Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 3 қаңтардағы № 185-VII ҚРЗ

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1. "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) кіріспе "және пайдалану" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 1-бапта:

      3-1) тармақшадағы "иттердің ұлттық және басқа да" деген сөздер "қазақы және басқа да ит" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) тармақша алып тасталсын;

      42), 43), 44) және 62-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "42) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау – жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның, уәкілетті орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің тексерілетін субъектілерді олардың қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру және байқау жөніндегі қызметі, оны жүзеге асыру барысында және оның нәтижелері бойынша жедел ден қоюсыз құқық шектеу сипатындағы шаралар қолданылуы мүмкін;

      43) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік қадағалау – жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның, уәкілетті орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің тексерілетін субъектілердің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауын тексеру және байқау жөніндегі қызметі, оны жүзеге асыру барысында және оның нәтижелері бойынша құқық шектеу сипатындағы шаралар, оның ішінде жедел ден қою шаралары қолданылуы мүмкін;

      44) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкiлеттi орган) – жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;";

      "62-1) кинологиялық қызмет – қазақы тұқымды иттерді машықтандыруға, баулуға, айтақтауға және оларды практикалық пайдалануға, оның ішінде спортта және аң аулауда пайдалануға өзге де даярлауға, қазақы тұқымды иттерді пайдалана отырып, зоотехникалық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, қазақы ит тұқымдарымен жұмыс істеу бойынша сарапшыларды оқытуға және мамандарды даярлауға байланысты қызмет.

      Қазақы тұқымды иттерді машықтандыру, баулу, айтақтау және оларды практикалық пайдалануға өзге де даярлау деп қазақы тұқымды иттерді жұмысқа қалыптастыру мен үйретуді және (немесе) аң аулауға, спортқа және далалық сынақтарға даярлауды түсінген жөн;";

      мынадай мазмұндағы 62-2), 63-3), 63-4), 63-5), 63-6) және 73-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "62-2) көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығы – табиғи және жасанды су айдындарында ихтиофаунаны толық немесе ішінара ауыстыру арқылы жартылай ерікті бақыланатын жағдайларда балықтар мен басқа да су жануарларын өсіру жөніндегі шаруашылық қызмет түрі;";

      "63-3) қазақы ит тұқымдары – ежелгі тұқымдар – қазақы ит тұқымдарының бекітілген стандартына сәйкес келетін қазақы тазы мен қазақы төбет;

      63-4) қазақы ит тұқымдарының стандарты – қазақы тұқымды иттердің сыртқы тұрпаттық-бітімдік сипаттары мен пайдаланушылық қасиеттері бойынша сипаттамасы;

      63-5) Қазақы тұқымды иттердің бірыңғай тұқым-тегі кітабы (бұдан әрі – Бірыңғай тұқым-тегі кітабы) – шығу тегі, тұқымдылығы, сыртқы тұрпаттық-бітімдік сипаттамалары мен өзге де қасиеттері туралы мәліметтер көрсетілген қазақы тұқымды иттер туралы деректер жинағы;

      63-6) қазақы тұқымды иттің шығу тегі туралы куәлік (бұдан әрі – шығу тегі туралы куәлік) – оның тұқым-тегі туралы мәліметтерді қамтитын құжат;";

      "73-3) тұқымы таза қазақы тұқымды ит – қазақы ит тұқымдарының бекітілген стандартына сәйкес келетін және сол тұқымға жататын тегінің кемінде үздіксіз үш буыны туралы мәліметтер қамтылған шығу тегі туралы куәлігі бар қазақы тазы немесе қазақы төбет тұқымдас ит;";

      75) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "75) уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың мамандандырылған ұйымдары (бұдан әрі – мамандандырылған ұйымдар) – жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекемелер және жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және орнықты пайдалануды, сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтауды және өсімін молайтуды қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорындар;";

      3) 5-бапта:

      тақырып "саласындағы" деген сөзден кейін ", сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы" деген сөздермен толықтырылсын;

      "саласындағы" деген сөзден кейін ", сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) 6-бапта:

      тақырыптағы "саласын мемлекеттік басқарудың негізгі принциптері" деген сөздер "саласындағы, сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары мыналар:";

      мынадай мазмұндағы 2-тармақпен толықтырылсын:

      "2. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары мыналар:

      1) қазақы ит тұқымдарын сақтауды және өсімін молайтуды қамтамасыз ету;

      2) қазақы ит тұқымдарының таза тұқымдылығын қорғау болып табылады.";

      5) 6-1-бапта:

      тақырып "орнықты пайдалануды" деген сөздерден кейін ", қазақы ит тұқымдарын сақтауды және өсімін молайтуды" деген сөздермен толықтырылсын;

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету жүйесіне:";

      мынадай мазмұндағы 2-тармақпен толықтырылсын:

      "2. Қазақы ит тұқымдарын сақтауды және өсімін молайтуды қамтамасыз ету жүйесіне:

      1) уәкілетті орган, уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері;

      2) қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар;

      3) Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы;

      4) кинологиялық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар кіреді.";

      6) 8-баптың тақырыбы және 1) тармақшасы "саласындағы" деген сөзден кейін ", сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы" деген сөздермен толықтырылсын;

      7) 9-бапта:

      тақырып "саласындағы" деген сөзден кейін ", сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы" деген сөздермен толықтырылсын;

      1-тармақтың бірінші бөлігінде:

      1) және 3) тармақшалардағы "саласындағы", "саласында" деген сөздер "саласындағы, сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 3-1) және 3-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "3-1) "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізілетін қазақы тұқымды иттерді есепке алуды жүргізу мониторингін жүзеге асырады;

      3-2) қазақы ит тұқымдарының стандарттарын бекітеді;";

      2-тармақ "саласындағы" деген сөзден кейін ", сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы" деген сөздермен толықтырылсын;

      8) 32-баптың 4-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ұлттық аң аулау – әуесқойлық (спорттық) аң аулау объектісі болып табылатын жануар түрлерін аушы жыртқыш құстар мен қазақы тұқымды иттерді пайдалана отырып, қару-жарақсыз аулау.";

      9) мынадай мазмұндағы 5-1-тараумен толықтырылсын:

      "5-1-тарау. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту

      33-2-бап. Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы

      1. Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы (бұдан әрі – Ұлттық орталық) қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін уәкілетті орган айқындаған мамандандырылған ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

      2. Ұлттық орталықтың міндеттері мыналар болып табылады:

      1) қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

      2) қазақы ит тұқымдарымен жұмыс істеу бойынша, оның ішінде кинологиялық қызмет бойынша сарапшыларды оқыту және мамандарды даярлау;

      3) шығу тегі туралы куәлік бере отырып, тұқымы таза қазақы тұқымды иттерді асырау және өсіру;

      4) уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес Бірыңғай тұқым-тегі кітабын жүргізу;

      5) кинологиялық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалармен бірлесіп, қазақы ит тұқымдарының стандарттарын әзірлеу;

      6) қазақы тұқымды иттердің сынақтарын, көрмелерін, байқауларын, әртүрлі дәрежедегі жарыстарын ұйымдастыру және өткізу;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызметті жүзеге асыру.

      33-3-бап. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік реттеудің ерекшеліктері

      Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік реттеу:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында іргелі және қолданбалы сипаттағы ғылыми зерттеулер, қазақы ит тұқымдарын сақтау, дамыту және пайдалану бойынша селекция жүргізу;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы селекциялық жетістіктерге сынақтар мен байқаулар жүргізу;

      3) "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қазақы тұқымды иттерді есепке алуды жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

      33-4-бап. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті қаржыландыру

      1. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті, оның ішінде Ұлттық орталықты қаржыландыру бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылады.

      2. Мыналарға:

      1) қазақы ит тұқымдарын сақтауға және өсімін молайтуға;

      2) қазақы ит тұқымдарының таза тұқымдылығын қорғауға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру мемлекеттік қолдаудың негізгі нысаны болып табылады.

      33-5-бап. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы ғылыми зерттеулер

      Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы ғылыми зерттеулерді Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары жүзеге асырады.

      Ғылыми ұйымдар уәкілетті органмен, Ұлттық орталықпен, сондай-ақ кинологиялық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалармен бірлесіп, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеуді жүзеге асырады.";

      10) 43-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "43-бап. Мамандандырылған ұйымдар

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мынадай мамандандырылған ұйымдарды:

      1) жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды;

      2) жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекемелерді құрады.

      2. Жергілікті атқарушы органдар жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекемелерді – мамандандырылған ұйымдарды құрады.".

      2. "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы" 2005 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-баптың 2-тармағының 2) тармақшасындағы "қолдау салалары" деген сөздер "қолдау" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту салалары;".

      3. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      134-баптың 3-тармағының 6) тармақшасы "қорды сақтау" деген сөздерден кейін ", қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту" деген сөздермен толықтырылсын.

      2-бап. Осы Заң, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағы 7) тармақшасының алтыншы абзацын және 9) тармақшасының он жетінші абзацын қоспағанда, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Президенті Қ. ТОҚАЕВ