Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 218-IV Заңы

Жаңартылған

      Астанада 2007 жылғы 18 тамызда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

     Қазақстан Республикасының
     Президенті                              Н. Назарбаев

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН
ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІНІҢ АРАСЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ ГАЗ ҚҰБЫРЫН САЛУ МЕН ПАЙДАЛАНУДАҒЫ
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
 (2010 жылғы 8 маусымда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., N 1, 3-құжат)

      Бірлесіп "Тараптар" деп аталатын, бұдан әрі "Қазақстан тарабы" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен бұдан әрі "Қытай тарабы" деп аталатын Қытай Халық Республикасының Үкіметі,
      2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелік келісімді басшылыққа ала отырып,
      түрікмендік және қазақстандық газды Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының аумақтарындағы жаңа газ көлігі қуаттары арқылы тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында,
      Қытай тарабының Түрікменстанмен түрікмен газын сатып алу туралы келісім жасасатынын және оны Қазақстан Республикасының аумағы арқылы (бұдан әрі - ҚР) Қытай Халық Республикасына (бұдан әрі - ҚХР) транзиттік тасымалдауды көздейтінін ескере отырып,
      осы Келісімнің мақсаттарын іске асыру үшін төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар газ тасымалдаудың қажетті көлемін және Газ құбырының экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету шартымен ҚР-дан ҚХР-ға Қазақстан-Қытай газ құбырын (бұдан әрі - Газ құбыры) бірлесіп салуды жүзеге асырады.
      Газ құбыры екі учаскеден тұрады:
      бірінші учаске - Газ құбырының Өзбекстан Республикасы мен ҚР шекарасынан Шымкент (ҚР) арқылы ҚР және ҚХР шекарасына, ҚХР аумағындағы Қорғас пунктінің ауданына дейін өткізу қуаты жылына 40 (қырық) млрд.м3 (бұдан әрі - Бірінші учаске);
      екінші учаске - Газ құбырының өткізу қуаты жылына 10 (он)  млрд.м3 Бейнеу - Бозой -Қызылорда - Шымкент (бұдан әрі - Екінші учаске);
      Өзбекстан Республикасы мен ҚР шекарасындағы Бірінші учаскенің бастапқы нүктесі әзірленген инвестициялар негіздемесі (бұдан әрі - ИН) негізінде белгіленсін. Қорғас пунктінің (ҚХР аумағында) ауданы Газ құбырының соңғы нүктесі болып қабылдансын.
      Тараптар Уәкілетті ұйымдарға Екінші учаскеге байланысты инвестициялардың негіздемесін әзірлеуді және Уәкілетті ұйымдар арасында Екінші учаске мәселелері бойынша жасалатын жеке келісімде (бұдан әрі - НПК) оның бағытын, қуатын және жобалық қаржыландыру сомасын айқындауды, сондай-ақ Екінші учаскенің операторын айқындауды қоса алғанда, Екінші учаскені салудың кезеңділігін келісуді тапсырады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

2-бап

      Тараптар тиісінше Газ құбырын жобалау, салу және пайдалану жөніндегі жобаны іске асыру үшін бірлескен қызметке арналған, бұдан әрі - Уәкілетті ұйымдар деп аталатын мынадай ұйымдарды тағайындайды:
      Қазақстан тарабынан - "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - ҚМГ) және/немесе ол тағайындаған аффилиирленген компания(лар),
      Қытай тарабынан - Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы (бұдан әрі - ҚҰМК) және/немесе ол тағайындаған аффилиирленген компания(лар).
      Уәкілетті ұйымдарды ауыстырған жағдайда Құзыретті органдар дереу бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне хабарлайды және тиісті құқықтық мирасқорлықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

3-бап

      Тараптар ҚР мен ҚХР-дың тиісті Құзыретті органдарымен келісу үшін Уәкілетті ұйымдарға ИН бойынша бірлескен түпкілікті есепті дайындауды тапсырады.
      Тараптар жобалық шешімдерді одан әрі оңтайландыру үшін алдын ала тиісті шаралар қабылдайды.
      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

4-бап

      Тараптардың міндеттемелері:
      Әр Тарап осы Келісімде көзделген Газ құбырын жобалау, салу және пайдалану жөніндегі жобаны іске асыруды қолдайды және оны жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдайды.
      Тараптар Газ құбырын салу және пайдалану үшін қажетті және қолайлы жағдайлар жасау және қолдау, өзара тұрақты ақпарат алмасуды ұйымдастыру және Газ құбырындағы төтенше, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы жағдайлар туралы жедел хабарлау мақсатында ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Тараптар жер сілкінісі немесе өзге де төтенше жағдайлар туындаған жағдайда Газ құбырының орнықты жұмыс істеуі жөніндегі іс-шараларды әзірлейді.
      Қазақстан тарабының міндеттемелері:
      Транзиттік газдың осы Келісімде көзделген көлемін ҚР аумағы арқылы ҚР заңнамасында көзделген рәсімдерге сәйкес, транзитке мемлекеттік алым алмай, еркін және кедергісіз тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
      басқасынан бөлек, ҚР қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамасында көзделгендерді қоса алғанда, Газ құбырын салу және пайдалану үшін ҚР заңнамасы бойынша талап етілетін жерге қажетті құқықтарды, рұқсаттар мен лицензияларды ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен беруге жәрдем көрсету.
      «Екінші учаске жобасын іске асыру үшін ҚР-да құрылатын ұйыммен жобалық қаржыландыруға қажетті Екінші учаске бойынша газ тасымалдау туралы келісім (келісімдер) жасасу үшін Қазақстан тарабы Уәкілетті ұйымының немесе осы Уәкілетті ұйымның аффилиирленген компаниясының (аффилиирленген компанияларының) Екінші учаскенің өзін-өзі ақтау мерзімінен кем емес кезеңде «тасымалда немесе төле» («ship or pay») принципі бойынша жылына 5 (бес) млрд.м3 газды беруін қамтамасыз ету, бұл ретте Қазақстан тарабы мұндай келісімнің (келісімдердің) орындалуын қамтамасыз етудің қолайлы тәсілдерін ұсынады;
      Қытай тарабының Уәкілетті ұйымына немесе осы Уәкілетті ұйымның аффилиирленген компаниясына (аффилиирленген компанияларына) тиесілі газ көлемдерін «Бұхара - Орал» магистральдық газ құбырының учаскесі бойынша 13-компрессорлық станциядан «Бозой» компрессорлық станциясына дейінгі бағыт бойынша Екінші учаскеге және Бірінші учаскеге жеткізу үшін тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
      «Өріктау» газ конденсаты кен орнына арналған жер қойнауын пайдалану құқықтарының Қазақстан тарабының Уәкілетті ұйымы (немесе Қазақстан тарабы Уәкілетті ұйымының аффилиирленген компаниясы) Қытай тарабының Уәкілетті ұйымымен (немесе Қытай тарабы Уәкілетті ұйымының аффилиирленген компаниясымен) бірлесіп құратын бірлескен кәсіпорынға берілуін қамтамасыз ету.
      Қытай тарабының міндеттемелері:
      ҚХР-дың құзыретті органдары газ шығатын елдегі газдың экспорттық бағасын басшылыққа ала отырып, бәсекелес баға шартымен Газ құбырының соңғы пунктінде қазақстандық Уәкілетті ұйымнан экспорттық қазақстандық газды сатып алуға қытайлық Уәкілетті ұйымға тапсырма береді;
      Уәкілетті ұйымдардың ҚХР-дың ішкі нарығында қазақстандық газды өткізу жөніндегі бірлескен коммерциялық қызметін қолдау;
      транзиттік мемлекеттердің аумақтарында бос қуаттарға өздерінің құқықтарының шеңберінде ҚР-дың ішкі нарығына беру үшін Қазақстан тарабының осы мемлекеттердің аумақтарында сатып алатын немесе өндіретін газ көлемін тасымалдауға жәрдемдесу;
      басқасынан бөлек, ҚХР-дың қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамасында көзделгендерді қоса алғанда, Газ құбырын салу және пайдалану үшін ҚХР заңнамасы бойынша талап етілетін жерге қажетті құқықтарды, рұқсаттар мен лицензияларды ҚХР заңнамасында белгіленген тәртіппен беруге жәрдем көрсету.
      Қазақстан тарабының Уәкілетті ұйымы және Қытай тарабының Уәкілетті ұйымы Екінші учаске жобасын іске асыру үшін ҚР-да құрылатын ұйымның жарғылық капиталына бір жолғы салым ретінде 500000000 (бес жүз миллион) АҚШ долларынан енгізген жағдайда Екінші учаске жобасын іске асыру үшін ҚР-да құрылатын ұйымға НПК-ге сәйкес Екінші учаскені салу үшін жобалық қаржыландыруды ұйымдастыруға жәрдемдесу.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

5-бап

      Тараптар Газ құбырын салуды жедел іске асыру үшін күш-жігерін салады. Бірінші учаскені салудың жоспар-кестесі жобалау-сметалық құжаттама нәтижелерінің негізінде бекітілетін болады.
      Тараптар Уәкілетті органдарға Бірінші учаскені салуды 2009 жылдың аяғына дейін аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырады.
      Тараптар Екінші учаскені салу экономикалық бағалау оның негізділігін көрсеткен кезде іске асырылады деп уағдаласты.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

6-бап

      ҚР табиғи монополиялар саласындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын құзыретті мемлекеттік органы газ тасымалдау шығындарын және пайда табу мүмкіндігін ескере отырып, ҚР табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес ҚР аумағында тұтыну үшін Бірінші учаске арқылы газ тасымалдауға есептелген тарифті бекітеді.
      Транзиттік газды Бірінші учаске бойынша ҚР аумағы арқылы тасымалдау жөніндегі қызметтер тарифі және экспорт мақсаттары үшін газды Бірінші учаске бойынша ҚР аумағы арқылы тасымалдау жөніндегі қызметтер тарифі жүк жөнелтушілер мен Бірінші учаскенің меншік иесі арасындағы шарттық негізде айқындалады.
      Табиғи монополиялар саласындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын ҚР-ның құзыретті мемлекеттік органы ҚР табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес, басқасынан бөлек тартылған қарыздарды қайтаруды, салықтарды, алымдар мен бюджетке төленетін өзге де төлемдерді қоса алғанда, Екінші учаскені салу мен пайдалануға арналған шығындарды және пайда табу мүмкіндігін ескере отырып, ҚР аумағында тұтыну үшін Екінші учаске бойынша газды тасымалдауға, экспорт мақсаттары үшін газды Екінші учаске бойынша тасымалдау жөніндегі қызметтерге және транзиттік газды Екінші учаске бойынша тасымалдау жөніндегі қызметтерге есептелген бірыңғай тарифті бекітеді.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

7-бап

      Тараптар Уәкілетті ұйымдарға Газ құбырын салудың мақсаттары үшін ұсынылған, қажетті кепілдендірілген газ көлемінің негізінде жобалық қаржыландыруды ұйымдастыруды тапсыруға келісті.
      Қаржы тартудың, оның ішінде қытайлық Уәкілетті ұйымның жоғарыда көрсетілген кепілдіктерді беруінің негізгі принциптері, нысандары мен шарттары Қазақстан - Қытай газ құбырын салудың негізгі принциптері туралы келісімде реттелетін болады.
      Екінші учаскенің жобасын іске асырудың негізгі принциптері мен шарттары НПК-де реттелетін болады. «Өріктау» және «Жаңажол» кенорындарының газ ресурстары Екінші учаске бойынша тасымалдауға арналған шикізаттың негізгі көзі болуы мүмкін екендігін ескере отырып, НПК-де Уәкілетті ұйымдардың «Өріктау» газ конденсаты кен орнын игеру бойынша ынтымақтасуының принциптері мен негізгі шарттары, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен оның аффилиирленген компаниялары өндіретін газға газ өндірудің коммерциялық орындылығын қамтамасыз ететін әділ нарықтық баға белгілеу тетігі, сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен оның аффилиирленген компаниялары өндіретін газды ҚР Ақтөбе облысына беру мүмкіндігі міндетті түрде қамтылуы тиіс.
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

8-бап

      Уәкілетті ұйымдардың Бірінші учаскенің меншік иесі болып табылатын ұйымдағы қатысу үлестеріне барабар Бірінші учаскенің құрылып жатқан қуаттарына қол жеткізу құқығы болады.
      Осы Келісімнің қолданылу кезеңінде Бірінші учаскенің қуаты былайша бөлінеді:
      қытайлық Уәкілетті ұйым үшін - жылына 30 млрд.м3;
      қазақстандық Уәкілетті ұйым үшін - жылына 10 млрд.м3.
      Егер Бірінші учаскенің қолда бар қуаты мәлімделген газ көлемін тасымалдауды қамтамасыз ете алмаса, Уәкілетті ұйымдар оның қуатын ұлғайту мақсатында Бірінші учаскеге тиісті техникалық реконструкциялауды жүргізу туралы мәселені немесе бірыңғай көлік дәлізінде жаңа газ құбырын салу мүмкіндігін қарастырады.
      Бірінші учаскенің қуатын ұлғайтуды Тараптар немесе Тараптардың бірі жүзеге асырады.
      Бірінші учаске қуатының мұндай ұлғаюына Тараптардың бірінен келісім алынбаған жағдайда Бірінші учаскенің қолда бар қуаты Бірінші учаскенің меншік иесі болып табылатын ұйымға қатысу үлестеріне барабар қайта бөлінетін болады.
      Жоғарыда көрсетілген Бірінші учаске қуаттарының бөлінуіне сәйкес Уәкілетті ұйымдардың әрқайсысы Бірінші учаскенің өткізу қабілетін мынадай басымдықта:
      1. Бірінші учаскенің технологиялық мұқтаждарына қажетті газды тасымалдау үшін;
      2. транзиттік және экспорттық газ көлемін тасымалдау үшін;
      3. ҚР ішкі нарығына газ беру үшін;
      4. Уәкілетті ұйымдардың газды сатып алудың-сатудың коммерциялық шарттары бойынша ұзақ мерзімді негізде сатып алынатын газ беру үшін пайдаланады.
      «Уәкілетті ұйымдардың немесе олардың аффилиирленген компанияларының Екінші учаскенің жобасын іске асыру мақсаттары үшін ҚР аумағында құрылған ұйымдағы қатысу үлестеріне барабар Екінші учаскенің құрылатын қуаттарына қол жеткізу құқықтары болады. Бұл ретте, Екінші учаскенің құрылатын қуаттарына қол жеткізуді осындай бөлуге қарамастан, Уәкілетті ұйым немесе Уәкілетті ұйымның ҚР ішкі нарығы үшін газ беретін аффилиирленген компаниясы (аффилиирленген компаниялары) басым қол жеткізу құқығына ие болады.
      Екінші учаскенің өткізу қабілеті мынадай басымдықта:
      1. Екінші учаскенің технологиялық мұқтаждарына қажетті газ тасымалдау үшін;
      2. ҚР ішінде тұтынуға арналған газды беру үшін;
      3. ҚХР-ға экспорттық газ тасымалдау үшін;
      4. ҚХР-ға транзиттік газ тасымалдау үшін пайдаланылады.
      Осы Келісімде көрсетілген «тасымалда немесе төле» («ship or pay») принципі бойынша Екінші учаскемен газ тасымалдау туралы келісімді (келісімдерді) орындау шеңберінде Екінші учаскенің Қазақстан тарабының Уәкілетті ұйымы немесе осы Уәкілетті ұйымның аффилиирленген компаниясы іс жүзінде пайдаланбаған қуаттары болған жағдайда мұндай қуаттарды пайдаланудың басым құқығы Қытай тарабының Уәкілетті ұйымына немесе осы Уәкілетті ұйымның аффилиирленген компаниясына тиесілі болады. Бұл ретте, Қытай тарабының Уәкілетті ұйымы немесе осы Уәкілетті ұйымның аффилиирленген компаниясы осы басым құқықты пайдалану үшін Екінші учаске бойынша іс жүзінде тасымалдайтын газ көлемдері және үшінші тұлға (үшінші тұлғалар) Екінші учаске бойынша іс жүзінде тасымалдайтын газ көлемдері Қазақстан тарабының Уәкілетті ұйымы немесе осы Уәкілетті ұйымның аффилиирленген компаниясы (аффилиирленген компаниялары) осы Келісімде көрсетілген жылына 5 (бес) млрд. м3 газ беру жөнінде қабылданған міндеттемелерді орындауы үшін тасымалданатын газ көлемдері ретінде ескерілетін болады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

9-бап

      Әрбір Тарап өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Газ құбырын салу және пайдалану үшін негізделген түрде қажет болатын, әділ, ашық, талап-арыз қою күші бар және коммерциялық шарттармен нақты айқындалған, жерге деген осындай құқықтардың берілуін және қолданылуын қамтамасыз етеді.
      Тараптардың бірде-бірі Газ құбыры арқылы тасымалданатын газға меншік құқығына үміттенбейді.

10-бап

      Газ құбырының құрылысы толық аяқталғанға дейін Бірінші учаске жобасын іске асыру мақсатында ҚР аумағында құрылған ұйымға және Екінші учаске жобасын іске асыру мақсатында ҚР аумағында құрылған ұйымға ҚР заңнамасының нормалары және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бөлігіндегі өзге де ережелер қолданылмайды. Бұл ретте, өзге шарттар тең болған жағдайда, қазақстандық тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің мейлінше көп пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

11-бап

      Тараптар мынадай:
      ҚР заңнамасына сәйкес Бірінші учаскені салуға қажетті жабдықтардың, шикізат пен материалдардың импорты кезінде кедендік баж салығын салудан толық немесе ішінара босату түрінде кедендік жеңілдіктерді алу;
      Бірінші учаскені салу үшін ҚР заңнамасында көзделген тәртіппен және көлемде салық төлеуден босату түрінде салықтық жеңілдіктерді алу мәселелері бойынша жәрдем көрсетеді.
      Екінші учаске жобасын іске асыру мақсатында ҚР аумағында құрылған ұйым Екінші учаскені салуда пайдалану үшін Екінші учаскені салудың өндірістік процесіне тікелей байланысты және ҚР Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес ҚР аумағына әкелінетін, акцизделетіндерді қоспағанда, тауарларға, материалдар мен жабдықтарға салынатын кедендік баждарды, кедендік алымдарды және қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
      Тараптар Екінші учаске жобасын іске асыру мақсатында ҚР аумағында құрылған ұйымды Екінші учаскені салуға тартылған қарыз қаражатын қайтару аяқталған күнге дейін корпорациялық табыс салығын және мүлік салығын төлеуден босатуға келіседі.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

12-бап

      Осы Келісім ережелерінің орындалуын үйлестіру мен бақылауды мынадай мемлекеттік басқару органдары:
      Қазақстан тарабынан - ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі,
      Қытай тарабынан - ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті,
      бұдан әрі жеке алғанда - Құзыретті орган,
      және бірлесіп - Құзыретті органдар жүзеге асырады.
      Құзыретті орган ауысқан жағдайда Тараптар дереу бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.

13-бап

      Тараптар Газ құбырының объектілерін жобалауға, қаржыландыруға, салуға, пайдалануға беруге және жеткізілімдерге қатысты барлық техникалық-экономикалық және өзге де шешімдерді Тараптардың ҚР заңнамасының ережелеріне, қолданыстағы мемлекеттік және өзге де стандарттарға, құрылыс нормалары мен ережелеріне, Газ құбырын салу және пайдалану кезіндегі сапа мен қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін өзге де нормативтік құжаттарға сәйкес бірлесіп қабылдайтындығы туралы келіседі және уағдаласады.
      Тараптар ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен ҚР аумағында қолдану үшін қабылданған халықаралық стандарттардың, егер олар ҚР-да қолданылатын талаптар мен нормаларға, стандарттарға қайшы келмесе және олардан төмен болмаған жағдайда қолдануға болатыны туралы келіседі.
      Газ құбырының объектілерін пайдалануға қабылдаудың бірыңғай рәсімдерін қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың әрқайсысы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қолданылатын Тараптар  мемлекеттерінің қабылдау комиссияларының актілерін таниды және Газ құбырында бірыңғай технологиялық байланысты жүргізу мен қамтамасыз ету кезінде жәрдем көрсетеді.
      Тараптар қажет болғанда Бірінші учаске құрылысының аяқталу кезіне қарай оны пайдалану мәселелері бойынша жеке келісім жасасады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

14-бап

      Осы Келісім бойынша міндеттемелерді Тараптардың бірінің орындауы үшін кедергі жасайтын мән-жайлар туындаған жағдайда Тараптардың Құзыретті органдары туындаған кедергілерді еңсеру және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету жөнінде өзара қолайлы шешімдер қабылдау мақсатында тиісті консультацияларды өткізеді.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде және/немесе қолдануда Құзыретті органдар арасындағы консультациялар арқылы еңсерілуі мүмкін емес келіспеушіліктер Тараптар арасында тиісті хаттамаларды ресімдей отырып, келіссөздер жолымен шешілетін болады.

15-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың әрқайсысының басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      Тараптар Уәкілетті ұйымдардың Газ құбырын салу жобасын іске асыруға қатысудан туындайтын міндеттемелері бойынша жауапты болмайды.
      Бұл ретте Тараптар Уәкілетті ұйымдардың Газ құбырының объектілерін салу және пайдалану шеңберінде өз міндеттемелерін тиісінше орындауын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдайтын болады.

16-бап

      Осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

      Осы Келісім 33 (отыз үш) жыл мерзімге жасалады.
      Осы мерзім аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бірде-бірі басқа Тарапты Келісімнің қолданылуының кезекті кезеңі өткенге дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданылуын тоқтату туралы өз ниетін жазбаша хабарламаса, ол өздігінен әрбір келесі жылға ұзартылатын болады.
      Осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы осы Келісім шеңберінде жасалған шарттарда (келісімшарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын оның қолданылу кезеңінде қозғамайды.

18-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін бөлігінде қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келісім Тараптар дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша нысанда соңғы хабарламаны алғаннан кейін күшіне енеді.
      2007 жылғы "18" тамызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және қытай тілдерінде, бірдей күші бар екі данада жасалды.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.07.2010 N 330-IV Заңымен.

            Қазақстан                    Қытай Халық
         Республикасының               Республикасының
           Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

   
       2007 жылғы 18 тамызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын Қазақстан Республикасы СІМ-нің 2009 жылғы 1 қыркүйектегі N 11-1/3333 және ҚХР СІМ-нің 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 215 ноталарының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                       Б. Пискорский

    2007 жылғы 18 тамызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                       Ж. Бұхбантаев

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің қытай тіліндегі мәтіні берілген.