Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы

Қазақстан Республикасының заңы 1992 жылғы 2 шілде N 1489-ХІІ

Жаңартылған

       Ескерту. Мәтiнде "бөлiм" деген сөздiң алдындағы "I - IX" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 9" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      Тарихи-мәдени мұра халықтың тарихи тағдырының аса маңызды айғағы ретінде, оның бүгінгі және болашақта дамуының негізі және сөзсіз шарты ретінде, бүкіл адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және осы Заңмен белгіленетін міндеті болып табылады.

  1 бөлім. Жалпы ережелер

       1-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны
             қорғау және пайдалану туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       2-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны
             қорғау және пайдалану туралы заңдарының 
             мақсаты мен міндеттері

      Осы Заңның мақсаты тарихи-мәдени мұраның сақталуын және сабақтас дамуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарды реттеу, атап айтқанда: 
      - тарихи-мәдени мұра ұғымын анықтау, оны қорғау және пайдалану; 
      - тарихи-мәдени мұра объектілерінің құқылық мәртебесін баянды ету; 
      - мемлекеттік өкімет органдарының, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ жекелеген адамдардың тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы қоғам мен халық алдындағы құқықтары мен міндеттерін регламенттеу; 
      - мемлекеттік органдардың тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы құзыретінің ара-жігін ашу; 
      - тарихи-мәдени мұраға тікелей немесе жанама түрде зиян келтірушілердің іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін жауапкершілік шараларын белгілеу болып табылады.

       3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

       Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) тарихи-мәдени мұра - мемлекеттiк маңызы бар және осыған орай өзге мемлекеттерге беру құқығынсыз тек қана Қазақстан Республикасына тиесiлi болатын тарихи-мәдени құндылықтар жиынтығы;
      2) тарихи-мәдени мұра объектiлерi - кескiн, мүсiн туындыларымен байланысты, соның iшiнде жылжымайтын мүлiк объектiлерiмен байланысты жылжымайтын мүлiк объектiлерi; сәндiк-қолданбалы өнер объектiлерi; ғылым мен техника объектiлерi және материалдық мәдениеттiң тарихи оқиғалар нәтижесiнде туындаған, тарих, археология, сәулет, қала құрылысы, өнер, этнология немесе антропология, әлеуметтiк мәдениет тұрғысында құндылығы бар өзге де заттары; тарихи-сәулет, көркемдiк, ғылыми және мемориалдық жағынан құнды, елiмiздiң тарихы мен мәдениетi үшiн ерекше маңызы бар объектiлер. Тарихи-мәдени мұра объектiлерi осы Заңға сәйкес мынадай түрлерге бөлiнедi: қала құрылысы және сәулет ескерткiштерi; археология ескерткiштерi;
      3) археология ескерткiштерi - қала орындары, қорғандар, ежелгi қоныстардың, бекiнiстердiң, өндiрiстердiң орындары, арналардың, жолдардың сiлемдерi, ежелгi көму орындары, тас мүсiндер, жартастағы бейнелер, көне заттар, ежелгi елдi мекендердiң тарихи мәдени қабатының учаскелерi;
      4) қала құрылысы мен архитектура ескерткiштерi - сәулет ансамбльдерi мен кешендерi, тарихи орталықтар, махаллалар, алаңдар, көшелер, ежелгi жобалар мен қалалар құрылыстарының және басқа да елдi мекендердiң орындары; азаматтық, тұрғын үй, өнеркәсiп, әскери, ғибадат ету сәулетiнiң, халық сәулетшiлiгінiң құрылыстары, сондай-ақ олармен байланысты монументтiк сәндiк, қолданбалы және саяжай-бақ өнерiнiң туындылары, табиғи ландшафтар;
      5) тарих және мәдениет ескерткiштерi - аталған құрылыстармен, үйлермен және ғимараттармен тарихи орныққан аумақтары бар жекелеген құрылыстар, үйлер мен ғимараттар, тарихи, ғылыми, көркем және өзге де мәдени құндылық болып табылатын мемориалдық үйлер, махаллалар, мазарлар, кесенелер мен жекелеген жерлеу орындары, монументтiк өнер туындылары, Тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң Мемлекеттiк тiзiмiне енгiзiлген және реставрациялаудың әлеуеттi объектiлерi болып табылатын тас мүсiндер, жартастағы бейнелер, археология ескерткiштерi, ғылым мен техника объектiлерi, антропология, этнография, фольклор, нумизматика, эпиграфика, фотосурет материалдары, кинофильмдер, әдебиет пен өнер туындылары, мұрағат, қолжазба құжаттары, манускрипт кiтаптар, көне құнды және сирек кездесетiн басылымдар, жәдiгерлер мен мемориалдық сипаттағы заттар;
      6) алдын ала есепке алу тiзiмi - оларға тарих және мәдениет ескерткiштерi мәртебесiн беру мақсатында айқындалған тарихи-мәдени мұра ескерткiштерiнiң тiзiмi.
       Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       4-бап. Тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау және
             пайдалану

      Тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау, сақтау және пайдалану:
      - тарихи-мәдени мұраларды анықтауға, зерттеу мен насихаттауға;
      - тарихи-мәдени қазыналарға тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін белгілеуге; 
      - ескерткіштерді құртып-жоюдан, жүгенсіздікпен қиратудан, бұрмалаудан, әдейі адастырудан, өңін айналдырудан, орынсыз өзгерістер енгізуден, тарихи орнынан алып тастаудан қорғауды қамтамасыз етуге; 
      - консервациялау, реставрациялау, регенерациялау және факсимилелік басылымдар шығару жолымен ескерткіштерді сақтауға және жаңғыртуға; 
      - ескерткіштерді олардың сақталуын қамтамасыз ететін қағидаларға сәйкес күтіп-ұстауға; 
      - ескерткіштерді этнографиялық-мәдени ортаның түлеуі процесінде, сондай-ақ ғылыми және тәрбиелік мақсаттарға пайдалануға бағытталған шаралар жүйесін қамтиды. 
      Көзделіп отырған шаралар жүйесі Қазақстандағы ескерткіштер деп танылған барлық тарихи-мәдени қазыналарға, олардың түріне, сақталу дәрежесіне және кімнің меншігінде екеніне қарамастан қолданылады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       5-бап.  Тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң құқықтық мәртебесi
      Тарихи-мәдени мұра объектiлерi ескерткiштер мәртебесiн осы Заңда белгiленген тәртiппен өздерi ескерткiш деп танылған кезден бастап иеленедi.
      Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiне енгiзу туралы шешiм қабылдау үшiн құжаттар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен ұсынылады.
      Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн тарих және мәдениет ескерткiштерi деп тану оларды мiндеттi түрде жариялануға тиiстi халықаралық, республикалық және жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiнде бекiту арқылы баянды етiледi. Археологиялық ескерткiштердiң барлық түрi тарихи-мәдени және ғылыми жағынан құнды және олардың тарих және мәдениет ескерткiштерi мәртебесi болады.
      Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткiштерi, осы Заңда көзделген тәртiппен мiндеттi түрде қорғалуға және сақталуға жатады, оларды пайдаланудың, оларды меншiктену құқығын өзгертудiң және оларды құқықтық мәртебеден айырудың ерекше құқықтық режимi болады.
      Тарих және мәдениет ескерткiшiн құқықтық мәртебесiнен айыруға, оны тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiнен шығарып тастауға тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлетті органның, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның арнаулы комиссиясымен келiсiлген ұсынысы бойынша, ғылыми сараптаманың қорытындысы негiзiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен ерекше жағдайларда (дүлей зiлзала салдарынан қираған кезде) ғана жол берiледi.
      Алдын ала есепке алу тiзiмiне енгiзiлген жаңадан анықталған тарихи-мәдени мұра объектiлерi олардың мәртебесi туралы түпкiлiктi шешiм қабылданғанға дейiн, осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткiштерiмен бiрдей қорғалуы тиiс.
       Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       6-бап. <*>

       Ескерту. 6-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       7-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра
             объектілерін қорғау, сақтау және пайдалану
             жөніндегі құзыреті

      Қазақстан Республикасы тиісті органдары арқылы республика заңдарымен белгіленген тәртіппен танылған және өз аумағында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі бүкіл билікке толық ие болады. 
      Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын, бірақ басқа мемлекеттердің аумағында орналасқан ескерткіштер де қорғауға, сақтауға және пайдалануға жатады. 
      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, бірақ басқа мемлекеттердің, заңды ұйымдар мен азаматтардың меншігі болып табылатын ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану мемлекетаралық шарттарға сәйкес белгіленеді. 
      Қазақстан Республикасы қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында тұратын халықтардың тарихи-мәдени игілігі деп танылған, республикадан тыс жерлердегі мәдени қазыналарды анықтауға, есепке алуды ұйымдастыруға, сақтауға және тарихи отанына қайтаруға шаралар қолданады. 

  2 бөлім. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік
құқығын жүзеге асырудың ерекшеліктері

       8-бап. Меншік қатынастарын реттеу

      Тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік қатынастары Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексiмен  және республиканың басқа да заң актілерімен реттеледі. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығын жүзеге асырудың ерекшеліктері осы заңмен белгіленеді.
       Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       9-бап. Меншік құқығы объектілері

      Осы Заңмен белгіленген тәртіп бойынша ескерткіштер деп танылған материалдық және рухани тарихи-мәдени қазыналар ескерткіштерге меншік құқығының объектілері болып табылады.

       10-бап. Меншік құқығы субъектілері

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасы объектілеріне меншік құқығының субъектілері: Қазақстан Республикасы, әртүрлі меншік түрлеріндегі заңды ұйымдар мен Қазақстан Республикасының азаматтары бола алады.

       11-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне
              мемлекеттік меншік

      Қазақстан Республикасының аумағындағы және басқа субъектілердің меншігі болып табылмайтын барлық тарих және мәдениет ескерткіштері, сондай-ақ заңдармен белгіленген тәртіп бойынша тарих және мәдениет ескерткiштерi деп танылған археологиялық ескерткiштердiң барлық түрлерi, халық өмiрiндегi маңызды тарихи оқиғалармен байланысты естелiк орындар, қала құрылысы және сәулет ескерткiштерi, тарихи-мәдени ландшафтар тек қана Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады. <*>
      Қазақстан Республикасы қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы болып табылатын, ол үшін тарихи-мәдени құнды тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығын олардың меншік иелерімен жасалған шарттар бойынша сатып алуы мүмкін. 
      Қазақстан Республикасы атынан халықаралық және республикалық маңызы бар ескерткіштерге меншік иесі өкілеттігін тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады. 
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       12-бап. Меншік субъектілерінің құқықтары

      Меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштеріне өз бетімен құрту құқығын қоспағанда, меншік иесінің оларды меншік объектілері ретінде иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге құқығы бар. 
      Объект тарих және мәдениет ескерткіші деп танылған жағдайда меншік иесі оған меншік құқығын сақтап қалады. 
      Меншігінде тарих және мәдениет ескерткіші бар азамат, егер меншік объектісі өзіне мұрагерлік құқығы арқылы тиесілі болса және шығу тегі немесе мазмұны жағынан мұра етіп қалдырған адамның жеке басымен немесе меншік иесінің ата-бабасымен байланысты болса, ол ескерткіштің мазмұнын елу жыл мерзiмге дейiн жария етпеуді немесе зерттеу мен жария көрсетуге жол бермеуді талап етуге қақылы. 
      Меншік иесі ескерткіштерді пайдалану және іске қосу нәтижесінде пайда табуға (табыс алуға) құқылы, бұл құқық оларды қорғау жөніндегі міндеттемелермен шектеледі. 
      Қозғалмайтын ескерткіштерге меншік құқықтары өзгерген кезде, олардың аумағы жаңа меншік иесінің иелігіне тегін көшеді.
       Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       13-бап. Меншік иелерінің міндеттері

      Тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң меншiк иелерi оларды сақтау жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады және:
      1) тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға;
      2) тарих және мәдениеттiң жылжымайтын ескерткiштерiн - сол ескерткiштердiң орналасқан жерi бойынша немесе тарихтың және мәдениеттiң жылжымалы ескерткiштерiн меншiк иесiнiң тұрғылықты жерi бойынша тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркетуге;
      3) тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органды меншiк құқықтарының пайымдалып отырған немесе болған өзгерiстерi туралы хабардар етуге;
      4) тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органды тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң орналасқан жерлерiнiң пайымдалып отырған немесе болған өзгерiстерi туралы хабардар етуге, олармен тарих және мәдениет ескерткiштерiн күту және пайдалану жағдайларының өзгерiсiн келiсуге;
      5) тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен тарих және мәдениет ескерткiштерiн жөндеу, консервациялау және қалпына келтiру жөнiндегi жұмыстарды келiсуге;
      6) арнайы шарттарда белгiленген тәртiп пен шекте тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен тарих және мәдениет ескерткiшiне ғылыми, мәдени және өзге де мақсаттарда қол жеткiзудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Тарих және мәдениет ескерткiштерi меншiк иелерiнiң және оларды пайдаланушылардың мiндеттемелерi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы беретiн, меншiк иесi немесе пайдаланушы қол қоятын және санамалап көрсетiлген жалпы мiндеттемелермен қатар тарих және мәдениеттiң нақты ескерткiштерiне қатысты арнайы мiндеттемелер қамтылған тарих және мәдениеттiң жылжымайтын ескерткiштерiн қорғау туралы құжатта тiркеледi.
      Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 3) және 6) тармақшаларында көзделген мiндеттемелер тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң меншiк иелерiне және пайдаланушыларына тең дәрежеде қатысты. 
       Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       14-бап. Тарих және мәдениет ескерткiштерiне меншiк
              құқықтарынан мәжбүрлеп айыру

       Меншiк иесiнiң кiнәсiнен жойылып кету немесе бүлiну қаупiне ұшыраған тарих және мәдениет ескерткiштерiне меншiк құқықтарынан мәжбүрлеп айыру сот шешiмi негiзiнде ғана жүзеге асырылады.
      Меншiк иесi өзiне осы Заңның 13-бабымен көзделген тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiндегi мiндеттемелердi алудан бас тартқан жағдайда, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының талап-арызы бойынша сот шешiм қабылдайды.
      Меншiк иесiн жеке меншiгiндегi, оның тұрғын үйi немесе тұрғын жайы болып табылатын тарих және мәдениет ескерткiштерiнен мәжбүрлеп айыру Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен оған өзге тұрғын жай және шарт бойынша тиiстi өтем ақы берiлмей жүзеге асырылмайды.
      Бұл ретте, тарих және мәдениет ескерткiштерi тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның шешiмi бойынша шартпен белгiленген, ал дау туған жағдайда - сот белгiлеген мөлшерде бұрынғы меншiк иесiне өтемақы төлене отырып, мемлекет меншiгiне берiледi.
       Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       15-бап. Ескерткішке меншік құқығын сатып алу
              кезіндегі артықшылықтар

      Жалпы үлестік меншіктегі ескерткіштің бір бөлігінің меншік иелерінде осы ескерткіштің басқа бөліктерін меншігіне сатып алуға артықшылық құқығы бар. 
      Ескерткіштің басқа бөліктерін сатып алудың осы баптың бірінші тармағында көзделген артықшылық құқығы сатып алушы меншігінің ескерткіш мәртебесі болмаған ретте де қолданылады. 
      Ескерткіштерді жария сатқан кезде, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде айтылған реттерді қоспағанда, мемлекеттің оларды нарық (аукцион) бағасы бойынша артықшылықпен сатып алуға құқығы бар. Бұл реттерде мемлекетте осы баптың бірінші бөлігінде аталған меншік иелерінен кейінгі артықшылық құқығы болады. Ескерткіштерді мемлекетке беру үшін сатып алушы заңды ұйымдар мен азаматтар да рәсімделген міндеттемені табыс еткен жағдайда, мемлекет сияқты, нақ олар да осындай құқықтарға ие болады.

  3 бөлім. Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы
мемлекеттік басқару

       16-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау, сақтау және
              пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару
              органдары жүйесі

      Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды мыналар жүзеге асырады:
      - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
      - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары; 
      - тарих-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган;
      - Қазақстан Республикасының  архивтерін және құжаттамаларын басқаратын мемлекеттік органы.
       Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       17-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің
              тарихи-мәдени  мұраны қорғау және
              пайдалану саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      - тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттiң саясаттың негiзгi бағыттарын айқындайды;
      - тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi орган туралы ережені бекітеді;
      - тарихи-мәдени мұра объектілерін мемлекеттік есепке алу, сондай-ақ оларды анықтау, зертеу, күтіп-ұстау, консервациялау, реставрациялау, регенерациялау, музейге айналдыру, насихаттау және пайдалану, әкелу мен әкету тәртібін, республика меншігіндегі тарихи-мәдени мұра объектілерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысы нарықтарын белгілейді;
      тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау және сақтау ережелерiн белгiлейдi;
      тарих және мәдениет ескерткiштерiн анықтау және есепке алу тәртiбi туралы ережелерiн бекiтедi;
      тарих және мәдениет ескерткiштерiне қорғау мiндеттемелерiн беру ережелерiн белгiлейдi.
       Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       18-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
              астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар
              қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының
              құзыретi

       Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) тарих және мәдениет ескерткiштерiн анықтауды, есепке алуды, қорғауды, қалпына келтiрудi және пайдалануды қамтамасыз етедi;
      2) Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етедi;
      3) тиiстi аумақтардың экономикалық және әлеуметтiк даму жоспарларында жергiлiктi маңызы бар ескерткiштердi есепке алуды, қорғауды және қалпына келтiрудi ұйымдастыру жөнiндегi iс-шараларды көздейдi;
      4) тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсе отырып, тарих және мәдениет ескерткiштерi болып табылатын, мемлекет меншiгiндегi ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға беру туралы мәселенi шешедi;
      5) мемлекет меншiгiндегі тарих және мәдениет ескерткiштерiн пайдаланғаны үшiн жалдау ақысының ставкаларын белгiлейдi;
      6) тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсе отырып, қалаларды және басқа да елдi мекендердi жоспарлау, салу және қайта құру жобаларын әзiрлеу және бекiту кезiнде барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн анықтау, зерделеу, сақтау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын, тарихи-құрылыс тiрек жоспарларын және карта-схемаларды жасауды қамтамасыз етедi;
      7) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау мiндеттемелерiн ресiмдейдi және оларды меншiк иелерi мен пайдаланушылардың орындауын бақылайды;
      8) Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау және пайдалану туралы заңдарын бұзған лауазымды адамдарды, азаматтарды, ұйымдарды, қоғамдық бiрлестiктердi жауапкершiлiкке тарту туралы өтiнiш жасайды;
      9) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органына тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау жөнiнде комиссиялар құру туралы ұсыныстар енгізедi;
      10) тарихи-мәдени мұра объектiлерiн анықтау, есепке алу, қорғау жөнiнде жұмыс жүргiзедi;
      11) тарих және мәдениет ескерткiштерi мен оларды қорғау аймақтары бойынша жұмыстардың барлық түрлерiне ғылыми-жобалық құжаттаманы, жоспарлау, салу және қайта жөндеу жобаларын қарайды және келiседi;
      12) мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсе отырып, тарих және мәдениет ескерткiштерi мен тарих және мәдениет ескерткiштерiмен байланысты қоршаған орта объектiлерiн қорғау мен пайдалануды жүзеге асырады.
      Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өз аумағында:
      1) азаматтар мен ұйымдардың тарих және мәдениет ескерткiштерiн қамқорлыққа алуын ұйымдастыруға жәрдемдеседi;
      2) жұртшылықты тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау және насихаттау жөнiнде iс-шараларды жүргiзуге тартады;
      3) Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етедi;
      4) тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша, тарих және мәдениет ескерткiштерiне қауiп төндiретiн құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ оларға тыйым салу туралы мәселенi шешедi;
      5) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына немесе тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға өздерiнiң құзыретi шегiнде, тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң бүлiнуiн, құлау қаупiн, оларды бұзуды жою жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      6) табиғи және өзге де экологиялық, тарихи, мәдени және ғылыми құндылығы бар объектiлердi қорғалатын табиғат, тарих және мәдениет ескерткiштерi деп жариялау туралы ұсыныстар енгiзедi.
       Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       19-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
              жөнiндегi уәкiлеттi органның құзыретi

       Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган:
      1) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау, сақтау және пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясаттың бағдарламаларын әзiрлейдi және оны қалыптастыру мен iске асыруға қатысады;
      2) тарих және мәдениет ескерткiштерiн пайдаланудың жай-күйiне және оларды күтiп ұстау тәртiбiне, сондай-ақ оларды жөндеу, реставрациялау, және консервациялау жөнiндегi жұмыстардың орындалуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады; тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау, реставрациялау және пайдалану мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлейдi және келiседi;
      3) Қазақстан Республикасы аумағындағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтау мен пайдалану ережелерiн ұстануды қамтамасыз етедi;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тарих және мәдениет ескерткiштерiне зерттеулер, жобалық және реставрациялау-консервациялау жұмыстарын жүргiзуге рұқсат құжаттарын және (немесе) лицензиялар бередi;
      5) барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң сақталуына қауiп төндiретiн қызметтi тоқтата тұрады немесе оған тыйым салады;
      6) Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтарды әкелу және әкету тәртiбi туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      7) Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау және пайдалану туралы заңдарын бұзған азаматтарды, ұйымдарды, қоғамдық бiрлестiктердi жауапкершiлiкке тарту туралы өтiнiш бередi;
      8) тарих және мәдениет ескерткiштерiн пайдаланушыларға олардың осы Заңды бұзғандығына байланысты нұсқамалар бередi;
      9) объектiлердi тарих және мәдениет ескерткiштерi деп тану туралы, сондай-ақ оларды осы мәртебеден айыру туралы қорытындылар дайындау жөнiндегі комиссияның жұмысын ұйымдастырады;
      10) мемлекет меншiгiндегi және тарих және мәдениет ескерткiштерi болып табылатын ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға беру туралы мәселенi келiседi;
      11) осы Заңды бұзған - ескерткiштердi пайдаланушыларға, азаматтарға, лауазымды адамдарға, ұйымдарға, қоғамдық бiрлестiктерге нұсқамалар жiбередi;
      12) жаңа тарих және мәдениет ескерткiштерiн салуға бақылауды жүзеге асырады. 
       Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       20-бап. Қазақстан Республикасының архивтердi және
              құжаттаманы мемлекеттiк басқару органының
              тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
              саласындағы құзыретi

       Қазақстан Республикасының архивтердi және құжаттаманы мемлекеттiк басқару органы:
      1) тарихи-мәдени мұраға қатысты тарих және мәдениеттiң деректi ескерткiштерiнiң, сирек қолжазбалардың қорларын қалыптастыруға қатысады;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк архивтерiнiң тарих және мәдениеттiң сирек қолжазбаларын, деректi ескерткiштерiн анықтау мен жинау, оларды есепке алу, қорғау, реставрациялау, пайдалану және насихаттау жөнiндегi жұмысына басшылық етедi;
      3) мемлекеттiк архивтерде тұрмаған тарих және мәдениеттiң сирек қолжазбаларының, деректi ескерткiштердiң сақталуын қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады;
      4) мамандардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң, ғалымдардың және басқа да зерттеушiлердiң мемлекеттiк архивтердегi тарих және мәдениеттiң сирек қолжазбаларын, деректi ескерткiштерiн зерттеуiне қол жеткiзудi қамтамасыз етедi.
       Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

  4 бөлім. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
саласын қаржыландыру

       21-бап. <*>

       Ескерту. 21-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

  5 бөлім. Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі пайдалану
жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қоғамдық
бірлестіктердің, кәсіпорындардың, мекемелердің,
ұйымдар мен азаматтардың қатысуы

       22-бап. Қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпорындардың,
              мекемелердің, ұйымдар мен азаматтардың
              тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
              жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қатысуы

      Кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар, оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтар ескерткіштерді насихаттауға және көпшілікке танытуға қатысып, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыруға жәрдемдеседі. 
      Тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң сақталуын қамтамасыз ету мақсатында азаматтар, ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктер оларға қамқорлық белгiлеуге құқылы.
      Қоғамдық бірлестіктер тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі қызметін өз жарғыларына (ережелеріне), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
       Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       23-бап. Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау
              қоғамының тарихи-мәдени мұраны қорғау және
              пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыруға
              қатысуы

      Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға, сақтауға және пайдалануға байланысты шараларды жүргізу ісіне халықты тартуға жәрдемдеседі, ескерткіштерді насихаттауды жүзеге асырады, өз қызметінде тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органмен бірлесіп іс-қимыл жасайды.
       Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       24-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым
              академиясының тарихи-мәдени мұраны
              қорғауға және пайдалануға қатысуы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы: 
      - тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауға, зерттеуге және тарих пен мәдениет ескерткіштерінің жинағын құрастыруға қатысады.
       Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  6 бөлім. Тарих және мәдениет ескерткіштерін
мемлекеттік есепке алу

       25-бап. <*>

       Ескерту. 25-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       26-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін халықаралық,
              республикалық және жергілікті маңызы бар
              ескерткіштер санаттарына жатқызу

      Тарих және мәдениет ескерткiштерiн есепке алуды және қорғауды тиiмдi ұйымдастыру мақсатында ескерткiштер мынадай санаттарға бөлiнедi:
      1) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзiлiк Мәдени және Табиғи Мұра тiзiмiне енген халықаралық маңызы бар тарихи, ғылыми, сәулеттiк, көркемдiк, мемориалдық тұрғыдан құнды тарих және мәдениет ескерткiштерi;
      2) бүкiл елiмiздiң тарихы мен мәдениетi үшiн айрықша маңызы бар, тарихи, ғылыми, сәулет, көркемдiк және мемориалдық тұрғыдан құнды республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi;
      3) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) тарихы мен мәдениетi үшiн айрықша маңызы бар, тарихи, ғылыми, сәулет, көркемдiк және мемориалдық тұрғыдан құнды жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi.
       Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       27-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің
              тізімін бекіту тәртібі

      ЮНЕСКО-ның Дүниежүзiлiк Мәдени және Табиғи Мұра тiзiмiне енгiзу үшiн ұсынылатын тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi ұсынады.
      Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiн тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiн тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегі уәкiлеттi органның келiсуiмен облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары бекiтедi.
       Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       28-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
              жөнiндегi уәкiлеттi органның арнаулы
              комиссиясын құрудың тәртiбi және оның құрамы

       Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн тарих және мәдениет ескерткiштерi деп тану туралы, сондай-ақ оларды мәртебесiнен айыру туралы қорытындыны әзiрлеу үшiн тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган уәкiлеттi комиссиялар құрады, олардың құрамына ғалымдар, мамандар, мәдениет пен өнер қайраткерлерi, шығармашылық одақтар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi енеді.
       Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

  7 бөлім. Тарихи-мәдени мұра объектілерін
пайдалану тәртібі

       29-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін пайдалану

      Тарихи-мәдени мұра объектілерді Қазақстан халықтарының рухани және дәстүрлерін түлету және дамыту мақсатында, сондай-ақ ғылыми және тәрбиелік мақсатта пайдаланылады. 
      Қала құрылысы және сәулет ескерткiштерiн, қалалар мен басқа да елдi мекендердiң тарих және мәдениет ескерткiштерiн пайдалану режимi тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау және пайдалану ережелерiне сәйкес облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары бекiтетiн оларды қорғау аймағы жобаларында айқындалады.
       Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       30-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға
              берудің тәртібі мен шарттары

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін ұйымдарға, қоғамдық бірлестіктерге, кәсіпорындар мен азаматтарға ғылыми, мәдени-ағарту, туристік және өзге де мақсаттар үшін пайдалануға беру осы Заңмен белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. 
      Жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi болып табылатын үйлер, ғимараттар тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен алдын ала келiсiм бойынша, олар аумақтарында орналасқан облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмi бойынша пайдалануға берiледі. 
       Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       31-бап. Музейлердің, кітапханалардың, архивтердің, оқу
              орындарының, басқа да мекемелер мен ұйымдардың
              өздері пайдаланып отырған тарих және мәдениет
              ескерткіштерінің қорғалуы мен сақталуын
              қамтамасыз ету жөніндегі қызметі

      Қорларында Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштері бар мемлекеттік музейлер, кітапханалар, архивтер, оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да мекемелер мен ұйымдар ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі қызметін осы Заңмен, сондай-ақ музей және архив қорлары туралы заңдармен белгіленген тәртіп бойынша пайдаланушылар құқығымен жүзеге асырады. 
       Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       32-бап. Тарих және мәдениет ескерткішін пайдалану
              құқығынан айыру

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланып отырған кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер ескерткіштерді өз сипаты мен мақсатына сәйкес пайдалану міндеттерін бұзып, соның салдарынан ескерткіштің жойылу немесе бүліну қаупі төнген ретте, олар ескерткішті пайдалану құқығынан айырылады. 
      Тарих және мәдениет ескерткiштерiн оның санатына қарай пайдалану құқығынан айыру, егер тарих және мәдениет ескерткiшiн пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, тарих және мәдениет ескерткiштерiн меншiк иесiнiң немесе тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының өтiнiшi негiзiнде соттың шешiмiмен ғана жүзеге асырылады.
       Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.   

       33-бап. Пайдалануға берілген жерлердегі тарихи-мәдени
              мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

      Кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер өздеріне пайдалануға берілген жердегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
       Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.   

       34-бап. Тарих және мәдениет ескерткiштерiн жөндеу,
              реставрациялау, консервациялау

       Тарих және мәдениет ескерткiштерiн жөндеу, реставрациялау, консервациялау ескерткiштердi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiскеннен кейiн және соның бақылауымен ғана жүзеге асырылады. Тарих және мәдениет ескерткiштерiн жөндеу, реставрациялау, консервациялау бюджет қаражаты, инвестициялар тарту есебiнен, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткiштерiн меншiк иелерi мен пайдаланушылардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Тарих және мәдениет ескерткiштерiн жөндеу, реставрациялау, консервациялау жөнiндегi жұмыстарды тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган беретiн, осы қызметпен айналысуға құқық беретiн лицензиялар және (немесе) арнайы рұқсат негiзiнде мамандандырылған ғылыми-реставрациялық ұйымдар, басқа да ұйымдар мен азаматтар жүргiзедi.
      Ғылыми-реставрациялық және басқа ұйымдар мен азаматтарды тиiстi жұмыстар жүргiзуге шарттар негiзiнде тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң меншiк иелерi немесе пайдаланушылар тартады.
       Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       35-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштері бар қалалар
              мен басқа да елді мекендерді жоспарлаудың,
              салудың және қайта салудың жобаларын
              тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
              жөнiндегi уәкiлеттi органмен келісу

      Қалалар мен басқа да елді мекендерді жоспарлаудың, салудың және қайта салудың жобалары, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштері бар жерді пайдалану карталары тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен келісілуге тиіс. 
       Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       36-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін
              қорғау аймақтары

      Тарих, археология, қала құрылысы және сәулет, монументтік өнер ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Заңдарымен белгіленетін тәртіп бойынша қорғалатын аймақтар, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғат ландшафты аймақтары белгіленеді. 
      Күзет аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекараларын тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) тиiстi жергiлiктi атқарушы органдары айқындайды.
      Аталған аймақтар шегінде тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның рұқсатынсыз жер өңдеу, құрылыс және басқа жұмыстарды, сондай-ақ шаруашылық қызметін жүргізуге тыйым салынады. 
      Ескерткіштерді қорғау аймақтары елді мекендердің бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлары мен құрылыс жобаларына енгізіледі. 
      Егер ескерткіштерді жапсарлас немесе қорғалатын аймақтар арқылы өтетін жолдар бойымен көліктің жүруі ескерткіштердің өмір сүруіне қатер төндіретін болса, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілiктi атқарушы органының шешімімен мұндай жолдар арқылы көліктің жүруіне шек қойылады немесе тыйым салынады.
       Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       37-бап. Тарихи-мәдени қорықтарды қорғау

      Айрықша тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени қазына болып табылатын ескерткіштер ансамбльдері мен кешендері, аумақтар тарихи-мәдени қорықтар деп жариялануы мүмкін, оларды қорғау олар туралы арнаулы Ережелер негізінде жүзеге асырылады. 

       38-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін бұзуға,
              орнын ауыстыруға, өзгертуге тыйым салу

      Қозғалмайтын тарих және мәдениет ескерткіштерін бұзуға, орнын ауыстыруға, өзгертуге тыйым салынады. 
      Объект дүлей апат салдарынан қираған және тарихи, ғылыми, көркемдік құндылығын жойған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсатымен ерекше ретте ғана бұл ережені қолдануға жол беріледі. 
      Мұндай рұқсат алған кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, қоғамдық бірлестіктер немесе азаматтар ескерткішті бұзған, орнын ауыстырған, өзгерткен кезде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шарттардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, ал тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі "уәкiлеттi орган тарих және мәдениет ескерткiштерiн ғылыми зерттеу және тіркеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге міндетті. 
      Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға байланысты шығындар ескерткіштерді бұзуға, орнын ауыстыруға немесе өзгертуге рұқсат алған кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелер мен азаматтардың есебінен жүргізіледі.
       Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       39-бап. Аумақты игеру кезінде тарихи-мәдени мұра
              объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

      Жер учаскелері бөлініп берілген кезеңде аумақтарды игерудің барлық түрінде жер пайдаланушылардың қаражаты есебінен тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс. Ескерткіштердің өмір сүруіне қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрін жүргізуге тыйым салынады. 
      Кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтар осындай жұмыстарды жүргізу барысында тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы бар археологиялық және басқа объектілерді тапқан ретте бұл туралы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органға хабарлап, одан әрі жұмыс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті. 
       Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       40-бап. Археологиялық ескерткіштерге қазба
              және барлау жұмыстарын жүргізу

      Археологиялық ескерткіштерге қазба және барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат құжаттары және (немесе) лицензиясы бар болған жағдайда ғана жол беріледі. 
      Қазақстан Республикасының аумағында тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң археологиялық және реставрациялау жұмыстарына рұқсат құжаттарын және (немесе) лицензияны облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiм бойынша тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган береді. 
      Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңды ұйымдары мен нақты адамдарының Қазақстан аумағында жүргізген археологиялық зерттеулері нәтижесінде алынған барлық материалдар мен табылған заттар ғылыми тіркеліп, өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беріледі. Олардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетілуіне тыйым салынады.
       Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       41-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін
              әкелу және әкету

      Ескерткіштерді Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және оларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

  8 бөлім. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени
мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі
заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілік және
олардың орындалуын бақылау

       42-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени
              мұра объектілерін қорғау жөніндегі
              заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраларды қорғау туралы заңдарының бұзылуына кінәлілігі әрекетінен немесе әрекетсіздігінен көрінген лауазымды адамдар мен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 
      Тарих және мәдениет ескерткiшiне немесе оның қорғау аймағына зиян келтiрген азаматтар, ұйымдар және қоғамдық бiрлестiктер тарих және мәдениет ескерткiшiн немесе оның қорғау аймағын қалпына келтiруге, ал бұл мүмкiн болмаған кезде келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өтеуге мiндеттi. Тарих және мәдениет ескерткiшiн немесе оның қорғау аймағын қалпына келтiру тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның бақылауымен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       43-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра
              объектілерін қорғау және пайдалану туралы
              заңдарының орындалуын бақылау

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы заңдарының орындалуын бақылауды:
      - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары;
      - тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган;
      - Қазақстан Республикасының архивтерін және деректемелерiн мемлекеттік басқару органы жүзеге асырады.
       Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  9 бөлім. <*>

       Ескерту. 9-бөлім алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті