей берiлген болса пайдалы модельдiң жаңалығына әсер ететiн мән-жай деп танылмайды. Бұл орайда осы фактінi дәлелдеу мiндетi арыз берушiге жүктеледi.
3. Осы Заңның 6-бабының 3-тармағында аталған объектiлерге қатысты шешiмдер пайдалы модельдер ретiнде қорғалмайды.
8-бап. Өнеркәсiптiк үлгiнiң патентке қабiлеттілiк
талаптары
1. Бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын көркемдiк-конструкторлық шешiм өнеркәсiптiк үлгiге жатады. Егер өнеркәсiптiк үлгi жаңа, бiрегей болса, оған құқықтық қорғау берiледi.
2. Мынадай шешiмдер:
1) бұйымдардың тек қана техникалық мiндеттерiне негiзделсе;
2) сәулет объектiлерiнiң (шағын сәулет нысандарын қоспағанда), өнеркәсiптiк, гидротехникалық және басқа да тұрақты ғимараттардың;
3) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
4) сұйық, газ түрiндегi, сусыма немесе сол сияқты заттардан тұратын тұрақсыз нысандағы объектілердiң;
5) қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келетiн бұйымдардың шешiмдерi өнеркәсiптiк үлгiлер болып танылмайды.
Париж конвенциясына қатысушы мемлекеттер аумағында ұйымдастырылған, ресми немесе ресми деп танылған халықаралық көрмеде өнеркәсiптiк үлгiнiң экспонат ретiнде көрсетiлуiн қоса алғанда, өнеркәсiптiк үлгiге қатысты ақпаратты арыз берушiнiң (автордың) немесе осы ақпаратты алған кез келген адамның көпшiлiкке жария етуi өнеркәсiптiк үлгiге өтiнiм ол ашылған немесе көрмеге қойылған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей берiлген болса, өнеркәсiптiк үлгiнiң патентке қабiлеттiлiгiне әсер ететiн мән-жай деп танылмайды. Бұл орайда осы фактiнi дәлелдеу мiндетi арыз берушiге жүктеледi.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
3-тарау. Авторлар мен патент иеленушілер
9-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң авторы
1. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн шығармашылық еңбегiмен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады.
2. Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға бiрнеше жеке адам қатысса, олардың бәрi оның авторы (қосалқы авторы) болып есептеледi.
Қосалқы авторлардың тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiммен белгiленедi.
Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға өзінің шығармашылық үлесін қоспаған, авторға тек техникалық, ұйымдық немесе материалдық көмек көрсеткен, не оған құқықты ресiмдеуге және оны пайдалануға ғана жәрдемдескен жеке адам автор деп танылмайды.
3. Авторлық құқық айыруға болмайтын жеке құқық болып табылады және мерзiмсiз қорғалады.
4. Егер Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар таңбаларына үшiншi адамның құқықтары бұзылмаса, автордың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне өз атын немесе арнаулы атау беруге құқығы бар.
5. Неғұрлым маңызды және кең пайдаланылатын өнертабыстардың авторлары «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын беруге ұсынылуы мүмкін. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
10-бап. Патент иеленушi
1. Қорғау құжаты:
1) өнеркәсіптік меншік объектісінің авторына (авторларына);
2) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жұмыс берушіге;
3) олардың құқықтық мирасқорына (құқықтық мирасқорларына), оның ішінде беру тәртібімен тиісті құқықты алған адамға (адамдарға);
4) бір-бірімен келісімдері болған жағдайда осы тармақта көзделген адамдарға бірге беріледі.
2. Егер жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік өнертабысқа қорғау құжаттарының құқықтары жұмыс берушіге тиесілі болады.
3. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, автордың өзінің қызметтік міндеттерін орындауға немесе жұмыс берушіден алған нақты тапсырмаға байланысты емес, бірақ жұмыс берушінің ақпаратын, сондай-ақ материалдық, техникалық және өзге де құралдарын пайдалана отырып жасаған өнертабысына қорғау құжатын алу құқығы авторға тиесілі болады.
Егер қызметтік өнертабыс құрамына осы жұмыс берушінің қызметкері болып табылмайтын адам кіретін бірнеше адамның бірлескен шығармашылық еңбегімен жасалса, осы адамның көрсетілген қызметтік өнертабысқа қатысты құқықтары оның аталған жұмыс берушімен және басқа да авторлармен жасасатын шартында анықталады.
Егер қызметтік өнертабыстарды шарт негізінде бірнеше жұмыс берушінің жұмысты бірлесіп орындауы нәтижесінде авторлар жасаса, жұмыс берушілердің көрсетілген өнертабысқа құқықтары олардың арасындағы шартпен анықталады.
4. Қызметтік өнертабыс жасалған жағдайда, автор қызметтік өнертабысты жасау фактісі анықталған күннен бастап бір ай ішінде жұмыс берушіні жазбаша түрде хабардар етеді.
Хабарламаға автор (авторлар) қол қоюға және онда:
1) автордың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және атқаратын қызметі көрсетілуге;
2) қызметтік өнертабыстың атауы;
3) оның жасалу жағдайы мен орны, болжалды қолданылу саласы;
4) жұмыс берушінің қызметіндегі өнертабыстың мәнін ашуға, санатын айқындауға және жарамдылығын бағалауға жеткілікті толық жасалған сипаттамасы қамтылуға тиіс.
Жұмыс беруші автор берген қызметтік өнертабысты жасағандығы туралы хабарламаны оны берген күннен бастап қабылдауға және тіркеуге міндетті, бұл жөнінде авторларға жазбаша түрде хабарланады.
Егер сипаттама және өтінімді ресімдеуге қажетті өзге де мәліметтер толық болмаса, онда жұмыс берушінің қызметкерден қызметтік өнертабыс туралы қосымша материалдарды сұратуға құқығы бар, ол қосымша материалдарды сауал алған күннен бастап бір ай ішінде ұсынады. Мұндай жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзімінің өту барысы тоқтатыла тұрады және сұратылған мәліметтер алынғаннан бастап қайта қалпына келтіріледі.
5. Егер қызметкер қорғау құжатын алуға құқылы жұмыс берушіні қызметтік өнертабыстың жасалғандығы туралы хабардар етпесе, онда осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзім жұмыс берушіге оның жасалғаны туралы белгілі болған күннен басталады.
Егер қызметтік өнертабыстың жасалу фактісін жұмыс беруші анықтаса, онда ол қызметтік өнертабыс авторына бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Бұл ретте, егер қызметтік өнертабысқа қорғау құжатын алу құқығы жұмыс берушіге тиесілі болса, ол авторға тиісті өтінімді ресімдеудің басталғандығы туралы хабарлауға міндетті, ал автор жұмыс берушінің талабы бойынша жазбаша түрде қызметтік өнертабысқа өтінімді ресімдеу үшін қажетті қосымша ақпаратты және қызметтік өнертабыстың барлық авторларының тізімін беруге міндетті.
6. Жұмыс беруші қорғау құжатын алуға өтінім бергеннен кейін оны алуға не қорғау құжатын күшінде ұстап тұруға мүдделі болмаған жағдайда, қорғау құжатын алуға құқықты не алынған қорғау құжатын авторға уақытылы және өтеусіз беруге міндетті.
7. Егер жұмыс беруші жасалған өнеркәсіп меншігі объектісі туралы өзін автор хабардар еткен күннен бастап төрт ай ішінде өтінім бермесе, қорғау құжаттарын алу құқығын басқа адамға бермесе және тиісті объектіні құпия сақтау туралы авторға хабарламаса, онда қорғау құжатын алу құқығы авторға көшеді. Бұл жағдайда жұмыс берушінің тиісті өнеркәсіптік меншік объектісін патент иеленушімен шарт бойынша өз өндірісінде пайдалануға басым құқығы бар.
8. Тараптардың ешқайсысының екінші тарапқа бұл туралы хабардар етпей, қызметтік өнертабысқа қатысты өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін сараптама ұйымына қорғау құжатын алуға өтінім беруге құқығы жоқ.
9. Қызметтік өнертабыс үшін авторға сыйақы төлеудің мөлшері, шарттары және тәртібі автор мен жұмыс беруші арасындағы келісіммен белгіленеді. Келісімге қол жетпеген жағдайда шешімді сот қабылдайды. Егер қызметтік өнертабысты жасаудағы автор мен жұмыс берушінің үлестерін мөлшерлеу мүмкін болмаса, жұмыс беруші алған немесе алуға тиісті пайданың жартысына автордың құқығы бар деп танылады.
Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.07.10. N 179-IV Заңымен.
4-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға
ерекше құқық
11-бап. Патент иеленушiнiң айрықша құқығы мен мiндеттерi
1. Патент иеленушiнiң қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн өз қалауы бойынша пайдалануға айрықша құқығы болады.
Патент иеленушi қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн пайдалануға айрықша құқықты қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер ресми бюллетеньде жарияланған күннен бастап осы қорғау құжатының қолданылу кезеңiнде жүзеге асырады.
2. Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсi бар өнiмдi дайындау, қолдану, жеткiзу, сатуға ұсыну, сату, азаматтық айналымға өзге де енгiзу немесе осы мақсатпен сақтау, сондай-ақ қорғау әдiсiн қолдану өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалану болып танылады.
Егер өнiмде оны пайдалану басталған күнiне техниканың осы саласындағы белгiлi формуланың тәуелсiз тармағында келтiрiлген өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң әрбiр белгiсi немесе соған барабар белгi болып, ол қорғалатын әдiс пайдаланылса, өнiм қорғалатын өнертабысы немесе пайдалы моделі бар деп танылады, ал қорғалатын әдiс қолдануға болады деп табылады.
Тiкелей осындай әдiспен дайындалған өнiмдi азаматтық айналымға енгiзу не осы мақсатпен сақтау өнiм алудың қорғалатын әдiсiн пайдалану деп танылады.
Егер өнiмде бұйымның ұсынылған кескiндерiнде (макетiнде) көрсетiлген және негiзгi белгiлерiнiң тiзбесiнде келтiрiлген барлық негiзгi белгiлерi болса, ол қорғалатын өнеркәсiптік үлгiсi бар деп танылады.
3. Патент иеленушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға мiндеттi.
Қорғау құжаты бiрнеше адамға тиесiлi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану жөнiндегi өзара қатынастар олардың арасындағы келiсiммен айқындалады. Ондай келiсiм болмаған жағдайда патент иеленушiлердiң әрқайсысы қорғалатын объектiнi өз қалауынша пайдалана алады, бiрақ өзге патент иеленушiлердiң келiсiмiнсiз оған лицензия беруге немесе қорғау құжатын басқа адамға беруге құқығы жоқ.
Патент иеленушi қолданылатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнің патенттелгенін көрсететiн ескерту таңбаларын пайдалана алады.
4. Патент иеленушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдаланбаған және тиiмдi коммерциялық жағдайларда ол лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан кезде, егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер алғаш рет жарияланғаннан кейiн өнеркәсiптiк меншiк объектiсi осындай өтiнiш берiлген күннiң алдындағы кез келген төрт жыл iшiнде үздiксiз пайдаланылмаса, кез келген адам өзiне мәжбүрлі ерекше емес лицензияны алып беру туралы сотқа жүгінуге құқылы. Егер патент иеленушi оны пайдаланбауы дәлелдi себептерге байланысты болғанын дәлелдемесе, сот аталған лицензияны пайдалану шектерiн, мерзімін, төлем мөлшерi мен тәртiбiн белгiлей отырып ұсынады. Төлем мөлшерi қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген лицензияның нарықтық бағасынан төмен болмауға тиiс.
Кез келген мәжбүрлі лицензия бiрiншi кезекте Қазақстан Республикасы iшкi нарығының мұқтажын қамтамасыз ету үшін берілуге тиiс.
Мәжбүрлі лицензия берiлген адам көрсетілген өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану құқығын басқа адамға тек қана осы объект пайдаланылатын тиiстi өндiрiспен бiрге беруi мүмкiн.
Мәжбүрлі лицензияны беруге себеп болып табылатын мән-жайлардың қолданысы тоқтатылған жағдайда оның күші сот арқылы жойылуға жатады.
5. Тиiмдi коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне басқа қорғау құжатын иеленушiнiң құқықтарын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленушінің Қазақстан Республикасының аумағында өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға мәжбүрлі ерекше емес лицензияны өзіне беру туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқығы бар.
Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн басқа қорғау құжатын иеленушінің құқықтарын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленуші өзінің өнеркәсіптік меншік объектісі маңызды техникалық жетістікті білдіретінін және басқа қорғау құжатын иеленушiнiң өнеркәсіптік меншік объектісінің алдында айтарлықтай экономикалық маңызға ие екенін дәлелдесе, сот оған мәжбүрлі ерекше емес лицензия беру туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Көрсетілген лицензияны беру кезінде қорғау құжаты басқа тұлғаға тиесiлi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану шектерiн, мерзімдерін, төлем мөлшерi мен тәртiбiн сот айқындауға тиiс. Бұл ретте төлем мөлшерi қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген лицензияның нарықтық бағасынан төмен болмауға тиiс.
Осы тармақтың негiзiнде алынған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану құқығы бұл құқық қорғау құжатына байланысты берiлген өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне тек қана осы қорғау құжатын берумен бірге берiлуi мүмкiн.
Осы тармаққа сәйкес мәжбүрлі лицензия берілген жағдайда, көрсетілген лицензияның негізінде пайдалану құқығы берілген қорғау құжатына патент иеленушінің мәжбүрлі лицензия берілген тәуелді өнертабысты пайдалануға лицензия алуға да құқығы бар.
6. Патент иеленушi өзі алған қорғау құжатын кез келген жеке немесе заңды тұлғаларға бере алады. Өзгеге беру шарты уәкiлеттi органда мiндетті түрде тiркелуге жатады.
Қорғау құжатын өзгеге беру шарты мен оны алуға құқықты өзгеге беру шартын тіркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін материалдарды сараптау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қорғау құжатын алуға құқықты өзгеге беру шартын тіркеу тәртібіне өзгеге беру шартын тіркеу туралы ереже қолданылады.
Өзгеге беру шартын тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
Өтінішке:
1) нысанасы біртектес өнеркәсіптік меншік объектілері болып табылатын, титулдық парақпен жабдықталған, өзгеге беру шартының төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының не өтініш берушінің қолдары қойылады.
Өзгеге беру шарты түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге өкіл арқылы берілген жағдайда – сенімхат;
3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат қоса беріледі.
Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, қорғау құжаты немесе айрықша құқықтар иесінің басқару органдарының, құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының шарт жасасу және шартқа кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі бойынша шешімін ұсынады.
Өтiнiш және басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы өтінішке қоса беріледі.
Өтiнiш бiр өзгеге беру шартына қатысты болуға тиiс.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар уәкілетті органға шарт құжаттарын өз атынан берген жағдайда, шартты тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады.
Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайын көрсеткен кезде шартты тiркеуге байланысты құқықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілсіз жүзеге асыра алады.
7. Өтініш беруші тіркеуге арналған құжаттар тізбесін ұсынғаннан кейін сараптама жасау ұйымы өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттарға алдын ала сараптама жүргізеді, оның барысында қажетті құжаттардың болуы және оларға белгіленген талаптардың сақталуы тексеріледі, қорғалатын құжатты өзгеге беру шартының өтінішке қоса берілетін материалдарында сараптама жүргізуге ақы төленгенін растайтын құжат болмаған жағдайда, өтініш берушіге төлем есебі беріледі. Бұл жағдайда көрсетілген мерзім сараптама жасау ұйымына төлем келіп түскен күнінен бастап есептеледі.
Өзгеге беру шартының қарауға қабылданған материалдары бойынша жиырма күн мерзімде мәні бойынша сараптама жүргізіледі, оның барысында өзгеге беру шартының материалдарын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес зерделеу жүргізіледі.
8. Жоюға болатын, өзгеге беру шартын тіркеуге кедергі жасайтын негіздер:
1) қорғау құжатын күшінде қалдыру үшін төлемнің жүргізілмеуі;
2) өзгеге беру шартында Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетiн ережелердiң болуы.
9. Құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар бұзылған немесе осы баптың 8-тармағында көрсетілген өзгеге беру шартын тіркеуге кедергі жасайтын, бірақ жоюға болатын негіздер болған жағдайда сараптама жасау ұйымы сауал жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды беру немесе қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныспен өтініш берушіге сауал жібереді. Бұл жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген мәні бойынша сараптама жүргізу мерзімі жетіспейтін немесе түзетілген құжаттар ұсынылған күннен бастап есептеледі.
10. Мынадай негіздер болған:
1) соған қатысты шарт жасалатын қорғау құжатының қолданысы тоқтатылған;
2) сараптама жасау ұйымының сауалына үш ай ішінде уақтылы жауап қайтарылмаған;
3) қайтарылған жауапта барлық қажетті мәліметтер мен құжаттар болмаған кезде сараптама жасау ұйымы өзгеге беру шартын тіркеуден бас тарту туралы қорытынды шығарады.
Сараптама жасау ұйымы қорытынды шығарылғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, осы қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
11. Сараптама нәтижесi оң болған кезде сараптама жасау ұйымы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға өзгеге беру шартын тiркеуге кедергi келтiретiн негiздердiң жоқтығы туралы қорытынды жiбередi.
Өзгеге беру шартын тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiмдi уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
12. Шартты тіркеу туралы шешім шығарылғаннан кейін уәкілетті орган:
1) соған қатысты шарт жасалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжатының қосымшасын ресiмдейдi;
2) шарттың титулдық парағына тiркеу күнiн және тiркеу нөмiрiн көрсете отырып, оның тiркелгенi туралы мөртабан соғады;
3) шарт туралы мәлiметтердi тiркелген шарттардың тiзiлiмiне енгізедi;
4) өтiнiште хат-хабар алмасу үшiн көрсетiлген мекенжай бойынша шарттың тiркелген екi данасын және қорғау құжатына қосымшаны жiбередi;
5) шартты тіркеу туралы мәліметтерді жариялау үшін шарттың бақылау данасын қорытындымен қоса сараптама жасау ұйымына жібереді.
Шарттың үшiншi және төртiншi даналары тиісті уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымында сақталады және бақылау даналары болып табылады.
Тіркелген шарттар бойынша сараптама жасау ұйымы тіркелген шарттар туралы мәліметтерді, атап айтқанда, шарттың тіркелген нөмірі мен күнін, шарт тараптарының атауын немесе толық мәліметтерін, шарттың мәнін, шарттың қолданылу мерзімін, шарттың қолданылу аумағын бюллетеньде жариялайды.
Кез келген тұлға тiркелген өзгеге беру шарттарының тiзiлiмiнен тiркелген өзгеге беру шарттары туралы мәлiметтерге қатысты үзінді көшiрменi ашық жариялау үшін алуы мүмкін.
Үшiншi тұлғаларды өзгеге беру шартының мәтiнiмен таныстыруға, сондай-ақ одан үзінді көшiрме алуға шарт тараптарының жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
Уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде өзгеге беру шартын тiркеуден бас тарту туралы шешiм шығарған жағдайда, қаралып отырған шарт бойынша құжаттар тiркеуден бас тарту туралы шешiммен бiрге өтiнiште көрсетiлген мекенжай бойынша қайтарылады.
13. Қорғау құжатын өзгеге беру шарты және оны алуға құқықты өзгеге беру шарты уәкілетті органда тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
14. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжаты және (немесе) оны алу құқығы мұрагерлiк бойынша немесе құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен берiледi.
15. Патент иеленушi қорғау құжатын күшiнде ұстау үшiн жыл сайын ақы төлеп тұруға мiндеттi.
Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
12-бап. Патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзушылық
болып танылмайтын әрекеттер
Мыналар патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу деп танылмайды:
1) конструкциясында қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi бар құралдарды немесе басқа елдердiң көлiк (теңiз, өзен, әуе, жер бетiндегi және ғарыштағы) құралдарын пайдаланған кезде, аталған құралдар Қазақстан Республикасының аумағында уақытша немесе кездейсоқ тұрған және көлiк құралдарының мұқтаждары үшiн пайдаланылып отырған жағдайда қолдану. Егер көлiк құралдары Қазақстан Республикасы көлiк құралдарының иелерiне осындай құқық беретiн елдердiң жеке немесе заңды тұлғаларына тиесiлi болса, мұндай әрекеттер патент иеленушінiң ерекше құқығын бұзушылық болып танылмайды;
2) қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсi бар құралға ғылыми зерттеу немесе эксперимент жүргiзу;
3) төтенше жағдайлар (табиғи зiлзалалар, апаттар, iрi авариялар) кезiнде мұндай құралдарды кейiннен патент иеленушiге дереу хабарлай отырып және патент иеленушiге мөлшерлес өтемнiң ақысын төлей отырып қолдану;
4) егер мұндай пайдаланудың мақсаты табыс алу болып табылмаса, мұндай құралдарды жеке, отбасылық, үйдегі немесе өзге де кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мұқтаждарды қанағаттандыру үшін қолдану;
5) қиын-қыстау жағдайларда дәрiгердiң рецептi бойынша дәрiханада бiр жолғы дәрi дайындау;
6) егер қорғалатын өнеркәсіптік меншік объектісі бар құралдарды Қазақстан Республикасының аумағына азаматтық айналымға тікелей патент иеленуші немесе патент иеленушінің рұқсатымен өзге тұлға бұрын енгізген болса, оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, қолдану, сатуға ұсыну, сату, өзге де азаматтық айналымға енгiзу немесе осы мақсаттарда сақтау.
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
13-бап. Бұрын пайдалану құқығы және уақытша құқықтық
қорғау
1. Өнеркәсiптiң меншiк объектiсiнiң басымдық алған күнiне дейiн Қазақстан Республикасының аумағында оның авторына тәуелсiз жасалған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне ұқсас шешiмдi адал пайдаланған немесе бұған қажет дайындықтар жасаған тұлға мұндай пайдалану көлемiн ұлғайтпай оны өтеусiз пайдалану құқығын (бұрын пайдалану құқығын) сақтайды.
Бұрын пайдалану құқығы басқа адамға ұқсас шешiмдi пайдалану орын алған немесе оған қажеттi әзiрлiк жасалған өндiрiспен бiрге ғана берiлуi мүмкiн.
2. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн басымдық берiлген күннен бастап, бiрақ өнертабысқа инновациялық патент, патент, өнеркәсiптiк үлгiге патент немесе пайдалы модельге патент беру туралы мәлiметтер ресми жарияланған күнге дейiн пайдалана бастаған адамдар патент иеленушiнiң талап етуi бойынша одан әрi пайдалануын тоқтатуға тиiс. Алайда мұндай адам патент иеленушiнiң осындай пайдалану нәтижесiнде тартқан шығынын орнына келтiруге мiндетті емес.
3. Ресми немесе ресми танылған халықаралық көрмеге экспонат ретiнде қойылған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне оны көрмеге қойған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей осы объектiге өтiнiм берiлген жағдайда, көрмеге қойылған күннен бастап қорғау құжатын беру туралы мәлiметтердiң алғашқы жариялануына дейiн уақытша құқықтық қорғау берiледi.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мерзiмде өнеркәсiптік меншiк объектiсiн пайдаланушы адам патент иеленушiге қорғау құжаты берiлген соң ақшалай өтемақы төлейдi. Өтемақы мөлшерi тараптардың келiсiмдерiмен белгiленедi.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586, 2007.03.02. N 237 Заңдарымен.
14-бап. Өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалануға
құқық беру
1. Патент иеленушi болып табылмайтын кез келген адам қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патент иеленушiнiң рұқсатымен ғана лицензиялық шарт негiзiнде пайдалануға құқылы.
2. Лицензиялық шарт лицензиатқа:
1) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн және басқа адамдарға лицензия (қарапайым, ерекше емес лицензия) беру құқығын сақтай отырып, оны пайдалану құқығын;
2) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн сақтай отырып, бiрақ оны пайдалану құқығын басқа адамдарға лицензия (ерекше лицензия) беру құқығынсыз;
3) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және басқа адамдарға лицензия (толық лицензия) беру құқығынсыз пайдалану құқығын берудi көздеуi мүмкiн.
Егер лицензиялық шартта лицензия түрi көзделмесе, ол ерекше емес, қарапайым болып табылады.
3. Лицензиаттың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану ерекше емес лицензияны (қосалқы лицензиялық шарт) басқа адамға (қосалқы лицензиатқа) беру туралы шарт лицензиялық шартта қарастырылған жағдайларда ғана жасалуы мүмкiн.
Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиаттың әрекеттерi үшiн лицензиар алдында лицензиат жауапты болады.
4. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға арналған лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады және ол уәкiлеттi органда міндетті түрде тiркелуге жатады. Жазбаша нысанды немесе тiркеу туралы талапты сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
Лицензиялық шартты тiркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін материалдарды сараптау нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиялық шартты тiркеу тәртiбiне лицензиялық шартты тiркеу туралы ережелер қолданылады.
4-1. Лицензиялық шартты тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
Өтінішке:
1) титулдық парақпен жабдықталған шарттың төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
Материалдарды тіркеуге беру шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Шарт түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге де өкіл арқылы берілген жағдайда – сенімхат;
3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат қоса беріледі.
Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, лицензиардың (қосалқы лицензиардың) басқару органдарының шарт жасасу және заңды тұлғаның атынан өтініш берілген жағдайда кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өтiнiш және басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
Өтiнiш бiр лицензиялық шартқа қатысты болуға тиiс.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе уәкілетті органға шарт материалдарын өз атынан беретін шетелдiк заңды тұлғалар шартты тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады.
Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайын көрсеткен жағдайда, шартты тiркеуге байланысты құқықтарды патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілсіз жүзеге асырады.
4-2. Лицензиялық шартты тіркеген кезде осы Заңның 11-бабының 7-12-тармақтарында көзделген ережелер қолданылады.
Лицензиялық шарт (қосалқы лицензиялық шарт) уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
5. Патент иеленушi уәкiлеттi органға кез келген адамға өнеркәсiптiк меншік объектiлерiн пайдалануға лицензия (ашық лицензия) алу құқығын беру туралы арыз бере алады.
Көрсетiлген лицензияны сатып алуға тiлек бiлдiрушi адам патент иеленушiмен төлемдер туралы шарт жасасып, оны мiндеттi түрде уәкiлеттi органда тiркетуге тиiс. Шарт талаптары бойынша даулар сотта қаралады.
Ашық лицензия құқығын беру туралы патент иеленушiнiң өтiнiшi ашық лицензиялар туралы бюллетеньде мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл бойына күшiн сақтайды. Көрсетілген мерзiм шегiнде қорғау құжаттарын күшiнде ұстағаны үшiн төлем ашық лицензиялар туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiнгi жылдан бастап 50 процентке азаяды.
Лицензиялық шарт жасалған жағдайда, қорғау құжатын күшiнде ұстау ақысы осы шарт жасалған жылдан кейiнгi жылдан бастап толық көлемде жүргiзiледi.
6. Елдегі төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патент иеленушiнiң келiсiмiнсiз, бiрақ оны дереу хабардар етiп және оған мөлшерлес өтемақысын төлей отырып пайдалануға рұқсат етуге құқығы бар. Өтемақының мөлшерi туралы дауларды сот шешедi.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
15-бап. Патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу
1. Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн осы Заңға қайшы пайдаланушы кез келген адам патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзушы (қорғау құжатын бұзушы) болып есептеледi.
Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалана отырып жасалған өнiмдi рұқсатсыз дайындау, қолдану, жеткiзу, сақтау, сатуға ұсыну, сату және азаматтық айналымға өзгеше енгiзу, сондай-ақ тiкелей қорғау әдiсiмен дайындалған өнiмдi қолдану немесе азаматтық айналымға енгiзу патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу (қорғау құжатын бұзу) болып танылады. Бұл орайда жаңа өнiм өзге де дәлелдемелер болмаған жағдайда қорғалатын әдiспен алынған деп есептеледi.
2. Патент иеленушi:
1) қорғау құжатын бұзуды тоқтатуды;
2) қорғау құжатын беру туралы мәлiметтердi алғашқы жариялаған күннен бастап, бұзушының келтiрген шығындардың орнын толтыруын және моральдық залалын өтеуiн;
3) қорғау құжатын беру туралы мәлiметтердi алғашқы жариялаған күннен бастап, қорғау құжатын бұзушы алған пайданы шығындардың орнын толтырудың орнына өндiрiп алуды;
4) қорғау құжатын бұзушының заңдарда белгiленген оннан елу мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш сомасында өтемақы төлеуiн талап етуге. Шығындардың орнын толтыру немесе пайданы алып қою орнына өтемақы мөлшерiн сот белгiлейдi;
5) қорғау құжатын беру туралы мәлiметтердi алғашқы жариялаған күннен бастап, азаматтық айналымға енгiзiлген немесе осы мақсатта сақталған және қорғау құжатын бұзушы деп танылған өнiмдердi, сондай-ақ қорғау құжатын бұзуға арнайы арналған қаржыларды өз пайдасына алып қоюға;
6) кiмнiң құқығы бұзылғаны туралы мәлiметтер енгiзiлген құқық бұзушылықты мiндеттi түрде жариялауға құқылы.
3. Егер бұл лицензиялық шартта көзделсе, қорғау құжатын бұзушыға талаптарды лицензиаттың да қоюы мүмкiн.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
5-тарау. Қорғау құжатын алу тәртібі
16-бап. Қорғау құжатын беруге өтiнiм жасау
1. Қорғау құжатын алуға өтiнiмдi сараптама жасау ұйымына осы Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес қорғау құжатын иелену құқығы бар адам (бұдан әрi - өтiнiм берушi) бередi.
Өтiнiм электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат түрiнде берiлуi мүмкiн.
2. Қорғау құжатын беру туралы өтiнiм мемлекеттік тiлде немесе орыс тiлiнде берiледi. Өтінiмнiң өзге құжаттары мемлекеттiк, орыс немесе басқа тiлде берiледi. Егер өтiнiмнiң басқа құжаттары өзге тiлде берiлсе, өтiнiмге олардың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасы қоса тапсырылады. Аударманы өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымына басқа тiлдегi құжаттары бар өтiнiм түскеннен кейiн екi ай iшiнде тапсыруға мiндеттi. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайларда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екi айдан аспауға тиiс.
Белгiленген мерзiмде аударма табыс етiлмеген жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
3. Өтiнiм берушi өтiнген немесе рұқсат берген не қылмыстық қудалау органдарының немесе соттың талабы болған жағдайларды қоспағанда, уәкiлеттi орган және сараптама жасау ұйымы қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер жарияланғанға дейiн үшiншi тұлғалардың өтiнiмге қол жеткiзуiне рұқсат бермеуге тиiс.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02 N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
17-бап. Өнертабысқа қорғау құжатын беруге өтінiм
1. Өнертабысқа қорғау құжатын беруге өтiнiм (бұдан әрi - өнертабысқа өтiнiм) бiр өнертабысқа немесе өзара байланыстылығы өнертапқыштық бiр ойды құрайтын өнертабыс тобына берiледi (өнертабыс бiрлiгiнiң талабы).
2. Өнертабысқа өтiнiмде мынадай құжаттар:
1) өнертабыс авторлары және атына қорғау құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiм;
2) бiлiмнiң тиiстi саласындағы маманның өнертабысты жүзеге асыруы үшiн толық, жеткiлiктi ашылған сипаттамасы;
3) өнертабыстың объектiсiн айқындайтын және оның мәнiн бiлдiретiн өнертабыстың формуласы. Формула анық, нақты болуға және сипаттамаға негiзделуге тиiс;
4) егер өнертабыстың мәнiн түсiну үшiн қажет болса, сызбалар және өзге де материалдар;
5) реферат;
6) сенiмдi өкiлдер арқылы iс жүргiзiлген жағдайда - сенiмхат;
7) Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.03.02. N 237 Заңымен.
Өнертабысқа өтiнiмге өтiнiм беруге, сонымен бiрге ресми сараптама жүргiзуге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерiн азайту негiздемесiн растайтын құжат қоса тiркеледi, оларды өтінімге қоса немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде тапсыруға болады. Тиiстi төлем жасалған жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екi айдан аспауға тиiс.
