Қоғамдық кеңестер туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 2 қарашадағы № 383-V ҚРЗ.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейлердегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі

      1. Қоғамдық кеңестер – осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп, министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін органдар, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылмайды.

      2. Мемлекеттік органдардың жанынан осы Заңда көзделгеннен өзгеше тәртіппен құрылатын консультативтік-кеңесші, байқау органдары және коммерциялық емес ұйымдар "қоғамдық кеңес" атауына ие бола алмайды және осы Заңда белгіленген өкілеттіктерді толық көлемде иелене алмайды.

      3. Қоғамдық кеңестер осы Заңда көзделген тәртіппен қалыптастырылады.

      4. Қоғамдық кеңестер екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады. Қоғамдық кеңестер автономды және дербес болып табылады. Қоғамдық кеңестер арасындағы өзара іс-қимыл осы Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      5. Қоғамдық кеңестердің республикалық деңгейіне, осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп, министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін органдар құратын қоғамдық кеңестер жатады.

      6. Жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестерге тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қоғамдық кеңестері жатады. Бұл ретте ауыл, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі Қоғамдық кеңестің функциялары жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі.

      7. Қоғамдық кеңестегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауға тиіс.

      8. Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады.

      9. Тиісті өңірдегі, саладағы, қызмет аясындағы әлеуметтік-экономикалық даму және істердің жай-күйі үшін жауапкершілік Қоғамдық кеңеске жүктелмейді және мемлекеттік органдарда болады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Қоғамдық кеңестердің мақсаты мен міндеттері

      1. Азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты болып табылады.

      2. Қоғамдық кеңестердің міндеттері:

      1) азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру;

      2) орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту;

      3) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

4-бап. Қоғамдық кеңестер қызметінің қағидаттары

      Қоғамдық кеңестер өз қызметін мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырады:

      1) қоғамдық негіздегі қызметі;

      2) автономдық;

      3) дербестік;

      4) жариялылық;

      5) олардың мүшелерін кезең-кезеңмен ротациялау.

5-бап. Мемлекеттік басқарудың республикалық және жергілікті деңгейлеріндегі қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері

      1. Мемлекеттік басқарудың республикалық және жергілікті деңгейлеріндегі қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне мыналар:

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын талқылау;

      2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуын талқылау;

      3) атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылау;

      4) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерін талқылау;

      5) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу;

      6) қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды мемлекеттік органдарға енгізу;

      8) қоғамдық бақылауды осы Заңда көзделген өзге де нысандарда жүзеге асыру;

      9) Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын оның бірінші отырысында талқылау және бекіту үшін мемлекеттік органға енгізу;

      10) қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру;

      11) жергілікті мемлекеттік басқару органдарының Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қатынастарын реттеу мәселелері жөніндегі жұмысына қатысу;

      12) "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органның өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешімінің жобасын қарау жатады.

      2. Осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген өкілеттіктердің орындалу қорытындылары бойынша Қоғамдық кеңес тиісті мемлекеттік органға ұсынымдар енгізеді, ол тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қоятын уәжді жауапты бір ай ішінде, ал 1) тармақша бойынша он жұмыс күні ішінде береді.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Қоғамдық кеңес функцияларын орындау бөлігінде жергілікті қоғамдастық жиналысының өкілеттіктері

      Қоғамдық кеңестің функцияларын жергілікті қоғамдастық жиналысы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және осы Заңда белгіленген өкілеттіктерге сәйкес жүзеге асырады.

7-бап. Қоғамдық кеңестердің және олардың мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

      1. Қоғамдық кеңестер мүшелерінің өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негізде және тәртіппен мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына кіруге;

      2) тиісті мемлекеттік органмен келісу бойынша орталық атқарушы органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өзге де жұмыс органдарының жұмысына қатысуға;

      3) осы Заңда белгіленген өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жүгінуге құқығы бар.

      2. Өз қызметінде Қоғамдық кеңес және оның мүшелері:

      1) Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің нормаларын сақтауға;

      2) өз қызметін жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асыруға;

      3) жылына екі реттен сиретпей бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) интернет-ресурстар арқылы халыққа Қоғамдық кеңестің қызметі туралы ақпарат беруге;

      4) өз қызметі туралы жылдық есепті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және (немесе) тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

2-тарау. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ДЕҢГЕЙЛЕРДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ТӘРТІБІ

8-бап. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын құру тәртібі

      1. Республикалық және жергілікті деңгейлердегі қоғамдық кеңестер мен олардың құрамдарын республикалық деңгейде – тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысы, ал жергілікті деңгейде – жергілікті өкілді органның басшысы басқаратын жұмыс топтары қалыптастырады.

      2. Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік органнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бірінен аспайды. Осы өкілдіктің дербес құрамын мемлекеттік органның басшысы өз бетінше айқындайды.

      3. Азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрайды және коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.

      4. Жұмыс тобының құрамы мемлекеттік орган басшысының шешімімен бекітіледі.

      5. Азаматтық қоғамнан жұмыс тобы мүшелерін іріктеу тәртібі, оны өткізу мерзімдері, құжаттар тізбесі, өкілеттіктер және жұмыс тобы қызметінің өзге де мәселелері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Үлгілік ереженің негізінде әзірленген Қоғамдық кеңес туралы ережеде айқындалады.

      6. Жұмыс тобы Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын осы баптың 5-тармағында көзделген Үлгілік ереженің негізінде әзірлейді.

9-бап. Қоғамдық кеңестерді қалыптастыру тәртібі

      1. Жұмыс тобы қоғамдық кеңестерді мемлекеттік органдардың өкілдері және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар арасынан қалыптастырады.

      Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар ұсынуы, оның ішінде өзін-өзі ұсынуы мүмкін.

      2. Қоғамдық кеңес өкілеттіктерінің мерзімі үш жылды құрайды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің санының құрамын жұмыс тобы айқындайды.

      3. Жұмыс тобы конкурс туралы хабарландыруды мемлекеттік органның атауын, пошта мекенжайын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, конкурсқа қатысу үшін осы Заңның 10-бабына сәйкес құжаттар және өзге де мәліметтер жіберілетін электрондық поштаның мекенжайын көрсете отырып, республикалық және (немесе) жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырады.

      4. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қоғамдық кеңеске бір ғана өкіл сайлана алады.

      Республикалық деңгейдегі қоғамдық кеңестерді қалыптастыру кезінде сол бір адам бір Қоғамдық кеңестің ғана мүшесі болып сайлана алады.

      5. Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамы мемлекеттік органның шешімімен немесе жергілікті өкілді органның шешімімен бекітіледі және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) тиісті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.

      6. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру тәртібінің өзге де мәселелері мемлекеттік органның басшысы немесе жергілікті өкілді орган бекітетін Қоғамдық кеңес туралы ережеде айқындалады.

10-бап. Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған, сондай-ақ Қоғамдық кеңес жергілікті деңгейде қалыптастырылған жағдайда – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде тұратын азаматы Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат бола алады.

      Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат:

      1) сотталғандығы болмауы;

      2) сот заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танымаған болуға;

      3) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрмауға тиіс.

      2. Конкурсқа қатысу үшін:

      1) кандидатураны Қоғамдық кеңестің құрамына ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы және (немесе) азаматтың өтініші;

      2) кандидаттың өмірбаян деректерін көрсете отырып, кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер ұсынылады.

      3. Осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптарға сай келмейтін кандидаттар қоғамдық кеңестерге сайлану үшін конкурсқа жіберілмейді.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 07.07.2020 № 361-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ

11-бап. Қоғамдық кеңестің ұйымдық құрылымы және оның төралқасының өкілеттіктері

      1. Отырыс Қоғамдық кеңестің жоғары органы болып табылады.

      2. Қоғамдық кеңес қызметіне басшылықты жүзеге асыру үшін оның отырыстары арасындағы кезеңде Қоғамдық кеңес төралқасы сайланады. Төралқаның құрамына Қоғамдық кеңестің төрағасы мен хатшысы, қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған мемлекеттік органның басшысы, Қоғамдық кеңес комиссияларының төрағалары, жекелеген мүшелері кіреді.

      3. Төралқаның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары кіре алады және Қоғамдық кеңестің қызметіне қатыса алады.

      4. Қоғамдық кеңестің төралқасы:

      1) Қоғамдық кеңес комиссияларының жұмысын үйлестіреді;

      2) Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізуге дайындықты ұйымдастырады;

      3) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді.

12-бап. Қоғамдық кеңес төрағасы мен хатшысының өкілеттіктері

      1. Қоғамдық кеңестің төрағасы:

      1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;

      2) отырыстарда төрағалық етеді;

      3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды;

      4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;

      5) республикалық мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару органының отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;

      6) өзі болмаған уақытта төрағаның міндеттерін орындауды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне жүктейді.

      2. Қоғамдық кеңестің хатшысы:

      1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;

      2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдеріне бақылау жасайды.

13-бап. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру

      1. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының жетекшісі ашады.

      Осы отырыста ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқасының бүкіл құрамы сайланады.

      Қоғамдық кеңестің мүшелері – мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін белгілі қоғам қайраткерлері арасынан оның төрағасы сайланады.

      2. Қоғамдық кеңестер жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады. Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқықты деп есептеледі.

      Қажет болған жағдайларда Қоғамдық кеңестің отырысына оның шешімімен мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіптік және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылуы мүмкін.

      3. Қоғамдық кеңестің отырыстары ашық болып табылады.

      Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ шешімдер қабылдау тәртібі Қоғамдық кеңес туралы ережеде айқындалады.

      Отырыстар өткізудің өзге де мәселелері Қоғамдық кеңестің шешімімен айқындалады.

      4. Қоғамдық кеңестер өз қызметін жүзеге асыру кезінде бір-бірімен теңдік және әріптестік шарттарында өзара іс-қимыл жасайды.

      5. Қоғамдық кеңестердің мүшелері өз өкілеттіктері шегінде кеңесші дауыс беру құқығымен өзге де қоғамдық кеңестердің қызметіне қатыса алады, ал бұдан басқа, жергілікті деңгейде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың Қоғамдық кеңесінің төрағасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Қоғамдық кеңесінің құрамына кіруге құқылы.

      6. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған тиісті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

14-бап. Қоғамдық кеңес жұмысының жариялылығы

      1. Қоғамдық кеңес халықты:

      1) азаматтық қоғаммен және мемлекеттік органдармен өзінің іс-қимыл жасау нәтижелері;

      2) Қоғамдық кеңестің құрамы, оның мүшелерін ротациялау;

      3) отырыстардың күн тәртібі;

      4) қабылданған шешімдер;

      5) қоғамдық маңызы бар басқа да мәселелер туралы хабардар етеді.

      2. Ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және (немесе) тиісті интернет-ресурстарда орналастырылады.

15-бап. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату

      1. Қоғамдық кеңестің мүшесі жазбаша түрде өтініш беру арқылы өз қалауы бойынша оның құрамынан шыға алады.

      2. Қоғамдық кеңестің мүшесі денсаулық жағдайына байланысты оның жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда не осы Заңның 10-бабының 1-тармағында көзделген өзге де негіздер бойынша Қоғамдық кеңестің шешімімен оның құрамынан мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін.

      3. Қоғамдық кеңес шығып қалған мүшесінің орнына оның өкілеттіктерінің қалған мерзіміне осы Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес конкурс нәтижелері бойынша немесе мемлекеттік органның шешімімен Қоғамдық кеңестің құрамына жаңа мүшесін қосу туралы шешім қабылдайды.

4-тарау. ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨКІЛЕТТІКТЕРІН ІСКЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ

16-бап. Қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау саласындағы мақсаттары мен міндеттері

      1. Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылауды мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында жүзеге асырады.

      2. Қоғамдық бақылаудың міндеттері:

      1) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің тиімділігін, ашықтығын және айқындығын арттыру;

      2) қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асыру;

      3) азаматтардың мемлекет пен оның органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне сенім деңгейін арттыру, қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және оларды шешу;

      4) халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне тарту.

17-бап. Қоғамдық бақылау ұғымы, оның объектісі мен субъектісі

      1. Қоғамдық бақылау субъектілерінің қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік орган жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау нысандарында жүзеге асырылатын, қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған қызметі қоғамдық бақылау деп түсініледі.

      2. Республикалық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының қызметі қоғамдық бақылау объектісі болып табылады.

      3. Қоғамдық кеңестер, сондай-ақ қоғамдық кеңестердің тапсырмасы бойынша коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар қоғамдық бақылау субъектісі болып табылады.

18-бап. Қоғамдық бақылау нысандары

      1. Қоғамдық бақылау субъектілері тарапынан мемлекеттік органдардың қызметін байқауды білдіретін қоғамдық бақылау рәсімі қоғамдық мониторинг болып табылады.

      2. Осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 5) және 6) тармақшаларында көзделген мәселелерді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қоғамдық маңызы бар шешімдерін олардың қоғамдық мүдделерге сәйкестігі мәселесі бойынша жария талқылау үшін жиналыс өткізу арқылы жүзеге асырылатын қоғамдық бақылау рәсімі қоғамдық тыңдау деп түсініледі.

      3. Қоғамдық сараптама – азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтау, сондай-ақ жеке тұлғалардың, елді мекендердің және өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағымсыз факторларды болғызбау жөніндегі қоғамдық мүдделерді сақтау тұрғысынан зерттеу, талдау және бағалау үшін арнайы білімді және (немесе) тәжірибені қоғамдық бақылау субъектілерінің пайдалануына негізделген қоғамдық бақылау рәсімі.

      4. Мемлекеттік орган жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау қоғамдық бақылау рәсімі болып табылады және Қоғамдық кеңестің отырысында осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген мәселелер бойынша мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және олардың лауазымды адамдары қызметінің нәтижелерін жария талқылауды білдіреді.

19-бап. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру тетіктері

      Қоғамдық бақылау:

      1) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес қоғамдық бақылау объектісінің қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізу;

      2) Қоғамдық кеңес мүшелерінің және қоғамдық бақылау субъектілерінің мемлекеттік органның алқалы органдарының отырыстарына қатысуы;

      3) мемлекеттік комиссиялардың құрамына қоғамдық кеңестердің мүшелерін қосу;

      4) азаматтардың жеке немесе ұжымдық өтініштерін беру;

      5) сұрау салулар беру;

      6) Қоғамдық кеңес айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдер арқылы жүзеге асырылады.

20-бап. Қоғамдық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу тәртібі

      1. Қоғамдық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу тәртібі осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.

      2. Қоғамдық мониторинг мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтер көрсетуі, мемлекеттік, үкіметтік бағдарламаларды, стратегиялық жоспарларды және бюджеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қолдану нәтижесінде азаматтар үшін жағымсыз салдарларды және қоғамдық мүдделерге қысым жасалуын анықтау мақсатында жүзеге асырылады.

      3. Қоғамдық мониторингті Қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ Қоғамдық кеңестің тапсырмасы бойынша коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері және азаматтар жүзеге асырады.

      4. Қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде Қоғамдық кеңестің мүшелері мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарынан Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша мониторингтің нысанасына жататын қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.

      5. Қоғамдық мониторингті жүзеге асырған адамдар оның нәтижелері бойынша қорытынды жасайды. Қоғамдық мониторинг қорытындысында:

      1) мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижесінде азаматтар үшін анықталған жағымсыз салдарлар туралы және қоғамдық мүдделерге қысым жасалғаны туралы ақпарат;

      2) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзушылықтарына қоғамдық мониторинг барысында анықталған себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдар;

      3) бақыланатын объектілердің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар;

      4) нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қамтылады.

      6. Қоғамдық мониторинг қорытындысының негізінде Қоғамдық кеңес ұсынымдар қабылдайды және оларды тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды.

21-бап. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі

      1. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.

      Қоғамдық кеңес қоғамдық тыңдауды осы Заңның 1-бабының 5 және 6-тармақтарында айқындалған республикалық немесе жергілікті мемлекеттік басқару органымен келісілген мерзімдерде өткізеді.

      2. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібінде:

      1) қоғамдық тыңдауға қатысушыларды оның өткізілетін уақыты мен орны туралы бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) жазбаша шақырулар арқылы, бірақ ол өткізілетін күннен кемінде күнтізбелік он күннен кешіктірмей күні бұрын құлақтандыру;

      2) қоғамдық тыңдауға шығарылатын нормативтік-құқықтық актілер мен шешімдердің жобаларымен, бірақ ол өткізілетін күннен кемінде күнтізбелік он күннен кешіктірмей күні бұрын таныстыру;

      3) қоғамдық тыңдауға қатысуды қамтамасыз ететін басқа да шаралар;

      4) қабылданған шешімдерді уәждеп негіздеуді қоса алғанда, қоғамдық тыңдаудың қорытынды хаттамасын жариялау көзделуге тиіс.

      3. Қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қойылатын үлгілік талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      4. Қоғамдық тыңдау Қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасы бойынша өткізіледі.

      5. Қоғамдық тыңдауды өткізу барысында хаттама жүргізіледі, онда:

      1) қоғамдық тыңдау өткізілетін күні мен орны;

      2) қатысушылардың саны;

      3) қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      4) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің мазмұны тіркеледі.

      6. Қоғамдық тыңдау нәтижелері бойынша қорытынды хаттама қабылданады, оған қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      7. Қорытынды хаттама, егер оған Қоғамдық кеңестің қатысып отырған мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      8. Қоғамдық тыңдаудың қорытынды хаттамасында:

      1) бақыланатын мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы туралы ақпарат;

      2) қоғамдық тыңдау барысында анықталған, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін ережелерді жою жөніндегі ұсынымдар;

      3) нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қамтылады.

      9. Қоғамдық кеңестің төрағасы қорытынды хаттама негізінде қабылданған ұсынымдарды:

      1) мемлекеттік органдарға, қоғамдық бақылау субъектілеріне;

      2) зерделеу және шаралар қолдану үшін мемлекеттік органдардың қызметін бақылауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарға;

      3) бұқаралық ақпарат құралдарына жібереді.

22-бап. Қоғамдық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу тәртібі

      1. Қоғамдық сараптаманы Қоғамдық кеңес өз отырысында қабылдаған тапсырмасы бойынша қоғамдық бірлестіктер құратын сараптама комиссиялары жүзеге асырады.

      Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтау, сондай-ақ жеке тұлғалардың, елді мекендердің және өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағымсыз факторларды болғызбау тұрғысынан мемлекеттік органдардың қабылданатын шешімдерінің жобалары қоғамдық сараптама объектілері болып табылады.

      2. Қоғамдық кеңеске тиісті өтінішхат жіберетін жеке тұлғалар және (немесе) қоғамдық бірлестіктер қоғамдық сараптаманың бастамашылары бола алады.

      3. Қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу ерекшеліктері, оны тіркеу тәртібі, қорытындының мазмұны Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленеді.

      4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қоғамдық сараптаманың өзге де субъектілері, оны ұйымдастыру мен жүргізудің негіздері және тәртібі айқындалуы мүмкін.

23-бап. Жұмыс нәтижелері туралы есептерді тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі

      1. Осы Заңның 18-бабы 4-тармағының ережелеріне сәйкес жұмыс нәтижелері туралы есепті тыңдау республикалық деңгейдегі мемлекеттік органның бірінші басшысының баяндамасын және Қоғамдық кеңес төрағасының қосымша баяндамасын, ал аумақтарда әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің баяндамасын және мәслихат хатшысының, Қоғамдық кеңес төрағасының қосымша баяндамаларын қамтиды.

      2. Жұмыс нәтижелері туралы есепті тыңдау барысында хаттама жүргізіледі, онда:

      1) есепті тыңдау күні мен орны;

      2) қатысушылардың саны;

      3) сөз сөйлеген лауазымды адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      4) күн тәртібі, есептің және сөйлеген сөздердің мазмұны қамтылады.

      3. Есепті тыңдау нәтижелері бойынша қарар қабылданады, онда:

      1) бақыланатын органдар мен олардың лауазымды адамдарының қызметін олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша бағалау;

      2) есепті тыңдау барысында анықталған, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін ережелерді жою жөніндегі ұсынымдар;

      3) мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылуға тиіс.

      4. Егер отырысқа қатысып отырған қатысушылардың жартысынан астамы есеп үшін дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.

24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н.Назарбаев