Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 202-VІ ҚРЗ.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 6-баптан қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 21, 93-құжат; 2009 ж., № 23, 112-құжат; № 24, 129-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29, 32-құжаттар; № 15, 71-құжат; № 24, 146, 149, 150-құжаттар; 2011 ж., № 2, 21, 25-құжаттар; № 4, 37-құжат; № 6, 50-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 13, 115-құжат; № 15, 125-құжат; № 16, 129-құжат; № 20, 151-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 16-құжат; № 3, 21-құжат; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 36, 41-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 94-құжат; № 18-19, 119-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 5-6, 30-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 13, 63-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 81, 82-құжаттар; № 16, 83-құжат; № 20, 113-құжат; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 1, 6-құжат; № 2, 10, 12-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 44-құжат; № 11, 63, 69-құжаттар; № 12, 82-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 128, 131-құжаттар; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 2, 3-құжат; № 11, 57-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 78-құжат; № 19-I, 100-құжат; № 19-II, 106-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 117-құжат; № 21-I, 121, 124-құжаттар; № 21-II, 130, 132-құжаттар; № 22-I, 140, 143-құжаттар; № 22-II, 144-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; № 23-II, 172-құжат; 2016 ж., № 7-II, 53-құжат; № 8-I, 62-құжат; № 12, 87-құжат; № 22, 116-құжат; № 23, 119-құжат; № 24, 126-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 6, 11-құжат; № 9, 18-құжат; № 10, 23-құжат; № 13, 45-құжат; № 14, 51-құжат; № 15, 55-құжат; № 20, 96-құжат; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 1, 2-құжат; № 7-8, 22-құжат; № 9, 31-құжат; № 10, 32-құжат; № 12, 39-құжат; № 14, 42-құжат; № 15, 47, 50-құжаттар; № 16, 55-құжат; № 19, 62-құжат):

      157-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші, үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Егер белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын түзетуге тапсырыс берушінің шешімі бойынша негізді қажеттілік туындаған жағдайда, жобалау алдындағы құжаттаманы (ол болған кезде) түзету талап етілмейді.

      Құрылыс қызметін (жұмыстарды) қаржыландыру мерзімдері жұмыстарды орындаудың белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс.

      Бұл ретте, егер өнім беруші жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды толықтай өз есебінен орындау және төлемақыны жұмыстардың аяқталу фактісі бойынша алу туралы міндеттеме қабылдаған жағдайда, ағымдағы жылы көзделген пайдаланылмаған қаражат тиісті қаржы жылының бюджетіне ауыстырылады. Осы қаражатты өзге мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.".

      2. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 18-I, 18-II, 92-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145, 146-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 6-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 9, 46-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 52-құжат; № 14, 71-құжат; № 15, 78-құжат; № 16, 79-құжат; № 19-I, 101-құжат; № 19-II, 102, 103, 105-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 21-I, 124, 125-құжаттар; № 21-II, 130-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-I, 140, 141, 143-құжаттар; № 22-II, 144, 145, 148-құжаттар; № 22-III, 149-құжат; № 22-V, 152, 156, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 22-VII, 161-құжат; № 23-I, 166, 169-құжаттар; № 23-II, 172-құжат; 2016 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 9-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-I, 49, 50-құжаттар; № 7-II, 53, 57-құжаттар; № 8-I, 62, 65-құжаттар; № 8-II, 66, 67, 68, 70, 72-құжаттар; № 12, 87-құжат; № 22, 116-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 124, 126, 131-құжаттар; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 9, 17, 18, 21, 22-құжаттар; № 12, 34-құжат; № 14, 49, 50, 54-құжаттар; № 15, 55-құжат; № 16, 56-құжат; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; № 24, 114, 115-құжаттар; 2018 ж., № 1, 4-құжат; № 7-8, 22-құжат; № 9, 27-құжат; № 10, 32-құжат; № 11, 36, 37-құжаттар; № 12, 39-құжат; № 13, 41-құжат; № 14, 44-құжат; № 15, 46, 49, 50-құжаттар; № 16, 53-құжат; № 19, 62-құжат):

      1) мазмұны мынадай мазмұндағы 207-1-баптың тақырыбымен толықтырылсын:

      "207-1-бап. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру тәртібін бұзу";

      2) 207-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "207-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасын бұзу

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттамаға (аукциондық құжаттамаға) қойылатын не баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта әлеуетті өнім берушілерге сандық жағынан өлшенбейтін және (немесе) әкімшілендірілмейтін кез келген талаптарды белгілеу не сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң жекелеген әлеуеттi өнiм берушiлерге тиесiлiлігiн айқындайтын сипаттамаларына нұсқау жасау арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасының талаптарын бұзу –

      лауазымды адамдарға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) жобасын алдын ала талқылау шеңберінде келіп түскен конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) жобасына ескертулерді, конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) ережелерін түсіндіру туралы сұрау салуларды қарамау не уақтылы қарамау, сол сияқты конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) жобасына ескертулер және түсіндіру туралы сұрау салулар болған кезде, оны алдын ала талқылау хаттамасын, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) мәтінін мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырмау не уақтылы орналастырмау –

      лауазымды адамдарға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген жағдайларда мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту –

      лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      4. Конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімдерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келтіру мерзімі өткеннен кейін, конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтiнiмдi жетіспейтін құжаттармен толықтыруға, конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтiнiмде ұсынылған құжаттарды ауыстыруға, тиiсті түрде ресiмделмеген құжаттарды сәйкес келтiруге байланысты сұрау салу жіберуі және өзге де әрекеттері –

      лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      5. Конкурстық құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуеттi өнiм берушiлерге және (немесе) олар тартатын, жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердiгерлеріне (бiрлесiп орындаушыларына) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген бiлiктiлiк талаптарын белгiлеу –

      лауазымды адамдарға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      6. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасының талаптарын конкурстық баға ұсынысына әсер ететiн өлшемшарттарды қолданбау бөлiгiнде бұзу, сол сияқты оларды дұрыс есептемеу –

      лауазымды адамдарға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      7. Әлеуеттi өнiм берушiнi және (немесе) ол тартатын, жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердiгерлерін (бiрлесiп орындаушыларын) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген негiздер бойынша бiлiктiлiк талаптарына және (немесе) конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейді деп тану –

      лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлмеу –

      лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      9. Негізінде конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) заңсыз шешімі қабылданған сараптама комиссиясының не сарапшының көрінеу жалған сараптамалық қорытынды дайындауы –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      10. Тапсырыс берушінің:

      1) әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген;

      2) өнім беруші өзімен жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелерді орындамаған;

      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өнім беруші өзімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді тиiсiнше орындамаған жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерді немесе өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінбеуі немесе уақтылы жүгінбеуі –

      лауазымды адамдарға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      11. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, бекітілген мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу –

      лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      12. Конкурсқа (аукционға) қатысуға алдын ала жіберу хаттамасында, конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамада әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімін қабылдамау себептерінің егжей-тегжейлі сипатталымын, оның ішінде оның біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттарды көрсетпеу –

      лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      13. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) таралуы шектеулі ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) немесе мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырмау немесе уақтылы орналастырмау, сол сияқты мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын экономикалық сыныптаманың мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу талап етілетін өзіндік ерекшеліктері (шығыстар баптары) бойынша жиынтығында бюджетке (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес келмейтін көлемде бекіту (нақтылау) –

      лауазымды адамдарға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      14. Әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімдерін уақтылы қарамау, сол сияқты алдын ала жіберу хаттамасын және (немесе) қорытындылар хаттамасын уақтылы орналастырмау –

      лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      15. Осы баптың бiрiншi және алтыншы бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) –

      лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      16. Осы баптың екiншi, оныншы және он үшінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) –

      лауазымды адамдарға алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      17. Осы баптың тоғызыншы бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      18. Осы баптың үшiншi және он бірінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер –

      лауазымды адамдарға екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

      Ескертпелер.

      1. Осы бапта лауазымды адамдар деп:

      1) бiрiншi бөлiкте – мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттiк сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің бiрiншi басшысын не жауапты хатшысын немесе жауапты хатшының өкiлеттiгiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге лауазымды адамын немесе олардың мiндеттерiн атқаратын адамдарды және (немесе) конкурстық құжаттаманы (аукциондық құжаттаманы) әзiрлеуге тiкелей қатысатын адамдарды;

      2) екінші бөлікте – мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттiк сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің бірінші басшыларын немесе олардың міндеттерін атқаратын, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу рәсімдерін жүзеге асыруға жауапты адамдарды;

      3) үшінші, сегізінші, оныншы, он бірінші және он үшінші бөліктерде – тапсырыс берушiнiң бiрiншi басшысын не жауапты хатшысын немесе жауапты хатшының өкiлеттiгiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге лауазымды адамын не оның мiндетiн атқаратын адамды;

      4) төртінші және он төртінші бөліктерде – конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) төрағасын, сондай-ақ конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) мүшелері мен хатшысын;

      5) бесінші бөлiкте – тапсырыс берушiнiң бiрiншi басшысын не жауапты хатшысын немесе жауапты хатшының өкiлеттiгiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге лауазымды адамын не оның мiндетiн атқаратын адамды, мемлекеттiк сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысын не оның мiндетiн атқаратын адамды;

      6) алтыншы, жетінші және он екінші бөлiктерде – конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) төрағасын, сондай-ақ конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) мүшелерін түсінген жөн.

      2. Лауазымды адам камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама бақылау объектісіне табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өзі дербес жойған жағдайда, осы бапта көзделген әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды.";

      3) мынадай мазмұндағы 207-1-баппен толықтырылсын:

      "207-1-бап. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру тәртібін бұзу

      1. Сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеу не тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) не баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқындайтын сипаттамаларына нұсқау жасау –

      лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      2. Сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделмеген жағдайларда сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту –

      лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      3. Әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын, жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердiгерлерін (бiрлесiп орындаушыларын) сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделмеген негіздер бойынша біліктілік талаптарына және (немесе) тендерлік құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейді деп тану –

      лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      4. Сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлмеу –

      лауазымды адамдарға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      5. Негізінде тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның) заңсыз шешімі қабылданған сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының не сатып алу жөніндегі сарапшының көрінеу жалған сараптамалық қорытынды дайындауы –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      6. Сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделмеген жағдайларда, сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру –

      лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      Ескертпелер.

      1. Осы бапта сатып алуды жүзеге асыру тәртібі деп "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын немесе "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген сатып алуды жүзеге асыру тәртібін түсінген жөн.

      2. Осы бапта лауазымды адамдар деп:

      1) бірінші бөлікте – сатып алуды ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің бірінші басшыларын немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдарды және (немесе) тендерлік құжаттаманы (аукциондық құжаттаманы) әзірлеуге тікелей қатысатын адамдарды;

      2) екінші, төртінші және алтыншы бөліктерде – сатып алуды ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің бірінші басшыларын немесе олардың міндеттерін атқаратын, сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу рәсімдерін жүзеге асыруға жауапты адамдарды;

      3) үшінші бөлікте – ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуын ұйымдастырушы құрған тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның) төрағасын және оның орынбасарын, сондай-ақ тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның) мүшелерін түсінген жөн.

      3. Лауазымды адам Ұлттық әл-ауқат қоры, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет жүргізген бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама бақылау объектісіне табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде Ұлттық әл-ауқат қоры, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет жүргізген бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өзі дербес жойған жағдайда, осы бапта көзделген әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды.";

      4) 722-баптың бірінші бөлігі "207," деген цифрлардан кейін "207-1," деген цифрлармен толықтырылсын.

      3. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 20-II, 20-III, 112-құжат; 2016 ж., № 1, 4-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-II, 55-құжат; № 8-I, 62, 65-құжаттар; № 8-II, 72-құжат; № 12, 87-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 124, 126-құжаттар; 2017 ж., № 9, 21-құжат; № 14, 50, 51-құжаттар; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 11, 37-құжат; № 14, 44-құжат; № 15, 46, 49, 50-құжаттар; № 19, 62-құжат):

      1) 98-баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 6) тармақшасы алып тасталсын;

      2) 138-баптың 69) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "69) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасының, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының, "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің сақталуына;";

      3) 232-баптың сегізінші және тоғызыншы абзацтары алып тасталсын;

      4) 263-баптың 3-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Кепiлдік берілген тапсырыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқорына енгiзiлген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi барлық әлеуетті берушілер арасында сатып алу рәсiмдерiн ұйымдастыру арқылы орналастырылады.".

      4. 2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2017 ж., № 22-I, 22-II, 107-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 11, 37-құжат; № 13, 41-құжат; № 14, 42, 44-құжаттар; № 15, 50-құжат; № 19, 62-құжат):

      616-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 30) тармақшамен толықтырылсын:

      "30) талап қоюшылар – әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою бойынша.".

      5. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 17-18, 243-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 6, 10-құжат; № 7-8, 19-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 15, 95-құжат; № 23, 144-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 18-құжат; № 16, 129-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 15-16, 76-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 6, 50-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 21, 27-құжаттар; № 4, 32-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 13, 63-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 1, 4, 6-құжаттар; № 2, 10, 12-құжаттар; № 7, 37-құжат; № 8, 44-құжат; № 10, 52-құжат; № 14, 86-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 19-I, 99, 101-құжаттар; № 19-II, 103-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 21-I, 128-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-II, 53-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 14, 51-құжат; № 22-III, 109-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат):

      1) 60-бапта:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейiн үш және одан да көп жыл iшiнде құрылысы басталмаған жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы ескiрген болып есептеледі және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен түзетілгеннен, қайтадан сараптама жүргізілгеннен және қайта бекiтiлгеннен кейiн iске асыру үшiн пайдаланылады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленбеген және бекітілмеген жобалау алдындағы құжаттама ескірген болып есептеледі және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен түзетілгеннен, қайтадан сараптама жүргізілгеннен және қайта бекітілгеннен кейін іске асыру үшін пайдаланылады.";

      мынадай мазмұндағы 7-1 және 7-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "7-1. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын түзетуді жүзеге асыру үшін оны әзірлеген жобалау ұйымы тартылады.

      Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының авторын тарту мүмкін болмаған жағдайда, жобалау ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдер бойынша айқындалады.

      7-2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын түзетуге тапсырыс берушінің шешімі бойынша негізді қажеттілік туындаған жағдайда, жобалау алдындағы құжаттаманы (ол болған кезде) түзету талап етілмейді.";

      2) 64-1-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Азаматтық істер, қылмыстық істер, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде объектілер құрылысы саласындағы жобалардың ведомстводан тыс кешенді сараптамасының қорытындысына қатысты тиісінше Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде не Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен сот сараптамасы жүргізілуі мүмкін.";

      3) 64-4-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Азаматтық істер, қылмыстық істер, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде мемлекеттік монополияға жатқызылатын ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысына қатысты тиісінше Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде не Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен сот сараптамасы жүргізілуі мүмкін.";

      4) 64-5-баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2-1) тармақшасы алып тасталсын;

      5) 66-баптың 11-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік сатып алу шеңберінде орындалатын (көрсетілетін), жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) берілуі мүмкін жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) шекті көлемдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.".

      6. "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 10, 55-құжат; № 21-22, 160-құжат; 2004 ж., № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 14, 58-құжат; 2006 ж., № 10, 52-құжат; № 16, 99-құжат; 2007 ж., № 4, 28, 33-құжаттар; № 9, 67-құжат; № 20, 153-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 17, 81-құжат; № 24, 133-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 2, 21-құжат; № 3, 32-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 24, 196 құжат; 2012 ж., № 2, 11, 14-құжаттар; № 4, 30-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 4-5, 24-құжат; № 6, 27-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 63-құжат; № 16, 90-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 42, 45-құжаттар; № 19-I, 101-құжат; № 19-II, 102-құжат; № 20-VII, 117-құжат; № 22-II, 145-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; 2018 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 32-құжат; № 13, 41-құжат; № 14, 44-құжат):

      34-1-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы, Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы, оның ішінде кепілдік берілген тапсырысты орналастыруы Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.".

      7. "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 14, 81-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 95-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 20, 89-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 121-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 146, 150-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 25-құжат; № 8, 63, 64-құжаттар; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 12, 57-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 44, 49-құжаттар; № 10, 52-құжат; № 14, 87-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-IV, 113-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 8-I, 65-құжат; № 8-II, 67-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 124, 126-құжаттар; 2017 ж., № 23-III, 111-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат):

      20-баптың 4-тармағы "авариялық" деген сөзден кейін "және басқа да" деген сөздермен толықтырылсын.

      8. "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 17, 102-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 7, 38-құжат; № 13, 87-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 13-14, 62-құжат; № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 3, 21-құжат; № 12, 85-құжат; № 14, 92-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат; № 14, 75-құжат; № 15, 79-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 12, 82-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 11, 57-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 117-құжат; № 21-II, 131-құжат; № 23-I, 169-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 8-II, 70-құжат; № 24, 124-құжат; 2017 ж., № 14, 54-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат):

      13-бап мынадай мазмұндағы 3-4-тармақпен толықтырылсын:

      "3-4. Энергиямен жабдықтау ұйымдарының электр энергиясын және қуатын сатып алуына байланысты құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы қолданылмайды.".

      9. "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 2, 17-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 14, 117-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 14, 84-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-IV, 113-құжат; № 22-I, 141-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 23-II, 172-құжат; 2016 ж., № 22, 116-құжат; 2018 ж., № 9, 31-құжат):

      3-бап мынадай мазмұндағы 2-5-тармақпен толықтырылсын:

      "2-5. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы, Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы саласындағы шағымдарды қарау Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.".

      10. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 5, 42-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; № 17, 136-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 16-құжаттар; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 41-құжат; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 95-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 15, 82-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 10, 12-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 7, 37-құжат; № 12, 82-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 11, 57-құжат; № 14, 72-құжат; № 19-І, 99-құжат; № 19-ІІ, 103, 105-құжаттар; № 20-ІV, 113-құжат; № 20-VІІ, 117-құжат; № 21-І, 124-құжат; № 21-II, 130-құжат; № 21-ІІІ, 135-құжат; № 22-ІІ, 145, 148-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 23-ІІ, 170, 172-құжаттар; 2016 ж., № 7-І, 47-құжат; № 7-ІІ, 56-құжат; № 8-І, 62-құжат; № 24, 124-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 9, 22-құжат; № 11, 29-құжат; № 13, 45-құжат; № 14, 51, 54-құжаттар; № 15, 55-құжат; № 20, 96-құжат; № 22-III, 109-құжат; 2018 ж., № 1, 4-құжат; № 7-8, 22-құжат; № 10, 32-құжат; № 11, 37-құжат; № 15, 47-құжат; № 19, 62-құжат):

      1) 1-бапта:

      2-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын.

      "2-2) әлеуетті өнім беруші – сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшiн өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум);";

      мынадай мазмұндағы 2-3), 30-1), 30-2), 30-3), 30-4), 30-5), 30-6), 31-1), 31-2), 31-3), 32-1) және 38) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-3) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен құрылған, акцияларының бақылау топтамасы мемлекетке тиесілі, өңірдің экономикасын дамытуға жәрдемдесуді жүзеге асыратын, акционерлік қоғам нысанындағы өңірлік даму институты;";

      "30-1) сатып алу – тапсырыс берушілердің осы Заңда белгіленген тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ақылы негізде сатып алуы;

      30-2) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет – акционері ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның Директорлар кеңесі құратын, ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдарда сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталуына осы Заңда айқындалған тәртіппен ішкі бақылауды жүзеге асыратын қызмет;

      30-3) сатып алуды жүзеге асыру қағидалары – ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру тәртібі;

      30-4) сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы – сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін сарапшыларды тарта отырып құратын алқалы орган;

      30-5) сатып алу жөніндегі сарапшы – өткізілетін сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын арнайы және (немесе) техникалық білімі, тәжірибесі мен біліктілігі бар, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші тартатын жеке тұлға;

      30-6) сатып алу саласындағы уәкілетті орган – ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;";

      "31-1) тапсырыс берушілер – ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар;

      31-2) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің анықтамалығы (бұдан әрі – анықтамалық) – сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, сатып алуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кодтарының жүйеленген тізбесі;

      31-3) тендерлік комиссия (аукциондық комиссия) – сатып алуды ұйымдастырушы тендер (аукцион) тәсілімен сатып алуды өткізу рәсімін орындау үшін құратын алқалы орган;";

      "32-1) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуын ұйымдастырушы (бұдан әрі – сатып алуды ұйымдастырушы) – сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу рәсімдерін орындауға жауапты болып айқындалған тапсырыс берушінің лауазымды адамы не құрылымдық бөлімшесі немесе заңды тұлға;";

      "38) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы – сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға.";

      2) мынадай мазмұндағы 15-1-баппен толықтырылсын:

      "15-1-бап. Сатып алу саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Сатып алу саласындағы уәкілетті орган:

      1) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

      2) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғайды және қарайды және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жазалар қолданады;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.";

      3) 166-баптың 4-тармағы алып тасталсын;

      4) 181-баптың 5-тармағының бірінші бөлігі 9) тармақшасындағы "бекіту жатады." деген сөздер "бекіту;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:

      "10) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің сандық құрамын, өкілеттіктер мерзімін, жұмыс істеу тәртібін айқындау, оның басшысын тағайындау және өкілеттіктерін тоқтату, оның жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің мөлшері мен өзге де шарттарын айқындау жатады.";

      5) 5-бөлім мынадай мазмұндағы 12-1-тараумен толықтырылсын:

      "12-1-тарау. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу ерекшеліктері

      186-1-бап. Тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуының қағидаттары мен негізгі ережелері

      1. Тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы:

      1) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;

      2) сатып алу процесінің ашықтығы мен бүкпесіздігі;

      3) әлеуетті өнім берушілерге сатып алу процесіне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

      4) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;

      5) сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі;

      6) сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу қағидаттарына негізделеді.

      2. Сатып алу сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Тапсырыс берушілер сатып алуды электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта жүзеге асырады.

      4. Тапсырыс берушілер сатып алуды жүзеге асырған кезде:

      1) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге не тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) не баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқындайтын сипаттамаларына нұсқау жасауға;

      2) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген жағдайларда сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға;

      3) әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын, жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлерін (бірлесіп орындаушыларды) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген негіздер бойынша біліктілік талаптарына және (немесе) тендерлік құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейді деп тануға;

      4) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлмеуге;

      5) негізінде тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның) заңсыз шешімі қабылданған сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының не сатып алу жөніндегі сарапшының көрінеу жалған сараптамалық қорытынды дайындауына;

      6) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген жағдайларда, сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыруға жол берілмейді.

      5. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

      186-2-бап. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі

      1. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесінде қалыптастырылады.

      2. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:

      1) жеңімпаздар деп айқындалған, сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;

      2) біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;

      3) өздерімен жасалған сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, әлеуетті өнім беруші шарт жасасудан жалтарған күннен бастап он жұмыс күні ішінде тапсырыс беруші сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметке осындай әлеуетті өнім беруші туралы мәліметтер жіберуге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы бұзушылық фактісі туралы өздеріне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып жүгінуге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, өнім берушінің тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеу және шарттық міндеттемелерді толық орындауы жағдайларын қоспағанда, тапсырыс беруші өнім берушінің сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа осындай өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып жүгінуге міндетті.

      3. Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген, сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің шешімі негізінде қалыптастырылады.

      Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қалыптастырылады.

      4. Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер тапсырыс берушінің оларды сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер соттың мұндай өнім берушілерді сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      5. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.

      6. Әлеуетті өнім беруші, егер ол не оның қосалқы мердігері (бірлесіп орындаушы) сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде және (немесе) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде және (немесе) Ұлттық әл-ауқат қорының және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Ұлттық әл-ауқат қоры иеленетін заңды тұлғалардың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесінде болса, өткізілетін сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      7. Тіркелген жері салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттердің (офшорлық аймақтардың) тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлғалар болып табылатын әлеуетті өнім берушілер тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жіберілмейді.

      186-3-бап. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталуын бақылау

      1. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталуын бақылауды сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет жүзеге асырады.

      2. Мыналар:

      1) тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, тендерлік комиссия (аукциондық комиссия), сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы, сатып алу жөніндегі сарапшы;

      2) әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, сондай-ақ олар өткізілетін сатып алу нысанасы шегінде жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлер не қызметтер көрсету бойынша бірлесіп орындаушылар ретінде тартатын тұлғалар;

      3) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы бақылау объектілері болып табылады.

      3. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталуына бақылау жүргізуі үшін:

      1) тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының не тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған, тендерге не аукционға қатысатын (қатысқан) әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің не оның уәкілетті өкілінің жазбаша жолданымы не жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымы. Мұндай шағымды қарау осы Заңның 186-4-бабында көзделген шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады;

      2) құқық қорғау органдарының келіп түскен қаулылары негіз болып табылады.

      4. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет бақылау нәтижелері бойынша сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзушылықтар анықталған кезде мынадай шараларды қолданады:

      1) бұзушылықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей бақылау объектісіне бұзушылықтарды жою туралы, орындалуы міндетті хабарлама жібереді;

      2) міндеттемелері тиісті түрде орындалған сатып алу туралы шарттарды қоспағанда, сатып алуды жүзеге асыру қағидалары бұзыла отырып жасалған, күшіне енген сатып алу туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінеді.

      5. Бақылау нәтижелері бойынша бақылау объектісінің қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бар әрекет (әрекетсіздік) жасау фактісі анықталған кезде, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құқық қорғау органдарына көрсетілген әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды беруге міндетті.

      6. Лауазымды адам бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама бақылау объектісіне табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өзі дербес жойған жағдайда, әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды.

      7. Бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама осы баптың 6-тармағында көрсетілген мерзімде орындалмаған жағдайда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет материалдарды сатып алу саласындағы уәкілетті органға береді.

      186-4-бап. Тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау

      1. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.

      2. Тендер (аукцион) тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттама орналастырылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметке тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жағдайда, сатып алу туралы шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметке тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Әлеуетті өнім берушінің шағымы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі арқылы берілуі мүмкін.

      5. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметке тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жағдайда, шағым келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.

      Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет шағым келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, тапсырыс берушіге сатып алу туралы шарт жасасуды тоқтата тұру туралы хабарлама жібереді.

      6. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде келіп түскен шағымды қарау нәтижелері бойынша сатып алу қорытындыларының күшін жою не күшін жоюдан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      7. Әлеуетті өнім беруші сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің осы баптың 6-тармағына сәйкес қабылданған шешімімен келіспеген жағдайда, оған сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.

      186-5-бап. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет

      Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет тікелей директорлар кеңесіне бағынады және оның алдында өзінің жұмысы туралы есеп береді.

      186-6-бап. Электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының өкілеттіктері

      Электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы:

      1) электрондық сатып алу веб-порталын дамытуды, қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;

      2) электрондық сатып алу веб-порталын дамыту жөніндегі жобаларды басқаруды жүзеге асырады;

      3) электрондық сатып алу жүйесінің субъектілеріне электрондық сатып алу веб-порталының жұмыс істеуі мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді;

      4) электрондық сатып алу жүйесі субъектілерінің электрондық сатып алу веб-порталында орналастырылған электрондық ақпараттық ресурстарының сақталуының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      5) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес электрондық сатып алу веб-порталын ақпараттық толтыруды жүзеге асырады;

      6) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің, мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың интеграциясы және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті субъектілермен өзара іс-қимыл жасасады;

      7) электрондық сатып алу веб-порталын техникалық қолдауға және оның жұмыс істеуіне бағытталған өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.".

      11. "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 4, 29-құжат; 2014 ж., № 4-5, 24-құжат; № 12, 82-құжат; 2015 ж., № 19-II, 102-құжат; № 22-I, 140-құжат; № 23-II, 172-құжат; 2017 ж., № 14, 54-құжат; № 23-V, 113-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 15, 50-құжат):

      1) 10-баптың 2-тармағы 18) тармақшасындағы "беру мәселелері;" деген сөздер "беру;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 18-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "18-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілетін сатып алуға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін қалыптастыру мақсатында сатып алу ақпараттық жүйесінің Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттық жүйесімен интеграциясын қамтамасыз ету мәселелері;";

      2) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-бап. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу

      1. Қор және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға Қазақстан Республикасының өзге заңдарында көзделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың арнайы тәртібі қолданылмайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы Қордың директорлар кеңесі сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітетін тәртіп (бұдан әрі осы баптың мақсаттарында – сатып алуды жүзеге асыру тәртібі) негізінде жүргізіледі.

      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырған кезде:

      1) сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге не тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) не баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқындайтын сипаттамаларына нұсқау жасауға;

      2) сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделмеген жағдайларда сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға;

      3) әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын, жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлерін (бірлесіп орындаушыларды) сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделмеген негіздер бойынша біліктілік талаптарына және (немесе) тендерлік құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейді деп тануға;

      4) сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрлері бойынша және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлмеуге;

      5) негізінде тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның) заңсыз шешімі қабылданған сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының не сатып алу жөніндегі сарапшының көрінеу жалған сараптамалық қорытынды дайындауына;

      6) сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде көзделмеген жағдайларда сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыруға жол берілмейді.

      4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне сәйкес сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу рәсімдерін орындауға жауапты құрылымдық бөлімшесі болуға тиіс.

      5. Қор осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы мәселелері бойынша бақылауды, әдіснамалық басшылықты, мониторинг пен талдауды жүзеге асырады.

      Бақылау Қордың осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың осы бапта және сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде белгіленген талаптарды сақтауын тексеру және байқау жөніндегі қызметін білдіреді. Қордың осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғаларға қатысты бақылауы Қордың директорлар кеңесі белгілейтін тәртіппен олардың корпоративтік басқару деңгейі ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Қор бақылауды жүзеге асыру шеңберінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті, бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жібереді.

      Қор бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны бұзушылықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.

      Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны табыс етілген (алынған) күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындауға тиіс.

      Бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, Қор оны орындау мерзімі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде материалдарды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен қарау үшін сатып алу саласындағы уәкілетті органға береді.

      Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар Қор жүргізген бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды осы тармақта белгіленген мерзім ішінде өздері дербес жойған жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы хабарлама сатып алу саласындағы уәкілетті органға жіберілмейді.

      Бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберу тәртібі және оның мазмұны осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген тәртіпке сәйкес айқындалады.

      Бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

      6. Жергілікті қамту тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдардың жергілікті қамтуды бірыңғай есептеу әдістемесі бойынша айқындалады.

      7. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту жөніндегі ақпарат индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға ол белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде Қор атынан шоғырландырылып беріледі.

      8. Қор немесе осы баптың 1-тармағында көрсетілгендер қатарынан, ол уәкілеттік берген заңды тұлға Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғалардың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыруды, жүргізуді және бекітуді жүзеге асырады.

      Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғалардың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесіне енгізілген, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында көзделген, сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер (өнім берушілер) осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар өткізетін сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      Тіркелген жері салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттердің (офшорлық аймақтардың) тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлғалар болып табылатын әлеуетті өнім берушілер тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жіберілмейді.

      9. 1-тармақты қоспағанда, осы баптың ережелері екінші деңгейдегі банктерге (Қазақстанның Даму Банкі мен Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен басқа) және олардың еншілес ұйымдарына қолданылмайды.".

      12. "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" 2013 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2013 ж., № 15, 80-құжат; 2014 ж., № 12, 82-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-IV, 113-құжат; № 21-I, 128-құжат; № 22-V, 152-құжат; 2016 ж., № 7-I, 47-құжат; № 7- II, 55-құжат; 2017 ж., № 23-III, 111-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 11, 36-құжат; № 19, 62-құжат):

      1) 1-бапта:

      4-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-1) сатып алуға қол жеткізудің бірыңғай нүктесі – сатып алудың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған ақпараттық жүйе;";

      мынадай мазмұндағы 4-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-2) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізілімі – Ұлттық палата төралқасы бекітетін тәртіппен ерікті негізде қалыптастырылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізбесі;";

      2) 12-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) сатып алуға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін құруды, дамытуды, қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады және оны қалыптастыру мен жүргізу қағидаларын бекітеді.".

      13. "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 21-II, 129-құжат; 2018 ж., № 2, 5-құжат):

      1) 18-баптың 5-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша жүргізіледі.";

      2) 31-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларға қарсылықтарды жіберу мен қарау тәртібі осы Заңда және камералдық бақылау жүргізу қағидаларында айқындалады.";

      3) 37-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;";

      4) мынадай мазмұндағы 11-1-тараумен толықтырылсын:

      "11-1-тарау. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның аудиторлық есебіне немесе қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есебіне, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасына қарсылықтарды қарау тәртібі

      58-1-бап. Апелляциялық комиссия

      Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның аудиторлық есебіне немесе қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есебіне, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасына қарсылықтарды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның жанындағы апелляциялық комиссия қарайды.

      Апелляциялық комиссияның құрамын және ол туралы ережені ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      58-2-бап. Қарсылық беру тәртібі мен мерзімдері

      1. Мемлекеттік аудит объектісінің қарсылығы:

      1) қол қойылған аудиторлық есеп және (немесе) қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есеп ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде;

      2) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде апелляциялық комиссияға беріледі.

      2. Беру тәсіліне қарай:

      1) келу тәртібімен – ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган қарсылықты алған күн;

      2) пошта арқылы – пошта немесе өзге байланыс ұйымы қабылдау туралы белгі қойған күн;

      3) ақпараттық технологияларды қолдану арқылы – ол электрондық құжат нысанында алынған күн, ал камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға қарсылықтар бойынша – ол мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын, мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы алынған күн қарсылықты апелляциялық комиссияға берген күн болып табылады.

      3. Қарсылықтың нысаны мен мазмұны:

      1) аудиторлық есепке және (немесе) қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепке қарсылықтар бойынша ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларында;

      2) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға қарсылықтар бойынша камералдық бақылау қағидаларында айқындалады.

      58-3-бап. Қарсылықты қараудан бас тарту

      1. Қарсылық осы Заңның 58-2-бабында белгіленген мерзім өткен соң берілген жағдайда, апелляциялық комиссия қарсылықты қараудан бас тартады.

      2. Қарсылықты қараудан бас тартқан жағдайда, апелляциялық комиссия қарсылық келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектісіне жазбаша нысанда хабарлайды.

      58-4-бап. Қарсылықты қарау тәртібі мен мерзімдері

      1. Апелляциялық комиссия қарсылықты:

      1) аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепке қарсылықты қарау мерзімдерін тоқтата тұру және (немесе) ұзарту жағдайларын қоспағанда, мұндай қарсылық алынған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде;

      2) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға қарсылық алынған күннен кейінгі күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.

      Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімі қарсылықты қарау кезеңінде тоқтатыла тұрады.

      2. Қарсылық мемлекеттік аудит объектісі дау айтатын мәселелер шегінде қаралады.

      3. Апелляциялық комиссия қарсылықты қарау кезінде мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан және өзге де жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарынан қарсылықта жазылған мәселелер бойынша ақпарат немесе құжаттар сұратуға құқылы.

      4. Мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға және өзге де жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салу жіберілген жағдайда, қарсылықты қараудың осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімі жауап алынған кезге дейін тоқтатыла тұрады, бұл туралы қарау мерзімі тоқтатыла тұрған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектісіне хабарланады.

      Мемлекеттік аудит объектісі қарсылыққа толықтырулар ұсынған жағдайда, қарсылықты қараудың осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімі он бес жұмыс күніне ұзартылады, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектісіне хабарланады.

      58-5-бап. Қарсылықты қарау нәтижелері бойынша қабылданатын шешімдер

      1. Апелляциялық комиссия қарсылықты қарау нәтижелері бойынша мынадай:

      1) қарсылықты толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

      2) мұндай шешім қабылдауды негіздей отырып, қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұсынымдардың біреуін шығарады.

      Апелляциялық комиссияның ұсынымы жазбаша нысанда шығарылады.

      2. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган апелляциялық комиссияның ұсынымын ескере отырып, жазбаша нысанда шешім шығарады.

      3. Қарсылықты қарау нәтижелері бойынша шешім осы Заңның 58-4-бабының 1-тармағына сәйкес шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде шығарылады.

      58-6-бап. Дауларды апелляциялық реттеу

      1. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиті және камералдық бақылауы нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттарға шағым жасау кезінде туындайтын дауларды апелляциялық реттеу осы Заңда көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.

      2. Осы Заңда көзделген жағдайларда дауларды апелляциялық реттеу міндетті болып табылады.";

      5) 60-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.";

      3-тармақ алып тасталсын;

      6) 60-1, 60-2, 60-3, 60-4, 60-5 және 60-6-баптар алып тасталсын.

      14. "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 23-II, 171-құжат; 2016 ж., № 7-II, 55-құжат; № 8-II, 72-құжат; № 24, 126-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 9, 18-құжат; № 14, 51-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 11, 37-құжат; № 13, 41-құжат):

      1) 1-бапта:

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 2-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;";

      мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:

      "9) Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер қосылмайды. Жиынтығында мынадай шарттар сақталған кезде:

      шетелдік банктің шетел валютасында Standard & Poor's агенттігінің "А"-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің біреуінің ұқсас деңгейдегі рейтингі болса;

      қаржыландырудың елу пайыздан астамын шетелдік банктер жүзеге асырса;

      инвестициялық жобаны іске асыруды мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асырса;

      инвестициялық жобаны іске асыру мемлекеттік кепілдікті талап етпесе және қарыз алушының мүлкіне ауыртпалық салуға әкеп соқпаса, басқа шетелдік банктер толықтай немесе ішінара қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы банктердің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.";

      2) 2-бапта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім берушінің берілген өтінімінің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;";

      мынадай мазмұндағы 1-1) және 4-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-1) аукцион адымы – аукцион нысанасының бағасы төмендетілетін ақшалай аралық;";

      "4-1) біліктілік органы – әлеуетті өнім берушілерді алдын ала біліктілікті іріктеуді жүзеге асыратын және білікті өнім берушілер тізбесін қалыптастыратын, уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;";

      5) тармақшадағы "және өзара алмастырушы болуына" деген сөздер алып тасталсын;

      7) тармақша алып тасталсын;

      14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "14) мемлекеттік сатып алу – Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қызметтер көрсетуге байланысты кірістерді қоспағанда, тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай немесе ішінара бюджет қаражаты және (немесе) меншікті кірістері есебінен сатып алуы;";

      16) тармақша "айқындаған," деген сөзден кейін "орталықтандырылған" деген сөзбен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 16-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "16-1) мемлекеттік сатып алуды нормалау – сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарды белгілеу, оның ішінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес әзірленетін және бекітілетін заттай нормалар;";

      27) және 30) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "27) тапсырыс берушілер – мыналарды:

      ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық басқарушы компанияларды, ұлттық компанияларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін, оның ведомстволарын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдарды және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруында болатын заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды;

      мүліктік кешендер ретіндегі мемлекеттік кәсіпорындарды, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес, кейіннен сатып алу құқығымен жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген заңды тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар;";

      "30) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің анықтамалығы (бұдан әрі – анықтамалық) – уәкілетті орган айқындаған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кодтарының жүйеленген тізбесі;";

      мынадай мазмұндағы 33) тармақшамен толықтырылсын:

      "33) электрондық әмиян – әлеуетті өнім берушінің мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотында орналастыратын, конкурсқа, аукционға және баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға арналған өтінімдерді қамтамасыз етуге байланысты есеп айырысу операцияларын жүзеге асыруға арналған жеке шоты.";

      3) 5-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-бап. Мемлекеттік сатып алу процесі

      1. Мемлекеттік сатып алу процесі:

      1) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) әзірлеуді және бекітуді;

      2) өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды;

      3) мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындауды қамтиды.

      2. Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен және нысанда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді.

      Тапсырыс беруші тиісті бюджет бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін, тиісті бюджет комиссиясының оң ұсынысы негізінде мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.

      Мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар болып табылатын тапсырыс берушілер даму жоспары немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.

      Көрсетілген жағдайларда мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейінгі сатыларда да, нақтыланғанға дейінгі сатыларда да жеке әзірленеді және бекітіледі.

      Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін қолданылады.

      Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына ауысады.

      Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілген (нақтыланған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекітеді (нақтылайды).

      Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) мынадай мәліметтер:

      1) мемлекеттік сатып алудың сәйкестендіру коды;

      2) анықтамалыққа сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы, оған қоса мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген, қосылған құн салығы есепке алынбаған сомалар;

      3) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілі мен мерзімдері;

      4) тауарларды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің жоспарланатын мерзімдері мен орны;

      5) осы Заңның 43-бабында көзделген жағдайларда, әрбір қаржы жылына бөлінген және көзделген сомалар шегінде, графикке сәйкес және жылдар бойынша бөле отырып, тауарлар берудің, жұмыстар орындаудың, қызметтер көрсетудің жоспарланатын мерзімдері;

      6) осы Заңның 51-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары қамтылуға тиіс.

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 79-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 2-1) тармақшасында көзделген жағдайларда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында осы тармақтың сегізінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді бекітеді.

      Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 153-бабының 7-тармағы орындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бекітеді.

      Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алуды жоспарлау және жүзеге асыру кезінде инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу басымдығын негізге алуға тиіс.

      3. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) жасаған кезде, мыналарды:

      1) өзара байланысты жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кешенін көздейтін жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды;

      2) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.

      Тауарлар берудің, қызметтер көрсетудің кемінде бес орны болған жағдайда, лотта тауарлар берудің, қызметтер көрсетудің бірнеше орнын көрсетуге жол беріледі.

      4. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын экономикалық сыныптаманың мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу талап етілетін өзіндік ерекшеліктері (шығыстар баптары) бойынша жиынтықта бюджетке (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес келмейтін көлемде бекітуге (нақтылауға) жол берілмейді.

      5. Жобалау-сметалық құжаттамасы бар жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында):

      1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген, қосылған құн салығы есепке алынбаған соманың отыз пайызы мөлшерінде алдын ала төлемді (аванс) көрсетуге;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.

      6. Тапсырыс беруші мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспары (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары) бекiтілген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, оны мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.

      7. Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына айына екі реттен асырмай өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы мынадай:

      1) мемлекеттiк кәсiпорындардың, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруы;

      2) бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша, оның ішінде камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды, хабарламаларды орындау;

      3) бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу, сондай-ақ бюджетті нақтылау және түзету кезінде;

      4) осы Заңның 22-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген шешімді қабылдау;

      5) өкілдік шығыстарға байланысты тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      6) өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындылары бойынша үнемдеу есебінен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жағдайларына қолданылмайды.

      Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.

      8. Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 31), 32) және 35) тармақшаларына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтер мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) енгiзілуге жатпайды.

      9. Тапсырыс беруші бекітілген не нақтыланған мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары) негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды.

      Тапсырыс берушілер екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда, тиісті бюджет бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдауға құқылы.

      10. Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 31), 32) және 35) тармақшаларына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алуды қоспағанда, бекiтiлген (нақтыланған) мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алуға жол берiлмейдi.

      11. Осы Заңның 39-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіні таңдау осы Заңдa айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      12. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстарының құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      13. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқанға дейін:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті бюджетті, бюджет жобасын нақтылау (түзету) кезінде болған, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына, тапсырыс берушінің бюджетіне (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттігін жоққа шығаратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) ағымдағы жылы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

      14. Тапсырыс беруші не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғаларды осы баптың 13-тармағында көрсетілген шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы хабардар етуге міндетті.

      Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор осы баптың 13-тармағында көрсетілген шешімнің қабылданғаны туралы хабарландыру мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған кезден бастап мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянындағы конкурсқа (аукционға) және баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға арналған өтінімді ақша түріндегі қамтамасыз етуді бұғаттан шығарады.";

      4) 6-бапта:

      1-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның жұмыскері және (немесе) оның үлестес тұлғасы тапсырыс берушіге не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға өткізілетін мемлекеттік сатып алуды дайындау бойынша сараптамалық, консультациялық және (немесе) өзге де қызметтер көрсетсе, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушінің жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуын қоспағанда, өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын объектінің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуге бас жобалаушы не қосалқы жобалаушы ретінде қатысса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      Бұл талап халықаралық құрылыс стандарттарына сәйкес іске асырылатын жобаларға қолданылмайды;";

      8) тармақша мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы талап осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 1), 2), 11), 27) және 36) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілерге қолданылмайды;";

      10) тармақшадағы "енгізілсе, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес." деген сөздер "енгізілсе;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

      "11) әлеуетті өнім беруші тіркелген жері салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер (офшорлық аймақтар) тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлға болып табылса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.";

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "Осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген шектеулер Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында көзделген сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiнде және (немесе) Ұлттық әл-ауқат қорының және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Ұлттық әл-ауқат қоры иеленетін заңды тұлғалардың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесінде тұрған әлеуетті өнім берушілерге де қолданылады.";

      4 және 5-тармақтардағы "1 және 2-тармақтарының" деген сөздер алып тасталсын;

      5) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "8-бап. Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі

      1. Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті орган мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелерін айқындайды.

      3. Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды:

      1) уәкілетті орган айқындайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша, тапсырыс берушімен бірлесіп конкурстық комиссиялар (аукциондық комиссиялар) құру арқылы;

      2) уәкілетті орган айқындайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша, біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беру (орындау, көрсету) орнына қарамастан, бір лотқа біріктіру арқылы;

      3) тапсырыс берушілердің уәкілетті орган айқындайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелеріне енгізілмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған өтінімдері бойынша, тапсырыс берушімен бірлесіп конкурстық комиссиялар (аукциондық комиссиялар) құру арқылы жүзеге асырады. Осы тармақша мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы осындай мемлекеттік сатып алуды өткізуге келіскен жағдайда қолданылады.

      Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі не тапсырыс берушінің бірінші басшысы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен конкурстық комиссияның төрағасы болып айқындалады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысы не оның орынбасары конкурстық комиссияның төрағасы болып айқындалады.

      4. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы орталық атқарушы органдардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырған және өткізген жағдайда, орталық атқарушы органның бірінші басшысы конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) төрағасын айқындайды.

      5. Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.";

      6) 9-бапта:

      1-тармақта:

      бірінші бөліктің 2) және 4) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) қаржылық орнықты болуы және тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің болмауы.

      Әлеуетті өнім берушілердің қаржылық орнықтылығы оларды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен санаттау жолымен айқындалады.";

      "4) мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының болуы;";

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 4) және 5) тармақшаларында көзделген біліктілік талаптары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын тәртіппен белгіленеді.";

      6-тармақта:

      бірінші, екінші және үшінші бөліктердегі "1-тармағында", "1-тармағына" деген сөздер "1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақшаларында салықтық берешек бөлігінде және 3) тармақшасында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      төртінші және бесінші бөліктер алып тасталсын;

      7) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "11-бап. Әлеуетті өнім берушінің анық емес ақпарат беруінің салдарлары

      1. Біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі.

      2. Әлеуетті өнім беруші беретін ақпараттың анықтығын тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында анықтай алады.

      3. Әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпаратты беру фактісін анықтаған уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл жөнінде:

      1) егер мұндай факт мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғаннан кейін анықталған болса, тапсырыс берушіні;

      2) егер мұндай факт мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін анықталған болса, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.

      Бұл ретте жазбаша хабарламаға осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.";

      8) 12-бапта:

      1-тармақта:

      4) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) шағымдардың мемлекеттік сатып алу саласындағы республикалық тізілімдерін (бұдан әрі – тізілімдер) қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:

      1) біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;

      2) жеңімпаздар деп айқындалған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;

      3) өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, тапсырыс беруші өздеріне әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып жүгінуге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, жиынтығында мынадай:

      1) өнім берушінің тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуі;

      2) шарттық міндеттемелерді толық орындау;

      3) тапсырыс берушіге келтірілген залалдың болмауы шарттары қанағаттандырылатын жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші өзіне өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа осындай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып жүгінуге міндетті.";

      9-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 11-тармақпен толықтырылсын:

      "11. Шағымдар тізілімі әлеуетті өнім берушілердің және өнім берушілердің уәкілетті органға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы берген шағымдарының тізбесін білдіреді және шағымдарды қараудың және берілген нұсқамалардың (хабарламалардың) нәтижелері бойынша қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді қамтиды.";

      9) 13-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін уәкілетті орган айқындайтын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесін қоспағанда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін осы Заңға сәйкес айқындайды.";

      5-тармақ алып тасталсын;

      10) 14-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасының Үкіметі конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында екі жылдан аспайтын мерзімге ұлттық режимнен алып қоюды белгілеуге құқылы.";

      11) 16-бапта:

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасалғанға дейін, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, тапсырыс беруші мен конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып қабылдаған шешімдерінің күшін жою туралы не мемлекеттік сатып алудың күшін жою туралы шешім қабылдайды;";

      мынадай мазмұндағы 7-1), 11-1) және 11-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7-1) мемлекеттік сатып алынуы кезінде әлеуетті өнім берушілерге және өнім берушілерге қосымша талаптар белгіленуі мүмкін жекелеген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;";

      "11-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілетін сатып алуға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін қалыптастыру мақсатында мемлекеттік сатып алу ақпараттық жүйесінің Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттық жүйесімен интеграциясын қамтамасыз етеді;

      11-2) мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша, оның ішінде тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісу бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;";

      12) 17-бапта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша ақылы негізде қызметтер көрсетеді. Әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалануы (оған қол жеткізуі) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.

      Бұл ретте мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасы мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың өкілеттіктерін жүзеге асыруға мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор шеккен шығындардың толық өтелуін қамтамасыз етуге тиіс;";

      мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:

      "9) мемлекеттік сатып алу веб-порталының құралдарын пайдалана отырып, осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен конкурсқа (аукционға) және баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға арналған өтінімдерді қамтамасыз етуді енгізу және қайтару процесін операциялық қолдап отыруды қамтамасыз етеді.";

      13) 18-бапта:

      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, конкурстық комиссия (аукциондық комиссия), сараптама комиссиясы, сарапшы;";

      3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) әлеуетті өнім беруші, конкурсқа не аукционға қатысушы, өнім беруші не олардың уәкілетті өкілі тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының не конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның), сараптама комиссиясының, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасап жазбаша жолданым не жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданым бергенде жүзеге асырады. Мұндай шағымды қарау осы Заңның 47 және 48-баптарында көзделген шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады;";

      4-тармақтың 3) тармақшасы алып тасталсын;

      14) 20-баптың 1, 2, 3-тармақтары және 5-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын;

      15) 21-бапта:

      2-тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге ұлттық стандарттар, ал олар болмаған жағдайда мемлекетаралық стандарттар көрсетіле отырып, техникалық өзіндік ерекшелік қамтылуға тиіс. Ұлттық және мемлекетаралық стандарттар болмаған кезде мемлекеттік сатып алуды нормалау ескеріле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдаланушылық сипаттамалары көрсетіледі.

      Бұл ретте техникалық өзіндік ерекшелікте өнім берушілерге қойылатын, берілетін тауарлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде, стандарттар ережелерінде немесе өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келетінін растайтын құжаттарды беру туралы талап қамтылуға тиіс.

      Жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде конкурстық құжаттамада техникалық өзіндік ерекшеліктің орнына белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттама қамтылуға тиіс. Бұл ретте мұндай мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыстарды орындау мерзімдері белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстарды орындау мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс;";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттар және олардың есеп-қисабы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.";

      16) 22-бапта:

      1-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Конкурстық құжаттаманың жобасына ескертулер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салулар болмаған кезде, конкурстық құжаттаманы бекіту туралы шешім қабылданады.";

      2-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ескертулер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салулар болған жағдайда, конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:";

      3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін конкурстық құжаттамаға өз бастамасы бойынша өзгерістер енгізуге құқылы. Мұндай жағдайларда конкурстық құжаттама осы бапта айқындалған тәртіппен алдын ала талқылауға жатады.";

      5-тармақтың 1) тармақшасындағы "сатып алуға;" деген сөздер "сатып алуға қолданылмайды." деген сөздермен ауыстырылып, 2) тармақшасы алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Осы баптың талаптары конкурстық құжаттамада техникалық өзіндік ерекшеліктің орнына осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасы бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттама қамтылған, жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуға қолданылады.";

      17) 23-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қайта мемлекеттік сатып алу өткізуге байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау мерзімін ұлғайтуды қоспағанда, конкурс тәсілімен қайта мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсынудың соңғы күніне дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын мемлекеттік сатып алу веб-порталында өткізілмеген конкурстың конкурстық құжаттамасының өзгермеуі шартымен, конкурс тәсілімен қайта мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландырудың мәтінін орналастыруға міндетті.";

      18) 24-бапта:

      4-тармақта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген;";

      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын;

      "5) әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянындағы конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету сомасы болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, мемлекеттік сатып алу веб-порталы оны автоматты түрде қабылдамауға тиіс.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді берген әлеуетті өнім берушілерге алдын ала жіберу хаттамасы орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні өткеннен кейін басқа әлеуетті өнім берушілердің осы конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерін көруге қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

      Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбеген не оны мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған мөлшерде енгізбеген әлеуетті өнім берушілерге басқа әлеуетті өнім берушілердің осы конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерін көруге қолжетімділік берілмейді.";

      19) 25 және 26-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "25-бап. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету

      1. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді өзі конкурс жеңімпазы болып айқындалған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасатынына және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізетініне кепіл ретінде енгізеді.

      2. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.

      3. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің біреуін:

      1) әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянындағы ақшаны;

      2) электрондық құжат нысанында берілетін банк кепілдігін таңдауға құқылы. Осы Заңның 50-бабында көзделген жағдайларда банк кепілдігін қағаз жеткізгіште беруге жол беріледі.

      Әлеуетті өнім берушінің электрондық әмияндағы ақшаны тұтастай не оның бір бөлігін талап ету құқығы үшінші тұлғаларда туындауына алып келетін әрекеттер жасауына жол берілмейді.

      Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың электрондық әмияндағы ақшаны пайдалануына жол берілмейді.

      4. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:

      1) конкурс жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарғанда;

      2) конкурс жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаса отырып, конкурстық құжаттамада белгіленген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімдері туралы талаптарды орындамағанда не тиісті түрде орындамағанда, оның ішінде уақтылы орындамағанда бұғатталады және әлеуетті өнім берушіге қайтарылмайды.

      5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардың бірі басталған кезде конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджеттің, мемлекеттік кәсіпорынның, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаның немесе онымен үлестес заңды тұлғалардың кірісіне есепке жатқызылады.

      6. Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор әлеуетті өнім берушіге өзі бұғаттап қойған конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді мынадай:

      1) осы әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімін кері қайтарып алған;

      2) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған жағдайларда, автоматты түрде бұғаттан шығарып береді. Көрсетілген жағдай конкурс жеңімпазы болып айқындалған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;

      3) әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қойған және ол мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізген жағдайларда, автоматты түрде бұғаттан шығарып береді.

      7. Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор әлеуетті өнім берушінің өзінің электрондық әмиянына орналастырылған ақшаны қайтару туралы талабы бойынша осындай талап келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде көрсетілген, өзіне қатысты бұғаттау жүзеге асырылмаған немесе бұғаттау тоқтатылған ақшаны қайтарады.

      26-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі демпингке қарсы шаралар

      1. Конкурсқа қатысушы ұсынған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын шекті мәннен төмен болып табылатын баға демпингтік баға деп танылады.

      2. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген, әлеуетті өнім берушінің шарттың орындалуын қамтамасыз етуге қосымша, демпингттік деп танылмайтын, жол берілетін ең төмен бағадан төмендетілген сомаға тең мөлшерде сома енгізу шарты бар жағдайларды қоспағанда, демпингтік бағалар ұсынуға жол берілмейді.";

      20) 27-бапта:

      2-тармақта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Заңның 8-бабының 3-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындау үшін сараптама комиссиясын құрады не сарапшыны айқындайды.";

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы Заңның 8-бабының 3-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындау үшін сараптама комиссиясын құрады не сарапшыны айқындайды.";

      3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Конкурстық комиссияның әлеуетті өнім берушілерді конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу туралы шешімі конкурсқа қатысуға арналған өтінімдер ашылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылданады.";

      4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру құқығы мынадай:

      1) осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзған;

      2) біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптары бойынша анық емес ақпарат берген;

      3) конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбеген не оны мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған мөлшерде енгізбеген әлеуетті өнім берушілерге берілмейді.";

      5-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарау кезінде конкурстық комиссия:";

      8-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді қайтадан қарау нәтижелері бойынша конкурстық комиссия біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келтірілген конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді әлеуетті өнім берушілердің қайтадан ұсыну мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:";

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттарды қолданады және есептейді.";

      10-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шартты бағалар тең болған кезде жеңімпазды (конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру қорытындылары бойынша екінші орын алған конкурсқа қатысушыны) тану шарттары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.";

      21) 29-бапта:

      2-тармақтың 3) тармақшасы алып тасталсын;

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Конкурс тәсілімен қайта мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды мынадай:

      1) конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінімдер болмаған жағдайда, жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту жіберілетін әлеуетті өнім берушіні тапсырыс беруші айқындайды;

      2) конкурсқа қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылған жағдайда, жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту конкурсқа қатысуға арналған өтінімді ұсынған әлеуетті өнім берушіге жіберіледі. Мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімде көрсетілген конкурстық баға ұсынысынан аспауға тиіс.";

      22) 30-бапта:

      1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу уәкілетті орган бекіткен тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша мынадай:";

      2-тармақ алып тасталсын;

      23) 31-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "31-бап. Алдын ала біліктілікті іріктеу арқылы жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ерекшеліктері

      1. Алдын ала біліктілікті іріктеу арқылы жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу уәкілетті орган бекіткен тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесі бойынша жүзеге асырылады.

      2. Алдын ала біліктілікті іріктеу арқылы жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай реттілікпен жүзеге асырылады:

      1) бірінші кезеңде біліктілік органы білікті әлеуетті өнім берушілердің тізбесін қалыптастырады;

      2) екінші кезеңде тапсырыс беруші білікті әлеуетті өнім берушілер тізбесіне енгізілген әлеуетті өнім берушілер арасында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады.

      3. Алдын ала біліктілікті іріктеу қолданыла отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға, конкурстық құжаттамаға, алдын ала талқылауға, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарлауға, конкурсқа қатысуға арналған өтінімге, оны қарауға, демпингтік бағаны ұсынуға, мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қойылатын талаптар осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңның 20, 21, 22, 23, 24, 26, 27 және 28-баптарында айқындалады.

      4. Алдын ала біліктілікті іріктеу арқылы жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.";

      24) 32-баптың 2-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын;

      25) 33-баптың 4-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Аукционға қатысуға арналған өтінімдерді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру құқығы мынадай:

      1) осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзған;

      2) біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптары бойынша анық емес ақпарат берген;

      3) аукционға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбеген не оны мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған мөлшерде енгізбеген әлеуетті өнім берушілерге берілмейді.";

      26) 36-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Егер аукцион тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу өткізілмеді деп танылса, тапсырыс беруші мынадай:

      1) аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;

      2) аукциондық құжаттаманы өзгерту және аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      3. Аукцион тәсілімен қайтадан болған мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды мынадай:

      1) аукционға қатысуға ұсынылған өтінімдер болмаған жағдайда, жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту жіберілетін әлеуетті өнім берушіні тапсырыс беруші айқындайды;

      2) аукционға қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылған жағдайда, жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту аукционға қатысуға арналған өтінімді ұсынған әлеуетті өнім берушіге жіберіледі. Мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің аукционға қатысуға арналған өтінімде көрсетілген бастапқы бағасынан аспауға тиіс.";

      27) 37-бапта:

      2 және 4-тармақтар алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуге қойылатын талаптар осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңның 25-бабының қағидалары бойынша айқындалады.";

      28) 38-бапта:

      1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге ұлттық стандарттар, ал олар болмаған жағдайда, мемлекетаралық стандарттар көрсетіле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипатталымын орналастыруға міндетті. Ұлттық және мемлекетаралық стандарттар болмаған кезде мемлекеттік сатып алуды нормалау ескеріле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдаланушылық сипаттамалары көрсетіледі.

      Бұл ретте сатып алынатын тауарлардың қысқаша сипатталымында өнім берушілерге қойылатын, берілетін тауарлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде, стандарттар ережелерінде немесе өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келетінін растайтын құжаттарды беру туралы талап қамтылуға тиіс;";

      2-тармақ 3) тармақшасындағы "жүзеге асыру жағдайлары қосылмайды." деген сөздер "жүзеге асыру;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) нарықта ұсынылған және қолжетімді, құны тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір мың еселенген мөлшерінен аспайтын тауарларды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайлары қосылмайды.";

      9-тармақтың бірінші бөлігінде:

      бірінші абзацтағы "ұсынысы" деген сөз "ұсынысын" деген сөзбен ауыстырылып, 2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген;";

      мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянындағы, баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету сомасы болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде қабылдамайды.";

      29) 39-баптың 3-тармағында:

      1), 3) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) табиғи монополия салаларына жататын көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ энергиямен жабдықтаудың көрсетілетін қызметтерін сатып алу немесе электр энергиясын кепілдендірген берушімен қоса электр энергиясын сатып алу-сату;";

      "3) сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ жоба алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген тұлғадан осы жоба алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы түзету жөніндегі жұмыстарды сатып алу;";

      "8) мемлекеттік материалдық резервтің жаңарту тәртібімен шығарылатын материалдық құндылықтарын сатып алу;";

      9) тармақшаның бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін, тергеу әрекеттерін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органдардың, сондай-ақ өздеріне қатысты ұлттық қауіпсіздік органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардың және дауыс беретін акцияларының жүз пайызы мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың;";

      10) тармақша алып тасталсын;

      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) халықаралық рейтингтік агенттіктердің көрсетілетін қызметтерін, қаржылық көрсетілетін қызметтерді сатып алу;";

      13) және 14) тармақшалар алып тасталсын;

      17) тармақшадағы ", сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде" деген сөздер алып тасталсын;

      26) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "26) халықаралық және (немесе) шетелдік ақпараттық ұйымдардың ақпарат беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерін сатып алу;";

      29) тармақша мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындарының өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасы болып табылатын тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету бойынша қосалқы мердігерлерді (бірлесіп орындаушыларды) тартуына жол берілмейді;";

      42) және 43) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "42) егер біртекті тауарлардың құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарларды, егер біртекті жұмыстар мен көрсетілетiн қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінен аспаса, осындай жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      43) оқушыларды, студенттерді, аспиранттарды шығармашылық сайыстарға (конкурстарға, олимпиадаларға, фестивальдарға, ойындарға), көрмелерге, конференцияларға, форумдарға, шеберлік сыныптарына, тағылымдамаларға қатысу, оқу-практикалық тапсырмаларды орындау үшін жіберуге байланысты көрсетілетін қызметтерді көрсетілген іс-шаралар өтетін жерге бару және кері қайту жолын, тұрғын үй-жай жалдауды, көліктік қызмет көрсетуді, тамақпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, сатып алу;";

      49) тармақша алып тасталсын;

      50) және 54) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "50) егер мемлекеттік сатып алу тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі, бірақ екі айдан аспайтын мерзім ішіндегі қажеттілігін қамтамасыз етуге қажетті осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу көлемінен аспайтын көлемде, уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жүзеге асырылатын жағдайда, мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге күн сайынғы және (немесе) апта сайынғы қажеттілікті осындай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болса, жүзеге асырылады.

      Осы тармақша өнім беруші өткен жылы жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданысын ұзартудан бас тартқан жағдайда, егер мұндай мемлекеттік сатып алу жылдың бірінші айы ішінде жүзеге асырылатын болса немесе тапсырыс беруші ағымдағы қаржы жылы ішінде құрылған (қайта ұйымдастырылған) жағдайда, бірақ екі айдан асырылмай қолданылады;";

      "54) техникалық көмекші (орын толтырушы) құралдар (протездік-ортопедиялық құралдардан басқа) мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын, мүгедектерге берілетін жеке көмекші мен ымдау тілі маманы көрсететін әлеуметтік қызметтерді, мүгедектерге арналған такси көрсететін қызметтерді, мүгедектерге берілетін санаторийлік-курорттық жолдамаларды сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құратын ұйымдардан тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу.

      Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде:

      1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 394-бабы бірінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген барлық шартқа;

      2) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктеріне немесе құрылтайшысы Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері болып табылатын ұйымдарға тиесілігіне сәйкестігі тұрғысынан тексеруден өткен, Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктеріне және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдарға жіберіледі;";

      мынадай мазмұндағы 55) тармақшамен толықтырылсын:

      "55) құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды табуға және зиян келтірмейтін етуге, терроризмге қарсы операцияларды, сондай-ақ кепілге алынған адамдарды босату, қарулы қылмыскерлерді, экстремистерді, террористерді, ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелерін, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарды ұстап алу және зиян келтірмейтін ету жөніндегі арнайы операцияларды жүргізуге байланысты қызметін қамтамасыз етуге қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу.";

      30) 40-баптың 1-тармағының 2) тармақшасында:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге ұлттық стандарттар, ал олар болмаған жағдайда, мемлекетаралық стандарттар көрсетіле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипатталымы қамтылуға тиіс. Ұлттық және мемлекетаралық стандарттар болмаған кезде, мемлекеттік сатып алуды нормалау ескеріле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдаланушылық сипаттамалары көрсетіледі.";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте сатып алынатын тауарлардың сипатталымында өнім берушілерге қойылатын, берілетін тауарлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде, стандарттар ережелерінде немесе өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келетінін растайтын құжаттарды беру туралы талап қамтылуға тиіс.";

      31) 41-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Осы баптың 2-тармағының талабы өздері туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға, сондай-ақ осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 18), 23), 31), 32) және 35) тармақшалары негізінде жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.";

      32) 43-бапта:

      1-тармақта:

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлері бойынша уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттарды бекітуі мүмкін.";

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, өзге де нысанда жасалуы мүмкін.";

      6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қазақстан Республикасының бейрезидентімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жағдайларында, мемлекеттік сатып алу туралы шартты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, ол ұсынатын нысанда, қағаз жеткізгіште ресімдеуге жол беріледі.

      7. Егер жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім беруші осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімдерде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына қол қоймаса не мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, тапсырыс беруші жеңімпаздың мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жібереді.

      Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші өзіне мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыруға тиіс.";

      9-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу мерзімі өткен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өнім берушіге мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы осы шартты бұзу ниеті туралы хабарлама жібереді. Егер өнім беруші мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы хабарлама алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбесе, тапсырыс беруші осы шартты бұзу туралы хабарлама жібереді.";

      10-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы Заңның 39-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының және 3-тармағының негізінде жүзеге асырылған, баға ұсыныстарын сұрату қорытындылары бойынша, тауар биржалары арқылы, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған жағдайда, тапсырыс беруші авансты қамтамасыз етуді енгізу туралы талап белгілеуге құқылы.";

      11-тармақта:

      екінші бөлікте:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) электрондық құжат нысанында берілетін банк кепілдігін таңдауға құқылы. Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40) және 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларда банк кепілдігін қағаз жеткізгіште беруге жол беріледі;";

      мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша бекітетін, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін үлгілік сақтандыру шартына сәйкес жасалатын өнім берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын таңдауға құқылы.

      Өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан тапсырыс берушіге келтірілген мүліктік зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүддесі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шартының объектісі болып табылады.

      Өнім берушіге тәуелді емес кездейсоқ оқиғалардың салдарынан тапсырыс берушінің мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу бойынша өнім берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып танылады.

      Сақтандыру сомасы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шартында айқындалады және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жалпы сомасының үш пайызынан аз болмайды.";

      бесінші бөліктегі "баға ұсыныстарын сұрату," деген сөздер алып тасталсын;

      12-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін толық және тиісінше орындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тапсырыс беруші енгізілген шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ демпингке қарсы шаралар қабылданған жағдайда қамтамасыз ету сомасын (ол болған кезде) өнім берушіге қайтарады.";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Өнім берушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарт бұзылған жағдайда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес өнім беруші енгізген қамтамасыз ету сомасын (ол болған кезде) өнім берушіге қайтармайды.";

      17-тармақ алып тасталсын;

      19-тармақтың 3) тармақшасы алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 23-1-тармақпен толықтырылсын:

      "23-1. Жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) берілуі мүмкін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемдері жиынтығында орындалатын жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер көлемінің екіден бірінен аспауға тиіс.

      Осы тармақтың ережесі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес операторлар болып айқындалған заңды тұлғалармен осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 36) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу жағдайларына қолданылмайды.

      Бұл ретте қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету көлемдерін өзге қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) беруіне тыйым салынады.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт осы Заңның 16-бабының 6) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган шешім шығарған кезде, оның ішінде уәкілетті органның осындай шешіміне тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы шағым жасаған кезеңде жасала алмайды.";

      26-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалғаны туралы құжаттарды мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық нысанда ресімдеу туралы талаптар Қазақстан Республикасының салық заңнамасына қайшы келмейтін бөлікте осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40) және 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларға қолданылмайды.";

      33) 44-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "44-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтару

      1. Егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші осы Заңда белгіленген мерзімдерде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.

      2. Мемлекеттiк сатып алудың жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті өнім берушіні мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп таныған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ол енгiзген конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етудi ұстап қалады.";

      34) 45-баптың 2-тармағының 3) және 7) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартта көрсетілген тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігі үшін бағаның өзгермеуі талабымен осы сатып алынатын тауарлардың, осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жұмыстарды қоспағанда, жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің көлеміне қажеттіліктің азаюына не ұлғаюына байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын азайту не ұлғайту бөлігінде жол беріледі. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартты осындай өзгертуге осы мемлекеттік сатып алу бойынша қалыптасқан үнемдеу шегінде жол беріледі;";

      "7) мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарт сомасының өзгермеуі талабымен мемлекеттік бюджет есебінен жылдар бойынша қаржыландыру өзгертілген немесе жұмыстарды орындаудың немесе қызметтерді көрсетудің сметалық құны азайтылған және кейіннен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға тиісті өзгерiстер енгiзілген жағдайда, жұмыстарды мемлекеттік сатып алу немесе көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімдерін өзгерту бөлiгiнде;";

      35) 47-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "47-бап. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау

      1. Егер тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.

      Әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттама (аукциондық құжаттама) жобасына осы Заңның 22-бабында айқындалған тәртіппен ескертулер берілмеген конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына, оның ішінде оларда көрсетілген біліктілік талаптарына жасаған шағымдары қаралуға жатпайды.

      2. Конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама орналастырылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      Конкурсқа (аукционға) және (немесе) осы Заңның 22-бабына сәйкес конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) жобасын алдын ала талқылауға қатыспаған адамдардың шағым жасауы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасау мерзімін тоқтата тұрмайды.

      3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жағдайда, шағым Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес электрондық мемлекеттік аудит шеңберінде қаралады.

      4. Әлеуетті өнім берушінің шағымы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы берілуі мүмкін.

      5. Мемлекеттік сатып алудың қорытындылары шығарылғанға дейін және (немесе) осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде уәкілетті органға тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жағдайда, шағым мәлімделген талаптар (дәлелдер) шегінде осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім өткен күннен бастап он жұмыс күні ішінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес камералдық бақылау шеңберінде қаралады.

      Уәкілетті орган шағым келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды тоқтата тұру туралы хабарлама жібереді.

      6. Уәкілетті орган осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде келіп түскен шағымды қарау нәтижелері бойынша осы Заңның 16-бабының 6) тармақшасына сәйкес не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      7. Әлеуетті өнім беруші уәкілетті органның осы баптың 6-тармағына сәйкес қабылданған шешімімен келіспеген жағдайда, оған жоғары тұрған органға шағым жасауға құқылы.

      8. Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

      9. Осы бапта көзделген, дауларды сотқа дейін реттеу тәртібі міндетті болып табылады.";

      36) 48-бапта:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шағымға шағым берген тұлғаның дәлелдерін растайтын құжаттар қоса берілуі мүмкін.";

      3-тармақтың 1) тармақшасындағы "осы бапта" деген сөздер "осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      37) 51-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "51-бап. Әлеуетті өнім берушілердің жекелеген санаттарының мемлекеттік сатып алуға қатысуы

      1. Әлеуетті өнім берушілердің жекелеген санаттарының мемлекеттік сатып алуға қатысуы осы Заңда көзделген жағдайларда айқындалады.

      2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде:

      1) мүгедектердің мұқтаждығына арналған тауарларды (тифлотехникалық құралдар, арнаулы жүріп-тұру құралдары, міндетті гигиеналық құралдар) өндіретін және (немесе) беретін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан осындай тауарларды ағымдағы жылы осы тауарларды сатып алу үшін бөлінген жалпы қаражат көлемінің кемінде елу пайызы көлемінде;

      2) тауарлар өндіретін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген өзге де тауарларды ағымдағы жылы осы тауарларды сатып алу үшін бөлінген жалпы қаражат көлемінің кемінде елу пайызы көлемінде;

      3) жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ағымдағы жылы осы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген жалпы қаражат көлемінің жүз пайызы көлемінде сатып алуды жүзеге асырады.

      3. Тауарларды өндіретін және (немесе) беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан сатып алынатын жекелеген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде:

      1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 394-бабы бірінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген барлық шартқа;

      2) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктеріне немесе құрылтайшысы Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері болып табылатын ұйымдарға тиесілігіне сәйкестігі тұрғысынан тексеруден өткеннен кейін, осы баптың 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберіледі.

      Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкессіздігі анықталған жағдайда, тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар осы бапта көзделген мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      4. Осы баптың 2-тармағында белгіленген ережелерді іске асыру үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы Заңда көзделген тәсілдермен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады, оған тауарларды өндіретін және (немесе) беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар жіберіледі.

      Жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардың өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлерді және қызметтер көрсету бойынша бірлесіп орындаушыларды тартуына жол берілмейді.

      Осы баптың 2-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы хабарландыру мәтінінде мемлекеттік сатып алудың тек қана тауарларды өндіретін және (немесе) беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар арасында жүзеге асырылатынын көрсетеді.

      Тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар осы бапқа сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.

      5. Мемлекеттік сатып алу осы Заңның 29-бабының 1-тармағында, 36-бабының 1-тармағында, 38-бабының 7, 8 және 10-тармақтарында көзделген негіздер бойынша өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші осы Заңда белгіленген тәртіппен өзге әлеуетті өнім берушілер арасында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды.

      6. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыста көзделген көрсетілетін қызметтерді, кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлғаға жеке меншік құқығымен тиесілі тұрғынжайды мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.".

      2-бап. "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 14-тармағының қолданысы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрып, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "14. Тапсырыс беруші не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы баптың 13-тармағында көрсетілген шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:

      1) өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғаларды қабылданған шешім туралы хабардар етуге;

      2) енгізілген конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімдерді қамтамасыз етуді қайтаруға міндетті.".

      3-бап. "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының бірінші бөлігі 2) тармақшасының қолданысы 2019 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрып, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "2) төлем қабілеттілігінің болуы, тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің болмауы;".

      4-бап. "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының қолданысы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрып, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап:

      1) 2019 жылғы 1 қаңтардан 2019 жылғы 1 шілдеге дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "25-бап. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету

      1. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді өзі конкурс жеңімпазы болып айқындалған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасатынына және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізетініне кепіл ретінде енгізеді.

      2. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.

      3. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің біреуін:

      1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының банктік шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;

      2) электрондық құжат нысанында берілетін банк кепілдігін таңдауға құқылы. Осы Заңның 50-бабында көзделген жағдайларда банк кепілдігін қағаз жеткізгіште беруге жол беріледі.

      Әлеуетті өнім берушінің өзінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін, енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаны тұтастай не оның бір бөлігін талап ету құқығы үшінші тұлғаларда туындауына алып келетін әрекеттер жасауына жол берілмейді.

      Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының әлеуетті өнім беруші енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.

      4. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:

      1) конкурс жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарғанда;

      2) конкурс жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаса отырып, конкурстық құжаттамада белгіленген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімдері туралы талаптарды орындамағанда не тиісті түрде орындамағанда, оның ішінде уақтылы орындамағанда, конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді әлеуетті өнім берушіге қайтармайды.

      5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардың бірі басталған кезде конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджеттің, мемлекеттік кәсіпорынның, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаның немесе онымен үлестес заңды тұлғалардың кірісіне есепке жатқызылады.

      6. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі басталған күннен бастап:

      1) осы әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімін кері қайтарып алған жағдайларда ашу хаттамасы орналастырылған;

      2) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған жағдайда, үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады. Көрсетілген жағдай конкурс жеңімпазы деп айқындалған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;

      3) әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қойған және ол мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізген жағдайда, үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады.

      7. Білікті әлеуетті өнім берушілер тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім беруші алдын ала біліктілікті іріктеу арқылы жүргізілетін конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.";

      2) 2019 жылғы 1 шілдеден 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "25-бап. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету

      1. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді өзі конкурс жеңімпазы болып айқындалған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасатынына және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізетініне кепіл ретінде енгізеді.

      2. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.

      3. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің біреуін:

      1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының банктік шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;

      2) электрондық құжат нысанында берілетін банк кепілдігін таңдауға құқылы. Осы Заңның 50-бабында көзделген жағдайларда банк кепілдігін қағаз жеткізгіште беруге жол беріледі.

      Әлеуетті өнім берушінің өзінің конкурсқа қатысуға өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін, енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаны тұтастай не оның бір бөлігін талап ету құқығы үшінші тұлғаларда туындауына алып келетін әрекеттер жасауына жол берілмейді.

      Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының әлеуетті өнім беруші енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.

      4. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:

      1) конкурс жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарғанда;

      2) конкурс жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаса отырып, конкурстық құжаттамада белгіленген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімдері туралы талаптарды орындамағанда не тиісті түрде орындамағанда, оның ішінде уақтылы орындамағанда, конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді әлеуетті өнім берушіге қайтармайды.

      5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардың бірі басталған кезде конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджеттің, мемлекеттік кәсіпорынның, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаның немесе онымен үлестес заңды тұлғалардың кірісіне есепке жатқызылады.

      6. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі басталған күннен бастап:

      1) осы әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімін кері қайтарып алған жағдайларда ашу хаттамасы орналастырылған;

      2) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған жағдайда, үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады. Көрсетілген жағдай конкурс жеңімпазы деп айқындалған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;

      3) әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қойған және ол мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізген жағдайда, үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады.".

      5-бап. "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабының 3-тармағы 42) тармақшасының қолданысы 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрып, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "42) егер біртекті тауарлардың құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарларды, егер біртекті жұмыстар мен көрсетілетiн қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінен аспаса, ал аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары үшін айлық есептік көрсеткіштің үш мың еселенген мөлшерінен аспаса, осындай жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;".

      6-бап. Осы Заң:

      1) 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 14-тармағы 2) тармақшасының алтыншы абзацын, 8) тармақшасының үшінші және он алтыншы абзацтарын, 23) тармақшасын;

      2) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларын, 3-тармағының 2) тармақшасын, 6, 9, 10 және 11-тармақтарын, 14-тармағы 2) тармақшасының жиырмасыншы және жиырма бірінші абзацтарын, 4) тармақшасының оныншы және он бірінші абзацтарын, 12) тармақшасының бесінші және алтыншы абзацтарын, 18) тармақшасының бесінші және алтыншы абзацтарын, 27) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарын, 28) тармақшасының оныншы және он бірінші абзацтарын қоспағанда, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