Төлем жөнiндегi құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
3. Өнертабысқа өтiнiм берiлген күн сараптама жасау ұйымына осы баптың 2-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетiлген өтiнiм құжаттары түскен күн бойынша белгiленедi, ал егер көрсетiлген құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, онда тапсырылған құжаттардың соңғысы түскен күнi бойынша белгiленедi.
4. Өнертабысқа өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау, мәлiметтердi Қазақстан Республикасы өнертабыстарының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу, сондай-ақ қорғау құжатын беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02 N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
18-бап. Пайдалы модельге патент беруге өтiнiм
1. Пайдалы модельге патент беруге өтiнiм (бұдан әрi - пайдалы модельге өтiнiм) бiр пайдалы модельге немесе байланыстылығы бiр өнертапқыштық ойды құрайтын пайдалы модельдер тобына (пайдалы модельдер бiрлiгiнiң талабы) қатысты болуға тиiс.
2. Пайдалы модельге өтiнiмде:
1) пайдалы модель авторлары және атына патент сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген патент беру туралы өтiнiш;
2) пайдалы модельдi оның жүзеге асырылуы үшiн жеткiлiктi, толық ашатын сипаттамасы;
3) оның мәнiн бiлдiретiн, сипаттамаға толық негiзделген пайдалы модельдiң формуласы;
4) сызбалар;
5) реферат;
6) сенiмдi өкiлдер арқылы iс жүргiзген жағдайда - сенiмхат болуға тиiс.
Пайдалы модельге өтiнiмге өтiнiм беруге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат пен оның мөлшерiн азайтуға негiздеменi растайтын құжат қоса тiркеледi, оларды өтiнiмге қоса немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде тапсыруға болады. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауға тиiс.
Белгiленген мерзiмде төлемдер туралы құжаттар тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
3. Пайдалы модельге өтінiм берiлген күн сараптама жасау ұйымына пайдалы модельге патент беру туралы өтiнiм түскен күнi бойынша белгiленедi, онда тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер ол болса) көрсетiлуi немесе арыз берушiнiң толық атауы, сипаттамасы, формуласы және сызбасы болуы керек, ал егер аталған құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, тапсырылған құжаттардың соңғысы түскен күнi көрсетiлiп белгiленедi.
4. Пайдалы модельге өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау, мәлiметтердi Қазақстан Республикасының пайдалы модельдерінiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу, сондай-ақ қорғау құжатын беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгілейді.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02 N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
19-бап. Өнеркәсiп үлгiсiне патент беруге өтiнiм
1. Өнеркәсiп үлгiсiне патент беруге өтiнiм (бұдан әрi - өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiм) бiр өнеркәсiп үлгiсiне немесе өзара байланыстылығы өнеркәсiп үлгiсiнiң бiрлiгi талабын қанағаттандыратын өнеркәсiп үлгiлерi тобына қатысты болуға тиiс.
2. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмде:
1) өнеркәсiп үлгiсi авторлары және атына патент сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген патент беру туралы өтiнiш;
2) мәлiмделген үлгi (үлгiлер) туралы толық егжей-тегжейлi түсiнiк беретiн бұйымның (бұйымдардың) немесе макеттiң кескiнi бейнеленген қайта жасауға жарамды жиынтығы;
3) Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.03.02. N 237 Заңымен.
4) өнеркәсiп үлгiсiнiң елеулi белгiлерiнiң тiзбесiн қамтитын сипаттамасы;
5) өкiлдер арқылы iс жүргiзген жағдайда - сенiмхат болуға тиiс.
Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмге өтiнiм беруге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерi кемiтiлуiне арналған негiздеменi растайтын құжат қоса тіркеледi, олар өтiнiммен бiрге немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде табыс етiлуi мүмкiн. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.
Төлем жөнiндегi құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
3. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiм берiлген күн болып сараптама жасау ұйымына өнеркәсiптiк үлгiге қорғау құжатын беру туралы арызда келтiрiлген, тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер ол болса) көрсетiлуi немесе арыз берушiнiң толық атауы, сипаттамасы, бұйымның кескiнi (макетi) болуы керек, ал егер аталған құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, тапсырылған құжаттардың соңғысының түскен күнi көрсетілiп белгiленедi.
4. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау, мәлiметтердi Қазақстан Республикасының өнеркәсiптік үлгiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу, сондай-ақ қорғау құжатын беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02. N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
20-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң басымдығы
1. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң басымдығы осы Заңның 17-бабының 3-тармағына, 18-бабының 3-тармағына және 19-бабының 3-тармағына сәйкес белгiленген, өнеркәсiптiк меншiктiң тиiстi объектiсiне өтінiм берiлген күн бойынша белгiленедi.
2. Басымдық, егер өтiнiм өнертабысқа, пайдалы модельге сараптама жасау ұйымына аталған күннен бастап он екi айдың iшiнде, ал өнеркәсiп үлгiсiне алты айдың iшiнде берiлсе, Париж конвенциясына қатысушы мемлекетке, сондай-ақ онда көзделген халықаралық немесе аймақтық ұйымдарда (конвенциялық басымдық) берiлген бiрiншi өтiнiм күнi бойынша белгiленуi мүмкiн. Егер өтiнiм берушiге байланысты емес мән-жаймен конвенциялық басымдық сұраған өтiнiм аталған мерзiмде берiле алмай қалса, соңғысы ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.
Конвенциялық басымдықтың құқығын пайдаланғысы келетiн өтініш берушi өтiнiм берген кезде немесе сараптама жасау ұйымына өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде мұны көрсетуге және бiрiншi өтiнiмнiң куәландырылған көшiрмесiн қоса беруге немесе оны сараптама жасау ұйымына өтiнiм түскен күннен бастап алты айдан кешiктiрмей табыс етуге тиiс. Көрсетiлген құжатты тапсырмаған жағдайда өтiнiм берушi конвенциялық басымдыққа құқығын жоғалтады. Бұл жағдайда басымдық өтiнiмнiң сараптама жасау ұйымына келiп түскен күнiмен белгiленедi.
3. Егер өтiнiш берушiге қосымша материалдар шешiмнiң мәнiн өзгертедi және оны берген күнi көрсетiлген қосымша материалдар сол бойынша табыс етiлген өтiнiм қайтарылып алынбаған және қайтарылып алынды деп саналмаған деп танылуына байланысты оларды назарға алу мүмкiн еместiгi туралы сараптама жасау ұйымының хабарламасы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiм өткенге дейiн өтiніш берушi дербес өтiнiм ретінде ресiмдеген болса, басымдық қосымша материалдар түскен күн бойынша белгiленуi мүмкiн.
4. Егер мұндай басымдық сұралып отырған өтiнiм неғұрлым бұрын берiлген өнертабысқа өтiнiм берiлген күннен бастап кем дегенде он екi айда және неғұрлым бұрын берiлген пайдалы модельге, өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiм - алты айда түссе, басымдық осы өтiнiм берушiнiң өтiнiмнiң берiлген күнге қайтарып алынбаған және қайтарып алынды деп саналмайтын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн ашып көрсететiн неғұрлым бұрынғы өтiнiмi сараптама жасау ұйымына берiлген күн бойынша белгiленуi мүмкiн. Бұл орайда неғұрлым бұрын берiлген өтiнiм қайтарып алынды деп есептеледi.
Басымдықты оған дейiн басымдық сұралған өтiнiмнiң берiлген күнiнен белгiлеуге болмайды.
5. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң бөлектенген өтiнiм бойынша басымдығы - сол өтiнiм берушiнiң сараптама жасау ұйымына берген басымдықтың мәнiн ашатын бастапқы өтiнiмiнiң күнi бойынша, ал бастапқы өтiнiм бойынша басымдықты неғұрлым ерте белгiлеу құқығы болған жағдайда, егер бөлектенген өтiнiм шағым жасауға мүмкiндiгi таусылған сараптама жасау ұйымының бастапқы өтiнiм бойынша терiс қорытындысы шыққанға дейiн берiлсе, бастапқы өтiнiм бойынша - оның басымдық күнi бойынша, ал аталған өтiнiм бойынша сараптама жасау ұйымы оң қорытынды шығарған жағдайда Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркелген күнге дейiн белгiленедi.
6. Басымдық бұрын берiлген бірнеше өтінiмдердiң немесе оларға қосымша материалдардың негiзiнде, тиiсiнше осы баптың 2-5 тармақтарында аталған жағдайлар сақтала отырып белгiленуi мүмкiн.
7. Егер ұқсас өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi бiр күнде басымдыққа ие болғаны анықталса, басымдық өтiнiмнiң сараптама жасау ұйымына неғұрлым ертерек жiберiлген күнiн дәлелденген сол өтiнiм бойынша, ал бұл күндер сәйкес келгенде - сараптама жасау ұйымында неғұрлым бұрынырақ тiркеу нөмiрiне ие болған өтiнiм бойынша белгiленедi.
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
21-бап. Өтiнiм берушiнiң бастамасы бойынша өтiнiм
құжаттарын түзету
1. Өтiнiм берушiнiң өтiнiм құжаттарына осы өтiнiм бойынша тиiстi шешiм қабылданғанға дейiн мәлiмделген объектiнiң мәнiн өзгертпей түзетулер мен нақтылаулар енгiзуге құқығы бар.
Осы өзгерiстер өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде енгiзiлген жағдайда төлем алынбайды.
2. Өтiнiм берушiнiң қорғау құжатын алу құқығын беру кезiндегi нұсқауына қатысты немесе өтiнiм берушi атауының өзгеруi нәтижесiндегi өзгерiстер, сондай-ақ өтiнiм құжаттарындағы техникалық сипаттағы қателердi түзету тиiстi төлем төленген жағдайда өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн тиiстi Мемлекеттiк тiзiлiмде тiркеген күнге дейiн жасалуы мүмкiн.
Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 , 2007.03.02. N 237 Заңдарымен.
22-бап. Өнертабысқа патент беруге өтінімге жасалатын
сараптама
1. Сараптама жасау ұйымына келiп түскен өтiнiм бойынша осы Заңның 17-бабы 2-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген өтiнiм құжаттарының бар екендiгi және оларға қойылатын талаптардың сақталуы тексерiледi; өтiнiм берiлген күн анықталады. Егер өтiнiм осы Заңның 17-бабы 2-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2) және 4) тармақшаларының талаптарын және осы құжаттарға қойылған талаптарды қанағаттандырмаса, сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiге бұл туралы хабарлайды және жетiспейтiн және (немесе) түзетiлген құжаттарды (мәлiметтердi) осындай хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде табыс етудi ұсынады. Өтiнiм берушi сұратылған және (немесе) түзетiлген құжаттарды (мәлiметтердi) белгiленген мерзiмде табыс етпеген жағдайда, өтiнiм берiлмеген болып есептеледi, ол туралы өтiнiм берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi.
