РҚАО-ның ескертпесі!
Бұл хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).
Душанбеде 2007 жылғы 6 қазанда қол қойылған Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Кеден одағының жоғарғы органы кеден одағының шарттық-құқықтық базасын құрайтын, екі бөліктен тұратын халықаралық шарттардың тізбесін (бұдан әрі - Тізбе) айқындайды:
бірінші бөлігі - ЕурАзЭҚ шеңберінде қолданыстағы халықаралық шарттар;
екінші бөлігі - кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруды аяқтауға бағытталған халықаралық шарттар.
2-бап
Кеден одағының жоғарғы органы Тізбенің екінші бөлігіне енгізілген халықаралық шарттың күшіне енуі туралы шешімді осы халықаралық шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы депозитарийдің ақпараты болған жағдайда қабылдайды.
3-бап
Тараптың Тізбенің екінші бөлігіне енгізілген халықаралық шарттан шығуы оның Тізбенің екінші бөлігіне енгізілген барлық халықаралық шарттардан шығуын білдіреді. Мұндай Тарап үшін олардың қолданысы депозитарий шығу туралы хабарламаны алған күннен бастап 12 ай өткен соң тоқтатылады.
4-бап
Тізбенің екінші бөлігіне енгізілген халықаралық шарттар күшіне енгеннен кейін оларға қосылатын мемлекет Тізбенің екінші бөлігіне енгізілген барлық халықаралық шарттардың ол үшін міндеттілігіне келісім білдірген жағдайда, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа басқа мүше мемлекеттердің оларға қосылуы үшін ашық болады.
Қосылатын мемлекет үшін көрсетілген халықаралық шарттар олардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы жазбаша хабарламаларды ол депозитарийге тапсырған күннен бастап үш ай өткен соң бір мезгілде күшіне енеді.
5-бап
Тізбеге енгізілген халықаралық шарттардың ережелері, егер мұндай шарттар Тараптардың кірігуінің неғұрлым жоғары дәрежесін көздейтін болса, Тараптардың арасындағы басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.
Тізбеге енгізілген халықаралық шарттардың ережелері Тараптар арасында көрсетілген талаптарды қанағаттандыратын жаңа халықаралық шарттарды жасасуға кедергі келтірмейді.
6-бап
Осы Хаттамаға ескертпелерге жол берілмейді.
7-бап
Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады, ратификациялануға тиіс және депозитарий соңғы ратификациялау грамотасын алған күннен бастап күшіне енеді.
2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, депозитарийдың функциясын Кеден одағының комиссиясына бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті депозитарий болып табылады.
Депозитарий осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасы Республикасы Федерациясы
үшін үшін үшін
ЕурАзЭҚ Мемкеңесінің
(кеден одағының жоғары органы)
2007 жылғы 6 қазандағы
N 1 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН
Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын
құрайтын халықаралық шарттар
ТІЗБЕСІ
р/с |
Халықаралық шарт атауы |
Бірінші бөлім ЕурАзЭҚ шеңберінде қолданыстағы халықаралық шарттар |
|
---|---|
1. |
Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы 1995 жылғы 6 қаңтардағы келісім |
2. |
Кеден одағы туралы 1995 жылғы 20 қаңтар келісім. Мәскеу. |
3. |
Кеден одағы және біртұтас экономикалық кеңістігі туралы 1999 жылғы 26 ақпандағы шарт |
4. |
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шарт |
5. |
Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы 2003 жылғы 28 қазандағы келісім |
6. |
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің саудасында арнайы қорғау, антидемпингтік және өтем шараларын қолданудың тетігі туралы 2000 жылғы 17 ақпандағы хаттама |
7. |
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің техникалық регламенттерін үйлестіру негіздері туралы 2005 жылғы 24 наурыздағы келісім |
8. |
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің нарығындағы өнімнің бірыңғай айналым белгісін қолдану туралы 2006 жылғы 19 мамырдағы келісім |
9. |
Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде халықаралық саудалық келіссөздері туралы 1997 жылғы 3 маусымдағы хаттама |
10. |
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама |
Екінші бөлім Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруды аяқтауға бағытталған халықаралық шарттар |
|
1. |
Кеден одағының комиссиясы туралы шарт |
2. |
Бірыңғай кеден аумағын құру және кедендік одақты қалыптастыру туралы шарт |
3. |
Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне енуі, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттама |
4. |
Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісім |
5. |
Үшінші елдерге қатысты кедендік әкету баждары туралы келісім |
6. |
Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісім |
7. |
Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісім |
8. |
Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралары саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісім |
9. |
Үшінші мемлекеттерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісім |
10. |
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісім |
11. |
Кеден одағының тауарларымен сыртқы сауданың және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісім |
12. |
Кеден одағына тауарлардың, жұмыстарды орындаудың, қызмет көрсетулердің экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды алу қағидаттары туралы келісім |
Осымен 2007 жылғы 6 қазанда Душанбеде жасалған Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы Хаттамасының қазақ тіліндегі көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы
департаментінің директоры Е. Бөлегенов