2010 жылғы 5 шілдеде Астанада жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының статуты ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық
Сотының статуты
(2011 жылғы 27 шілдеде күшіне енді -
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің
2011 жылғы 19 тамыздағы № 12-1/2262 хатымен)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттер,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты және 2007 жылғы 6 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы негізге ала отырып,
ЕурАзЭҚ және ЕурАзЭҚ шеңберіндегі Кеден одағы (бұдан әрі - Кеден одағы) шеңберінде жасалған халықаралық шарттарды тиісінше орындауды қамтамасыз ету қажеттілігін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Соты (бұдан әрі - Сот) 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шарттың 8-бабына және осы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының статутына (бұдан әрі - Сот статуты) сәйкес құрылады және әрекет етеді.
2-бап
Сот өз қызметін мынадай принциптердің негізінде жүзеге асырады:
а) судьялардың тәуелсіздігі;
б) істі қараудың жариялылығы;
в) тараптардың теңдігі;
г) жарыспалылық;
д) алқалылық.
I тарау
Сот қызметін ұйымдастыру
3-бап
Сот құрамына әр Тараптан екі судьядан кіреді.
Судьяның өкілеттік мерзімі - алты жыл.
4-бап
Судьялар жоғары моральдық қасиетке ие болуға және Тараптардың жоғарғы және/немесе жоғары төрелік, шаруашылық және экономикалық соттарының судьялары лауазымына тағайындау үшін қойылатын талаптарға сәйкес болуға, сондай-ақ халықаралық және мемлекетішілік құқық саласында, әсіресе сыртқы экономикалық қызметті және кедендік құқықтық қатынастарды реттеу саласындағы біліктілігі жоғары мамандар болуы тиіс.
5-бап
1. Судьяларды ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (мемлекеттер басшылары деңгейінде) ұсынысы бойынша ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
2. Лауазымға кіріскен кезде Судья ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының отырысында өз міндеттерін адал және абыройлы атқаруға салтанатты түрде мәлімдеме жасайды.
3. Судьяның өкілеттілігі мынадай негіздер бойынша тоқтатылуы мүмкін:
а) Сот қызметін тоқтату;
б) судьяның өкілеттік мерзімінің аяқталуы;
в) судьяның орнынан түсуі туралы жазбаша өтініші;
г) судьяның басқа жұмысқа ауысуына байланысты немесе өзге де себептермен өз өкілеттігін тоқтату туралы жазбаша өтініші - қосымша қарауды талап етеді;
д) денсаулық жағдайы бойынша немесе өзге де дәлелді себептермен судья өкілеттігін жүзеге асыруға қабілетсіздігі;
е) судья лауазымына сай келмейтін қызметпен айналысуы;
ж) судьяның өзін тағайындаған Тараптың азаматтығын жоғалтуы;
з) судьяның судья жоғары мәртебесімен үйлеспейтін елеулі теріс қылық жасауы;
и) судьяға қатысты соттың айыптау үкімінің не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі;
к) судьяның іс-әрекетке қабілеттілігін шектеу туралы не оны іс-әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі;
л) судьяның қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды не хабар-ошарсыз кетті деп жариялау туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі.
6-бап
1. Судьялар қандай да болсын мемлекеттік немесе мемлекетаралық органдардың және ұйымдардың, коммерциялық құрылымдардың, саяси партиялардың және қозғалыстардың, сондай-ақ аумақтардың, ұлттардың, ұлыстардың, әлеуметтік және діни топтардың және жекелеген адамдардың мүдделерін білдіре алмайды.
Судьялардың ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтен басқа, табыс табуға байланысты кез келген қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
2. Судья бір тараптың өкілі, сенім білдірілген өкіл немесе адвокаты немесе ұлттық немесе халықаралық соттың, тергеу комиссиясының мүшесі ретінде немесе қандай да болсын өзге ретте бұрын қатысқан қандай да болсын істің шешілуіне қатыса алмайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайлардың болуы судьядан бас тарту (өздігінен бас тартуы) үшін негіз болып табылады.
7-бап
Сот судьяларына және олардың отбасы мүшелеріне 2001 жылғы 31 мамырдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға сәйкес ЕурАзЭҚ органдарының лауазымды адамдарына берілетін артықшылықтар мен иммунитеттер қолданылады. Қажет болған кезде Тараптардың келісімімен судьялар үшін артықшылықтар мен иммуниттердің қосымша көлемі белгіленуі мүмкін.
ЕурАзЭҚ Сотының судьяларына олардың өкілеттік мерзімі аяқталған соң, орнынан түскен кезде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің заңнамасында жоғарғы, жоғары шаруашылық (төрелік, экономикалық) соттардың төрағалары үшін көзделген кепілдіктер қолданылуға тиіс.
8-бап
1. Сотты Төраға басқарады.
2. Төрағалық етуді мемлекеттердің атауын негізге ала отырып, орыс әліпбиі тәртібімен ротациялық негізде cоттың судьялары екі жыл бойы кезекпен жүзеге асырады.
Соттың Төрағасын кезекті Тарап судьяларының қатарынан Сот сайлайды.
3. Соттың Төрағасы:
а) Сот қызметін ұйымдастырады;
б) өкілеттіктері шегінде ЕурАзЭҚ мүшелері болып табылмайтын Тараптар мен мемлекеттердің жоғары сот органдарымен, халықаралық сот органдарымен және ұйымдармен ынтымақтастықты қамтамасыз етеді;
в) ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесі (мемлекеттер басшыларының деңгейінде) бекітетін құрылым және сан шегінде Сот хатшылығының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және оларды қызметтен босатады;
г) Бұқаралық ақпарат құралдарына сот қызметі туралы мәліметтер беруді ұйымдастырады;
д) осы Сот статуты шегінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап
1. Сот Төрағасының орынбасарын атауы орыс әліпбиі тәртібімен Сот Төрағасы сайланған мемлекеттің атауынан кейін тұрған Тараптан екі жыл мерзімге Сот сайлайды. Өкілеттіктерінің мерзімі аяқталған соң Сот Төрағасының орынбасары қайта сайлануы мүмкін.
Соттың Төрағасы мен оның орынбасары бір Тараптың азаматтары бола алмайды әрі олардың біреуі Кеден одағына мүше мемлекеттің азаматы болуы тиіс.
2. Сот Төрағасының Сот жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмаған кезде оның міндеттерін Төрағаның орынбасары атқарады.
10-бап
1. Сот қызметін құқықтық, ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету Сот хатшылығына жүктеледі.
2. Сот хатшылығының лауазымды адамдары мен қызметкерлері халықаралық қызметшілер болып табылады. Ресми функцияларын орындау кезінде олар 2001 жылғы 31 мамырдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияда белгіленген иммунитеттерді, жеңілдіктерді, артықшылықтарды пайдаланады.
3. Сот қызметін қаржыландыру ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесі (мемлекеттер басшыларының деңгейінде) айқындайтын тәртіппен ЕурАзЭҚ бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Сот судьяларына, хатшылықтың лауазымды адамдары мен қызметкерлеріне еңбекақы төлеу шарттарын ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесі (мемлекеттер басшыларының деңгейінде) айқындайды.
11-бап
1. Соттың болатын жері Минск қаласы болып табылады.
2. Соттың Беларусь Республикасының аумағында болу шарттары Беларусь Республикасының Үкіметі мен ЕурАзЭқ арасындағы келісіммен айқындалады.
12-бап
1. Сот заңды тұлға құқықтарын пайдаланады.
2. Соттың өз атауы жазылған мөрі мен бланкілері болады.
II тарау
Соттың құзыреті
13-бап
1. Сот Шарттың және Қоғамдастықтың шеңберінде қолданылатын басқа да халықаралық шарттар мен ЕурАзЭҚ органдары қабылдайтын шешімдердің біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді.
2. Сот ЕурАзЭҚ органдарының шешімдерін және ЕурАзЭҚ шеңберінде қолданылатын шарттардың ережелерін іске асыру мәселелері бойынша Тараптардың арасында туындайтын экономикалық сипаттағы дауларды қарайды.
3. Сот ЕурАзЭҚ шеңберінде қолданылатын халықаралық шарттардың ережелерін және ЕурАзЭҚ органдарының шешімдерін түсіндіруді жүзеге асырады.
Түсіндіру нақты істер бойынша шешімдер қабылдау кезінде, сондай-ақ Тараптардың, Тараптардың жоғары сот органдарының, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің, Парламентаралық Ассамблеясының және Интеграциялық Комитетінің сұрау салулары бойынша жүзеге асырылады.
4. Кеден одағының қалыптастырылуына байланысты Сот:
а) Кеден одағының органдары актілерінің Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттарға сәйкестігі туралы істерді қарайды;
б) Кеден одағы органдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істерді қарайды;
в) Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттарға, Кеден одағының органдары қабылдаған актілерге түсінік береді;
г) Кеден одағының комиссиясы мен Кеден одағына кіретін мемлекеттердің арасындағы, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттердің арасындағы олардың Кеден одағының шеңберінде қабылданған міндеттемелерін орындау жөніндегі дауларды шешеді.
5. Соттың қарауына шешімі ЕурАзЭҚ және Кеден одағы шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген өзге де даулар жатқызылуы мүмкін.
6. Істің Соттың қарауына жататыны туралы дау туған жағдайда мәселені Сот шешеді.
14-бап
1. Егер ЕурАзЭҚ шеңберіндегі халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Сот дауларды:
а) Тараптардың;
б) ЕурАзЭҚ органдарының өтініші бойынша қарайды.
2. Сот Кеден одағының шеңберінде істі:
а) Кеден одағына мүше мемлекеттердің;
б) Кеден одағы органдарының;
в) шаруашылық жүргізуші субъектілердің өтініші бойынша қарайды.
3. Шаруашылық жүргізуші субъектілер Сотқа 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері туралы шартқа сәйкес жүгінеді.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.05.31 № 16-V Заңымен.
III тарау
Сот ісін жүргізу
15-бап
1. Сотта істі қарау тәртібі Сот бекітетін Регламентпен айқындалады.
2. Сот отырысы оған әрбір Тараптан кемінде бір судьядан қатысуы шартымен заңды деп есептеледі.
16-бап
Сотта сот ісін жүргізу орыс тілінде жүзеге асырылады.
17-бап
1. Тараптың, ЕурАзЭҚ және Кеден одағы органдарының Сотқа жүгінуінен баж алынбайды.
2. Сот шығындарын өтеу тәртібі мен мөлшерін Сот белгілейді.
18-бап
Таратылуы шектеулі ақпаратты қоспағанда, Сот Тараптардан, Тараптардың құзыретті органдарынан, сондай-ақ ЕврАзЭқ және Кеден одағының органдарынан істі қарау үшін қажетті материалдарды сұрата алады.
19-бап
Сот шешімдері Соттың, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және Тараптардың ресми жарияланым көздерінде, сондай-ақ тиісті құқықтық ақпарат тізілімдерінде басып шығаруға жатады. Жариялау тәртібі мен қағидасын олардың заңнамасына сәйкес Тараптар айқындайды.
20-бап
1. Осы Статуттың 13-бабының 2 және 4-тармақтарында көрсетілген даулар бойынша Сот дау тараптарының орындауы үшін міндетті болып табылатын шешімдер қабылдайды.
2. Соттың шешімі ол белгілеген мерзімде орындалмаған жағдайда дауласушы тараптардың кез келгені ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесіне (мемлекет басшыларының деңгейінде) осы мәселе бойынша шешім қабылдау үшін жүгіне алады.
21-бап
Егер де қандай да болмасын Тарап немесе Кеден одағының комиссиясы іс бойынша шешім оның құқықтық сипаттағы мүддесін қозғауы мүмкін деп есептесе, онда бұл Тарап немесе Кеден одағының комиссиясы іске мүдделі Тарап ретінде қатысуға рұқсат беру туралы Сотқа өтініш бере алады.
22-бап
Сот шешімі түпкілікті және шағымдануға жатпайды.
23-бап
1. Сот шешімі дауласушы Тараптардың өтініші, өзінің сипаты бойынша істің нәтижесіне шешуші әсер ете алатын және шешім шығару кезінде не Сотқа, не қайта қарауды сұрап отырған тарапқа белгілі болмаған, бұл ретте мұндай бейхабарлық салақтықтың салдарынан болмауы керектігі шартымен, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2. Шешімді қайта қарау туралы өтініш жаңа мән-жайлар ашылған сәттен бастап бір жыл өтпей, бірақ ол шығарылған күннен бастап он жылдан кешіктірілмей Сотқа берілуге тиіс.
IV тарау
Кеден одағының шеңберінде сот ісін жүргізу ерекшеліктері
24-бап
1. Осы Статуттың 14-бабы 2-тармағының а) және б) тармақшаларында көзделген субъектілердің өтініштерін қарау үшін Сот Регламентте белгіленген тәртіппен құрамына Кеден одағына мүше мемлекеттер Сотының барлық судьялары кіретін Сот Алқасын құрады.
Сот Алқасының шешімі Соттың шешімі болып табылады.
2. Статуттың 14-бабы 2-тармағының в) тармақшасында көзделген субъектілердің өтініштері бойынша Кеден одағы шеңберінде істерді қарау және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері, сондай-ақ өзге де, оның ішінде Сот шешімдерін шығаруға және орындауға байланысты мәселелер 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері туралы шартпен реттеледі.
3. Сот осы баптың 1-тармағында көрсетілген өтініштер бойынша істерді қарау шеңберінде Регламентке сәйкес ерекше жағдайларда Сот орналасқан жерден басқа жерде бір немесе бірнеше көшпелі отырыс өткізуі мүмкін.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.05.31 № 16-V Заңымен.
25-бап
1. Сот осы Статутта көзделген жағдайларды қоспағанда, оны орындау шараларын ұйғаратын шешімдер қабылдайды.
2. Осы Статуттың 13-бабы 4-тармағының «а», «б» және «г» тармақшаларында көрсетілген дау Кеден одағының Комиссиясына алдын ала берілмей қарауға қабылданбайды.
Егер Кеден одағының Комиссиясы келіп түскен өтініш бойынша екі айдың ішінде шара қабылдамаса, онда дауды қарау туралы арыз Сотқа жіберілуі мүмкін.
3. Кеден одағы Комиссиясының қандай да болмасын шешімі бойынша Сотқа берілетін арыз оның қолданысының тоқтатылуы үшін негіз болып табылмайды.
4. Сот өтініш бойынша шешімді Сот өтінішті алған күннен бастап 3 айдан аспайтын мерзімде шығарады.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.05.31 № 16-V Заңымен.
V тарау
Консультациялық қорытындылар
26-бап
1. Сот Тараптардың, ЕурАзЭқ және Кеден одағы органдарының, сот билігі жоғары органдарының сұрау салулары бойынша консультациялық қорытындылар шығарады.
2. Консультациялық қорытындылар халықаралық шарттар мен ЕурАзЭҚ және Кеден одағы органдарының шешімдерін қолдану мәселелері бойынша сұратылады.
3. Консультациялық қорытындылар ұсынымдық сипатта болады.
4. Сот консультациялық қорытындылар беретін жазбаша өтініштер мәселеге қатысты барлық құжаттар қоса тіркеле отырып, түсіндіру талап етілетін мәселенің дәл баяндалуын қамтуға тиіс.
VI тарау
Қорытынды ережелер
27-бап
Осы Статутқа ескертпелерге жол берілмейді.
28-бап
Осы Статуттың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
29-бап
Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Статутқа жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
30-бап
Осы Статут қол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады, ратификациялауға жатады және депозитарий үшінші ратификациялық грамотаны алған күннен бастап күшіне енеді. Осы Статут оны кешірек ратификациялаған Тараптар үшін депозитарий ратификациялық грамоталарды алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Статут Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркеуге жатады.
Астана қаласында 2010 жылғы 5 шілдеде бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
Осы Статуттың түпнұсқа данасы осы Статуттың депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінде сақталады.
Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.05.31 № 16-V Заңымен.
Беларусь Республикасы Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикасы
үшін үшін үшін
Ресей Федерациясы Тәжікстан Республикасы
үшін үшін
2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сот Статутының куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский