Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы N 191-IV Заңы

Қолданыстағы

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 21-баптан қараңыз.

      Осы Заң заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы қаржы мониторингі субъектілерінің, уәкілетті органның және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының құқықтық қатынастарын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен күдікті операция (бұдан әрі - күдікті операция) - оны жасау нәтижесінде заңды айналымға заңсыз жолмен алынған кірістер тартылады не осы операцияны жүзеге асыру терроризмді және (немесе) экстремизмді қаржыландыруға бағытталады деп жорамалдауға негіздер бар, осы Заңда белгіленген критерийлерге сай келетін операция;
      2) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар - олармен байланысты азаматтық құқықтарды және міндеттерді белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған, оларды жүзеге асыру нысаны мен тәсіліне қарамастан жеке және заңды тұлғалардың ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен іс-әрекеті;
      3) заңсыз жолмен алынған кірістер - қылмыс және (немесе) әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша және (немесе) өзге мүлік;
      4) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) - заңсыз жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті мәмілелер жасау арқылы заңды айналымға тарту, сол сияқты көрсетілген ақшаны және (немесе) өзге мүлікті пайдалану;
      5) корреспондент банк - корреспондент шот шартында көзделген банк операцияларын жүзеге асыратын банк;
      6) қаржы мониторингі - ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар туралы қаржы мониторингі субъектілерінен келіп түсетін ақпаратты жинақтау және талдау жөніндегі шаралардың жиынтығы;
      7) терроризмді (террористік қызметті) қаржыландыру - террористік қызметті жүзеге асыру үшін террористерге және (немесе) террористік ұйымдарға ақша және (немесе) өзге мүлік беру немесе жинау не қаржы қызметін көрсету;
      8) уәкілетті орган - осы Заңға сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын мемлекеттік орган;
      9) шетелдік жария лауазымды адам - шет мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, әкімшілік немесе сот органында қандай да бір лауазымға ие, тағайындалатын немесе сайланатын адам, сондай-ақ шет мемлекет үшін қандай да бір жария функцияны атқаратын кез келген адам.

      2-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға
              (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға
              қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының
              заңнамасы

      1. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-тарау. ЗАҢСЫЗ ЖОЛМЕН АЛЫНҒАН КІРІСТЕРДІ ЗАҢДАСТЫРУДЫҢ
(ЖЫЛЫСТАТУДЫҢ) ЖӘНЕ ТЕРРОРИЗМДІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ

      3-бап. Қаржы мониторингінің субъектілері

      1. Осы заңның мақсаттары үшін қаржы мониторингінің субъектілеріне:
      1) банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;
      2) биржалар;
      3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері;
      4) жинақтаушы зейнетақы қорлары;
      5) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, орталық депозитарий;
      6) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен нотариаттық іс-қимылды жүзеге асыратын нотариустар;
      7) адвокаттар, заң мәселелері бойынша басқа да тәуелсіз мамандар - мынадай қызметтерге:
      жылжымайтын мүлікті сатып алуға және сатуға;
      клиенттің ақшасын, бағалы қағаздарын немесе өзге мүлкін басқаруға;
      банктік шоттарды немесе бағалы қағаздар шоттарын басқаруға;
      компанияларды құру, олардың жұмыс істеуін немесе оларды басқаруды қамтамасыз ету үшін қаражат жинақтауға;
      заңды тұлғалардың не құрылымдардың кәсіпорындар құруға, оларды жұмыс істетуге немесе басқаруға және сатып алуға-сатуға қатысты клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларға қатысатын кездегі жағдайларда;
      8) аудиторлық ұйымдар;
      9) ойын бизнесі мен лотереяларды ұйымдастырушылар;
      10) ақша аударымы қызметін көрсететін почта операторлары жатады.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қаржы мониторингінің субъектілері болып табылмайды.

       4-бап. Қаржы мониторингіне жататын, ақшамен және
              (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операциялар

      1. Осы баптың 2-тармағының 6), 7), 9), 11) және 18) тармақшаларында көзделген операцияларды қоспағанда, егер өзінің сипаты бойынша ол осы баптың 2-тармағында көзделген операциялардың бір түріне жататын болса және қолма-қол нысанда жасалса, ал оның сомасы:
      осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген операция үшін - 1 000 000 теңге сомасына тең немесе одан көп не шетел валютасымен баламасы 1 000 000 теңге сомасына тең немесе одан көп болса;
      осы баптың 2-тармағының 6), 7) және 9) тармақшаларында көрсетілген операциялар үшін - 2 000 000 теңге сомасына тең немесе одан көп не шетел валютасымен баламасы 2 000 000 теңге сомасына тең немесе одан көп болса;
      осы баптың 2-тармағының 2) - 5), 8), 10) - 17) тармақшаларында көрсетілген операциялар үшін - 7 000 000 теңге сомасына тең немесе одан көп не шетел валютасымен баламасы 7 000 000 теңге сомасына тең немесе одан көп болса;
      осы баптың 2-тармағының 18) және 19) тармақшаларында көрсетілген операциялар үшін - 45 000 000 теңге сомасына тең немесе одан көп не шетел валютасымен баламасы 45 000 000 теңге сомасына тең немесе одан көп болса, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция қаржы мониторингіне жатады.
      2. Қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларға:
      1) бәс тігу, ойын мекемелеріндегі құмар ойындар, сондай-ақ лотерея өткізу нәтижелері бойынша ұтысты, оның ішінде электронды нысанда алу;
      2) қолма-қол шетел валютасын айырбастау пункттері арқылы сатып алу, сату және айырбастау;
      3) біржолғы операция ретінде чек немесе вексель бойынша ақша алу, сонымен бірге қатарынан күнтізбелік жеті күн ішінде жүзеге асырылатын операция;
      4) біржолғы операция ретінде құны бір банкнотты құны басқа банкнотқа айырбастау, сонымен бірге қатарынан күнтізбелік жеті күн ішінде жүзеге асырылатын операция;
      5) біржолғы операция ретінде ақшаны клиенттің банктік есепшотынан алу немесе банктік есепшотына салу, сонымен бірге қатарынан күнтізбелік жеті күн ішінде жүзеге асырылатын операция;
      6) біржолғы операция ретінде оффшорлық аймақта тиісінше тіркелген, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар, сондай-ақ оффшорлық аймақта тіркелген банкте есепшоты бар жеке немесе заңды тұлғаның ақшаны клиенттің банктік есепшотына есептеуді немесе аударуды жүзеге асыруы не көрсетілген санаттағы тұлғалардың пайдасына клиенттің ақшаны аударуы, сонымен бірге қатарынан күнтізбелік жеті күн ішінде жүзеге асырылатын операция;
      7) біржолғы операция ретінде жасырын иеленушіге арнап ашылған шетелдегі есепшоттарға (салымдарға) ақшаны аудару, жасырын иеленушіге арнап ашылған шетелдегі есепшоттан (салымнан) ақшаның түсуі, сонымен бірге қатарынан күнтізбелік жеті күн ішінде жүзеге асырылатын операция;
      8) біржолғы операция ретінде үшінші тұлғаның пайдасына жинақ есепшотын (салымын) ашу және (немесе) мұндай есепшотқа ақшаны енгізу, сонымен бірге қатарынан күнтізбелік жеті күн ішінде жүзеге асырылатын операция;
      9) өтеусіз негізде басқа тұлғаның пайдасына клиент жүзеге асыратын төлемдер мен ақша аударымдары;
      10) мәдени құндылықтарды сатып алу (сату), Қазақстан Республикасына әкелу не Қазақстан Республикасынан әкету;
      11) мемлекеттік тіркеу сәтінен бастап үш айдан аз уақыт өткен заңды тұлғалардың жасаған операциялары;
      12) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктері мен Ұлттық почта операторы жүзеге асыратын әкелуді немесе әкетуді қоспағанда, қолма-қол валютаны Қазақстан Республикасына әкелу не Қазақстан Республикасынан әкету;
      13) сақтандыру төлемін жүзеге асыру немесе сақтандыру сыйлықақысын алу;
      14) жинақтаушы зейнетақы қорларына ерікті зейнетақы жарналарын енгізу, аудару, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналарының есебінен жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру;
      15) қаржы лизингінің шарты бойынша мүлікті алу немесе ұсыну;
      16) қызмет көрсету, оның ішінде мердігерлік, тасымалдау, көлік экспедициясы, сақтау, комиссиялар, мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі мәмілелер;
      17) қымбат металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды сатып алу-сату және олармен өзге де операцияларды жүргізу;
      18) міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын және өзге де мүлікпен жасалатын мәмілелер;
      19) бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер жатады.
      3. Күдікті операциялар, олардың жасалған немесе жасалуы мүмкін сомасына қарамастан, қаржы мониторингіне жатады.
      4. Күдікті операцияны айқындау критерийлері:
      1) айқын экономикалық мәні жоқ мәміле жасау;
      2) осы Заңда көзделген қаржы мониторингі рәсімдерінен жалтаруға бағытталған іс-қимыл жасау;
      3) осы операция терроризмді және (немесе) экстремизмді қаржыландыруға бағытталған деп жорамалдауға негіздер бар операция жасау болып табылады.

      5-бап. Қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерін
              тиісінше тексеруі

      1. Қаржы мониторингінің субъектілері заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз клиенттерін тиісінше тексеру жөнінде шаралар қабылдауға тиіс.
      2. Қаржы мониторингінің субъектілері мынадай:
      1) клиентпен іскерлік қатынастар орнатылған;
      2) қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар жүзеге асырылған;
      3) жеке және заңды тұлға туралы бұрын алынған деректердің шынайылығына күдік туғызған негіздер болған жағдайларда клиенттерін тиісінше тексеруді жүзеге асырады.
      3. Қаржы мониторингі субъектілерінің өз клиенттерін тиісінше тексеруі мынадай шараларды жүзеге асыруды қамтиды:
      1) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция жасайтын жеке тұлғаны сәйкестендіруге қажетті мәліметтерді: жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, салық төлеушінің тіркеу нөмірін, жеке сәйкестендіру нөмірін (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес клиентке салық төлеушінің тіркеу нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда) тіркеу;
      2) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция жасайтын заңды тұлғаны сәйкестендіруге қажетті мәліметтерді: құрылтай құжатының деректерін, салық төлеушінің тіркеу нөмірін, бизнес-сәйкестендіру нөмірін (клиентке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық төлеушінің тіркеу нөмірі, бизнес-сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ тұрғылықты жерінің мекен-жайын тіркеу;
      3) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция бойынша алушыны және оның өкілін сәйкестендіруге қажетті мәліметтерді, оның ішінде салық төлеушінің тіркеу нөмірін, алушының және оның өкілінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ол бар болса) тіркеу, сондай-ақ алушының немесе өкілінің қойылған қолдарының (бар болса) салыстырылып тексерілгені туралы белгі қою;
      4) іскерлік қатынастардың болжамды мақсаты мен сипатын анықтау;
      5) қаржы мониторингінің аталған субъектісі арқылы клиент жүзеге
асыратын іскерлік қатынастарды тексеруді және операцияларды зерделеуді тұрақты негізде жүргізу.
      4. Қаржы мониторингі субъектілерінің өз клиенттерін тиісінше тексеруі ішкі бақылау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      6-бап. Клиентпен іскерлік қатынастар орнатқан жағдайда
              қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді
              тиісінше тексеруі

      Қаржы мониторингі субъектілері осы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген шараларды клиенттермен іскерлік қатынастар орнатқанға дейін қабылдауға тиіс.

      7-бап. Қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді
              қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе)
              өзге мүлікпен операцияларды жүзеге асыруы кезінде
              тиісінше тексеруі

      1. Қаржы мониторингі субъектілері осы Заңның 4-бабына сәйкес қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды жүргізгенге дейін осы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген шараларды қабылдайды.
      2. Осы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген шараларды қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, қаржы мониторингі субъектілері клиенттермен іскерлік қатынастар орнатпайды және операциялар жүргізілмейді.

      8-бап. Қаржы мониторингі субъектілерінің шетелдік жария
              лауазымды адамдарды тиісінше тексеруі

      Қаржы мониторингі субъектілері осы Заңның 5-бабының 3-тармағында көзделген шаралардан басқа, шетелдік жария лауазымды адамдарға қатысты қосымша:
      1) клиенттің шетелдік жария лауазымды адамға жататынын тексеруді жүзеге асыруға;
      2) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру жағдайларына осы шетелдік жария лауазымды адамның қатыстылығына байланысты оның беделін бағалауды жүзеге асыруға;
      3) осындай клиенттермен іскерлік қатынастар орнатуға, оларды одан әрі жалғастыруға ұйымның басшы қызметкерінің рұқсатын алуға;
      4) қаражат көздерін анықтау үшін қолжетімді шараларды қабылдауға міндетті.

      9-бап. Қаржы мониторингі субъектілерінің корреспондент
              банктерді тиісінше тексеруі

      Қаржы мониторингі субъектілері осы Заңның 5-бабының 3-тармағында көзделген шаралардан басқа, корреспондент-банктерге қатысты қосымша:
      1) корреспондент банктің беделі туралы мәліметтер жинауды жүзеге асыруға;
      2) корреспондент банктің заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру жағдайларына қатыстылығын бағалауды жүзеге асыруға;
      3) жаңа корреспонденттік қатынастар орнатуға ұйымның басшы қызметкерінің рұқсатын алуға міндетті.

      10-бап. Тиісінше тексеруді жүргізу кезінде мәліметтер
               жинау және құжаттық растау

      1. Қаржы мониторингі субъектілері клиентті тиісінше тексеруді жүргізу кезінде клиент туралы мәліметтерді құжатта тіркеуге міндетті.
      Қаржы мониторингі субъектілерінің түрлері бойынша клиентті тиісінше тексеру үшін қажетті құжаттар тізбесін уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органдармен келісім бойынша айқындайды.
      2. Қаржы мониторингіне жататын операция туралы мәліметтер мен ақпаратты қаржы мониторингі субъектілері тиісті мемлекеттік органдармен келісім бойынша уәкілетті орган айқындаған тәртіппен уәкілетті органға ұсынады.
      3. Қаржы мониторингіне жататын операция туралы мәліметтер мен ақпаратты анықтау, алдын ала тергеу органдарында, соттарда жеке және заңды тұлғалардың атынан өкілдік ету және оларды қорғау мәселелері бойынша заң көмегін көрсетуге байланысты алынған жағдайда, адвокаттар сол мәліметтер мен ақпаратты ұсынбайды.
      4. Клиентті тиісінше тексеруді жүргізу кезінде алынған қаржы мониторингіне жататын операция туралы мәліметтерді уәкілетті органға берумен байланысты шығыстарды қаржы мониторингі субъектілері тартады.

      11-бап. Қаржы мониторингі субъектілерінің ішкі бақылауды
               жүргізуі

      1. Қаржы мониторингінің субъектілері өздерінің көрсететін қызметтерін басқа тұлғалар заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру немесе оған жәрдемдесу мақсаттары үшін пайдаланбайтындай шаралар қабылдайды.
      2. Қаржы мониторингінің субъектілері заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды болғызбау мақсатында ішкі бақылау ережелерін және оны жүзеге асыру бағдарламасын әзірлейді, сондай-ақ ережелерді сақтауға және бағдарламаны іске асыруға жауапты болады.
      3. Қаржы мониторингінің субъектілері тиісті мемлекеттік органдармен келісім бойынша уәкілетті орган бекіткен талаптарды ескере отырып, ішкі бақылау ережелерін әзірлейді, қабылдайды және орындайды.
      4. Осы Заңның 5-бабында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттарын, сондай-ақ жеке басын сәйкестендіруге қажетті құжаттардың көшірмелерін қаржы мониторингі субъектілері клиенттермен қатынастарын тоқтатқан күннен бастап кемінде бес жыл сақтауға тиіс.
      5. Уәкілетті органға ақпаратты ұсынушы қаржы мониторингінің субъектілері бұл туралы өздеріне қатысты ақпарат берілетін клиенттерге және өзге тұлғаларға хабарлауға құқылы емес.
      6. Қаржы мониторингі субъектілерінің уәкілетті органға мәліметтер мен құжаттарды осы Заңда көзделген мақсатта және тәртіппен ұсынуы қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны жария ету болып табылмайды.
      7. Ақпаратты уәкілетті органға осы Заңға сәйкес ұсынған жағдайда қаржы мониторингінің субъектілері, олардың лауазымды адамдары хабарлау нәтижелеріне қарамастан Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ азаматтық-құқықтық шартта көзделген жауаптылықта болмайды.

      12-бап. Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен
               байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесі

      1. Уәкілетті орган терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасайды және оны қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізетін тиісті мемлекеттік органдарға жібереді.
      2. Өз құзыреті шегінде құқықтық статистика мен арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ басқа да құзыретті мемлекеттік органдар уәкілетті органға осы баптың 4-тармағында көрсетілген ұйымдардың және (немесе) жеке тұлғалардың тізбесін жібереді.
      3. Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесі, өз құзыреті шегінде құқықтық статистика мен арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ басқа да құзыретті мемлекеттік органдар ұсынатын ақпаратқа сәйкес, жаңартылып отырады.
      4. Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне ұйымды немесе жеке тұлғаны енгізу үшін:
      1) оның террористік қызметті және (немесе) экстремизмді жүзеге асыруымен байланысты ұйымды тарату туралы Қазақстан Республикасы сотының заңды күшіне енген шешімі;
      2) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында террористік қызметті немесе экстремизмді жүзеге асырушы шетелдік немесе халықаралық ұйымды террористік немесе экстремистік деп тану туралы Қазақстан Республикасы сотының заңды күшіне енген шешімі;
      3) жеке тұлғаны экстремизм белгілері бар қылмысты не Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 233 - 233-3-баптарында көзделген қылмысты жасауға айыпты деп тану туралы Қазақстан Республикасы сотының заңды күшіне енген үкімі;
      4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасында танылатын, террористік қызметті жүзеге асырушы ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға қатысты шет мемлекеттер соттарының үкімдері (шешімдері) және өзге де құзыретті органдарының шешімдері;
      5) терроризмге қарсы күрес жүргізетін халықаралық ұйымдар немесе олар уәкілеттік берген органдар жасаған және Қазақстан Республикасы таныған террористік ұйымдармен немесе террористермен байланысты ұйымдар мен жеке тұлғалардың тізбелері негіз болып табылады.

      13-бап. Ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды
               жүргізуден бас тарту және күдікті операцияларды
               тоқтата тұру

      1. Қаржы мониторингінің субъектілері осы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген шараларды қабылдау мүмкін болмаған жағдайда қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды жүргізуден бас тартуға міндетті.
      2. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру фактілерінің алдын алу және жолын кесу мақсатында қаржы мониторингінің субъектілері күдікті операция туралы ол жасалғанға дейін уәкілетті органға дереу хабарлауға міндетті.
      Тоқтата тұру мүмкін емес күдікті операциялар туралы хабарларды қаржы мониторингінің субъектілері олар жасалғаннан кейін үш сағаттан кешіктірмей не мұндай операциялар анықталған сәттен бастап жиырма төрт сағаттың ішінде уәкілетті органға береді.
      Күдікті операцияларды тоқтата тұру тәртібін уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органдармен келісім бойынша айқындайды.
      3. Уәкілетті орган күдікті операция туралы хабар алғаннан кейін күдікті операция туралы хабар алған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде күдікті операцияның жүргізілуін күнтізбелік үш күнге дейінгі мерзімге тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы.
      4. Қаржы мониторингінің субъектісі ақпарат хабарланған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде уәкілетті органның күдікті операцияны тоқтата тұру туралы не осындай операцияны тоқтата тұрудың қажеті жоқтығы туралы шешімін алмаған жағдайда, аталған операцияны жүргізуге кедергі келтіретін, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге негіздер болмаса, операция жүргізілуге тиіс.
      5. Ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастырумен (жылыстатумен) және терроризмді қаржыландырумен байланысты деп жорамалдауға негіздер болған жағдайда, уәкілетті орган күдікті операция туралы хабар алған сәттен бастап бес сағаттан кешіктірмей ақпаратты олардың құзыретіне сәйкес шешім қабылдауы үшін құқық қорғау органдарына жібереді.
      Тиісті құқық қорғау органдары ақпарат алған сәттен бастап қырық сегіз сағат ішінде тиісті шешім қабылдауға және бұл туралы уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
      6. Қаржы мониторингі субъектілерінің ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияны жүргізуден бас тартуы, сондай-ақ күдікті операцияны осы Заңға сәйкес тоқтата тұруы олардың тиісті шарттардың (міндеттемелердің) талаптарын бұзғаны үшін азаматтық-құқықтық жауаптылығына негіз болып табылмайды.

      14-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға
               (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға
               қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың сақталуын
               бақылау

      Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар туралы ақпаратты тіркеу, сақтау және ұсыну бөлігінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын орындауын, сондай-ақ ішкі бақылауды ұйымдастыруын бақылауды тиісті мемлекеттік органдар өздерінің құзыретіне сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

3-тарау. УӘКІЛЕТТІ ОРГАННЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ

      15-бап. Уәкілетті органның міндеттері

      Уәкілетті органның міндеттері:
      1) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау, мемлекеттік органдардың осы қызмет бағытындағы жұмысын үйлестіру;
      3) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай ақпараттық жүйені құру және республикалық деректер базасын жүргізу;
      4) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
      5) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру болып табылады.

      16-бап. Уәкілетті органның функциялары

      Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында уәкілетті орган:
      1) осы Заңға сәйкес қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар туралы ақпаратты жинауды және өңдеуді жүзеге асырады;
      2) алынған ақпаратты талдауды белгіленген тәртіппен жүзеге асырады;
      3) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді;
      4) соттың қылмыстық іске қатысты сұратуы бойынша іс жүргізуіндегі материалдарды шешу үшін қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар бойынша қажетті ақпаратты жібереді;
      5) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты деп жорамалдауға негіздер болған кезде, құқық қорғау органдарына олардың құзыреттеріне сәйкес іс жүргізу шешімін қабылдауы үшін ақпарат жібереді;
      6) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысады;
      7) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында республикалық дерекқор қалыптастыруды және жүргізуді ұйымдастырады, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің әдіснамалық бірыңғайлығын және келісімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
      8) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және жүргізеді;
      9) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан алынатын ақпараттың негізінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын қорытады, сондай-ақ оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;
      10) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесі мен практикасын зерделейді;
      11) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөнінде іс-шаралар жүргізеді;
      12) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ұйымдардың қызметіне белгіленген тәртіппен қатысады;
      13) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеуді және қадағалауды жүзеге асырушы мемлекеттік органмен келісім бойынша осы Заңның мақсаты үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін айқындайды және оны қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізетін тиісті мемлекеттік органдарға жібереді.

      17-бап. Уәкілетті органның құқықтары мен міндеттері

      1. Уәкілетті орган:
      1) қаржы мониторингінің субъектілерінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан қаржы мониторингіне жататын операциялар бойынша қажетті ақпаратты сұратып алуға;
      2) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру белгілері анықталған жағдайда ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды күнтізбелік үш күнге дейінгі мерзімге тоқтата тұру туралы шешім шығаруға;
      3) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің және халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысуға;
      4) сұрату бойынша немесе дербес түрде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы шетел мемлекетінің органымен ақпарат алмасуға;
      5) мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық, банктік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны қорғау бойынша талаптарды сақтай отырып, қаржы мониторингі саласында сараптама жүргізу, оқыту бағдарламаларын, әдістемелік материалдарды әзірлеу, бағдарламалық және ақпараттық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелерді құру үшін ғылыми-зерттеу және басқа да ұйымдарды, сондай-ақ жекелеген мамандарды жұмысқа тартуға, оның ішінде шарттық негізде тартуға;
      6) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы хабарламаны тиісті мемлекеттік органдарға жіберуге құқылы.
      2. Уәкілетті орган:
      1) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі шараларды қабылдауға;
      2) өз қызметін жүргізу процесінде алынған қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты сақтаудың, қорғаудың тиісті режимін және оның сақталуын қамтамасыз етуге;
      3) қаржы мониторингін жүзеге асыру процесінде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      18-бап. Уәкілетті органның Қазақстан Республикасының
               мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылы

      1. Қаржы мониторингі субъектілерінің заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтауын бақылауды өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қаржы мониторингін және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру үшін уәкілетті органға қажетті ақпаратты ұсынуға;
      2) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын қарауға және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде уәкілетті органға хабарлауға;
      3) қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын, өз қызметі процесінде алынған ақпаратты тиісінше сақтау, қорғау режимін және оның сақталуын қамтамасыз етуге;
      4) бақылау функцияларын жүзеге асыру процесінде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары:
      1) дербес анықтаған кезде күдікті операциялар туралы, оның ішінде нарық бағаларынан көпе-көрінеу алшақ бағаларымен тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) экспорты (импорты) бойынша мәмілелер туралы уәкілетті органға хабарлауға;
      2) дербес анықтаған кезде қаржы мониторингі субъектілерінің осы Заңның нормаларын бұзуы туралы уәкілетті органға хабарлауға;
      3) уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын көлемде және тәртіппен өздерінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтер беруге міндетті.
      Күдікті операция туралы ақпаратты уәкілетті органға ұсыну қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету болып табылмайды.

      19-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға
               (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға
               қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық
               ынтымақтастық

      1. Қазақстан Республикасы уәкілетті органының және өзге де мемлекеттік органдарының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты әрекеттердің алдын алу, анықтау, жолын кесу және тексеру, сондай-ақ аталған кірістерді тәркілеу саласындағы шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган мен шет мемлекеттің құзыретті органы арасындағы халықаралық ынтымақтастық сауал салу және ақпарат алмасу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Уәкілетті орган заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға жауапты шет мемлекеттің құзыретті органдарынан ақпарат пен құжаттарды сұратуға құқылы.
      Уәкілетті орган сұрату бойынша алынған ақпарат пен құжаттарды заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ғана пайдалануға құқылы.
      Уәкілетті органның заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға жауапты шет мемлекеттің құзыретті органдарының алдын ала келісімінсіз олардан сұратып алынған ақпаратты және құжаттарды шет мемлекеттің құзыретті органдары белгілеген шарттар мен шектеулерді бұза отырып үшінші тарапқа беруге немесе пайдалануға құқығы жоқ.
      4. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
      1) егер уәкілетті орган ақпарат беру қажеттілігін сұратуда келтірілген фактілер мен мән-жайлар заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға күдік тудыруға жеткіліксіз деп есептесе;
      2) егер ақпарат беру Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісін жүргізу барысына ықпал ететін болса, шет мемлекеттің құзыретті органдарының сауалын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
      Уәкілетті орган бас тартуы туралы негіздерін көрсете отырып, шет мемлекеттің сауал салушы құзыретті органын бас тартуы туралы хабардар етеді.
      Уәкілетті орган заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға жауапты шет мемлекеттің құзыретті органдарына берілетін ақпаратты пайдаланудың қосымша шарттары мен шектеулерін белгілеуге құқылы.
      5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы баптың ережелері халықаралық ынтымақтастыққа қатысты қолданылады.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      20-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға
               (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға
               қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының
               заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      1. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      2. Уәкілетті органның және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ өздерінің қызметтік міндеттерін жүзеге асыру кезінде қызметтік, коммерциялық, банктік немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қол жеткізе алатын адамдар, оларды жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
      3. Уәкілетті органның өз функцияларын орындауына байланысты уәкілетті органның немесе оның қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттерінен жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.

      21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізудің тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                      Н. Назарбаев