ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
Осы Заң қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, оларды қалыптастыру тәртібін және халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың (бұдан әрі – квазимемлекеттік сектор субъектілері) шешімдер қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі
1. Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп, министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің құзыретіндегі мәселелер бойынша құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар қоғамдық кеңестер болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылмайды.
2. Мемлекеттік органдардың жанынан осы Заңда көзделгеннен өзгеше тәртіппен құрылатын консультативтік-кеңесші, байқау органдары және коммерциялық емес ұйымдар "қоғамдық кеңес" атауына ие бола алмайды және осы Заңда белгіленген өкілеттіктерді толық көлемде иелене алмайды.
3. Қоғамдық кеңестер осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңда көзделген тәртіппен қалыптастырылады.
4. Қоғамдық кеңестер екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады. Қоғамдық кеңестер автономды және дербес болып табылады. Қоғамдық кеңестер арасындағы өзара іс-қимыл осы Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Қоғамдық кеңестердің республикалық деңгейіне, осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп, министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын қоғамдық кеңестер жатады.
6. Жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестерге тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қоғамдық кеңестері жатады. Бұл ретте ауыл, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі Қоғамдық кеңестің функциялары жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі.
7. Қоғамдық кеңестегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауға тиіс.
8. Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарауы үшін міндетті болып табылады.
9. Тиісті өңірдегі, саладағы, қызмет аясындағы әлеуметтік-экономикалық даму және істердің жай-күйі үшін жауапкершілік Қоғамдық кеңеске жүктелмейді және мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде болады.
10. Осы Заңда көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және оның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы өкілдері не Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкерлері Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті шегінде қоғамдық кеңестердің отырыстарына қатыса алады.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 91-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.2-бап. Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-1-бап. Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері жөніндегі уәкілетті орган
1. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.
2. Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) республикалық және жергілікті деңгейлерде қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіруді және әдістемелік қолдап отыруды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
4) Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;
5) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
6) жыл сайын Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы ұлттық баяндаманы дайындауды және кейіннен Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну үшін ағымдағы жылғы 25 желтоқсаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуді жүзеге асырады;
7) қоғамдық кеңестердің құрамын қалыптастыру жөніндегі, сондай-ақ жергілікті деңгейдегі сандық құрам жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдайды;
8) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 2-1-баппен толықтырылды – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.3-бап. Қоғамдық кеңестердің мақсаты мен міндеттері
1. Азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты болып табылады.
2. Қоғамдық кеңестердің міндеттері:
1) азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру;
2) орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту;
3) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.4-бап. Қоғамдық кеңестер қызметінің қағидаттары
Қоғамдық кеңестер өз қызметін мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырады:
1) тәуелсіздік;
2) мүшелерінің қоғамдық негіздегі қызметі;
3) автономдық;
4) дербестік;
5) жариялылық.
Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.5-бап. Министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдары құратын қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері
Ескерту. 5-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдары құратын қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне мыналар жатады:
1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларының, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобаларын, агломерацияларды дамытудың кешенді жоспарларының жобаларын талқылау;
2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларының, агломерацияларды дамытудың кешенді жоспарларының орындалуын талқылау;
3) атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылау;
4) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерін талқылау;
4-1) квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының іске асырылу мониторингінің нәтижелері туралы есептерді талқылау;
5) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою), Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу;
6) Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік органның немесе өңірдің тиісті қызмет саласының қоғамдық маңызы бар мәселелері бойынша, оның ішінде мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды мемлекеттік органдарға енгізу;
7-1) Қоғамдық кеңес туралы ережені бекіту;
8) қоғамдық бақылауды осы Заңда көзделген нысандарда жүзеге асыру;
9) алып тасталды – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;10) қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру;
11) жергілікті мемлекеттік басқару органдарының Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қатынастарын реттеу мәселелері жөніндегі жұмысына қатысу;
12) "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органның өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешімінің жобасын қарау;
13) мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, жергілікті деңгейде заңдылықты қамтамасыз ету және адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын сақтау мәселелері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде құқық қорғау органдары басшыларының ақпаратын тыңдау.
2. Осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4), 4-1), 6), 7), 8) және 13) тармақшаларында көзделген өкілеттіктердің орындалу қорытындылары бойынша Қоғамдық кеңес тиісті мемлекеттік органға ұсынымдар енгізеді, ол – бір ай ішінде, ал 1) тармақша бойынша он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайды және (немесе) тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қоятын уәжді жауапты береді.
Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.01.2023 № 182-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.5-1-бап. Квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері
1. Квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне мыналар жатады:
1) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларының және іс-шаралар жоспарларының жобаларын талқылау;
2) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларының және іс-шаралар жоспарларының іске асырылу есептері мен мониторингін талқылау;
3) қаржылық-шаруашылық қызметтің нәтижелерін талқылау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және мемлекеттік органдарға енгізу;
5) қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру;
6) Қоғамдық кеңес туралы ережені бекіту;
7) осы Заңда көзделген нысандарда қоғамдық бақылауды жүзеге асыру.
2. Осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 7) тармақшаларында көзделген өкілеттіктерді орындау қорытындылары бойынша Қоғамдық кеңес тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісіне ұсынымдарды енгізеді, ол – бір ай ішінде, ал 1) тармақша бойынша он жұмыс күні ішінде тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қоятын уәжді жауапты береді.
3. Ұлттық әл-ауқат қоры және Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін ұлттық компаниялар (бұдан әрі – Қор) құратын Қоғамдық кеңестің өкілеттіктері "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітілетін Қоғамдық кеңес туралы ережеде (бұдан әрі – Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ереже) айқындалады.
Ескерту. 5-1-баппен толықтырылды – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.6-бап. Қоғамдық кеңес функцияларын орындау бөлігінде жергілікті қоғамдастық жиналысының өкілеттіктері
Қоғамдық кеңестің функцияларын жергілікті қоғамдастық жиналысы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және осы Заңда белгіленген өкілеттіктерге сәйкес жүзеге асырады.
7-бап. Қоғамдық кеңестердің және олардың мүшелерінің құқықтары мен міндеттері
1. Қоғамдық кеңестер мүшелерінің өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негізде және тәртіппен, осы Заңның 1-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес қоғамдық кеңестер құрылмайтын мемлекеттік органдарды қоспағанда, осы Заңның 5-бабының 1-тармағында көзделген мәселелер бойынша – мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына, сондай-ақ осы Заңның 5-1-бабының 1-тармағында көзделген мәселелер бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілеріне кіруге;
2) осы Заңның 1-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес қоғамдық кеңестер құрылмайтын мемлекеттік органдарды, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер қаралатын отырыстар мен іс-шараларды қоспағанда, осы Заңның 5-бабының 1-тармағында және 5-1-бабының 1-тармағында көзделген мәселелер бойынша мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері өткізетін іс-шараларға қатысуға;
3) осы Заңда белгіленген өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жүгінуге;
4) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты, Қоғамдық кеңесте қаралуға жататын нормативтік құқықтық актілерді айқындау жөнінде ұсыныстар енгізуге құқығы бар.
Қоғамдық кеңестердің қарау үшін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын айқындау тәртібі Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеде айқындалады;
5) мемлекеттік органнан, жергілікті мемлекеттік басқару органынан, квазимемлекеттік сектор субъектісінен Қоғамдық кеңес мүшесінің мәртебесін куәландыратын құжатты алуға;
6) тиісті мемлекеттік органның құзыретіне жатқызылған мәселелерді талқылау үшін мемлекеттік органдардың өкілдерін Қоғамдық кеңестің отырысына шақыруға;
7) қажеттілігіне қарай тұрақты және (немесе) уақытша жұмыс органдарын: комитеттер мен сараптама топтарын құруға құқығы бар. Тұрақты және (немесе) уақытша жұмыс органдарын ұйымдастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеде айқындалады;
8) ерекше тәртіп қолданыла отырып жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуды қоспағанда, тиісті мемлекеттік органның мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияларына қатысуға;
9) тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісінің сатып алу жөніндегі тендерлік комиссияларына (аукциондық комиссияларына) қатысуға құқығы бар.
2. Өз қызметінде Қоғамдық кеңес және оның мүшелері:
1) Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің нормаларын сақтауға;
2) өз қызметін жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асыруға;
3) жылына екі реттен сиретпей бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) интернет-ресурстар арқылы халыққа Қоғамдық кеңестің қызметі туралы ақпарат беруге;
4) өз қызметі туралы жылдық есепті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және (немесе) тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, квазимемлекеттік сектор субъектісінің интернет-ресурсында орналастыруға;
5) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік органнан, жергілікті өзін-өзі басқару органынан немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінен алынған дербес деректерді дербес деректер субъектісінің келісімінсіз таратпауға, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге міндетті."
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.2-тарау. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ДЕҢГЕЙЛЕРДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ТӘРТІБІ
8-бап. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын құру тәртібі
1. Республикалық және жергілікті деңгейлердегі қоғамдық кеңестер мен олардың құрамдарын жетекшілері азаматтық қоғамнан өкілдік ететін жұмыс топтарының мүшелері арасынан дауыс беру арқылы сайланатын жұмыс топтары қалыптастырады.
2. Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік органнан, квазимемлекеттік сектор субъектісінен өкілдік ету жұмыс тобы мүшелері жалпы санының үштен бірінен аспайды. Осы өкілдіктің дербес құрамын мемлекеттік органның басшысы, квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы өз бетінше айқындайды.
3. Азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрайды және коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
4. Жұмыс тобының құрамын республикалық деңгейде – тиісті мемлекеттік органның басшысы, квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, жергілікті деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының төрағасы бекітеді.
5. Азаматтық қоғамнан жұмыс тобының мүшелерін іріктеу тәртібі, отырыстарын өткізу мерзімдері, құжаттар тізбесі, өкілеттіктер және жұмыс тобы қызметінің өзге де мәселелері Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеде немесе Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ережеде көзделген тәртіппен айқындалады.
6. Жұмыс тобы Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереженің негізінде әзірлейді.
Осы тармақтың талаптары Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ережені әзірлеу кезінде қолданылмайды.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.9-бап. Қоғамдық кеңестерді қалыптастыру тәртібі
1. Жұмыс тобы қоғамдық кеңестердің құрамын мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері арасынан және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтардан қалыптастырады.
2. Қоғамдық кеңестердің жаңа құрамын қалыптастыру рәсімі осы тарауда белгіленген тәртіпке сәйкес қоғамдық кеңестердің жұмыс істеп тұрған құрамының өкілеттіктер мерзімі өткенге дейін екі ай бұрын басталады.
Қоғамдық кеңестердің жұмыс істеп тұрған мүшелері осы Заңның 10-бабында көзделген жалпы негіздерде конкурсқа қатысу үшін өз өтініштерін беруге құқылы.
3. Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын жұмыс тобы:
1) республикалық деңгейде:
министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар құратын қоғамдық кеңестерде – он бестен отыз мүшеге дейін;
квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын қоғамдық кеңестерде – оннан он бес мүшеге дейін;
2) жергілікті деңгейде осы Заңның 2-1-бабының 2-тармағы 7) тармақшасының ережелерін ескере отырып айқындайды.
4. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қоғамдық кеңеске бір ғана өкіл сайлана алады. Республикалық деңгейдегі қоғамдық кеңестерді қалыптастыру кезінде сол бір адам бір Қоғамдық кеңестің ғана мүшесі болып сайлана алады.
5. Сол бір адам қатарынан екі реттен артық Қоғамдық кеңестің мүшесі болып сайлана алмайды.
6. Жұмыс тобы конкурс туралы хабарландыруды олардың атауын, пошталық мекенжайын, құжаттарды беру мерзімдерін, конкурсқа қатысу үшін осы Заңның 10-бабына сәйкес құжаттар мен өзге де мәліметтер жіберілетін электрондық поштаның мекенжайын көрсете отырып, республикалық және (немесе) жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, квазимемлекеттік сектор субъектісінің интернет-ресурсында орналастырады.
7. Жұмыс тобы конкурсты Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге немесе Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ережеге сәйкес өткізеді және Қоғамдық кеңестің құрамын қалыптастырады, сондай-ақ осы органның мүшелері шығып қалған жағдайда Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімін айқындайды.
8. Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамын республикалық деңгейде – тиісті мемлекеттік органның басшысы, тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, жергілікті деңгейде мәслихат бекітеді және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) тиісті органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
Қоғамдық кеңестің сайланған құрамының өкілеттіктер мерзімі үш жылды құрайды.
9. Қоғамдық кеңес:
1) азаматтық қоғамнан өкілдік ететін Қоғамдық кеңес мүшесінің өкілеттіктері тоқтатылған;
2) осы баптың 3-тармағына сәйкес ұсынылатын сандық құрамды ескере отырып, Қоғамдық кеңестің санын ұлғайту қажет болған жағдайларда, өз құрамына кандидаттарды Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімінен іріктеу туралы шешім қабылдайды.
Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізіміндегі кандидат Қоғамдық кеңеске мүше болудан бас тартқан және Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімінде басқа кандидаттар болмаған жағдайларда, Қоғамдық кеңес Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеде немесе Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ережеде көзделген тәртіппен Қоғамдық кеңестің құрамына қосымша конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.
10. Мемлекеттік органнан, квазимемлекеттік сектор субъектісінен өкілдік ететін Қоғамдық кеңес мүшесінің өкілеттіктері тоқтатылған кезде Қоғамдық кеңестің өкілеттігін тоқтатқан мүшесінің орнына жаңа мүшесін қосу туралы шешімді тиісті мемлекеттік органның басшысы, тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы қабылдайды.
Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.10-бап. Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттарға қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған, сондай-ақ Қоғамдық кеңес жергілікті деңгейде қалыптастырылған жағдайда – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде тұрақты тұратын азаматы Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат бола алады.
Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттың:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы болмауға;
2) сот заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танымаған болуға;
3) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтардың (аурулардың) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрмауға тиіс.
2. Конкурсқа қатысу үшін:
1) кандидатураны Қоғамдық кеңестің құрамына ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы және (немесе) азаматтың өтініші;
2) өмірбаян деректері көрсетіле отырып, кандидаттың кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;
3) сотталғандығының болуы не болмауы туралы анықтама;
4) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтардың (аурулардың) болуы не болмауы туралы анықтама ұсынылады.
Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көзделген анықтамаларды өз бетінше немесе өзінің қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылатын мемлекеттік органның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің көрсетілген анықтамаларды ақпараттық жүйелерден талап етіп алдыруына жазбаша келісуі арқылы ұсынады.
Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Қоғамдық кеңес мүшелігіне сайлану үшін конкурсқа жіберілмейді.
3. Кандидаттар мынадай жағдайлардың бірі болған кезде:
1) осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2) осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбаса;
3) анық емес ақпаратты қамтитын құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынса, сайлану үшін конкурсқа жіберілмейді.
4. Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ережеде Қордың Қоғамдық кеңесі мүшелігіне кандидаттарға қосымша талаптар көзделуі мүмкін.
Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.3-тарау. ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
11-бап. Қоғамдық кеңестің ұйымдық құрылымы және оның төралқасының өкілеттіктері
1. Отырыс Қоғамдық кеңестің жоғары органы болып табылады.
2. Қоғамдық кеңестің қызметіне басшылықты жедел жүзеге асыру үшін оның отырыстарының арасындағы кезеңде Қоғамдық кеңес төралқасы сайланады. Қоғамдық кеңес төралқасының құрамына Қоғамдық кеңестің төрағасы, өзінің қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің уәкілетті өкілі, Қоғамдық кеңес комиссияларының төрағалары, жекелеген мүшелері кіреді.
3. Қоғамдық кеңес төралқасының отырыстарына Қазақстан Республикасы Парламентінің осы Қоғамдық кеңестің мүшелері болып табылмайтын депутаттары қатыса алады.
4. Қоғамдық кеңестің төралқасы:
1) Қоғамдық кеңес комиссияларының жұмысын үйлестіреді;
2) Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізуге дайындықты ұйымдастырады;
3) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді;
4) Қоғамдық кеңес ұсынымдарының орындалуына мониторингті жүзеге асырады.
Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.12-бап. Қоғамдық кеңес төрағасы мен хатшысының өкілеттіктері
1. Қоғамдық кеңестің төрағасы:
1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;
2) отырыстарда төрағалық етеді;
3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды;
4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;
5) республикалық мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару органының, квазимемлекеттік сектор субъектісінің отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;
6) өзі болмаған уақытта төрағаның міндеттерін орындауды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне жүктейді.
2. Қоғамдық кеңестің хатшысы:
1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;
2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдеріне бақылау жасайды.
3. Қоғамдық кеңестің хатшысы Қоғамдық кеңес мүшесі болып табылмайды.
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.13-бап. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру
1. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының жетекшісі ашады.
Осы отырыста ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқасының бүкіл құрамы сайланады.
Қоғамдық кеңестің мүшелері – мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін белгілі қоғам қайраткерлері арасынан оның төрағасы сайланады.
2. Қоғамдық кеңестер жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады. Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқықты деп есептеледі.
3. Қоғамдық кеңестің отырыстары ашық болып табылады.
Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ шешімдер қабылдау тәртібі Қоғамдық кеңес туралы ережеде айқындалады.
Отырыстар өткізудің өзге де мәселелері Қоғамдық кеңестің шешімімен айқындалады.
4. Қоғамдық кеңестер өз қызметін жүзеге асыру кезінде бір-бірімен теңдік және әріптестік шарттарында өзара іс-қимыл жасайды.
5. Қоғамдық кеңестердің мүшелері өз өкілеттіктері шегінде кеңесші дауыс беру құқығымен өзге де қоғамдық кеңестердің қызметіне қатыса алады, ал бұдан басқа, жергілікті деңгейде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың Қоғамдық кеңесінің төрағасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Қоғамдық кеңесінің құрамына кіруге құқылы.
6. Республикалық деңгейде Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді өзінің қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған тиісті мемлекеттік орган немесе квазимемлекеттік сектор субъектісі жүзеге асырады.
Жергілікті деңгейде Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мәслихаты жүзеге асырады.
Өзінің қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған тиісті мемлекеттік органның басшысы, тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының төрағасы Қоғамдық кеңес төрағасымен келісу бойынша Қоғамдық кеңес хатшысының міндеттерін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты бойынша тартылатын жұмыскерге жүктейді.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.14-бап. Қоғамдық кеңес жұмысының жариялылығы
1. Қоғамдық кеңес халыққа:
1) өзінің азаматтық қоғаммен және мемлекеттік органдармен, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерімен іс-қимыл жасау нәтижелері;
2) Қоғамдық кеңестің құрамы;
3) отырыстардың күн тәртібі;
4) қабылданған шешімдер;
5) қоғамдық маңызы бар басқа да мәселелер туралы хабар береді.
2. Ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және (немесе) тиісті интернет-ресурстарда орналастырылады.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.15-бап. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату
1. Қоғамдық кеңестің мүшесі жазбаша түрде өтініш беру арқылы өз қалауы бойынша оның құрамынан шыға алады.
2. Қоғамдық кеңестің мүшесі денсаулық жағдайына байланысты оның жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда не мынадай негіздер бойынша:
1) ол қайтыс болған жағдайда;
2) сот хабарсыз кетті деп танығанда;
3) сот қайтыс болды деп жариялағанда;
4) сот Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танығанда;
5) Қоғамдық кеңестің отырыстарына дәлелсіз себептермен бір жыл ішінде үш реттен артық қатыспағанда;
6) Қоғамдық кеңестің азаматтық қоғамнан сайланған мүшесі мемлекеттік қызметке кіргенде;
7) Қоғамдық кеңеске өкілі сайланған коммерциялық емес ұйым таратылған жағдайда;
8) осы Заңның 10-бабының 1-тармағында көзделген негіздер басталған жағдайда, Қоғамдық кеңестің шешімімен оның құрамынан мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін.
3. Қоғамдық кеңес осы Заңның 9-бабының 9 және 10-тармақтарында айқындалған тәртіппен Қоғамдық кеңестің құрамына шығып қалған мүшесінің орнына оның өкілеттіктерінің қалған мерзіміне жаңа мүшесін қосу туралы шешім қабылдайды.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.15-1-бап. Қоғамдық кеңестің қызметін тоқтату
1. Қоғамдық кеңес осы Заңның 9-бабы 8-тармағының екінші бөлігінде көзделген өкілеттіктер мерзімі өткеннен кейін немесе өзінің құрылуына қатысқан мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі таратылған жағдайда өз қызметін тоқтатады.
Қоғамдық кеңес өзнің құрылуына қатысқан мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі қайта ұйымдастырылған жағдайда, қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз қызметін жалғастырады.
2. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде Қоғамдық кеңесті қалыптастыру осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 15-1-баппен толықтырылды – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.4-тарау. ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨКІЛЕТТІКТЕРІН ІСКЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
16-бап. Қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау саласындағы мақсаттары мен міндеттері
1. Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылауды мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шешімдер қабылдау процесіне азаматтық қоғамның қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында жүзеге асырады.
2. Қоғамдық бақылаудың міндеттері:
1) мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігін, ашықтығын және бүкпесіздігін арттыру;
2) қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асыру;
3) азаматтардың мемлекет пен оның органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне сенім деңгейін арттыру, қоғам мен мемлекет арасында кері байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және оларды шешу;
4) халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне тарту.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.17-бап. Қоғамдық бақылау ұғымы, оның объектісі мен субъектісі
1. Қоғамдық бақылау субъектілерінің қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау нысандарында жүзеге асырылатын, қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған қызметі қоғамдық бақылау деп түсініледі.
2. Республикалық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының қызметі, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі қоғамдық бақылау объектісі болып табылады.
3. Қоғамдық кеңестер, сондай-ақ қоғамдық кеңестердің тапсырмасы бойынша коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар қоғамдық бақылау субъектісі болып табылады.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.18-бап. Қоғамдық бақылау нысандары
1. Қоғамдық бақылау субъектілері тарапынан мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін байқауды білдіретін қоғамдық бақылау рәсімі қоғамдық мониторинг болып табылады.
2. Осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 5) және 6) тармақшаларында, 5-1-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәселелерді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қоғамдық маңызы бар шешімдерін олардың қоғамдық мүдделерге сәйкестігі мәселесі бойынша жария талқылау үшін жиналыс өткізу арқылы жүзеге асырылатын қоғамдық бақылау рәсімі қоғамдық тыңдау деп түсініледі.
3. Қоғамдық сараптама – азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтау, сондай-ақ жеке тұлғалардың, елді мекендердің және өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағымсыз факторларды болғызбау жөніндегі қоғамдық мүдделерді сақтау тұрғысынан зерттеу, талдау және бағалау үшін арнайы білімді және (немесе) тәжірибені қоғамдық бақылау субъектілерінің пайдалануына негізделген қоғамдық бақылау рәсімі.
4. Мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау қоғамдық бақылау рәсімі болып табылады және Қоғамдық кеңестің отырысында осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген мәселелер бойынша – мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, осы Заңның 5-1-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген мәселелер бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі нәтижелерін жария талқылауды білдіреді.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.19-бап. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру тетіктері
Қоғамдық бақылау:
1) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес қоғамдық бақылау объектісінің қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізу;
2) Қоғамдық кеңес мүшелерінің және қоғамдық бақылау субъектілерінің мемлекеттік органның алқалы органдарының отырыстарына қатысуы;
3) мемлекеттік комиссиялардың құрамына қоғамдық кеңестердің мүшелерін қосу;
4) азаматтардың жеке немесе ұжымдық өтініштерін беру;
5) сұрау салулар беру;
6) Қоғамдық кеңес айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдер арқылы жүзеге асырылады.
20-бап. Қоғамдық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу тәртібі
1. Қоғамдық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу тәртібі осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.
2. Қоғамдық мониторинг мемлекеттік органдардың – мемлекеттік қызметтер көрсетуі, мемлекеттік бағдарламаларды, стратегиялық жоспарларды және бюджеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыруы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын, іс-шаралар жоспарларын және даму жоспарларын іске асыруы, мемлекеттік қызметтер көрсетуі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қолдану нәтижесінде азаматтар үшін теріс салдарларды және қоғамдық мүдделерге қысым жасалуын анықтау мақсатында жүзеге асырылады.
3. Қоғамдық мониторингті Қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ Қоғамдық кеңестің тапсырмасы бойынша коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері және азаматтар жүзеге асырады.
4. Қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде Қоғамдық кеңестің мүшелері мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарынан, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінен Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша, мониторингтің нысанасына жататын қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.
5. Қоғамдық мониторингті жүзеге асырған адамдар оның нәтижелері бойынша қорытынды жасайды. Қоғамдық мониторинг қорытындысында:
1) мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижесінде азаматтар үшін анықталған жағымсыз салдарлар туралы және қоғамдық мүдделерге қысым жасалғаны туралы ақпарат;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзушылықтарына қоғамдық мониторинг барысында анықталған себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдар;
3) бақыланатын объектілердің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар;
4) нормативтік құқықтық актілерге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ішкі құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қамтылады.
6. Қоғамдық мониторингтің қорытындысы негізінде Қоғамдық кеңес ұсынымдарды қабылдайды және тиісті мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жібереді.
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.21-бап. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
1. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.
Қоғамдық кеңес қоғамдық тыңдауды осы Заңның 1-бабының 5 және 6-тармақтарында айқындалған республикалық немесе жергілікті мемлекеттік басқару органымен, квазимемлекеттік сектор субъектісімен келісілген мерзімдерде өткізеді.
2. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібінде:
1) қоғамдық тыңдауға қатысушыларды оның өткізілетін уақыты мен орны туралы бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) жазбаша шақырулар арқылы, бірақ ол өткізілетін күннен кемінде күнтізбелік он күннен кешіктірмей күні бұрын құлақтандыру;
2) қоғамдық тыңдауға шығарылатын нормативтік-құқықтық актілер мен шешімдердің жобаларымен, бірақ ол өткізілетін күннен кемінде күнтізбелік он күннен кешіктірмей күні бұрын таныстыру;
3) қоғамдық тыңдауға қатысуды қамтамасыз ететін басқа да шаралар;
4) қабылданған шешімдерді уәждеп негіздеуді қоса алғанда, қоғамдық тыңдаудың қорытынды хаттамасын жариялау көзделуге тиіс.
3. Алып тасталды – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.4. Қоғамдық тыңдау Қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасы бойынша өткізіледі.
5. Қоғамдық тыңдауды өткізу барысында хаттама жүргізіледі, онда:
1) қоғамдық тыңдау өткізілетін күні мен орны;
2) қатысушылардың саны;
3) қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
4) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің мазмұны тіркеледі.
6. Қоғамдық тыңдау нәтижелері бойынша қорытынды хаттама қабылданады, оған қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысы қол қояды.
7. Қорытынды хаттама, егер оған Қоғамдық кеңестің қатысып отырған мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
8. Қоғамдық тыңдаудың қорытынды хаттамасында:
1) бақыланатын мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы туралы ақпарат;
2) қоғамдық тыңдау барысында анықталған, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін ережелерді жою жөніндегі ұсынымдар;
3) нормативтік құқықтық актілерге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ішкі құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қамтылады.
9. Қоғамдық кеңестің төрағасы қорытынды хаттама негізінде қабылданған ұсынымдарды:
1) мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, қоғамдық бақылау субъектілеріне;
2) зерделеу және шаралар қолдану үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін бақылауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарға;
3) бұқаралық ақпарат құралдарына жібереді.
10. Осы баптың талаптары Қордың Қоғамдық кеңесінің қызметіне байланысты қатынастарға қолданылмайды.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.22-бап. Қоғамдық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу тәртібі
1. Қоғамдық сараптаманы Қоғамдық кеңестің өз отырысында қабылдаған тапсырмасы бойынша қоғамдық бірлестіктер құратын сараптама комиссиялары жүзеге асырады.
Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтау, сондай-ақ жеке тұлғалардың, елді мекендердің және өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер ететін факторларды жою тұрғысынан мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қабылданатын шешімдерінің жобалары қоғамдық сараптама объектілері болып табылады.
2. Қоғамдық кеңеске тиісті өтінішхат жіберетін жеке тұлғалар және (немесе) халықаралық және шетелдік ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдар қоғамдық сараптаманың бастамашылары бола алады.
3. Қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу ерекшеліктері, оны тіркеу тәртібі, қорытындының мазмұны Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қоғамдық сараптаманың өзге де субъектілері, оны ұйымдастыру мен жүргізудің негіздері және тәртібі айқындалуы мүмкін.
5. Осы баптың талаптары Қордың Қоғамдық кеңесінің қызметіне байланысты қатынастарға қолданылмайды.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.23-бап. Жұмыс нәтижелері туралы есептерді тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
1. Осы Заңның 18-бабы 4-тармағының ережелеріне сәйкес жұмыс нәтижелері туралы есепті тыңдау республикалық деңгейдегі мемлекеттік органның бірінші басшысының, квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органы басшысының баяндамасын және Қоғамдық кеңес төрағасының қосымша баяндамасын, ал аумақтарда – әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің баяндамасын және мәслихат төрағасының, Қоғамдық кеңес төрағасының қосымша баяндамаларын қамтиды.
2. Жұмыс нәтижелері туралы есепті тыңдау барысында хаттама жүргізіледі, онда:
1) есепті тыңдау күні мен орны;
2) қатысушылардың саны;
3) сөз сөйлеген лауазымды адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
4) күн тәртібі, есептің және сөйлеген сөздердің мазмұны қамтылады.
3. Есепті тыңдау нәтижелері бойынша қарар қабылданады, онда:
1) бақыланатын органдар мен олардың лауазымды адамдарының қызметін олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша бағалау;
2) есепті тыңдау барысында анықталған, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін ережелерді жою жөніндегі ұсынымдар;
3) мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылуға тиіс.
4. Егер отырысқа қатысып отырған қатысушылардың жартысынан астамы есеп үшін дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2021 № 406-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.Назарбаев |