Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 4 шілдедегі № 129-V Заңы.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 34-баптан қараңыз.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуына және қызметіне, Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамытуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) индустриялық сертификат – өтініш берушінің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізілімінде бар екенін растайтын құжат;

      1-1) кәсіпкерлік субъектілері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген және Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын коммерциялық заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер, шаруа (фермер) қожалықтары;

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Ұлттық палата) – Қазақстан Республикасының бизнес қоғамдастығы мен мемлекеттік билік органдары арасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауды қамтамасыз ету, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктерінің (бұдан әрі – қауымдастық (одақ) қызметін ынталандыру және қолдау мақсатында құрылған, кәсіпкерлік субъектілері одағын білдіретін коммерциялық емес ұйым;

      3) қоғамдық мониторинг – Ұлттық палатаның ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және қорыту, оның ішінде шешілуіне нормативтік құқықтық акт бағытталған проблемалар мен міндеттердің шешілу дәрежесіне қол жеткізуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің жағдайына оның әсерін бағалау жөніндегі қызметі;

      4) міндетті мүшелік жарналар – кәсіпкерлік субъектілерінің осы Заңға сәйкес белгіленген тәртіппен және мөлшерде Ұлттық палатаға төлейтін жыл сайынғы жарналары;

      4-1) сатып алуға қол жеткізудің бірыңғай нүктесі – сатып алудың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған ақпараттық жүйе;

      4-2) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізілімі – Ұлттық палата төралқасы бекітетін тәртіппен ерікті негізде қалыптастырылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізбесі;

      5) алып тасталды - ҚР 12.11.2015 № 391-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      6) Ұлттық палата жүйесіндегі аккредиттеу – қауымдастықтардың (одақтардың), кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың Ұлттық палатаның басқару органдарында және жұмыс органдарында кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдірудің белгіленген критерийлеріне сәйкестігін Ұлттық палатаның тануы;

      7) "Іскерлік ахуал" рейтингі – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жұмысының нәтижелерін бағалау және салыстыру үшін жүргізілетін, нормативтік құқықтық актілер мен реттеу құралдарының реттеушілік ықпалын жария талдау, сондай-ақ қалыптасқан құқық қолдану практикасын талдау нәтижелеріне негізделген кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарын тәуелсіз зерттеу.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

3-бап. Ұлттық палатаның мақсаты, міндеттері және жүйесі

      1. Ұлттық палатаны құрудың мақсаты Қазақстан Республикасында кәсіпкерліктің өсуі мен одан әрі дамуы үшін институционалдық негіздерді қалыптастыру болып табылады.

      2. Ұлттық палатаның міндеттері:

      1) кәсіпкерлік қоғамдастықты шоғырландыру;

      2) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қамтамасыз ету және қорғау;

      3) кәсіпкерлік субъектілері мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) мемлекеттік органдармен өзара тиімді іс-қимылын ұйымдастыру;

      4) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға жәрдемдесу;

      5) кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру процесіне қатысу;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де міндеттер болып табылады.

      3. Ұлттық палата жүйесіне:

      1) республикалық деңгейде:

      Ұлттық палата;

      Ұлттық палатада аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтар (одақтар), шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің республикалық қауымдастықтары (одақтары), сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдар;

      2) аумақтық деңгейде:

      облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана кәсіпкерлерінің палаталары (бұдан әрі – өңірлік палаталар);

      өңірлік палаталарда аккредиттелген өңірлік салааралық, өңірлік салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің өңірлік қауымдастықтары (одақтары);

      өңірлік палаталарда аккредиттелген облыстардағы, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы қауымдастықтар (одақтар), кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдар;

      өңірлік палаталарда аккредиттелген аудандардағы, аудандық маңызы бар қалалардағы қауымдастықтар (одақтар), кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдар;

      3) қалалық және аудандық деңгейлерде:

      тиісті облыстардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аудандарындағы, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы өңірлік палаталардың филиалдары (бұдан әрі – өңірлік палаталардың филиалдары);

      4) осы Заңның мақсаттарын іске асыру үшін құрылған, Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалар;

      5) Ұлттық палатаның шет мемлекет аумағындағы филиалдары мен өкілдіктері кіреді.

      6) алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Ұлттық палата қызметінің қағидаттары

      1. Ұлттық палатаның қызметі мынадай:

      1) дербестік;

      2) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің тең құқылығы;

      3) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына қайшы келмейтін шешімдерді қабылдау;

      4) алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5) қызметінің ашықтығы, өз мүшелері алдында есеп берушілік, жауаптылық;

      6) шешімдер қабылдаудағы және оларды іске асырудағы тиімділік, жүйелілік және жеделдік;

      7) салааралық, салалық және өңірлік қауымдастықтарды (одақтарды) дамыту;

      8) бизнестің әлеуметтік жауаптылығы;

      9) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілер өндіретін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал жасау;

      10) қоғам мен кәсіпкерлік мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді.

      2. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, Ұлттық палата, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге коммерциялық емес ұйымдарға міндетті түрде мүше болу белгіленген кәсіпкерлік субъектілерін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген (есептік тіркеуден өткен) кәсіпкерлік субъектілерінің оған мүше болуының міндеттілігі қағидаты бойынша құрылады.

      Міндетті мүшелікке негізделген, кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың мүшелері (қатысушылары) болып табылатын кәсіпкерлік субъектілеріне кәсіпкерлік субъектілерінің Ұлттық палатаға мүше болуының міндеттілігі қағидаты қолданылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІМЕН, МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРМЕН, ҚАУЫМДАСТЫҚТАРМЕН (ОДАҚТАРМЕН), ҰЛТТЫҚ ПАЛАТА ҚҰРЫЛТАЙШЫ РЕТІНДЕ ҚАТЫСАТЫН ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ

5-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметімен, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерлерін бекітеді;

      2) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);

      3) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық палатаның өзара іс-қимылы оны құру мақсатына және оның міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған.

      3. Ұлттық палатаның Қазақстан Республикасының Үкіметімен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы осы Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде және өзара іс-қимыл туралы келісімде айқындалған тәртіппен:

      1) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және оларға сараптама жасауға Ұлттық палатаның қатысуы нысанында;

      1-1) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды әзірлеуге және оларға сараптама жасауға Ұлттық палатаның қатысуы нысанында;

      2) Ұлттық палатаның орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қатысуымен консультациялық-кеңесші органдарды құруы нысанында;

      3) орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанынан кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын мәселелер бойынша құрылатын консультациялық-кеңесші органдардың жұмысына Ұлттық палатаның қатысуы нысанында;

      4) Ұлттық палатаны құрудың мақсатын, оның міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

      4. Коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік органдар Ұлттық палатаның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ұсынуға міндетті.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2018 № 160-VI (22.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Ұлттық палатаның қауымдастықтармен (одақтармен)және кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдармен өзара іс-қимылы

      Ескерту. 6-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 12.11.2015 № 391-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Ұлттық палата осы Заңда белгіленген мақсаттарға қол жеткізу және міндеттерді шешу үшін қауымдастықтармен (одақтармен), оның ішінде кәсіпкерлердің салалық, салааралық, өңірлік қауымдастықтарымен (одақтарымен), шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерлік жөніндегі қауымдастықтармен (одақтармен), сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, өз мүшелерінің (қатысушыларының) мүдделерін білдіретін қауымдастықтар (одақтар), өзін-өзі реттейтін ұйымдар:

      1) Ұлттық палата төралқасында көзделген тәртіппен Ұлттық палата жүйесінде аккредиттеуден өтуге;

      2) Ұлттық палатаның қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      3) Ұлттық палата тарапынан кәсіптік қолдауды, сондай-ақ оның жарғысында көзделген көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;

      4) Ұлттық палатаға жазбаша сұрау салу арқылы өтініш жасауға және дәлелді жауаптар алуға;

      5) өз өкілдерін Ұлттық палата ұйымдастыратын оқытуға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберуге;

      6) білікті ақпараттық-талдамалық қолдау алуға;

      7) Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.

      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, Ұлттық палатада аккредиттеуден өткен қауымдастықтар (одақтар) және өзін-өзі реттейтін ұйымдар осы Заңда белгіленген тәртіппен:

      1) Ұлттық палата съезінің;

      2) Ұлттық палата төралқасының;

      3) Ұлттық палата төралқасы комитеттерінің жұмысына қатысуға құқылы.

      Міндетті мүшелікке негізделген, кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдар аккредиттеу үшін белгіленген өлшемшарттарға сәйкестікке тексерілусіз Ұлттық палатада аккредиттеуді алады.

      4. Ұлттық палата осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген функцияларды жүзеге асыруға Ұлттық палатада аккредиттелген қауымдастықтарды (одақтарды) және өзін-өзі реттейтін ұйымдарды шарттық негізде тартуға құқылы.

      5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, өңірлік палатада аккредиттеуден өткен қауымдастықтар (одақтар) және өзін-өзі реттейтін ұйымдар осы Заңда белгіленген тәртіппен өңірлік кеңестер құрамына кандидаттар ұсынуға құқылы.

      6. Өңірлік палаталар өңірлік палатаның жарғысында белгіленген өз құзыреті шеңберінде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген функцияларды жүзеге асыруға өңірлік палатада аккредиттелген қауымдастықтарды (одақтарды) және өзін-өзі реттейтін ұйымдарды шарттық негізде тартуға құқылы.

      7. Ұлттық палата осы баптың 1-тармағында көрсетілген өзін-өзі реттейтін ұйымдармен өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды, оның ішінде:

      1) кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын әзірлеуге жәрдемдеседі, сондай-ақ міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарына қорытынды ұсынады;

      2) Ұлттық палатаға келіп түсетін, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың және олардың мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдарға сараптама жүргізу үшін жібереді;

      3) кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің міндетті мүшелігіне (қатысуына) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілген кезде, реттеуші мемлекеттік органдар жүргізген реттеушілік әсерді талдау түйіндерімен келіспеген жағдайда реттеушілік әсерге балама талдау жүргізеді;

      4) кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) арасында, сондай-ақ олар мен өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар, өзге де тұлғалар арасында туындайтын дауларды шешу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аралық сот пен төрелік қызметтерін көрсетеді.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалармен Ұлттық палатаның өзара іс-қимылы

      1. Осы Заңда белгіленген мақсаттарда Ұлттық палата Ұлттық палатаның жүйесіне кіретін заңды тұлғаларды құруға құқылы.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың мақсаттарын, міндеттерін және қызмет түрлерін Ұлттық палата айқындайды.

3-тарау. ҰЛТТЫҚ ПАЛАТАНЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ

8-бап. Ұлттық палатаның функцияларын жүзеге асыру тәртібі

      1. Ұлттық палата осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген функцияларды жүзеге асырады.

      2. Ұлттық палатаның осы Заңда көзделген жүйесі ескеріле отырып:

      1) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген, республикалық деңгейде іске асырылатын және Қазақстан Республикасының Парламентімен, Қазақстан Республикасының Үкіметімен, орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды болжайтын функцияларды Ұлттық палата жүзеге асырады;

      2) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген, аумақтық деңгейде іске асырылатын және жергілікті өкiлдi және атқарушы органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимылды болжайтын функцияларды өңірлік палаталар жүзеге асырады;

      3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген, халықаралық деңгейде іске асырылатын және шетелдік және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды болжайтын функцияларды, сондай-ақ кәсіпкерлердің сыртқы экономикалық қызметінің дамуына жәрдемдесу және Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі функцияларды Ұлттық палата, сондай-ақ шет мемлекеттің аумағындағы филиалдары мен өкілдіктері арқылы және (немесе) ол құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлға жүзеге асырады.

9-бап. Ұлттық палатаның кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қорғау жөніндегі функциялары

      1. Ұлттық палата осы Заңға, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және Ұлттық палатаның жарғысына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және шет мемлекеттерде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді, қорғайды.

      2. Ұлттық палата:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметінде, Қазақстан Республикасының Парламентінде және басқа да мемлекеттік органдарда кәсіпкерлік мүдделерін білдіреді;

      2) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады;

      3) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларының, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер жобаларының тұжырымдамаларына міндетті сараптаманы жүзеге асырады;

      4) қаржы ұйымдарының қызметі мен қаржы нарығын мемлекеттік реттеу функцияларын қоспағанда, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік қызмет саласындағы функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеуді және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуді жүзеге асырады;

      4-1) Ұлттық палатада аккредиттелген кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша жұмысын үйлестіреді;

      4-2) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру үшін жыл сайынғы негізде іріктеуді жүзеге асырады;

      4-3) кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша ұсыныстарын жинауды, талдауды және жариялауды жүзеге асырады;

      4-4) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайын болуына талдау жүргізуге қатысады;

      4-5) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының сапасыз жүзеге асырылуы туралы мәселелерді қарауға қатысады;

      5) орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанынан кәсіпкерлердің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын мәселелер бойынша құрылатын алқалы консультациялық-кеңесші органдардың жұмысына қатысады;

      6) "Төрелік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төрелікті құрады.

      7) кәсіпкерлік мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізеді.

      3. Кәсіпкерлік мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар осы Заңда және Ұлттық палатаның жарғысында көзделген тәртіппен өткізіледі.

      Қоғамдық тыңдауларға Қазақстан Республикасы Парламентінің және жергілікті өкілді органдардың депутаттары, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіретін орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қоғамдық тыңдауларға Ұлттық палата төралқасының шақыруымен қатысады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 481-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2019 № 250-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Ұлттық палатаның қоғамдық мониторинг саласындағы функциялары

      1. Ұлттық палата:

      1) қоғамдық мониторингті жүзеге асырады;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік мәселелері бойынша қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстарды енгізеді;

      3) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқару тиімділігіне бағалау жүргізуге қатысады.

      2. Ұлттық палата "Іскерлік ахуал" тәуелсіз рейтингін дайындауды және жүргізуді тұрақты негізде жүзеге асырады.

      3. Ұлттық палата Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау және жариялау арқылы қоғам мен мемлекетті кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.

      4. Ұлттық палата мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауы туралы ақпаратты жинауды, қорытуды және талдауды тұрақты негізде жүргізеді.

      Жүргізілген талдау нәтижелері Қазақстан Республикасының Үкіметіне және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.

      Жылдық қорытындылар бойынша жүргізілген талдау нәтижелері Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндама құрамында Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізіледі.

11-бап. Ұлттық палатаның кәсіпкерлікті қолдауды және дамытуды ұйымдастыру саласындағы функциялары

      1. Ұлттық палата нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіппен:

      1) арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға қатысады;

      2) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы өткізу пункттерінің инфрақұрылымы, оның ішінде сервистік (кедендік) инфрақұрылым объектілерінің жабдықталуын және техникалық жарақтандырылуын (мемлекеттік бақылау органдарының арнайы жабдықтарын қоспағанда), сондай-ақ көрсетілген өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік бақылау түрлерін ұйымдастыру үшін қажетті ғимараттарды, үй-жайларды және құрылыстарды күтіп-ұстауды және жөндеуді қоса алғанда, олардың салынуын (реконтрукциялануын), жұмыс істеуін (пайдаланылуын) инвестицияларды тарту арқылы қамтамасыз етуге қатыса алады;

      3) корпоративтік басқарудың практикасын талдауды және қорытуды жүзеге асырады;

      4) Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурсты және "Қазақстанның үздік тауары" көрме-конкурсын ұйымдастырады және өткізеді;

      5) мемлекеттік органдарға индустриялық аймақтар құру мәселелері бойынша қорытындыға қатысады және береді.

      1-1. Ұлттық палата:

      1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген кәсіпкерлерді сервистік қолдауды қоса алғанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға үміткер жеке тұлғаларды және кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық емес қолдау операторының функцияларын жүзеге асырады;

      2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын дамыту және ілгерілету жүйесі операторының функцияларын жүзеге асырады;

      3) кәсіпкерлерді оқытуды ұйымдастырады, сондай-ақ оларға бизнесті ашу және жүргізу жөнінде консалтингтік қызметтер көрсетеді;

      3-1) импорттаушы ел өкілдерінің карантинді объектілер және (немесе) бөтен текті түрлер таралмаған немесе шектеулі таралған карантинге жатқызылған объектілерге, аймақтарға, орындарға, өндіріс учаскелеріне инспекциялау жүргізуін ұйымдастыру бөлігінде оператордың функцияларын жүзеге асырады;

      3-2) импорттаушы ел өкілдерінің орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің экспортын жүзеге асыру мақсатында жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөпті және жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға инспекциялау жүргізуін ұйымдастыру бөлігінде оператордың функцияларын жүзеге асырады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стандарттар мен техникалық регламенттерді әзірлеуге қатысады және кәсіпкерлердің оларды сақтауын қамтамасыз етеді;

      5) кеден ісі саласында қызметтер көрсетуді жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендік инфрақұрылымның қазіргі заманғы стандарттарын әзірлеуге қатысады.

      2. Ұлттық палата уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық отын-энергетика баланстарын әзірлеуіне, экономика салаларында шикiзат пен тауарлардың өткізілуі мен тұтынылуына қатысады.

      3. Ұлттық палата кәсіпкерлік субъектілері үшін бірыңғай интернет-порталды құрады және оны қолдауды, әкімшілендіруді және дамытуды жүзеге асырады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Ұлттық палатаның отандық өндірісті қолдау және жергілікті қамту үлесін арттыру саласындағы функциялары

      1. Ұлттық палата нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіппен отандық өндірісті қолдау және сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қатысады, оның ішінде:

      1) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізілімін қалыптастырады және жүргізеді, сондай-ақ өтініш берушілерді тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізіліміне ерікті түрде енгізу үшін өлшемшарттар әзірлейді;

      2) уәкілетті ұйымдар ұсынатын, жыл сайынғы, орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жүргізілген, жүргізілетін және жоспарланып отырған сатып алу туралы мәліметтер мен ақпаратты талдау және мониторинг жүргізу үшін жинауды, өңдеуді және қорытуды жүзеге асырады;

      3) тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нарығын талдауды, оның ішінде тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нарығы мониторингінің ақпараттық талдамалық жүйесін құруды және жүргізуді жүзеге асырады;

      4) сатып алу және жергілікті қамту үлесін арттыру саласында талдамалық зерттеулер жүргізеді;

      5) сатып алуға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін құруды, дамытуды, қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады және оны қалыптастыру мен жүргізу қағидаларын бекітеді.

      2. Ұлттық палата жер қойнауын пайдаланушылардың тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі, кадрлардағы жергілікті қамту және аумақтарды әлеуметтік дамыту бөлігіндегі келісімшарттық міндеттемелерін орындауына мониторингті жүзеге асыруға қатысады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Ұлттық палатаның экономика салаларында кадрларды даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру, сертификаттау және аттестаттау мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту саласындағы функциялары

      Ұлттық палата нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіппен:

      1) салалық біліктілік шеңберін әзірлеуге қатысады, кәсіптік стандарттарды бекітеді;

      1-1) қызметтің барлық салалары үшін еңбек жөніндегі бірыңғай және (немесе) салааралық үлгілік нормалар мен нормативтерді бекітеді;

      2) дербес білім беру ұйымдарын қоспағанда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауға қатысады;

      3) техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметін лицензиялау жөніндегі консультациялық-кеңесші органның жұмысына қатысады;

      4) мамандардың біліктілігін тәуелсіз сертификаттауды жүзеге асырады;

      5) дербес білім беру ұйымдарын қоспағанда, келісу бойынша мемлекеттік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдарына қатысады;

      6) экономика салаларындағы еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру және орналастыру үшін ұсыныстар енгізеді;

      7) техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және кадрларды даярлау жөніндегі салалық және өңірлік кеңестердің қызметіне қатысады;

      8) оқу-әдістемелік материалдарды, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын және жоспарларын әзірлеуге қатысады;

      9) кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіби кадрларға қажеттіліктеріне мониторинг жүргізеді;

      10) мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;

      11) техникалық және қызмет көрсететін еңбек кәсіптері (мамандықтары) бойынша кәсіптік даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру және біліктілік беру жөніндегі оқу орталықтарын құрады;

      12) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, келісімшартты орындау кезінде тартылған қызметкерлерді оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға немесе уәкілетті органмен келісілген мамандықтар тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға жұмсалатын шығыстар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерді орындауы жөніндегі ақпаратты жинауға және талдауға қатысады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 415-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі)

14-бап. Ұлттық палатаның кәсіпкерлік субъектілерінің сыртқы экономикалық қызметін дамыту, инвестициялар тарту және ұлттық экономиканы әртараптандыру саласындағы функциялары

      Ұлттық палата:

      1) шетелде филиалдар мен өз өкілдіктерін құрады және таратады;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес шетелдік ұйымдармен бірлесіп, іскерлік кеңестерді және өзге де консультациялық-кеңесші органдарды құрады;

      3) өткізілетін халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер, Қазақстан Республикасында өткізілетін ұлттық және өңірлік көрмелер мен жәрмеңкелер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын шетелдегі халықаралық көрмелер тізілімін жүргізеді;

      4) қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді әлемдік нарықта ілгерілету үшін халықаралық маркетингті және жарнамалық қолдауды жүзеге асырады;

      5) сыртқы экономикалық қызмет мәселелері бойынша ақпараттық, бағалау, брокерлік, маркетингтік, жарнамалық, аударма және консалтингтік қызметтер көрсетеді;

      6) экспорт-импортты реттеу мәселелері бойынша барлық елдердің заңнамалары, өткізілетін жәрмеңкелер, көрмелер, халықаралық тауар айналымы және төлемдер, халықаралық саудаға және шаруашылықішілік қызметке байланысты басқа да мәселелердің жай-күйі туралы ақпаратты жинауды, талдауды және өз мүшелеріне ұсынуды жүзеге асырады;

      7) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тауардың шығарылуы туралы сертификатты ресімдеуді, куәландыруды, беруді және оның күшін жоюды жүзеге асырады;

      8) техникалық реттеу саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітетін тізбе бойынша тауардың шығу тегі туралы сертификаттың көшірмесін және тауардың шығу тегін растайтын құжаттарды тауардың шығу тегі туралы сертификат берілген күннен бастап кемінде үш жыл бойы сақтайды;

      9) жылына кемінде бір рет кеден ісі саласындағы уәкілетті органға және техникалық реттеу саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органға тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарды растауға уәкілеттік берілген тұлғалардың мөрлері бедерлерінің, қойылған қолдарының үлгілерін жолдайды;

      10) тоқсан сайын сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органға тауардың шығу тегі туралы берілген сертификаттар жөніндегі ақпаратты береді;

      11) тауардың шығарылған елін айқындау бойынша сараптаманы қоспағанда, тауарларға тәуелсіз сараптамаларды жүзеге асырады;

      12) кәсіпкерлік субъектілерінің, қаржылық-экономикалық жағдайы кәсіпкерлік қызмет үшін серіктестер ретінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың сенімділік деңгейін айқындауға мүмкіндік беретін олардың көрсетілген тұлғалармен келісу бойынша жасалған тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды және жүргізеді;

      13) Қазақстан Республикасының сыртқы сауда мәмілелері мен халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес еңсерілмейтін күштің мән-жайларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында танылған сауда және порт әдет-ғұрыптарын куәландырады;

      14) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес кепіл болады және уақытша әкелу туралы құжаттарды береді;

      15) Еуразиялық экономикалық одақ тауарының және (немесе) шетелдік тауардың мәртебесін айқындайды;

      16) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен бланкілердің нысандарына сәйкес тауардың шығарылуы туралы сертификаттардың бланкілерін дайындауды ұйымдастырады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-1-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің функциялары

      Ескерту. 14-1-бап алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. ҰЛТТЫҚ ПАЛАТАНЫ ҚҰРУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

15-бап. Ұлттық палатаны құру ерекшеліктері

      1. Ұлттық палата коммерциялық емес ұйымның өзге ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.

      Ұлттық палата саяси қызметпен айналысуға, саяси партия құруға және саяси партия болып қайта ұйымдастырылуға құқылы емес.

      2. Ұлттық палата әрбір облыста, республикалық маңызы бар қалада және астанада өңірлік палаталарды құрады.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында бір ғана өңірлік палата құрылуы және жұмыс істеуі мүмкін.

      3. Тиісті облыстардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың аудандарында және астанада, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар қалаларда өңірлік палатаның филиалдары құрылады.