1-1. Өнертабысқа патент беруге өтiнiм берiлген күн белгiленгеннен кейiн сараптама жасау ұйымы ол бойынша ресми сараптама жүргiзедi.
Ресми сараптама жүргiзу барысында осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың бар екендiгi және оларға қойылатын талаптардың сақталуы тексерiледi.
2. Егер өтiнiм берушi өтiнiм бойынша осы Заңның 21-бабына сәйкес қосымша материалдарды табыс еткен болса, сараптама процесiнде олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертпейтiні тексерiледi.
Егер қосымша материалдарда өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ, өнертабыс формуласына енгiзуге жататын белгiлер болса, олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертедi. Қосымша материалдар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертетiн бөлiгiнде өтiнiмдi қарау кезiнде назарға алынбайды және оны өтiнiш берушi дербес өтiнiм ретiнде ресiмдеуi мүмкiн, бұл жөнiнде өтiнiм берушiге хабарланады.
3. Оның құжаттарына қойылатын талаптарды бұза отырып берiлген өтiнiм жөнiнде өтiнiш берушiге оны жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде түзетiлген немесе жоқ құжаттарды табыс ету ұсынылған сауал жiберiледi.
Егер өтiнiм берушi аталған мерзiмде сұратылған құжаттарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi табыс етпесе, өтiнiм қайтарып алған болып есептеледi.
4. Өнертабыс бiрлiгi талабын бұза отырып берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушіге оған тиiстi хабарлама жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысы қаралуға тиiс екенiн хабарлау және қажет болған жағдайларда өтiнiм құжаттарына нақтылау енгiзу ұсынылады. Бастапқы өтiнiм материалдарына енген басқа өнертабыстар бөлектелген өтiнiмдермен ресiмделуi мүмкiн. Белгiленген өтiнiмдер басымдығы осы Заңның 20-бабының 5-тармағына сәйкес белгiленедi.
Егер өтiнiм берушi өзiне бiрлiк талаптарының бұзылғаны туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысын қарау қажет екенiн хабарламаса және нақтыланған құжаттарды табыс етпесе, формулада бiрiншi көрсетiлген, сондай-ақ алғашқысымен байланыстылығы соншалықты, олар өнертабыс бiрлiгi талаптарын қанағаттандыратын басқа да өнертабыстар объектiсi қаралады.
5. Ресми сараптама аяқталғаннан кейiн өтiнiм берушiге оның нәтижесi туралы хабарланады.
6. Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.03.02. N 237 Заңымен.
7. Ресми сараптама оң нәтижемен аяқталғаннан кейiн сараптама жасау ұйымы өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзедi.
Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама мәлiмделген ұсынысты өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгiн белгiлеудi, техника деңгейiн анықтау үшiн мәлiмделген өнертабысқа қатысты ақпараттық iздестiру жүргiзудi, мәлiмделген объектiнiң (oбъектiлердiң) өнертабыс бiрлiгiнiң талабына және осы Заңның 6-бабында белгiленген патентке қабiлеттiлiк шарттарына сәйкестiгiне тексеру жүргiзудi қамтиды және өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленген жағдайда жүзеге асырылады.
Мәнi бойынша сараптама ресми сараптаманың нәтижесi туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде сараптама жасау ұйымына өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгендiгiн растайтын құжатты берген жағдайда жүргiзiледi.
Мәнi бойынша сараптамаға ақы төленбеген жағдайда өтiнiм керi қайтарып алынған болып есептеледi.
8. Мәнi бойынша өтiнiм сараптамасын жүргiзу кезеңiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiден онсыз сараптама өткiзу мүмкiн болмайтын қосымша материалдарды, оның iшiнде өнертабыстың өзгертiлген формуласын сұратып алуға құқылы.
Сараптама жасау ұйымының сұратуы бойынша қосымша материалдар, сұратуға немесе өтiнiмге қарсы қойылатын материалдардың көшiрмелерiн өтiнiм берушi оған сараптама жасау ұйымының сұратуы жiберiлген күннен бастап екi ай iшiнде сұратқан жағдайда, аталған көшiрмелер жiберiлген күннен бастап өнертабыстың мәнi өзгертiлмей үш ай мерзiмде табыс етiлуге тиiс.
Қосымша материалдарға өнертабыстың мәнiн өзгерткен бөлiгiнде осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiп қолданылады. Егер өтiнiм берушi сұрау салынған материалдарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi белгiленген мерзiмде табыс етпесе, өтiнiм қайтарып алынған болып есептеледi.
9. Егер өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жасау нәтижесiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушi сұрап отырған құқықтық қорғау көлемiндегi мәлiмделген ұсыныс осы Заңның 6-бабында айқындалған өнертабыстың патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келетiнiн анықтаса, онда сараптама жасау ұйымы белгiленген басымдықты көрсете отырып патентке өтiнiм берушiмен келiсiлген өнертабыс формуласымен оң қорытынды береді.
Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган өнертабысқа патент беру туралы не оны беруден бас тарту туралы шешiм шығарады.
10. Өтiнiм берiлген өнертабыс өтiнiш берушi сұраған құқықтық қорғау көлемiнде өнертабыстың патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келмейтiнi анықталған кезде сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi.
Сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы мына жағдайларда:
1) егер өтiнiм өнертабыс ретiнде қорғалмайтын объектiлерге қатысты болса;
2) егер өтiнiм берушi ұсынылған формулада өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ белгiлердiң болуы туралы немесе өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiден басқа, өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатпайтын ұсынысты да сипаттайтын болса немесе оған қатысты өнертабыс бiрлiгi талаптары бұзылуына байланысты қарау өткiзiлмегенi туралы хабарланғаннан кейiн өнертабыс формуласын өзгертпесе берiледi.
Өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Қарсылықты шағым кеңесi ол түскен күннен бастап төрт ай мерзiмде қарауға тиiс.
11. Өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымының тиiстi қорытындысы берiлгенге дейiн өтiнiмдi қараудың кез келген сатысында инновациялық патент беру туралы өтiнiшхат бере алады. Бұл жағдайда сараптама осы Заңның 22-1-бабына сәйкес жүргiзiледi.
12. Өтiнiм беруші сараптаманың қарсы қойған барлық материалдарымен таныстырылуы мүмкiн. Өтінiм берушi сұратқан материалдарды сараптама жасау ұйымы оған сұрау салынған күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде жiбередi.
13. Осы баптың 3, 4, 7, 8, 10-тармақтарында көзделген және өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiмдердi дәлелдi себептерiнiң болғаны және өткiзiп алған мерзiмдi қалпына келтiру ақысының төленгенi туралы құжат тапсырылған жағдайда сараптама жасау ұйымы қалпына келтiруi мүмкiн.
Мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiм бiткен күннен бастап он екi айдан кешiктiрмей беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiш сараптама жасау ұйымына сараптаманың сұратылған құжаттарымен немесе шағым кеңесiне жасалған қарсылықпен бiрге тапсырылады.
14. Егер өтiнiмдi қарау кезiнде онда мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтер анықталса, өтiнiм Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңдарында белгiленген тәртiппен құпияландырылады.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02. N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
22-1-бап. Өнертабысқа инновациялық патент беруге
арналған өтiнiмге сараптама
1. Сараптама жасау ұйымына келiп түскен өтiнiм бойынша осы Заңның 17-бабы 2-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген өтiнiм құжаттарының бар екендiгi тексерiледi, өтiнiм берiлген күн анықталады. Егер өтiнiм осы Заңның 17-бабы 2-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2) және 4) тармақшаларының талаптарын қанағаттандырмаса, сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiге бұл туралы хабарлайды және жетiспейтiн құжаттарды (мәлiметтердi) осындай хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде табыс етудi ұсынады. Өтiнiм берушi сұратылған құжаттарды (мәлiметтердi) белгiленген мерзiмде табыс етпеген жағдайда, өтiнiм берiлмеген болып есептеледi, ол туралы өтiнiм берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi.
Өнертабысқа инновациялық патент беруге өтiнiм берiлген күн белгiленгеннен кейiн сараптама жасау ұйымы ол бойынша сараптама жүргiзедi, оның процесiнде осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың бар екендiгi, оларға қойылатын белгiленген талаптардың сақталуы, өнертабыс бiрлiгi талабының сақталуы тексерiледi, мәлiмделген шешiмнiң өнертабыс ретiнде қорғалатын oбъектiге жататындығы туралы мәселе қаралады, сондай-ақ басымдық күнi белгiленедi және мәлiмделген шешiмнiң Қазақстан Республикасында патенттелген өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың негiзiнде берiлген патенттерге, жарияланған еуразиялық өтiнiмдерге, қаралатын өтiнiмнiң басымдық күнiне дейiн сараптама жасау ұйымына берiлген басқа өтiнiм берушiлердiң керi қайтарып алынбаған өтiнiмдерiне қатысты жергiлiктi жаңалығына тексеру, сондай-ақ өнеркәсiпте қолданылымдығына тексеру жүргiзiледi.
2. Егер өтiнiм берушi өтiнiм бойынша осы Заңның 21-бабына сәйкес қосымша материалдар ұсынған болса, сараптама процесiнде олардың мәлiмделген өнертабыстың мәнiн өзгертпейтiнi тексерiледi.
Егер қосымша материалдарда өнертабыс формуласына енгiзiлуге тиiс және өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ белгiлер болса, олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертедi. Өтiнiмдi қарау кезiнде қосымша материалдардың өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертетiн бөлiгi назарға алынбайды және өтiнiм берушi оны дербес өтiнiм ретiнде ресiмдеуi мүмкiн, бұл жөнiнде өтiнiм берушiге хабарланады.
3. Өтiнiм құжаттарына қойылатын талаптарды бұза отырып берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушiге сауал жiберiлiп, онда ол жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде түзетiлген немесе жоқ құжаттарды табыс ету ұсынылады.
Егер, өтiнiм берушi көрсетiлген мерзiмде сұратылған құжаттарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiш хатты табыс етпесе, өтiнiм керi қайтарып алынған болып есептеледi.
4. Өнертабыс бiрлiгi талаптарын бұза отырып берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушiге оған тиiстi хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiм iшiнде өнертабыстың қайсысы қаралуға тиiс екенiн хабарлау және қажет болған жағдайда, өтiнiм құжаттарына нақтылаулар енгiзу ұсынылады. Бастапқы өтiнiм материалдарына енген басқа өнертабыстар бөлектелген өтiнiмдермен ресiмделуi мүмкiн. Бөлектелген өтiнiмдердiң басымдығы осы Заңның 20-бабының 5-тармағына сәйкес белгiленедi.
Егер өтiнiм берушi өзiне өнертабыс бiрлiгi талаптарының бұзылғаны туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысын қарау қажет екенiн хабарламаса және нақтыланған құжаттарды табыс етпесе, формулада бiрiншi көрсетiлген объектiнi, сондай-ақ онымен өнертабыс бiрлiгi талаптарын қанағаттандыратындай байланыстағы басқа да өнертабыстарды қарау жүргізіледі.
5. Егер сараптама нәтижесiнде өтiнiмнiң өнертабыстар ретiнде қорғалатын oбъектiлерге жататыны, құжаттардың белгiленген талаптарға сәйкес келетiнi анықталса және өтiнiм осы баптың 1-тармағына сәйкес жергiлiктi жаңалық және өнеркәсiптiк қолданымдылық шартына жауап беретiн ұсынысты сипаттайтын болса, өтiнiм берушiмен келiсiлген формуладағы инновациялық патентке сараптама жасау ұйымының оң қорытындысы берiледi.
Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган өнертабысқа инновациялық патент беру туралы не оны беруден бас тарту туралы шешiм шығарады.
6. Сараптама жасау ұйымының инновациялық патентке терiс қорытындысы:
1) егер өтiнiм өнертабыс ретiнде қорғалмайтын объектiге қатысты;
2) егер өтiнiм берушi ұсынылған формулада өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ белгiлердiң болуы туралы немесе өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiден басқа, өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiге жатпайтын ұсынысты да сипаттайтын немесе өнертабыс бiрлiгi талаптары бұзылуына байланысты оған қатысты қарау өткiзiлмегенi туралы хабарланғаннан кейiн өнертабыс формуласын өзгертпеген;
3) егер өтiнiм осы баптың 1-тармағына сәйкес жергiлiктi жаңалыққа және өнеркәсiптiк қолданылымдық шартына жауап бермейтiн ұсынысты қамтыған жағдайларда берiледi.
Өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы жiберiлген күннен бастап алты ай мерзiмде оған қарсылығын уәкiлеттi органға бере алады. Қарсылықты апелляциялық кеңес ол түскен күннен бастап екi ай мерзiмде қарауға тиiс.
7. Өтiнiм берушi өтiнiмдi қараудың кез келген сатысында, сондай-ақ патент иеленушi және үшiншi тұлғалар инновациялық патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн техника деңгейiн айқындау үшiн ақпараттық iздестiру жүргiзу туралы өтiнiшхат бере алады, өнертабыстың патентке қабiлеттiлiгiн бағалау онымен салыстырыла отырып жүзеге асырылуы мүмкiн. Сараптама жасау ұйымы осы Заңның 6-бабының 3-тармағына сәйкес өнертабыстар болып танылмайтын oбъектiлерге қатысты ақпараттық iздестiру жүргiзбейдi, бұл туралы ақпараттық iздестiру туралы өтiнiшхат берушi адам хабарланады.
8. Сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiнiң өтiнiмдi қараудың кез келген сатысында немесе патент иеленушiнiң инновациялық патент берiлгеннен кейiн берiлген немесе үшiншi тұлғалардың инновациялық патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн берiлген өтiнiш хаты бойынша, бiрақ осы Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес инновациялық патенттiң қолданылу мерзiмi ұзартылған жағдайда өтiнiм берiлген күннен бастап үш жылдан кешiктiрмей өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзедi. Мәнi бойынша сараптама өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға тиiстi ақысы төленген жағдайда, сондай-ақ егер өтiнiш хатты өтiнiм берушi немесе патент иеленушi жасаған болса, инновациялық патенттiң күшiнде болуын қолдау кезiнде жүзеге асырылады.
Мәнi бойынша сараптама осы Заңның 22-бабының 7-10 және 13-тармақтарында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
Ескерту. 22-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.03.02 N 237 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
23-бап. Пайдалы модельгe патент беруге арналған
өтiнiмге сараптама
1. Сараптама жасау ұйымына келiп түскен өтiнiм бойынша осы Заңның 18-бабы 2-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1)-4) тармақшаларында көзделген құжаттардың бар екендiгi тексерiледi, өтiнiм берiлген күн белгiленедi. Егер өтiнiм осы Заңның 18-бабы 2-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1)-4) тармақшаларының талаптарын қанағаттандырмаса, сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiге бұл туралы хабарлайды және жетiспейтiн құжаттарды (мәлiметтердi) осындай хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде табыс етудi ұсынады. Өтiнiм берушi сұратылған құжаттарды (мәлiметтердi) белгiленген мерзiмде ұсынбаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi, ол туралы өтiнiм берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi.
Сараптама жүргiзу барысында осы Заңның 18-бабының 2-тармағында көзделген қажеттi құжаттардың бар екендiгi және оларға қойылатын белгiленген талаптардың орындалуы тексерiледi, өтiнiмнiң басымдық күнi, мәлiмделген ұсынысты пайдалы модель ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгi айқындалады, пайдалы модельдiң бiрлiгi тексерiледі.
Мәлiмделген пайдалы модельдiң осы Заңның 7-бабының 1-тармағында белгiленген патент қабiлеттiлiк талаптарына сәйкестiгiн тексеру жүзеге асырылмайды. Патент өтiнiм берушiнiң тәуекелiмен және жауапкершiлiгiмен берiледi.
2. Пайдалы модельге өтiнiмнiң сараптамасын өткiзген кезде тиiсiнше осы Заңның 22-бабының 2-4 және 13-тармақтарындағы ережелер қолданылады.
Егер сараптама нәтижесiнде өтiнiмнiң пайдалы модельдер ретiнде қорғалатын объектiлерге жататыны және құжаттардың белгiленген талаптарға сәйкестiгi анықталса, пайдалы модельге патент беруге сараптама жасау ұйымының оң қорытындысы берiледi.
Сараптама жасау ұйымының қорытындысы он күн мерзімде патент беру туралы шешiм қабылдау үшiн уәкiлеттi органға жiберiледi, бұл туралы (мұндай шешiм қабылданған жағдайда) өтiнiш беруші хабардар етіледі.
Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган он күн мерзімде пайдалы модельге патент беру не оны беруден бас тарту туралы шешiм шығарады.
Уәкiлеттi органның патент беру туралы шешiм қабылдағаны туралы хабарлама өтiнiш берушіге жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде өтiнiш беруші сараптама жасау ұйымына патент беруге және жариялауға дайындағаны үшiн тиiстi төлемді, сондай-ақ мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжатты ұсынады. Көрсетiлген құжаттар ұсынылмаған жағдайда төлем мерзімі үш ай ішінде қалпына келтірілуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда өтiнiм қайтарып алынған болып есептеледi, өтiнiм бойынша iс жүргiзу тоқтатылады, бұл туралы өтiнiш беруші хабардар етіледі.
3. Егер сараптама нәтижесiнде өтiнiмнiң пайдалы модельдер ретiнде қорғалмайтын объектiлерге жататыны анықталса, сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi. Егер өтiнiм берушi ол ұсынған формулада өтiнiмнiң бастапқы материалдарында болмаған белгiлер байқалса немесе пайдалы модель ретiнде қорғалатын объектiден басқа, пайдалы модель ретiнде қорғалатын объектiлерге жатпайтын ұсыныстармен де сипатталса, немесе пайдалы модель бiрлiгi талаптарын бұзуға байланысты қаралмағандығы туралы хабарламадан кейiн формуланы өзгертпесе де, сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi.
Өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысына ол жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiм iшiнде уәкiлеттi органға қарсылық беруге құқылы. Қарсылықты оның түскен күнiнен бастап екi ай мерзiмде шағым кеңесi қарауға тиiс.
4. Өтiнiм берушi өтiнім қаралуының кез келген сатысында, сондай-ақ патент иеленушi мен үшiншi тұлғалар патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн техникалық деңгейiн анықтау үшiн сонымен салыстыру арқылы пайдалы модельдiң патент қабiлеттiлiгiн бағалау жүзеге асырылатын ақпараттық iздестiру жүргiзу туралы өтiнiш беруi мүмкiн. Бұл жағдайда тиiсiнше осы Заңның 22-бабы 11-тармағының ережелерi қолданылады.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02 N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
24-бап. Өнеркәсiптiк үлгiге берiлетiн өтiнiмге сараптама
1. Сараптама жасау ұйымы өнеркәсiптiк үлгiге өтiнiм бойынша ресми сараптама және мәнi бойынша сараптама жүргiзедi.
2. Ресми сараптама жасау сатысында осы Заңның 19-бабы 2-тармағы 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген өтiнiм құжаттарының бар екендiгi тексерiледi, өтiнiм берiлген күн мен басымдық күнi анықталады.
Өнеркәсiптiк үлгiге берiлетiн өтiнiм құжаттарына қойылатын талаптарды бұза отырып ресiмделген өтiнiм бойынша өтiнiм берушiге сауал жiберiлiп, онда сауал жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде түзетiлген немесе жетiспейтiн құжаттарды табыс ету ұсынылады.
Егер өтiнiм берушi белгiленген мерзiмде сұратылған құжаттарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiш хатты табыс етпесе, өтiнiм берiлмеген болып есептеледi, ол туралы өтiнiм берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi.
Өнеркәсiптiк үлгiге берiлген өтiнiмге осы Заңның 21-бабына сәйкес қосымша материалдар табыс етiлген кезде олардың өтiнiм берiлген өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн өзгертпейтiнi тексерiледi.
Егер қосымша материалдарда өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ белгiлер болса, олар мәлiмделген өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн өзгертедi. Өтiнiмдi қарау кезiнде қосымша материалдардың мәлiмделген өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн өзгертетiн бөлiгi назарға алынбайды және оны өтiнiш берушi дербес өтiнiм ретiнде ресiмдей алады, бұл туралы өтiнiм берушiге хабарланады.
Ресми сараптама аяқталғаннан кейiн ресми сараптаманың нәтижесi туралы өтiнiм берушiге хабарланады.
3. Ресми сараптама оң нәтижемен аяқталғаннан кейiн сараптама жасау ұйымы өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзедi.
Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама мәлiмделген ұсыныстың өнеркәсiптiк үлгi ретiнде қорғалатын объектiге жатқызылуы мүмкiндiгiн анықтауды, көркемдiк-конструкторлық шешiм деңгейiн айқындау үшiн мәлiмделген өнеркәсiптiк үлгiге қатысты ақпараттық iздестiру жүргiзудi, мәлiмделген шешiмнiң осы Заңның 8-бабында белгiленген патентке қабiлеттiлiк талаптарына сәйкес келетiнiне тексеру жүргiзудi қамтиды және өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгенiн растайтын құжат ұсынылған жағдайда жүзеге асырылады.
Өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгенi туралы құжат ресми сараптаманың нәтижесi туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде сараптама жасау ұйымына табыс етiледi.
4. Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзу кезеңiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiден онсыз сараптама жасау мүмкiн болмайтын қосымша материалдарды, оның iшiнде елеулi белгiлердiң өзгертiлген тiзбесiн сұратуға құқылы.
Сараптама жасау ұйымының сұратуы бойынша қосымша материалдар сауал жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнi өзгертiлместен табыс етiлуге тиiс.
Қосымша материалдарға өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн өзгертетiн бөлiгiнде осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiп қолданылады. Егер өтiнiм берушi сұратылған материалдарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiш хатты белгiленген мерзiмде ұсынбаса, өтiнiм керi қайтарып алынған болып есептеледi.
5. Сараптама жасау ұйымы, егер өтiнiмге мәнi бойынша жүргiзiлген сараптама нәтижесiнде өтiнiм берушi сұраған көлемдегi құқықтық қорғау мәлiмделген ұсынысы осы Заңның 8-бабында айқындалған өнеркәсiптiк үлгiнiң патентке қабiлеттiлiк шарттарына сәйкес келетiнiн анықтаса, онда сараптама жасау ұйымы белгiленген басымдықты көрсете отырып, өтiнiм берушiмен келiсiлген елеулi белгiлер жиынтығымен бiрге патентке оң қорытынды бередi.
Сараптама жасау ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган өнеркәсiптiк үлгiге патент беру туралы не патент беруден бас тарту туралы шешiм шығарады.
6. Мәлiмделген өнеркәсiптiк үлгiнiң өтiнiм берушi сұраған құқықтық қорғау көлемiнде өнеркәсiптiк үлгiнiң патентке қабiлеттiлiк шарттарына сәйкес келмейтiнi анықталған кезде сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi.
Сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы, егер өтiнiм өнеркәсiптiк үлгi ретiнде қорғалмайтын объектiге жататын болса және, егер өтiнiм берушi ол туралы хабарланғаннан кейiн елеулi белгiлердiң жиынтығын өзгертпеген, елеулi белгiлердiң ұсынылған жиынтығында өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ белгiлер болған немесе өнеркәсiптiк үлгi ретiнде қорғалатын объектiден басқа, өнеркәсiптiк үлгi ретiнде қорғалатын объектiлерге жатпайтын ұсынысты да сипаттайтын немесе өнеркәсiптiк үлгiнiң бiрлiгi талаптарының бұзылуына байланысты оған қатысты қарау жүргiзiлмеген жағдайда да берiледi.
Өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысына ол жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде уәкiлеттi органға қарсылық беруге құқылы. Апелляциялық кеңес қарсылық түскен күнiнен бастап екi ай мерзiмде оны қарауға тиiс
7. Өтiнiм берушi сараптама қарсы қойған барлық материалдармен таныса алады. Сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiнiң сұратқан материалдарының көшiрмелерiн сұрау алынған күннен бастап бiр ай мерзiмде жiбередi.
8. Сараптама жасау ұйымы осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген және өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiмдердi дәлелдi себептер болған және өткiзiп алынған мерзiмдi қалпына келтiруге ақы төленгенi туралы құжат табыс етiлген жағдайда қалпына келтiруi мүмкiн.
Өтiнiм берушi мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiш хатты өткiзiп алынған мерзiм аяқталған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей бере алады. Мұндай өтiнiшхат сараптама жасау ұйымына сараптаманың сұратылған материалдарымен немесе апелляциялық кеңеске жасалған қарсылықпен бiр мезгiлде ұсынылады.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.03.02 N 237 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
25-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн тiркеу және
қорғау құжатын беру
1. Сараптама жасау ұйымы Қазақстан Республикасының Өнертабыстарының мемлекеттiк тiзiлiмiне, Қазақстан Республикасының Пайдалы модельдер мемлекеттiк тiзiлiмiне немесе Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп үлгiлерi мемлекеттік тiзiлiмiне тиiсiнше өнертабысты, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiп үлгiсiн енгiзедi.
2. Уәкiлеттi орган патенттi беру туралы мәлiметтердi бюллетеньге жариялай отырып, патент иеленушiге тиiстi қорғау құжатын бередi.
Атына қорғау құжаты сұралған адам бiрнешеу болған жағдайда оларға бiр қорғау құжаты берiледi.
3. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң патент иеленушi болып табылмайтын авторына уәкiлеттi орган оның авторлығын растайтын ресми куәлiк бередi.
4. Қорғау құжаты мен автор куәлiгiнiң нысанын, оларда көрсетiлген мәлiметтер құрамын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
26-бап. Қорғау құжаттарын беру туралы мәлiметтердi
жариялау
1. Сараптама жасау ұйымы өнертабысқа патент беру туралы мәлiметтердi өтiнiм берiлген күннен бастап он сегiз ай, ал өнертабысқа инновациялық патент, пайдалы модельге патент, өнеркәсiптiк үлгiге патент беру туралы мәлiметтердi он екi ай өткен соң бюллетеньде жариялайды. Өтiнiм берушiнiң өтiнiшхаты бойынша сараптама жасау ұйымы мәлiметтердi көрсетiлген мерзiмнен ерте жариялайды.
2. Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.03.02. N 237 Заңымен.
3. Автордың қорғау құжаты туралы жарияланған мәлiметтерде автор ретiнде аталынудан бас тартуға құқығы бар.
4. Жарияланатын мәлiметтердiң толық құрамын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
5. Қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн кез келген тұлға өтінiмнiң материалдарымен және сараптама жасау ұйымы дайындаған ақпараттық iздестiру туралы есеппен танысуға құқылы.
6. Осы Заңның 5-бабы 3-тармағына сәйкес сараптама жасау ұйымы бюллетеньде қорғау құжаттарының қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы мәлiметтер, сондай-ақ тиiстi мемлекеттiк тiзiлiмдердегi жазбалардың өзгерiстерi туралы мәлiметтер жариялайды.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02 N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
27-бап. Өтiнiмдi қайтарып алу
Өтінiм берушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне берген өтiнiмiн Қазақстан Республикасының тиiстi Мемлекеттiк тiзiлiмiне тiркелгенге дейiн қайтарып алуға құқылы.
28-бап. Өтiнiмдердi қайта өзгерту
1. Өнертабысқа өтiнiм бойынша сараптама жасау ұйымының тиiстi қорытындысы берiлгенге дейiн өтiнiм берушi оны тиiстi өтiнiш жасау арқылы пайдалы модельге өтiнiм етiп өзгертуге құқылы.
2. Пайдалы модельге өтiнiм бойынша сараптама жасау ұйымының қорытындысы берiлгенге дейiн тиiстi өтiнiш жасау арқылы пайдалы модельге өтінiмдi өнертабысқа өтiнiм етiп өзгертуге болады.
3. Аталған өзгертулер кезiнде алғашқы өтiнiмнiң басымдығы және берiлген күнi сақталады.
Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
6-тарау. Қорғау құжатының қолданылуын тоқтату және
қалпына келтіру
29-бап. Қорғау құжатына дау айту
1. Қорғау құжатына бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде оны беруге қарсы қарсылық бойынша мынадай жағдайларда:
1) қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсi осы Заңда белгiленген патент қабiлеттілiгi талаптарына сәйкес келмесе;
2) өнертабыстың, пайдалы модельдiң формуласында немесе өнеркәсiп үлгiсiнiң елеулi белгiлерi жиынтығында өтiнiмнiң бастапқы материалдарында болмаған белгiлер болса;
3) қорғау құжаты өтiнiм берушiнiң осы Заңның 37-бабының ережелерiн бұзуы жағдайында берiлсе;
4) қорғау құжатында авторы (авторлары) немесе патент иеленуші дұрыс көрсетiлмесе дау айтылуы және толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша қорғау құжатын беруге қарсылық уәкiлеттi органға берiледi. Қарсылық оның түскен күнiнен бастап алты ай мерзiмде шағым кеңесiнде қаралуға тиiс. Қарсылық берген тұлға патент иеленушiнi қарсылықпен таныстыруға мiндеттi.
Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
30-бап. Қорғау құжатының күшi жоқ деп танылуы және
оның қолданылуын мерзiмiнен бұрын тоқтату
1. Шағым кеңесi шешiмiнiң немесе сот шешiмiнiң негiзiнде қорғау құжаты толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.
2. Қорғау құжатының қолданылуы:
1) бюллетеньде қорғау құжаты қолданылуының мерзiмiнен бұрын тоқтатылғаны туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап уәкiлеттi органға патент иеленушi берген арыз негiзiнде мерзiмiнен бұрын тоқтатылады. Егер қорғау құжаты бiр топ өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне берiлген болса, ал патент иеленушiнiң өтiнiшi осы объектiлер тобының бiр бөлiгiне ғана қатысты берiлсе, қорғау құжатының күшi тек өтiнiште көрсетiлген өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне қатысты ғана тоқтатылады;
2) белгiленген төлем мерзiмiнiң өткен күнiнен бастап қорғау құжатын күшiнде ұстау үшiн белгiленген мерзiмде төлем төленбеген жағдайда мерзiмнен бұрын тоқтатылады.
3. Сараптама жасау ұйымы бюллетеньде толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылған, сондай-ақ қолданылуы мерзiмiнен бұрын тоқтатылған қорғау құжаттары туралы мәлiметтер жариялайды.
Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
31-бап. Патенттің қолданылуын қалпына келтіру.
Соңынан пайдалану құқығы
1. Осы Заңның 30-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында аталған негiзде тоқтатылған патенттің қолданылуы, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша патенттi күшiнде сақтау үшiн төленетiн төлемнiң мерзiмi бiткен күннен бастап үш жыл iшiнде, патенттiң қолданылуын қалпына келтiруге төлем туралы құжат берiлген жағдайда, қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
Сараптама жасау ұйымы бюллетеньде патенттiң қолданылуын қалпына келтiру туралы мәлiметтер жариялайды. Жарияланым күнi патенттiң қолданылуы қалпына келтiрiлген күн болып табылады.
2. Патенттiң қолданылуы тоқтатылған күн мен қалпына келтiрiлген күн аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының аумағында патентпен қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалана бастаған немесе оған қажеттi дайындық жасаған кез келген адам оны одан әрi осындай пайдаланудың көлемiн ұлғайтпай, тегiн пайдалану құқығын сақтап қалады (соңынан пайдалану құқығы).
Соңынан пайдалану құқығы басқа адамға өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану орын алған немесе оған қажеттi дайындық жасалған өндiрiспен бiрге ғана берiлуi мүмкiн.
Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
7-тарау. Авторлардың, өтініш берушілердің және
патент иеленушілердің құқықтарын қорғау
32-бап. Апелляциялық кеңес
1. Апелляциялық кеңес осы Заңның 22-бабының 10-тармағына, 22-1-бабының 6-тармағына, 23-бабының 3-тармағына және 29-бабының 2-тармағына сәйкес берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның бөлiмшесi болып табылады. Апелляциялық кеңес туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
2. Апелляциялық кеңеске мынадай:
1) өнертабысқа инновациялық патентті, өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге патентті беруден бас тарту туралы уәкілетті органның шешімдеріне (сараптама жасау ұйымының қорытындысына);
2) өнертабысқа инновациялық патентті, өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге патентті беруге қарсы қарсылықтар берілуі мүмкін.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген қарсылықты өтiнiш берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей өзі не өкiл арқылы бере алады.
Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген қарсылықты кез келген мүдделi тұлға тiкелей өзі не өкiл арқылы бере алады.
Қарсылық қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе пошта арқылы жiберiледi. Қарсылыққа қоса берілетін материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Егер қоса берілетін материалдар басқа тілде ұсынылса, онда қарсылыққа олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариаттық түрде куәландырылған аудармасы қоса беріледі.
Егер қарсылық факсимильдiк байланыс немесе электрондық пошта арқылы берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталуға тиiс.
Қарсылық осы Заңда көрсетілген мерзiмдер iшiнде берiледi.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген қарсылықтарды берудiң өтiнiш берушi өткiзiп алған мерзімі дәлелдi себептер болған жағдайда және өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру төлемі туралы құжат ұсынылған жағдайда қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Өткiзiп алған мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi өтiнiш берушi осы Заңда белгіленген мерзімдер ішінде беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiш апелляциялық кеңеске қарсылықпен бiр мезгілде ұсынылады.
3. Қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкіл немесе өзге өкiл арқылы берген жағдайда, сенімхат қазақ және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа тілде (шетел тілінде) берілсе, онда ол қазақ және орыс тілдеріне аударылуға тиіс, сенімхаттың аудармасы нотариаттық түрде куәландырылады. Қарсылық материалдарына нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе ол нотариат куәландырғанын растау үшін апелляциялық кеңестің хатшысына көшірмесімен бірге ұсынылады.
4. Берілген қарсылық апелляциялық кеңес алқасының отырысында осы Заңда көрсетілген мерзім ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылықты берген тұлғаның, сондай-ақ патент иеленушінің өтiнiшi бойынша, бiрақ қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталған күннен бастап алты айдан асырмай ұзартылуы мүмкін.
5. Қарсылық берген тұлға, патент иеленуші апелляциялық кеңестің шешiмiне осы шешім шығарылған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым жасауға құқылы.
Ескерту. 32-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
32-1-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас
тарту негіздері
1. Егер:
1) қарсылық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және көрсетілген мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
4) өтiнiш берушi қарсылықты беруді ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының шешiмі жарияланғанға дейiн қайтарып алуы мүмкін.
Ескерту. Заң 32-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
32-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының
отырысында қарау
1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталған кезге дейiн апелляциялық кеңес алқасының дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен, қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмағанда;
2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға;
3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
5) өтiнiш мәлімдеуге;
6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
7) қарсылықты қарау барысында туындаған барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынуға;
8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қарау мерзімін кейінге қалдыру туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестiң шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
Апелляциялық кеңестiң шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол қояды.
Ескерту. Заң 32-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
33-бап. Дауларды сот тәртiбiмен қарау
1. Мынадай даулар:
1) өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне авторлық туралы;
2) қорғау құжатының дұрыс берiлуi туралы;
3) патент иеленушiнi анықтау туралы;
4) күштеп лицензия беру туралы;
5) патент иеленушiнiң қорғалатын өнеркәсiптік меншiк объектiсiн пайдалануға айрықша құқығын және басқа да мүлiктiк құқықтарын бұзушылық туралы;
6) қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға лицензиялық шарттардың жасалуы мен орындалуы туралы;
7) алдыңғы және соңынан пайдалану құқығы туралы;
8) жұмыс берушiнiң осы Заңның 10-бабының 4-тармағына сәйкес авторға сыйақы төлеуi туралы;
9) осы Заңда көзделген өтемақыларды төлеу туралы;
10) құқық қорғауға байланысты қорғау құжатынан туындайтын басқа да даулар сот тәртібiмен қаралуға тиiс.
2. Сот шешiмi негiзiнде сараптама жасау ұйымы қорғау құжаттарына қатысты өзгерiстер туралы мәлiметтердiң жарияланымын жүргiзедi.
Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
34-бап. Авторлардың, өтiнiш берушiлердiң және патент
иеленушiлердiң құқықтарын бұзғандық үшiн
жауапкершiлiк
Авторлықты иемдену, қосалқы автор болуға мәжбүрлеу, өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң мәнiн ол туралы мәлiметтер жарияланғанға дейiн автордың немесе өтiнiм берушiнiң келiсiмiнсiз жария ету, қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн заңсыз пайдалану, шет елдерде өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патенттеу тәртiбiн бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғады.
Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 179-IV Заңымен.
8-тарау. Қорытынды ережелер
35-бап. Мемлекеттiк баж
Уәкiлеттi органның қорғау құжаттарын беру, шарттарды тiркеу, патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдердi аттестаттау және патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдi тiркеу туралы куәлiк беру жөнiндегi iс-қимылдар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк баж алынады.
Ескерту. 35-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
36-бап. Патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
Аттестаттау нәтижелері бойынша аттестаттау комиссиясы кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасауға болады.
Патенттік сенім білдірілген өкілдерге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерді аттестаттаудан өткізу кандидаттардан және оларға куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдар;
2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
3) осы Заңның 36-2-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға себеп болған негіздер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтiнiш берушiнің немесе патент иеленушiнің өкілі ретінде зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мәселелері бойынша уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзуге байланысты қызметті жүзеге асырады. Уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзудi өтініш беруші және (немесе) патент иеленуші дербес жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер арқылы уәкiлеттi органда және оның ұйымдарында өтiнiш берушi, патент иеленуші ретіндегі өздерінің құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тыс жерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегiнде хат-хабар алмасу үшiн мекенжайын көрсеткен кезде патенттiк сенiм білдірілген өкiлсiз-ақ өтiнiш берушi, патент иеленушi ретіндегі өздерінің құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асыра алады.
5. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде құпиялы ақпаратқа немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.
Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
36-1-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары
мен міндеттері
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның), өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
3) өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама жасау ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алмасуды жүргізу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жолдау, сараптама жасау ұйымы жанындағы сараптама кеңесінің отырыстарына қатысу;
4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) өзгеге беру шарттарын жасасуға, қарауға және кейіннен оларды сараптамаға жіберуге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өнертабысқа, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге өтінімдер беруге және (немесе) қорғау құжаттарын алуға, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беруге байланысты істерді жүргізуге арналған сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, көрсетілген өтінім немесе қарсылық берілген кезден бастап үш ай ішінде патенттік сенім білдірілген өкіл тиісінше сараптама жасау ұйымына және уәкілетті органға сенімхаттың түпнұсқасын ұсынуға міндетті. Түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхат түпнұсқасы қайтарылуға жатады.
Егер сенімхат шетел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.
4. Егер патенттiк сенiм білдірілген өкiл осы iс бойынша мүдделерi іс жүргізу туралы өтiнiш жасаған тұлғаның мүдделерiне қайшы келетiн тұлғалардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ, егер iстi қарауға патенттiк сенiм білдірілген өкiлдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және (немесе) оның жақын туысы болып табылатын лауазымды адам қатысса, ол тапсырманы қабылдамауға міндетті.
Ескерту. Заң 36-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
36-2-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігін
қайтарып алу және оның күшін жою
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл аттестаттау комиссиясының шешімімен:
1) өзінің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы баптың 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тізілімнен шығарылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімімен куәліктің күші жойылады. Куәліктің күшін жою туралы мәліметтер патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, патенттік сенiм білдірілген өкіл куәлігі патенттік сенiм білдірілген өкілдің өзінің немесе соған негізі бар үшінші тұлғалардың өтінішінің негізінде аттестаттау комиссиясының шешімімен қайтарып алынады.
Осы баптың 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларының негіздері бойынша тізілімнен шығарылған патенттік сенiм білдірілген өкіл тізілімнен шығаруға себеп болған негіздер тоқтатылып, тізілімнен шығару туралы шешім жарияланған күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттау комиссиясына өтініш берген жағдайда, біліктілік емтиханын қайта тапсырмай-ақ, патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде қайта тіркелуі мүмкін. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған құжаттар бойынша осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздердің жойылу фактісін анықтайды.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл, бұл туралы мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәлік қайтарып алынады не оның күші жойылады.
5. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы Заңда белгіленген өз міндеттерін адал орындамаған жағдайда, уәкілетті орган құрамы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұратын апелляциялық комиссия құрады.
Апелляциялық комиссия алқалы орган болып табылады және жеке және (немесе) заңды тұлғалардың пікірінше, өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіретін патенттік сенім білдірілген өкілдердің қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жасаған іс-әрекеттеріне олардың шағымдарын қарайды.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің іс-әрекеттеріне шағым берген тұлғалар және өздеріне қатысты осындай шағымдар берілген патенттік сенім білдірілген өкілдер апелляциялық комиссияның отырысына қатысуға құқылы.
Шағымды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия уәкілетті органға патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігінің күшін жою туралы сотқа талап арыз жолдауға ұсыным жасайды не мынадай:
1) дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты немесе объективті шешім қабылдауға ықпал ететін мән-жайлар анықталғанға дейін шағымның қаралуын кейінге қалдыру туралы;
2) шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Апелляциялық комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Апелляциялық комиссия туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
Ескерту. Заң 36-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
37-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн шет елдерде
патенттеу
1. Қазақстан Республикасында жасалған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне шет елдерге өтiнiм беру сараптама жасау ұйымына өтiнiм берiлген күннен бастап үш ай өткен соң немесе мемлекеттiк құпия болып саналатын мәлiметтердiң болуы белгiленген заңды тәртiппен жүргiзiлетiн тексеру аяқталғаннан кейiн жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасының өз аумағында тұратын азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне өтiнiмдi халықаралық патент ұйымына, егер бұл тиiстi халықаралық шартқа қайшы келмесе, сараптама жасау ұйымы арқылы бередi.
3. Қазақстан Республикасында жасалған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне өтiнiм шет елдерге немесе халықаралық патент ұйымына осы бап тәртiбiн бұза отырып берiлген жағдайда Қазақстан Республикасында бұл өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжаты берiлмейдi.
Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.
38-бап. Шет елдік жеке және заңды тұлғалар мен
азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары
1. Шетелдік жеке және заңды тұлғалар осы Заңда көзделген құқықтарды Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға орай немесе өзара түсіністік принциптері негізінде Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларымен тең пайдаланады.
2. Қазақстан Республикасында тұратын азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда және өнеркәсіптік меншік объектілерін құқықтық қорғауға жататын өзге де актілерде көзделген құқықтарды, егер осы заңнан және басқа да заң актілерінен өзгеше туындамаса, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларымен тең пайдаланады.
Қазақстан Республикасының
Президенті