Газ және газбен жабдықтау туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 532-IV Заңы.

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 35-баптан қараңыз.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк", "Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк" деген сөздер тиісінше "газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік", "Газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Осы Заң Қазақстан Республикасында газ және газбен жабдықтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасауға бағытталған.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) автогаз құю станциясы – сұйытылған мұнай газын сақтауға және оны отын ретінде пайдаланатын көлік құралдары иелеріне бөлшек саудада өткізуге арналған технологиялық кешен;

      2) автогаз толтыру компрессорлық станциясы – тауарлық газды сұйытуға, сақтауға және оны отын ретінде пайдаланатын көлік құралдарының иелеріне бөлшек саудада өткізуге арналған технологиялық кешен;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3) тармақшаны алып тастау көзделген – ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3) аккредиттеу – газ желісі ұйымдарын Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келеді деп уәкілетті органның ресми тану рәсімі;

      4) бөлшек саудада өткізу – тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын одан әрі өткізу мақсатынсыз, өз мұқтаждықтары үшін Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушыларға өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

      5) бірыңғай техникалық дәліз – бір трасса бойымен қатар салынған, бірыңғай бағытта (көліктік лекте) тауарлық газды тасымалдауды қамтамасыз ететін магистральдық газ құбырларының (немесе учаскелерінің) және магистральдық газ құбырлары жүйелерінің (оның ішінде әртүрлі қысымдағы жүйелерінің) жиынтығы;

      6) газ – шикі, тауарлық, сұйытылған мұнай газы және сұйытылған табиғи газ;

      7) газбен жабдықтау – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу саласындағы қызмет;

      8) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймағы – пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету және оларды зақымдау мүмкіндігін болдырмау мақсатында газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің айналасына орнатылатын айрықша пайдалану жағдайындағы аумақ;

      9) газбен жабдықтау жүйесі – тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын өндіруге, тасымалдауға (тасуға), сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған технологиялық өзара байланысты объектілер кешені;

      10) газдандыру – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және өзге де объектілерде тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын отын ретінде пайдалануға бағытталған іс-шаралар кешені;

      11) газ жабдығы – газ құбырларының құрамдас элементтері ретінде пайдаланылатын, толықтай зауытта дайындалатын техникалық бұйымдар (компенсаторлар, конденсат жинақтары, сақтандыру-ығыстыру арматурасы, құбыржолдық бекітпе арматура), сондай-ақ газ пайдаланушы қондырғылар (газ аспаптары, пештері мен плиталары);

      12) газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік – Қазақстан Республикасына тиесілі ілеспе газды тереңдетіп өңдеуді және өзара тиімді жағдайларда қосылған құны жоғары өнім өндіруді қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық және әлеуметтік міндеттерді шешу үшін мемлекет пен инвестордың өзара іс-қимыл жасау нысаны;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      13) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      13) газ желісі ұйымы – аккредиттеу туралы куәлігі бар және газ толтыру стансасын пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген шарттарда сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      14) газ құбыры – бекітпе арматурасы бар, бір-бірімен қосылған құбырлардан тұратын және газ тәріздес немесе екі фазалық күйдегі газды тасымалдауға арналған құрылыс;

      15) газ тарату жүйесі – газ құбырларынан (желілік бөліктен) және олармен ұштасып жатқан объектілерден тұратын, тауарлық газды магистральдық газ құбырынан газ тұтыну жүйелеріне дейін тасымалдауға арналған технологиялық өзара байланысты құрылыстар кешені;

      16) газ тарату ұйымы – тауарлық газды газ тарату жүйесі арқылы тасымалдауды, газ тарату жүйесін техникалық пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген шарттарда тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      17) газ тасымалдау ұйымы – осы Заңда белгіленген шарттарда тауарлық газды жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау және (немесе) тауарлық газды тауарлық газ қоймаларында сақтау жөніндегі қызметтерді көрсететін заңды тұлға;

      18) газ толтыру пункті – сұйытылған мұнай газын сақтауға, тұрмыстық баллондарға қотаруға және құюға арналған инженерлік құрылыс;

      19) газ толтыру станциясы – сұйытылған мұнай газын сақтауға, теміржол цистерналарына, автогаз тасымалдағыштарға, тұрмыстық баллондарға қотаруға және құюға, сондай-ақ тұрмыстық баллондарды жөндеуге және кәдеге жаратуға арналған технологиялық өзара байланысты өндірістік және өзге де объектілер кешені;

      20) газ тұтыну жүйесі – газ тарату жүйесінен тауарлық газды немесе топтық резервуарлық қондырғыдан сұйытылған мұнай газын қабылдауға, сондай-ақ оларды отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалануға арналған газ құбырлары (желілік бөлік) мен газ жабдығы кешені;

      21) есепке алу аспаптары – мынадай функцияларды: газды өлшеуді, жинауды, сақтауды, оның шығысы, көлемі, температурасы, қысымы және аспаптардың жұмыс уақыты туралы ақпарат көрсетуді орындайтын өлшеу құралдары мен басқа да техникалық құралдар;

      22) жалғастырушы газ құбыры – шикі газды келісімшарттық аумақтан газ өңдеу зауытына немесе шикі газды өнеркәсіптік тұтынушыға дейін тасымалдауға не тауарлық газды газ өңдеу зауытынан магистральдық газ құбырына дейін тасымалдауға арналған газ құбыры;

      23) кәсіпшілік газ құбыры – газды келісімшарттық аумақ шегінде тасымалдауға арналған газ құбыры;

      24) коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы – тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын одан әрі өткізу мақсатынсыз, кәсіпкерлік, коммерциялық емес немесе өзге қызметті жүзеге асыру кезінде коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждар үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;

      25) алып тасталды – ҚР 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      26) көтерме саудада өткізу – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды одан әрi өткiзу мақсатында iшкi нарықта не Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде өткiзу жөнiндегi, сондай-ақ газ тарату ұйымының газын нормативтік техникалық ысыраптарға және электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушыларға өткізген жағдайлардағы кәсiпкерлiк қызмет;

      27) Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктері – Қазақстан Республикасының аумағында тұтынуға қажетті тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газының көлемі;

      28) магистральдық газ құбыры – тасымалданатын газдың қысымын арттыруды және төмендетуді қамтамасыз ететін бір немесе бірнеше газ құбырынан (желілік бөліктен) және олармен ұштасып жатқан объектілерден, телебасқару, байланыс құралдарынан және өзге де коммуникациялардан тұратын, тауарлық газды тасымалдауға арналған инженерлік құрылыс. Магистральдық газ құбыры объектілерінің құрамы жобалық құжаттамада және техникалық регламенттер талаптарында айқындалады;

      28-1) мұнай-газ-химия өнімдері – химиялық процестерді жүзеге асыру жолымен көмірсутек шикізаты (мұнай және газ) негізінде алынатын және дайын өнім ретінде де (жанар-жағармай материалдарын қоспағанда), кейіннен химиялық өзгертулер үшін шикізат ретінде де пайдаланылатын өнім;

      29) өндіруші – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      30) өнеркәсіптік тұтынушы – өнеркәсіп өндірісінде отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін газ сатып алатын заңды тұлға;

      30-1) өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор – мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын және уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізілген заңды тұлға, сондай-ақ тұтынушыларға одан әрі өткізу мақсатында сығымдалған және (немесе) сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын заңды тұлға;

      31) сұйытылған мұнай газы – жеңіл көмірсутегілердің (пропан-бутан фракциясының, пропанның, бутанның) тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған, құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін қоспасы;

      32) сұйытылған табиғи газ – құрамында метаны басым көмірсутегілердің тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған, шикі газды өңдеу өнімі болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін көпқұрамдас қоспасы;

      33) тасымалдау – газ құбырлары арқылы шикі немесе тауарлық газды айдаудың технологиялық процесі;

      34) тауарлық газ – құрамында метаны басым көмірсутегілердің газ тәріздес күйде болатын, шикі газды өңдеу өнімі болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін көпқұрамдас қоспасы;

      35) тауарлық газ қоймасы – тауарлық газды сақтауға арналған, технологиялық өзара байланысты өндірістік және өзге де объектілер кешені;

      36) топтық резервуарлық қондырғы – ыдыстар тобынан, сақтандыру-бекітпе және реттеуші арматурадан, газ құбырларынан тұратын және сұйытылған мұнай газын сақтауға және оны газ тұтыну жүйелеріне беруге арналған инженерлік құрылыс;

      37) тұрмыстық тұтынушы – тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын кәсіпкерлік қызметте пайдалану және оларды одан әрі өткізу мақсатынсыз, тұрмыстық мұқтаждар үшін сатып алатын жеке тұлға;

      38) тұтыну нормасы – есепке алу аспаптары жоқ тұрмыстық тұтынушылар үшін өздері тұтынған тауарлық немесе сұйытылған мұнай газының орташа айлық көлемін көрсететін есептік шама;

      39) тұтынушы – тұрмыстық, коммуналдық-тұрмыстық, өнеркәсіптік тұтынушы, өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор немесе электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушы;

      40) уәкілетті орган – газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      40-1) уәкілетті органның ақпараттық жүйесі – жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратты жинауға, сақтауға, талдауға және өңдеуге арналған "Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі" интеграцияланған ақпараттық жүйесі;

      41) ұлттық оператор – акцияларының (қатысу үлестерінің) бақылау пакетінің меншік иесі мемлекет не ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық компания немесе Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін компания болып табылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында газ және газбен жабдықтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      42) шикi газ – тазартылмай өндiрiлген табиғи, iлеспе, қатпарлы газ, көмiр қабаттарындағы метан, сондай-ақ шығу көзi өзгеше көмiрсутегi газы;

      43) электрондық сауда алаңы – Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын жүргізуге арналған және мәмілелер жасасу, сондай-ақ ақпарат жинау, сақтау, өңдеу және ашу процесін автоматтандыруды қамтамасыз ететін есептеу құралдары, бағдарламалық қамтылым, дерекқор, телекоммуникациялық құралдар және басқа да жабдықтар кешені;

      44) электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушы – "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электр станцияларының тізбесіне енгізілген, электр энергиясын өндіру үшін отын ретінде тауарлық газды пайдаланып жүрген немесе пайдаланатын заңды тұлға.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заң газ және газбен жабдықтау саласындағы қатынастарға қолданылады.

      2. Осы Заңның ережелері сұйытылған мұнай газын сыйымдылығы бір килограмнан аз баллондарда өткізу кезінде туындайтын қатынастарға қолданылмайды.

4-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері

      1. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары Қазақстан Республикасының энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады.

      2. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеу:

      1) газбен жабдықтаудың қауіпсіздігі мен сенімділігі;

      2) газ ресурстарын пайдаланудың ұтымдылығы;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін тауарлық және сұйытылған мұнай газымен Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығы;

      4) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан объектілерді газдандыру басымдығы;

      5) газ және газбен жабдықтау саласындағы баға саясатының теңгерімділігі қағидаттарына негізделеді.

      3. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері:

      1) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесін құру;

      2) Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерін іркіліссіз қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

      3) Қазақстан Республикасында тұтынылатын отын-энергетика ресурстарының жалпы көлеміндегі тауарлық және сұйытылған мұнай газының үлесін ұлғайту.

2-тарау. ГАЗ ЖӘНЕ ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК
БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) ұлттық операторды айқындайды;

      3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау тәртібін бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын бекітеді;

      5) - 13) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      14) алып тасталды – ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      15) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      16) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      17) тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың экспортын реттейді;

      18) экспорттық және (немесе) транзиттік газ құбырларын салу туралы шешім қабылдайды;

      19) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;

      2) өз құзыретінің шегінде газ және газбен жабдықтау саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау тәртібін әзірлейді;

      4) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлейді;

      5) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;

      6) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың шекті бағасын айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      7) Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын, сондай-ақ оларды айқындау қағидаларын бекітеді;

      7-1) мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      7-2) индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органмен, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      8) газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;

      9) ұлттық оператордың немесе дауыс беруші акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау және (немесе) газ тарату ұйымдарының меншігіндегі тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін иеліктен шығаруды келіседі;

      10) тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндіру, өткізу және тұтыну балансын жүргізуді ұйымдастырады;

      11) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің жұмыс режимдерін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      12) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтынушы жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетудің үлгілік шарттарын әзірлейді және бекітеді;

      13) тауарлық, сұйытылған мұнай және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингі бойынша мәліметтер ұсынудың тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      14) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      15) газ және газбен жабдықтау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді;

      16) газ және газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;

      16-1) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарауды, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады;

      17) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      18) Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      18-1) электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      18-2) Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастырады;

      18-3) Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ережені әзірлейді және бекітеді;

      18-4) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын есептеу мен бекіту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      18-5) сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;

      19) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      20) тармақшаны алып тастау көзделген – ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      20) газ желісі ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      21) тармақшаны алып тастау көзделген – ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      21) газ желісі ұйымдарын аккредиттеуді жүзеге асырады;

      22) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті

      1. Алып тасталды – ҚР 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган:

      1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      2) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды әзірлейді және бекітеді;

      2-1) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қоспағанда, тұрмыстық баллондар мен газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтау бөлігінде газ және газбен жабдықтау саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      4. Табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган:

      1) Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын келіседі;

      1-1) мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін келіседі;

      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4-1. Индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган:

      1) мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін келіседі;

      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары:

      1) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      1-1) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газы айналымына бақылауды жүзеге асырады;

      1-2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағына сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастырады және уәкілетті органға жібереді;

      1-3) сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссияны құрады;

      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысады;

      3) уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын ұсынады;

      4) уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді ұсынады;

      5) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасында газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу көзделген жер учаскелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен резервке қояды;

      6) газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер учаскелерін береді;

      6-1) елді мекен шекараларының шегінде тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың тұрмыстық баллондары мен газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      6-2) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын бекітеді;

      6-3) мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін келіседі;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ЖӘНЕ ДАМУЫ

8-бап. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі

      1. Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерін іркіліссіз қамтамасыз ету, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану, тауарлық газдың тасымалдануын, сақталуын үздіксіз диспетчерлік бақылауды ұйымдастыру және оны есепке алудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылады.

      2. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі жалғастырушы, магистральдық газ құбырларын, тауарлық газ қоймаларын, газ тарату және газ тұтыну жүйелерін, автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және тауарлық газ өндіруге, тасымалдауға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілерді қамтиды.

      Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің құрамына кәсіпшілік газ құбырлары, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері, сұйытылған табиғи газды өндіруге және қайтадан газға айналдыруға, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған технологиялық объектілер кірмейді.

      3. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.

      4. Мыналар:

      1) ұлттық оператор;

      2) тауарлық газды өндірушілер;

      3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;

      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері;

      5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері;

      6) газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары;

      7) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелері;

      8) тауарлық газдың өнеркәсіптік тұтынушылары;

      9) өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар;

      10) электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің субъектілері болып табылады.

      5. Уәкілетті орган тауарлық газды өндірушілердің, өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарының есебін жүргізеді және тізбесін интернет-ресурста жариялайды.

      6. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мақсатында тауарлық газды өндірушілер, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін пайдаланудың белгіленетін технологиялық режимдерін сақтауға міндетті.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Ұлттық оператор

      1. Ұлттық оператор мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлеуге және іске асыруға қатысады;

      3) осы Заңға сәйкес шикі және тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын жүзеге асырады;

      4) осы Заңға сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерді және тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері-заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алуға мемлекеттің басым құқығын жүзеге асырады;

      5) тауарлық газдың іркіліссіз тасымалдануын және сақталуын, оның ішінде газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарымен шарттар жасасу арқылы қамтамасыз етеді;

      6) тауарлық газды көтерме саудада өткізуді жүзеге асырады;

      7) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің технологиялық жұмыс режимін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды қамтамасыз етеді;

      8) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлық газды тасымалдау, сақтау және өткізу жөніндегі, мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде шикі және тауарлық газды сатып алу жөніндегі мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын ұсынады;

      9) тауарлық газды тасымалдау режимдерін басқару мен орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша шектес мемлекеттердің газ тасымалдау жүйелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

      10) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесіндегі тауарлық газды коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      11) газ және газ конденсаты кен орындарында көмірсутектерді барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүзеге асырады.

      2. Ұлттық оператор:

      1) осы Заңда белгіленген шарттармен тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне қосылған тұтынушыларды тауарлық газбен іркіліссіз жабдықтауды қамтамасыз етуге;

      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін салуды, пайдалануды, жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды қамтамасыз етуге;

      3) энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологиялар мен жабдықтарды тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің ұлттық оператор иелік ететін объектілерінде пайдалануды қамтамасыз етуге міндетті.

      3. Ұлттық оператордың немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау және (немесе) газ тарату ұйымдарының меншігіндегі тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері уәкілетті органмен келісім бойынша иеліктен шығарылуы мүмкін.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері

      1. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері газ толтыру станцияларының, газ толтыру пункттерінің, топтық резервуарлық қондырғылардың, газ тұтыну жүйелерінің, автогаз құю станцияларының және сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілердің жиынтығын білдіреді.

      2. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.

      3. Мыналар:

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;

      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;

      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;

      4) газ желісі ұйымдары;

      5) газ толтыру пункттерінің және автогаз құю станцияларының иелері;

      6) сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушылар сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерінің субъектілері болып табылады.

      4. Уәкілетті орган сұйытылған мұнай газын өндірушілердің, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, газ желісі ұйымдарының, сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушылардың, газ толтыру пункттері және автогаз құю станциялары иелерінің есебін жүргізеді және тізбесін интернет-ресурста жариялайды.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы

      1. Қазақстан Республикасының аумағын газдандыру Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығы ескеріле отырып, тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндірудің, өткізудің және тұтынудың болжамды балансы негізінде әзірленеді.

      3. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін орналастыру схемасын, салу, жаңғырту, және (немесе) реконструкциялау жоспарланған газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің тізбесі мен техникалық сипаттамасын, қажетті қаржы ресурстары мен олардың көздерін, тауарлық және сұйытылған мұнай газының перспективалы ресурстарын, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және салу жоспарланған газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері бойынша газ беру схемасын қамтиды.

      4. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың тауарлық газды, оның ішінде сұйытылған табиғи газды қайтадан газға айналдыру процесінде алынған газды пайдалануының басымдығы ескеріле отырып әзірленеді.

      5. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының іске асырылуын қаржыландыру ұлттық оператордың табыстары, бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

      6. Газдандырудың бас схемасын іске асыру үшін жер учаскелерін резервке қою Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

12-бап. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін жобалау, салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау

      1. Магистральдық газ құбырларын салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жобалары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті органмен және өзге де мемлекеттік органдармен келісіледі.

      2. Алып тасталды – ҚР 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Экспорттық және (немесе) транзиттік газ құбырларын салу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      4. Магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға арналған техникалық талаптарды осындай объектіні пайдаланушы газ тасымалдау не газ тарату немесе газ желісі ұйымы береді. Бұл ретте берілген техникалық шарттар газбен жабдықтау жүйелерінің жаңадан салынып жатқан, жаңғыртылатын және (немесе) реконструкцияланатын объектілерін жобалау үшін негіз болып табылады.

      5. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерін магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға байланысты шығыстар газбен жабдықтау жүйелерінің қосылатын объектілерінің иелері есебінен жүргізіледі.

      6. Тұтынушылардың жаңадан қосылатын және реконструкцияланатын газ жабдығы техникалық регламенттерге және нормативтік техникалық құжаттарға сәйкес орындалуға, сондай-ақ жобалық құжаттамамен қамтамасыз етілуге тиіс.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерін салу және пайдалану кезінде жер пайдалануды реттеу

      1. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу және пайдалану үшін берілетін жерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қала құрылысы және экологиялық талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      2. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушы газбен жабдықтау жүйелерінің объектілеріне кіру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығында тиесiлi жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын мүдделi жеке және заңды тұлғаларға беруге мiндеттi.

      3. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін күрделі жөндеу, оларға қызмет көрсету, оларды жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды орындау үшін осы объектілерді пайдаланатын ұйымға жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес уақытша жер пайдалануға беріледі.

4-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ

14-бап. Мемлекеттің газ және газбен жабдықтау саласындағы басым құқығы

      1. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тауарлық газға ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының басқа тұлғалардың алдында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің иеліктен шығарылатын объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерін және тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері – заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алуға басым құқығы (бұдан әрі – мемлекеттің басым құқығы) бар.

      2. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылмаған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру осы баптың 4-6-тармақтарында көзделген тәртіппен ұлттық оператор арқылы жүзеге асырылады.

      4. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісіне ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлға акцияларының пакетін (қатысу үлесін) иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар тұлға ұлттық операторға осындай иеліктен шығарудың бағасын және өзге де шарттарын көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді.

      5. Ұлттық оператор коммерциялық ұсыныс түскен күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттің басым құқығын іске асыру туралы немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды және коммерциялық ұсыныс жіберген тұлғаны қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      6. Егер ұлттық оператор мемлекеттің басым құқығынан жазбаша түрде бас тартқан не бір ай мерзімде оны іске асыру ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермеген жағдайда, онда осы баптың 4-тармағында көрсетілген тұлға тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісіне ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлға акцияларының пакетін (қатысу үлесін) өзге тұлғаларға иеліктен шығарып беруді жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте иеліктен шығару шартының осы баптың 4-тармағында көрсетілген тұлға үшін тиімділігі ол ұлттық операторға ұсынған шарттардан кем болмауға тиіс.

      7. Осы баптың ережелері мынадай жағдайларға:

      1) автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және өнеркәсіптік тұтынушылардың және өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлардың газ тұтыну жүйелерін иеліктен шығаруға;

      2) бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында айналымға түсетін акцияларды иеліктен шығаруға;

      3) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері-заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін):

      қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесіне тиесілі болатын еншілес ұйымға;

      әрқайсысында қатысу үлестерінің (акциялар пакеттерінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде белгілі бір тұлғаға тиесілі болатын заңды тұлғалар арасында беруге;

      4) егер осындай берудiң нәтижесiнде тұлға тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі – заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесiнiң (акциялар пакетiнiң) кемiнде 0,1 пайызына тiкелей немесе жанама түрде (үшiншi тұлғалар арқылы) билiк ету құқығын сатып алса, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлғадағы акцияларды (қатысу үлестерiн) беруге қолданылмайды.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Мемлекеттің газ және газбен жабдықтау саласындағы артықшылықты құқығы

      1. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тауарлық газға ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының басқа тұлғалардың алдында Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі иеліктен шығарылатын шикі газды, сондай-ақ өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде жер қойнауын пайдаланушылар өндірген және өздеріне Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес тиесілі тауарлық газды сатып алуға артықшылықты құқығы (бұдан әрі – мемлекеттің артықшылықты құқығы) бар.

      2. Мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асыру ұлттық оператор арқылы жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі газдың шекті бағасын жер қойнауын пайдаланушы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес айқындайды және ол:

      1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есептелетін шикі газ көлемінің бірлігін өндірудің өндірістік өзіндік құны негізінде айқындалатын шикі газ өндіруге арналған шығыстарды;

      2) шикі газды ұлттық операторға өткізетін жерге дейін тасымалдауға арналған шығыстарды;

      3) он пайыздан аспайтын мөлшердегі рентабельділік деңгейін қамтиды.

      4. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың шекті бағасын жер қойнауын пайдаланушы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес айқындайды және ол:

      1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есептелетін шикі газ көлемінің бірлігін өндірудің өндірістік өзіндік құны негізінде айқындалатын шикі газ өндіруге арналған шығыстарды;

      2) шикі газдан тауарлық газды өндіруге арналған шығыстарды;

      3) тауарлық газды ұлттық операторға өткізетін жерге дейін тасымалдауға арналған шығыстарды;

      4) он пайыздан аспайтын мөлшердегі рентабельділік деңгейін қамтиды.

      5. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың шекті бағасы уәкілетті органның сараптауына және бекітуіне жатады.

      6. Шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүргізуге ниеті бар жер қойнауын пайдаланушылар уәкілетті органға мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың шекті бағасының құжатпен расталған есеп-қисаптарын алдағы жылдың 1 қаңтарынан кешіктірілмейтін мерзімде сараптамаға жібереді.

      7. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың шекті бағасының есеп-қисаптарын сараптау нәтижелері бойынша уәкілетті орган материалдарды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде жыл сайын 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың шекті бағасын бекітеді және жер қойнауын пайдаланушыға шикі және (немесе) тауарлық газдың шекті бағасын бекіту туралы хабарлама не оны өзгерту қажеттігі туралы дәлелді қорытынды жібереді.

      8. Жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың уәкілетті орган бекіткен шекті бағасынан асырмауға міндетті.

      9. Шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүргізуге ниеті бар жер қойнауын пайдаланушылар жоспарланған кезең басталғанға дейін бес айдан кешіктірілмейтін мерзімде, ұлттық операторға:

      1) иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газдың көлемін;

      2) иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газдың бағасын;

      3) шикі және (немесе) тауарлық газдың жеткізілу пунктін көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді.

      10. Ұлттық оператор коммерциялық ұсыныс алынған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асыру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды және осы мерзімде коммерциялық ұсыныс жіберген тұлғаны қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      11. Егер ұлттық оператор мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асырудан жазбаша түрде бас тартқан не оны іске асыру ниеті туралы жазбаша хабарламаны бір ай мерзімде жібермеген жағдайда, тауарлық газдың меншік иесі, жер қойнауын пайдаланушы осы Заңның талаптарына сәйкес өзге тұлғаларға шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүзеге асыруға құқылы.

      12. Ұлттық оператор мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асырған кезде жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық оператор арасында жасалатын шарттар күнтізбелік бір жылдан асатын мерзімге жасалуы мүмкін.

      13. Тараптардың келісімі бойынша көрсетілген шарттарға иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газдың көлемін ұлғайтуды және (немесе) осы баптың 5–7, 9 және 10-тармақтарында көзделген рәсімдерді сақтамай, шарттардың қолданылу мерзімдерін ұзартуды көздейтін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      13-1. Егер келесі жылы мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың бағасы тараптардың келісімі бойынша өзгермесе, онда шарттар осы баптың 5 – 7, 9 және 10-тармақтарында көзделген рәсімдер сақталмай жасалуы мүмкін.

      14. Осы баптың ережелері мыналарды:

      1) газ және (немесе) газ конденсаты кен орындарында өндірілетін шикі газды;

      2) газ және (немесе) газ конденсаты кен орындарында өндірілетін шикі газдан өндірілген тауарлық газды;

      3) сұйытылған табиғи газды және оны қайтадан газға айналдыру процесінде алынған тауарлық газды;

      4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өткізілетін шикі газды;

      5) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газды;

      6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газды;

      7) газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде жасалатын шарттың негізінде өндірілген тауарлық газды;

      8) ережелері иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын көздейтін, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие болатын өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы өндіріп алған (өндірген) шикі және (немесе) тауарлық газды иелiктен шығару жағдайларына қолданылмайды.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Ілеспе газбен байланысты қатынастарды реттеу

      1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасына тиесілі;

      2) өндірілген ілеспе газға жер қойнауын пайдаланушының меншігі көзделген, жер қойнауын пайдалануға бұрын жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мемлекет меншігіне берген ілеспе газ мемлекеттің меншігінде болады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ілеспе газ уәкілетті орган айқындаған көлемде оның шешімімен уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен және талаптармен газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде жасалатын шарттың негізінде тартылатын инвестордың меншігіне беріледі.

      3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасына тиесілі ілеспе газдан тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын өндіретін жер қойнауын пайдаланушылар уәкілетті органның шешімі бойынша тараптар келіскен бағамен газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде одан әрі пайдалану үшін тауарлық газды ұлттық операторға немесе тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын тартылатын инвесторға береді.

      4. Газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде инвестор уәкілетті органмен жасасқан шарт, оның ішінде мынадай талаптарды:

      1) ілеспе газды тауарлық, сұйытылған мұнай газы және (немесе) сұйытылған табиғи газ етіп өңдеуді;

      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын ескере отырып, өндірілген тауарлық, сұйытылған мұнай газының және (немесе) сұйытылған табиғи газдың белгілі бір көлемін бірінші кезекте Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін беруді қамтуға тиіс.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
     

17-бап. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өткізудің жалпы шарттары

      1. Қоршаған ортаны және Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғау мақсатында шикізат ретінде пайдалану үшін өнеркәсіптік тұтынушыларға шикі газды өткізуді қоспағанда, тұтынушыларға тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газы ғана беріледі.

      2. Осы Заңның талаптары ескеріле отырып, тауарлық газды тек қана:

      1) ұлттық оператордың;

      2) тауарлық газды өндірушілердің;

      3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың;

      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің;

      5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің;

      6) газ тарату ұйымдарының;

      7) автогаз толтыру компрессорлық станциялары иелерінің өткізуіне жол беріледі.

      3. Сұйытылған табиғи газды өткізуді жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы шеңберінде Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығын ескере отырып жүзеге асырады.

      4. Осы Заңның талаптары ескеріле отырып, сұйытылған мұнай газын тек қана:

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілердің;

      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің;

      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің;

      4) газ желісі ұйымдарының;

      5) газ толтыру пункттері және автогаз құю станциялары иелерінің;

      6) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге өткізілген жағдайда – Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарынан тыс заңды негіздерде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалардан тікелей сатып алынған сұйытылған мұнай газы меншік иелерінің өткізуіне жол беріледі.

      5. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өткізу осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, оларды есепке алудың бақылау аспаптары арқылы міндетті түрде өткізе отырып жүзеге асырылады.

      6. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шарттары үлгілік шарттарға сәйкес жасалады.

      Осы тармақтың ережесі:

      1) тауарлық және сұйытылған мұнай газын коммуналдық-тұрмыстық, өнеркәсіптік тұтынушыларға, өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторларға және электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушыларға;

      2) автогаз толтыру компрессорлық станциясы иелері тауарлық газды;

      3) автогаз толтыру станцияларының иелері сұйытылған мұнай газын;

      4) тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу жағдайларына қолданылмайды.

      7. Тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын пайдаланудың артықшылықты құқығына тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар ие болады.

      8. Газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымы осы Заңда белгіленген шарттарда осындай ұйымның газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғысына қосылған тұтынушыларды тауарлық немесе сұйытылған мұнай газымен іркіліссіз жабдықтауды қамтамасыз етуге міндетті.

      9. Мынадай:

      1) тұтынушы газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік қағидаларын бұзған;

      2) газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері техникалық жарамсыз болған;

      3) тұтынушы газ жабдығын өз бетінше қосқан;

      4) газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымының өкілдері газ құбырларына, газ жабдығына және есепке алу аспаптарына жіберілмеген;

      5) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес жеткізіліп берілген тауарлық немесе сұйытылған мұнай газы үшін дебиторлық берешек болған жағдайларда, газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымы бұзушылықтар жойылғанға дейін тұтынушыға тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқылы.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      18-бапты алып тастау көзделген – ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-бап. Газ желісі ұйымдарын аккредиттеу

      1. Газ желісі ұйымдары газ желісі ұйымдарын аккредиттеу қағидаларына сәйкес уәкілетті органда аккредиттеуге жатады.

      2. Аккредиттеу аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады және аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.

      3. Аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды, мерзімі белгіленбеген, иеліктен шығарылмайтын болып табылады және оны басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге болмайды.

      4. Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданысын тоқтату мынадай:

      1) аккредиттеу туралы куәлікті өз еркімен қайтарған;

      2) газ толтыру станциясын және (немесе) топтық резервуарлық қондырғыларды меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiзде иелену тоқтатылған;

      3) заңды тұлға таратылған немесе ол бөлiну нысанында қайта ұйымдастырылған;

      4) аккредиттеу туралы куәліктен айырған жағдайларда жүзеге асырылады.

      5. Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданысын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

19-бап. Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын пайдалану

      1. Газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Өнеркәсіптік тұтынушылар, өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар және электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету үшін білікті персонал, сондай-ақ газ тұтыну жүйелерінің қауіпсіз жұмысына жауапты адам ұстауға не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған мамандандырылған ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.

      3. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді жүзеге асыратын газ тарату немесе газ желісі ұйымымен не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, мамандандырылған тәуелсіз ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.

      4. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын пайдаланатын коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын газ жүйесі ұйымымен немесе газ толтыру пунктінің иесімен өздеріне тиесілі газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.

      5. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады.

      6. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне, газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйым олардың техникалық жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.

      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-бап. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізу бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының бағаларын мемлекеттік реттеу

      Ескерту. 20-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізу бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары (бұдан әрі – өнім беру жоспары) шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының бағаларын мемлекеттік реттеу жүзеге асырылады.

      2. Тауарлық газды iшкi нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағалары Қазақстан Республикасының өңiрлерiн газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтiк жағдайлары ескерiле отырып, әрбiр облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, тұтынушыларға одан әрі өткізу мақсатында сығымдалған және (немесе) сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін жыл сайын 1 шілдеде жеке белгiленедi.

      Қазақстан Республикасының тауарлық газбен жабдықталмаған өңiрлерi үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасының деңгейі есептелмейді.

      2-1. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағалары кейіннен жыл сайын 1 шілдеге белгілене отырып, жобалар пайдалануға енгізілген күннен бастап 1 шілдеге дейінгі мерзімге әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке белгіленеді.

      2-2. Электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағалары электр станцияларының тізбесіне енгізілген әрбір тұтынушы үшін жаңа электр қуаттары пайдалануға берілген күннен бастап кемінде он жыл мерзімге жеке белгіленеді.

      3. Уәкiлеттi орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша 15 мамырдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тауарлық газды iшкi нарықта көтерме саудада өткiзудiң алдағы жылға арналған шектi бағаларын бекiтедi.

      3-1. Уәкiлеттi орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағаларын кейіннен жыл сайын 15 мамырдан кешiктiрiлмейтiн мерзімде бекіте отырып, жоба пайдалануға енгізілген күнге дейін отыз жұмыс күнінен кешiктiрмей бекiтедi.

      3-2. Уәкiлеттi орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушы үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағаларын жаңа электр қуаттары пайдалануға берілген күнге дейін отыз жұмыс күнінен кешiктiрмей бекiтедi.

      4. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      5. Өнім беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасы тоқсан сайын белгіленеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.

      6. Уәкілетті орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша жоспарланып отырған кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде өнім беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларын бекітеді.

      7. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      8. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізуді немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында өнім беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар белгіленген шекті бағаларды асырып жібермеуге міндетті.

      9. Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің осы бапта белгіленген шекті бағалары:

      1) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық операторға;

      2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің ұлттық операторға;

      3) сұйытылған табиғи газды қайтадан газға айналдыру процесінде алынған;

      4) ережелері иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын көздейтін, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие болатын өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы өндіріп алған (өндірген) тауарлық газды өткiзу жөнiндегi қатынастарға қолданылмайды.

      10. Өнім беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізудің осы бапқа сәйкес белгіленген шекті бағасы газ желісі ұйымдарының өнім беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс сатып алынған сұйытылған мұнай газын кейіннен өткізуі жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.

      Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-бап. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингі

      Ескерту. 21-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Уәкілетті орган:

      1) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру көлемдерінің мониторингін;

      2) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды тасымалдау (тасу) және сақтау көлемдерінің мониторингін;

      3) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өткізу, оның ішінде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге әкету және Қазақстан Республикасының аумағына әкелу көлемдерінің мониторингін;

      4) Қазақстан Республикасында өткізілетін тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың көтерме және бөлшек сауда бағаларының мониторингін;

      5) сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды Қазақстан Республикасының өңірлеріне және межелі елдер бойынша Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге тиеп-жөнелту көлемдерінің мониторингін;

      6) Қазақстан Республикасының тауарлық газға және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерінің мониторингін қамтитын тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингін жүзеге асырады.

      2. Тауарлық газды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар уәкілетті органға тауарлық, оның ішінде тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген газды өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей ұсынады.

      3. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары ұлттық операторға тауарлық газды тасымалдау және сақтау көлемдері туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.

      4. Ұлттық оператор уәкілетті органға:

      1) тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау және оны тауарлық газ қоймаларында сақтау көлемдері туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей;

      2) сатып алынған шикі және тауарлық газдың көлемдері туралы мәліметтерді жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей;

      3) Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.

      5. Өндірушілер уәкілетті органға:

      1) тауарлық және сұйытылған табиғи газды өндіру жөніндегі мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей;

      2) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндірудің алдағы бес жылға арналған болжамды көлемін жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.

      5-1. Сұйытылған мұнай газын өндірушілер уәкілетті органға:

      1) меншікті сұйытылған мұнай газын өндіру көлемдері туралы мәліметтерді;

      2) меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде басқа тұлғаларға тиесілі көмірсутек шикізатынан сұйытылған мұнай газын өндіру көлемдері туралы мәліметтерді;

      3) өнім беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелту және (немесе) өткізу жөніндегі мәліметтерді;

      4) өнім беру жоспарынан тыс сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелту және (немесе) өткізу жөніндегі мәліметтерді есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей ай сайын ұсынады.

      5-2. Өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері уәкілетті органға өнім беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелту және (немесе) өткізу жөніндегі мәліметтерді есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей ай сайын ұсынады.

      6. Сұйытылған мұнай газын көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар аумақтарында осындай өткізу жүзеге асырылатын облыстардың, республикалық маңызды қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына сұйытылған мұнай газын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газын өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.

      7. Облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға:

      1) мыналарды:

      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді;

      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газының көтерме және бөлшек сауда бағалары жөніндегі мәліметтерді есепті айдан кейінгі айдың он бесінші күнінен кешіктірмей ай сайын;

      2) облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.

      8. Сұйытылған табиғи газды көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар уәкілетті органға сұйытылған табиғи, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген газды өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.

      9. Осы баптың 25, 5-1, 5-2 және 68-тармақтарында көзделген мәліметтер уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы ұсынылады.

      10. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган уәкілетті органға:

      1) тауарлық газды құбыржол көлігімен Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге және Қазақстан Республикасының аумағына тасымалдау туралы;

      2) сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, құбыржол, теңіз және ішкі су көлігімен Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге әкету және Қазақстан Республикасының аумағына әкелу туралы мәліметтерді есепті айдан кейінгі айдың он бесінші күнінен кешіктірмей ай сайын ұсынады.

      11. Уәкілетті орган мониторинг деректері негізінде Қазақстан Республикасының аумағында тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндірудің, өткізудің және тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамды балансын жасайды.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. ТАУАРЛЫҚ ГАЗДЫ ТАСЫМАЛДАУДЫ, САҚТАУДЫ, ӨТКІЗУДІ
ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

22-бап. Тауарлық газды тасымалдау және сақтау

      1. Тауарлық газды жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау жөніндегі, сондай-ақ тауарлық газды тауарлық газ қоймаларында сақтау жөніндегі қызметтерді газ тасымалдау ұйымдары көрсетеді.

      2. Бір ғана жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары мен тауарлық газ қоймаларын екі және одан көп газ тасымалдау ұйымының пайдалануына тыйым салынады.

      3. Газ тасымалдау ұйымдары тек қана:

      1) ұлттық операторға;

      2) тауарлық газды өндірушілерге;

      3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыларға;

      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдауды жүзеге асыруға ниет білдірген оның иелеріне тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге тасымалдау жөнінде қызметтер көрсетуге құқылы.

      4. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары:

      1) осы баптың 3-тармағында көзделген шектеулерді ескере отырып, тауарлық газ иелеріне Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес магистральдық газ құбырының, тауарлық газ қоймасының немесе газ тарату жүйесінің қуаттарына тең жағдайларда қол жеткізуді ұсынуға;

      2) уәкілетті органның сұрауы бойынша магистральдық газ құбырында, тауарлық газ қоймасында, газ тарату жүйесінде бос тұрған қуаттардың бар екені туралы ақпаратты, сондай-ақ оларды пайдалану бағдарламасын ұсынуға;

      3) тауарлық газ иелерін және (немесе) тұтынушыларды тауарлық газды тасымалдау, сақтау және (немесе) бөлшек саудада өткізу жөніндегі міндеттемелерді орындауға әсер ететін жоспарланған жөндеу және профилактикалық жұмыстар туралы хабардар етуге міндетті.

      5. Газ тасымалдау ұйымы:

      1) тауарлық газ техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеген;

      2) жер қойнауын пайдаланушы тасымалдануы жоспарланған тауарлық газ көлемдерін сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығынан ұлттық оператордың жазбаша бас тартуын не жер қойнауын пайдаланушы газ тасымалдау ұйымына жүгінгенге дейін бір ай бұрын ұлттық оператордың тасымалдануы жоспарланған тауарлық газ көлемдерін иеліктен шығару туралы коммерциялық ұсынысты алғанын растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайларда, тауарлық газ иесінің тауарлық газын тасымалдаудан және (немесе) сақтаудан бас тартуға міндетті.

      6. Газ тасымалдау ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарында және тауарлық газды тасымалдау және сақтау жөніндегі қызметтерді ұсыну шартында көзделген тәртіппен тауарлық газды тасымалдаудан және сақтаудан негізсіз бас тартқаны үшін жауапты болады.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-бап. Тауарлық газды көтерме саудада өткізу

      1. Тауарлық газды көтерме саудада өткізуді:

      1) ұлттық оператор;

      2) тауарлық газды өндірушілер;

      3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;

      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері;

      5) тауарлық газ ұлттық операторға және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге өткізілген жағдайларда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері;

      6) тауарлық газ ұлттық операторға және (немесе) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелеріне өткізілген жағдайларда, газ тарату ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.

      Өзге тұлғалар тауарлық газды көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.

      2. Газ тарату ұйымдарының ұлттық операторға және (немесе) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелеріне көтерме саудада өткізу жағдайларын қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалардан тауарлық газды сатып алған тұлғаға оны көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруына тыйым салынады.

      Осы тармақтың ережелері ұлттық операторға қолданылмайды.

24-бап. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізу

      1. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді:

      1) газ тарату ұйымдары;

      2) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелері;

      3) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      4) газ тұтыну жүйелері магистральдық немесе жалғастырушы газ құбырына тікелей қосылған өнеркәсіптік тұтынушыларға тауарлық газ бөлшек саудада өткізілген жағдайда, тауарлық газды өндірушілер, өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері жүзеге асырады.

      Өзге тұлғалар тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.

      2. Жеке және заңды тұлғалардың газ жабдығын газ тарату жүйесіне қосуды, бос тұрған қуаттар болмаған жағдайда, қосылатын тұтынушылардың қосымша жүктемелерін жабуға қажетті газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды, сондай-ақ мұндай қосудың технологиялық схемасын өзгертуді газ тарату ұйымы осындай тұтынушылардың есебінен жүзеге асырады.

      3. Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне тауарлық газды беруді газ тасымалдау немесе газ тарату ұйымы жүзеге асырады.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     

25-бап. Тауарлық газды есепке алу

      1. Тауарлық газдың көлемі есепке алынбайынша, оны тасымалдауға, сақтауға және өткізуге жол берілмейді.

      2. Магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалданатын тауарлық газ көлемін есепке алуды газ тасымалдау ұйымы газ өлшеу станцияларында тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған тауарлық газды есепке алу аспаптары бойынша деректерді ұдайы растай отырып, газды есепке алу аспаптары арқылы жүргізеді. Газ тасымалдау ұйымдары тасымалданатын тауарлық газдың көлемін есепке алу жөніндегі деректердің ұлттық операторға берілуін қамтамасыз етеді.

      3. Газ тарату жүйелері арқылы тасымалданатын тауарлық газдың көлемін есепке алуды газ тарату ұйымдары есепке алу аспаптары бойынша жүргізеді. Газ тарату ұйымдары өткізілетін тауарлық газдың көлемін есепке алу жөніндегі деректердің ұлттық операторға берілуін қамтамасыз етеді.

      4. Өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемін есепке алу:

      1) тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған есепке алу аспаптары бойынша;

      2) есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмейтін жағдайда газ тұтыну жабдығының қуаты бойынша жүргізіледі.

      4-1. Өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газдың көлемін есепке алу тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған есепке алу аспаптары бойынша жүргізіледі.

      5. Тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемін есепке алу:

      1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;

      2) көп пәтерлі үйлердегі ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;

      3) жеке тұрғын үйлердегі реттегіш немесе газ реттейтін пункттердің шкафтарында орнатылған ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;

      4) жеке немесе ұжымдық есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлерiне сәйкес келмейтiн жағдайда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары бекiтетiн тұтыну нормалары бойынша жүргiзiледi.

      6. Тауарлық газды есепке алу аспаптары техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-тарау. СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫН ЖӘНЕ СҰЙЫТЫЛҒАН ТАБИҒИ ГАЗДЫ
ТАСУДЫ, САҚТАУДЫ, ӨТКІЗУДІ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

26-бап. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен тасу

      1. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен Қазақстан Республикасының заңнамасында қауіпті жүктерді тасуға қойылатын талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған және тасуға рұқсат етілген көлікпен тасуға рұқсат етіледі.

      2. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге өз бетінше не сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды тасу жөнінде қызметтер көрсететін тұлғаларды тарта отырып тасуды:

      1) сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндірушілер;

      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының және (немесе) сұйытылған табиғи газдың меншік иелері;

      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасуды жүзеге асыруға ниет білдірген оның иелері;

      4) өнім беру жоспарынан тыс заңды негіздерде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалардан тікелей сатып алынған сұйытылған мұнай газының меншік иелері жүзеге асыруға құқылы.

      3. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды тасу жөніндегі қызметтер көрсететін тұлғалар мұндай қызметтерді осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғаларға ғана көрсетуге құқылы.

      4. Сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен тасуға байланысты құжаттар қауіпті жүктерді тасу үшін көліктің әрбір түріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      5. Сұйытылған мұнай газын немесе сұйытылған табиғи газды сақтау және теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен тасу құралдарының конструкциясы мен пайдалану шарттары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

27-бап. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізу

      1. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуді:

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;

      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;

      3) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;

      4) сұйытылған мұнай газы газ толтыру пункттерінің және (немесе) автогаз құю станцияларының иелеріне өткізілген жағдайда – газ желісі ұйымдары;

      5) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге өткізілген жағдайда – өнім беру жоспарынан тыс заңды негіздерде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалардан тікелей сатып алынған сұйытылған мұнай газының меншік иелері жүзеге асыруға құқылы.

      Өзге тұлғалар сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақ 31.12.2021 желтоқсанға дейін қолданыста болады - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ Заңымен.

      2. Газ желісі ұйымдарының газ толтыру пункттері және (немесе) автогаз құю станциялары иелеріне көтерме саудада өткізу жағдайларын қоспағанда, осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғалардан сұйытылған мұнай газын сатып алған тұлғаға оны көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруға тыйым салынады.

      3. Сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге өткізу құқығына тек қана:

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;

      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;

      3) өнім беру жоспарынан тыс заңды негіздерде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалардан сатып алынған сұйытылған мұнай газының меншік иелері ие болады.

      Өзге тұлғалар сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4-тармақ 31.12.2021 желтоқсанға дейін қолданыста болады - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ Заңымен.

      4. Газ желiсi ұйымдарының арасында сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткiзуге тыйым салынады.

      5. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру мақсатында осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғалар жасайтын, сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңынан тыс сатып алу-сату мәмілелерінің барлығы жасалған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде міндетті тіркеуге жатады.

      Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

27-1-бап. Өнім беру жоспары шеңберінде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында сұйытылған мұнай газын өткізу

      1. Қазақстан Республикасы ішкі нарығының сұйытылған мұнай газына деген қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында уәкілетті орган ай сайын өнім беру жоспарын қалыптастырады.

      2. Өнім беру жоспары жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға жіберетін жиынтық өтінімдер негізінде қалыптастырылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақтың бірінші бөлігі 31.12.2021 желтоқсанға дейін қолданыста болады - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ Заңымен.

      3. Сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдарынан тыс беру бөлігіндегі жиынтық өтінім осы баптың 11-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында аталған тұлғалардың жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік отыз бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органына жіберілетін өтінімдері негізінде қалыптастырылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақтың екінші бөлігі 01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі – ҚР 04.07.2018 № 173-VІ Заңымен (мәтін алып тасталды).

      4. Сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдары арқылы беру бөлігіндегі жиынтық өтінім сұйытылған мұнай газы сауда-саттығына қатысушылардың жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік отыз бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органына жіберілетін өтінімдері негізінде қалыптастырылады.

      5. Электрондық сауда алаңдары арқылы беру үшін мәлімделген сұйытылған мұнай газы үлесінің жиынтық өтінімде белгіленуге тиіс мөлшерін уәкілетті орган жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік қырық күннен кешіктірілмейтін мерзімде монополияға қарсы органмен келісу бойынша белгілейді және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      6. Сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссияларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары тиісті жергілікті атқарушы органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері арасынан құрады.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ұйғаруы бойынша комиссиялар құрамына басқа адамдар да кіруі мүмкін.

      7. Жиынтық өтінім Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидаларына сәйкес дайындалады және оны сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссияның шешімі негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органы бекітеді.

      8. Өнім беру жоспары уәкілетті орган осындай органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері арасынан құратын өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның шешімі негізінде қалыптастырылады.

      Уәкілетті органның ұйғаруы бойынша комиссия құрамына басқа адамдар да кіруі мүмкін.

      9. Өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның шешімі жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде шығарылады.

      Сұйытылған мұнай газын өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингінің деректері негізінде комиссия жиынтық өтінімді өзгерту туралы уәжді шешім қабылдауға және осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде бұл жөнінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органын хабардар етуге құқылы.

      Бұл жағдайда жиынтық өтінімді сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі тиісті комиссия күнтізбелік бес күн ішінде түзетеді және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы уәкілетті органға жібереді.

      Егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы түзетілген жиынтық өтінімді осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген мерзімде уәкілетті органға жібермесе, онда өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның шешімімен осындай жиынтық өтінімде көрсетілген барлық алушылар үшін сұйытылған мұнай газын беру көлемдерін пропорционалды түрде өзгерту жүргізіледі.

      10. Уәкілетті орган өнім беру жоспарын өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілерге, оның меншік иелеріне жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.

      11. Өнім беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығына:

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1) тармақша 31.12.2021 желтоқсанға дейін қолданыста болады - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ Заңымен.

      1) газ желісі ұйымдары;

      2) 01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі – ҚР 04.07.2018 № 173-VІ Заңымен.

      3) сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар ие болады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында аталған өнеркәсіптік тұтынушылардың тізбесін Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидаларына сәйкес уәкілетті орган бекітеді.

      12. Электрондық сауда алаңдарында сұйытылған мұнай газы сауда-саттығына қатысу құқығына ие субъектілер санаттары, сұйытылған мұнай газы сауда-саттығының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қойылатын талаптар, сондай-ақ сауда-саттыққа қатысушылар ай сайын электрондық сауда алаңында сатып алуға құқылы болатын сұйытылған мұнай газы партияларының ең төмен және ең жоғары мөлшерлері электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында белгіленеді.

      13. Сұйытылған мұнай газын одан әрі өткізу мақсаттары үшін өнім беру жоспары шеңберінде оны сатып алуды жүзеге асырған тұлғалар сатып алынған сұйытылған мұнай газын осы Заңның талаптарына сәйкес тек қана Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізуге міндетті.

      14. Өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, оның меншік иелері өнім беру жоспарын орындауға міндетті.

      Ескерту. 6-тарау 27-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2018 № 173-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2020 № 393-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

28-бап. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу

      1. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді:

      1) газ желісі ұйымдары;

      2) газ толтыру пункттерінің иелері;

      3) автогаз құю станцияларының иелері;

      4) сұйытылған мұнай газы өнеркәсіптік тұтынушыларға бөлшек саудада өткізілген жағдайда, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, оның меншік иелері, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері жүзеге асырады. Өзге тұлғалар сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.

      2. Топтық резервуарлық қондырғыларды пайдаланатын газ желісі ұйымы олардың сақталуын және жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.

      3. Жеке және заңды тұлғалардың газ жабдығын сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесіне қосуды, сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесінің объектілерін жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды, сондай-ақ қосудың технологиялық схемасын өзгертуді осындай тұлғалардың есебінен газ желісі ұйымы жүзеге асырады.

      4. Сұйытылған мұнай газын тұтынушыларға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы бөлшек саудада өткізу тұтынушы мен газ желісі ұйымының арасындағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартының негізінде жүзеге асырылады.

      5. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді тұрмыстық баллондардың жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті газ желісі ұйымдары және газ толтыру пункттерінің иелері жүзеге асырады.

      Бұл ретте тұрмыстық баллондарға сұйытылған мұнай газын құюға газ толтыру пункттерінде және газ толтыру станцияларында жол беріледі.

      6. Газ желісі ұйымдары және газ толтыру пункттерінің иелері:

      1) тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сатып алатын тұтынушыларды абоненттік есепке алуды жүзеге асыруға;

      2) толтырылатын тұрмыстық баллондарды техникалық жарамдылық тұрғысынан тексеруге;

      3) тұрмыстық баллондарды газ желісі ұйымының немесе газ толтыру пункті иесінің тауарлық белгісімен таңбалауды жүзеге асыруға;

      4) тұтынушыларға сатылатын әрбір тұрмыстық баллонның сапасына кепілдік талонын беруге;

      5) газ баллондары қондырғыларына авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті.

      7. Мыналарға:

      1) қабаты екі қабаттан асатын көп пәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын сақтауға және (немесе) пайдалануға;

      2) сол бір ғана газ толтыру стансаларын екі және одан да көп газ желісі ұйымдарының бір мезгілде пайдалануына;

      3) сұйытылған мұнай газын өткізуге арналған газ толтыру пункттері мен автогаз құю станцияларын екі және одан да көп жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бір мезгілде пайдалануына тыйым салынады.

      8. Сұйытылған мұнай газын тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне беруге арналған үй ішіндегі газ жабдығын пайдаланатын газ желісі ұйымы оның сақталуын және жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.

      Осы тармақтың ережесі тұрғын жай ішіндегі газ жабдығына қолданылмайды.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
     

29-бап. Сұйытылған мұнай газын есепке алу

      1. Автогаз құю станцияларындағы, газ толтыру станцияларындағы, газ толтыру пункттеріндегі және топтық резервуарлық қондырғылардағы сұйылтылған мұнай газын есепке алу уәкілетті орган бекітетін тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Тұтынушыларға өткізілетін сұйытылған мұнай газын есепке алу осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, есепке алу аспаптары бойынша жүзеге асырылады.

      3. Тұрмыстық тұтынушыларға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткізілетін сұйытылған мұнай газын есепке алу:

      1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;

      2) жеке есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлерiне сәйкес келмеген жағдайда – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары бекiтетiн тұтыну нормалары бойынша көлемдiк әдiспен жүргiзiледi.

      4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері тұтынушыларға тұрмыстық баллондарда өткізілетін сұйытылған мұнай газына қолданылмайды.

      Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

30-бап. Газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      1. Газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңнамасына және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің иелері олардың қауіпсіз пайдаланылуын және жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге, өздеріне тиесілі объектілерге техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргізуге немесе техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.

      3. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар олардың сапасын және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

      4. Ғимараттардың, үй-жайлардың түтіндік және желдеткіш арналарының, инженерлік коммуникацияларды қосу нығыздамаларының иелері олардың жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.

      5. Газ тасымалдау, газ тарату және газ желісі ұйымдары өзінің құрамында, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, тәулік бойы жұмыс режиміндегі авариялық-диспетчерлік қызмет ұстауға міндетті.

      6. Газ тасымалдау, газ тарату және газ желісі ұйымдары шарт негізінде авариялық жағдайларды жою үшін өзге де ұйымдардың авариялық-диспетчерлік қызметін тартуға құқылы.

      7. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері үздіксіз энергиямен жабдықтау объектілері болып табылады. Энергиямен жабдықтау ұйымдарына газбен жабдықтау жүйелері объектілерін пайдаланатын ұйымдармен келіспей, газбен жабдықтау жүйелері объектілерінде энергия тұтынудың белгіленген лимиттерін шектеу жөніндегі режимдік іс-шараларды жүргізуге тыйым салынады.

      8. Бірыңғай техникалық дәлізді екі және одан да көп ұйымдардың пайдалануына тыйым салынады.

31-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік бақылау

      Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 31-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

32-бап. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймағы

      1. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтіруді болғызбау, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелері объектілерін қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасау мақсатында оларға іргелес жатқан аумақтарда күзет аймақтары белгіленеді. Бірыңғай техникалық дәліз үшін бір күзет аймағы белгіленеді.

      2. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймақтарының шекаралары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес белгіленеді.

      3. Газбен жабдықтау жүйелері объектісінің күзет аймағында газбен жабдықтау жүйелерінің объектісін пайдаланатын ұйым беретін жазбаша рұқсатсыз құрылыс, монтаждау, жер қазу, тиеу-түсiру жұмыстарын, ұңғымалар мен шурфтарды орнатуға байланысты iздестiру жұмыстарын жүргiзуге, алаңдарды, автомобиль көлiгi тұрақтарын жайластыруға, базарларды орналастыруға, материалдарды қоймаға жинауға, қоршаулар мен дуалдар соғуға, күйдiргiш коррозиялы заттар мен жанар-жағармай материалдарын шығарып тастауға және төгуге тыйым салынады.

      4. Газбен жабдықтау жүйелері объектісін пайдаланатын ұйымның жазбаша рұқсатынсыз шаруашылық қызметті жүргізетін тұлғалар күзет аймағындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауаптылықта болады.

8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

33-бап. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

34-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қолданысқа енгізілгенінен кейін туындайтын қатынастарға қолданылады.

      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік бір жылдан асатын мерзімге жасалған шикі, тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсету шарттары бойынша сатушы немесе орындаушы осы Заңның ережелерін ескере отырып, 2012 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде оларды қайта жасасуды жүзеге асыруға міндетті.

      Осы тармақтың ережесі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын орындау шеңберінде жасалған шикі, тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату шарттарына қолданылмайды.

      3. Газ толтыру станциясын, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалануды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар аталған қызметті газ желісі ұйымдары ретінде жүзеге асыруды жалғастыру үшін өз қызметін осы Заңға сәйкес келтіруге және 2012 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде аккредиттеу рәсімінен өтуге міндетті.

35-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң:

      1) 2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін 9-баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларын, 14, 15-баптарды, 22-баптың 3-тармағын, 5-тармағының 2) тармақшасын, 26-баптың 2 және 3-тармақтарын;

      2) 2012 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 6) тармақшасын, 20-баптың 4 және 7-тармақтарын;

      3) 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 6-баптың 18) тармақшасын, 17-баптың 2 және 4-тармақтарын, 23-баптың 1-тармағын, 24-баптың 1-тармағын, 27-баптың 13, 57-тармақтарын, 28-баптың 7-тармағының 2) және 3) тармақшаларын;

      4) 2013 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 28-баптың 7-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. НАЗАРБАЕВ