Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі № 469-IV Заңы

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      ҚР Заңының қолданысқа енгізілу тәртібін 33-баптан қараңыз.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) арнайы экономикалық аймақ - қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын, дәл белгіленген шекаралары бар Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі;
      2) арнайы экономикалық аймақтың басқару органы – басқарушы компания, астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік мекемесі немесе дербес кластерлік қор;
      3) арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімі - Қазақстан Республикасының аумағында құрылған барлық арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының тізілімі, оны жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады;
      4) арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі - осы Заңға, Қазақстан Республикасының салықкеденжер заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу шарттарының жиынтығы;
      5) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы - арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға;
      6) басқарушы компания - арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында осы Заңға сәйкес құрылатын заңды тұлға;
      7) «бір терезе» қағидаты - өтініш берушінің құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілерімен тікелей байланысын шектеуді көздейтін арнайы экономикалық аймақтың аумағында мемлекеттік қызметтер көрсету нысаны;
      8) инфрақұрылым объектілері - арнайы экономикалық аймақты құрудың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес және бас жоспармен бекітілген жылу және электр энергиясын өндіру мен беру, сумен жабдықтау және газбен жабдықтау, кәріз, көлік коммуникациясы, байланыс қызметтері объектілері және өзге де объектілердің құрамына кіретін жылжымайтын мүлік объектілері;
      9) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт (бұдан әрі - қызметті жүзеге асыру туралы шарт) - арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе бірнеше қатысушылары және арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арасында жасалатын арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақ қатысушысының немесе қатысушыларының қызмет түрлерін, осындай қызметті жүзеге асыру шарттарын, тараптардың құқықтары, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейтін шарт;
      10) қызметтің басым түрлері - арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын қызмет түрлері;
      11) қызметтің қосалқы түрлері - арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары болып табылмайтын тұлғалар соның аумағында жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызметін қамтамасыз ету үшін қажет қызмет түрлері;
      12) қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар - осы Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылмайтын дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар;
      13) нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейі - қол жеткізілмеуі арнайы экономикалық аймақты құрудың негізгі мақсатын іске асыруға мүмкіндік бермейтін, арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің экономикалық, техникалық, әлеуметтік және (немесе) өзге де көрсеткіштерінің көлемі;
      14) өтініш беруші - арнайы экономикалық аймақтың басқару органына қызметтің басым немесе қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған өтінімді беретін тұлға;
      15) сарапшылық кеңес - арнайы экономикалық аймақты құрудың немесе таратудың орындылығы мәселесін қарау үшін уәкілетті орган құратын ведомствоаралық консультациялық-кеңесші орган;
      16) уәкілетті орган - арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық
              аймақтар туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      3-бап. Арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттары

      Арнайы экономикалық аймақ қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, экономика салаларына және өңірлерге инвестициялар, жаңа технологиялар тарту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылады.

2-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ҚҰРЫЛУЫ, ЖҰМЫС ІСТЕУІ ЖӘНЕ ТАРАТЫЛУЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:
      1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
      2) арнайы экономикалық аймақтардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді бекіту;
      3) уәкілетті органды айқындау;
      4) Қазақстан Республикасының Президентіне арнайы экономикалық аймақты құру немесе оны тарату туралы ұсыныс енгізу;
      5) басқарушы компанияны құру туралы шешім қабылдау;
      6) басқарушы компанияға қатысу;
      7) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      8) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      8-1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      8-2) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      9) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.02.2013 № 79-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      5-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті органның құзыретіне:
      1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын қоспағанда,  арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және тарату саласындағы мемлекеттік органдардың және басқарушы компаниялардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;
      3) арнайы экономикалық аймақтардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
      4) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркеуге арналған өтінімдер мен сауалнамалар нысандарын әзірлеу және бекіту;
      5) қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шарттарды бекіту;
      6) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      7) арнайы экономикалық аймақтың басқару органдары ұсынатын мәліметтердің негізінде арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізу;
      8) құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды бекіту;
      8-1) сарапшылық кеңес туралы ережені бекіту;
      8-2) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалға алудың) үлгілік шартын бекіту;
      8-3) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі қайталап пайдаланудың (қосалқы жалға алудың) үлгілік шартын бекіту;
      9) Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақты құру немесе тарату туралы ұсыныс енгізу;
      10) арнайы экономикалық аймақтың басқару органының есептілікті ұсыну тәртібі мен кезеңділігін айқындау;
      11) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      12) жыл сайынғы негізде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақтар қызметінің нәтижелері туралы талдау ақпаратын беру;
      13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      6-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың,
             астананың жергілікті атқарушы органдарының
             құзыреті

      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне:
      1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізу;
      3) осы Заңда белгіленген тәртіппен басқарушы компанияға қатысу;
      4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақты орналастыру үшін жер учаскесін беру және басқарушы компаниямен, дербес кластерлік қормен жер учаскелерін және бюджет қаражаты есебінен салынған инфрақұрылым объектілерін жалдау шарттарын жасасу;
      4-1) арнайы экономикалық аймақтың қызметіне қатысу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларын тарту;
      4-2) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру, сондай-ақ мониторинг деректерін талдау;
      5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      2. Астананың жергілікті атқарушы органының құзыретіне қосымша:
      1) астананың арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеуі мен оны тарату саласындағы мемлекеттік органдар мен арнайы экономикалық аймақтың басқару органының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
      2) «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларын тарту;
      3) «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларының есебін жүргізу;
      4) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру, сондай-ақ мониторинг деректерін талдау жатады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

3-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ҚҰРЫЛУЫ, ЖҰМЫС ІСТЕУІ ЖӘНЕ ТАРАТЫЛУЫ

      7-бап. Арнайы экономикалық аймақты құру тәртібі

      1. Арнайы экономикалық аймақты құруға мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес ресімделген арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын ұсына отырып, арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты уәкілетті органға енгізеді.
      2. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақты құрудың орындылығы туралы не оны құру жөніндегі ұсынысты қабылдамау туралы мәселені қарайды.
      Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны сарапшылық кеңестің қарауына жіберуге тиіс, ол уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген кезден бастап құрылады.
      Сарапшылық кеңестің құрамы құрылатын арнайы экономикалық аймақтың қызметі түрінің ерекшеліктері ескеріліп бекітіледі.
      Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей сарапшылық кеңес қорытынды дайындайды.
      3. Уәкілетті орган тиісті шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлғаға осындай шешімді қабылдау негіздемесін жібере отырып, хабардар етеді.
      4. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
      1) арнайы экономикалық аймақты құру орынсыз болған;
      2) арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;
      3) ұсынылған материалдар толық немесе дұрыс болмаған;
      4) ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
      5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қаупі туындаған және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларында арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсынысты қабылдамайды.
      Арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты қабылдамау арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныспен кейіннен қайта жүгінуге кедергі болып табылмайды.
      5. Арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлғалар арнайы экономикалық аймақты құрудың орындылығы туралы хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауды қамтамасыз етеді. Дайындалған техникалық-экономикалық негіздеме болжамды қаржылық-экономикалық, әлеуметтік салдарларды, арнайы экономикалық аймақты құрудың негіздемесін, орындылығын және нәтижесін бағалауды қамтуға тиіс.
      Техникалық-экономикалық негіздеме мынадай критерийлерге сәйкес келуге тиіс:
      1) орындылық - техникалық-экономикалық негіздемеде көзделген іс-шаралардың стратегиялық құжаттарға сәйкес келуі;
      2) негіздемелік - есеп-қисаптармен расталған дәлелдемелердің, іс-шараларды әрбір компонент бөлігінде іске асыруға қаржыландыру көлемінің болуы;
      3) нәтижелілік - есеп-қисаптармен расталған дәлелдемелердің, тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігінің болуы.
      Орталық немесе жергілікті атқарушы органдар арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген жағдайда техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Уәкілетті орган құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті сараптамалар жүргізу үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді. Инвесторлар техникалық-экономикалық негіздеменің тәуелсіз сараптамаларын жүргізе алады.
      Мемлекеттік органдардың құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сараптама жүргізуі техникалық-экономикалық негіздемені уәкілетті органға берген күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзім ішінде аяқталуға тиіс.
      7. Техникалық-экономикалық негіздеме сараптамаларының қорытындысын алғаннан кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақ құрудың қоршаған ортаға әсері бағаланған тиісті техникалық-экономикалық негіздемесінің тұжырымдамасын, сарапшылық кеңестің қорытындысын қоса бере отырып, арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
      8. Арнайы экономикалық аймақты құру және құрылатын арнайы экономикалық аймақтың мақсатына сәйкес келетін қызметтің басым түрлері туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.
      Арнайы экономикалық аймақ туралы ережені, тиісті арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің нысаналы индикаторларын, нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      8-бап. Арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу шарттары

      1. Арнайы экономикалық аймақ жиырма бес жылға дейінгі мерзімге құрылады.
      2. Арнайы экономикалық аймақ мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде не Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесінің меншік иелерінен және жер пайдаланушылардан мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жер учаскелерінде құрылады.
      Арнайы экономикалық аймақтар азаматтардың және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі жер учаскелерінде де құрылады.
      3. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері арнайы экономикалық аймақтың қатысушысына арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.
      Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, инфрақұрылым объектілерін салуға, сондай-ақ қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері басқарушы компанияға, дербес кластерлік қорға арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.
      Басқарушы компания, дербес кластерлік қор қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жер учаскелерін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.
      Басқарушы компанияның, дербес кластерлік қордың жалға алуына уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілері де берілуі мүмкін.
      Басқарушы компания, дербес кластерлік қор қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілерін бере алады.
      4. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жер учаскелері арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілуге тиіс.
      Инфрақұрылым объектілерін салуды немесе реконструкциялауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар өздеріне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) немесе кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген жер учаскесінің аумағында өздеріне қажетті инфрақұрылым объектілерін салуды өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға құқылы.
      4-1. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және (немесе) қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін олардың меншік иелері басқарушы компанияға арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) шартына сәйкес уақытша өтеулі пайдалануға (жалға) бере алады.
      Басқарушы компания арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және (немесе) қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартына сәйкес уақытша өтеулі кейінгі пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.
      Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттары тиісінше арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалдаудың) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгі шарттарына сәйкес жасалады.
      Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарының мерзімдері арнайы экономикалық аймақ құрылатын мерзімнен аспауға тиіс.
      Жер учаскесінің меншік иесі осы Заңның талаптарына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлға ретінде арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте, жер учаскесінің меншік иесімен арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) шарты жасалмайды.
      5. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының жеке меншігіндегі жер учаскелеріне қолданылмайды.
      6. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында мемлекеттік қызмет көрсеткен кезде:
      1) мемлекеттік қызметтерді уақтылы және сапалы көрсетуді;
      2) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараттық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін «бір терезе» қағидаты қолданылады.
      7. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуді халыққа қызмет көрсету орталықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      Арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары осы баптың 4-тармағына сәйкес орналастырылуы және жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етіледі.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.02.2013 № 79-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-бап. Өтініш берушілерге қойылатын талаптар

      1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушінің техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес келетін мөлшерде қаржылық қамтылымы болуға тиіс.
      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушінің қаржылық қамтылымы мынадай тәсілдермен:
      1) ақшамен;
      2) банк кепілдігімен;
      3) кепілгерлікпен;
      4) мүлік кепілімен;
      5) сақтандыру шартымен қалыптастырылады.
      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш беруші қаржылық қамтылым тәсілдерінің кез келгенін, оның ішінде екі немесе бірнеше тәсілді біріктіріп қолдану жолымен таңдап алуға құқылы.
      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушіде техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес келетін мөлшерде қаржылай қамтамасыз етудің болуы туралы талап Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға бекіткен заңды тұлғалардың тізбесіне енгізілген, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушіге қолданылмайды.
      2. Өтініш берушілерге:
      1) жер қойнауын пайдаланушылар;
      2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 279-бабының 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, жинауды (жинақтауды) жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, акцизделетін тауарларды өндіретін ұйымдар;
      3) арнайы салық режимдерін қолданатын ұйымдар;
      4) инвестициялық салықтық преференцияларды қолданған ұйымдар;
      5) ойын бизнесін ұйымдастырушылар жатпайды.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.02.2013 № 79-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 151-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      10-бап. Өтініш беруші арнайы экономикалық
              аймақтың қатысушысы ретінде қызметті
              жүзеге асыру және оны арнайы
              экономикалық аймақ қатысушыларының
              бірыңғай тізіліміне қосу үшін
              беретін құжаттар

      1. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының қызметі қызметті жүзеге асыру туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Өтінімге қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштегі мынадай құжаттар:
      1) уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтініш берушінің сауалнамасы;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
      3) өтініш берушінің бірінші басшысының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың көшірмесі;
      5) заңды тұлға жарғысының көшірмесі;
      6) заңды тұлғаның жоғары органының арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шешімінің көшірмесі;
      7) өтініш берушінің бірінші басшысы немесе оның орнындағы адам, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған соңғы есептік күнге қаржылық есептіліктің көшірмесі;
      8) жобаның уәкілетті орган белгілеген талаптарға сай келетін техникалық-экономикалық негіздемесі;
      9) қызмет көрсететін банктің өтініш берушінің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы (картотеканың болмауы туралы) үзінді жазбасы және кредиттiк тарихта бар толық немесе iшiнара ақпарат туралы мәліметтер қамтылған кредиттік бюродан алынатын кредиттік есеп;
      10) тіркеу есебіне қою орны бойынша мемлекеттік кіріс органынан салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің болуы немесе болмауы туралы анықтама;
      11) өтініш берушінің қаржылық қамтылымының болуын растайтын құжаттар қоса беріледі.
      Егер заңды тұлға құжаттарды берген кезде Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеуде жоқ екендігі туралы анықтаманың көшірмесі ұсынылады.
      Шетелдік заңды тұлғалар осы тармақтың 2), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген заңдастырылған құжаттарды, сауда тiзiлiмiнен заңдастырылған үзiндiні немесе шетелдiк заңды тұлға шет мемлекеттiң заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжатты нотариат куәландырған қазақ және орыс тiлдерiндегi аудармасымен бірге ұсынады.
      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға бекіткен заңды тұлғалардың тізбесіне енгізілген, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін шетелдік заңды тұлғаларға осы баптың 2-тармағының 7)8) және 11) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсыну туралы талап қолданылмайды.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.01.2012 N 538-IV (01.01.2012 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.12.2012 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 18.02.2013 № 79-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 151-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы
              ретінде қызметті жүзеге асыруға берілген
              өтінімді қарау рәсімі

      1. Өтініш беруші өтінім берген кезде арнайы экономикалық аймақтың басқару органы:
      1) өтінімді ол берілген күні өтінімдерді тіркеу журналына тіркейді;
      2) ұсынылған құжаттар топтамасының толықтығын тексереді;
      3) берілген құжаттар белгіленген тізбеге сәйкес келмеген жағдайда өтінімді ол берілген күні қарамастан қайтарады. Өтінімді қайтару өтініш берушіні жіберілген кемшіліктерді жойғаннан кейін қайтадан өтінім бере отырып, басқару органына жүгіну құқығынан айырмайды.
      2. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы мәлімделген қызмет түрі басым қызмет түрлеріне сәйкес келмеген жағдайда, өтініш берушімен арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тартады.
      3. Мәлімделген қызмет түрі басым қызмет түрлеріне сәйкес келген жағдайда арнайы экономикалық аймақтың басқару органы он жұмыс күні ішінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасады.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға бекіткен заңды тұлғалардың тізбесіне енгізілген, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушіге қатысты бұл мерзім бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      4. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалған күні қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін қоса бере отырып, бұл жөнінде уәкілетті органға хабарлайды.
      Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы туралы мәліметтерді енгізеді. Қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалған күн арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізу күні болып табылады.
      5. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасқаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бұл туралы мемлекеттік кіріс органдарына хабарлайды.
      6. Мемлекеттік кіріс органдары арнайы экономикалық аймақтың басқару органының қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасқаны туралы хабарламасын алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын есепке алуды жүзеге асырады.
      7. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы қызметті жүзеге асыру туралы жасалған шарттың негізінде арнайы экономикалық аймақтан тысқары жердегі өзінің дараланған құрылымдық бөлімшелерінің қызметін тоқтатады.
      Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тысқары жердегі қызметке жол беріледі.
      8. Қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданылуы:
      1) арнайы экономикалық аймақ таратылған;
      2) қызметті жүзеге асыру туралы шарттың мерзімі аяқталған немесе ол мерзімінен бұрын бұзылған;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
      Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы мемлекеттік кіріс органдарына қызметті жүзеге асыру туралы шарттың тоқтатылғаны туралы хабарлайды.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.12.2013 № 151-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      12-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында
              қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге
              асыруға үміткер тұлғаларға қойылатын
              талаптар

      Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға үміткер тұлғалар мынадай талаптарға сай болуға:
      1) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді қазақстандық өндіруші болып табылуға;
      2) дара кәсіпкерді және заңды тұлғаны Қазақстан Республикасының аумағындағы тиісті тіркеу органы (әділет, мемлекеттік кіріс органы және статистика органы) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге тиіс.
      Жоғарыда көрсетілген талаптарға сай болған кезде қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға үміткер тұлғалар арнайы экономикалық аймақтың қатысушысымен қосалқы мердігерлік жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін орындауға белгіленген тәртіппен шарт жасасуға міндетті.
      Қосалқы мердігерлер жүзеге асыратын қызметтің қосалқы түрлері жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сипаты бойынша қызметтің басым түрлерімен бірдей болмауға тиіс.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      13-бап. Тұлғалардың қосалқы қызметті жүзеге асыруға
               рұқсат алу үшін ұсынатын құжаттары

      1. Қызметтің қосалқы түрлері арнайы экономикалық аймақтың қатысушысымен жасалатын шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлға ретінде рұқсат алу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушысымен қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақтың басқару органына өтінім ұсынады.
      3. Өтінімге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі құжаттар қоса беріледі.

      14-бап. Тұлғаларға қызметтің қосалқы түрін жүзеге
               асыруға рұқсат берудің негізі мен рәсімі

      1. Қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде рұқсат беруге арналған өтінім келіп түскен кезде арнайы экономикалық аймақтың басқару органы:
      1) ұсынылған құжаттардың уәкілетті орган бекіткен құжаттар тізбесіне сәйкестігін тексереді;
      2) өтінімдерді тіркеу журналына өтінімді тіркейді. Өтінімнің тіркелген күні оның берілген күні болып табылады.
      2. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен құжаттар тізбесіне сәйкес келген жағдайда, өтінімді берген тұлғаға арнайы экономикалық аймақтың аумағында қосалқы қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілген болып есептеледі.
      Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы өтінім тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінім берген адамға, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ әрекет ету аймағында орналасқан мемлекеттік кіріс органына осы адамға арнайы экономикалық аймақтың аумағында қосалқы қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілгені туралы хабарлайды.
      3. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен құжаттар тізбесіне сәйкес келмеген жағдайда арнайы экономикалық аймақтың басқару органы өтінім тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінімді қайтарады. Өтінімді қайтару тұлғаны жіберілген кемшіліктерді жойғаннан кейін басқарушы компанияға қайтадан өтініммен жүгіну құқығынан айырмайды.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      15-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында
               коммуналдық қызметтер көрсету

      Арнайы экономикалық аймақтың аумағын электрмен, жылу энергиясымен, газбен, сумен жабдықтауды жүзеге асыратын және коммуналдық қызметтер көрсететін өнім берушілер осындай қызметтер көрсетілетін өзге де тұтынушыларға ұсынылатын қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.

      16-бап. Арнайы экономикалық аймақты тарату

      1. Арнайы экономикалық аймақ осы арнайы экономикалық аймақ құрылған мерзім аяқталған соң таратылады. Арнайы экономикалық аймақтың әрекет ету мерзімі Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы тиісті актісімен айқындалады.
      2. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейі жағдайында арнайы экономикалық аймақты Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мерзімінен бұрын таратады.
      3. Арнайы экономикалық аймақ таратылғаннан кейін жер учаскесін жалға алған арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының және арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асырған тұлғалардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен осы жер учаскелерінің сатылуы кезінде сатып алу құқығы болады.

4-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫ БАСҚАРУ

      17-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқару
              органын құру

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы актісі қолданысқа енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы арнайы экономикалық аймақтың басқару органын құру туралы және (немесе) құруға қатысу туралы шешім қабылдайды.
      2. Астананың арнайы экономикалық аймағының басқару органын мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Арнайы экономикалық аймақ олардың бастамасы бойынша құрылған жағдайда мына тұлғалар:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары;
      3) мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
      4) басқа елдерде немесе Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәжірибесі бар шетелдік тұлғалар басқарушы компанияның құрылтайшысы бола алады.
      4. Арнайы экономикалық аймақ орталық атқарушы органдардың немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының бастамасы бойынша құрылған жағдайда, егер Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы актісінде өзгеше белгіленбесе, басқарушы компания шығарған дауыс беретін акциялардың елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі болуға тиіс.
      Арнайы экономикалық аймақ мемлекеттік емес заңды тұлғалардың бастамасы бойынша құрылған жағдайда, басқарушы компания шығарған дауыс беретін акциялардың кемінде жиырма алты пайызы мемлекетке тиесілі болуға тиіс.
      5. Басқарушы компанияның бірінші құрылтай жиналысы Қазақстан Республикасының Үкіметі басқарушы компанияны құруға мемлекеттің қатысуы туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
      6. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақтың орналасқан жері бойынша тіркеледі.
      7. Акционерлер басқарушы компанияның директорлар кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған адамдар арасынан, лауазымы бойынша басқарушы компанияның директорлар кеңесінің стратегиялық жоспарлау мәселелері жөніндегі комитетін басқаратын тәуелсіз директорды сайлайды.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 130-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      18-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқару
              органының функциялары

      Арнайы экономикалық аймақтың басқару органының функцияларына:
      1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу;
      2) қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға жер учаскелерін кейінгі жер пайдалануға немесе пайдалануға (қосалқы жалға) беру және инфрақұрылым объектілерін жалға (қосалқы жалға) беру;
      3) қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды жасасу және бұзу;
      4) арнайы экономикалық аймаққа қатысушылардың жыл сайынғы есептерінің негізінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен арнайы экономикалық аймақ қызметінің нәтижелері туралы есептілікті уәкілетті органға ұсыну;
      5) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларын тарту;
      6) инфрақұрылым объектілерін салу үшін және арнайы экономикалық аймақтың өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту;
      7) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына берілмеген жер учаскелерінде бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес инфрақұрылым объектілерін салуды жүзеге асыру;
      8) халыққа қызмет көрсету орталығының «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуі үшін қабылдау орнын ұйымдастыру;
      9) арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде әкелінген тауарлардың нақты тұтынылуын растау;
      10) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторинг жүргізу жатады.
      Дербес кластерлік қордың функциялары осы Заңмен және «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      19-бап. Басқарушы компанияны басқару үшін тұлғаларды
               іріктеу

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңның 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентіне арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынуды енгізгеннен кейін басқарушы компанияны басқару үшін тұлғаларды конкурстық іріктеуді уәкілетті орган жүргізеді.
      2. Басқарушы компанияны басқару үшін тұлғаларды конкурстық іріктеуді уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Президентіне арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыну енгізілген күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізеді.
      3. Басқарушы компанияны басқару үшін адамдарды конкурстық іріктеуді жүргізу тәртібін, сондай-ақ оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      20-бап. Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының
               құқықтары мен міндеттері

      1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін көзделген құқықтық қорғау кепілдіктерін, салықтық және өзге де жеңілдіктерді пайдалануға;
      2) осы Заңда көзделген тәртіппен қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін жер учаскелерін алуға және инфрақұрылым объектілерін салуға;
      3) қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру процесінде қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын тұлғаларды тартуға;
      4) қызметтің қосалқы түрлерін айқындауға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
      2. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары:
      1) арнайы экономикалық аймақтың басқару органына өз қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында және қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттерді адал және тиісінше орындауға міндетті.

      21-бап. Қызметті жүзеге асыру туралы шарттар
              талаптарының орындалуына мониторинг
              жүргізу

      Қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторингті уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақтың басқару органдары есептілік нысанында беретін ақпараттың, сондай-ақ осы Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары туралы ақпараттың негізінде жүргізеді.
      Осы Заңның 18-бабының 10) тармақшасында көзделген мониторингті арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдары тұрақты негізде жүзеге асырады.

      22-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқару
              органының қызметін қаржыландыру

      1. Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын арнайы экономикалық аймақтың басқару органын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Басқарушы компанияның қызметін қаржыландыру:
      1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына басқарушы компания көрсететін қызмет үшін сыйақы;
      2) нысаналы қарыздық қаржыландыру;
      3) инфрақұрылым объектілерін, жер учаскелерін, сондай-ақ өзге де мүлікті жалға және (немесе) қосалқы жалға беруден түсетін кірістер;
      4) басқарушы компанияның қызметінен түсетін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.
      3. Дербес кластерлік қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын арнайы экономикалық аймақтың басқару органының қызметін қаржыландыру «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      23-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органын
               тарату

      1. Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арнайы экономикалық аймақтың әрекет ету мерзімі аяқталғаннан немесе мерзімінен бұрын тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес таратылады (қайта ұйымдастырылады).
      2. Арнайы экономикалық аймақтың әрекет ету мерзімі аяқталғаннан немесе арнайы экономикалық аймақты мерзімінен бұрын тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін басқарушы компанияны ерікті түрде тарату туралы шешімді акционерлердің жалпы жиналысы қабылдайды, ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес кредиторлардың келісімі бойынша және олардың бақылауымен тарату рәсімін айқындайды.
      Басқарушы компанияның акционерлері ерікті түрде тарату туралы шешім қабылдамаған жағдайда басқарушы компанияны тарату мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады.
      Акционерлік қоғамды мәжбүрлеп тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

5-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖИМІ ЖӘНЕ ЖҰМЫС ІСТЕУ ШАРТТАРЫ

      24-бап. Арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық
               режимі

      Арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін осы Заңда, Қазақстан Республикасының салықкеденжер заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгіленген арнайы құқықтық режим қолданылады.

      25-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына
               салық салу

      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер салынады.

      26-бап. Арнайы экономикалық аймақтардағы
              кедендік реттеу

      1. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында немесе оның бір бөлігінде еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылады.
      Шегінде еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың шекаралары Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы актісіне сәйкес айқындалады.
      2. Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі кеден одағының кедендік заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасына сәйкес қолданылады.
      3. Арнайы экономикалық аймақтың аумағы кеден одағының кедендік аумағының бір бөлігі болып табылады.
      4. Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағы кедендік бақылау аймағы болып табылады.
      Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақ аумағында кедендік бақылауды Кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.
      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      27-бап. Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен
               орналастырылатын тауарлар

      Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағына әкелінген тауарлар кеден одағының кедендік заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылады және кедендік баждарды, салықтарды, сондай-ақ тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мақсаттары үшін кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерде орналасқан тауарлар ретінде қарастырылады.

      28-бап. Шетелдік жұмыс күшін тарту

      Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарының шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беруі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін қағидаларға сәйкес, ішкі еңбек нарығында тиісті кандидатураларды іздеместен оңайлатылған тәртіппен жүргізіледі.

      29-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларын
               құқықтық қорғау кепілдіктері

      1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен қамтамасыз етілетін құқықтар мен мүдделерді қорғауға кепілдік беріледі.
      2. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының мүлкін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет иелігіне алуғареквизициялауға) тек қана Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айрықша жағдайларда және тәртіппен жол беріледі.
      3. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтар мен бюджетке төленетін басқа да төлемдерді төлегеннен кейін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асырудан алынған табыстарды өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

      30-бап. Қазақстан Республикасының арнайы
              экономикалық аймақтар туралы
              заңнамасының сақталуын
              мемлекеттік бақылау

      Арнайы экономикалық аймақтар туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      31-бап. Қазақстан Республикасының арнайы
              экономикалық аймақтары туралы заңнамасын
              бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтары туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      32-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар, оларды тарату туралы шешім қабылданғанға дейін немесе осы арнайы экономикалық аймақ құрылған мерзім аяқталғанға дейін өз мәртебесін сақтайды. Арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері басқарушы компания құрылғанға дейін, бірақ уәкілетті орган айқындаған мерзімнен аспайтын мерзімде басқарушы компаниялардың функцияларын орындай алады.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтарды басқару үшін тартылған оператор-компаниялар оларды жаңадан құрылған басқарушы компанияға бергенге дейін басқарушы компаниялардың функцияларын орындай алады.
      Бұл ретте осы оператор-компаниялар осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап бір жылдан аспайтын мерзімде басқарушы компаниялардың функцияларын орындайды.
      Басқарушы компанияның функцияларын арнайы экономикалық аймақтар үшін тартылған оператор-компанияның орындауы туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.
      3. Арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі басқарушы компания құрылған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей, басқарушы компанияға арнайы экономикалық аймаққа қатысты және басқарушы компанияның осы Заңда көзделген функцияларды орындауы үшін қажетті барлық құжаттар мен ақпаратты беруге міндетті, содан кейін осы әкімшілік таратылуға тиіс.
      4. Басқарушы компания құрылған күннен бастап уәкілетті орган мен оператор-компаниялар арасында жасалған шарттар бұзылуға тиіс.
      5. Ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру талабы қызметтің мынадай түрлері:
      1) бағдарламалық қамтамасыз етілімді, дерекқорларды және ақпараттық технологиялардың аппараттық құралдарын жобалау, әзірлеу, енгізу, тәжірибелік өндіру және шығару, сондай-ақ дата-орталықтар қызметтері, онлайн-қызметтер;
      2) ақпараттық технологиялар саласында жобаларды жасау мен енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу үшін 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін міндетті шарт болып табылмайды.
      6. Осы баптың 1 - 4-тармақтарында көзделген ережелер «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына қолданылмайды.
      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2007 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 14, 104-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев