Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы

Қазақстан Республикасының заңы. 1992 жылғы 2 шілде N 1489-ХІІ

Қолданыстағы

      Тарихи-мәдени мұра халықтың тарихи тағдырының аса маңызды айғағы ретінде, оның бүгінгі және болашақта дамуының негізі және сөзсіз шарты ретінде, бүкіл адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және осы Заңмен белгіленетін міндеті болып табылады.

І бөлім. Жалпы ережелер

      1-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны
             қорғау және пайдалану туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдары осы Заңды және қоғамдық қатынастардың осы саласындағы мәселелерді реттейтін басқа да заң актілерін қамтиды.

      2-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны
             қорғау және пайдалану туралы заңдарының
             мақсаты мен міндеттері

      Осы Заңның мақсаты тарихи-мәдени мұраның сақталуын және сабақтас дамуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарды реттеу, атап айтқанда:
      - тарихи-мәдени мұра ұғымын анықтау, оны қорғау және пайдалану;
      - тарихи-мәдени мұра объектілерінің құқылық мәртебесін баянды ету;
      - мемлекеттік өкімет органдарының, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ жекелеген адамдардың тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы қоғам мен халық алдындағы құқықтары мен міндеттерін регламенттеу;
      - мемлекеттік органдардың тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы құзыретінің ара-жігін ашу;
      - тарихи-мәдени мұраға тікелей немесе жанама түрде зиян келтірушілердің іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін жауапкершілік шараларын белгілеу болып табылады.

      3-бап. Тарихи-мәдени мұра

      Тарихи-мәдени мұраларға халықтың тарихи өткен кезінен, қоғамның және мемлекеттің дамуымен байланысты археологиялық объектілердің, ғимараттар мен заттардың барлық түрі, сирек кездесетін геологиялық, физиографиялық құрылымдар болып табылатын тарихи-мәдени ландшафтар, табиғаттың бірегей объектілері, тарихи, ғылыми және көркемдік жағынан құнды материалдық және рухани мәдениет туындылары жатады.

      4-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау
             және пайдалану

      Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, сақтау және пайдалану:
      - тарихи-мәдени мұраларды анықтауға, зерттеу мен насихаттауға;
      - тарихи-мәдени қазыналарға тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін белгілеуге;
      - ескерткіштерді құртып-жоюдан, жүгенсіздікпен қиратудан, бұрмалаудан, әдейі адастырудан, өңін айналдырудан, орынсыз өзгерістер енгізуден, тарихи орнынан алып тастаудан қорғауды қамтамасыз етуге;
      - консервациялау, реставрациялау, регенерациялау және факсимилелік басылымдар шығару жолымен ескерткіштерді сақтауға және жаңғыртуға;
      - ескерткіштерді олардың сақталуын қамтамасыз ететін қағидаларға сәйкес күтіп-ұстауға;
      - ескерткіштерді этнографиялық-мәдени ортаның түлеуі процесінде, сондай-ақ ғылыми және тәрбиелік мақсаттарға пайдалануға бағытталған шаралар жүйесін қамтиды.
      Көзделіп отырған шаралар жүйесі Қазақстандағы ескерткіштер деп танылған барлық тарихи-мәдени қазыналарға, олардың түріне, сақталу дәрежесіне және кімнің меншігінде екеніне қарамастан қолданылады.

      5-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің құқылық
             мәртебесі

      Тарихи-мәдени мұра объектілері осы Заңда белгіленген тәртіп бойынша өздері ескерткіш деп танылған кезден бастап ескерткіштер мәртебесін алады.
      Тарихи-мәдени қазыналарды ескерткіштер деп тану оларды міндетті түрде жариялануға тиісті тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізу арқылы баянды етіледі. Археологиялық ескерткіштердің барлық түрі әуелбастан тарихи-мәдени және ғылыми жағынан құнды әрі олардың тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі бар.
      Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткіштері, осы Заңда көзделген тәртіппен міндетті түрде қорғалуға және сақталуға жатады, оларды пайдаланудың, оларды меншіктену құқығын өзгертудің және оларды құқылық мәртебеден айырудың ерекше құқықтық режимі бар.
      Тарих және мәдениет ескерткішін құқылық мәртебесінен айыруға, оны тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастауға Қазақстан Республикасының ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік органының арнаулы комиссиясымен келісілген тиісті жергілікті өкімет органының ұсынысы бойынша, ғылыми сараптаманың қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен тек ерекше жағдайларда (дүлей апаттар салдарынан қираған немесе тарихи-мәдени құндылығын жоғалтқан кезде) ғана жол беріледі.

      6-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің түрлері

      Тарихи-мәдени мұра объектілері болып мыналар танылуы мүмкін (тұтас немесе ескертілген бөлігі):
      Материалдық тарихи айғақтар:
      1) қозғалмайтын тарихи айғақтар, оның ішінде:
      - некен-саяқ объектілер және сәулет, монументтік өнер туындылары, археологиялық сипаттағы элементтер немесе құрылымдар, эпиграфиялық материалдар, ғылым мен техника туындылары, үйлер, ғимараттар немесе тарихи немесе мемориалдық маңызы бар өзге де объектілер;
      - кешенді объектілер - қала салу өнерінің туындылары (сәулет ансамбльдері мен кешендері, тарихи қалалар мен елді мекендер, қалалардың бөліктері, махаллалар, көшелер, қала салу құрылымдарының элементтері), бау-парк өнерінің туындылары, тарихи некропольдер, тарихи аумақтар мен орындар;
      2) қозғалмалы тарихи айғақтар, оның ішінде:
      - некен-саяқ объектілер - археологиялық табылымдар, ежелгі заман заттары, қозғалмайтын ескерткіштердің бөлшектенуге ұшыраған элементтері, антропологиялық және этнологиялық материалдар, тарихи жәдігерліктер, көркемсурет (кескіндеме, графика, қолданбалы өнер, кино және фотосурет өнері) туындылары, қолжазба түріндегі және баспа бетінде жарияланған сирек кездесетін құжаттар, кино, фото және бейне, құжаттар, дыбыс жазбалары;
      - кешенді объектілер - тарихи қалыптасқан кешендер, аталған некен-саяқ объектілердің тұтас нәрсе ретінде алынған қорлары мен коллекциялары, сондай-ақ тұтас нәрсе ретінде тарихи маңызы бар құнды табиғи-ғылыми қазыналардың кешендері, қорлары мен коллекциялары.
      Материалдық емес табиғи айғақтар:
      - адамзат қауымдастығының дәстүрлері - тарихи, мәдени, діни, тұрмыстық, шаруашылық айғақтары:
      - жергілікті товарлар (диалектілер) және саны аз халықтардың тілдері, тарихи топонимдер.

      7-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра
             объектілерін қорғау, сақтау және пайдалану
             жөніндегі құзыреті

      Қазақстан Республикасы тиісті органдары арқылы республика заңдарымен белгіленген тәртіппен танылған және өз аумағында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі бүкіл билікке толық ие болады.
      Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын, бірақ басқа мемлекеттердің аумағында орналасқан ескерткіштер де қорғауға, сақтауға және пайдалануға жатады.
      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, бірақ басқа мемлекеттердің, заңды ұйымдар мен азаматтардың меншігі болып табылатын ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану мемлекетаралық шарттарға сәйкес белгіленеді.
      Қазақстан Республикасы қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында тұратын халықтардың тарихи-мәдени игілігі деп танылған, республикадан тыс жерлердегі мәдени қазыналарды анықтауға, есепке алуды ұйымдастыруға, сақтауға және тарихи отанына қайтаруға шаралар қолданады.

ІІ бөлім. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік
құқығын жүзеге асырудың ерекшеліктері

      8-бап. Меншік қатынастарын реттеу

      Тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік қатынастары "Қазақ КСР-індегі меншік туралы" Заңмен және республиканың басқа да заң актілерімен реттеледі. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығын жүзеге асырудың ерекшеліктері осы заңмен белгіленеді.

      9-бап. Меншік құқығы объектілері

      Осы Заңмен белгіленген тәртіп бойынша ескерткіштер деп танылған материалдық және рухани тарихи-мәдени қазыналар ескерткіштерге меншік құқығының объектілері болып табылады.

      10-бап. Меншік құқығы субъектілері

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасы объектілеріне меншік құқығының субъектілері: Қазақстан Республикасы, әртүрлі меншік түрлеріндегі заңды ұйымдар мен Қазақстан Республикасының азаматтары бола алады.

      11-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне
              мемлекеттік меншік

      Қазақстан Республикасының аумағындағы және басқа субъектілердің меншігі болып табылмайтын барлық тарих және мәдениет ескерткіштері, сондай-ақ заңдармен белгіленген тәртіп бойынша ескерткіштер деп танылған тарихи-мәдени ландшафтар тек қана Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.
      Қазақстан Республикасы қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы болып табылатын, ол үшін тарихи-мәдени құнды тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығын олардың меншік иелерімен жасалған шарттар бойынша сатып алуы мүмкін.
      Қазақстан Республикасы атынан халықаралық және республикалық маңызы бар ескерткіштерге меншік иесі өкілеттігін Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы, ал жергілікті маңызы бар ескерткіштерге - тиісінше жергілікті өкімет органдары жүзеге асырады.

      12-бап. Меншік субъектілерінің құқықтары

      Меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштеріне өз бетімен құрту құқығын қоспағанда, меншік иесінің оларды меншік объектілері ретінде иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге құқығы бар.
      Объект тарих және мәдениет ескерткіші деп танылған жағдайда меншік иесі оған меншік құқығын сақтап қалады.
      Меншігінде тарих және мәдениет ескерткіші бар азамат, егер меншік объектісі өзіне мұрагерлік құқығы арқылы тиесілі болса және шығу тегі немесе мазмұны жағынан мұра етіп қалдырған адамның жеке басымен немесе меншік иесінің ата-бабасымен байланысты болса, ол ескерткіштің мазмұнын 30 жыл мерзімге дейін жария етпеуді немесе зерттеу мен жария көрсетуге жол бермеуді талап етуге қақылы.
      Меншік иесі ескерткіштерді пайдалану және іске қосу нәтижесінде пайда табуға (табыс алуға) құқылы, бұл құқық оларды қорғау жөніндегі міндеттемелермен шектеледі.
      Қозғалмайтын ескерткіштерге меншік құқықтары өзгерген кезде, олардың аумағы жаңа меншік иесінің иелігіне тегін көшеді.

      13-бап. Меншік иелерінің міндеттері

      Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері оларды сақтау жөніндегі іс-әрекеттерді жүзеге асырады және:
      1) ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдануға;
      2) ескерткіштердің тұрған орнында (қозғалмайтын) немесе меншік иесінің тұрғылықты жері бойынша (қозғалатын) ескерткіштерді қорғауға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарда тіркетуге;
      3) ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға меншік құқықтарына өзгерістер жасау көзделіп отырғаны немесе жасалғаны туралы хабарлауға;
      4) ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға, ескерткіштердің тұрған орнына, күтімі және пайдаланылу жағдайларына өзгерістер жасау көзделіп отырғаны немесе жасалғаны туралы хабарлауға;
      5) ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға ескерткіштерді жөндеу, консервациялау, реставрациялау жұмыстары туралы хабарлауға;
      6) ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдармен жасалған арнайы шарттарда белгіленген тәртіп пен шек бойынша ғылыми, мәдени және басқа мақсаттарда ескерткіштерге баруды қамтамасыз етуге міндетті.
      Тарих және мәдениет ескерткіштерін меншіктенушілердің міндеттемелері меншік иесі мен ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органның уәкілі қол қойған және жоғарыда аталған жалпы міндеттемелермен қатар нақты ескерткіштерге қатысты қолданылатын арнайы міндеттемелері бар қорғау құжаттарында тіркеледі.
      Осы баптың 1, 2-тармақтарында айтылған міндеттемелер ескерткіштерді иеленушілер мен пайдаланушыларға бірдей дәрежеде қатысты.
      Иеленушілер мен пайдаланушылар осы баптың 1, 3, 6-тармақтарында айтылған іс-әрекеттерді ескерткіштерді меншіктенушілердің куәландырылған келісімінсіз жүзеге асыра алмайды.

      14-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік
              құқығынан еріксіз айыру

      Меншік иесінің кінәсінен жойылып кету немесе бүліну қаупіне ұшыраған ескерткіштерге меншік құқығынан еріксіз айыру сот шешімі негізінде ғана жүзеге асырылады.
      Жеке, ұжымдық меншік иесі осы Заңның 13-бабында көзделген ескерткіштерді қорғау жөніндегі міндеттемелерді өз мойнына алудан бас тартқан ретте ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік органның талап етуі бойынша сот шешім қабылдайды.
      Жеке меншік иесінің тұрғын үйі немесе тұрғын жайы болып табылатын ескерткіштен оны еріксіз айыруды Заңмен белгіленген тәртіп бойынша оған өзге тұрғын жай бермейінше және шарт бойынша тиісті өтем төлемейінше жүзеге асыруға болмайды.
      Бұл орайда ескерткіштерді қорғау жөніндегі міндеттемелер шарттық негізде Қазақстан Республикасының басқа Заңды ұйымдар немесе азаматына берілуге тиіс; не ескерткіш еріксіз түрде жария сатылуға тиіс. Сатуға болмайтындығы анықталған жағдайда ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік органның шешімі бойынша ескерткіштер мемлекет меншігіне беріліп, бұрынғы меншік иесіне шартпен белгіленген, ал дау туған ретте сот белгілеген мөлшерде өтем төленеді.
      Мемлекеттік органдар мемлекет меншігіндегі немесе оған келіп түскен ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме алудан бас тартқан ретте аталған ескерткіштер осы Заңға сәйкес ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етуге міндеттенетін алған өзге субъектілердің меншігіне берілуге тиіс.

      15-бап. Ескерткішке меншік құқығын сатып алу
              кезіндегі артықшылықтар

      Жалпы үлестік меншіктегі ескерткіштің бір бөлігінің меншік иелерінде осы ескерткіштің басқа бөліктерін меншігіне сатып алуға артықшылық құқығы бар.
      Ескерткіштің басқа бөліктерін сатып алудың осы баптың бірінші тармағында көзделген артықшылық құқығы сатып алушы меншігінің ескерткіш мәртебесі болмаған ретте де қолданылады.
      Ескерткіштерді жария сатқан кезде, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде айтылған реттерді қоспағанда, мемлекеттің оларды нарық (аукцион) бағасы бойынша артықшылықпен сатып алуға құқығы бар. Бұл реттерде мемлекетте осы баптың бірінші бөлігінде аталған меншік иелерінен кейінгі артықшылық құқығы болады. Ескерткіштерді мемлекетке беру үшін сатып алушы заңды ұйымдар мен азаматтар да рәсімделген міндеттемені табыс еткен жағдайда, мемлекет сияқты, нақ олар да осындай құқықтарға ие болады.

ІІІ бөлім. Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы
мемлекеттік басқару

      16-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау, сақтау және
              пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару
              органдары жүйесі

      Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды мыналар жүзеге асырады:
      - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
      - жергілікті өкімет органдары;
      - Қазақстан Республикасындағы тарих-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы;
      - Қазақстан Республикасының  архивтерін басқаратын мемлекеттік органы.

      17-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің
              тарихи-мәдени  мұраны қорғау және
              пайдалану саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      - тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, жүзеге асырады;
      - тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органдар мен құрылымдар туралы ережені бекітеді;
      - тарихи-мәдени мұра объектілерін мемлекеттік есепке алу, сондай-ақ оларды анықтау, зертеу, күтіп-ұстау, консервациялау, реставрациялау, регенерациялау, музейге айналдыру, насихаттау және пайдалану, әкелу мен әкету тәртібін, республика меншігіндегі тарихи-мәдени мұра объектілерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысы нарықтарын белгілейді.

      18-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы
              жергілікті өкімет органдарының құзыреті

      Жергілікті өкімет органдары өз аумағында:
      - тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, қорғауды, реставрациялау мен пайдалануды қамтамасыз етеді;
      - тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдардың сақталуын қамтамасыз етеді;
      - тиісті аумақтардың экономикалық және әлеуметтік даму жоспарларында жергілікті маңызы бар ескерткіштерді есепке алуды, қорғауды және реставрациялауды ұйымдастыру жөніндегі шараларды көздейді, сондай-ақ оларды өз бюджеттерінің қаражаты есебінен қаржыландырып отырады;
      - кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің ескерткіштерді қамқорлыққа алуын ұйымдастыруға жәрдемдеседі;
      - ескерткіштерді қорғау және насихаттау жөніндегі шараларды жүргізуге жұртшылықты тартады;
      - Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органымен келісе отырып, ескерткіштер болып табылатын мемлекет меншігіндегі үйлер мен ғимараттарды пайдалануға беру туралы мәселені шешеді;
      - мемлекеттік меншіктегі жергілікті маңызы бар ескерткіштерді пайдаланғаны үшін жалдау ақысы нарықтарын белгілейді;
      - қалаларды және басқа да елді мекендерді жоспарлау, салу және қайта құру жобаларын әзірлеу мен бекіту кезінде Қазақстан Республикасының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органымен келісе отырып, барлық категориядағы ескерткіштерді анықтау, зерттеу, сақтау жөніндегі шараларын орындалуын, негізге алынатын тарихи-құрылыс жоспарлары мен карта-схемалардың жасалуын қамтамасыз етеді;
      - шаруашылық-құрылыс және қорғаныс мақсатында игеруге жер учаскелерін бөлуді тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органның қорытындысы болған жағдайда ғана жүзеге асырады;
      - тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органның ұсынуы бойынша, ескерткіштерге қауіп төндіретін құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ тыйым салу туралы мәселені шешеді;
      - Қазақстан Республикасының Заңдарында көзделген өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.

      19-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны
              қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік
              органның құзыреті

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы:
      - тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бағдарламаны әзірлейді және мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асыруға қатысады;
      - ескерткіштерді пайдаланудың жай-күйі мен оларды күтіп ұстау тәртібіне, ескерткіштерді консервациялау және регенерациялау жөніндегі жұмыстардың атқарылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      - Қазақстан Республикасы аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды және пайдалану ережелерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
      - қажет болған жағдайда басқа да мүдделі ұйымдармен келісе отырып тарих және мәдениет ескерткіштеріне байланысты табиғат ескерткіштерін және айналадағы табиғи ортаның басқа да объектілерін қорғау мен пайдалануды жүзеге асырады;
      - тарих және мәдениет ескерткіштері жөніндегі зерттеулердің, жобалау және реставрациялау-консервациялау жұмыстарының кез келген түрін жүргізуге рұқсат, ашық парақтар береді;
      - барлық категориядағы ескерткіштердің сақталуына қатер төндіретін іс-әрекеттерді тоқтата тұрады немесе оларға тыйым салады;
      - мәдени қазыналарды әкелу және әкету тәртібі туралы заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      - тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану туралы заңдардың нормаларын бұзушы лауазымды адамдарды, кәсіпорындарды, мекемелерді, қоғамдық бірлестіктерді, ұйымдар мен азаматтарды жауапқа тарту туралы өтініш жасайды;
      - өзі туралы Ережеде көзделген өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.

      20-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
              саласындағы Қазақстан Республикасының
              архивтерін мемлекеттік басқару органының
              құзыреті

      Қазақстан Республикасының архивтерін мемлекеттік басқару органы:
      - тарихи-мәдени мұраны, сирек кездесетін қолжазбалар қорларын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып іске асыруға қатысады, тиісті мемлекеттік бағдарламалар әзірлейді;
      - Қазақстан Республикасы мемлекеттік архивтерінің деректі ескерткіштерді анықтау және жинау, оларды есепке алу, қорғау, реставрациялау, пайдалану және насихаттау жөніндегі жұмысына басшылық етеді;
      - мемлекеттік архивтерде тұрмаған деректі ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етуге бақылау жасауды жүзеге асырады;
      - мемлекеттік архивтердегі деректі ескерткіштерді мамандардың, бұқаралық хабарлама құралдары өкілдерінің, ғалымдар мен басқа да зерттеушілердің зерттеуіне жол ашылуын қамтамасыз етеді.

IV бөлім. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
саласын қаржыландыру

      21-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
              қорлары

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы жанынан республикалық бюджеттің қаржы қаражаттары, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау аймағында құрылыс, мелиорация, ауыл шаруашылық және басқа жұмыстарды; ескерткіштерді көруге байланысты саяхаттық-экскурсиялық шараларды; тіркелген ескерткіштердің бейнесі салынған базарлық өнім, жарналық басылымдар шығаруды; табиғи объектілер ретінде ескерткіштерді пайдалана отырып, кино, теле және бейнефильмдер түсіруді жүзеге асыратын мемлекеттік, кооперативтік, қоғамдық және басқа ұйымдардың Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен Қор туралы ережемен белгіленген мөлшерде сом және валюта түрінде бөлген проценттік қаржылары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің, азаматтардың, басқа да кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың ерікті түрде жинаған жылуы есебінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік тарихи-мәдени мұра қоры құрылады.
      Қордың есебінен:
      - тарихи-мәдени мұраны қорғау, реставрациялау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бағдарламалар;
      - реставратор-кадрларды кәсіби даярлау, реставрациялаушы ұйымдардың өндірістік базаларын нығайтып, дамыту, оларды осы заманғы техникамен, жабдықтармен және құрал-саймандармен жарақтандыру, осы ұйымдардың қызметкерлеріне әлеуметтік тұрмыстық жағдайлар жасау жөніндегі бағдарламалар;
      - Қор туралы ережеде көзделген өзге де шаралар қаржыландырылады.
      Ескерткіштерді қорғау саласындағы жергілікті бағдарламалар мен шараларды қаржыландыру үшін жергілікті өкімет органдары жергілікті бюджет қаражаты, сондай-ақ кәсіпорындардың, қоғамдық бірлестіктердің ерікті түрде бөлген қаржысы және азаматтардың жарналары есебінен ескерткіштерді қорғау қорларын құрады. Бұл орайда қаражаттың бір бөлігі тиісті облыстардың аумағындағы халықаралық және республикалық маңызы бар ескерткіштерді қорғау және реставрациялау мұқтаждары үшін жергілікті қордан мемлекеттік қорға аударылады.
      Аталған қорларға ескерткіштерді меншіктенушілер мен пайдаланушылардан жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен салыққа жатпайтын төлемдер, сондай-ақ экскурсиялық, туристік ұйымдар мен олардың кәсіпорындарынан түсетін төлемдер сомасы жергілікті өкімет органы бекіткен Қор туралы ережеге сәйкес қосылады.

V бөлім. Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі пайдалану
жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қоғамдық
бірлестіктердің, кәсіпорындардың, мекемелердің,
ұйымдар мен азаматтардың қатысуы

      22-бап. Қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпорындардың,
              мекемелердің, ұйымдар мен азаматтардың
              тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
              жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қатысуы

      Кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар, оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтар ескерткіштерді насихаттауға және көпшілікке танытуға қатысып, ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыруға жәрдемдеседі.
      Кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар мен азаматтар тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында оларды қамқорлыққа алып, ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға ескерткіштерді жөндеу, консервациялау және реставрациялау жөніндегі жұмыстарды атқаруда қаржымен және материалдық-техникалық көмек көрсете алады.
      Қоғамдық бірлестіктер тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі қызметін өз жарғыларына (ережелеріне), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

      23-бап. Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау
              қоғамының тарихи-мәдени мұраны қорғау және
              пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыруға
              қатысуы

      Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға, сақтауға және пайдалануға байланысты шараларды жүргізу ісіне халықты тартуға жәрдемдеседі, ескерткіштерді насихаттауды жүзеге асырады, өз қызметінде тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органдармен бірлесіп іс-қимыл жасайды.

      24-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым
              академиясының тарихи-мәдени мұраны
              қорғауға және пайдалануға қатысуы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы:
      - тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауға, зерттеуге және тарих пен мәдениет ескерткіштерінің жинағын құрастыруға қатысады;
      - тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органдармен және жергілікті өкімет органдарымен бірлесе отырып, азаматтық және әскери ведомстволарының игеруіне жер учаскелерін бөлген кезде ескерткіш қорғау ісінің түрлі мәселелері жөнінде қорытынды береді, солардың қаражаты есебінен қажетті іздестіру жұмыстарын жүргізеді.

VI бөлім. Тарих және мәдениет ескерткіштерін
мемлекеттік есепке алу

      25-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін
              мемлекеттік есепке алуды ұйымдастыру

      Қазақстан Республикасының аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштері, кімнің меншігіне жататындығына қарамастан, мемлекеттік есепке алынуға тиіс.

      26-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін халықаралық,
              республикалық және жергілікті маңызы бар
              ескерткіштер категорияларына жатқызу

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін есепке алу мен қорғауды тиімді ұйымдастыру мақсатында ескерткіштер халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер болып бөлінеді.

      27-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің
              тізімін бекіту тәртібі

      Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілу үшін ұсынылатын ескерткіштердің тізбесін белгіленген тәртіп бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі табыс етеді.
      Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін Қазақстан Республикасының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органының келісуімен, ескерткіштерді қорғайтын аумақтық мемлекеттік және қоғамдық органдардың ұсынысы бойынша жергілікті өкімет органдары бекітеді.
      Республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімінен объектілерді шығарып тастауға тек Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ғана жол беріледі.

      28-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
              жөніндегі мемлекеттік органдардың арнаулы
              комиссиясын құрудың тәртібі және оның құрамы

      Тарихи-мәдени қазыналарды тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану туралы, сондай-ақ оларды бұл мәртебеден әзірлеу үшін Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы уәкілдік берілген комиссия құрып, оның құрамына ғалымдар, мамандар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, шығармашылық одақтары мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енеді.

ҮІІ бөлім. Тарихи-мәдени мұра объектілерін
пайдалану тәртібі

      29-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін пайдалану

      Тарихи-мәдени мұра объектілерді Қазақстан халықтарының рухани және дәстүрлерін түлету және дамыту мақсатында, сондай-ақ ғылыми және тәрбиелік мақсатта пайдаланылады.
      Тарихи-мәдени мұра объектілерін өзге мақсатта пайдалануға тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органдардың рұқсатымен ғана жол беріледі.
      Қала құрылысы өнері мен қалалардың тарихи орталықтарының және басқа да елді мекендердің ескерткіштерін пайдалану режимі оларды қорғау аймағы жобаларында белгіленеді, бұл жобаларды Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде бекітеді.

      30-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға
              берудің тәртібі мен шарттары

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін ұйымдарға, қоғамдық бірлестіктерге, кәсіпорындар мен азаматтарға ғылыми, мәдени-ағарту, туристік және өзге де мақсаттар үшін пайдалануға беру осы Заңмен белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
      Тарих және мәдениет ескерткіштері болып табылатын үйлер, ғимараттар тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі тиісті мемлекеттік органдармен алдын ала келісім бойынша жергілікті өкімет органдарының шемімен пайдалануға беріледі.

      31-бап. Музейлердің, кітапханалардың, архивтердің, оқу
              орындарының, басқа да мекемелер мен ұйымдардың
              өздері пайдаланып отырған тарих және мәдениет
              ескерткіштерінің қорғалуы мен сақталуын
              қамтамасыз ету жөніндегі қызметі

      Қорларында Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштері бар мемлекеттік музейлер, кітапханалар, архивтер, оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да мекемелер мен ұйымдар ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі қызметін осы Заңмен, сондай-ақ музей және архив қорлары туралы заңдармен белгіленген тәртіп бойынша пайдаланушылар құқығымен жүзеге асырады.
      Оқу орындары өз бағдарламаларында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану негіздерін міндетті оқытуды қарастырады.

      32-бап. Тарих және мәдениет ескерткішін пайдалану
              құқығынан айыру

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланып отырған кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер ескерткіштерді өз сипаты мен мақсатына сәйкес пайдалану міндеттерін бұзып, соның салдарынан ескерткіштің жойылу немесе бүліну қаупі төнген ретте, олар ескерткішті пайдалану құқығынан айырылады.
      Ескерткіштерді пайдалану құқығынан айыру, егер ескерткішті пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмеген болса, ескерткішті меншіктенушінің немесе тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органның арызы негізінде соттың шешімімен ғана жүзеге асырылады.

      33-бап. Пайдалануға берілген жерлердегі тарихи-мәдени
              мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

      Кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер өздеріне пайдалануға берілген жердегі қозғалмайтын тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      34-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін
              реставрациялау, консервациялау
              және регенерациялау

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін реставрациялау, консервациялау және регенерациялау тек ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың рұқсатымен және солардың бақылауымен ғана жүзеге асырылады.
      Тарих және мәдениет ескерткіштерін реставрациялау, консервациялау және регенерациялау ескерткіштерді қорғау қорының қаражаты есебінен, сондай-ақ ескерткіштерді меншіктенушілер мен пайдаланушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Тарих және мәдениет ескерткіштерін реставрациялау, консервациялау және регенерациялау жөніндегі жұмыстарды Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы беретін осы сияқты қызметтермен айналысуға құқық беретін лицензиялар мен арнайы рұқсат негізінде мамандандырылған ғылыми-реставрациялық ұйымдар, басқа да ұйымдар мен азаматтар жүргізеді.
      Ғылыми-реставрациялық және басқа ұйымдар мен азаматтарды тиісті жұмыстар жүргізуге шарттар негізінде ескерткіштерді меншіктенушілер немесе пайдаланушылар тартады.

      35-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштері бар қалалар
              мен басқа да елді мекендерді жоспарлаудың,
              салудың және қайта салудың жобаларын
              ескерткіштерді қорғау органдарымен келісу

      Қалалар мен басқа да елді мекендерді жоспарлаудың, салудың және қайта салудың жобалары, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштері бар жерді пайдалану карталары ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдармен, жергілікті өкімет органдарымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясымен келісілуге тиіс.

      36-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін
              қорғау аймақтары

      Тарих, археология, қала құрылысы және сәулет, монументтік өнер ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Заңдарымен белгіленетін тәртіп бойынша қорғалатын аймақтар, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғат ландшафты аймақтары белгіленеді.
      Қорғалатын аймақтардың, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекараларын Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органымен келісе отырып, тиісті жергілікті өкімет органдары белгілейді.
      Аталған аймақтар шегінде ескерткіштерді қорғайтын тиісті органдардың рұқсатынсыз жер өңдеу, құрылыс және басқа жұмыстарды, сондай-ақ шаруашылық қызметін жүргізуге тыйым салынады.
      Ескерткіштерді қорғау аймақтары елді мекендердің бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлары мен құрылыс жобаларына енгізіледі.
      Егер ескерткіштерді жапсарлас немесе қорғалатын аймақтар арқылы өтетін жолдар бойымен көліктің жүруі ескерткіштердің өмір сүруіне қатер төндіретін болса, жергілікті өкімет органының шешімімен мұндай жолдар арқылы көліктің жүруіне шек қойылады немесе тыйым салынады.

      37-бап. Тарихи-мәдени қорықтарды қорғау

      Айрықша тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени қазына болып табылатын ескерткіштер ансамбльдері мен кешендері, аумақтар тарихи-мәдени қорықтар деп жариялануы мүмкін, оларды қорғау олар туралы арнаулы Ережелер негізінде жүзеге асырылады.

      38-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін бұзуға,
              орнын ауыстыруға, өзгертуге тыйым салу

      Қозғалмайтын тарих және мәдениет ескерткіштерін бұзуға, орнын ауыстыруға, өзгертуге тыйым салынады.
      Объект дүлей апат салдарынан қираған және тарихи, ғылыми, көркемдік құндылығын жойған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсатымен ерекше ретте ғана бұл ережені қолдануға жол беріледі.
      Мұндай рұқсат алған кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, қоғамдық бірлестіктер немесе азаматтар ескерткішті бұзған, орнын ауыстырған, өзгерткен кезде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шарттардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, ал тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі тиісті мемлекеттік орган ескерткіштерді ғылыми зерттеу және тіркеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге міндетті.
      Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға байланысты шығындар ескерткіштерді бұзуға, орнын ауыстыруға немесе өзгертуге рұқсат алған кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелер мен азаматтардың есебінен жүргізіледі.

      39-бап. Аумақты игеру кезінде тарихи-мәдени мұра
              объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

      Жер учаскелері бөлініп берілген кезеңде аумақтарды игерудің барлық түрінде жер пайдаланушылардың қаражаты есебінен тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс. Ескерткіштердің өмір сүруіне қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрін жүргізуге тыйым салынады.
      Кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтар осындай жұмыстарды жүргізу барысында тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы бар археологиялық және басқа объектілерді тапқан ретте бұл туралы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органға хабарлап, одан әрі жұмыс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті.

      40-бап. Археологиялық ескерткіштерге қазба
              және барлау жұмыстарын жүргізу

      Археологиялық ескерткіштерге қазба және барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат /ашық парақ/ бар болған жағдайда ғана жол беріледі.
      Республика аумағында қазба және барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы Далалық Комитетінің ұсынысы бойынша және жергілікті өкімет органдарымен келісім бойынша Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы береді.
      Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңды ұйымдары мен нақты адамдарының Қазақстан аумағында жүргізген археологиялық зерттеулері нәтижесінде алынған барлық материалдар мен табылған заттар ғылыми тіркеліп, өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беріледі. Олардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетілуіне тыйым салынады.

      41-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін
              әкелу және әкету

      Ескерткіштерді Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және оларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

ҮІІІ бөлім. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени
мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі
заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілік және
олардың орындалуын бақылау

      42-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени
              мұра объектілерін қорғау жөніндегі
              заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілік

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану туралы заңдардың бұзылуына кінәлілігі әрекетінен немесе әрекетсіздігінен көрінген лауазымды адамдар мен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Тарих және мәдениет ескерткішіне немесе оның қорғау аймағына зиян келтірген кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтар ескерткішті немесе оның қорғау аймағын бұрынғы қалпына келтіруге, ал бұл мүмкін болмаған кезде келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтеуге міндетті. Ескерткішті немесе оның қорғау аймағын қалпына келтіру ескерткіштерді тіркеудің белгіленген тәртібін сақтай отырып және ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдардың бақылауымен жүзеге асырылады.

      43-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра
              объектілерін қорғау және пайдалану туралы
              заңдарының орындалуын бақылау

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы заңдарының орындалуын бақылауды:
      - жергілікті өкімет органдары;
      - Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және
пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы;
      - Қазақстан Республикасының архивтерін мемлекеттік басқару органы жүзеге асырады.

ІХ бөлім. Халықаралық шарттар мен келісімдер

      44-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени
             мұраны қорғау және пайдалану туралы
             заңдарының және халықаралық шарттар
             мен келісімдердің арақатынасы

      Егер Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шартта немесе келісімде Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарында барынан өзгеше ережелер белгіленген болса, халықаралық шарттың немесе келісімнің ережелері қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті