Тұтынушылардың праволарын қорғау туралы

Қазақ Советтік Социалистік Pеспубликасының 1991 жылғы 5 маусымдағы Заңы

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Заңның күшін жою көзделген - ҚР 2010.05.04 № 274-IV (2010.08.18 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

МАЗМҰНЫ

      Бұл Заң тұтынушылар праволарын қорғаудың праволық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн, сондай-ақ кепiлдiктерiн баянды етедi.
      Мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдары тұтынушылардың өздерiн сапалы товарлармен, жұмыстармен және қызметтермен қамтамасыз ету жөнiндегi жеке праволарын қорғауға байланысты тиiмдi шараларды жүзеге асыруға мiндеттi.

І БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

             1-статья. "Тұтынушылардың праволарын қорғау" туралы
                 Қазақ ССР Заңының мақсаттары мен негiзгi
                 міндеттерi

      "Тұтынушылардың праволарын қорғау туралы" Қазақ ССР Заңы тұтынушы мен сатушының немесе жұмыс атқарушының, қызмет көрсетушiнiң арасындағы қарым-қатынасты реттеудi, олардың праволары мен мiндеттерiн белгiлеудi, тұтынушылардың праволарын қорғау мәселелерiн шешудi мақсат етедi және мынадай міндеттердi шешуге бағытталған:
      1. Азаматтардың заңды мүдделерiнiң дайындаушылар мен сатушылардың мүдделерiнен басымдығын мойындау.
      2. Тұтынушылардың ақпар алу, сапалы өнiм алу, сапалы товар айырбастап алу праволарын, сондай-ақ тұтынушыларға сапасыз товар сатқан жағдайда өз праволарын жүзеге асыру.
      3. Тұтынушыны оның өмiрi мен денсаулығына төнетiн хауіп-қатерден қорғау.
      4. Тұтынушылардың мүдделерiн қорғау саласында халықаралық және республикааралық ынтымақтастықты кеңейту.
      5. Тәуелсіз топтардың (тұтынушылар қоғамдарының) құрылуына және қызметiне көмектесу.

      2-статья. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар қолданылады:
      1. Тұтынушы - жеке өзi тұтыну немесе жеке меншiк шаруашылықта пайдалану мақсатында товар сатып алатын және жұмыстар мен қызметтердi пайдаланатын азамат.
      2. Сатушы - товарларды сатып алу-сату шарты бойынша өткiзетiн кәсiпорын, ұйым, мекеме немесе азамат.
      3. Дайындаушы - товарды өткiзу үшiн өндiретiн кәсiпорын, ұйым, мекеме немесе азамат.
      4. Орындаушы - жұмыс атқаратын немесе қызмет көрсететін кәсiпорын, ұйым, мекеме немесе азамат.
      5. Шарт - сапа, мерзiм, баға және сатып алу, сату, жұмыс пен қызмет жүзеге асырылатын басқа да жағдайлар туралы тұтынушы мен сатушының (орындаушының) арасындағы ауызша немесе жазбаша келiсiм.
      6. Өнiм - товарлар, жұмыстар, қызметтер.
      7. Нормативтiк-техникалық құжат - мемлекеттік стандарттар, шарттар, құрылыс нормалары мен ережелерi, мемлекеттiк фармакопея және дәрi-дәрмектердiң уақытша фармакопеялық жазбалары, техникалық шарттар, техникалық сипаттамалар, рецептура және өткiзуге жататын өнiмге, жұмысқа, қызметтерге қойылатын талаптарды бекiтетiн басқа да құжаттамалар.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      3-статья. Тұтынушылардың праволарын қорғау туралы
                 заңдар

      1. Тұтынушылардың праволары мен оларды жүзеге асыру механизмi осы Заңмен және Қазақ ССР-iнiң осы заңға сәйкес шығарылатын басқа да Заң актiлерiмен реттеледi. Z040544 , Z010142 , Z960003
      2. Қазақ ССР Министрлер Кабинетiнiң, республикалық министрлiктер мен ведомстволардың, халық депутаттары жергiлiктi Советтерiнiң нормативтiк актiлерi тұтынушылардың праволарын шектей алмайды және оларды қорғаудың кепiлдiктерiн Заңда белгiленгендегiден төмендете алмайды.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      4-статья. Бiр одақтас республиканың тұтынушылар
                 праволарын қорғау туралы заңдарын екінші
                 одақтас республикада қолдану

      1. Бiр одақтас республиканың тұтынушылар праволарын қорғау туралы заңдары екiншi одақтас республикада мынадай ережелерге сәйкес қолданылады:
      - тұтынушылардың ақпар, сапалы товар алу, сапалы товар айырбастау праволарын, сондай-ақ тұтынушының өзiне сапасыз өнiм сатқан жағдайдағы праволарын жүзеге асырудан туындайтын қатынастарға және жұмыс орындау мен қызмет көрсету туралы шарттың жағдайлары бұзылған ретте заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде басқа нәрсе көзделмеген болса, өнiмдi сатып алған жердiң Заңы қолданылады;
      - тұтынушылардың өмiрi мен денсаулығын хауiпсiздендiру правосын жүзеге асырудан туындайтын қатынастарға, сондай-ақ сапасыз өнiмiмен зиян келтiруден туындайтын мiндеттемелерге дау қаралған жердiң Заңы, ал тұтынушының өтiнiшi бойынша зиян келтiрген жердiң Заңы қолданылады.
      2. Eгep республикааралық келiсiмде (шартта) бiр одақтас республиканың заңын екiншi одақтас республикада қолданудың өзгеше ережелерi көзделген болса, республикааралық келiсiмнiң (шарттың) ережелерi қолданылады.

      5-статья. Халықаралық шарттар

      Қазақ ССР-i қатысатын халықаралық шартта тұтынушылардың праволарын қорғау туралы республикалық заңдардағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

ІІ БӨЛІМ. ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ПРАВОЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ
ҚОРҒАУ

      6-статья. Өнім тұтынушылардың праволары

      Кез келген тұтынушы:
      - тұтынудың кепiлдiк берiлген деңгейiне;
      - товарларды еркiн сатып алуға, жұмыстар мен қызметтерді пайдалануға;
      - сапалы өнiмге;
      - өнім туралы толық та шынайы хабарламаға;
      - хауiпсiз өнiмге;
      - сотқа және мемлекет уәкiлдiк берген басқа да органдарға өтiнiш жасауға;
      - тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына бірігуге;
      - келтірілген зиянды өтеттіруге құқылы.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      7-статья. Тұтынушының тұтынудың кепiлдiк берiлген
                 деңгейіне және мемлекеттің өз экономикалық
                 мүдделерін қорғауына правосы

      1. Қазақ CCP-інің барлық азаматтары кепілдік берілген тұтыну деңгейiне сәйкес келетiн түрлер мен көлемде товарлар, қызметтер және басқа игiлiктер алуға праволы.
      2. Кепiлдiк берiлген тұтыну деңгейi және соған сәйкес жан басына шаққандағы ең төменгi табыс деңгейi, оларды қараудың тәртiбi мен мерзiмi, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету шаралары Қазақ ССР заң актілерімен, сондай-ақ халық депутаттары жергілікті Советтерiнiң шешiмдерiмен тиiстi бюджеттердi бекiткен кезде жыл сайын белгiленiп отырады.
      3. Қазақ ССР Министрлер Кабинетi, атқарушы-өкімші органдар:
      - барлық азаматтарға товарлар мен қызметтердi кепiлдiк берiлген тұтыну деңгейiне сәйкес түрлер мен көлемде, жан басына шаққандағы ең төмен табыс деңгейін белгiлеген кезде есепке алынған баға бойынша сатып алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi;
      - аталған товарлар мен қызметтерді еркін сатып алуға мүмкіндік жоқ жекелеген облыстар мен қалаларда оларды нормалап бөлудi енгiзуге тиiс.
      4. Осы статьяның 3-тармағында көзделген азаматтардың праволарын қорғау азаматтың немесе тұтынушылардың қоғамдық ұйымының аудандық немесе қалалық атқару органдарының өз міндеттерін орындамағаны туралы талап қоюы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      Талапты қанағаттандырған жағдайда сот осы статьяның 3-тармағында көзделген міндеттерді заттай орындау туралы, ал товарлар мен қызметтердi кепiлдiк берiлген тұтыну көлемiнде сатып алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік болмаған жағдайда - товарлар мен қызметтің белгіленген мөлшерін аймақта қалыптасқан баға бойынша еркін сатып алуды қамтамасыз ететін көлемде ақшалай өтем төлеу туралы шешiм шығарады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      8-статья. Тұтынушының сауда қызметін және өзге де
                 қызмет көрсету саласындағы правосы

      1. Тұтынушы бөлшек сауда сатып алу-сату шартын жасау жолымен халық тұтынатын товарларды еркiн сатып алуға праволы, ол шарт бойынша сатушы (бөлшек сауда кәсіпорны, бірлестігі) басқа жақтың - тұтынушының меншiгiне сапалы халық тұтынатын товарлар беруге мiндеттенедi, оған шартта келiсiлген қызметтердi көрсетедi, сауда қызметiн көрсетудiң сапасы мен мәдениетiн қамтамасыз етедi, ал тұтынушы белгiлi бiр ақша сомасын төлеуге мiндеттенедi.
      2. Тараптардың арасында шарттың аясы, баға туралы және тараптардың бiреуi болса да келiсудi талап ететiн жағдайлар бойынша келiсiмге қол жеткен кезде бөлшек сауда сатып алу-сату шарты жасалды деп саналады.
      3. Сауда орындарының iшкi және сыртқы витриналарына бағасы көрсетiлген товарлар қою, қоғамдық тамақтандыру орындарының келушілерге ас мәзірін ұсынуы бөлшек сауда сатып алу-сату шартын жасауға ұсыныс деп танылады.
      4. Жасалғаннан кейiн жүзеге асырылатын бөлшек сауда сатып алу-сату шарттары товардың құнына қарамастан ауызша формада болады. Жүзеге асырылуы шарттың жасалу мерзiмiне тәуелсiз бөлшек сауда сатып алу-сату шарттары (алдын ала берiлетiн тапсырыстар бойынша, посылкамен сауда жасау кезiнде, жеңiл автомобильдер сату кезiнде және басқа жағдайларда) осындай шарттар үшiн белгiленген жазбаша формада жасалады.
      Тұтынушылардың праволарына Заңда немесе үлгi шартта белгіленген праволармен салыстырғанда қысым жасайтын шарттың ережелерi жарамсыз деп танылады. Егер шарттың ережелерiн қолдану нәтижесiнде тұтынушыға зиян келген болса, онда өндiрушi (сатушы) бұл зиянды толық өтеуге тиiс.
      Өндiрушi (сатушы) өндiрiстiк, не сауда қызметiндегi өз жағдайының артықшылықтарын пайдалануға байланысты келтiрген зиянды тұтынушының өндiрiп алуға правосы бар.
      5. Бөлшек сауда кәсiпорны, бiрлестiгi атқарушы-өкімші орган бекiтетiн товарлардың мiндеттi түр-түрiнiң минимумын сақтауға тиiс.
      6. Сауда орны товарлардың түр-түрiнiң минимумында көзделген товардың болмауынан шарт жасасудан бас тартқан жағдайда сауда орнына сатып алушыға товарды басқа магазиндерден сатып алу мүмкiндiгi, товардың түсуi мүмкiн уақыт туралы хабар беру мiндетi жүктеледi.
      7. Сауда қызметiн көрсету процесiнде тұтынушы мен сауда орнының қызметкерi бiр-бiрiнiң ар-намысына, қадiр-қасиетiне тимеуде, адамгершiлiк және этика нормаларын сақтауда бірдей праволы.
      Адамгершiлiк және этикалық нормаларды сақтамаған, тұтынушы  немесе сауда орнының қызметкерін қорлаған, не олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне өзгедей тiл тигiзген жағдайда кiнәлi адамдар жұрт алдында кешірiм сұрауға мiндеттi. Зардап шегушi бұл талабы орындалмаған жағдайда өз правосын қорғау үшiн сотқа немесе әкiмшiлiк комиссиясына шағынуға праволы.
      Тұтынушының жеке мүлiктiк емес праволарын бұзу сауда орнының қызметкерiне тәртiптiк , әкiмшiлiк , материалдық шаралар қолдануға, ал заңдарда көзделген жағдайда қылмыстық жауаптылыққа апарып соғады.
      Тұтынушы аталған нормаларды бұзған кезде сатушы ол туралы материалды тиiстi шара қолдану үшiн милиция органдарына немесе жұмыс iстейтiн жерiне беруге праволы.
      8. Сатушы (орындаушы) тұтынушыға өз кәсiпорнының аты мен қайда қарайтыны туралы толық және көрнекi хабарлама беруге мiндеттi.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      9-cтатья. Тұтынушының сапалы өнімге, жұмысқа және
                 қызметке правосы

      1. Тұтынушы өзiне сатушы немесе өндiрушi кемшiлiктер туралы алдын ала хабарлаған және олармен келiскен кезден басқа жағдайда сапалы товар алуға, сапалы жұмыс, қызмет орындатуға праволы.
      Тұтынушылардың праволарын қандай да болсын тiкелей немесе жанама шектеуге жол берiлмейдi.
      2. Қолданылып жүрген нормативтiк-техникалық құжаттар товарлардың, жұмыстар мен қызметтердiң сапасын анықтайтын негiз болып табылады, ал құжаттық негiз болмаған жағдайда өнiм үлгiлерi немесе осындай товарлар мен қызметтер үшiн заңдар арқылы сапаға қойылатын талаптap болып табылады.
      3. Тұтынушылардың өнiм сапасына қойылатын талаптарды нормалауға деген мүдделерiн жүзеге асыру тұтынушылар қоғамдарының, одақтарының (федерацияларының) мемлекеттiк стандарттарды немесе басқа нормативтiк-техникалық құжаттарды әзiрлеуге қатысу правосымен қамтамасыз етiледi.
      4. Тұтынушы сатып алған товарларының сапасын, ондағы бөлшектердiң түгелдiгiн, өлшемдерiн, салмағын және бағасын тексеруге, олардың ыңғайлылығын қарап көруге, сондай-ақ оларды хауiпсiз де дұрыс пайдалануды үйренуге праволы.
      Сатушы мұндай жағдайда оған бақылау-өлшеу приборларын, товарлардың бағасы туралы құжаттарды беруге, ал қажет болған жағдайда товарды сараптамаға жiберуге көмектесуге мiндеттi.
      5. Тұтынушы товарлар мен қызметтердi еркiн таңдап алуға праволы. Сатушы тұтынушының товарлар мен қызметтердi еркін таңдап алуына барынша көмектесуге мiндеттi. Тұтынушыны сапасыз товарлар мен қызметтерге, өнiмнiң өзiне керегi жоқ түрлерiне келiсiм беруге немесе тұтынушылық праволарын пайдаланудан бас тартуға мәжбүр ету мақсатымен өндiрушiнiң, сатушының өндiрiстiк, не коммерциялық қызметте өз жағдайының артықшылықтарын пайдалануына тыйым салынады.
      6. Отандық, сондай-ақ шетелдiк товарларды сатқаннан кейiн тұтынушыға товар үшiн көзделген қызмет көрсетуге кепiлдік берiлуге тиiс.
      7. Бұл правоны қамтамасыз етпегені үшін кәсіпорын немесе товарды сатқан азамат, не тиісті қызметтерді (жөндеу жұмыстары және т.б.) көрсету тапсырылған адам тұтынушының алдында жауапты болады. Товарды сатқаннан кейiнгi қызмет көрсету және оның жағдайлары туралы тұтынушығa қажeтті xабapламаны товарды сатушы, сондай-ақ тиiстi қызметтi көрсеткен адам беруге тиiс.
      8. Өндiрушi өнiмнiң, соның iшiнде жабдықтаушы бұйымдардың Қазақ ССР заңдарында, стандарттармен және өзге нормативтiк-техникалық құжаттарда белгiленген кепiлдiк берiлген мерзiм iшiнде дұрыс жұмыс iстеуiн (қолданылуын, пайдаланылуын) қамтамасыз етуге міндетті.
      9. Жабдықтаушы бұйымдардың кепiлдiк берiлген мерзiмi, егер Қазақ ССР заңдарында нормативтік-техникалық құжаттарда өзге жағдай белгіленбеген болса, негізгі бұйымның кепілдік берілген мерзімінен кем болмауға тиіс.
      10. Өндіруші пайдаланудың кепілдік берілген мерзiмiн белгiлейтін товарлар мен қызметтер бойынша тұтынушыға кепілдік берілген мерзiм iшiнде көзделген қызметтердiң бәрiн тегiн көрсету қамтамасыз етiлуге тиiс.
      11. Өндіруші өнімнің қосалқы бөлшектерін шығарып, оны қажетті мөлшерде сауда желісіне беруді, оған техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді бүкіл өндіру мерзімі ішінде, ал өндірістен алып тасталған соң өнімнің қызмет ету мерзімі ішінде, ал мұндай мерзім болмаған ретте он жыл бойы қамтамасыз етуге міндетті.
      Аталған мерзім ішінде сатушы тұтынушыға қажетті қосалқы бөлшектердің болуын қамтамасыз етуге міндетті.
      12. Дайындаушы, не сауда ұйымы өз міндеттерін орындамауы салдарынан тұтынушыға келген зиян толық өтелуге тиіс.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      10-статья. Тұтынушының сапалы товар айырбастап
                  алу правосы

      Егер белгілі бір себептермен өзінің қажеттерін қанағаттандырмайтын болса немесе қажетті қасиеттері болмаса, тұтынушы өзі сатып алған сапалы азық-түлік емес товарды айырбастауға праволы.
      Тұтынушы сапалы өнім айырбастап алуға праволы мерзім Қазақ ССР заң актілерімен белгіленеді. K990409
      Товардың түр-түсiнiң, тұтынушылық қасиеттерiнiң, пломбыларының немесе жазбаларының, товарлық немесе кассалық чегiнiң немесе сатушы тұтынушыға сатылған товармен бiрге берген басқа да құжаттардың сақталуы товар айырбастаудың мiндеттi шарты болып табылады.
      Осы статьяда аталған негiздер бойынша айырбастауға жатпайтын товарлардың тiзбесiн Қазақ ССР Министрлер Кабинетi бекiтедi.
      Айырбастау кезiнде ондай товар сатуда болмаған жағдайда тұтынушы товардың құнын қайта есептетiп, сол жерде бар товарлардың кез келген түрiн сатып алуына болады, не товардың құны мөлшерiндегi ақшаны қайтарып алуына яки тиiстi товар сатуға түсiсiмен сондай товарға айырбастап алуына болады. Сатушы товар айырбастап берудi талап еткен сатып алушыға оның сатуға түскенi туралы хабарлауға мiндеттi.

             11-cтатья. Тұтынушының өнiм туралы хабарлама алу
                  правосы

      1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға оның назарын аударған өнiмнiң бағасы, тұтыну қасиеттерi, сатып алудың заңды әдiстерi немесе оны бөлудiң жергiлiктi жерлерде қабылданған формалары, кепiлдiк мiндеттемелерi мен кiнә тағу тәртiбi, сондай-ақ өнiмдi пайдаланудың, оны сақтаудың және хауiпсiз кәдеге жаратудың әдiстерi мен ережелерi туралы қажеттi және нақты хабарлама беруге мiндеттi.
      Тамақ өнiмдерi жөнiнде құрамы, кенеулiлiгi, денсаулыққа зиянды заттардың бар-жоғы және дайындалу мерзімі туралы хабарлама берiлуге тиiс.
      Қызметтер жөнiнде де тұтынушыға орындаушының жұмыстарды атқаруы мен қызмет көрсету ережелерi туралы хабарлама берiлуге тиiс.
      2. Осы статьяның 1-тармағында көзделген хабарлама өнiмге қоса берiлетiн құжаттама, сондай-ақ маркалау, дайындалған және сатылған уақытын көрсету немесе жекелеген қызмет көрсету салаларында қабылданған өзге де әдiстер арқылы тұтынушыларға жеткiзiледi.
      Азық-түлiк товарларының, дәрi-дәрмектiң, косметикалық заттардың және уақыт өте келе тұтынушылық қасиеттерi нашарлай беруi мүмкiн басқа да өнiмнiң маркасында (этикеткасында) сатылған уақыты және белгiленген талаптарға сәйкес мұндай өнiмнiң жарамдылық мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
      Өнiмдi сатып алу әдiстерi мен бөлу формалары туралы хабарламаны тұтынушыларға олардың өтінiштерi бойынша атқарушы-өкімші органдар, сауда ұйымдарының өкiлдерi - тиiстi сауда жүйесiнiң сатушылары бередi.
      3. Кәсiпорын шығарған өнiмнiң, заңдарда көзделген реттерден басқа кезде, өндiрiстiк маркасы болуға тиiс. Өндiрiстiк марка дайындаушының атын, оның тұрған жерiн, дайындалған өнiм сай келуге тиiс нормативтiк-техникалық құжаттаманың белгiсiн қамтиды. P080277
      4. Жеке еңбек қызметiнде азаматтың өзi немесе кooперативтер дайындаған өнiмнiң патент (дайындауға рұқсат) номер және оны берген органның аты, сондай-ақ мiндеттi талаптары осы өнiмге қолданылатын мемлекеттiк стандарт көрсетiлген этикеткасы болуға тиiс.
      Аталған талаптар көрсетiлген (заңдарда көзделген реттерден басқа кезде) товар белгiсi жоқ не бөтен товар белгiсi пайдаланылған азық-түлiк және азық-түлiк емес товарларды өткізуге тыйым салынады және әкімшілік тәртіппен жергілікті бюджеттің табысына аударылатын 200 сомнан 1000 сомға дейiн штраф төлеттiре отырып товар алып қойылады.
      5. Егер өткiзiлетiн өнiм туралы дұрыс емес немесе жеткiлiктi дәрежеде толық емес хабарлама мынаған әкелiп соқса:
      - қажеттi тұтыну қасиеттерi жоқ өнiм сатып алынса - тұтынушы шартты бұзуға және өзiне келтiрілген шығынның орнын толтыруды талап етуге праволы;
      - сатып алынған өнiмдi мақсатына қарай пайдалану мүмкiн болмаса - тұтынушы ақылға сыйымды қысқа мерзім ішінде аталған хабарламаны берудi талап етуге праволы. Егер хабарлама айтылған мерзiмде табыс етiлмесе - тұтынушы шартты бұзуға және шеккен зиянның орнын толтыруды талап етуге праволы;
      - тұтынушының денсаулығына, өмiрi мен мүлкiне зиян келтiрiлсе - ол сатушыға (дайындаушыға) осы Заңның статьяларында көзделген талаптарды қоюға праволы.
      6. Құйтұрқы жарнама беру нәтижесiнде сатып алынған өнiмнен тұтынушыға келтірілген зиян жарнама берушінің толық көлемде өтеуiне жатады.
      7. Өнiм туралы дұрыс емес немесе жеткiлiктi дәрежеде толық емес хабарламадан не құйтұрқы жарнамадан келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы тұтынушының талаптарын қараған кезде тұтынушының сатып алынған өнімнің қасиеттері мен сипаттамалары туралы арнаулы таным-білімі жоқтығы туралы болжамды басшылыққа алу қажет.
      8. Атқарушы-өкімші орган жауапты қызметкерiнiң немесе сауда ұйымы өкiлiнiң - тиiстi сауда жүйесi сатушысының өнiмдi сатып алу әдiстерi немесе бөлу формалары туралы хабарлама беруден бас тартуы, не қасақана жалған хабарлама беруі әкімшілік жауаптылыққа немесе сот арқылы салынып, жергілікті бюджеттің табысына аударылатын 1000 сом мөлшеріндегі штрафқа әкеліп соғады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      12-статья. Тұтынушының өз өмірі мен денсаулығының
                  хауіпсіздігін қамтамасыз ету правосы

      1. Тұтынушы сатып алынған өнiмдi пайдалануы немесе оны сақтауы белгiленген қызмет ету мерзiмi мен жарамдылық мерзімі iшiнде өзiнiң өмiрi, денсаулығы мен мүлкi үшiн хауiпсiз болуына праволы.
      2. Азаматтардың өмiрi, денсаулығы мен мүлкi, сондай-ақ айналадағы орта үшiн өнiмнiң хауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн талаптар мiндеттi болып табылады және Қазстандарт басқармасында белгiленуге тиiс.
      Егер өнiмдi хауiпсiз пайдалану немесе оны тасымалдау мен сақтау үшiн арнаулы ережелердi сақтау қажет болса, дайындаушы (орындаушы) мұндай ережелердi әзiрлеуге, ал сатушы (орындаушы) оларды тұтынушының назарына жеткiзуге тиiс.
      3. Өнiм өндiру және өткiзу кезiнде хауiпсiздiк жөнiндегi талаптардың сақталуына бақылауды арнаулы мемлекеттiк және қоғамдық органдар (Қазстандарт басқармасы, Мемлекеттiк сауда инспекциясының, санитариялық-эпидемиологиялық станцияның, социалистiк меншiктi талан-таражға салуға қарсы күрес бөлiмiнiң территориялық органдары, тұтынушылар қоғамы) жасауға тиiс.
      4. Қазстандарт басқармасында азаматтардың өмiрiнiң, денсаулығы мен мүлкiнiң хауiпсiздiгiн, айналадағы ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар белгiленген өнiмдер, сондай-ақ азаматтардың өмiрi мен денсаулығының хауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн құралдар белгiленген тәртiппен мiндеттi түрде сертификатталуға жатады. Аталған талаптарға өнiмнiң сай келетiндiгін қуаттайтын белгiсi жоқ мұндай өнiмдi Қазақ ССР-iнде өткiзуге және пайдалануға тыйым салынады.
      5. Егер пайдаланылуы азаматтардың өмiрiне, денсаулығы мен мүлкiне, сондай-ақ айналадағы ортаға зиян келтiруi мүмкiн өнiмде хауiпсiздiк жөнiндегi мiндеттi талаптардан тұратын Қазстандарт басқармасы жоқ болса, компетенттi мемлекеттiк басқару органдары мұндай стандарттардың әзiрленуiн және күшiне енгiзiлуiн дереу қамтамасыз етуге мiндеттi.
      6. Егер өнiмнiң пайдаланылуы немесе сақталуы азаматтардың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне зиян келтiретiнi немесе зиян келтiруi мүмкiн екенi белгiлi болса, дайындаушы (сатушы) зиянды тудыратын себептер анықталғанға дейiн оны өндiрудi (өткiзудi) дереу тоқтата тұруға, ал қажет болған реттерде оны айналымнан алу және тұтынушыдан қайтарып алу жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
      7. Егер өнiмнiң хауiптi қасиеттерi туралы оны өткiзу және тұтынушының пайдалануы процесiнде белгiлi болса, онда осы статьяның 6-тармағында көзделген шаралардан басқа, дайындаушы (сатушы) ықтимал қатер, өнiмнiң хауiптi қасиеттерiнiң сипаты, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, мүлкiне немесе айналадағы ортаға зиян келтiрудiң алдын алу шаралары, ықтимал зардаптар және оларды болдырмау үшiн қажеттi iс-әрекеттер туралы тұтынушыны хабардар етуге мiндеттi.
      8. Егер өнiмнiң хауiптi қасиеттерін жою мүмкiн болмаса, дайындаушы мұндай өнiмдi өндiрiстен дереу алып тастауға мiндеттi. Дайындаушы бұл мiндеттердi орындамаған кезде компетенттi республикалық органдар, Қазақ ССР Министрлер Кабинетi (республикалық кәсiпорындар дайындайтын өнiм бойынша және республика территориясында өткiзiлетiн өнiм бойынша) мұндай өнiмдi өндiрiстен дереу алу, оны айналымнан алып тастау туралы шешiм қабылдайды. Жергiлiктi рынок үшiн шығарылатын өнiм бойынша атқарушы-өкімші орган шешiм қабылдайды.
      9. Өнiмдi қайтарып алуға байланысты тұтынушыға келтiрiлген зиян дайындаушының (сатушының) толық көлемде өтеуiне жатады.
      Егер дайындаушы (сатушы) хауiптi қасиеттерi бар өнiмдi қайтарып алу жөнiнде барлық шараларды қолданса, ол аталған өнiмдi тұтынушының пайдалана беруiне байланысты келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
      10. 6, 7, 8-тармақтарда баяндалған талаптар бұзылған ретте, егер заңдарда жауапкершiлiктiң неғұрлым жоғары мөлшерi белгіленбеген болса, дайындаушы (сатушы) өнiмнiң сапасына бақылауды жүзеге асыратын органдардың шешiмi бойынша мемлекеттiк бюджет кiрiсiне өткiзiлген өнiмнiң құны мөлшерiнде штраф төлейдi. K010155 , K970167
      11. Белгiлi бiр мерзiмнен артық пайдалану адамдардың өмiрi мен денсаулығы немесе айналадағы орта үшiн хауiп туғызатын өнiмге қызмет ету мерзiмi белгiленуге тиiс, бұл өнiмдердi одан артық пайдалануға тыйым салынады. Бұл талап тұтас өнiмге де, оның жекелеген бөлiктерiне де қолданылады.
      12. Тұтынушыға бұйымның немесе оның бөлiктерiнiң тағайындалған қызмет ету мерзiмi жол беруге болатын шектi қызмет ету мерзiмi келген кездегi iс-қимыл, ұсынылған iс-қимыл орындалмаған жағдайда болуы мүмкiн зардаптар туралы ескертiлуге тиiс.
      13. Өмiр мен денсаулық үшiн хауiп туғызатын өнiм шығарғаны үшін:
      - өнiмдi талдап-зерттеушi;
      - өнiмдi дайындаушы;
      - өмiр мен денсаулыққа хауiптi стандартты бекiткен орган;
      - өнiмдi өткiзуге рұқсат берген немесе оның сапасына сертификат берген ұйымдар;
      - хауiптi өнiмдi шығаруға немесе өткiзуге рұқсат еткен денсаулық сақтау органдары заңдарда белгiленген жауаптылыққа тартылады.
      14. Хауiпсiздiк және айналадағы ортаны қорғау жөнiндегi нормативтiк-техникалық құжаттаманың мiндеттi талаптарына сай келмейтiн өнiм қайта жасауға жiберiледi, ал ол мүмкiн болмаған жағдайда белгiленген ережелерге сәйкес жойып жiберiледi.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      13-статья. Сотқа және уәкiлдiк берiлген басқа да
                  мемлекеттік және қоғамдық органдарға шағыну
                  правосы

      Өз праволары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында азаматтар өз инициативасы бойынша сапасыз не көтерiңкi бағамен өткiзiлген өнiм (жұмыс және қызмет) өндiрушiге немесе сатушыға кiнә қойып арыз айтуға праволы. Кемшiлiктi өз еркiмен түзеуден және келген зиянды өтеуден бас тартылған жағдайда тұтынушы сотқа талап қоюға праволы. Бұл орайда талап бағасының мән-маңызы ескерiлмейдi.
      Тұтынушының сапалы өнiмге, жұмыс пен қызметке және олар туралы хабарламаның дұрыстығына правосын қамтамасыз ету үшiн сапаға бақылауды арнаулы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдар (Қазстандарт басқармасының территориялық органдары) және басқалар жүзеге асырады.
      Тұтынушылар қоғамдары (одақтары) өз функцияларын ССРО Қазстандарт басқармасы органдарымен тығыз байланыс жасай отырып жүргiзедi.
      Тұтынушыларды қорғау мынадай жолдармен жүзеге асырылады:
      - осы праволарды тану;
      - право бұзылғанға дейiнгi жағдайды қалпына келтiру және право бұзатын әрекеттердi тыйып тастау;
      - мiндетiн заттай орындауға мәжбүрлеу;
      - право қатынастарын тоқтату немесе өзгерту;
      - право бұзған адамнан келген зиянды өндiрiп алу, ал Заңда немесе шартта көзделген реттерде айып (штраф, өсiм) алу, сондай-ақ Заңда көзделген өзге де әдiстермен өтем алу.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      14-статья. Сапасыз товарлар өткiзгенi үшiн жауаптылық

      1. Егер кепiлдiк берiлген мерзiм немесе жарамдылық мерзiмi iшiнде, ал олар болмаған ретте республиканың заң актiлерiмен немесе шартпен белгiленген мерзiм iшiнде тұтынушы товардың caпасыз екенiн байқап қалса, ол өз қалауы бойынша товардың сатып алу бағасын соған сәйкес кемiтудi, не оның кемшiлiктерiн тегiн түзеп берудi немесе сапалы товарға айырбастап беруді, не келген зиянды өтей отырып шартты бұзуды талап етуге праволы.
      Кепiлдiк берiлген мерзiмдер нормативтiк-техникалық құжаттамалар немесе шарт арқылы белгiленедi және товарлар сатылған күннен бастап, ал жарамдылық мерзiмдерi дайындалған кезiнен бастап есептеледi.
      2. Тұтынушының осы статьяның 1-тармағынан туындайтын талаптары товар үшiн белгiленген кепiлдiк берiлген мерзiм iшiнде товар сатып алынған жердегi сауда ұйымына, сатушыға немесе тұтынушының тұрған жерiндегi оның өкiлiне қойылады. Кепiлдiк берiлген мерзiм белгiленбеген товарлардың кемшiлiктерi байқалған жағдайда сатып алған күндi санамағанда 14 күндiк мерзiм iшiнде немесе лабораториялық талдау арқылы, не сауда сарабынан өткізу нәтижесінде расталған жасырын ақаулар болған жағдайда және одақтық, республикалық органдар бекiткен жекелеген ережелерде айырбастау тәртiбi айтылмаған жағдайда 6 ай iшiнде талап қойылады. Одақтық товарлар (киім, тepiдeн жасалған және басқа бұйымдар) үшiн кiнә қою мерзiмi тиiстi маусым келген кезден бастап есептеледi.
      3. Өткiзiлетiн товарлардың профилiне сәйкес мемлекеттiк сауда ұйымдары мен товардың сатушысы емес тұтынушылар кооперациясының сауда ұйымдары тиiстi сауда жүйелерiнiң сатушысы - сауда ұйымдарының өкiлдерi функцияларын атқарады.
      Меншiктiң өзге формаларына негiзделген сатушы - сауда ұйымдарының өкiлдерi олар құрған, тиiстi профильдегi товарларды өткiзетiн сауда ұйымдары болады.
      Тұтынушы дайындаушыға, не өзiнiң товарларын жөндеу және оған қызмет көрсету үшiн құрған ұйымдарға немесе дайындаушымен шарт жасасу негiзiнде жөндеу жұмыстарын жүргiзiп қызмет көрсетушiге де товарды айырбастау, оның кемшiлiктерiн тегiн түзеп беру немесе оны түзеу жөнiндегi шығынның орнын толтыру туралы талап қоюға праволы.
      4. Сатушы, дайындаушы (олардың өкiлдерi) тұтынушыдан товарды қабылдап алуға мiндеттi. Товар болған жағдайда тұтынушының оны айырбастау талабы дереу қанағаттандырылуы керек, ал сапасын тексеру қажеттiгi пайда болған кезде республиканың заң актiлерiмен немесе тараптардың келiсiмiмен белгiленген мерзiм iшiнде (бiрақ 14 күннен асырмай) қанағаттандырылуы керек.
      Товар болмаған жағдайда тұтынушының айырбастау талабы тиiстi өтiнiш жасалған кезден бастап 2 ай мерзiм iшiнде қанағаттандырылуы керек.
      Осы тармақта аталған мерзiмдердi бұзған әрбiр күнi үшiн сатушы (оның өкiлi, дайындаушы) тұтынушыға айырбасталған товарды берумен бiрге товар құнының бiр процентi мөлшерiнде айып төлейдi.
      Товар айырбасталған жағдайда кепiлдiк берiлген мерзiм айырбасталған күннен бастап қайтадан есептеледi.
      5. Өндiрушi кепiлдiк берiлген пайдалану мерзiмiн белгiлейтiн товарлар бойынша тұтынушыға кепiлдiк берiлген мерзiм iшiнде көзделген барлық қызметтердiң көрсетiлуi қамтамасыз етiлуге тиiс. Бұл тиiстi сауда жүйелерi арқылы сатылған отандық товарларға да, шетелдiк товарларға да қатысты.
      6. Кепiлдiк берiлген мерзiм iшiнде көрсетiлетiн қызметтер жөнiнде тұтынушы:
      - кепiлдiк берiлген шеберханада жөнделуге немесе магазинге қайтаруға жататын көлемдi (көлемi 100 х 50 х 30) және ауыр (10 килограмнан асатын) заттар, мүлiктер апаратын жерiне және керi қарай тұтынушыға шеберхананың немесе магазиннiң күшiмен және солардың есебiнен жеткiзiлуiн, ал мұндай мүмкiндiк болмаған жағдайда берiлген есепке немесе қолданылып жүрген тарифке сәйкес тұтынушыға транспорт шығындары өтелуiн;
      - кепiлдiк беретiн шеберхана техникалық жағынан күрделi заттар жөндеуде тұрған кезiнде өзiне сондай затты жөндеу мерзiмiне тегiн пайдалануға беруiн, жеткiзiп беруiн;
      - кепiлдiк берiлген жөндеу мерзiмi сатып алушы бiрiншi рет өтiнiш жасаған кезден бастап 10 күннен аспауын;
      - кепiлдiк берiлген мерзiм сол заттың кепiлдiк беретiн жөндеуде болған уақытына ұзартылуын талап етуге праволы.
      7. Тұтынушының товар жөнделiп жатқан кезде сондай үлгiдегi (маркадағы, түрдегi) товар беру туралы талабының орындалмаған әр күнi үшiн, сондай-ақ кемшiлiктердi түзеудiң сатып алу-сату шартынан туындайтын мерзiмiн кешiктiрген әр күнi үшiн сатушы, дайындаушы (олардың өкiлдерi) тұтынушыға товардың бөлшек сауда бағасының бiр процентi мөлшерiнде айып төлейдi.
      8. Тұтынушы тұрған жерде caудa ұйымының өкiлi болмаған жағдайда ол товарды сатып алған жердегi сауда ұйымының атына немесе сатып алынған товардағы ақау туралы актiмен қосып оның өкiлiне жiберуге праволы. Бұл жағдайда сатушы тұтынушыға өнiмдегi ақауды анықтауға және товарды жөнелтуге байланысты шығындарды түгел өтеуге мiндеттi.
      9. Егер сатушы товардың кемшiлiгi тұтынушының товарды пайдалану немесе оны сақтау ережелерiн бұзуы салдарынан болғанын дәлелдесе, тұтынушының осы статьяда көзделген талаптары қанағаттандырылмайды.
      10. Тұтынушының осы статьяның 4, 6, 8-тармақтарында көзделген талаптары орындалмаған жағдайда тұтынушы өз қалауы бойынша осы статьяның 1-тармағынан туындайтын өзге талаптарды қоюға праволы. Бұл ретте кешiктiрiлген әрбiр күн үшiн төленген айып (штраф, өсiм) тұтынушыға осы статьяға сәйкес өтеуге жататын шығындардың және өзге де төлемдердің есебіне қосылмайды.
      11. Сапасыз товарды сол маркадағы (артикулдағы) товарға ауыстырған кезде баға өзгерген жағдайда құны қайта есептелмейдi.
      Сапасыз товарды сондай сабақтас белгiлерi бар, бiрақ басқа маркадағы (артикулдағы) товарға ауыстырған ретте баға өзгерген жағдайда ауыстырған кезде қолданылып, товарларда көрсетiлген бағалар басшылыққа алына отырып, құны қайта есептеледi.
      Шартты тоқтатқан кезде тұтынушымен есеп айырысу товар бағасы қымбаттаған жағдайда тиiстi талапты қойған кездегi оның бағасы, ал баға арзандаған жағдайда - сатып алу кезiндегi товар бағасы басшылыққа алына отырып жүргiзiледi.
      12. Товарды дайындаушы товарды сатушы емес сауда ұйымына тұтынушының осы статьяда көзделген талаптарын қанағаттандыруға байланысты шеккен шығынын толық көлемде өтеуге, сондай-ақ сауда ұйымына оның жұмсаған шығынының 10 процентiн қосымша төлеуге мiндеттi.

      15-cтатья. Сапасыз өнiммен келтiрiлген залал үшiн
                  мүлiктiк жауаптылық

      1. Өнiмде конструкторлық өндiрiстiк, рецептiк және өзге де кемшiлiктердiң болуы себептi азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне келтiрiлген залал, егер Қазақ ССР заңдарында жауаптылықтың әлдеқайда жоғары мөлшерi көзделмеген болса, толық көлемiнде өтеуге жатады. K990409
      2. Атқарушымен немесе сатушымен шарттық қатынаста болған-болмағанына қарамастан кез-келген залал шеккен тұтынушының сапасыз өнiммен келтiрiлген залалды өтеудi талап ету правосы танылады.
      Егер нормативтiк-техникалық құжаттамада көзделген қызмет мерзiмi iшiнде, ал ондай жоқ болған ретте - өнiм дайындаған кезден бастап 10 жыл iшiнде тұтынушының өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне залал келтiрiлсе, ол өтеуге жатады.
      3. Товардың кепiлдi мерзiмi немесе жарамдылық мерзiмi iшiнде, ал ол жоқ болған ретте, осы Заңның 14-статьясының 1-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде анықталған кемшiлiктерi салдарынан келтiрiлген залал осы товарды сатушының немесе оны дайындаушының өтеуiне жатады.
      Товардың кепiлдi мерзiмi бiткеннен кейiн анықталған кемшiлiктер салдарынан келтiрiлген залал осы товарды дайындаушының өтеуiне жатады.
      Жұмыстың және қызметтiң кемшiлiктерi салдарынан келтiрiлген залал атқарушының өтеуiне жатады.
      Егер сатушы, дайындаушы, атқарушы залал тұтынушының өнiмдi пайдалану немесе сақтау ережелерiн бұзуы салдарынан болғанын дәлелдесе, жауаптылықтан босатылады.
      4. Осы статьяның 1-тармағында көрсетiлген товармен келтiрген залалды өтеу туралы сот шешiм шығарған ретте, залал келтiрген товардың бүкiл партиясын айналымнан алу, ал қажет болған жағдайларда - тұтынушылардан керi қайтарып алу мәселесi де қаралады.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      16-статья. Жұмыстар орындау және қызметтер көрсету
                  туралы шарттардың жағдайларын бұзғаны үшiн
                  жауаптылық

      1. Егер өндiрушi шартты орындауға дер кезiнде кiрiспесе немесе жұмысты белгiленген мерзiмге қарай бiтiру мүмкiн болмайтындай өте баяу жүргiзетiн болса, тұтынушы (тапсырыс берушi) жұмыстарды орындау және қызметтердi көрсету туралы шартты бұзып, шығынның орнын толтыруды талап етуге праволы (Арнаулы шартта ескертiлген жағдайдан басқа кезде).
      2. Егер жұмысты орындау немесе қызмет көрсету кезiнде ол шарттың жағдайларына сәйкес орындалмайтыны белгiлi болса, тапсырыс берушi орындаушыға кемшiлiктердi түзеу үшiн тиiстi мерзiм тағайындауға, ал бұл талап тағайындалған мерзiмде орындалмаған ретте шартты бұзуға, не шығынның орнын толтыруды талап етуге немесе үшiншi адамға өндiрушiнiң есебiнен кемшiлiктердi түзеудi тапсыруға праволы.
      3. Егер өндiрушi орындалған жұмыстың сапасын нашарлата отырып шарттың жағдайларынан шегiнетiн болса не өзге кемшiлiкке жол берсе, тапсырыс берушi өз таңдауы бойынша аталған кемшiлiктердi өз қаржысымен тегiн түзетудi немесе жұмыс (қызмет) үшiн төленетiн ақыны соған сәйкес азайтуға праволы.
      4. Осы статьяның 2, 3-тармақтарына сәйкес белгiленген кемшiлiктердi жою мерзiмi шарт жасасқан кезде, сондай-ақ кемшiлiктер анықталған кезде қосымша көрсетiлуi мүмкiн.
      Белгiленген мерзiмде кемшiлiктердi жоймаған, сондай-ақ жұмысты (қызметтi) бастау және аяқтау мерзiмiн өткiзiп алған жағдайда атқарушы жұмысты (қызметтi) қабылдап алумен қатар тұтынушыға Қазақ ССР заңдарында немесе шартта көзделген кешiктiрiлген әрбiр күн үшiн айып (штраф, өсiм) төлейдi. K990409
      Орындалған жұмыстағы кемшiлiктердi жою мерзiмiн өткiзiп алған жағдайға белгiленген кешiктiрiлген әрбiр күн үшiн айып (штраф, өсiм) өтелуге жататын шығынның есебiне қосылмайды.
      Егер атқарушы мерзiмдi өткiзiп алу тұтынушы кiнәсiнiң салдарынан болғанын дәлелдесе жұмысты (қызмет көрсетудi) орындауды және кемшiлiктердi жоюды бастау және аяқтау мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн жауапты болмайды.
      5. Жұмыстарда (қызметтерде) шарттан елеулi шегiнiс жасалған болса немесе өзге не елеулi кемшіліктер болса, тапсырыс берушi шартты бұзуды және шығынның орнын толтыруды талап етуге праволы.
      6. Тұрмыстық тапсырыс шарты бойынша тапсырыс берушiнiң материалынан дайындалған өнiмнен шарттан елеулi шегiнiс немесе басқа да елеулi кемшiлiктер байқалған болса, тапсырыс берушi өз таңдауы бойынша сапасы тап сондай бiрдей материалдан басқа өнiм дайындауды, не шартты бұзып, шығынының орнын толтыруды талап етуге праволы.
      7. Eгep кемшiлiк тапсырыс берушiнiң кiнәсiнен болғанын дәлелдеп шықса, өндiрушi орындалған жұмыстар мен көрсетiлген қызметтердегi кемшiлiктерге жауапты болмайды.
      8. Шарттың жағдайларынан шегiну және өнiмдi қабылдаудың кәдiмгi әдiсi кезiнде байқалмайтын жұмыстың басқа да кемшiлiктерi туралы тапсырыс берушi орындаушыға олар байқалғаннан кейiн дереу хабарлауға мiндеттi.
      9. Тапсырыс берушiнiң осы статьяда көзделген талаптары кемшiлiктердiң кепiлдiк берiлген мерзiм немесе тараптар үшiн мiндеттi ережелермен немесе шартпен белгiленген өзге мерзiмдер iшiнде байқалған жағдайда қанағаттандырылуы керек.
      10. Егер орындаушы шартқа сәйкес мiндеттемелерiн орындамаса, не дұрыс орындамаса, онда ол тапсырыс берушiге шартта белгiленген айып (штраф, өсiм) төлейдi және айып (штраф, өсiм) жаппаған шығынның орнын толтырады.
      11. Орындаушының мерзiмдi кейiнге қалдырғаны немесе мiндеттеменi өзгедей жолмен дұрыс орындамағаны үшiн белгiленетiн айыпты (штрафты, өсiмдi) төлеуi оны мiндеттеменi заттай орындаудан босатпайды.
      12. Егер жағдай заттың тапсырыс берушi ескертпеген ерекше қасиеттерiнен пайда болғанын дәлелдей алмайтын болса, орындаушы жұмыс орындау немесе қызмет көрсету үшiн өзi тапсырыс берушіден қабылдаған заттың жоғалуына, бұзылуына немесе зақымдануына байланысты пайда болған шығынды рыноктық құны бойынша өтеуге мiндеттi. Жұмыс орындау және қызмет көрсету үшін өзi тапсырыс берушiден қабылдаған заттың ерекше қасиеттерiн анықтауға ғылыми және техникалық ғылым-бiлiм деңгейi мүмкiндiк бермеген болса, орындаушы жауаптылықтан босатылмайды.
      13. Орындаушы қасиеттерiн бiлетiн-бiлмейтiнiне қарамастан материалдар, жабдықтар, приборлар, құрал-сайман, тетiктер пайдалануға немесе қызмет көрсетуге байланысты тапсырыс берушiнiң өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне келген зиян үшiн орындаушы жауапты болады.
      14. Егер тұтынушы қызмет көрсетушiнi үйге шақырған кезде алдын ала ескертпестен қызметтен бас тартса, тұтынушы шақырғаны үшiн ақы төлейдi.
      Егер қызмет көрсетушi тұтынушыға ескертпеген және тағайындалған уақытта үйге келмеген болса, қызмет көрсетушi тұтынушыға келген зиянды өтейдi.
      15. Жұмысты орындау және қызмет көрсету туралы шарттың талаптары бұзылуының осы статьяны қолдануға жатпайтын салдары Қазақ ССР заң актiлерi бойынша белгiленедi. K990409
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      17-статья. Шарттың тұтынушының праволарына қысым
                  жасайтын жағдайларының жарамсыздығы

      Шарттың тұтынушылардың праволарын қорғау туралы заңдармен белгiленген праволармен салыстырғанда тұтынушының праволарына қысым жасайтын жағдайлары жарамсыз деп танылады. Егер шарттың тұтынушының праволарына қысым жасайтын жағдайларын қолдану нәтижесiнде оған зиян келген болса, онда бұл зиянды дайындаушы (орындаушы, сатушы) толық өтеуге тиiс.

      18-cтатья. Моральдық залалды өтеу

      Азаматтың тұтынушылардың праволарын қорғау туралы заңда көзделген праволарын бұзу салдарынан келтiрiлген моральдық залал кiнәсi болған ретте, егер Қазақ ССР заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген болса, сот белгiлеген мөлшерде залал келтiрушiнiң өтеуiне жатады. K990409
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      19-cтатья. Өнiмнiң, жұмыстың және қызметтің сапасын
                  мемлекеттiң қамтамасыз етуi мен бақылауы

      1. Министрлер Кабинетi, министрлiктер мен ведомстволар, халық депутаттарының жергiлiктi Советтерi өз компетенциясы шегiнде тұтынушылардың праволары мен заңды мүдделерiн қорғау саясатын әзiрлеуге және белсендi түрде жүргiзуге мiндеттi.
      2. Тұтынушылардың праволарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында осы статьяның 1-тармағында аталған басқару органдары мынадай функцияларды жүзеге асыруға мiндеттi:
      - рынокты товарлармен, жұмыстармен және қызметтермен молықтыруға экономикалық және әкiмшiлiк шаралармен ықпал ету, өндiрушiлердiң арасында, сондай-ақ товарлармен қызметтер өткiзетiн ұйымдар мен адамдардың арасында кiнәратсыз бәсекелестiктi кеңiнен дамыту;
      - тұтынушыларға өзiнiң экономикалық құралдарын барынша тиiмдi пайдалану мүмкiндiгiн жасау жөнiндегi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыру;
      - дайындаушы-кәсiпорындар мен сауда ұйымдарының товарлар сатылғаннан кейiн өндiрiлген товарлардың дұрыс қызмет көрсетуiне және қосалқы бөлшектердiң болуына бақылауды қамтамасыз ету;
      - тұтынушыларға арналған товарлар мен қызметтердi тиiмдi бөлу жөнiндегi шараларды әзiрлеп, жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, азаматтардың жекелеген категорияларына Қазақ ССР-i заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен сауда қызметiн немесе өзге қызмет көрсетуде жеңiлдiктер мен артықшылықтар беру; Z050039
      - товарлар мен қызметтердiң хауiпсiздiгi мен сапасы туралы нормалар мен ережелердi мезгiл-мезгiл қайта қарап, олардың жалпы жұрт таныған халықаралық нормаларға сай келуiн қамтамасыз ету үшiн шаралар қолдану;
      - негiзгi тұтыну товарлары мен қызметтерiнiң хауiпсiздiгi, сапасы және техникалық сипаттамалары туралы куәлiктер беру тәртiбiн белгiлеу;
      - пестицидтер мен химикалийлердiң дұрыс сақталуы мен пайдаланылуына бақылау жасау, олардың бар екендiгi туралы ақпарды товарлардың маркаларына енгiзу тәртiбiн белгiлеу; Z070302
      - халықты тұтыну товарлары мен қызметтерiнiң барлық қырлары бойынша жан-жақты хабарламамен қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану, халықтың мәдени дәстүрлерiн ескере отырып, тұтынушыларды ағарту мен хабардар етудiң жалпы бағдарламаларын әзiрлеудi қамтамасыз ету;
      - тұтынушылардың мүдделерiн қорғау жөнiндегi саясатты жүзеге асыруда басқа одақтас республикалармен және шет елдермен ынтымақтастықты дамыту және нығайту;
      - қоғамдық ұйымдардың тұтынушылардың праволарын қорғау жөнiндегi қызметiне көмек көрсетiп, жәрдем беру.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      20-cтатья. Соттың тұтынушылар праволарын қорғауы

      1. Азаматтардың осы Заңның 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16-статьяларында көзделген талаптарын қанағаттандырудан бас тартылған кезде дауды заңдарда белгiленген тәртiппен сот шешедi.
      Сот талаптары тұтынушының қалауы бойынша не талап етушiнiң, не жауап берушiнiң тұрған жерi бойынша немесе зиян келген жерде қаралады.
      2. Тұтынушылардың праволарын қорғайтын 500 сомға дейiнгi сот талаптары талап етушiнiң келiсiмi бойынша Қазақ ССР Азаматтық iстер жүргiзу кодексiнде белгiленген жеңiл процедура бойынша қаралуы мүмкiн.
      3. Азаматтың талабын қанағаттандырған кезде сот сонымен қатар оның талабын өз еркiмен қанағаттандырудан бас тартқаны үшiн сатушыдан, дайындаушыдан (олардың өкiлдерiнен), атқарушыдан тиiстi бюджеттiң кiрiсiне талаптың құны мөлшерiнде штраф өндiрiп алу мәселесiн шешедi.
      4. Азаматтың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне залал келтірілген  жағдайда айыппұл сомасы сапасыз азық-түлік тауарларын өткізген кезде талап бағасының бес есе мөлшеріне дейін және өнеркәсіп тауарлары мен қызметтерін өткізген кезде үш есе мөлшеріне дейін арттырылып, сатушы, дайындаушы (орындаушылар) кейіннен жауапқа тартылуы мүмкін.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

ІІІ БӨЛIМ. ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРЫ

      21-cтатья. Тұтынушылар қоғамдарына (одақтарына)
                  бiрiгу правосы

      Қазақ ССР, CCPO азаматтары ерiктi негiзде тұтынушылар қоғамдарына (одақтарына) бiрiгуге праволы.
      Тұтынушылар қоғамдары аудандарда, қалаларда, облыстарда және тұтас республикада одақтарға (федерацияларға) бiрiге алады.

      22-статья. Тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарының
                  праволары

      Тұтынушылардың қоғамдары мен одақтары қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы немесе тұтынушылар қоғамдары уәкiлдерiнiң жиналысы қабылдайтын жарғыларға сәйкес жұмыс iстейдi және заңды ұйымдар болып табылады.
      Тұтынушылар қоғамдары мен одақтар өз қызметiн Қазақ CCP заңдарына сәйкес жүргiзетiн коммерциялық емес қоғамдық ұйымдар болып табылады.
      Тұтынушылар қоғамдары тұтынушылар праволарының бұзылуын жою үшiн мынадай шаралар қолданады:
      - товарларға, жұмыстар мен қызметтерге, олардың бағалары мен тарифтерiне тәуелсiз сараптама жүргiзедi;
      - қызмет көрсетудiң әртүрлi салаларында тұтынушылар праволарының сақталуын тексередi;
      - право қорғау және бақылау органдарына көтерiңкi бағалар бойынша немесе сапа жөнiндегi белгiленген талаптарға сай келмейтiн өнiм шығару мен өткiзуге, сауда және халыққа қызмет көрсету ережелерiн бұзуға кiнәлi адамдарды жауапқа тарту туралы материалдар бередi;
      - Қазстандарт басқармасының территориялық органдарына, халық депутаттары Советтерiне, Қазақ ССР Министрлер Кабинетiне өнiмнiң сапасын жақсарту жөнiндегi шаралар туралы, сапа жөнiндегi белгiленген талаптарға сай келмейтiн өнiм шығару мен өткiзуге тыйым салу туралы, оны өндiрудi тоқтату туралы, азаматтардың өмiрiне, денсаулығы мен мүлкiне хауіптi айналадағы ортаға зиян келтiретiн өнiмдi өткiзу мен сатудан алып тастау туралы, сондай-ақ қолданылып жүрген заңдарды бұзып белгiленген бағалардың күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзедi;
      - өнiмге, бағалар мен тарифтерге тәуелсiз сараптама жүргiзедi;
      - тиiстi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп бiр орталықтан белгiленетiн және реттелетiн бағаларды қолдануға бақылауды жүзеге асыруға қатысады;
      - тұтынушылардың мүддесі үшін сот органдарына талаптар қояды және олар қанағаттандырылған жағдайда жауапкерден өндірілген сома 70 процент мөлшерінде тиісті бюджетке түседі әрі 30 проценті тұтынушылар қоғамының есеп айырысу есебіне аударылады. Халық депутаттарының жергілікті Кеңесі айыппұл сомасынан тұтынушылар қоғамына тиесілі процентті арттыруға қақылы;
      - сапасыз өнім өткізген, сауда орнынан бес метр шеңберде санитарлық-гигиеналық жай-күй қанағаттанғысыз, қажетті құжаттамалары, тауардың дайындаушысы, атауы, мөлшері, бағасы, сақталу мерзімі, бұрыштама таңбасы және сапасын куәландырушы адамның қолы көрсетілген тауарлар ілмелі ендері болмаған жағдайда тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамының тиісті мемлекеттік органдарға кооперативтердің, коммерциялық дүкендердің, жеке кәсіпкерлердің қызметін тоқтата тұру туралы талап етіп өтініш айтуға қақысы бар.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      23-статья. Тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарының
                  азаматтардың праволарын қорғауы

      Тұтынушылар қоғамдары, одақтары азаматтардың тапсыруы бойынша, не өз инициативасы бойынша сапасы дұрыс емес өнiм сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) не көтерiңкi бағалар бойынша өткiзушiге тәртiп бұзуларды жою және осы тәртiп бұзулар келтiрген зиянды азаматтарға өз еркiмен өтеу туралы кiнә қоюға праволы.
      Егер дайындаушы (атқарушы, сатушы) он күн iшiнде қойылған кiнәға жауап қайтармаса немесе тәртiп бұзушылықты жойып, келген зиянды өз еркiмен өтеуден бас тартса, тұтынушылардың қоғамдық ұйымдары сотқа талап қоюға праволы.
      Қойылған талапты қанағаттандырған жағдайда сот дайындаушыдан (атқарушыдан, сатушыдан) тиiстi бюджеттiң кiрiсiне талаптың құны мөлшерiнде штраф өндiрiп алу туралы және тұтынушылардың қоғамдық ұйымдары шеккен шығынды өтеу туралы шешiм шығарады.
      Тұтынушылардың қоғамдық ұйымдары сатушының, дайындаушының (олардың өкiлдерiнiң), атқарушының, сондай-ақ басқару органының тұтынушылардың белгiсiз бiр тобы жөнiндегi әрекетiн заңға қайшы деп тану және бұл әрекеттердi тоқтату туралы талап (коллективтiк талап) қоюға праволы.
      Коллективтiк талапты қанағаттандырған кезде сот право бұзушыны белгiленген мерзiм iшiнде бұқаралық хабарлама құралдары арқылы немесе өзге де тәсiлмен тұтынушыларға сот шешiмiн хабарлауға мiндеттейдi.
      Коллективтiк талап бойынша заңды күшiне енген сот шешiмi аталған адамдардың әрекетiнiң азаматтық-праволық салдары туралы тұтынушы талабын қарайтын сот үшiн мiндеттi.
      Тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы сот сатыларына қарау үшін жолдаған талаптарға мемлекеттік баж салығы салынбайды.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1992.06.26. N 1435 Заңымен.

      Қазақ Советтiк
      Социалистiк Республикасының
      Президентi

      Алматы, 1991 жылғы 5 маусым
               N 640-XII