      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

16-бап. Ұлттық палатаның мүлкі

      1. Ұлттық палатаның мүлкі:

      1) міндетті мүшелік жарналар;

      2) көрсетілетін қызметтерден түсетін түсімдер (кірістер);

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен қалыптасуы мүмкін.

      Ұлттық палатаның осы Заңға сәйкес қалыптастырылған мүлкі оған меншік құқығымен тиесілі болады.

      2. Ұлттық палата Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырмалар мен тапсырыстар алуға құқылы.

      3. Ұлттық палата құрылтайшыларының Ұлттық палата мүлкіне мүліктік құқықтары болмайды.

      Ұлттық палатаның құрылтайшылары оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді, Ұлттық палата құрылтайшылардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      4. Ұлттық палатаның кәсіпкерлік қызметінен түскен кірістер оның мүшелері арасында бөліне алмайды және жарғылық мақсаттарға жұмсалады.

17-бап. Ұлттық палатаны қайта ұйымдастыру және тарату

      Ұлттық палатаны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

5-тарау. ҰЛТТЫҚ ПАЛАТАНЫ, ӨҢІРЛІК ПАЛАТАЛАРДЫ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК ПАЛАТАЛАРДЫҢ ФИЛИАЛДАРЫН БАСҚАРУ

18-бап. Ұлттық палатаның, өңірлік палаталардың және өңірлік палаталар филиалдарының басқару органдары

      1. Ұлттық палатаның басқару органдары мыналар болып табылады:

      1) съезд – жоғары басқару органы;

      2) төралқа – басқару органы;

      3) басқарма – атқарушы орган;

      4) тексеру комиссиясы – қаржылық-бақылау органы.

      2. Өңірлік палаталардың және өңірлік палаталар филиалдарының басқару органдары мыналар болып табылады:

      1) өңірлік кеңес – байқаушы орган;

      2) дирекция – өңірлік палатаның атқарушы органы;

      3) директор – өңірлік палаталар филиалдарының атқарушы органы.

      3. Ұлттық палатада, өңірлік палаталарда өздерінің жарғыларына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкін.

      4. Ұлттық палатаның жоғары басқару органындағы және басқару органындағы жұмыс өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2018 № 160-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Ұлттық палатаның съезі

      1. Ұлттық палатаның съезін (бұдан әрі – съезд) Ұлттық палата төралқасының төрағасы басқарады және ол аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің республикалық қауымдастықтары (одақтары) өкілдерінің және өңірлік кеңестер делегаттарының тең санынан қалыптастырылады.

      2. Алып тасталды - ҚР 13.06.2018 № 160-VI Заңымен (22.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Съездің айрықша құзыретіне:

      1) Ұлттық палатаның жарғысын бекіту, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;

      2) Ұлттық палата төралқасының мүшелерін, Ұлттық палатаның тексеру комиссиясының мүшелерін сайлау және лауазымынан босату;

      2-1) өңірлік кеңестер делегаттарын сайлауды өткізу тәртібін, мерзімдерін және өңірлік кеңестерді қалыптастыру тәртібін бекіту;

      3) тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында тіркелген (есептік тіркеуден өткен) кәсіпкерлік субъектілерінің және қауымдастықтардың (одақтардың) жалпы санын ескере отырып, өңірлік кеңестердің сандық құрамын бекіту;

      4) Ұлттық палатаның төралқасы мен Ұлттық палата басқармасының есептерін бекіту;

      5) кәсіпкерлік субъектілерінің топтары ішінде съезд белгілеген сатылауға сәйкес, олар үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерлерін бекіткен, осы Заңның 29-бабының 2-тармағында көрсетілген міндетті мүшелік жарналар мөлшерін бекіту;

      6) Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғаларды құру туралы шешімдер қабылдау, олардың мақсаттарын, міндеттері мен өкілеттіктерін айқындау;

      7) Ұлттық палатаның бюджетін бекіту;

      8) Ұлттық палатаның тексеру комиссиясының жылдық есебін бекіту;

      9) шет мемлекеттер аумағында Ұлттық палатаның филиалдары мен өкілдіктерін құру туралы шешім қабылдау;

      10) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс Ұлттық палата қызметінің қорытындылары туралы жыл сайынғы есепті бекіту;

      11) Ұлттық палата мүшелеріне көрсетілетін тегін қызметтердің тізбесін бекіту;

      12) міндетті мүшелік жарналарды төлеуден босату туралы шешім қабылдау жатады.

      4. Съезд тағайындалған өкілдер мен сайланған делегаттардың жалпы санының қарапайым көпшілігі отырыста болған кезде шешімдер қабылдауға құқылы.

      Съезде дауыс беру "бір өкіл (делегат) – бір дауыс" қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Дауыс беру көзбе-көз нысанда жүзеге асырылады. Съезде дауыс беруді жүргізу тәртібі Ұлттық палатаның жарғысында айқындалады.

      Съездің құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер отырысқа қатысушы өкілдер мен делегаттардың қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.

      Дауыс беру құқығын біреуге беруге, сондай-ақ басқа тұлғалар үшін дауыс беруге жол берілмейді.

      5. Өңірлік кеңестерден съезге делегаттарды сайлау тәртібі Ұлттық палатаның жарғысында айқындалады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2018 № 160-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

20-бап. Съезді шақыру тәртібі

      1. Съезді Ұлттық палатаның төралқасы бір жылда бір реттен жиі шақырмайды.

      2. Съездің кезектен тыс отырысы Ұлттық палата төралқасының шешімімен шақырылады.

      3. Съезді дайындауды және өткізуді Ұлттық палатаның басқармасы жүзеге асырады.

      4. Съезге қатысушылар съездің алда өтетіні туралы съезд өтетін күнге дейін күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірілмей хабардар етілуге тиіс.

      5. Съезді өткізу туралы хабарлама Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда жарияланады.

      6. Съезд бастапқыда өткізілмеген жағдайда, съезд отырысын қайта өткізу съезді өткізу белгіленген күннен кейінгі келесі күннен ерте белгілене алмайды.

21-бап. Ұлттық палата төралқасы

      1. Ұлттық палатаның төралқасы (бұдан әрі – төралқа) 51 мүшеден тұрады және оны төраға басқарады.

      Төралқа:

      1) алып тасталды – ҚР 13.06.2018 № 160-VI (22.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      2) Қазақстан Республикасы Парламентінің он алты депутаты мен Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлерінен;

      2-1) Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілден;

      3) аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтардың (одақтардың), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің республикалық қауымдастықтарының (одақтарының), кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың он жеті өкілінен;

      4) өңірлік кеңестердің он жеті төрағасынан қалыптастырылады.

      2. Төралқа құрамын қалыптастыру мақсатында съездің шешімімен:

      1) төралқа мүшелері қатарынан төралқа төрағасы;

      2) Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлері;

      3) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары;

      4) аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтардың (одақтардың), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің республикалық қауымдастықтарының (одақтарының) өкілдері төралқа мүшелері лауазымына сайланады және лауазымынан босатылады.

      Төралқаның сайланатын мүшелері өкілеттіктерінің мерзімі төрт жылды құрайды. Төралқа мүшелерін сайлау және атқаратын лауазымынан босату тәртібі Ұлттық палатаның жарғысында айқындалады.

      3. Алып тасталды - ҚР 13.06.2018 № 160-VI Заңымен (22.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Төралқаның айрықша құзыретіне:

      1) Ұлттық палата міндеттерінің орындалу барысын және оның мақсаттарына қол жеткізуін бақылау;

      2) съезге Ұлттық палата қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      3) Ұлттық палата басқармасының төрағасын және мүшелерін сайлау;

      4) Ұлттық палатаның басқармасына мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуға жәрдемдесу;

      5) Ұлттық палатаның тексеру комиссиясының тексерулерін тағайындау және олардың қорытындылары бойынша есептерін бекіту;

      6) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, Ұлттық палатаның қызметінде қолданылатын қағидаларды, регламенттерді және басқа да ішкі құжаттарды бекіту;

      7) Ұлттық палата жүйесінде қауымдастықтарды (одақтарды) аккредиттеуге қойылатын біліктілік талаптарын және Ұлттық палата жүйесінде қауымдастықтарды (одақтарды) аккредиттеуді жүргізу қағидаларын бекіту;

      8) Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалардың бірінші басшыларын Ұлттық палата басқармасының ұсынуы бойынша тағайындау;

      9) төралқа комитеттерін қалыптастыру, олардың сандық және дербес құрамын айқындау, олардың жұмыс регламентін бекіту;

      10) өңірлік палаталардың үлгілік жарғысын және өңірлік палаталардың филиалдары туралы үлгілік ережені бекіту;

      11) "Іскерлік ахуал" тәуелсіз рейтингін жүргізу, қоғамдық мониторингті жүзеге асыру, Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау және жариялау тәртібін бекіту;

      12) алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      13) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізілімін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ индустриялық сертификатты беру қағидаларын бекіту жатады.

      5. Ұлттық палатаның жарғысымен төралқаның құзыретіне өзге де мәселелер жатқызылуы мүмкін.

      6. Төралқа мүшелері Ұлттық палатаның басқару органдарынан, Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалардан олардың қызметін жүзеге асыруға байланысты ақпаратты сұратуға құқылы.

      7. Отырыста төралқа мүшелері жалпы санының қарапайым көпшілігі болған кезде төралқа шешім қабылдауға құқықты.

      Төралқа отырыстарында дауыс беруді жүргізу тәртібі Ұлттық палатаның жарғысында айқындалады.

      Төралқаның осы Заңда көзделген айрықша құзыретіндегі мәселелер бойынша шешiмдері төралқа отырысына қатысушы мүшелерінің жалпы дауыс санының кемінде үштен екісін құрайтын білікті көпшiлiк даусымен қабылданады.

      Өзге мәселелер бойынша шешімдер төралқа отырысына қатысушы мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.

      Дауыс беру құқығын біреуге беруге, сондай-ақ басқа тұлғалар үшін дауыс беруге жол берілмейді.

      Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2018 № 160-VI (22.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

22-бап. Төралқа комитеттері

      1. Төралқа комитеттері төралқаның тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органдары болып табылады.

      2. Комитеттердің санын және олардың жұмыс тәртібін төралқа айқындайды. Комитеттер салалық белгілер бойынша құрылады. Төралқаның шешімі бойынша өзге де комитеттер құрылуы мүмкін.

      3. Комитеттер Ұлттық палатада аккредиттеуден өткен республикалық салааралық, салалық қауымдастықтардың (одақтардың), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің республикалық қауымдастықтарының (одақтарының), өзін-өзі реттейтін ұйымдардың өкілдерінен тұрады. Комитет мүшелерінің санын төралқа айқындайды және олар үшеуден кем болмайды.

      4. Комитет төрағаларын тиісті комитеттің мүшелері оның мүшелерінің қатарынан сайлайды. Комитеттер төрағаларын сайлау тәртібі Ұлттық палатаның жарғысында белгіленеді.

      5. Комитет шешімі комитет мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, комитет төрағасының дауысы шешуші болып саналады.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

23-бап. Ұлттық палата басқармасы

      1. Ұлттық палата басқармасы (бұдан әрі – басқарма) оның қызметіне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады.

      2. Басқарма съезге және төралқаға есеп береді. Басқарма мүшелерінің өкілеттік мерзімін және сандық құрамын съезд бекітеді.

      3. Басқарманың құрамы бес мүшеден кем болмауға тиіс. Басқарманы төраға басқарады.

      4. Басқарманың төрағасы мен мүшелерін төралқа сайлайды.

      5. Басқарманың құзыретіне Ұлттық палата қызметінің осы Заңға және Ұлттық палатаның жарғысына сәйкес съездің және төралқаның айрықша құзыретіне жатпайтын мәселелерін қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау жатады.

      6. Егер басқарма отырыстарына оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысса, басқарма отырысы заңды болып табылады. Шешімдер басқарманың қатысушы мүшелері санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      7. Төрағаны қоспағанда, басқарма мүшелері Ұлттық палатаның басқа басқару органдарына сайлана алмайды.

      8. Басқарма төрағасы:

      1) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және одан тысқары жерде Ұлттық палатаның мүдделері үшін және оның атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      2) Ұлттық палата қызметіне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады;

      3) Ұлттық палатаның атынан шарттар және негізгі қызметке байланысты өзге де құжаттар жасасады (қабылдайды);

      4) Ұлттық палатаның мүдделерін білдіреді және мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      5) басқарма мүшелері арасынан басқарма төрағасының орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

      6) Ұлттық палатаның жұмысын ұйымдастырады, штаттық кестені, лауазымдық айлықақылардың мөлшерлерін қалыптастырады және бекітеді, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға қатысты көтермелеу немесе тәртіптік жазалау шараларын қолданады;

      7) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес банктерде шоттар ашады, бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды ұйымдастырады;

      8) осы Заңға және Ұлттық палатаның жарғысына сәйкес Ұлттық палатаның қаражаты мен мүлкіне иелік етеді;

      9) Ұлттық палата мүшелерінің тізілімін жүргізуді ұйымдастырады;

      10) Ұлттық палата қызметінің, оның съездерінің, төралқасының, басқармасы мен Ұлттық палатаның тексеру комиссиясы жұмысының қорытындылары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда орналастыруды ұйымдастырады;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Ұлттық палатаның жарғысында тыйым салынбаған өзге функцияларды жүзеге асырады.

24-бап. Ұлттық палатаның тексеру комиссиясы

      1. Ұлттық палатаның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін жоғары басқару органы кемінде бес мүшеден тұратын Ұлттық палатаның тексеру комиссиясын (бұдан әрі – тексеру комиссиясы) құрады.

      2. Төралқаның, басқарманың мүшелері мен басшылары, сондай-ақ олардың жақын туыстары тексеру комиссиясының мүшелері бола алмайды.

      3. Тексеру комиссиясы өз қызметін съезд бекіткен ережеге сәйкес жүзеге асырады.

25-бап. Өңірлік кеңес

      1. Өңірлік кеңес өңірлік палатаның байқаушы органы болып табылады және съезд әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана үшін саралап белгілеген квота шегінде кәсіпкерлік субъектілерінің делегаттарынан, сондай-ақ қауымдастықтардың (одақтардың), кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың өкілдерінен съезд бекіткен тәртіппен қалыптастырылады.

      2. Өңірлік кеңес делегаттары өңірлік палатаның аудандық, салалық кеңестеріндегі кәсіпкерлік субъектілері делегаттарының тікелей дауыс беруі арқылы съезд бекіткен тәртіппен төрт жыл мерзімге сайланады.

      3. Алып тасталды - ҚР 13.06.2018 № 160-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      4. Алып тасталды - ҚР 13.06.2018 № 160-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Өңірлік кеңесті өз өкілеттіктері мерзіміне жасырын дауыс беру арқылы қарапайым көпшілік дауыспен өзінің құрамынан мүшелері сайлайтын төраға басқарады. Өңірлік кеңестің төрағасы лауазымы бойынша төралқа мүшесі болып табылады.

      6. Өңірлік кеңес:

      1) өңірлік палата дирекциясына мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдеседі;

      2) басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдеседі;

      3) съезге делегаттар сайлайды;

      4) өңірлік палата және өңірлік палаталардың филиалдары қызметінің шеңберінде Ұлттық палатаның міндеттерді орындау барысын және мақсаттарға қол жеткізуін бақылайды;

      5) өңірлік палаталардың ағымдағы қызметінде экономиканың нақты салалары мен секторлары мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз етеді;

      6) съезге Ұлттық палата қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      7) өңірлік палаталар мен өңірлік палаталардың филиалдары басшыларының кандидатураларын тағайындау үшін келіседі;

      8) кәсіпкерлік мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізеді;

      9) өңірлік палатаның жарғысына сәйкес өңірлік кеңеске жүктелген өзге де мәселелерді шешеді.

      7. Өңірлік кеңестің мүшелері өңірлік палаталардың басқару органдарынан және олардың филиалдарынан, Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалардан олардың қызметін жүзеге асыруға байланысты ақпарат сұратуға құқылы.

      8. Өңірлік кеңестің шешімдері өңірлік кеңес отырысына қатысатын мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2018 № 160-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

26-бап. Өңірлік палаталардың, аудандық және қалалық филиалдардың атқарушы органдары

      1. Өңірлік палатаның дирекциясын өңірлік кеңеспен келісу бойынша басқарма тағайындайды.

      1-1. Өңірлік палата филиалының директорын өңірлік кеңеспен келісу бойынша өңірлік палата дирекциясы тағайындайды және лауазымынан босатады.

      2. Өңірлік палатаның дирекциясын тағайындауға қатысты өңірлік кеңес пен басқарма арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, мұндай шешімді төралқа қабылдайды.

      3. Өңірлік палата және өңірлік палаталардың тиісті филиалдары дирекциясының лауазымына кандидаттардың съезд белгілеген талаптарға сәйкес біліктілік деңгейі мен жұмыс тәжірибесі болуға тиіс.

      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

26-1-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

      1. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалады.

      2. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді оның аппараты жүзеге асырады.

      Аппараттың құрылымы, сандық және дербес құрамын Ұлттық палата Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен келісу бойынша бекітеді.

      Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің аппараты туралы ережені Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл бекітеді.

      Ескерту. 5-тарау 26-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

27-бап. Мүдделер қақтығысы

      Осы Заңда және Ұлттық палатаның жарғысында көрсетілген мақсаттарға қайшы келетін мақсаттарда лауазымдық жағдайды пайдалануға жол берілмейді.

      Мүдделер қақтығысын болғызбау және (немесе) реттеу жөніндегі шаралар Ұлттық палатаның жарғысында белгіленеді.

5-1-тарау. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

      Ескерту. Заң 5-1-тараумен толықтырылды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-тарау. ҰЛТТЫҚ ПАЛАТАНЫҢ МҮШЕЛЕРІ. МІНДЕТТІ МҮШЕЛІК ЖАРНАЛАР

28-бап. Ұлттық палатаның мүшелері

      1. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палатаның мүшелері болып табылады.

      2. Ұлттық палатаның мүшелері:

      1) Ұлттық палата тарапынан кәсіптік қолдау мен қорғауды, сондай-ақ оның жарғысында көзделген көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;

      2) оның басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға;

      3) Ұлттық палатаға жазбаша сұрау салулармен жүгінуге және Ұлттық палатаға берілген өкілеттіктер шегінде дәлелді жауаптар алуға, оның қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      4) осы Заңда және оның жарғысында көзделген тәртіппен Ұлттық палатаны басқаруға қатысуға;

      5) Ұлттық палата ұйымдастыратын оқытудан, қайта даярлаудан және біліктілікті арттырудан өтуге;

      6) білікті ақпараттық-талдамалық қолдау, оның ішінде әртүрлі бейіндегі тәуелсіз сарапшылар көрсететін қызметтер алуға;

      7) Ұлттық палатаның жарғысында көзделген тәртіппен оның қызметі туралы есептерді тыңдауға;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.

      3. Ұлттық палатаның мүшелері міндетті мүшелік жарналар төлеуге міндетті.

      4. Ұлттық палата мүшелерінің құқықтары тең.

      5. Ұлттық палата кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға құқылы емес.

      6. Дауларды реттеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

29-бап. Міндетті мүшелік жарналар

      1. Съезд бекітетін міндетті мүшелік жарналардың мөлшерін Ұлттық палата жыл сайын 1 шілдеге дейінгі мерзімде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда жариялайды.

      2. Міндетті мүшелік жарнаның мөлшерін айқындау мақсатында осы Заңның 4-бабының 2-тармағында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілері:

      1) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдыңғы есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, айлық есептiк көрсеткiштің есепті жылдың алдындағы күнтізбелік жылда алпыс мың еселенген мөлшерінен аспайтын жылдық жиынтық кірісі бар кәсiпкерлiк субъектiлерi;

      2) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдыңғы есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, айлық есептiк көрсеткiштің есепті жылдың алдындағы күнтізбелік жылда алпыс мың еселенген мөлшерінен асатын және айлық есептiк көрсеткiштің бір жарым миллион еселенген мөлшерінен аспайтын жылдық жиынтық кірісі бар кәсiпкерлiк субъектiлерi;

      3) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдағы есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есепті жылдың алдындағы күнтізбелік жылда айлық есептiк көрсеткiштің бір жарым миллион еселенген мөлшерінен асатын жылдық жиынтық кірісі бар кәсiпкерлiк субъектiлерi болып бөлінеді.

      3. Міндетті мүшелік жарналардың мөлшерін бекіту мақсатында съезд осы баптың 2-тармағында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілерінің топтары ішінде сатылауды белгілейді.

      4. Ұлттық палата міндетті мүшелік жарна бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген тәртіппен мемлекеттік кіріс органы ұсынған мәліметтер негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне есеп шотын шығарады.

      5. Кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палата шығарған есеп шоты негізінде ағымдағы жылғы 25 мамырдан, 25 тамыздан, 25 қарашадан кешіктірмей міндетті мүшелік жарналарды тең үлестермен төлейді.

      6. Съездің шешімі бойынша есепті кезеңде мүгедектер саны қызметкерлерінің жалпы санының кемінде елу бір пайызын құрайтын ұйымдар міндетті мүшелік жарналарды төлеуден босатылуы мүмкін.

      7. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері болып табылатын кәсіпкерлік субъектілері үшін міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым құрылған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірілмей өткізілетін съезд шешімімен олардың Ұлттық палатаға міндетті мүшелік жарналарының мөлшері азайтылады.

      Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

30-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзу Ұлттық палата мен оның лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылығына әкеп соғады.

31-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн өз атауларында "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы", "Ұлттық кәсіпкерлер палатасы" деген толық сөз тіркестерін пайдалана отырып тiркелген заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш ай iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қайта тiркелуге жатады.

      2. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл өткен соң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға жатады. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарын тарату кезінде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жіберіледі.

32-бап. Құрылтай кезеңі және өтпелі кезең

      1. Ұлттық палатаның құрылуын және жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл құрылтай кезеңі және бес жылға дейін өтпелі кезең белгіленеді.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі және барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада филиалдары, сондай-ақ орталық атқарушы органдарда кемінде бес жыл аккредиттеу тәжірибесі бар қауымдастық (одақ) Ұлттық палатаның құрылтайшылары болып табылады.

      3. Ұлттық палатаның құрылтайшылары:

      1) Ұлттық палатаның жарғысын бекітеді;

      2) лауазымы бойынша төралқаның құрамына кіретін өңірлік кеңестер төрағаларын қоспағанда, бірлескен шешіммен төралқа мүшелерін тағайындайды.

      4. Осы Заңмен және Ұлттық палатаның жарғысымен съездің құзыретіне жатқызылған өкілеттіктер құрылтай кезеңі ішінде төралқаға жүктеледі.

      5. Басқарманы және тексеру комиссиясын осы Заңда белгіленген мерзімге төралқа тағайындайды. Басқарманың ұсынуы бойынша төралқа тиісті өңірлік палаталардың дирекциясын және өңірлік кеңестердің мүшелерін тағайындайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес тағайындалған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кеңес мүшелерінің өкілеттіктері осы Заңның 25-бабына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кеңестерін қалыптастыру аяқталған күннен бастап бітеді.

      6. Өңірлік кеңестердің тағайындалған мүшелері өз төрағаларын сайлайды. Өңірлік кеңестердің төрағалары өздерін сайлағаннан кейін төралқаның құрамына кіреді.

      7. Төралқа тиісті филиалдардың басшыларын басқарманың ұсынуы бойынша тағайындайды.

      8. Съезд осы Заңның талаптары ескеріле отырып, құрылтай кезеңі аяқталғаннан кейін шақырылады. Съездің бірінші шақырылымы ішінде басқару органдары сайланбайды.

      9. Осы Заңның 29-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілері осы Заңның 29-бабының 4-тармағы қолданысқа енгізілген кезден бастап бес жыл ішінде міндетті мүшелік жарналар төлеуден босатылады.

      10. Алып тасталды - ҚР 13.06.2018 № 160-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11. Өтпелі кезең аяқталған соң Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық палатаға қатысушылардың құрамынан шығады.

      Ескерту. 32-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2018 № 160-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң:

      1) алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жыл өткен соң қолданысқа енгізілетін 14-бапты;

      2) 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 2-тармағын және 29-баптың 4-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жыл өткен соң "Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы" 2005 жылғы 3 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 9, 25-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 80-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 15, 71-құжат) күші жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев