Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 3 қазандағы N 2483 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. ҚР 1997.06.19 N 134 Заңымен енгiзiлген толықтырулар мен өзгертулер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне кiредi.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша өзгерістер енгізілді - ҚР 2002.07.04 N 335 Заңымен.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «әскери қызметшiлердiң», «әскери қызметшiсi», «әскери қызметшiсiнiң», «әскери қызметшiлерiнiң», «әскери қызметшiлерiне», «әскери қызметшiлерi», «әскери қызметшiлер», «әскери қызметшiсiне», «әскери қызметшiлерiн», «Әскери қызметшiлердiң» деген сөздер тиісінше «қызметкерлердің», «қызметкері», «қызметкерінің», «қызметкерлерінің», «қызметкерлерiне», «қызметкерлерi», «қызметкерлер», «қызметкерiне», «қызметкерлерiн», «Қызметкерлердiң» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің мәртебесін, өкілеттігін және ұйымдастырылуын, сондай-ақ оның қызметін бақылау мен қадағалауды айқындайды.

1 тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет
              қызметі

      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі - Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және осы Заңмен белгіленген құзырет шегінде күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган.
      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның нақтылы және шартты атауы, мөрі, мөртаңбасы, белгіленген үлгідегі мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі бланкілері, өзінің нышаны мен айырым белгілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шоттары болады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң 1995.12.08 N 2674 заң күші бар Жарлығымен, ҚР 1997.05.16 N 110, 2002.07.04 N 335, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енеді), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      1-1-бап. Күзет іс-шаралары

      Күзет іс-шаралары - күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастыру, жедел-іздестіру және техникалық шаралардың жиынтығы.
      Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шаралары терроризмге қарсы операцияларға жатады.
      Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша терроризмге қарсы операция жүргізген кезде Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің бастығы оралымды штабты басқаруды жүзеге асырады.
      Ескерту. Заң 1-1-баппен толықтырылды - ҚР 2002.07.04 N 335, өзгерту енгізілді - 2010.04.08 № 266-IV Заңдарымен.

      1-2-бап. Күзетілетін адамдар

      1. Күзетілетін адамдар - Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына және осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі күзетуге жататын адамдар.
      2. Мыналар күзетілетін адамдар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының Президенті;
      2) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы;
      3) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы;
      4) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі;
      5) Республика Президентінің зайыбы (жұбайы) және Президентпен бірге тұратын басқа да отбасы мүшелері;
      6) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы;
      7) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының онымен бірге тұратын отбасы мүшелері немесе оған еріп жүрушілер;
      8) Қазақстан Республикасының экс-президенті;
      9) тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары;
      10) қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезеңінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қамтамасыз етілетін шет мемлекеттердің, шет елдер парламенттері мен үкіметтерінің басшылары;
      11) қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезеңінде Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсыруымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының өкімдері негізінде қамтамасыз етілетін халықаралық ұйымдардың басшылары мен шет мемлекеттердің өзге де адамдары.
      3. Осы баптың 2-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында аталған лауазымды адамдар тең жағдайда күзетіледі.
      4. Осы баптың 2-тармағының 1)-9) тармақшаларында аталған адамдар Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің бастығына күзетуші адамдар қызмет міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда оларды ауыстыруды ұсынуға құқылы.
      Ескерту. Заң 1-2-баппен толықтырылды - ҚР 2002.07.04 N 335, өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.14 № 290-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      1-3-бап. Күзетілетін объектілер

      Күзетілетін объектілер - күзетілетін адамдардың болуына арналған үйлер, құрылыстар мен ғимараттар, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақ пен су айдыны.
      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі күзететін объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Ескерту. Заң 1-3-баппен толықтырылды - ҚР 2002.07.04 N 335 Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының Президентi Күзет
              қызметiнiң мiндеттерi

      Президент Күзет қызметiнiң мiндеттерi:
      - күзетiлетiн адамдардың жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      - күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетiне және меншiгiне қарсы бағытталған қылмыс пен әкiмшiлiк құқық бұзушылықты анықтау, олардан сақтандыру және тыйып тастау;
      - күзетiлетiн адамдардың меншiгiн күзету, күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа жерлерде қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      - өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
      - күзетiлетiн адамдар мен объектiлерге төнген қатердi болжау және анықтау, одан сақтандыру мен залалсыздандыру жөнiндегi жедел шаралар жиынтығын жүзеге асыру болып табылады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң 1995.12.08 N 2674 заң күші бар Жарлығымен, 1997.05.16 N 110, 2002.07.04 N 335, 2010.04.08 № 266-IV Заңдарымен.

      3-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет
              қызметi жұмысының принциптерi

      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң жұмысы заңдылық, гуманизм, адам құқықтары мен кәсiптiк этиканы құрметтеу принциптерiне сәйкес құрылады.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi өзiнiң алдында тұрған мiндеттердi басқа мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және жекелеген азаматтармен өзара бiрлесе отырып шешедi.

      4-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет
              қызметi жұмысының құқықтық негiзi

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi жұмысының құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары құрайды.

      4-1-бап. Қазақстан Республикасы Президенті Күзет
                қызметінің жұмысын ұйымдастыру

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiне басшылықты Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайтын, лауазымнан босататын және (немесе) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығаратын Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Республика Президенті бекітеді.
      Ескерту. Жаңа 4-1-баппен толықтырылды - ҚР 2002.07.04 N 335 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2 тарау. Қазақстан Республикасының Президентi
Күзет қызметiнiң жұмысын ұйымдастыру

      Ескерту. 2 тарау алынып тасталды - ҚР 2002.07.04 N 335 Заңымен.

3 тарау. Қазақстан Республикасының Президентi Күзет
қызметiнiң мiндеттерi мен құқықтары

      8-бап. Қазақстан Республикасының Президентi Күзет
              қызметiнiң мiндеттерi

      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң мiндетi:
      1) күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетiне және меншiгiне қол сұғатын қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа жол бермеу және оларды тыйып тастау; бұлардың жасалу ықтималдығына ықпал ететiн жағдайларды анықтау, әрi мұндай қылмыстарды болдырмау үшiн өз құқығының шегiнде шаралар қолдану;
      2) қылмыстан, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан және жазатайым оқиғадан зардап шеккен, сондай-ақ дәрменсiз күйге не болмаса денсаулығы мен өмiрiне қатерлi өзге де жағдайға ұшыраған күзетiлетiн адамдарға көмек көрсету;
      3) күзетiлетiн адамдардың жеке басының қауiпсiздiгiне немесе күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа да жерлерде қоғамдық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн дайындалып жатқан қылмыстар, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар мен оқиғалар жайында келiп түскен мәлiмдеулердi, хабарларды және өзге де ақпаратты қабылдап алу; заңдарда көзделген шараларды уақтылы қолдану;
      4) күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетi мен меншiгiне қарсы қылмыс жасаған адамдарды анықтап, iздестiруде құқық қорғау органдарына көмек көрсету;
      5) күзетiлетiн адамдардың күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа да жерлерде қоғамдық тәртiппен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      6) күзетiлетiн адамдардың көлiктiң барлық түрiнде жүрiп-тұру қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, күзетiлетiн адамдардың жүрiп-тұруы үшiн бөлiнетiн автомобиль және басқа көлiк құралдарының жүрiс қауiпсiздiгi саласында қолданылып жүрген белгiленген ережелердiнормативтер мен стандарттарды сақтау және сақталуын бақылау;
      7) авариялар, апаттар, өрт, табиғат зiлзалалары және басқа төтенше жағдайлар кезiнде күзетiлетiн адамдарды құтқару және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету жөнiнде, сондай-ақ күзетiлетiн адамдардың жеке мүлкiн және күзетiлуге тиiс әрi қараусыз қалған өзге де мүлiктi күзету жөнiнде шұғыл шаралар қолдану; Қазақстан Республикасы аумағында немесе жекелеген жерлерде төтенше немесе әскери жағдай енгiзiлген ретте заңға сәйкес күзетiлетiн адамдарға қатысты осындай жағдайдағы құқықтық режимнiң қамтамасыз етiлуiне, сондай-ақ эпидемия мен эпизоотия кезiнде күзетiлетiн адамдарға қатысты карантиндiк шаралар жүргiзiлуiне қатысу;
      8) мемлекет Басшысының ақпараттан оқшау қалуына жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентiнiң байланыс жүйелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      9) азаматтарға, кәсiпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге олардың байланыс құралдарын, көлiгi мен үй-жайларын қызмет мақсатында пайдалануға байланысты келтiрiлген зиянды белгiленген тәртiппен өтеу.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 1995.12.08 N 2674 заң күші бар Жарлығымен, 1997.05.16 N 110, 2002.07.04 N 335 Заңдарымен.

      9-бап. Қазақстан Республикасының Президентi Күзет
              қызметiнiң құқықтары

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiне өзiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн мынадай құқықтар берiледi:
      1) күзетілетін объектілерге кіру (көлікпен кіру) кезінде және олардан шығу (көлікпен шығу) кезінде азаматтарға (күзетілетін адамдарды қоспағанда) жеке тексеру, олардың алып жүрген заттарына тексеру, көлік құралдарына және оларда алып бара жатқан заттарға, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып тексеру жүргізу;
      1-1) Күзет іс-шараларын жүргізу кезінде фактілер мен оқиғаларды суретке түсіруді, дыбысжазбаны, кино және бейне түсірілімді жүзеге асыру.
      2) күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетi мен меншiгiне қол сұғатын құқық бұзушылықтың жасалуына итермелейтiн жағдаяттарды жою жөнiнде ұсыныстар және (немесе) нұсқамалар енгiзу;
      2-1) жеке және заңды тұлғаларды тексеруді және оларды күзетілетін адамдар мен объектілерді күзету және оларға қызмет көрсету жөніндегі жұмысқа жіберуді жүзеге асыру;
      2-2) терроризмге қарсы операцияға қатысу және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз ету кезінде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шараларды және уақытша шектеулерді қолдану;
      2-3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде анықтау жүргізу;
      3) ұйымдардың, әскери құрамалардың қызметтiк үй-жайларын, сондай-ақ азаматтардың тұрғын және басқа үй-жайларын, олардың көлiк, байланыс құралдарын және өзге мүлкiн уағдаластық негiзде пайдалану;
      4) белгiленген тәртiппен мемлекеттік органдардан меншiк нысанына қарамастан ұйымдардан және әскери құрамалардан өзiне жүктелген мiндеттi орындауға қажеттi ақпаратты сұрату және алдырту;
      5) күзетілетін адамдар келуге арналған үйлерде, құрылыстарда, ғимараттарда, оларға іргелес жатқан аумақтарда, сондай-ақ күзетілетін объектілерде санитариялық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық, биологиялық, химиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      5-1) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзетілетін объектілерді күзету және қорғау бойынша жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру және атқару;
      6) өз қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      7) Президенттiң Күзет қызметiнiң арнайы даярлықтан өткен қызметкерлерiне табель қаруы мен арнаулы құралдар сақтауына, тағынып жүруiне рұқсат беру;
      8) күзет шараларын ұйымдастыру мен жүргiзу үшiн қызметкерлерiн Республикадан тыс жерлерге iссапарға жiберу;
      9) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қарауындағы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнде, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң оқу орындарында, соның iшiнде арнаулы оқу орындарында уағдаластық негiзде кадрлар даярлау мен бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асыру;
      10) баланста тұрған объектiлердi пайдалану мен оларға техникалық күтiмдi қамтамасыз ету, бұларды санитарлық-гигиеналық, экологиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастыру;
      11) күзетiлетiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде сiңiрген еңбегi үшiн азаматтарды ынталандыру, оларды заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларына ұсыну;
      12) Қазақстан Республикасының азаматтарын ерiктiлiк негiзiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнiң штаттан тыс қызметкерлерi ретiнде қызметке тарту;
      13) қажет болған жағдайда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Республикалық ұланының және басқа мамандандырылған әскери бөлiмшелерiнiң, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың күшi мен жарағын күзет шараларына қатыстыруға тарту.
      Күзетiлетiн адамдарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерiн шешуде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiн ұйымдастырушы әрi үйлестiрушi орган болып табылады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2002.07.04 N 335, 2010.04.08 № 266-IV, 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4 тарау. Қазақстан Республикасы Президентi Күзет
қызметiнiң күш жұмсауы, арнаулы құралдар, атыс қаруы мен
жауынгерлiк техниканы қолдануы

      10-бап. Күш жұмсау, арнаулы құралдар, атыс қаруы мен
               жауынгерлiк техниканы қолдану шарттары мен
               шектерi

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметшiлердiң атыс қаруын, арнаулы құралдар тағынып жүруге, сақтау мен қолдануға, сондай-ақ күш жұмсауға құқығы бар. Олар арнаулы дайындықтан өтуге, күш жұмсауға, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдануға байланысты жағдайларда iс-әрекетке жарамдылығы жөнiнен әлсiн-әлi тексеруден өтiп тұруға мiндеттi.
      Президенттiң Күзет қызметiнiң қызметкері, егер қорғанысы күзетiлетiн адамдарға, күзетілетін объектiлерге немесе Президенттiң Күзет қызметi қызметкерінiң өз басына төнген қатердiң сипаты мен қаупiне сәйкес келсе, заңда көзделген жағдайларда күш жұмсауына, арнайы құралдарды, атыс қаруы мен жауынгерлiк техниканы қолдануына байланысты келтiрген моральдық, материалдық залал мен дене жарақаты үшiн жауап бермейдi.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерінiң өкiлеттiгiн асыра пайдаланып күш жұмсауы, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдануы заңда белгiленген жауаптылыққа әкелiп соғады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2002.07.04 N 335 Заңымен.

      11-бап. Күш жұмсау

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерiнiң күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетiне және меншiгiне қауiп төндiретiн қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықты тыйып тастау, оларды жасаған адамдарды ұстау, заңды талаптарға қарсы әрекеттердi жою үшiн, егер күш жұмсалмайтын әдiстер Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiне жүктелген мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етпейтiн болса, күш жұмсауға, соның iшiнде күрестiң әскери тәсiлдерiн де қолдануға құқығы бар.

      12-бап. Арнаулы құралдарды қолдану

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерiнiң өздерi жарақтанған арнаулы құралдарды мынадай жағдайларда қолдануға құқығы бар:
      1) күзетiлетiн адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      2) Президенттiң Күзет қызметi күзететiн үйлерге, ғимараттарға, үй-жайларға, басқа да объектiлерге және көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару үшiн, сол сияқты бұл объектiлер мен құралдар басып алынған жағдайда оларды босату үшiн;
      3) атыс қаруын немесе суық қаруды, оқ-дәрiнi, жарылғыш, уыты күштi химиялық және улы заттарды заңсыз ұстап жүрген адамдарды қарусыздандыру үшiн;
      4) Президенттiң Күзет қызметiнiң қызметкерлерiне, олардың отбасы мүшелерiне не осы Қызмет күзет шараларын қамтамасыз етуге тартқан басқа адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      5) құқық бұзушыларды, Президенттiң Күзет қызметiнiң қызметкерлерiне немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне қарсылық көрсеткен немесе өздерiне жүктелген қызмет мiндеттерiн жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiрген адамдарды ұстау үшiн;
      6) кепiлге алынған адамдарды босату, күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетi мен меншiгiне және объектілерге қауiп төндiретiн жаппай тәртiпсiздiктердi, топтық әрекеттердi тыйып тастау үшiн;
      7) егер күзетiлетiн адамдарға төнген анық қатерге басқа тәсiлдермен жол бермеу мүмкiн болмаса, жүргiзушiсi Президенттiң Күзет қызметi қызметкерінiң талабын орындамаған көлiк құралын тоқтату үшiн.
      Күзетiлетiн адам тұрған жаққа қарай, сондай-ақ жүктiлiгi бiлiнiп тұрған әйелдерге, мүгедектiгi айқын көрiнiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты, олар күзетiлетiн адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн шабуыл жасаған, топталып шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайлардан басқа кезде, арнаулы құралдарды қолдануға тыйым салынады.
      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң жарағындағы арнаулы құралдар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2002.07.04 N 335, 2010.04.08 № 266-IV Заңдарымен.

      13-бап. Атыс қаруын қолдану және жауынгерлiк техниканы
               пайдалану

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерiнiң атыс қаруы мен жауынгерлiк техниканы соңғы шара ретiнде мынадай жағдайларда қолдануға құқығы бар:
      1) күзетiлетiн адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      2) Президенттiң Күзет қызметi күзететiн үйлерге, ғимараттарға, үй-жайлар мен басқа да объектiлерге және көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      3) Президенттiң Күзет қызметi қызметкерлерiне, олардың отбасы мүшелерiне, сондай-ақ осы орган күзет шараларын қамтамасыз ету үшiн тартқан басқа да адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      4) азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, сондай-ақ кепiлге алынған адамдарды, басып алынған күзетiлетiн объектiлердi, ғимараттарды және арнаулы жүктердi босату үшiн;
      5) қылмыс жасау кезiнде не тiкелей қылмыс жасағаннан кейiн үстiнен түскен, қарулы қарсылық көрсеткен адамдарды, сондай-ақ қаруын тапсыру туралы заңды талапты орындаудан бас тартқан қарулы адамды ұстау үшiн.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерiнiң атыс қаруын осыған қоса мынадай жағдайларда да қолдануға құқығы бар:
      - егер жүргiзушiсi күзетiлетiн адамдардың өмiрi мен денсаулығына анық қатер туғызса және Президенттiң Күзет қызметi қызметкерінiң талабы бойынша тоқтаудан бас тартса, көлiк құралын тоқтату үшiн;
      - хайуанаттардың шабуылынан қорғану үшiн.
      Күзетiлетiн адамдар тұрған жаққа қарай, сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепiлге адамдар алған, әуе кемесiн қолға түсiрген жағдайлардан басқа кезде, сондай-ақ қару қолдану басқа адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайда қару қолдануға тыйым салынады.
      Қазақстан Республикасы Президентi Күзет қызметiнiң қызметкерлерi қару қолданған барлық жағдайларда айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мен зардап шеккендерге дереу медициналық көмек көрсету үшiн қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
      Күш жұмсалған, арнаулы құралдар, атыс қаруы мен жауынгерлiк техника қолданылған әрбiр жағдай туралы рапорт жасалып, 24 сағат ішінде прокуратура органдарына хабарланады.
      Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң жарағындағы атыс қаруы, жауынгерлiк техника және оқ-дәрi түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2002.07.04 N 335 Заңымен.

5 тарау. Қазақстан Республикасының Президентi Күзет
қызметiнiң кадрлары

      14-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнің Күзет
               қызметiнің кадрлар құрамы

      Президенттің Күзет қызметінің кадрларын қызметкерлер мен жұмыскерлер құрайды.
      Президенттiң Күзет қызметiндегi қызмет пен жұмысқа өзiнiң моральдық және iскерлiк қасиеттерi, бiлiмi мен денсаулық жағдайы бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiне жүктелген мiндеттердi орындауға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары ерiктi негiзде қабылданады.
      Президенттің Күзет қызметінің штаттық санының лимитін Президенттің Күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Президенттің Күзет қызметі қызметкерлерінің санын осы мақсаттар үшін бөлінген қаражат шегінде Президенттің Күзет қызметінің бастығы белгілейді.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      15-бап. Қазақстан Республикасы Президентi Күзет
               қызметiнiң қызметкерлерi

      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінде қызметте тұрған адамдар Президенттің Күзет қызметінің қызметкерлері болып табылады.
      Президенттің Күзет қызметінің қызметкерлері Президенттің Күзет қызметі кадрларында немесе қолданыстағы резервте тұрады.
      Қызметкерлерді қолданыстағы резервке алу және олардың қызмет өткеру тәртібін Президенттің Күзет қызметінің бастығы белгілейді.
      Президенттің Күзет қызметі күзететін күзетілетін адамдардың, объектілер мен көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдарда және меншік нысанына қарамастан ұйымдарда олардың келісімімен белгіленген тәртіппен штаттағы лауазымдарды атқара тұру үшін Президенттің Күзет қызметінің қызметкерлері арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметте қалдырыла отырып, іссапарға жіберілуі мүмкін.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-бап. Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің
               жұмыскерлері

      Президенттің Күзет қызметі жұмыскерлерінің еңбек қызметі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      17-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет
               қызметi қызметкерлерiнiң құқықтық жағдайы

      Президенттiң Күзет қызметiнiң қызметкерлері қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде билік өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
      Президенттiң Күзет қызметiнiң қызметкерлеріне оның жеке басы мен өкiлеттiктерін растау үшiн қызмет куәлiгi мен белгiленген үлгiдегi жетон берiледi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерінің қызметтік әрекеттеріне тура және тiкелей бастықтарынан басқа ешкiмнiң де араласуына құқығы жоқ. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерінің заңды талаптарын азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi.
      Қызметкерлердің, Президенттiң Күзет қызметi қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау, олардың қызметтік мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiру, Президенттiң Күзет қызметiнiң қызметкерлерін қорлау, оларға қатысты қарсылық көрсету, қатер төндіру немесе күш көрсету, олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен абыройына, мүлкіне қол сұғу, олардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындауына кедергі жасайтын басқа да әрекеттер, сондай-ақ Президенттiң Күзет қызметi қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, абыройына және мүлкiне қол сұғу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      Заңға көрiнеу қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде Президенттiң Күзет қызметiнiң қызметкері заңды басшылыққа алуға мiндеттi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнiң қызметкерлері партияларда, өзге де қоғамдық бiрлестiктерде тұруға, сондай-ақ қандай да бiр саяси партияға қолдау көрсетуге тиiс емес.
      Қазақстан Республикасы Президентiнің Күзет қызметiнің қызметкерлері, заңнамаға сәйкес оның лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, өзге ақылы лауазымдарды атқаруға, кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшылық органының немесе қадағалау кеңесінің құрамына кіруге құқылы емес.
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметi
               қызметкерлерінің қызметтік мiндеттерi мен
               құқықтары

      1. Қазақстан Республикасы Президентi Күзет қызметiнiң қызметкерлері:
      1) алдарына қойылған мiндеттердi бiлiктiлiкпен және дәлме-дәл шешуге;
      2) кәсiптiк және құқықтық бiлiмнiң, дене күші дайындығының, арнайы және жауынгерлік даярлықтың қажеттi деңгейiн сақтап тұруға мiндеттi.
      2. Президенттiң Күзет қызметiнiң қызметкерлері өздерiнiң қызметтік мiндеттерiн атқару кезінде қолданыстағы заңнамада көзделген шектерде және тәртiппен:
      1) күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда азаматтар мен лауазымды адамдардан белгiленген тәртiптiң сақталуын талап етуге;
      2) қылмыстарды, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтарды анықтауға, олардың алдын алуға және жолын кесуге;
      3) қажет болған кезде азаматтар мен лауазымды адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге;
      4) құқық бұзған немесе қылмыстар жасаған жағдайда азаматтарды ұстауға, iшкi iстер органдарына, өзге де құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың қызметтік үй-жайларына әкелуге;
      5) ұйымдарға, ал шұғыл жағдайларда азаматтарға да тиесілі байланыс құралдарын қызмет мақсатында пайдалануға;
      6) қылмыстарды болғызбау, қылмыстар жасаған немесе олардың жасалуына күдiкті адамдарды қудалаумен ұстау үшiн, жедел медициналық жәрдем қажет адамдарды емдеу мекемелерiне жеткiзу үшiн, сондай-ақ оқиға болған жерге бару үшiн қызмет мақсатында ұйымдардың көлiк құралдарын (шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық, консулдық және өзге де өкiлдiктерiне тиесілі көлiк құралдарынан басқа) пайдалануға;
      7) егер кешеуiлдеу күзетiлетiн адамдар мен объектiлерге нақты қатер төндiруі мүмкін болса, күзетiлетiн адамдар мен объектiлерге қатер төндiретiн қылмыстардың жолын кесу кезiнде, сондай-ақ осындай қылмыс жасаудағы күдiктілерді қудалау кезінде азаматтарға тиесілі тұрғын үй-жайлар мен өзге де үй-жайларға, меншiк нысанына қарамастан, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың (шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық, консулдық және өзге де өкiлдiктерiнен басқа) аумақтары мен үй-жайларына кедергiсiз кiруге;
      8) күзетiлетiн адамдар мен объектiлердiң қауiпсiздiгi мақсатында «Жедел-iздестiру қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жедел-iздестiру iс-қимылдарын жасауға;
      9) күзетiлетiн адамдар мен объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында көлiк пен жаяу жүргiншiлердiң көшелер мен жолдардағы қозғалысын уақытша шектеуге немесе бұған тыйым салуға, азаматтарды жерлердiң жекелеген учаскелері мен объектiлерге жiбермеуге, олардың жерлердiң нақты учаскелерінде немесе объектiлерде қалуын немесе бұл учаскелер мен объектiлерден кетуiн міндеттеуге құқығы бар.
      Қазақстан Республикасы Президентiнің Күзет қызметi қызметкерлерінiң дене күшін, арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлiк техниканы қолдануы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерін олардың қызметтік мiндеттерiне қатысы жоқ функцияларды орындау үшін тартуға тыйым салынады.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      19-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi
               қызметкерлерінің жеке қауiпсiздiгi мен құқықтық
               қорғалу кепiлдiктерi

      Президенттiң Күзет қызметiнiң қызметкерi қызметтік мiндеттерiн атқару кезінде оны әкiмшiлiк ұстауға, сондай-ақ жеке қарап-тексеруге, оның өзiмен алып жүрген заттарын, пайдаланатын қызметтік көлiк құралдарын қарап-тексеруге жол берiлмейдi.
      Президенттің Күзет қызметі қызметкерінің денсаулығы мен мүлкіне келтірілген залал, сондай-ақ Президенттің Күзет қызметі қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты оның отбасы мүшелері мен жақын туыстарының денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залал бюджет қаражатынан толық көлемiнде өтеліп, кейiннен залал келтірген адамнан толық көлемде өндiрiлiп алынады. Залалды өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      20-бап. Қазақстан Республикасы Президентінiң Күзет
               қызметi қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi

      Ескерту. 20-бап алып тасталды - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6 тарау. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiн
қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      21-бап. Қазақстан Республикасы Президентi Күзет
               қызметiнiң жұмысын қаржыландыру

      Ескерту. 21-бап алып тасталды - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      22-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет
               қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Республика Президентiнiң Күзет қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық жабдықтау органдары, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi мен Президенттiң Әкiмшiлiгiнiң жанындағы Шаруашылық басқармасы арқылы, сондай-ақ кәсiпорындармен, мекемелермен және ұйымдармен әрi соның iшiнде шетелдiк ұйымдармен тiкелей шарттар бойынша жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң қарауындағы жер учаскелерi, үй-жайлар, ғимараттар, жабдықтар мен  басқа да мүлiк мемлекет меншiгi болып табылады.

7 тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер

      23-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет
               қызметінің жұмысына бақылау жасау

      Президенттiң Күзет қызметiнiң жұмысын Қазақстан Республикасының Президентi бақылайды, ол тексерушi органдарды тағайындайды, олардың мақсатын, мiндеттерi мен өкiлеттiгiн айқындайды, бақылау нысандары мен оларды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi.
      Президенттiң Күзет қызметi мен оның жұмысы туралы ақпарат Қазақстан Республикасының Президентiне табыс етiледi.
      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2002.07.04 N 335 Заңымен.

      24-бап. Прокурорлық қадағалау

      Президенттiң Күзет қызметiнiң жұмысында Қазақстан Республикасы заңдарының қолданылуын қадағалауды бас прокурор мен ол арнайы уәкiлдiк берген прокурорлар жүзеге асырады.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.

      25-бап. Осы Жарлықты жүзеге асыру мен күшiне енгiзу
               тәртiбi

      Ескерту. 25-бап алынып тасталды - ҚР 2002.07.04 N 335 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi