Трансферттік баға белгілеу туралы

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 5 шілдедегі N 67-IV Заңы.

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Заң 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Кіріспені алып тастау көзделген – ҚР 01.07.2024 № 107-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелерде мемлекеттік кіріс ысырабын болдырмау мақсатында трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-бап. Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-1-баппен толықтыру көзделген – ҚР 01.07.2024 № 107-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпарат көздерінен алынған баға – ресми танылған ақпарат көздерінен, биржалық белгіленімдер туралы деректерден, уәкілетті органдардан, сондай-ақ басқа да ақпарат көздерінен алынған баға;

      2) бағалар ауқымы – осы Заңның 17-1-бабында көзделген тәртiппен белгіленетін, салыстырымды экономикалық шарттарда "қол созу" қағидатына сәйкес айқындалған нарықтық бағалардың бірқатар мәндері;

      2-1) бақылау – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына не бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілікті жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес айқындалатын бақылау.

      "Бақылау" деген ұғым трансферттік баға белгілеу бойынша есептіліктің мақсаттары үшін пайдаланылады;

      3) белгіленім кезеңі – мәміле шарттарына сәйкес мәміле тараптары тиісті биржалық тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің), сондай-ақ бағалары биржалық тауарлардың белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарлардың күнделікті орташа арифметикалық баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәнін айқындайтын кезең ішінде тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізуге арналған келісімшартта белгіленген, бірақ биржадағы баға белгіленімдері жарияланған, қатарынан күнтізбелік отыз бір күннен аспайтын баға белгілеу кезеңі;

      3-1) белгіленім күні – ресми танылған ақпарат көздерінде тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) жарияланған баға белгіленімі бар күн;

      4) бірдей тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) – өздеріне тән бірдей негізгі белгілері: физикалық сипаттамалары, сапасы және рыноктағы өтімділігі, шығарған және өндірген елі бар тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер);

      5) бірдей (ал олар болмаған жағдайда – біртекті) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тиісті рыногы – нарықтық баға қалыптасатын тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) межелі (берілетін) рыногы немесе тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) межелі (берілетін) рыногының базасында нарықтық баға объективті түрде қалыптасатын және (немесе) айқындалатын рынок;

      6) біртекті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) – бірдей болмаса да ұқсас сипаттағы және ұқсас құрамдастардан тұратын, бұл оларға бір ғана функцияларды атқаруға және оларды өзара алмастыруға мүмкіндік беретін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер);

      7) дифференциал – мәміле бағасын немесе ақпарат көзінен алынған бағаны салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру үшін қолданылатын түзету мөлшері;

      8) жеңілдікті салық салынатын мемлекет – Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалатын шет мемлекет;

      9) комиссиялық (агенттік) сыйақы – мәмілеге қатысушы мен сауда брокері, трейдер немесе агент арасындағы жеке келісімде көзделген, жасалған мәміле сомасы немесе сомасының пайызы түрінде төленетін, тауарды сатып алу-сату, жұмысты орындау, қызметті көрсету бойынша сауда брокерінің, трейдердің немесе агенттің көрсеткен қызметі үшін төлемақы;

      10) Қазақстан Республикасының аумағында жасалған, халықаралық іскерлік операцияға тікелей өзара байланысты мәміле – нысанасы халықаралық іскерлік операцияның нысанасы болып табылатын мәміле;

      10-1) қаржы жылы – халықаралық топтың жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігі жасалатын кезең;

      10-2) қолайсыз әлеуметтiк-экономикалық салдар – ұлттық мүдделерді іске асыруға кедергі жасайтын немесе оларға қауіп тудыратын, сондай-ақ ұлттық экономиканың орнықты дамуына қатер төндіретін әлеуметтік және экономикалық салдардың жиынтығы;

      11) қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесі – мәміле бағасының қолданылу негізділігін растайтын және уәкілетті органдарға берілетін құжаттар мен ақпарат;

      12) "қол созу" қағидаты – өзара байланысты тараптар арасындағы мәмілелер шарттарын осы Заңда белгіленген тәртіппен айқындалатын нарықтық баға бойынша мәмілелерді жүзеге асыратын тәуелсіз тараптар арасындағы мәмілелер шарттарымен салыстыру негізінде бағалар (маржа, рентабельділік) ауқымын ескере отырып, нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылатын қағидат;

      13) маржа – тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі мәмілелерді жүргізу нәтижесінде сауда брокері, трейдер немесе агент алатын сома;

      14) маржа ауқымы – осы Заңның 17-1-бабында көзделген тәртіппен белгіленетін, салыстырымды экономикалық шарттарда "қол созу" қағидатына сәйкес айқындалған нарықтық маржаның бірқатар мәндері;

      15) мәміле бағасы – осы Заңмен реттелетін мәмілені жасау кезінде мәмілеге қатысушылар қолданатын тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бағасы;

      16) мәмілеге қатысушы – осы Заңмен реттелетін мәмілені жасасқан жеке немесе заңды тұлға;

      17) мәмілелер мониторингі бойынша есептілік – трансферттік бағаларды қолдана отырып есепті кезең ішінде жасалған мәмілені қоса алғанда, уәкілетті орган бекітетін тәртіп пен нысанға сәйкес мәмілеге қатысушы жыл сайын мемлекеттік кіріс органдарына ұсынатын мәмілелер бойынша деректер;

      17-1) медианалық мән – тақ сандар жиынының ортасындағы мән немесе жұп сандар жиынының ортаңғы екеуінің орташа арифметикалық мәні;

      18) нарықтық баға – "қол созу" принципіне сәйкес айқындалатын салыстырымды экономикалық шарттарда бірдей (ал олар болмаған жағдайда – біртекті) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың өзара іс-қимылы кезінде қалыптасқан тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бағасы;

      18-1) нарықтық рентабельділік – "қол созу" қағидатына сәйкес айқындалатын салыстырымды экономикалық шарттарда қалыптасқан рентабельділік;

      18-2) рентабельділік – осы Заңның 12-бабының 1-тармағында көрсетілген әдістерді қолдану үшін пайдаланылатын және бухгалтерлік есепке алу және (немесе) қаржылық есептілік деректері негізінде айқындалатын қаржылық көрсеткіш;

      19) рентабельділік ауқымы – осы Заңның 17-1 және 17-2-баптарына сәйкес айқындалатын, салыстырымды экономикалық шарттарда "қол созу" қағидатына сәйкес айқындалған нарықтық рентабельділіктің бірқатар мәндері;

      20) алып тасталды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      21) салықтар бойынша жеңілдіктер – салық төлеушілердің жекелеген санаттары бойынша салық міндеттемелерінен босату (оларды азайту), инвестициялар жөніндегі келісімшартқа сәйкес инвестициялық салық преференцияларының болуы немесе қызметті арнайы экономикалық аймақтар аумағында жүзеге асыру;

      22) салыстырымды экономикалық шарттар – егер мұндай шарттар арасындағы айырмашылық бағаға ықпал етпесе немесе мәмілелердің шарттарын осы Заңға сәйкес салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру мақсатында түзету мүмкін болса, бірдей (ал олар болмаған жағдайда – біртекті) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығындағы мәмілелердің шарттары;

      23) сауда брокері, агент – мәмілеге қатысушымен жасалған агенттік келісімнің шарттарына сәйкес делдалдық қызмет көрсетулерді орындайтын тұлға;

      24) сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақы – сауда-делдалдық қызмет көрсетулерді жүзеге асырғаны үшін мәміле тараптары бірінің ақшалай сыйақы немесе тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу бағасына жеңілдіктер беру (бағаны кеміту) нысанындағы өтеуі;

      25) трансферттік баға (трансферттік баға белгілеу) – өзара байланысты тараптар арасында қалыптасатын және (немесе) тәуелсіз тараптар арасында мәмілелер жасау кезінде бағалар (маржа, рентабельділік) ауқымы ескеріле отырып, объективті түрде қалыптасатын нарықтық бағадан (маржадан, рентабельділіктен) айырмашылығы болатын, осы Заңға сәйкес бақылауға жататын баға;

      26) трансферттік баға белгілеуді қолдану жөніндегі келісім – белгілі бір кезеңге нарықтық бағаны айқындау әдісі және нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылатын ақпарат көзі белгіленетін, уәкілетті органдар мен мәмілеге қатысушының арасындағы жазбаша шарт;

      27) трейдер – тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде дербес және (немесе) мәмілеге қатысушының тапсырмасы бойынша делдалдық функцияларды жүзеге асыратын тұлға;

      28) түпкі тұтынушы – мәмілеге қатысушылармен осындай мәмілеге қатысушылар жүзеге асыратын мәміленің экономикалық нәтижелеріне ықпал ететін ерекше өзара қарым-қатынастары жоқ тәуелсіз тарап;

      28-1) түсім – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына не бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілік жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес айқындалатын, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін кірістер;

      29) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органы;

      30) ұзақ мерзімдік баға – ресми танылған ақпарат көздерінде және (немесе) мәмілеге қатысушылар арасындағы келісімшартта (шартта) белгілі бір кезеңге белгіленген мәміле бағасы;

      30-1) халықаралық топ – осындай халықаралық топтың негізгі компаниясын қоса алғанда, халықаралық топқа қатысушылар болып табылатын, бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін тұлғалардың жиынтығы:

      осы тармақшаның бiрiншi абзацында көрсетiлген тұлғалар жиынтығының құрамына Қазақстан Республикасының резидентi болып танылатын не Қазақстан Республикасының резиденті болып танылмайтын, бірақ Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк қызметтi құрылымдық бөлiмше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын ең болмағанда бiр тұлға кіреді;

      бақылау және (немесе) қатысу арқылы өзара байланысты болады;

      халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына немесе бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілікті жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес өздеріне қатысты шоғырландырылған қаржылық есептілік жасалады не қаржылық есептілігі тек қана осындай тұлғалардың мөлшеріне немесе деректерінің елеулілігіне орай шоғырландырылған қаржылық есептілік жасалған кезде ескерілмейді;

      30-2) халықаралық топқа қатысушы – мынадай шарттардың біріне сәйкес келетін тұлға:

      халықаралық топтың негізгі компаниясы;

      кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, өзіне қатысты халықаралық топтың шоғырландырылған қаржылық есептілігі жасалатын не егер осындай тұлғаның бағалы қағаздары қор биржасындағы сауда-саттыққа жіберілген болса, шоғырландырылған қаржылық есептілік (ол болмаған жағдайда) жасалуы мүмкін болған тұлға;

      кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына не бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілікті жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес қаржылық есептілігі тек қана осындай тұлғаның мөлшеріне немесе деректерінің елеулілігіне орай халықаралық топтың шоғырландырылған қаржылық есептілігі жасалған кезде ескерілмейтін тұлға;

      осы тармақшаның екінші және (немесе) үшінші және (немесе) төртінші абзацтарында айқындалған, осындай құрылымдық бөлімшені немесе тұрақты мекемені құрған тұлғаны ішкі бақылау не оның қаржылық, салықтық немесе өзге де реттеушілік есептілігі мақсаттары үшін өзіне қатысты жеке қаржылық есептілік жасалатын тұлғаның құрылымдық бөлімшесі немесе тұрақты мекемесі;

      30-3) халықаралық топқа уәклетті қатысушы – халықаралық топтың негізгі компаниясы болып табылмайтын, бірақ:

      халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топтың атынан еларалық есептілікті дайындауға және (немесе) ұсынуға уәкілеттік берген және еларалық есептілікті ұсыну бойынша құқықтық қатынастарда халықаралық топтың негізгі компаниясы сияқты құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыратын,

      немесе халықаралық топқа өзге қатысушы халықаралық топтың немесе осындай қатысушының атынан негізгі есептілікті және (немесе) жергілікті есептілікті тиісті өкілеттіктерді берген халықаралық топқа өзге қатысушы резиденті болып табылатын не халықаралық топқа осындай қатысушы кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын мемлекетте (аумақта) дайындауға және (немесе) ұсынуға уәкілеттік берген халықаралық топқа қатысушы. Уәкілетті қатысушы негізгі есептілікті және (немесе) жергілікті есептілікті ұсыну бойынша құқықтық қатынастарда тиісті өкілеттіктерді берген халықаралық топқа өзге қатысушы сияқты құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.

      Осы Заңда реттелетін құқықтық қатынастарда халықаралық топқа уәкілетті қатысушының әрекеттері (әрекетсіздігі) халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға тиісті өкілеттіктер берген халықаралық топқа қатысушының әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады;

      30-4) халықаралық топтың негізгі компаниясы – бір мезгілде мынадай шарттарды қанағаттандыратын халықаралық топқа қатысушы:

      осындай қатысушы халықаралық топқа басқа қатысушылардың жарғылық капиталына тікелей және (немесе) жанама қатысады және мұндай қатысудың үлесі халықаралық топқа қатысушыларға қатысты шоғырландырылған қаржылық есептілік жасау үшін жеткілікті шаманы құрайды;

      осындай қатысушының үстінен басқа негізгі компания болмайды;

      халықаралық топқа бірде-бір өзге қатысушы осы тармақшада көрсетілген барлық шарттарды бір мезгілде қанағаттандырмайды;

      31) халықаралық іскерлік операциялар – мәмілеге қатысушының бірі Қазақстан Республикасында тіркелмеген бейрезидент болып табылатын және мәмілеге қатысушының екіншісі Қазақстан Республикасының резиденті немесе Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент болып табылатын мәмілелер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы резиденттерінің Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тысқары жерлерде жасаған мәмілелері;

      32) шоғырландырылған қаржылық есептілік – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына не бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілік жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес жасалатын, халықаралық топтың негізгі компаниясының және халықаралық топқа басқа да қатысушылардың активтері, міндеттемелері, капиталы, кірістері, шығыстары және ақша ағындары бір тұлғаның активтері, міндеттемелері, капиталы, кірістері, шығыстары және ақша ағындары ретінде ұсынылған халықаралық топтың қаржылық есептілігі.

      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (01.01.2009 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV; 05.12.2013 № 152-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.12.2017 № 122-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-бап. Трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауды жүзеге асыру

      1. Трансферттік баға белгілеу кезіндегі бақылау (бұдан әрі - бақылау) мынадай:

      1) халықаралық іскерлік операциялар бойынша;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында жасалған, мынадай:

      тараптардың бірі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы өндірген, өткізілетін пайдалы қазбалар бойынша;

      тараптардың бірінде салықтар бойынша жеңілдіктер болатын;

      тараптардың бірі мәмілелер жасасатын жылдың алдындағы соңғы екі салықтық кезең ішінде салық декларацияларының деректері бойынша залал шегетін;

      тараптарда корпоративтік табыс салығының әртүрлі мөлшерлемесі болатын халықаралық іскерлік операцияларға тікелей өзара байланысты мәмілелер бойынша жүзеге асырылады.

      2. Бақылау уәкілетті органдардың:

      1) мәмілелер мониторингін;

      2) тексерулер;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де рәсімдерді жүргізуі арқылы жүзеге асырылады.

      3. Алып тасталды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4. Алып тасталды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Уәкілетті органдардың өкілеттіктері

      1. Уәкілетті органдар бақылауды жүзеге асыру мақсатында:

      1) мәмілеге қатысушылардан, мемлекеттік органдардан және үшінші тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен нарықтық баға мен дифференциалды айқындауға қажетті ақпаратты, сондай-ақ мәмілелерге мониторинг жүргізу үшін басқа да деректерді сұратуға;

      2) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) мәмілелер мониторингін жүзеге асыруға;

      4) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      5) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      6) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен трансферттік баға белгілеуді қолдану жөнінде келісім жасасуға;

      7) осы Заңның 7-2 және 7-3-баптарында белгіленген жағдайларда, халықаралық топқа қатысушыға есепті қаржы жылы үшін негізгі және (немесе) еларалық есептілікті уәкілетті органға ұсыну туралы талапты жіберуге құқылы.

      2. Алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Уәкілетті органдар:

      1) осы Заңның ережелері қолданылатын мәмілеге қатысушылардың және халықаралық топқа қатысушылардың құқықтарын сақтауға;

      2) мемлекет мүдделерін қорғауға;

      3) қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін, оның ішінде мәміленің бағасын растайтын құжаттарды және дифференциалды, нарықтық бағаны айқындау әдістерінің бірінің қолданылғаны туралы ақпаратты және қолданылатын бағаның негізділігін растайтын басқа да ақпаратты қарауға;

      3-1) мәмілеге қатысушының трансферттік баға белгілеуді қолдану жөнінде келісім жасасуға өтінішін мәмілеге қатысушыдан өтініш алған күннен бастап тоқсан жұмыс күні ішінде қарауға;

      3-2) мәмілеге қатысушының өтінішін қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде трансферттік баға белгілеуді қолдану жөнінде келісім жасасудан бас тартудың себептерін көрсете отырып, мәмілеге қатысушыға жазбаша жауап жіберуге;

      4) мәмілелер мониторингі бойынша белгіленген есептілік нысандарын толтыру тәртібін түсіндіруге;

      5) бақылауды жүзеге асыру барысында алынған мәліметтердің құпиялылығын сақтауға;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеру нәтижелері бойынша мәмілеге қатысушылардың шағымдарын қарауға міндетті.

      4. Уәкiлеттi органдар осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкілеттіктердi орындайды.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 № 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Мәмілеге қатысушылардың және халықаралық топқа қатысушылардың құқықтары мен міндеттері

      1. Мәмілеге қатысушылардың және халықаралық топқа қатысушылардың:

      1) уәкілетті органдарға қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін, оның ішінде мәміленің бағасын және дифференциалды растайтын құжаттарды, нарықтық бағаны айқындау әдістерінің бірін қолдану туралы ақпаратты және қолданылатын бағаны растайтын басқа да ақпаратты беруге;

      2) уәкілетті органдардан Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы бойынша ақпарат пен түсіндірмелер алуға;

      3) бақылауды жүзеге асыруға байланысты туындайтын мәселелер бойынша жеке өзі не өзінің өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өз мүдделерін білдіруге;

      4) бақылауды жүзеге асыру және салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасау барысында уәкілетті органдарға қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін және қолданылатын бағаны растайтын басқа да ақпаратты беруге;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен тексерулердің актілері бойынша хабарламаларға және уәкілетті органдар лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;

      6) тексеруге дейін мәміленің бағасын және (немесе) салық салу объектілерін, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілерді дербес түзетуге;

      7) уәкілетті органдармен трансферттік баға белгілеуді қолдану жөнінде келісімдер жасасуға құқығы бар.

      Бұл ретте халықаралық топқа қатысушының өзінің атынан еларалық және (немесе) негізгі және (немесе) жергілікті есептілікті дайындауға және (немесе) ұсынуға халықаралық топқа басқа қатысушыға уәкілеттік беруге де құқығы бар.

      2. Мәмілеге қатысушылардың және халықаралық топқа қатысушылардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары бар.

      3. Мәмілеге қатысушылар:

      1) осы Заңға сәйкес міндеттерін уақтылы және толық көлемде орындауға;

      2) уәкілетті органдардың заңды талаптарын орындауға;

      3) мәміленің қолданылатын бағасының негізділігін растайтын есептілікті және құжаттаманы жүргізуге;

      4) осы Заңда айқындалған тәртіппен уәкілетті органдарға мәмілелер мониторингі бойынша ақпаратты және есептілікті, сондай-ақ өзге де құжаттарды ұсынуға міндетті.

      Уәкілетті органдардың сұрау салуы бойынша мәмілеге қатысушы мәміленің қолданылатын бағасының негізділігін растайтын ақпаратты және құжаттарды күнтізбелік тоқсан күн ішінде ұсынады;

      5) тексерулер жүргізу барысында уәкілетті органдардың талап етуі бойынша қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін, оның ішінде мәміленің бағасын және дифференциалды растайтын құжаттарды, нарықтық бағаны айқындау әдістерінің бірін қолдану туралы ақпаратты және қолданылатын бағаны растайтын басқа да ақпаратты беруге;

      6) егер мәмілеге қатысушыға жергілікті есептілікті ұсыну жөніндегі міндет жүктелген болса, осындай есептілікті жүргізуге міндетті.

      4. Халықаралық топқа қатысушылар:

      1) осы Заңға сәйкес міндеттерін уақтылы және толық көлемде орындауға;

      2) уәкілетті органдардың заңды талаптарын орындауға;

      3) осы Заңның 5-1-бабына сәйкес уәкілетті органға халықаралық топқа қатысу туралы өтінішті ұсынуға;

      4) егер халықаралық топқа қатысушыға негізгі және (немесе) еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндет немесе талап жүктелген болса, осындай есептілікті жүргізуге;

      5) осы тармақтың 6) тармақшасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның ережелеріне сәйкес уәкілетті органға трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті ұсынуға;

      6) осы Заңның ережелеріне сәйкес уәкілетті органдардың талап етуі бойынша негізгі және (немесе) еларалық есептілікті ұсынуға міндетті.

      5. Мәмілеге қатысушылар және халықаралық топқа қатысушылар осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді орындайды.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 25.12.2017 № 122-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-1-бап. Халықаралық топқа қатысу туралы өтініш

      1. Халықаралық топқа қатысушы уәкілетті органға есепті қаржы жылынан кейінгі жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей өзінің халықаралық топқа қатысуы туралы өтінішті ұсынуға міндетті.

      Өтініштің нысанын және оны толтыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

      2. Алып тасталды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Халықаралық топқа қатысушы мәліметтердің толық емес екенін, халықаралық топқа қатысу туралы ұсынылған өтінішті толтыруда дәлсіздіктерді не қателерді анықтаған жағдайда осындай қатысушы жаңартылған ақпаратты ескере отырып, түзетілген өтінішті ұсынуға міндетті.

      Бұл ретте осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім түзетілген өтінішті ұсынуға қолданылмайды.

      4. Халықаралық топқа қатысушының халықаралық топқа қатысу туралы өтінішті ұсынбауы немесе халықаралық топқа осындай қатысушының уәкілетті органға анық емес мәліметтерді қамтитын өтінішті ұсынуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      Ескерту. Заң 5-1-баппен толықтырылды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Мәмілелер мониторингі

      1. Мәмілелер мониторингі мәмілеге қатысушылар қолданатын бағаларды уәкілетті органдардың байқап отыруы арқылы жүзеге асырылады.

      2. Халықаралық іскерлік операциялар мәмілелер мониторингіне жатады.

      Мәмілелер мониторингі бойынша есептілік уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес халықаралық іскерлік операциялар бойынша ұсынылады.

      3. Мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқығаны анықталған жағдайда уәкілетті органдар мәмілелер мониторингінің нәтижелері бойынша трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша тексеру жүргізеді.

      4. Мәмiлелер мониторингiн жүзеге асыру қағидаларын уәкілетті орган бекiтедi және оларда мәмiлеге қатысушының мәмілелер мониторингі бойынша бекiтiлген есептiлiк нысандарын толтыру және оларды уәкілетті органдарға ұсыну тәртібі, сондай-ақ мәмілелер мониторингі бойынша құжаттама жүргiзу тәртібі қамтылады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (01.01.2009 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Трансферттік баға белгілеу бойынша есептілік

      Ескерту. 7-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Трансферттік баға белгілеу бойынша есептілік мынадай есептілік түрлерінен тұрады:

      1) жергілікті;

      2) негізгі;

      3) еларалық.

      Трансферттік баға белгілеу бойынша есептіліктің нысандарын және оларды толтыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

      2. Алып тасталды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Мәмілеге қатысушы және (немесе) халықаралық топқа қатысушы ұсынылған есептілікте мәліметтердің толық емес екенін, оны толтыруда дәлсіздіктерді не қателерді анықтаған жағдайда, мұндай қатысушы жаңартылған ақпаратты ескере отырып, түзетілген есептілікті ұсынуға міндетті.

      Бұл ретте есептілікті ұсыну бойынша осы Заңда белгіленген мерзімдер түзетілген есептілікті ұсынуға қолданылмайды.

      4. Мәмілеге қатысушының және (немесе) халықаралық топқа қатысушының осы бапта көзделген есептілікті ұсынбауы немесе анық емес мәліметтерді қамтитын есептілікті ұсынуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 25.12.2017 № 122-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-1-бап. Жергілікті есептілік

      1. Мәмілеге қатысушы есепті қаржы жылы үшін жергілікті есептілікті уәкілетті органға есепті қаржы жылынан кейінгі 12 айдан кешіктірмей ұсынады.

      2. Алып тасталды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Осы баптың ережелері есепті қаржы жылында осы Заңның 11-бабы екінші бөлігінің 16) – 20) тармақшаларына сәйкес өзара байланысты тараптар деп айқындалған тұлғалармен жасалған мәмілелерді қоспағанда, осы Заңның 3-бабының 1-тармағында көрсетілген мәмілелерді өзара байланысты тараптармен жасаған және түсімінің мөлшері есепті қаржы жылының алдындағы қаржы жылы үшін өзінің қаржылық есептілігіне сәйкес республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті қаржы жылының алдындағы жылдың 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем болмайтын мәмілеге қатысушыға қолданылады.

      Ескерту. Заң 7-3-баппен толықтырылды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-2-бап. Негізгі есептілік

      1. Халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылы үшін негізгі есептілікті уәкілетті органға оның талап етуі бойынша ұсынады.

      Халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылы үшін негізгі есептілікті ұсыну туралы талапты алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде халықаралық топқа қатысушы осындай есептілікті уәкілетті органға ұсынады. Уәкілетті орган негізгі есептілікті халықаралық топқа қатысушыдан тиісті қаржы жылы аяқталған күннен кейінгі он екі ай өткен соң талап ете алады.

      Бұл ретте халықаралық топқа қатысушы бейрезидент болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясының немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушының (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға негізгі есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) жасау жөніндегі талаптары Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген негізгі есептілік бойынша ақпаратқа ұқсас ақпаратты қамтитын негізгі есептілігінің нотариат куәландырған көшірмесін ұсынған жағдайда негізгі есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттеме орындалды деп есептеледі. Егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы негізгі есептілікті шет мемлекеттің құзыретті органына электрондық түрде ұсынған жағдайда, мұндай есептіліктің көшірмесін нотариатта куәландыру талап етілмейді.

      2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, уәкілетті органның талап етуі бойынша негізгі есептілікті ұсыну жөніндегі міндет халықаралық топқа мынадай қатысушыларға:

      1) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясына;

      2) халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға (егер халықаралық топқа уәкілетті қатысушы негізгі есептілікті ұсынуға тиіс болған жағдайда);

      3) халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы болып табылмайтын резидентке;

      4) егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топқа уәкілетті қатысушы негізгі есептілікті ұсынуға тиіс болған жағдайда) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса, халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке қолданылады.

      Егер осы тармақтың 3) немесе 4) тармақшасында аталған тұлғаның атынан халықаралық топқа уәкілетті қатысушы немесе осы тармақтың 3) немесе 4) тармақшасында аталған тұлға қатысушысы болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен негізгі есептілікті ұсынған жағдайда, онда осы тармақтың 3) немесе 4) тармақшасында аталған тұлғаның уәкілетті органның талап етуі бойынша негізгі есептілікті ұсыну жөніндегі міндеті орындалды деп есептеледі.

      3. Осы баптың ережелері бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін халықаралық топқа қатысушыға қолданылады:

      1) халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылында осы Заңның 3-бабында көрсетілген мәмілелерді жасайды;

      2) негізгі есептілік ұсынылатын есепті қаржы жылының тікелей алдындағы қаржы жылы үшін халықаралық топтың шоғырландырылған қаржылық есептілігі бойынша түсім мөлшері:

      егер халықаралық топтың негізгі компаниясы Қазақстан Республикасының резиденті болып табылған жағдайда – Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалған валюта айырбастаудың тиісті қаржы жылындағы орташа арифметикалық нарықтық бағамы қолданыла отырып, 750 миллион еуроға баламалы;

      егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылған жағдайда және осындай шет мемлекетте еларалық есептілікті ұсыну бойынша заңнама болған кезде – осындай мемлекеттің құзыретті органына еларалық есептілік ұсыну жөніндегі міндеттің туындауы үшін халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) резиденті болып табылатын шет мемлекеттің заңнамасында белгіленген сомадан кем емес болады.

      Ескерту. Заң 7-3-баппен толықтырылды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгзілді – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-3-бап. Еларалық есептілік

      1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылы үшін еларалық есептілікті уәкілетті органға есепті қаржы жылынан кейінгі 12 айдан кешіктірмей ұсынады.

      Осы баптың 3-тармағында көрсетілген халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылы үшін еларалық есептілікті уәкілетті органға оның талап етуі бойынша, еларалық есептілікті ұсыну туралы талапты халықаралық топқа қатысушы алған күннен бастап 12 айдан кешіктірмей ұсынады.

      Бұл ретте халықаралық топқа қатысушы бейрезидент болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясының немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушының (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) жасау жөніндегі талаптары Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген еларалық есептілік бойынша ақпаратқа ұқсас ақпаратты қамтитын еларалық есептілігінің нотариат куәландырған көшірмесін ұсынған жағдайда еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттеме орындалды деп есептеледі. Егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы еларалық есептілікті шет мемлекеттің құзыретті органына электрондық түрде ұсынған жағдайда, мұндай есептіліктің көшірмесін нотариатта куәландыру талап етілмейді.

      2. Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше белгіленбесе, еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндет халықаралық топқа мынадай қатысушыларға:

      1) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясына;

      2) халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға (егер осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) жүктеледі.

      3. Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше белгіленбесе, уәкілетті органның талап етуі бойынша еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндет халықаралық топқа мынадай қатысушыларға:

      1) мынадай шарттардың бірі сақталған кезде:

      халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің (аумақтың) заңнамасына сәйкес еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттемелері болмаса;

      халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаған болса (уәкілетті органда ақпарат, оның ішінде шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органынан алынған ақпарат болған кезде);

      халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) резиденті болып табылатын мемлекеттің (аумақтың) Қазақстан Республикасымен салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы ережені көздейтін қолданыстағы халықаралық шарты (келісімі) болмаса;

      халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) резиденті болып табылатын мемлекет (аумақ) уәкілетті органмен автоматты түрде ақпарат алмасу жөніндегі міндеттемелерді жүйелі түрде орындамауға жол берсе, халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы болып табылмайтын резидентке;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген шарттарға ұқсас шарттардың бірі сақталған кезде халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке қолданылады.

      Осы тармақтың 1) тармақшасы бесінші абзацының мақсаттары үшін Қазақстан Республикасымен салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы ережені көздейтін халықаралық шарт (келісім) болған кезде шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органы уәкілетті органға еларалық есептілік бойынша мәліметтерді ұсынудан бас тартқан немесе шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органы уәкілетті органмен қатысушыларының бірі Қазақстан Республикасының резиденті немесе Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент болып табылатын халықаралық топқа қатысты еларалық есептіліктің деректері бойынша автоматты түрде ақпарат алмасуды уәкілетті орган тиісті сұрау салуды жібергеннен кейін екі жылдан астам уақыт ішінде жүзеге асырмаған жағдайлар автоматты түрде ақпарат алмасу жөніндегі міндеттемелерді жүйелі түрде орындамау деп түсініледі.

      4. Осы баптың ережелері, егер еларалық есептілік ұсынылатын есепті қаржы жылының тікелей алдындағы қаржы жылы үшін халықаралық топтың шоғырландырылған қаржылық есептілігі бойынша түсім мөлшері:

      егер халықаралық топтың негізгі компаниясы Қазақстан Республикасының резиденті болып табылған жағдайда – Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалған валюта айырбастаудың тиісті қаржы жылындағы орташа арифметикалық нарықтық бағамы қолданыла отырып, 750 миллион еуроға баламалы;

      егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылған жағдайда және осындай шет мемлекетте еларалық есептілікті ұсыну бойынша заңнама болған кезде – осындай мемлекеттің құзыретті органына еларалық есептілік ұсыну жөніндегі міндеттің туындауы үшін халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы резиденті болып табылатын шет мемлекеттің заңнамасында белгіленген сомадан кем емес болатын жағдайда халықаралық топтың негізгі компаниясына немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) немесе уәкілетті органның талап етуі бойынша еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндет жүктелген халықаралық топқа өзге қатысушыға қолданылады.

      5. Уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органынан салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы ережені көздейтін халықаралық шарт (келісім) негізінде, қатысушыларының бірі Қазақстан Республикасының резиденті немесе Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент болып табылатын халықаралық топтың қызметіне қатысты еларалық есептілік деректерінің осындай халықаралық шарттың (келісімнің) тараптары белгілеген тәртіппен және мерзімдерде жыл сайынғы негізде автоматты түрде ақпарат алмасу арқылы ұсынылуын сұратуға және талап етуге тиіс.

      6. Шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органы өзаралық қағидатын сақтаған жағдайда, уәкілетті орган тараптарының бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы ережені көздейтін қолданыстағы халықаралық шарт (келісім) негізінде халықаралық топқа қатысушы резидент немесе кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент болып табылатын шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органына Қазақстан Республикасында халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы ұсынған еларалық есептіліктің тиісті деректерін шет мемлекеттің сұрау салуы бойынша осындай халықаралық шарттың (келісімнің) тараптары белгілеген тәртіппен және мерзімдерде автоматты түрде ақпарат алмасу арқылы жіберуге тиіс.

      Осы баптың мақсаттары үшін өзаралық қағидаты деп уәкілетті органның және шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органының еларалық есептіліктің деректерін өзара ұсынуы түсініледі.

      Ескерту. Заң 7-3-баппен толықтырылды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

7-4-бап. Салық салу мақсатында трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті пайдалану

      Уәкілетті орган трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті салық салу мақсатында пайдалануға құқылы.

      Ескерту. Заң 7-4-баппен толықтырылды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

8-бап. Уәкілетті органдардың басқа ұйымдармен өзара іс-қимылы

      1. Уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мына субъектілерден:

      1) мемлекеттік органдардан;

      2) банктерден, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан;

      3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан, сақтандыру брокерлерінен;

      4) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларынан;

      5) аудиторлардан, аудиторлық ұйымдардан;

      6) халықаралық іскерлік операцияларға қатысы бар өзге де ұйымдардан мәміле бағасының қолданылу дұрыстығын айқындау үшін қажетті ақпарат сұратуға құқылы.

      2. Ақпарат беру және мемлекеттік органдардың мамандарын тексерулерге тарту туралы сауалдар күнтізбелік отыз күн ішінде орындалуға міндетті.

9-бап. Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша тексерулер жүргізу

      1. Уәкілетті органдар мынадай жағдайларда:

      1) мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқуы анықталған кезде;

      2) мемлекеттік органдардан алынған трансферттік бағаларды қолдану фактілері туралы ақпарат негізінде;

      3) нарықтық бағалар бойынша ақпарат көздері болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтау мәселелері бойынша уәкілетті органдар жүзеге асыратын тексерулерді жүргізу кезінде трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша тексерулер жүргізеді.

      2. Трансферттік бағаларды қолдану саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

      Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын тексеруді және мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүргізу тәртібі мен мерзімдерінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының салық заңнамасында және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету

      1. Тексеру жүргізу барысында бағалар ауқымы ескеріле отырып, мәміле бағасының нарықтық бағадан және (немесе) мәмілеге қатысушы рентабельділігінің рентабельділік ауқымынан ауытқу фактісі анықталған кезде уәкілетті орган осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген тәртіппен салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасайды.

      2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, биржалық тауарлар бойынша ақпарат көздерінде көрсетілген бағалар ауқымы және дифференциал ескеріле отырып, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасалады. Биржалық тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      3. Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше көзделмесе, ауыл шаруашылығы өнімімен мәмілелер бойынша мәміленің бағасы нарықтық бағадан он проценттен артық ауытқыған кезде, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасалады.

      4. Ағымдағы күнтізбелік жылдың алдағы айларының бірінде өндірілген (алынған) ауыл шаруашылығы өніміне қатысты ағымдағы күнтізбелік жылдың 15 наурызы мен 1 шілдесі аралығындағы кезеңде жасалған экспорттық шарттар бойынша, егер экспорттық келісімшарт жасалғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде осы ауыл шаруашылығы өнімінің бөлек есебі жүргізілген және мәмілеге қатысушының (сатушының) банктік шоттарына резидент еместен экспорттық келісімшарттың жалпы сомасының кемінде елу проценті мөлшерінде ақшалай қаражат түскен жағдайда, мәміле бағасы мамандандырылған ұйымның ағымдағы күнтізбелік жылға белгіленген коммерциялық сатып алу бағасынан төмен болмаса, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасалмайды.

      5. Салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету мәміле бағасының ақпарат көзінде көрсетілген, бағалар ауқымынан алынған медианалық мән ретінде айқындалған нарықтық бағадан ауытқуы кезінде мыналармен:

      1) жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген;

      2) тауар айырбастау (бартерлік) операцияларын жүзеге асыратын;

      3) мәміле жасалған жылдың алдындағы соңғы екі салық кезеңінде салық декларацияларының деректері бойынша залал шеккен;

      4) салықтар бойынша жеңілдіктері бар;

      5) қарсы біртекті талапты есепке алу (талапты басқаға беру кезіндегі есепке алуды қоса алғанда) жолымен жүргізілетін мәмілелер жөніндегі міндеттемелерді орындауды жүзеге асыратын қатысушылармен жасалатын мәмілелерге жасалады.

      5-1. Уәкілетті орган өзара байланысты тараптармен жасалған мәмілелер бойынша мәміле бағасы ақпарат көзінде көрсетілген, бағалар ауқымынан алынған медианалық мән ретінде айқындалған нарықтық бағадан ауытқыған кезде жүргізілген салықтық тексерудің нәтижелері бойынша салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге түзету жүргізеді.

      6. Салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасау негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұлдар мен өсімпұлдар қолданыла отырып, осы мәмілелердің есепті кезеңдегі табыстары немесе шығыстары және басқа да салық салу объектілері бағалар ауқымы ескеріле отырып, нарықтық баға тұрғысынан айқындалатын жағдайдағыдай болып есептелетін салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жүргізіледі.

      7. Салықтар және (немесе) кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктері бар мәмілеге қатысушыда бағалар ауқымы ескеріле отырып, мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу фактісі анықталған жағдайда, мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқуы анықталған кезеңде салықтарды және төлемдерді төлеу Қазақстан Республикасының салықтық және кедендік міндеттемелерді азайтатын заңнамасының арнайы ережелері қолданылмастан, жалпы белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      8. Салыстырымды экономикалық шарттарда "қол созу" принципіне сай келмейтін, осы Заңның 16-бабына сәйкес жүзеге асырылатын пайданы бөлу фактісі анықталған кезде салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету есепті салық кезеңінің қорытындылары бойынша өзара байланысты тараптар арасында жасалады.

      Осы тармаққа сәйкес түзету Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес талап етілетін құжаттардың нысандарын ресімдей отырып, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жөнелтілгенін растайтын төлем құжаттарын және бастапқы құжаттарды тиісті өзгертусіз, салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді өзгерту жолымен жүзеге асырылады.

      Мәмілеге қатысушының жалпы пайданың бір бөлігін өзара байланысты тараптар арасында бір мезгілде аудара отырып, осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жасаған түзетуі жағдайында алынған пайда есепті салық кезеңінде өткізуден түскен табыс ретінде қаралады, ал берілген пайда есепті салық кезеңінде өткізуден түскен табысты азайту ретінде қаралады.

      Осы тармаққа сәйкес салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге жасалатын түзету әрбір мәміле бойынша жеке-жеке, осы баптың 9-тармағында көзделген шарттарды сақтап, тиісті есептер қоса беріле отырып, мемлекеттік кіріс органдарына табыс етілетін тиісті салық есептілігінде көрсетілуге тиіс.

      9. Егер мұндай түзету салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомаларының өсуіне әкеп соғатын немесе одан әрі өсуіне әкеп соғуы мүмкін болса, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасалады.

      10. Бағалар ауқымы ескерiле отырып, мәмiле бағасының нарықтық бағадан ауытқуы кезiнде салық салу объектiлерiне және (немесе) салық салумен байланысты объектiлерге мынадай жағдайларда:

      1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта мәміле бағасы және (немесе) баға белгілеу тәртібі (әдістемесі) белгіленген немесе айқындалған;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен басқа да мемлекеттердің үкіметтері арасындағы келісімдерде мәміле бағасы белгіленген;

      2-1) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мәміле бағасы және (немесе) баға белгілеу тәртібі (әдістемесі) белгіленген кезде түзету жасалмайды.

      Мәміле бағасының осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) – 3) тармақшаларына сәйкес белгіленген және (немесе) қалыптастырылған бағадан ауытқуы кезінде салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді түзету осы Заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мәміле бағасын және (немесе) баға белгілеу тәртібін (әдістемесін) белгілеу туралы өтінішті мәмілеге қатысушы ұсынылып отырған бағаның және (немесе) баға белгілеу тәртібінің (әдістемесінің) экономикалық негіздемесін, қолайсыз әлеуметтік-экономикалық салдарлардың туындау қатерін растайтын құжаттарды (есептерді, негіздемелерді) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мәміле бағасын және (немесе) баға белгілеу тәртібін (әдістемесін) белгілеу қажеттігінің негіздемесін қоса тіркей отырып, мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға ұсынады.

      Мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган өтінішті алған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей мынадай шешімдердің бірін:

      1) мәміле бағасын және (немесе) баға белгілеу тәртібін (әдістемесін) белгілеудің орындылығы туралы шешім қабылдайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне мәміле бағасын және (немесе) баға белгілеу тәртібін (әдістемесін) белгілеу туралы ұсыныстарды жолдайды;

      2) мәміле бағасын және (немесе) баға белгілеу тәртібін (әдістемесін) белгілеудің орынсыздығы туралы шешім қабылдайды және мәмілеге қатысушыға дәлелді бас тартуды жолдайды.

      11. Салық төлеуші кешенді салықтық тексеруді (трансферттік баға белгілеу мәселелері енгізілген жағдайда) және трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша тақырыптық тексеруді жүргізу басталғанға дейін салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге дербес түзету жасаған кезде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомалары бағалар ауқымы және (немесе) рентабельділік (маржа) ауқымы қолданыла отырып есептеледі және уәкілетті органға ұсынылатын тиісті салық есептілігі көрсетіле отырып, айыппұл есептелмей енгізілуге тиіс.

      12. Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген мәмілеге қатысушының салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілеріне түзету мынадай түрде:

      1) осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген әдісті қолдану кезінде – осы Заңның 13-бабы 5-тармағының ережелері ескерілмей;

      2) осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген әдістерді қолдану кезінде жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген мәмілеге қатысушының рентабельділігі ескерілмей жүргізіледі.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.12.2013 N 152-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 9-б. қараңыз); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-1-бап. Жекелеген жағдайларда нарықтық бағаны айқындау және салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді түзету

      1. Мәміле бағасы Қазақстан Республикасының Үкіметі 2012 жылғы 30 маусымға дейін бекіткен жеңілдікті салық салынатын елдерде тіркелген тараптармен жасалған мәмілелерді қоса алғанда, өнімді бөлу туралы келісімдер шеңберінде өткізілетін тауарлардың нарықтық бағасын айқындау тәртібіне (әдістемесіне) сәйкес қалыптастырылған құқықтық қатынастар субъектілеріне осы Заңда белгіленген нарықтық бағаны айқындау әдістері қолданылмайды.

      Мәміле бағасы жеңілдікті салық салынатын елдерде тіркелген тараптармен жасалған мәмілелерді қоса алғанда, өнімді бөлу туралы келісімдер шеңберінде өткізілетін тауарлардың нарықтық бағасын айқындау тәртібіне (әдістемесіне) сәйкес қалыптастырылған бағадан ауытқыған кезде салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді түзету осындай тәртіпке (әдістемеге) сәйкес айқындалатын бағаға дейін жүргізіледі.

      2. Осы бап өнімді бөлу туралы келісім күшіне енген күннен бастап жасалған мәмілелерге қолданылады.

      Ескерту. Заң 10-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.06.22 № 21-V (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Тараптардың өзара байланыстылығын айқындау

      Өздерінің арасындағы мәмілелердің (операциялардың) экономикалық нәтижелеріне ықпал ететін ерекше өзара қарым-қатынастары бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар өзара байланысты тараптар болып танылады.

      Мұндай ерекше өзара қарым-қатынастар мынадай:

      1) бір тұлға басқа тұлғаның үлестес тұлғасы болып танылған;

      2) тұлға мәмілеге қатысушының ірі акционері, ірі қатысушысы (дауыс беретін акцияларының немесе қатысу үлестерінің он және одан да көп процентін иеленуші) болып табылатын;

      3) мүлікті сенімгерлікпен басқаруды қоса алғанда, мәмілеге қатысушымен шарт арқылы өзара байланысты тұлға, мүлікті сенімгерлікпен басқаруға сәйкес сенімгерлікпен басқарушы қабылдайтын шешімді айқындауға құқылы болатын;

      4) мүліктің меншік иесі осы мүлікке қатысты, оның ішінде мүлікті сенімгерлікпен басқаруға сәйкес меншік иесі осындай тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқылы болатын шарт негізінде, мүліктің меншік иесінің бір немесе бірнеше құқықтық өкілеттігі (иелену, пайдалану, билік ету) берілген тұлғамен өзара байланысты болатын;

      5) тәуелсіз директорды қоспағанда, тұлға осы баптың 2), 3), 6) - 10) тармақшаларында аталған мәмілеге қатысушының немесе заңды тұлғаның лауазымды тұлғасы болып табылатын;

      6) заңды тұлғаны мәмілеге қатысушының ірі акционері, ірі қатысушысы немесе лауазымды тұлғасы болып табылатын тұлға бақылайтын;

      7) мүлікте тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлғаға қатысты мәмілеге қатысушының ірі акционері, ірі қатысушысы немесе лауазымды тұлғасы болып табылатын тұлға ірі акционер, ірі қатысушы болып табылатын;

      8) мүлікте тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлғаға қатысты мәмілеге қатысушы ірі акционер, ірі қатысушы болып табылатын;

      9) заңды тұлға мәмілеге қатысушымен бірлесіп, үшінші тұлғаның бақылауында болатын;

      10) тұлға осы баптың 2), 3), 6)-9) тармақшаларында аталған мәмілеге қатысушының не заңды тұлғалардың дауыс беретін акцияларының немесе қатысу үлестерінің он және одан да көп процентін дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесіп иеленетін, пайдаланатын, оған билік ететін;

      11) мәмілеге қатысушының тәуелсіз директорын қоспағанда, жеке тұлға ірі акционер, ірі қатысушы не лауазымды тұлға болып табылатын жеке тұлғаның жақын туысы (ата-анасы, ұлы, қызы, асырап алушысы, асырап алғаны, аға-інісі, апа-қарындасы (сіңлісі), әжесі, атасы, немересі), сондай-ақ жекжаты (жұбайының (зайыбының) аға-інісі, апа-қарындасы (сіңлісі), ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып табылатын;

      12) егер бір ғана тұлға мүлікті сенімгерлікпен басқарудың екі шарты бойынша да сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы болса және өздері қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігі болса, екі сенімгерлікпен басқарушы өзара байланысты болатын;

      13) егер сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының сенімгерлікпен басқарушы қабылдайтын шешімді айқындайтын мүмкіндігі болса, сенімгерлікпен басқарушы және онда сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы ірі акционер не ірі қатысушы (дауыс беретін акцияларының немесе қатысу үлестерінің он және одан да көп процентін иеленетін) болып табылатын ұйым болатын;

      14) егер сенімгерлікпен басқарушы қабылдайтын шешімді айқындау мүмкіндігі бар бір ғана тұлға мүлікті сенімгерлікпен басқарудың екі шарты бойынша да сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы болып табылса, мүлікті сенімгерлікпен басқарудың бір шарты бойынша сенімгерлікпен басқарушы және мүлікті сенімгерлікпен басқарудың екінші шарты бойынша пайда алушы өзара байланысты болып танылатын;

      15) алып тасталды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      16) тұлға басқа тұлғаның және оның өзара байланысты тарапының материалдық емес активтерін және (немесе) зияткерлік меншік құқықтарын пайдаланып өнім өндіретін немесе оны сататын, солар үшін өзі жиынтығында мұндай өнімдердің бастапқы құнының (немесе өзіндік құнының) елу пайызынан астамын құрайтын төлемдерді жүргізуге тиіс болатын;

      17) тұлға және (немесе) оның өзара байланысты тарапы дайын өнімді өндіру үшін басқа тұлға пайдаланатын шикізаттың, материалдардың немесе бастапқы өнімнің жалпы құнының (негізгі құралдардың амортизация шығыстары есепке алынбаған) елу пайыздан астамын беретін;

      18) тұлға және (немесе) оның өзара байланысты тарапы халықаралық іскерлік операциялар болып табылатын мәмілелер бойынша басқа тұлғаның есепті күнтізбелік жылдағы түсімінің елу пайыздан астамын қалыптастыратын;

      19) тұлғалардың бірі тәуелсіз халықаралық қаржы ұйымы немесе шет мемлекеттің мемлекеттік мекемесі болып табылатын жағдайларды, сондай-ақ тұлғалардың бірінде Қазақстан Республикасында немесе шет мемлекетте берілген банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензиясы болған жағдайларды қоспағанда, тұлғаның мәміле жасалған немесе мәміленің негізгі шарттары қайта қаралған күні басқа тұлға алдындағы жалпы берешегі меншікті капиталдың елу пайызынан асатын немесе есепті күнтізбелік жылдың соңындағы жалпы борыш сомасының кемінде он пайызына басқа тұлға кепілдік беретін;

      20) тұлғаға есепті күнтізбелік жылға тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу немесе сату кезінде жазбаша келісімге сәйкес компанияның агенті, дистрибьюторы немесе дилері ретінде құқықтар берілген шарттарды қамтиды.

      Осы баптың екінші бөлігінің 16) – 20) тармақшаларында көзделген шарттар:

      қаржылық есептілігі халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (бұдан әрі – ХҚЕС) сәйкес ашық қолжетімділікте жарияланатын және (немесе) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (бұдан әрі – ЭЫДҰ) қатысушы елдердің қор биржаларында ұсынылған;

      қаржылық есептілігі ХҚЕС-ке сәйкес ашық қолжетімділікте жарияланатын және (немесе) ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердің қор биржаларында ұсынылған халықаралық топтың қатысушысы болып табылатын;

      қаржылық есептілігі уәкілетті органның талап етуі бойынша оған сұрау салу алынған кезден бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей ұсынылатын мәмілеге қатысушы-бейрезидентке қолданылмайды. Бұл ретте қаржылық есептілікті тәуелсіз аудиторлық ұйым растауға тиіс.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Нарықтық бағаны айқындау әдістері

      1. Нарықтық бағаны айқындау мақсатында мынадай әдістердің бірі қолданылады:

      1) салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі;

      2) "шығындарға қосу" әдісі;

      3) кейіннен өткізу бағасы әдісі;

      4) пайданы бөлу әдісі;

      5) таза пайда әдісі.

      2. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісін қолдану мүмкін болмаған жағдайда осы баптың 1-тармағында көрсетілген әдістердің бірі қолданылады, ол жасалатын мәміленің нақты мән-жайлары мен шарттары ескеріле отырып, мәміле бағасының нарықтық бағаларға сәйкес келетіні немесе сәйкес келмейтіні туралы неғұрлым негізделген тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

      3. Тиісті әдісті таңдау негізделген болуға тиіс, мұнда мәмілеге қатысушы мынадай мән-жайларды:

      1) пайдаланылатын активтер мен болжанатын тәуекелдерді ескере отырып, жасалатын операцияда әрбір қатысушы орындайтын функцияларды талдау жолымен айқындалатын, жасалатын мәміленің сипаты ескерілетін әдісті таңдауды;

      2) трансферттік баға белгілеудің таңдалған әдісін қолдануға қажетті анық ақпараттың болуын;

      3) салыстырымдылыққа келтіру үшін түзетулердің сенімділігін қоса алғанда, бақыланатын және бақыланбайтын операциялардың салыстырымдылық дәрежесін ескереді.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі

      1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі салыстырымды экономикалық шарттарда тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) арналған мәміле бағасын бірдей (ал олар болмаған жағдайда - біртекті) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша бағалар ауқымы ескеріле отырып, нарықтық бағамен салыстыру жолымен қолданылады.

      Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) нарықтық бағасын айқындау кезінде осы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізетін кездегі тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары туралы ақпарат ескеріледі.

      Егер тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу келісімшартының талаптарында белгіленім кезеңін қолдану көзделген жағдайда, биржалық тауарлардың, сондай-ақ бағалары биржалық тауарлардың белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарлардың бағасы дифференциал ескеріле отырып, белгіленім кезеңіндегі тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) күнделікті белгіленімдердің кез келген бір ақпарат көзінде жарияланған орташа арифметикалық мәні ретінде айқындалады.

      Белгіленім кезеңіндегі баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні мынадай формула бойынша айқындалады:

      P1 + P2 + Pn

      S = --------------

      n

      мұнда:

      S - белгіленім кезеңіндегі тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті орташа арифметикалық баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні;

      P1, P2, …, Pn – белгіленім кезеңі ішінде баға белгіленімдері жарияланған күндерде тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні;

      n – баға белгіленімдері жарияланған белгіленім кезеңіндегі күндердің саны.

      Белгіленім кезеңіндегі тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні мынадай формула бойынша айқындалады:

      Cn1 + Cn2

      Pn = ------------

      2

      мұнда:

      Pn – тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні;

      Cn1 – тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімінің ең төменгі (min) мәні;

      Cn2 – тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімінің ең жоғарғы (max) мәні.

      Бір күнге ең төменгі және ең жоғарғы баға белгіленімдері болмаған кезде орташа арифметикалық мән ретінде тиісті күндегі белгіленімнің нақты мәні қолданылады.

      2. Осы Заңның мақсаттары үшін шарт шеңберінде тауардың (орындалған жұмыстың, көрсетілген қызметтің) құжаттамалық расталған әрбір берілімі мәміле болып танылады, ал өткізу бағасын нарықтық бағамен салыстыру сатып алушының тіркелген еліне қарамастан тиісті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығында ғана жүзеге асырылады.

      Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, сатып алушыға меншік құқығының ауысқан күні тауардың өткізілген кезі болып табылады.

      Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу келісімшартында белгіленген белгіленім кезеңі ол белгіленген күннен бастап он екі айлық кезең ішінде өзгертуге жатпайды.

      Осы Заңның мақсаттары үшін белгіленім кезеңі келісімшарт талаптарына сәйкес мынадай уақыт аралығында айқындалуға тиіс:

      мұнай бойынша:

      1) тауарды теңіз көлігімен өткізген кезде тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейін бес белгіленім күнінен аспауға және тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күннен кейін бес белгіленім күнінен аспауға;

      2) тауарды теңіз көлігімен өткізуді қоспағанда, магистральдық құбыржол көлігімен және көліктің өзге түрімен өткізу кезінде тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан айдың бірінші күнінен бастап соңғы күніне дейін;

      мұнайды қоспағанда, биржалық тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша – тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейін күнтізбелік алпыс екі күннен аспауға және тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күннен кейін күнтізбелік алпыс екі күннен аспауға;

      бағалары биржалық тауарлардың белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарлар бойынша – тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейін күнтізбелік алпыс екі күннен аспауға және тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күннен кейін күнтізбелік бір жүз жиырма үш күннен аспауға тиіс.

      Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу келісімшартында белгіленген белгіленім кезеңі осы бапта белгіленген белгіленім кезеңін айқындау шарттарына сәйкес келмеген жағдайда тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) нарықтық бағалары осы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу кезінде қабылданады.

      Ұзақ мерзімдік бағасы көрсетілген биржалық емес тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) ұзақ мерзімдік келісімшарттар бойынша нарықтық бағаны айқындау үшін тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу кезі, мына шарттар бір мезгілде сақталған жағдайда, шарттың жасалған кезі болып табылады:

      1) шарт бойынша мәмілелердің жасалуы шарт жасалған күннен бастап бір ай ішінде басталады;

      2) нарықтық баға ұзақ мерзімдік келісімшарттар үшін осы Заңға сәйкес шарт жасалатын күннің алдындағы соңғы күнге белгіленген, ресми түрде танылған ақпарат көздерінен айқындалады;

      3) ұзақ мерзімдік баға бір жылдан артық қолданылмайды және өзара қарым-қатынастары осы Заңның 11-бабы екінші бөлігінің 16) – 20) тармақшаларында көзделген шарттарды да қамтитын мәмілеге қатысушылар арасындағы түпкі келісімшартпен немесе Қазақстан Республикасының резиденті-мәмілеге қатысушымен үлестес трейдер және тәуелсіз тарап болып табылатын түпкі тұтынушы арасындағы кейінгі келісімшартпен расталады. Уәкілетті органдардың сұратуы бойынша ұсынылған құжаттар келісімшарттың орындалуының дәлелдемесі болып табылады.

      3. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі сыртқы немесе ішкі салыстыру жолымен нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылады. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісін сыртқы салыстыру жолымен қолдану мүмкін болмаған кезде салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі ішкі салыстыру жолымен қолданылады. Бұл ретте, сыртқы салыстыру кезінде мәмілеге қатысушы мен өзара байланысты тарап арасындағы және тәуелсіз екі және одан да көп тарап арасындағы салыстырымды мәмілелер салыстырылады. Ішкі салыстыру кезінде мәмілеге қатысушы мен өзара байланысты тарап арасындағы және сол мәмілеге қатысушы мен тәуелсіз тарап арасындағы салыстырымды мәмілелер салыстырылады.

      4. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісін қолданған кезде нарықтық баға былайша айқындалады:

      1) ақпарат көзінде бағасы бар тиісті рынокқа тасымалдау бағыты туралы құжаттамалық расталған ақпараты бар тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) мәмілелер жасасу үшін нарықтық баға бағалар ауқымы ескеріле отырып, ақпарат көзінен алынған баға ретінде айқындалады. Мәміленің бағасы дифференциал арқылы нарықтық бағасы бар салыстырымды экономикалық шарттарға келтіріледі;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес келмейтін тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) мәмілелер жасасу үшін нарықтық баға тиісті рыноктағы ақпарат көзінен алынған бағаны дифференциал арқылы бағалар ауқымы ескеріле отырып, мәміле бағасы бар салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру жолымен айқындалады.

      5. Дифференциалға:

      1) тиісті рынокқа тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жеткізу үшін қажетті, негізделген әрі құжаттамамен және (немесе) ақпарат көздерімен расталған шығыстар;

      2) осы баптың 7-тармағында көрсетілген мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасына ықпал ететін жағдайлар;

      3) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы кіреді.

      6. Дифференциалды құрайтындар құжаттамамен немесе ақпарат көздерімен расталуға тиіс.

      7. Мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасына ықпал ететін жағдайларға:

      1) берілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің саны (көлемі);

      2) мәмілелердің осы түрінде қолданылатын төлемдердің шарттары, сондай-ақ бағаларға ықпал етуі мүмкін өзге де жағдайлар;

      3) мәмілелер жасасу кезінде қолданылатын, оның ішінде:

      тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) тұтынушы сұранысының маусымдық ауытқулары;

      тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасының немесе өзге де тұтынушылық қасиеттерінің жоғалуы;

      тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жоғалған сапасының және (немесе) өзге де тұтынушылық қасиеттерінің ішінара жақсаруы немесе қалпына келтірілуі;

      тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жарамдылық немесе өткізу мерзімдерінің өтуі (өту күнінің жақындауы);

      ұқсастары жоқ жаңа тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) нарыққа шығарған кездегі, сондай-ақ тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жаңа нарықтарға шығарған кездегі маркетинг саясаты;

      тұтынушыларды тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тәжірибелік модельдерімен және үлгілерімен таныстыру мақсатында оларды өткізу нәтижесінде туындайтын баға жеңілдіктері немесе баға үстемелері;

      4) рыноктағы өтімділігі, шығарған елі және тауар белгісінің болуы;

      5) маржа, сауда брокерінің, трейдердің немесе агенттің комиссиялық (агенттік) сыйақысы не олардың сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақысы жатады.

      8. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген дифференциал бойынша мәмілеге қатысушының мынадай мәмілелер мониторингі бойынша тиісті есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне:

      1) тексерілетін салық кезеңіне – трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша кешенді және тақырыптық тексерулер өткізу кезеңінде;

      2) шағым жасалған салық кезеңіне – салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) шағым берудің қалпына келтірілген мерзімі ескеріле отырып, хабарлама бойынша шағымды қарау нәтижелері жөніндегі жоғары тұрған мемлекеттік кіріс органы шығарған шешімге шағымды беру және қарау мерзімі кезеңінде жол берілмейді.

      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (01.01.2009 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 05.12.2013 № 152-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. "Шығындарға қосу" әдісі

      1. "Шығындарға қосу" әдісін пайдаланған кезде тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) нарықтық бағасы жұмсалған шығындар (шығыстар) мен үстеме бағаның сомасы ретінде айқындалады.

      2. Шығындарды (шығыстарды) айқындау үшін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіруге (сатып алуға) және (немесе) өткізуге жұмсалған шығындар (шығыстар), тасымалдау, сақтау, сақтандыру жөніндегі шығындар (шығыстар) және өзге де шығындар (шығыстар) ескеріледі.

      Үстеме баға осы Заңның 17-1 және 17-2-баптарына сәйкес айқындалатын, қызметтің осы саласы үшін қалыптасқан рентабельділік ауқымын қамтамасыз ететіндей болып айқындалады.

      3. Қызметтің осы саласы үшін рентабельділік ауқымы салыстырымды экономикалық шарттарда осы Заңның 18-бабында көрсетілген ақпарат көздерінің негізінде айқындалады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Кейіннен өткізу бағасы әдісі

      Кейіннен өткізу бағасының әдісі кезінде тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) нарықтық бағасы сатып алушы кейіннен өткізу (қайта сату) кезінде осындай тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізген бағаның және сатып алушы қайта сату кезінде шеккен, расталатын (аталған сатып алушының сатушыдан тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алған бағасы есепке алынбаған) шығындардың (шығыстардың), сондай-ақ оның рентабельділігінің (маржасының) арасындағы айырмашылық ретінде айқындалады. Бұл ретте рентабельділік (маржа) осы Заңның 17-1 және 17-2-баптарына сәйкес айқындалатын рентабельділік (маржа) ауқымына сәйкес келуге тиіс.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-бап. Пайданы бөлу әдісі

      Пайданы бөлу әдісі мәмілеге қатысушылардың арасында бөлінуге тиіс мәміледен түсетін пайданы айқындайды.

      Мұндай пайда "қол созу" принципіне сәйкес қабылданған және егер осы компаниялар тәуелсіз болған жағдайда, олар ала алатын пайданың негізінде экономикалық негіздемеге, функционалдық талдауға, келісімдерге сәйкес мәмілеге қатысушылардың арасында бөлінеді.

17-бап. Таза пайда әдісі

      1. Таза пайда әдісі мәмілеге қатысушының рентабельділігін салыстырымды экономикалық шарттардағы рентабельділік ауқымымен салыстыру арқылы қолданылады.

      2. Таза пайда әдісін қолдану кезінде рентабельділіктің мынадай көрсеткіштері пайдаланылуы мүмкін:

      шығындардың операциялық рентабельділігі;

      сатудың операциялық рентабельділігі;

      активтердің операциялық рентабельділігі.

      Бұл ретте рентабельділік осы Заңның 17-1 және 17-2-баптарына сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-1-бап. Бағалар ауқымы мен рентабельділік (маржа) ауқымын айқындау тәртібі

      1. Егер осы Заңның 13-бабында өзгеше көзделмесе, осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетiлген әдiстердi қолдану мақсатында бағалар ауқымы және (немесе) рентабельділік (маржа) ауқымы пайдаланылады, олар мынадай тәртіппен айқындалады:

      1) көрсетілген әдістерді қолдану үшін пайдаланылатын нарықтық бағалар мәндерінің және (немесе) нарықтық рентабельділік (маржа) мәндерінің саны бір мәнге тең болған жағдайда, ауқым нарықтық бағаның немесе рентабельділіктің (маржаның) осындай мәніне тең ретінде айқындалады;

      2) көрсетілген әдістерді қолдану үшін пайдаланылатын нарықтық бағалар мәндерінің және (немесе) нарықтық рентабельділік (маржа) мәндерінің саны үш мәннен аспаған жағдайда, ауқым осындай нарықтық бағалардың және (немесе) нарықтық рентабельділіктің (маржаның) қоса алғанда ең төменгі мәнінен бастап ең жоғарғы мәніне дейінгі ауқым ретінде айқындалады.

      Осы тармақшаның мақсаттары үшін ақпарат көзінде сызық арқылы екі мән түрінде көрсетілген бағалар ауқымы үш мәннен аспайтын ауқым ретінде де қабылданады;

      3) көрсетілген әдістерді қолдану үшін пайдаланылатын нарықтық бағалар мәндерінің және (немесе) нарықтық рентабельділік (маржа) мәндерінің саны төртке немесе одан да көп мәндер санына тең болған жағдайда, ауқым нарықтық бағалардың немесе рентабельдiлiктiң (маржаның) пайдаланылатын мәндерi негiзiнде есептелген, қоса алғанда жиырма бесiншi және жетпiс бесiншi процентильдер арасындағы ауқым ретінде айқындалады.

      2. Бағалар ауқымын есептеу үшін бір ғана ақпарат көзіне сәйкес және соны пайдаланып айқындалған нарықтық бағалардың мәндері пайдаланылады.

      3. Рентабельділік (маржа) ауқымын есептеу үшін талдау жүргізілетін мәміле жасалған күнтізбелік жылдың тікелей алдындағы қатарынан күнтізбелік үш жылғы қаржылық деректер пайдаланылады.

      Ескерту. 17-1-баппен толықтырылды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-2-бап. Рентабельділікті айқындау тәртібі

      1. Шығындардың жалпы рентабельділігі тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен жалпы пайданың сатылған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) өзіндік құнына қатынасы ретінде айқындалады.

      2. Сатудың жалпы рентабельділігі акциздер мен қосылған құн салығы есепке алынбай, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен жалпы пайданың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен түсімге қатынасы ретінде айқындалады.

      3. Шығындардың операциялық рентабельділігі тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен операциялық пайда сомасының сатылған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) өзіндік құнының және тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатуға байланысты коммерциялық және әкімшілік шығыстардың сомасына қатынасы ретінде айқындалады.

      4. Сатудың операциялық рентабельділігі акциздер мен қосылған құн салығы есепке алынбай, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен операциялық пайда сомасының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен түсімге қатынасы ретінде айқындалады.

      5. Активтердің операциялық рентабельділігі тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен операциялық пайда сомасының пайдаланылатын активтердің ағымдағы нарықтық құнына немесе пайдаланылатын активтердің ағымдағы нарықтық құны туралы ақпарат болмағанда – бухгалтерлік (қаржылық) есептілік деректеріне сәйкес активтердің құнына қатынасы ретінде айқындалады.

      Ескерту. 17-2-баппен толықтырылды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-бап. Нарықтық бағаны айқындау үшін пайдаланылатын ақпарат көздері

      1. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) нарықтық бағасын және нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдану үшін қажетті өзге де деректерді айқындау үшін ақпарат көздері мынадай кезектілікпен пайдаланылады:

      1) нарықтық бағалар туралы ресми танылған ақпарат көздері;

      2) биржалық баға белгіленімдері туралы ақпарат көздері;

      3) мемлекеттік органдардың, басқа мемлекеттердің уәкілетті органдарының және ұйымдардың мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқуына ықпал ететін бағалар, дифференциал, шығыстар және жағдайлар туралы деректері;

      4) трансферттік баға белгілеу мақсатында пайдаланылатын ақпараттық бағдарламалар, мәмілеге қатысушылар беретін ақпарат және өзге де ақпарат көздері.

      2. Нарықтық бағалар ауқымын айқындау үшін ресми танылған ақпарат көздерінің тізбесінде нарықтық бағалар туралы бір немесе одан да көп ақпарат көздері болуға тиіс.

      3. Қатысушысы жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген мәміле бойынша нарықтық бағаны айқындау кезінде осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған ақпарат көздері ғана пайдаланылады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

19-бап. Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2. "Трансферттік бағаларды қолдану кезіндегі мемлекеттік бақылау туралы" 2001 жылғы 5 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 1, 2-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