Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы N 2676 Заңы.

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. ҚР 1997.06.19 № 134 Заңымен енгiзiлген толықтырулар мен өзгертулер 1998 жылғы 1 қаңтарынан бастап күшiне кiредi.
      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

I. Жалпы Ережелер

1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары жемiстi мемлекеттiк, қоғамдық, шығармашылық қызметi, еңбектегi және жауынгерлiк ерлiктерi үшiн, олардың Республикаға сiңiрген еңбегiнiң танылуының белгiсi ретiнде мемлекеттiк наградалармен наградталады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың да наградталуы мүмкiн.

      Мемлекеттiк наградалармен наградтауды Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады.

2-бап. Ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiлерi - "Алтын Қыран" орденi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да ордендерi, медальдары, құрметтi атақтары және Құрмет грамотасы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары болып табылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.12.01 № 93-IV Заңымен.

3-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк наградаларының атаулары мемлекеттiк тiлде белгiленедi.

      Мемлекеттiк наградалардың сипаттамасын, "Алтын Қыран" орденi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" кiтапшаларының, орден кiтапшаларының, медальдарға куәлiктердiң және құрметтi атақтар берiлгенi туралы куәлiктердiң үлгiлерiн, мемлекеттiк наградаларға ұсыну және оларды тапсыру тәртiбiн, басқа да құжаттар мен ережелердi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.12.01 № 93-IV Заңымен.

4-бап. "Алтын Қыран" орденiмен наградтау үшiн кандидатураларды Қазақстан Республикасының Президентi анықтайды.

      Өзге мемлекеттiк наградалармен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентiне Қазақстан Республикасының Парламентi, Үкiметi, министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, басқа орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, шығармашылық одақтар мен басқа да ұйымдар енгiзедi.

      Наградтау үшiн кандидатураларды еңбек ұжымдары қарап, ұсынуы мүмкiн.

      Шет ел азаматтары наградтауға ұсынуды жалпы негiздерде Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi, басқа министрлiктер мен мемлекеттiк комитеттерi, өзге де орталық атқарушы органдары жүргiзедi.

      Азаматтарды кезектi наградаға ұсыну, көп балалы аналарды наградтауға және қаhармандық ерлiк жасауға, қиын-қыстау жағдаяттарға байланысты ерекше реттердi қоспағанда, осының алдындағы наградтау сәтiнен бастап бес жыл өткен соң жүргiзiледi.

5-бап. Бір адам дәрежелері бар наградалардан басқа ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілерімен, сол орденмен немесе медальмен екі мәрте наградталмайды.

      Құрметті атақтар қайталап берілмейді.

      Еліміздің мүддесін қорғау үстінде көрсеткен батылдығы, ерлігі, қаһармандығы үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау қайтыс болғаннан кейін де жүргізілуі мүмкін.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

6-бап. Қазақстан Республикасының кез келген орденiмен наградталған адамдар осы орденнiң иегерлерi деп аталады.

7-бап. Наградалар жөнiндегi ұсыныстарды алдын ала қарап, дайындау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан Мемлекеттiк наградалар жөнiндегi комиссия құрылады. Комиссияның құрамын және оның қызметi туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

II. Ең жоғарғы дәрежелi ерекшелiк белгiлерi

8-бап. "Алтын Қыран" (Золотой Орел) орденi Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiсi болып табылады.

      "Алтын Қыран" орденiмен азаматтар Қазақстан Республикасына сiңiрген мемлекеттiк ерекше еңбегi үшiн наградталады.

      "Алтын Қыран" орденiмен бұрын Қазақстан Республикасының немесе КСР Одағының ордендерiнiң бiрiмен наградталған азаматтар наградталады.

9-бап. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымы бойынша айрықша үлгiдегi "Алтын Қыран" орденiнiң иегерi болып табылады.

10-бап. "Халық қаhарманы" (Народный герой) атағы Қазақстан Республикасына сiңiрген аса үздiк еңбегi, оның бостандығы мен тәуелсiздiгi жолындағы жауынгерлiк ерлiктерi үшiн берiледi.

      "Халық қаhарманы" атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелiк белгiсi - Алтын жұлдыз және "Отан ордені" тапсырылады.

      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы өзінің мәртебесі бойынша айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз және "Отан" ордені тапсырыла отырып, "Халық қаһарманы" (Народный герой) атағының иегері болады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.07.26 N 462, 2007.07.21 N 307; 02.01.2012 № 525-IV; 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-1-бап. "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі.

      "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгісі — Алтын жұлдыз жөне "Отан" ордені тапсырылады.

      Ескерту. II-тарау 10-1-баппен толықтырылды - ҚР 2008.12.01 № 93-IV Заңымен.

III. Ордендер

11-бап. Қазақстан республикасының ордендерi мыналар:

      - "Отан"(Отечество)

      - "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" (Первый Президент Республики Казахстан – Елбасы Нурсултан Назарбаев)

      - "Барыс" (Барс)

      - "Даңқ" (Слава)

      - "Айбын" (Доблесть)

      - "Парасат" (Благородство)

      - "Достық" (Дружба)

      - "Құрмет" (Почет)

      - "Еңбек Даңқы" (Трудовая Слава).

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.07.26 № 462, 2001.05.03 № 180, 2010.06.14 № 290-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 27.06.2014 № 212-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. "Отан" орденiмен азаматтар:

      - мемлекеттiк және қоғамдық қызметтегi;

      - экономиканы, әлеуметтiк саланы, ғылым мен мәдениеттi дамытудағы;

      - мемлекеттiк, құқық қорғау және әскери қызметтегi, демократия мен әлеуметтiк прогрестi дамытудағы айрықша еңбегi үшiн наградталады.

12-1-бап. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен Қазақстан Республикасының қалыптасуына, көркеюіне және даңқын шығаруға жәрдемдескен, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі үшін Қазақстан Республикасының азаматтары наградталады.

      "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін шет мемлекеттер мен олардың үкіметтерінің басшылары наградталуы мүмкін.

      Ескерту. 12-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2001.05.03 № 180, өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.06.14 № 290-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

12-2-бап. "Барыс" орденімен наградтау:

      - Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайту ісіндегі;

      - бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етудегі;

      - мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметтегі;

      - халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы, ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен оларды өзара байытудағы, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды нығайтудағы айрықша еңбегі үшін жүргізіледі.

      "Барыс" ордені үш дәрежеден тұрады:

      - I дәрежелі "Барыс";

      - II дәрежелі "Барыс";

      - III дәрежелі "Барыс".

      I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау III дәреже, II дәреже, I дәреже ретімен жүргізіледі.

      Ерекше жағдайларда айрықша көзге түскені үшін Мемлекет басшысының шешімімен наградтау реттілік ескерілмей жүргізілуі мүмкін.

      Ескерту. III-тарау 12-2-баппен толықтырылды - ҚР 2001.05.03 № 180 Заңымен.

13-бап. "Даңқ" орденімен Қарулы Күштердің, басқа әскерлердің және әскери құрамалардың жоғары офицерлік құрамдағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының қызметкерлері:

      - әскерлерге басшылық жасау және оларды басқару ісіндегі табыстары, әскерлердің жоғары жауынгерлік даярлығы және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз еткені үшін;

      - әскери, шекаралық және ішкі қызметті үздік ұйымдастырғаны, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткені, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті сақтауды нығайтқаны үшін наградталады.

      "Даңқ" ордені екі дәрежеден тұрады:

      - I дәрежелі "Даңқ";

      - II дәрежелі "Даңқ".

      I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі.

      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.07.04 № 473, 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. "Айбын" орденімен Қарулы Күштердің, басқа әскерлердің және әскери құрамалардың әскери қызметшілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының қызметкерлері:

      - жауынгерлік әзірлікте, әскерлерді жоғары жауынгерлік даярлықта ұстауда және жаңа әскери техниканы игеруде, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген табыстары үшін;

      - әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін наградталады.

      "Айбын" ордені үш дәрежеден тұрады:

      - I дәрежелі "Айбын";

      - II дәрежелі "Айбын";

      - III дәрежелі "Айбын".

      I және II дәрежелі "Айбын" ордендерімен офицерлердің кіші және аға құрамдарындағы адамдар наградталады.

      I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау: II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі.

      III дәрежелі "Айбын" орденімен сарбаздар, матростар, сержанттар, старшиналар наградталады.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.07.04 № 473, 2007.05.22 N 255, 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. "Парасат" орденiмен ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер қайраткерлерi, мемлекет және қоғам қайраткерлерi, сондай-ақ Республиканың рухани және интеллектуалдық әлеуетiн дамыту мен молайтуға зор жеке үлес қосқан не адам құқықтарын және оның әлеуметтiк мүдделерiн қорғау жөнiндегi белсендi қызметi үшiн азаматтар наградталады.

16-бап. "Достық" орденiмен азаматтар қоғамда өзара татулықты сақтау жөнiндегi жемiстi жұмысы, халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн наградталады.

      "Достық" ордені екі дәрежеден тұрады:

      - I дәрежелі "Достық";

      - II дәрежелі "Достық".

      Наградтау реттілік ескерілмей жүргізілуі мүмкін.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

17-бап. "Құрмет" орденiмен азаматтар экономиканы, әлеуметтiк саланы, ғылым мен мәдениеттi, бiлiм беру iсiн дамытуға сiңiрген еңбегi, мемлекеттiк органдардағы мiнсiз қызметi және белсендi қоғамдық қызметi үшiн наградталады.

17-1-бап."Еңбек Даңқы" орденімен өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және материалдық өндірістің басқа да салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері бір кәсіпорындағы, мекемедегі, ұйымдағы жемісті ұзақ жылғы еңбегі, сондай-ақ еңбек өнімділігін көтеруге және өнімнің сапасын жақсартуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін өндірістегі аса жоғары көрсеткіштері үшін наградталады.

      "Еңбек Даңқы" ордені үш дәрежеден тұрады:

      I дәрежелі "Еңбек Даңқы";

      II дәрежелі "Еңбек Даңқы";

      III дәрежелі "Еңбек Даңқы".

      I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау III дәреже, II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі.

      "Еңбек Даңқы" орденінің үш дәрежесінің иегерлері мәртебесі бойынша "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға теңестіріледі.

      Ескерту. III-тарау 17-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.06.2014 № 212-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

IV. Медальдар

18-бап. Қазақстан Республикасының медальдары мыналар:

      - "Ерлiгi үшiн" (За мужество)

      - "Жауынгерлiк ерлiгi үшiн" (За воинскую доблесть)

      - "Ерен еңбегi үшiн" (За трудовое отличие)

      - "Шапағат" (Милосердие).

19-бап. "Ерлiгi үшiн" медалiмен азаматтар:

      - адам өмiрiн сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайларда (суға кету, өртке душар болу, дүлей апаттар кезiнде);

      - қылмысқа қарсы күресте көрсеткен ержүректiгi мен жанқиярлығы үшiн наградталады.

20-бап. "Жауынгерлiк ерлiгi үшiн" медалiмен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларының әскери қызметшiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдардың, прокуратура органдарының қызметкерлері, ұлттық қауiпсiздiк, iшкi iстер органдарының қызметкерлерi:

      - әскери бөлiмнiң, бөлiмшенiң жауынгерлiк мiндеттердi ойдағыдай орындауына жәрдемдесетiн ұрыстағы, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрестегi бiлгiр, бастамашыл әрi батыл iс-әрекетi үшiн;

      - мемлекеттiк шекараны қорғау кезiнде көрсеткен ерлiгi үшiн;

      - қызмет өткеру кезiнде сiңiрген қызметi үшiн наградталады.

      Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.07.26 № 462, 2002.07.10 № 338, 2003.07.04 № 473, 2012.01.18 № 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-бап. "Ерен еңбегi үшiн" медалiмен азаматтар экономикадағы, әлеуметтiк саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегi және мемлекеттiк қызметтегi еңбек жетiстiктерi үшiн наградталады.

22-бап. "Шапағат" медалiмен азаматтар белсендi және жемiстi қызметi, мейiр-шапағаты мен қайырымдылығы үшiн наградталады.

      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

23-бап. Қазақстан Республикасының ордендерi мен медальдарының мәндiлiгi жағынан реттiлiгi осы Заңда баяндалған тәртiп бойынша белгiленедi.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

V. Құрметтi атақтар

24-бап. Қазақстан Республикасында мынадай құрметті атақтар белгіленеді:

      "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" (Заслуженный деятель Казахстана);

      "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" (Летчик-космонавт Казахстана).

      "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар.

      Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.02 № 211-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

25-бап. Қазақстан Республикасының құрметті атақтары:

      - "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" - Республикаға сіңірген зор еңбегі үшін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс және әлеуметтік саланың өкілдеріне;

      - "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" - белгіленген ғарыштық ұшу бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырған, алдарына қойылған ғылыми-техникалық, зерттеушілік және практикалық міндеттерді мінсіз орындаған азаматтарға беріледі.

      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

26-бап. Қазақстан Республикасының құрметтi атақтарына ие болған адамдарға белгiленген үлгiдегi омырауға тағатын белгi табыс етiледi.

VI. Көп балалы аналарға арналған наградалар

27-бап. Көп балалы аналарға арналған наградалар мына алқалар:

      - "Алтын алқа" (Золотая подвеска)

      - "Күмiс алқа" (Серебряная подвеска).

28-бап. "Алтын алқа" алқасымен жеті және одан да көп бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар наградталады.

      "Алтын алқа" алқасымен наградтау осы ананың жетінші баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте жүргiзiледi.

      "Алтын алқа" алқасымен наградтау кезiнде, сондай-ақ:

      - ананың заңда белгiленген тәртiппен асырап алған;

      - Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғау кезiнде немесе өзге қызметтiк мiндеттерiн атқару үстiнде қаза тапқан не болмаса хабарсыз кеткен, дүлей апаттар кезiнде не адам өмiрi мен материалдық құндылықтарды құтқару жөнiнде азаматтық борышын атқару үстiнде, қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртiп күзетiнде қаза тапқан, сондай-ақ аталған жағдаяттар кезiнде жаралану, мертiгу немесе ауруға шалдығу не еңбек жарақаты немесе кәсiби ауру салдарынан қайтыс болған балалар ескерiледi.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.12.02 № 211-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

29-бап. "Күмiс алқа" алқасымен алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алтыншы баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте наградталады.

      "Күмiс алқа" алқасымен наградтау кезiнде, сондай-ақ осы Заңның 28-бабының үшiншi бөлiгiнде аталған балалар да ескерiледi.

      Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.07.26 № 462, 2009.12.02 № 211-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

30-бап. "Алтын алқа" және "Күмiс алқа" алқаларының Қазақстан Республикасының ордендерi мәртебесi болады.

VII. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы

31-бап. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен азаматтар экономикадағы, әлеуметтiк саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегi, бiлiм берудегi, әскери және өзге мемлекеттiк қызметтегi, қоғамдық және мемлекеттiк қызметтегi елеулi жетiстiктерi үшiн наградталады.

      Құрмет грамотасымен шығармашылық ұжымдар халықтар арасындағы мәдени байланыстарды, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпалын тигiзген гастрольдiк сапарларының нәтижелерi бойынша наградталуы мүмкiн.

      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

VIII. Ордендердi, медальдарды және басқа да ерекшелiк белгiлерiн тағып жүру тәртiбi

32-бап. Ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiлерi - "Алтын Қыран" орденi, Алтын жұлдыз сол жақ омырауға ордендер мен медальдардың үстiнен тағылады.

      Құрметтi атақтар белгiлерi оң жақ омырауға тағылады.

33-бап. Қазақстан Республикасының ордендерi мен медальдары сол жақ омырауға осы Заңның 11 және 18-баптарында көрсетiлген реттiлiкпен тағылады.

      Орден белгісін иық лентасына тағу кезінде ол оң иық арқылы өтеді. Осы орденнің жұлдызы сол жақ омырауға ордендерден солға қарай орналасады.

      Наградталған адамдар ордендер мен медальдардың орнына белгіленген үлгідегі наградалар рәмізін тағып жүре алады.

      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

33-1-бап. Наградталушыда бұрынғы КСРО-ның және өзге де шет мемлекеттердің мемлекеттік наградалары болған жағдайда КСРО-ның және шет мемлекеттердің наградалары осы Заңның 11 және 18-баптарында белгіленген ретпен Қазақстан Республикасының наградаларынан кейін тағылады.

      Ескерту. VIII-тарау 33-1-баппен толықтырылды - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

IХ. Мемлекеттiк наградалардың және олармен наградталған
адамдардың мәртебесi

34-бап. Жоғары дәрежелі ерекшелік белгілері "Отан" орденіне немесе "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденіне ие болған азаматтарды наградтау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабына жазылады.

      Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау ережесін, сондай-ақ оның сипаттамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      Ескерту. 34-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.05.03 № 180, 2007.07.21 № 307, 2010.06.14 № 290-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.01.10 № 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

35-бап. Алынып тасталды - ҚР 1997.06.19 N 134-I Заңымен.

      36-бап. "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналар белгіленген нормалар бойынша тұрғын үй алаңымен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға "Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негізде және тәртіппен ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

      Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.10.2015 № 369-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

37-бап. "Күміс алқа" алқасымен наградталған көп балалы аналарға жеңілдіктер жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

38-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларына ие болған адамдар олардың сақталуын қамтамасыз етуге тиiс.

      Мемлекеттiк наградалар мен оларға қоса берiлген құжаттар жоғалған жағдайда наградталғандар өздерiнiң наградаларға құқығын сақтайды.

      Жоғалғандардың орнына "Алтын Қыран" орденiнiң, Алтын жұлдыздың, ордендердiң, медальдар мен омырауға тағатын ерекшелiк белгiлерiнiң дубликаттары, әдетте, берiлмейдi. Ерекшелiк ретiнде олар Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Мемлекеттiк наградалар жөнiндегi комиссияның шешiмiмен өрт, жер сiлкiну және басқа да дүлей апаттар салдарынан жоғалған, яғни наградталған адам оларды жоғалудан сақтап қала алмаған жағдайда ғана берiледi.

      Наградтау туралы құжаттар жоғалған жағдайда олардың дубликаттары жергiлiктi атқарушы органдардың өтiнiшi бойынша Мемлекеттiк наградалар жөнiндегi комиссияның шешiмiмен берiледi.

39-бап. Қайтыс болған наградталған азаматтардың және қаза тапқаннан кейiн наградталғандардың Қазақстан Республикасы ордендерi, медальдары, құрметтi атақтарына қоса берiлетiн омырауға тағатын белгiлерi, сондай-ақ оларды наградтау туралы құжаттар отбасына естелiк ретiнде сақтауға қалдырылады.

      Қайтыс болған кiсiнiң мұрагерлерiнiң келiсуiмен оның наградалары мен наградталуы туралы құжаттары сақтау және экспонат ретiнде көрсету үшiн мұражайларға берiлуi мүмкiн.

      Егер қайтыс болған кiсiнiң мұрагерлерi жоқ болса, оның наградалары мен наградталуы туралы құжаттары Қазақстан Республикасының Президентiне қайтарылады.

39-1-бап. Мемлекеттік наградалармен наградталған Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ адамдардың наградталуы туралы құжаттары болған жағдайда, бұл наградаларды Республикадан тыс жерге алып кетуге құқығы бар.

      Бағалы металдардан жасалған мемлекеттік наградаларды алып кету тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      Ескерту. IX-тарау 39-1-баппен толықтырылды - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

Х. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларын айыру

40-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларынан айыруды наградталған адам қылмысы үшiн сотталған жағдайда - заңда белгiленген негiзде және тәртiппен соттың ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi жүргiзедi.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларынан айырған кезде олар және оларға қоса берiлген құжаттар Қазақстан Республикасының Президентiне қайтарылуға тиiс.

41-бап. Заңсыз сотталған және толық ақталған азаматтардың мемлекеттiк наградаларға құқығын соттың шешiмiмен Қазақстан Республикасының Президентi қайта қалпына келтiредi.

ХI. Қорытынды және өтпелi ережелер

42-бап. Сыртқы түрi жағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларына ұқсастығы бар ордендер мен медальдарды, омырауға тағатын белгiлер мен оларға қоса берiлетiн құжаттарды, сондай-ақ Құрмет грамотасын тағайындауға және жасауға тыйым салынады.

43-бап. Қазақстан Республикасының орденiн, медалi мен құрметтi атаққа берiлетiн омырауға тағатын белгiсiн сатып алу, сату, айырбастау немесе өзгедей өтеуге беру, сондай-ақ мемлекеттiк наградаларға қатысты басқа да заңсыз iс-әрекет жасау заңмен белгiленген жауаптылыққа әкелiп соғады.

44-бап. Осы Заң күшіне енгенге дейін "Отан", "Даңқ" ордендерімен наградталған, айырымның ең жоғары дәрежесі - "Халық Қаһарманы" атағына, республиканың құрметті атақтарына ие болған азаматтарға жергілікті өкілді органдар жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жеңілдіктер беруге құқылы.

      Ескерту. 44-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

45-бап. Мыналардың күшi жойылған деп танылсын:

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы" 1993 жылғы 1 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., N 8, 157-құжат);

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы" Заңды күшiне енгiзу туралы" 1993 жылғы 1 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қаулысы, 3 және 4-тармақтарынан басқасы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., N 8, 158-құжат).

      Осы Заң 1996 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.

      Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.07.26 № 462 Заңымен.

Қазақстан Республикасының
Президенті