Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1995 жылғы 3 қазан N 2483

Жаңартылған

      ЕСКЕРТУ. Қазақстан Республикасының 1997.06.19. N 134 Заңымен  енгiзiлген толықтырулар мен өзгертулер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне кiредi.
      ЕСКЕРТУ. Бүкіл мәтін бойынша өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің мәртебесін, өкілеттігін және ұйымдастырылуын, сондай-ақ оның қызметін бақылау мен қадағалауды айқындайды.

1 тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің
             Күзет қызметі

      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі - Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және осы Заңмен белгіленген құзырет шегінде күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган.
      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның нақтылы және шартты атауы, мөрі, мөртаңбасы, белгіленген үлгідегі мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі бланкілері, өзінің нышаны мен айырым белгілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктерде шоттары болады.
      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі әскери құрама болып табылады.
      Ескерту. 1-баптың 1-бөлiгi толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.12.08. N 2674 заң күші бар Жарлығымен .
      ЕСКЕРТУ. 1-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.05.16. N 110 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      1-1-бап. Күзет іс-шаралары

      Күзет іс-шаралары - күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастыру, жедел-іздестіру және техникалық шаралардың жиынтығы.
      Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шаралары терроризмге қарсы операцияларға жатады.

      1-2-бап. Күзетілетін адамдар

      1. Күзетілетін адамдар - Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына және осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі күзетуге жататын адамдар.
      2. Мыналар күзетілетін адамдар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының Президенті;
      2) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы;
      3) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы;
      4) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі;
      5) Республика Президентінің зайыбы (жұбайы) және Президентпен бірге тұратын басқа да отбасы мүшелері;
      6) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті;
      7) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің онымен бірге тұратын отбасы мүшелері немесе оған еріп жүрушілер;
      8) Қазақстан Республикасының экс-президенті;
      9) тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары;
      10) қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезеңінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қамтамасыз етілетін шет мемлекеттердің, шет елдер парламенттері мен үкіметтерінің басшылары;
      11) қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезеңінде Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсыруымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының өкімдері негізінде қамтамасыз етілетін халықаралық ұйымдардың басшылары мен шет мемлекеттердің өзге де адамдары.
      3. Осы баптың 2-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында аталған лауазымды адамдар тең жағдайда күзетіледі.
      4. Осы баптың 2-тармағының 1)-9) тармақшаларында аталған адамдар Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің бастығына күзетуші адамдар қызмет міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда оларды ауыстыруды ұсынуға құқылы.

      1-3-бап. Күзетілетін объектілер

      Күзетілетін объектілер - күзетілетін адамдардың болуына арналған үйлер, құрылыстар мен ғимараттар, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақ пен су айдыны.
      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі күзететін объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      ЕСКЕРТУ. Жаңа 1-1,1-2,1-3-баптармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      2-бап. Қазақстан Республикасының Президентi
             Күзет қызметiнiң мiндеттерi

      Президент Күзет қызметiнiң мiндеттерi:
      - күзетiлетiн адамдардың жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      - күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетiне және меншiгiне қарсы бағытталған қылмыс пен әкiмшiлiк құқық бұзушылықты анықтау, олардан сақтандыру және тыйып тастау;
      - күзетiлетiн адамдардың меншiгiн күзету, күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа жерлерде қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      - өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы күресті жүзеге асыру;
      - күзетiлетiн адамдар мен объектiлерге төнген қатердi болжау және анықтау, одан сақтандыру мен залалсыздандыру жөнiндегi жедел шаралар жиынтығын жүзеге асыру болып табылады.
      Ескерту. 2-бап 6-тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.12.08. N 2674 заң күші бар Жарлығымен .
      ЕСКЕРТУ. 2-баптың 6-абзацы алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1997.05.16. N 110 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 2-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      3-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
             Күзет қызметi жұмысының принциптерi

      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң жұмысы заңдылық, гуманизм, адам құқықтары мен кәсiптiк этиканы құрметтеу принциптерiне сәйкес құрылады.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi өзiнiң алдында тұрған мiндеттердi басқа мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және жекелеген азаматтармен өзара бiрлесе отырып шешедi.

      4-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
             Күзет қызметi жұмысының құқықтық негiзi

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi жұмысының құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары құрайды.

      4-1-бап. Қазақстан Республикасы Президенті Күзет
               қызметінің жұмысын ұйымдастыру

      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне басшылықты Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын, қызметтен босататын және (немесе) әскери қызметтен босататын Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Республика Президенті бекітеді.
      ЕСКЕРТУ. Жаңа 4-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

2 тарау.<*>

      5-7-баптар  <*>

      ЕСКЕРТУ. 2 тарау, 5-7-баптар алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

3 тарау. Қазақстан Республикасының Президентi
Күзет қызметiнiң мiндеттерi мен құқықтары

      8-бап. Қазақстан Республикасының Президентi
             Күзет қызметiнiң мiндеттерi

      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң мiндетi:
      1) күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетiне және меншiгiне қол сұғатын қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа жол бермеу және оларды тыйып тастау; бұлардың жасалу ықтималдығына ықпал ететiн жағдайларды анықтау, әрi мұндай қылмыстарды болдырмау үшiн өз құқығының шегiнде шаралар қолдану;
      2) қылмыстан, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан және жазатайым оқиғадан зардап шеккен, сондай-ақ дәрменсiз күйге не болмаса денсаулығы мен өмiрiне қатерлi өзге де жағдайға ұшыраған күзетiлетiн адамдарға көмек көрсету;
      3) күзетiлетiн адамдардың жеке басының қауiпсiздiгiне немесе күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа да жерлерде қоғамдық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн дайындалып жатқан қылмыстар, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар мен оқиғалар жайында келiп түскен мәлiмдеулердi, хабарларды және өзге де ақпаратты қабылдап алу; заңдарда көзделген шараларды уақтылы қолдану;
      4) күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетi мен меншiгiне қарсы қылмыс жасаған адамдарды анықтап, iздестiруде құқық қорғау органдарына көмек көрсету;
      5) күзетiлетiн адамдардың күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа да жерлерде қоғамдық тәртiппен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      6) күзетiлетiн адамдардың көлiктiң барлық түрiнде жүрiп-тұру қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, күзетiлетiн адамдардың жүрiп-тұруы үшiн бөлiнетiн автомобиль және басқа көлiк құралдарының жүрiс қауiпсiздiгi саласында қолданылып жүрген белгiленген ережелердi, нормативтер мен стандарттарды сақтау және сақталуын бақылау;
      7) авариялар, апаттар, өрт, табиғат зiлзалалары және басқа төтенше жағдайлар кезiнде күзетiлетiн адамдарды құтқару және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету жөнiнде, сондай-ақ күзетiлетiн адамдардың жеке мүлкiн және күзетiлуге тиiс әрi қараусыз қалған өзге де мүлiктi күзету жөнiнде шұғыл шаралар қолдану; Қазақстан Республикасы аумағында немесе жекелеген жерлерде төтенше немесе әскери жағдай енгiзiлген ретте заңға сәйкес күзетiлетiн адамдарға қатысты осындай жағдайдағы құқықтық режимнiң қамтамасыз етiлуiне, сондай-ақ эпидемия мен эпизоотия кезiнде күзетiлетiн адамдарға қатысты карантиндiк шаралар жүргiзiлуiне қатысу;
      8) мемлекет Басшысының ақпараттан оқшау қалуына жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентiнiң байланыс жүйелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      9) азаматтарға, кәсiпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге олардың байланыс құралдарын, көлiгi мен үй-жайларын қызмет мақсатында пайдалануға байланысты келтiрiлген зиянды белгiленген тәртiппен өтеу.
      Ескерту. 8-баптың 8-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.08. N 2674 заң күші бар Жарлығымен .
      ЕСКЕРТУ. 8-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.05.16. N 110 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 8-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      9-бап. Қазақстан Республикасының Президентi
             Күзет қызметiнiң құқықтары

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiне өзiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн мынадай құқықтар берiледi:
      1) күзетілетін объектілерге кіру (көлікпен кіру) кезінде және олардан шығу (көлікпен шығу) кезінде азаматтарға (күзетілетін адамдарды қоспағанда) жеке тексеру, олардың алып жүрген заттарына тексеру, көлік құралдарына және оларда алып бара жатқан заттарға, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып тексеру жүргізу;
      1-1) Күзет іс-шараларын жүргізу кезінде фактілер мен оқиғаларды суретке түсіруді, дыбысжазбаны, кино және бейне түсірілімді жүзеге асыру.
      2) күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетi мен меншiгiне қол сұғатын құқық бұзушылықтың жасалуына итермелейтiн жағдаяттарды жою жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      3) ұйымдардың, әскери құрамалардың қызметтiк үй-жайларын, сондай-ақ азаматтардың тұрғын және басқа үй-жайларын, олардың көлiк, байланыс құралдарын және өзге мүлкiн уағдаластық негiзде пайдалану;
      4) белгiленген тәртiппен мемлекеттік органдардан меншiк нысанына қарамастан ұйымдардан және әскери құрамалардан өзiне жүктелген мiндеттi орындауға қажеттi ақпаратты сұрату және алдырту;
      5) мемлекеттiк органдардың қарауындағы үйлерде, құрылыстарда, ғимараттарда және оларға iргелес аумақтарда, сондай-ақ күзетілетін объектілерде санитарлық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық және эпидемияға қарсы бақылауды жүзеге асыру;
      6) өз қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      7) Президенттiң Күзет қызметiнiң арнайы даярлықтан өткен қызметкерлерiне табель қаруы мен арнаулы құралдар сақтауына, тағынып жүруiне рұқсат беру;
      8) күзет шараларын ұйымдастыру мен жүргiзу үшiн қызметкерлерiн Республикадан тыс жерлерге iссапарға жiберу;
      9) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қарауындағы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнде, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң оқу орындарында, соның iшiнде арнаулы оқу орындарында уағдаластық негiзде кадрлар даярлау мен бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асыру;
      10) баланста тұрған объектiлердi пайдалану мен оларға техникалық күтiмдi қамтамасыз ету, бұларды санитарлық-гигиеналық, экологиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастыру;
      11) күзетiлетiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде сiңiрген еңбегi үшiн азаматтарды ынталандыру, оларды заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларына ұсыну;
      12) Қазақстан Республикасының азаматтарын ерiктiлiк негiзiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнiң штаттан тыс қызметкерлерi ретiнде қызметке тарту;
      13) қажет болған жағдайда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Республикалық ұланының және басқа мамандандырылған әскери бөлiмшелерiнiң күшi мен жарағын күзет шараларына қатыстыруға тарту.
      Күзетiлетiн адамдарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерiн шешуде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiн ұйымдастырушы әрi үйлестiрушi орган болып табылады.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

4 тарау. Қазақстан Республикасы Президентi Күзет
қызметiнiң күш жұмсауы, арнаулы құралдар,
атыс қаруы мен жауынгерлiк техниканы қолдануы

      10-бап. Күш жұмсау, арнаулы құралдар, атыс қаруы
              мен жауынгерлiк техниканы қолдану шарттары
              мен шектерi

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi әскери қызметшiлердiң атыс қаруын, арнаулы құралдар тағынып жүруге, сақтау мен қолдануға, сондай-ақ күш жұмсауға құқығы бар. Олар арнаулы дайындықтан өтуге, күш жұмсауға, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдануға байланысты жағдайларда iс-әрекетке жарамдылығы жөнiнен әлсiн-әлi тексеруден өтiп тұруға мiндеттi.
      Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiсi, егер қорғанысы күзетiлетiн адамдарға, күзетілетін объектiлерге немесе Президенттiң Күзет қызметi әскери қызметшiсiнiң өз басына төнген қатердiң сипаты мен қаупiне сәйкес келсе, заңда көзделген жағдайларда күш жұмсауына, арнайы құралдарды, атыс қаруы мен жауынгерлiк техниканы қолдануына байланысты келтiрген моральдық, материалдық залал мен дене жарақаты үшiн жауап бермейдi.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң өкiлеттiгiн асыра пайдаланып күш жұмсауы, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдануы заңда белгiленген жауаптылыққа әкелiп соғады.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      11-бап. Күш жұмсау

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетiне және меншiгiне қауiп төндiретiн қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықты тыйып тастау, оларды жасаған адамдарды ұстау, заңды талаптарға қарсы әрекеттердi жою үшiн, егер күш жұмсалмайтын әдiстер Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiне жүктелген мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етпейтiн болса, күш жұмсауға, соның iшiнде күрестiң әскери тәсiлдерiн де қолдануға құқығы бар.

      12-бап. Арнаулы құралдарды қолдану

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң өздерi жарақтанған арнаулы құралдарды мынадай жағдайларда қолдануға құқығы бар:
      1) күзетiлетiн адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      2) Президенттiң Күзет қызметi күзететiн үйлерге, ғимараттарға, үй-жайларға, басқа да объектiлерге және көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару үшiн, сол сияқты бұл объектiлер мен құралдар басып алынған жағдайда оларды босату үшiн;
      3) атыс қаруын немесе суық қаруды, оқ-дәрiнi, жарылғыш, уыты күштi химиялық және улы заттарды заңсыз ұстап жүрген адамдарды қарусыздандыру үшiн;
      4) Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерiне, олардың отбасы мүшелерiне не осы Қызмет күзет шараларын қамтамасыз етуге тартқан басқа адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      5) құқық бұзушыларды, Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерiне немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне қарсылық көрсеткен немесе өздерiне жүктелген қызмет мiндеттерiн жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiрген адамдарды ұстау үшiн;
      6) кепiлге алынған адамдарды босату, күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетi мен меншiгiне және объектілерге қауiп төндiретiн жаппай тәртiпсiздiктердi, топтық әрекеттердi тыйып тастау үшiн;
      7) егер күзетiлетiн адамдарға төнген анық қатерге басқа тәсiлдермен жол бермеу мүмкiн болмаса, жүргiзушiсi Президенттiң Күзет қызметi әскери қызметшiсiнiң талабын орындамаған көлiк құралын тоқтату үшiн.
      күзетiлетiн адам тұрған жаққа қарай, сондай-ақ жүктiлiгi бiлiнiп тұрған әйелдерге, мүгедектiгi айқын көрiнiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты, олар күзетiлетiн адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн шабуыл жасаған, топталып шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайлардан басқа кезде, арнаулы құралдарды қолдануға тыйым салынады.
      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң жарағындағы арнаулы құралдар тiзбесiн, сондай-ақ оларды қолдану ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      ЕСКЕРТУ. 12-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      13-бап. Атыс қаруын қолдану және жауынгерлiк
              техниканы пайдалану

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң атыс қаруы мен жауынгерлiк техниканы соңғы шара ретiнде мынадай жағдайларда қолдануға құқығы бар:
      1) күзетiлетiн адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      2) Президенттiң Күзет қызметi күзететiн үйлерге, ғимараттарға, үй-жайлар мен басқа да объектiлерге және көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      3) Президенттiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерiне, олардың отбасы мүшелерiне, сондай-ақ осы орган күзет шараларын қамтамасыз ету үшiн тартқан басқа да адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      4) азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, сондай-ақ кепiлге алынған адамдарды, басып алынған күзетiлетiн объектiлердi, ғимараттарды және арнаулы жүктердi босату үшiн;
      5) қылмыс жасау кезiнде не тiкелей қылмыс жасағаннан кейiн үстiнен түскен, қарулы қарсылық көрсеткен адамдарды, сондай-ақ қаруын тапсыру туралы заңды талапты орындаудан бас тартқан қарулы адамды ұстау үшiн.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң атыс қаруын осыған қоса мынадай жағдайларда да қолдануға құқығы бар:
      - егер жүргiзушiсi күзетiлетiн адамдардың өмiрi мен денсаулығына анық қатер туғызса және Президенттiң Күзет қызметi әскери қызметшiсiнiң талабы бойынша тоқтаудан бас тартса, көлiк құралын тоқтату үшiн;
      - хайуанаттардың шабуылынан қорғану үшiн.
      Күзетiлетiн адамдар тұрған жаққа қарай, сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепiлге адамдар алған, әуе кемесiн қолға түсiрген жағдайлардан басқа кезде, сондай-ақ қару қолдану басқа адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайда қару қолдануға тыйым салынады.
      Қазақстан Республикасы Президентi Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерi қару қолданған барлық жағдайларда айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мен зардап шеккендерге дереу медициналық көмек көрсету үшiн қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
      Күш жұмсалған, арнаулы құралдар, атыс қаруы мен жауынгерлiк техника қолданылған әрбiр жағдай туралы рапорт жасалып, 24 сағат ішінде прокуратура органдарына хабарланады.
      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң жарағындағы атыс қаруы, жауынгерлiк техника және оқ-дәрi түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      ЕСКЕРТУ. 13-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

5 тарау. Қазақстан Республикасының Президентi
Күзет қызметiнiң кадрлары

      14-бап. Қазақстан Республикасының Президентi
              Күзет қызметi кадрларының құрамы

      Президенттiң Күзет қызметiнiң кадрлары мына қызметкерлерден - әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлерден тұрады.
      Президенттiң Күзет қызметiндегi қызмет пен жұмысқа өзiнiң моральдық және iскерлiк қасиеттерi, бiлiмi мен денсаулық жағдайы жөнiнен Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiне жүктелген мiндеттердi орындауға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары ерiктiлiк негiзiнде қабылданады.
      ЕСКЕРТУ. 14-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      15-бап. Қазақстан Республикасы Президентi
              Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерi

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнде әскери қызметте тұрған адамдар Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерi болып табылады.
      Оларға офицерлер, прапорщиктер, контракт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген әскери қызметшiлер жатады.
      Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерiне Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде қызмет өткерудiң тәртiбi мен шарттарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң күшi, сондай-ақ осы Заңда алып тастау көзделген тұстарын қоспағанда, әскери жарғылардың талаптары қолданылады.
      Күзетiлетiн адамдардың, Президенттiң Күзет қызметi күзететiн объектiлер мен көлiк құралдарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерiн шешу үшiн министрлiктерде, ведомстволарда және меншiк нысанына қарамастан, ұйымдарда олардың келiсiм бойынша белгiленген тәртiппен штаттағы қызметтердi атқару үшiн мiндеттi әскери қызметiнде қалдырыла отырып, Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерi iссапарда болуы мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      16-бап. Қазақстан Республикасы Президентi Күзет
              қызметiнiң жұмысшылары мен қызметшiлерi

      Жұмысшылар мен қызметшiлер - Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес Президенттiң Күзет қызметiне алынған азаматтық қызметкерлер.
      Президенттiң Күзет қызметi жұмысшылары мен қызметшiлерiнiң еңбек және қызметтiк жұмысы қолданылып жүрген заңдармен реттеледi.

      17-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
              Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң
              құқықтық жағдайы

      Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерi қызмет бабындағы мiндеттерiн атқару кезiнде өкiмет өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
      Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiсiне оның жеке басы мен өкiлеттiгiн растау үшiн қызмет куәлiгi мен белгiленген үлгiдегi жетон берiледi.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi әскери қызметшiсiнiң қызмет бабындағы жұмысына төте және тiкелей бастықтарынан өзге ешкiмнiң де араласуға құқығы жоқ. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң заңды талаптары азаматтар мен лауазымды адамдардың орындауы үшiн мiндеттi. Олардың қызмет бабындағы мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiру, абыройы мен қадiр-қасиетiн қорлау, оларға қарсылық көрсету, Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерiне қатысты қоқан-лоққы жасау немесе күш көрсету, қызмет бабындағы жұмысын жүзеге асыруына байланысты олардың өмiрiне, денсаулығы мен мүлкiне қол сұғу заңда белгiленген жауаптылыққа әкелiп соғады.
      Заңға көрiнеу қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған ретте Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiсi заңды басшылыққа алуға мiндеттi.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерi партияларда, өзге де қоғамдық бiрлестiктерде тұруға, сондай-ақ қандай да бiр саяси партияны қолдап шығуға тиiс емес.
      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң өзгедей ақылы жұмысты атқаруға, кәсiпкерлiк қызметпен шұғылдануға хақысы жоқ.
      ЕСКЕРТУ. 17-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      18-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
              Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң
              қызмет бабындағы мiндеттерi мен құқықтары

      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерi:
      - алдарында қойылған мiндеттердi бiлiктiлiкпен және дәлме-дәл шеше бiлуге;
      - кәсiптiк және құқықтық бiлiмнiң, дене дайындығының, арнайы және әскери даярлықтың қажеттi деңгейiн ұстануға мiндеттi.
      Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерi өздерiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн атқарған кезде қолданылып жүрген заңдарда көзделген шектерде және тәртiппен:
      - күзет шараларын жүргiзу орындарында азаматтар мен лауазымды адамдардан белгiленген тәртiптiң сақталуын талап етуге;
      - қылмысты, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты анықтауға, олардың алдын алуға және тыйып тастауға;
      - қажет болған жағдайда азаматтар мен лауазымды адамдардың олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге;
      - азаматтар қылмыс жасаған жағдайда оларды ұстап, iшкi iстер органдарына әкелуге;
      - ұйымдардың, ал шұғыл жағдайларда азаматтардың иелiгiндегi байланыс құралдарын қызмет мақсатында пайдалануға;
      - қылмысты болғызбау, қылмыс жасаған немесе оны жасады деп күдiк туғызған адамдардың iзiне түсiп, ұстау үшiн, жедел медициналық жәрдемге зәру адамдарды емдеу мекемелерiне жеткiзу үшiн, сондай-ақ оқиға болған жерге бару үшiн қызмет мақсатында ұйымдардың көлiк құралдарын (шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық, консулдық және өзге де өкiлдiктерiнiң иелiгiндегi көлiк құралдарынан басқа) пайдалануға;
      - күзетiлетiн адамдар мен объектiлерге қатер төндiретiн қылмыстарды тыю кезiнде, сондай-ақ егер кешеуiлдеу күзетiлетiн адамдар мен объектiлерге анық қатер төндiретiн болса, осындай қылмыс жасады деп күдiк туғызған адамдардың iзiне түскен кезде азаматтардың иелiгiндегi тұрғын үйлер мен өзге де жайларына, меншiк нысанына қарамастан, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың (шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық, консулдық және өзге де өкiлдiктерiнiң иелiгiндегiден басқа) аумақтары мен жайларына кедергiсiз кiруге;
      - күзетiлетiн адамдар мен объектiлердiң қауiпсiздiгi мақсатында Қазақстан Республикасының "Жедел iздестiру қызметi туралы" заңына сәйкес жедел-iздестiру жөнiнде iс-қимыл жасауға;
      - күзетiлетiн адамдар мен объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында көлiк пен жаяу жүргiншiлердiң көшелер мен жолдардағы қозғалысын уақытша шектеуге немесе бұған тыйым салуға, азаматтарды кейбiр жерлердiң жекелеген учаскелерi мен объектiлерiне жiбермеуге, олардың кейбiр жерлердiң нақты учаскелерiнде немесе объектiлерiнде қалуын немесе бұл учаскелер мен объектiлерден кетуiн талап етуге мiндеттi.
      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерiнiң күш жұмсауы, арнаулы құралдар, атыс қаруы мен жауынгерлiк техниканы қолдану осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерiн олардың қызмет бабындағы мiндеттерiне қатысы жоқ функцияларды орындау үшiн тартуға тиым салынады.
      ЕСКЕРТУ. 18-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      19-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
              Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң
              жеке басының қауiпсiздiгi мен құқықтық
              қорғалуының кепiлдiктерi

      Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiсi қызмет бабындағы мiндетiн атқарған кезде оны әкiмшiлiк тұрғысынан ұстауға, сондай-ақ оны тiнтуге, оның өзiмен алып жүрген заттарын, пайдаланатын көлiк құралдарын тiнтуге жол берiлмейдi.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерiне ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған органдары қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және ол қызметтi өтеудiң Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ерекше жағдайлары үшiн төленетiн ақшалай қаражат пен үстеме ақыны қамтиды.
      Әскери қызметшiлердiң ақшалай қаражаты лауазымдық айлықақыдан және әскери атағы бойынша айлықақыдан тұрады.
      Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерi Республика Үкiметi бекiткен норма бойынша заттай мүлікпен тәртiппен өзгеше көзделмесе, әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiн құқықтық және әлеуметтiк қорғау туралы заңдар қолданады.
      Қызмет өткерген жылдары бойынша, науқастануына немесе жасына байланысты қызметтен босатылатын Президенттiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерiнiң жеңiлдiктерге құқығы сақталады.
      Қызмет бабындағы мiндетiн атқаруына байланысты Президенттiң Күзет қызметi әскери қызметшiсiнiң мүлкiне келтiрiлген залал, сондай-ақ Президенттiң Күзет қызметi әскери қызметшiсiнiң отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залал кейiннен Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес кiнәлi адамдардан сот арқылы толық көлемiнде өндiрiлiп алына отырып, республикалық бюджет қаражатынан толық көлемiнде өтеледi.
      Президенттiң Күзет қызметiнiң әскери қызметшiлерiн зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектiгi бойынша және асыраушысының айрылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 19-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.06.19. N 134-I Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 19-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 2001.10.10. N 247 Заңымен .

      20-бап. Президенттiң Күзет қызметi әскери
              қызметшiлерiнiң жауапкершiлiгi

      Президенттiң Күзет қызметi әскери қызметшiлерi қызмет бабындағы мiндеттерiн атқармағаны немесе тиiсiнше атқармағаны үшiн және құқыққа қарсы әрекеттерi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртiптiк немесе қылмыстық жауапқа тартылады.

6 тарау. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
Күзет қызметiн қаржыландыру және
материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      21-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
              Күзет қызметiнiң жұмысын қаржыландыру

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнiң жұмысын қаржыландыру және мiндеттi мемлекеттiк сақтандыру Қазақстан Республикасының республикалық бюджетiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      22-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
              Күзет қызметiн материалдық-техникалық
              қамтамасыз ету

      Республика Президентiнiң Күзет қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық жабдықтау органдары, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi мен Президенттiң Әкiмшiлiгiнiң жанындағы Шаруашылық басқармасы арқылы, сондай-ақ кәсiпорындармен, мекемелермен және ұйымдармен әрi соның iшiнде шетелдiк ұйымдармен тiкелей шарттар бойынша жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң қарауындағы жер учаскелерi, үй-жайлар, ғимараттар, жабдықтар мен  басқа да мүлiк мемлекет меншiгi болып табылады.

7 тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер

      23-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет
              қызметінің жұмысына бақылау жасау

      Президенттiң Күзет қызметiнiң жұмысын Қазақстан Республикасының Президентi бақылайды, ол тексерушi органдарды тағайындайды, олардың мақсатын, мiндеттерi мен өкiлеттiгiн айқындайды, бақылау нысандары мен оларды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi.
      Президенттiң Күзет қызметi мен оның жұмысы туралы ақпарат Қазақстан Республикасының Президентiне табыс етiледi.
      ЕСКЕРТУ. 23-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      24-бап. Прокурорлық қадағалау

      Президенттiң Күзет қызметiнiң жұмысында Қазақстан Республикасы заңдарының атқарылуын қадағалауды бас прокурор мен ол арнайы уәкiлдiк берген прокурорлар жүзеге асырады.

      25-бап.  <*>

      ЕСКЕРТУ. 25-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2002.07.04. N 335 Заңымен .

      Қазақстан Республикасының
      Президентi