Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 218-IV Заңы

Қолданыстағы

      Астанада 2007 жылғы 18 тамызда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

     Қазақстан Республикасының
     Президенті                              Н. Назарбаев

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН
ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІНІҢ АРАСЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ ГАЗ ҚҰБЫРЫН САЛУ МЕН ПАЙДАЛАНУДАҒЫ
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
 (2010 жылғы 8 маусымда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., N 1, 3-құжат)

      РҚАО-ның ескертпесі! Келісімге өзгерту енгізу көзделген - ҚР 2010.07.15 N 330-IV Заңымен.

      Бірлесіп "Тараптар" деп аталатын, бұдан әрі "Қазақстан тарабы" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен бұдан әрі "Қытай тарабы" деп аталатын Қытай Халық Республикасының Үкіметі,
      2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелік келісімді басшылыққа ала отырып,
      түрікмендік және қазақстандық газды Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының аумақтарындағы жаңа газ көлігі қуаттары арқылы тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында,
      Қытай тарабының Түрікменстанмен түрікмен газын сатып алу туралы келісім жасасатынын және оны Қазақстан Республикасының аумағы арқылы (бұдан әрі - ҚР) Қытай Халық Республикасына (бұдан әрі - ҚХР) транзиттік тасымалдауды көздейтінін ескере отырып,
      осы Келісімнің мақсаттарын іске асыру үшін төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар газ тасымалдаудың қажетті көлемін және Газ құбырының экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету шартымен ҚР-дан ҚХР-ға Қазақстан-Қытай газ құбырын (бұдан әрі - Газ құбыры) бірлесіп салуды жүзеге асырады.
      Газ құбыры екі учаскеден тұрады: бірінші учаске - Газ құбырының Өзбекстан Республикасы мен ҚР шекарасынан Шымкент (ҚР) арқылы ҚР және ҚХР шекарасына, Қорғасқа дейінгі (ҚХР аумағында) өткізу қуаты жылына 40 (қырық) млрд.м3 учаскесі;
      екінші учаске - Газ құбырының өткізу қуаты жылына 10 (он)  млрд.м3 Бейнеу - Бозой -Қызылорда - Шымкент учаскесі.
      Газ құбырының Өзбекстан Республикасы мен ҚР шекарасындағы бірінші учаскесінің бастапқы нүктесі әзірленген инвестициялар негіздемесі (бұдан әрі - ИН) негізінде белгіленсін. Қорғас пунктінің (ҚХР аумағында) ауданы Газ құбырының соңғы нүктесі болып қабылдансын.

2-бап

      Тараптар тиісінше Газ құбырын жобалау, салу және пайдалану жөніндегі жобаны іске асыру үшін бірлескен қызметке арналған, бұдан әрі - Уәкілетті ұйымдар деп аталатын мынадай ұйымдарды тағайындайды:
      Қазақстан тарабынан - "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - ҚМГ) және/немесе ол тағайындаған аффилиирленген компания(лар),
      Қытай тарабынан - Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы (бұдан әрі - ҚҰМК) және/немесе ол тағайындаған аффилиирленген компания(лар).
      Уәкілетті ұйымдарды ауыстырған жағдайда Құзыретті органдар дереу бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне хабарлайды және тиісті құқықтық мирасқорлықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

3-бап

      Тараптар ҚР мен ҚХР-дың тиісті Құзыретті органдарымен келісу үшін Уәкілетті ұйымдарға ИН бойынша бірлескен түпкілікті есепті дайындауды тапсырады.

4-бап

      Тараптардың міндеттемелері:
      Әр Тарап осы Келісімде көзделген Газ құбырын жобалау, салу және пайдалану жөніндегі жобаны іске асыруды қолдайды және оны жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдайды.
      Тараптар Газ құбырын салу және пайдалану үшін қажетті және қолайлы жағдайлар жасау және қолдау мақсатында ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Қазақстан тарабының міндеттемелері:
      Транзиттік газдың осы Келісімде көзделген көлемін ҚР аумағы арқылы ҚР заңнамасында көзделген рәсімдерге сәйкес, транзитке мемлекеттік алым алмай, еркін және кедергісіз тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
      басқасынан бөлек, ҚР қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамасында көзделгендерді қоса алғанда, Газ құбырын салу және пайдалану үшін ҚР заңнамасы бойынша талап етілетін жерге қажетті құқықтарды, рұқсаттар мен лицензияларды ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен беруге жәрдем көрсету.
      Қытай тарабының міндеттемелері:
      ҚХР-дың құзыретті органдары газ шығатын елдегі газдың экспорттық бағасын басшылыққа ала отырып, бәсекелес баға шартымен Газ құбырының соңғы пунктінде қазақстандық Уәкілетті ұйымнан экспорттық қазақстандық газды сатып алуға қытайлық Уәкілетті ұйымға тапсырма береді;
      Уәкілетті ұйымдардың ҚХР-дың ішкі нарығында қазақстандық газды өткізу жөніндегі бірлескен коммерциялық қызметін қолдау;
      транзиттік мемлекеттердің аумақтарында бос қуаттарға өздерінің құқықтарының шеңберінде ҚР-дың ішкі нарығына беру үшін Қазақстан тарабының осы мемлекеттердің аумақтарында сатып алатын немесе өндіретін газ көлемін тасымалдауға жәрдемдесу;
      басқасынан бөлек, ҚХР-дың қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамасында көзделгендерді қоса алғанда, Газ құбырын салу және пайдалану үшін ҚХР заңнамасы бойынша талап етілетін жерге қажетті құқықтарды, рұқсаттар мен лицензияларды ҚХР заңнамасында белгіленген тәртіппен беруге жәрдем көрсету.

5-бап

      Тараптар Газ құбырын салуды жедел іске асыру үшін күш-жігерін салады. Газ құбырының бірінші учаскесін салудың жоспар-кестесі жобалау-сметалық құжаттама нәтижелерінің негізінде бекітілетін болады.
      Тараптар Уәкілетті органдарға бірінші учаскені салуды 2009 жылдың аяғына дейін аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырады.
      Тараптар Газ құбырының екінші учаскесін салу экономикалық бағалау оның негізділігін көрсеткен кезде іске асырылады деп уағдаласты.

6-бап

      ҚР табиғи монополиялар саласындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын құзыретті мемлекеттік органы газ тасымалдау шығындарын және пайда табу мүмкіндігін ескере отырып, ҚР табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес ҚР аумағында тұтыну үшін Газ құбыры арқылы газ тасымалдауға есептелген тарифті бекітеді.
      Газ құбыры арқылы транзитке газ тасымалдауға арналған тариф жүк жөнелтушілер мен Газ құбырының меншік иесі арасында шарттық негізде анықталады.

7-бап

      Тараптар Уәкілетті ұйымдарға Газ құбырын салудың мақсаттары үшін ұсынылған, қажетті кепілдендірілген газ көлемінің негізінде жобалық қаржыландыруды ұйымдастыруды тапсыруға келісті.
      Қаржы тартудың, оның ішінде қытайлық Уәкілетті ұйымның жоғарыда көрсетілген кепілдіктерді беруінің негізгі принциптері, нысандары мен шарттары Қазақстан - Қытай газ құбырын салудың негізгі принциптері туралы келісімде реттелетін болады.

8-бап

      Уәкілетті ұйымдардың Газ құбырының меншік иесі болып табылатын ұйымдағы қатысу үлестеріне барабар Газ құбырының құрылып жатқан қуаттарына қол жеткізу құқығы болады.
      Осы Келісімнің қолданылу кезеңінде Газ құбырының бірінші учаскесінің қуаты былайша бөлінеді:
      қытайлық Уәкілетті ұйым үшін - жылына 30 млрд.м3;
      қазақстандық Уәкілетті ұйым үшін - жылына 10 млрд.м3.
      Егер Газ құбырының қолда бар қуаты мәлімделген газ көлемін тасымалдауды қамтамасыз ете алмаса, Уәкілетті ұйымдар оның қуатын ұлғайту мақсатында Газ құбырына тиісті техникалық реконструкциялауды жүргізу туралы мәселені немесе бірыңғай көлік дәлізінде жаңа газ құбырын салу мүмкіндігін қарастырады.
      Газ құбырының қуатын ұлғайтуды Тараптар немесе Тараптардың бірі жүзеге асырады.
      Газ құбыры қуатының мұндай ұлғаюына Тараптардың бірінен келісім алынбаған жағдайда Газ құбырының қолда бар қуаты Газ құбырының меншік иесі болып табылатын ұйымға қатысу үлестеріне барабар қайта бөлінетін болады.
      Жоғарыда көрсетілген қуаттардың бөлінуіне сәйкес Уәкілетті ұйымдардың әрқайсысы Газ құбырының өткізу қабілетін мынадай ретпен:
      1. Газ құбырының технологиялық мұқтаждарына қажетті газды тасымалдау үшін;
      2. транзиттік және экспорттық газ көлемін тасымалдау үшін;
      3. ҚР ішкі нарығына газ беру үшін;
      4. Уәкілетті ұйымдардың газды сатып алудың-сатудың коммерциялық шарттары бойынша ұзақ мерзімді негізде сатып алынатын газ беру үшін пайдаланады.

9-бап

      Әрбір Тарап өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Газ құбырын салу және пайдалану үшін негізделген түрде қажет болатын, әділ, ашық, талап-арыз қою күші бар және коммерциялық шарттармен нақты айқындалған, жерге деген осындай құқықтардың берілуін және қолданылуын қамтамасыз етеді.
      Тараптардың бірде-бірі Газ құбыры арқылы тасымалданатын газға меншік құқығына үміттенбейді.

10-бап

      Тараптар Газ құбырын жобалау, қаржыландыру, салу және пайдалану мақсаттары үшін ҚР аумағында құрылатын ұйымның тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы Газ құбырын пайдалануға беруге дейінгі қызметтің негізгі мәні бойынша сатып алу ҚР Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілген қызметтерді қоспағанда. ҚР мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатындығын назарға алады.

11-бап

      Тараптар мынадай:
      ҚР заңнамасына сәйкес Газ құбырын салуға қажетті жабдықтардың, шикізат пен материалдардың импорты кезінде кедендік баж салығын салудан толық немесе ішінара босату түрінде кедендік жеңілдіктерді алу;
      ҚР заңнамасында көзделген тәртіппен салық төлеуден босату түрінде салықтық жеңілдіктерді алу мәселелері бойынша жәрдем көрсетеді.

12-бап

      Осы Келісім ережелерінің орындалуын үйлестіру мен бақылауды мынадай мемлекеттік басқару органдары:
      Қазақстан тарабынан - ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі,
      Қытай тарабынан - ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті,
      бұдан әрі жеке алғанда - Құзыретті орган,
      және бірлесіп - Құзыретті органдар жүзеге асырады.
      Құзыретті орган ауысқан жағдайда Тараптар дереу бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.

13-бап

      Тараптар Газ құбырының объектілерін жобалауға, қаржыландыруға, салуға, пайдалануға беруге және жеткізілімдерге қатысты барлық техникалық-экономикалық және өзге де шешімдерді Тараптардың ҚР заңнамасының ережелеріне, қолданыстағы мемлекеттік және өзге де стандарттарға, құрылыс нормалары мен ережелеріне, Газ құбырын салу және пайдалану кезіндегі сапа мен қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін өзге де нормативтік құжаттарға сәйкес бірлесіп қабылдайтындығы туралы келіседі және уағдаласады.
      Тараптар ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен ҚР аумағында қолдану үшін қабылданған халықаралық стандарттардың, егер олар ҚР-да қолданылатын талаптар мен нормаларға, стандарттарға қайшы келмесе және олардан төмен болмаған жағдайда қолдануға болатыны туралы келіседі.
      Газ құбырының объектілерін пайдалануға қабылдаудың бірыңғай рәсімдерін қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың әрқайсысы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қолданылатын Тараптар  мемлекеттерінің қабылдау комиссияларының актілерін таниды және Газ құбырында бірыңғай технологиялық байланысты жүргізу мен қамтамасыз ету кезінде жәрдем көрсетеді.
      Тараптар қажет болғанда бірінші учаске құрылысының аяқталу кезіне қарай Газ құбырын пайдалану мәселелері бойынша жеке келісім жасасады.

14-бап

      Осы Келісім бойынша міндеттемелерді Тараптардың бірінің орындауы үшін кедергі жасайтын мән-жайлар туындаған жағдайда Тараптардың Құзыретті органдары туындаған кедергілерді еңсеру және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету жөнінде өзара қолайлы шешімдер қабылдау мақсатында тиісті консультацияларды өткізеді.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде және/немесе қолдануда Құзыретті органдар арасындағы консультациялар арқылы еңсерілуі мүмкін емес келіспеушіліктер Тараптар арасында тиісті хаттамаларды ресімдей отырып, келіссөздер жолымен шешілетін болады.

15-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың әрқайсысының басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      Тараптар Уәкілетті ұйымдардың Газ құбырын салу жобасын іске асыруға қатысудан туындайтын міндеттемелері бойынша жауапты болмайды.
      Бұл ретте Тараптар Уәкілетті ұйымдардың Газ құбырының объектілерін салу және пайдалану шеңберінде өз міндеттемелерін тиісінше орындауын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдайтын болады.

16-бап

      Осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

      Осы Келісім 33 (отыз үш) жыл мерзімге жасалады.
      Осы мерзім аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бірде-бірі басқа Тарапты Келісімнің қолданылуының кезекті кезеңі өткенге дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданылуын тоқтату туралы өз ниетін жазбаша хабарламаса, ол өздігінен әрбір келесі жылға ұзартылатын болады.
      Осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы осы Келісім шеңберінде жасалған шарттарда (келісімшарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын оның қолданылу кезеңінде қозғамайды.

18-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келісім Тараптар дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша нысанда соңғы хабарламаны алғаннан кейін күшіне енеді.
      2007 жылғы "18" тамызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және қытай тілдерінде, бірдей күші бар екі данада жасалды.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

            Қазақстан                    Қытай Халық
         Республикасының               Республикасының
           Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

   
       2007 жылғы 18 тамызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын Қазақстан Республикасы СІМ-нің 2009 жылғы 1 қыркүйектегі N 11-1/3333 және ҚХР СІМ-нің 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 215 ноталарының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                       Б. Пискорский

    2007 жылғы 18 тамызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                       Ж. Бұхбантаев

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің қытай тіліндегі мәтіні берілген.