Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 23 наурыздағы N 135 Заңы

Қолданыстағы

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасында инновациялық қызметтi ынталандырудың құқықтық, экономикалық әрi ұйымдық негiздерiн белгiлейдi және оны мемлекеттiк қолдау шараларын айқындайды.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) инновация - өндiрiстiң және қоғамды басқарудың түрлi салаларына енгiзiлуi экономикалық тұрғыдан тиiмдi және (немесе) әлеуметтiк, экологиялық тұрғыдан маңызды болып табылатын, зияткерлiк меншiк объектiсi болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтiң нәтижесi;

      2) инновациялық грант - инновациялық жобаның тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелерiн орындау, техникалық-экономикалық негiздемесiн дайындау, өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патенттiк ұйымдарда патенттеу үшiн грант берушi мен грант алушы арасындағы шартпен көзделген жағдайларда бюджеттен берiлетiн трансферт;

      3) инновациялық жоба - инновацияларды енгiзуге бағытталған және инвестицияны көздейтiн, сондай-ақ белгiлi бiр уақыт мерзiмi iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипаты бар iс-шаралар кешенi;

      4) инновациялық инфрақұрылым - Қазақстан Республикасы инновациялық қызметiнiң бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайтын мамандандырылған субъектiлерiнiң жүйесi;

      5) инновациялық қор - инновациялық жобаларды және инфрақұрылымды қаржыландыру, сондай-ақ инновациялық қызмет саласында қызметтер көрсету арқылы инновациялық қызметтiң дамуына жәрдемдесетiн заңды тұлға;

      6) инновациялық қызмет - инновацияларды өндiрiстiң және қоғамды басқарудың түрлi салаларына енгiзу арқылы пайдалану;

      7) инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiсi - технологиялық бизнес-инкубатор, технологиялық парк, инновациялық қор;

      8) инновациялық қызметтiң субъектiлерi - инновациялық қызметтi жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;

      9) сенiмгер уәкiл -  тапсырма  шартының негiзiнде сенiм бiлдiрушi атынан және оның есебiнен әрi оның нұсқауларына сәйкес инновациялық гранттар берумен байланысты белгiлi бiр тапсырмаларды орындайтын заңды тұлға;

      10) технологиялар трансфертi - құқық иесiнен инновациялық қызмет субъектiлерiне Қазақстан Республикасында және (немесе) шет елдерде  патенттелген  инновацияларды пайдалану құқықтарын беру процесi;

      11) технологиялық бизнес-инкубатор - инновацияны құру, қорғау құжаттарын алуға өтінімдерді ресiмдеу және инновациялық жобаны дайындау үшiн жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқықтық, ұйымдық, ақпараттық және өзге де қызметтер ұсыну жөнiндегi қызметті жүзеге асырушы заңды тұлға;

      12) технологиялық парк (бұдан әрi - технопарк) - негiзгi қызметi инновациялық жобаны iске асыру үшiн қажеттi жұмыстар мен қызметтердi ұсыну болып табылатын бiртұтас материалдық-техникалық кешенге меншiк құқығы бар заңды тұлға немесе консорциум;

      13)  уәкiлеттi  орган - берiлген өкiлеттiктер шегiнде инновациялық қызмет саласындағы басшылықты және үйлестiрудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

       2-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық қызметтi
                мемлекеттiк қолдау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының  өзге  де  нормативтiк   құқықтық  актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың
               мақсаты мен принциптерi

      Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мақсаты инновациялық қызметтi дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
      Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың негiзгi принциптерi:
      1) инновациялық қызметтi жүзеге асыру кезiнде ұлттық мүдделердi сақтау;
      2) ұлттық экономиканың бәсекелестiк қабiлетiн арттыру және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн инновациялық қызметтiң басымдығы;
      3) мемлекеттiк қолдау алу кезiнде инновациялық қызмет субъектiлерiнiң теңдiгi;
      4) инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдаудың экономикалық тиiмдiлiгi және нәтижелiлiгi;
      5) инновациялық қызметтi ұйымдастыру мақсатында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi мен кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң тұрақты өзара iс-қимылын қамтамасыз ететiн кешендiлiк және жүйелiлiк;
      6) инновациялық қызметтi жоғары бiлiктi кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады.

       4-бап. Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың
               негiзгi бағыттары

      Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) мемлекеттiк инновациялық саясатты iске асыру үшiн ұйымдық және экономикалық, соның iшiнде  инвестициялар  тартуды қамтамасыз ететiн жағдайлар жасау арқылы инновациялық қызметтi ынталандыру;
      2) инновациялық даму басымдықтарын айқындау;
      3) инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру және дамыту;
      4) мемлекеттiң инновацияларды құруға және енгiзуге қатысуы;
      5) отандық инновацияларды сыртқы нарықтарға жылжыту;
      6) технологиялар трансфертiн қоса алғанда, инновациялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық.

       5-бап. Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың
               нысандары

      Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай негiзгi нысандарда жүзеге асырылады:
      1) инновациялық қызметтiң  мамандандырылған  субъектiлерiн құруға қатысу;
      2) мемлекеттiк даму институттарын құру, қызметiн үйлестiру және жұмыс iстеп тұрғандарын одан әрi дамыту;
      3) инновациялық жобаларды  бюджет  қаражаты есебiнен iске асыру;
      4) Қазақстан Республикасының  бюджет  заңнамасында және осы Заңда айқындалған шарттармен инновациялық гранттар беру;
      5) инновациялық қызметтi кадрлық қамтамасыз етудi, соның iшiнде инновациялық  менеджмент  негiздерiне оқыту арқылы ұйымдастыру;
      6) инновациялық қызмет саласында мемлекеттiк саясатты iске асыру үшiн инвестициялар тартуды қамтамасыз ететiн қажеттi ұйымдық, құқықтық және экономикалық жағдайлар жасау.

       6-бап. Мемлекеттiк органдардың инновациялық қызмет
               саласындағы құзыретi

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) инновациялық қызмет саласында мемлекеттiк саясаттың  негiзгi   бағыттарын  әзiрлейдi;
      2) инновациялық қызметтiң басым бағыттарын айқындайды;
      3) инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған мемлекеттiк  бағдарламалар  әзiрлеудi ұйымдастырады;
      4) инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған салалық (секторлық) бағдарламаларды бекiтедi;
      5) технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктердi аккредиттеу  ережелерiн  және оларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi;
      6) бюджет қаражаты есебiнен инновациялық гранттар беру және  өнеркәсiптiк  меншiк объектiлерiн енгiзу жөнiнде қабылданған шаралар туралы есеп беру ережелерiн бекiтедi;
      7)  бюджет  қаражаты есебiнен инновациялық гранттар алу өтiнiмдерiне мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама және экономикалық  сараптама  жүргiзу ережелерiн бекiтедi;
      8) инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн құру үшiн жағдайларды қамтамасыз етедi;
      9) пайдаланылуы ұлттық қауiпсiздiк мәселелерiмен байланысты зияткерлiк меншiк объектiлерiне ерекше құқықтар алу тәртiбiн айқындайды;
      10) инновациялық гранттар беру мақсатында  сенiмгер  уәкiлдi және оның сыйақы мөлшерiн айқындайды.
      2. Уәкiлеттi орган:
      1) инновациялық қызмет саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастыру мен iске асыруды қамтамасыз етедi;
      2) Қазақстан Республикасының Үкiметiне инновациялық қызметтiң басым бағыттары бойынша ұсыныстар енгiзедi;
      3) инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған мемлекеттiк, салалық (секторлық) бағдарламалар әзiрлейдi;
      4) бюджет қаражаты есебiнен инновациялық гранттар беру және өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн енгiзу жөнiнде қабылданған шаралар туралы есептер беру ережелерiн, инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн аккредиттеу ережелерiн, бюджет қаражаты есебiнен инновациялық гранттар алу өтiнiмдерiне мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама және экономикалық сараптама жүргiзу ережелерiн әзiрлейдi;
      5) мемлекеттiк органдардың инновациялық қызметтi дамыту жөнiндегi қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
      6) технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктердi аккредиттеудi жүзеге асырады;
      7) персоналға және технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктердiң кеңсе, өндiрiс үй-жайларына қойылатын талаптарды айқындайды;
      8) Қазақстан Республикасының Үкiметiне инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн құру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      9) инновациялық қызметтi ынталандыру жөнiнде Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлейдi.
      3. Өзге де орталық атқарушы органдар:
      1) өз өкiлеттiктерi шегiнде инновациялық қызмет саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз етедi;
      2) өз өкiлеттiктерi шегiнде инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған мемлекеттiк, салалық (секторлық) бағдарламаларды iске асырады.
      4. Жергiлiктi атқарушы органдар:
      1) өз өкiлеттiктерi шегiнде инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлейдi, iске асырады және оларды құқықтық, ұйымдық және өзге де қолдауды қамтамасыз етедi;
      2) инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн құруға қатысады.

  2-тарау. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

       7-бап. Инновациялық қызметтiң мамандандырылған
               субъектiлерi

      1. Мемлекет инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн құруға қатысуға құқылы.
      2. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiнiң құрылтайшылары бола алады.
      Жергiлiктi атқарушы органдар, сондай-ақ мемлекеттiң қатысуымен құрылған заңды тұлғалар инновациялық қызметке жәрдемдесу мақсатында инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiнiң жарғылық капиталына қатыса алады.
      3. Технологиялық  бизнес-инкубаторлар  мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асырады:
      1) шарт жағдайында инновациялар құруға қажеттi материалдық-техникалық база ұсыну;
      2) шарт жағдайында зияткерлiк меншiк объектiлерiн  қорғау  құжаттарын алуға өтiнiмдер ресiмдеуге қажеттi жұмыстар мен қызметтер ұсыну;
      3) инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiн және инновациялық жобаны қаржыландыруға арналған құжаттарды әзiрлеуге жәрдем көрсетудi қоса алғанда, шарт жағдайында инновациялық жобаны әзiрлеу үшiн қажеттi жұмыстар мен қызметтер ұсыну;
      4) инновациялық жобаларды iске асыру үшiн инвестициялар тартуға жәрдем көрсету;
      5) инновациялық қызметтi жүзеге асырушы шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiн ұйымдастыруға жәрдем көрсету.
      Технологиялық бизнес-инкубаторлардың инновациялық қызмет субъектiлерiне жұмыстар мен қызметтер ұсыну үшiн тиiстi бiлiктiлiгi бар персоналы, сондай-ақ инновацияларды құру үшiн жеткiлiктi кеңсе және өндiрiс үй-жайлары болуға тиiс.
      4.  Технопарктер  мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асырады:
      1) жаңа технологиялық процестердi, тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сертификаттау мен стандарттау және тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) сериялық өндiрiсiн бастау мақсатында тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелер, сынақтар жүргiзу кезеңiн қоса алғанда, инновациялық жобаны iске асыру үшiн қажеттi кеңсе үй-жайлары мен өндiрiстiк базаларды берудi, зертханалық жабдыққа, коммуникацияларға және басқа да объектiлерге қол жеткiзудi қоса алғанда, шарт жағдайында материалдық-техникалық базаны ұсыну;
      2) инновациялық жобаны iске асыру үшiн шарт жағдайында жеке және заңды тұлғаларға құқықтық, ұйымдық, ақпараттық қызметтер ұсыну;
      3) инновациялық менеджмент негiздерiн оқыту;
      4) технопарктiң аумағында орналасқан шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне консультациялық қызметтер ұсынатын ұйымдарды тарту үшiн жағдайлар жасау;
      5) кәсiпкерлiк субъектiлерiне отандық және шетелдiк ғылыми және технологиялық ақпаратты тарату.
      Технопарктер осы баптың 3-тармағында көзделген қызмет түрлерiн жүзеге асыруға құқылы.
      Технопарктердiң инновациялық қызмет субъектiлерiне жәрдем көрсетуге қажеттi меншiк құқығындағы немесе тұрақты немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығындағы жылжымайтын объектiлердi қоса алғанда, материалдық-техникалық базасы болуға тиiс.
      Технопарктерде  сараптау кеңестерi  құрылуы мүмкiн.
      Сараптау кеңесi:
      1) инновацияларды әзiрлеушiлерден, кәсiпкерлерден түсетiн өтiнiмдер мен жобаларды алдын ала талдауды жүзеге асырады;
      2) жобаның жаңалығын және техникалық орындалуын, құрылатын инновацияның нарықтық тартымдылығын, оның экономикалық орындылығын бағалайды.
      5.  Инновациялық қорлар  мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асырады:
      1) инновациялар құруды және енгiзудi қаржыландыру;
      2) шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң инновациялық қызметтi iске асыруы үшiн қаржы қаражатын iздестiру және тарту;
      3) инновациялық қызметтiң субъектiлерiне маркетинг, консультация және басқарушылық қызметтерiн көрсету.
      Инновациялық қорлар жылдық қаржылық есептiлiк аудитiн жүргiзуге мiндеттi.

       8-бап. Технологиялық бизнес-инкубаторлар мен
               технопарктердi аккредиттеу

      1.  Уәкiлеттi орган  технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктердi  аккредиттеудi  жүзеге асырады.
      2. Технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктердi аккредиттеу ерiктi болып табылады және олардың өтiнiштерi негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктердi аккредиттеудiң негiзi болып табылады.
      4. Аккредиттеу туралы куәлiк алған инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерi туралы немесе куәлiктердi керi қайтарып алу туралы ақпарат уәкiлеттi орган арқылы Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде ресми басылымдарда жарияланады.

  3-тарау. ҰЛТТЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚОР

       9-бап. Ұлттық инновациялық қордың құқықтық мәртебесi,
               мақсаттары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi жалғыз құрылтайшысы болып табылатын Ұлттық инновациялық  қор  акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық ұйымы болып табылады.
      2. Ұлттық инновациялық қор қызметiнiң мақсаты елдегi жалпы инновациялық белсендiлiктi арттыру, соның iшiнде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстердi дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
      3. Ұлттық инновациялық қордың мiндеттерi:
      1) инновациялардың құрылуын және енгiзiлуiн қаржыландыруды жүзеге асыратын инновациялық қорлар мен инвестициялық қорлардың жарғылық капиталына бақылаусыз қатысу;
      2) инвестицияланатын компаниялардың жарғылық капиталына үлестiк бақылаусыз қатысу және (немесе) қаржылық  лизинг  арқылы инновациялар құруды және енгiзудi қаржыландыру;
      3) инновациялық инфрақұрылымды дамыту;
      4) сыртқы нарықтарға отандық инновацияларды жылжыту;
      5) инновациялық технологияларды ауыстыру, қарызға беру және дамыту, оларды коммерцияландыру мен енгiзу саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

       10-бап. Ұлттық инновациялық қордың өкiлеттiктерi

      Ұлттық инновациялық қор:
      1) Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы  меморандумына  сәйкес инвестициялық саясатты жүзеге асыруға;
      2) ғылыми-техникалық, экономикалық сараптамалар мен патенттiк зерттеулердiң нәтижелерi бойынша инновациялық жобаларды инвестициялаудың орындылығын айқындауға;
      3) шарт негiзiнде сарапшылар және консультанттар тартуға;
      4) iшкi нарықта Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумында айқындалған шекте және тәртiппен өтiмдiлiгi жоғары қаржы құралдарының бос қаражатын орналастыруға;
      5) Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумында белгiленген шектеулердi ескере отырып, инновациялық жобаларды iрiктеудi және оларды инвестициялауды жүзеге асыруға;
      6) инновациялық қызметтiң мамандандырылған субъектiлерiн құруға қатысуға;
      7) экономикалық коммерциялық тиiмдiлiгi және технологиялық дамуы тұрғысынан әлеуеттi перспективалы болып табылатын, жаңа технологиялар, тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) жасауға бағытталған қолданбалы ғылыми зерттеулер мен тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелерге өз қаражатынан гранттар беруге;
      8) шетелдiк инновациялық немесе инвестициялық қорларға инвестициялауды жүзеге асыруға құқылы.

       11-бап. Ұлттық инновациялық қор инвестицияларының
                көздерi

      1. Инвестицияларды жүзеге асыру үшiн мынадай көздер пайдаланылады:
      1) Ұлттық инновациялық қордың жарғылық капиталы;
      2) Ұлттық инновациялық қордың кiрiстерi;
      3) халықаралық қаржы ұйымдары, шет мемлекеттер мен қаржы институттары беретiн гранттар.
      2. Ұлттық инновациялық қордың кiрiстер алуының негiзгi нысаны Ұлттық инновациялық қор инвестицияларының бастапқы құны мен шығу кезiндегi олардың өткiзу құны арасындағы айырманы бiлдiретiн қаржыландыратын жобалардан Ұлттық инновациялық қордың шығуы кезiндегi кiрiстер болып табылады.
      3. Басқа кiрiстер Ұлттық инновациялық қордың уақытша бос ақша қаражатын басқарудағы кiрiс, дивидендтер түрiндегi кiрiстер, консультациялық қызметтер көрсетуден түскен кiрiстер, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелердiң нәтижелерiне мүлiктiк құқықтарды iске асырудан түскен кiрiстер болып табылады.

       12-бап. Ұлттық инновациялық қордың таза кiрiсiн бөлу

      Ұлттық инновациялық қордың таза кiрiсi оның жылдық есебiн бекiту қорытындылары бойынша тек қана резервтiк капиталды қалыптастыруға бағытталады.

       13-бап. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық
                саясат туралы меморандумы

      1. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумы Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық қызметiндегi негiзгi құжат болып табылады.
      2. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумы Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық саясатының негiзгi басымдықтарын айқындайды, инвестициялық қызметтi жүзеге асыру, қаржыландырылатын жобалардың iске асырылуының, инвестицияланатын компаниялардың қаржылық жай-күйiнiң мониторингi мен талдануы, Ұлттық инновациялық қордың инвестицияланатын компаниялардан шығуы туралы шешiм қабылдауы жөнiндегi негiзгi ережелерден тұрады, Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық қызметiнiң сапалық және сандық өлшемдерi мен шектеулерiн белгiлейдi.
      3. Ұлттық инновациялық қордың Инвестициялық саясат туралы меморандумын Қазақстан Республикасының Үкiметi  бекiтедi .

       14-бап. Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық
                қызметiнiң шектеулерi

      1. Ұлттық инновациялық қордың:
      1) акциялардан басқа, бағалы қағаздардың өзге түрлерiн шығаруға;
      2) қарыздар беруге;
      3) үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлдiктер беруге және кепiлгер болуға;
      4) мiндеттемелердi қабылдау шарттары мен тәртiбi, сондай-ақ оларды жүзеге асыру мақсаттары Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық инновациялық қордың жарғысына және Инвестициялық саясат туралы меморандумына қайшы келетiн мiндеттемелердi ез мойнына алуға құқығы жоқ.
      2. Ұлттық инновациялық қор алкоголь және темекi өнiмдерi өндiрiсiне, ойын бизнесiне инвестицияларды салмайды.

       15-бап. Мемлекеттiк органдардың Ұлттық инновациялық
                қормен өзара iс-қимылы

      1. Қазақстан Республикасының Yкiметi Ұлттық инновациялық қордың жалғыз акционерi болып табылады.
      2. Уәкiлеттi орган:
      1) Ұлттық инновациялық қор акцияларының мемлекеттiк пакетiн басқару функцияларын жүзеге асырады;
      2) Ұлттық инновациялық қордың құрамын, есеп беру нысандарын және кезеңдiлiгiн бекiтедi;
      3) Ұлттық инновациялық қор қызметiнiң Қазақстан Республикасы  заңнамасының  талаптарына, Ұлттық инновациялық қордың жарғысына және Инвестициялық саясат туралы меморандумына сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының Ұлттық инновациялық қордың қызметiне араласуына тыйым салынады.

       16-бап. Ұлттық инновациялық қордың жауапкершiлiгi

      Ұлттық инновациялық қор өз мiндеттемелерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының  заңдарында  көзделген негiздер бойынша және тәртiппен жауаптылықта болады.

  4-тарау. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ЕСЕБIНЕН
IСКЕ АСЫРУ. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ГРАНТТАР

       17-бап. Инновациялық жобаларды бюджет қаражаты есебiнен
                iске асыру

      Инновациялық жобаларды бюджет қаражаты есебiнен iске асыру Қазақстан Республикасының  бюджеттiк  заңнамасында айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.

       18-бап. Инновациялық гранттар беру

      1. Қазақстан Республикасының бюджеттiк заңнамасына сәйкес инновациялық гранттар  бюджет  қаражаты есебiнен берiледi.
      Инновациялық гранттар беру мақсатында  сенiмгер  уәкiл тартылуы мүмкiн.
      2. Инновациялық грант мына мақсаттарға:
      1) тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелер орындау;
      2) инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiн әзiрлеу;
      3) шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патент ұйымдарында өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн  патенттеу  мақсаттарына берiледi.

       19-бап. Тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелерге
                арналған грант

      1. Тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелерге грант беру бюджет қаражаты есебiнен инновациялық гранттар алуға және патенттiк зерттеулерге өтiнiмдердiң мемлекеттiк ғылыми-техникалық  сараптамасы  мен экономикалық  сараптамасының  нәтижелерi бойынша конкурстық негiзде жүргiзiледi.
      2. Тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелер орындауға грант мынадай шарттармен:
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметiне немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органға өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн Қазақстан Республикасында және дүниежүзiнiң барлық елдерiнiң аумағында Қазақстан Республикасының атынан пайдалану үшiн  сублицензиялық  шарт жасасу құқығымен жай ерекше емес, мерзiмсiз  лицензияны  қайтарымсыз негiзде беру;
      2) уәкiлеттi органға немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органға тиiстi  өнеркәсiптiк  меншiк объектiсiн енгiзу жөнiнде қабылданған шаралар туралы мерзiмдiк есептердi беру;
      3) лицензиат осы өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн қамтитын немесе соның арқасында алынған кез келген тауар (жұмыс, қызмет көрсету) Қазақстан Республикасында өндiрiлуiне келiскен жағдайда ғана өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне  ерекше  лицензия беру;
      4) грант алушының аудитiн жүргiзу шарттарымен берiледi.
      3. Егер пайдаланылуы ұлттық қауiпсiздiк мәселелерiмен байланысты зияткерлiк меншiк объектiсi тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелердi орындаудың нәтижесi болып табылған жағдайда, мұндай объектiге ерекше құқықтар алудың басым құқығы мемлекетке тиесiлi болады. Мұндай алудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.

       20-бап. Инновациялық жобаның техникалық-экономикалық
                негiздемесiн дайындауға және шет мемлекеттерде
                және (немесе) халықаралық патенттiк ұйымдарда
                өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патенттеуге
                арналған грант

      1. Техникалық-экономикалық негiздеме дайындауға және шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патенттiк ұйымдарда өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патенттеуге гранттар беру бюджет қаражаты есебiнен инновациялық гранттар алу өтiнiмдерiнiң мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптамасы мен экономикалық сараптамасының нәтижелерi бойынша конкурстық негiзде жүргiзiледi.
      2. Инновацияға мүлiктiк құқықтары бар тұлғаға инновациялық жобаға техникалық-экономикалық негiздеме дайындауға грант берiледi.
      3. Осы Заңның  8-бабына  сәйкес аккредиттелген технологиялық бизнес-инкубатор және (немесе) технопарк техникалық-экономикалық негiздеме дайындаған жағдайда, инновациялық жобаға техникалық-экономикалық негiздеме дайындауға грант берiледi.
      4. Қорғау құжаттарын алуға өтiнiмдер беруге  құқықтары  бар тұлғаға шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патенттiк ұйымдарда өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патенттеуге грант берiледi.

  5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       21-бап. Инновациялық қызмет субъектiлерiнiң
                халықаралық ынтымақтастығы

      1. Инновациялық қызмет субъектiлерiнiң халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және халықаралық шарттары негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Инновациялық қызмет субъектiлерi инновациялық қызметпен айналысатын үкiметтiк емес халықаралық ұйымдарға өз бетiмен кiруге, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн шарттар мен өзге де келiсiмдердi жасасуға құқылы.

       22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастан қолданысқа енгiзiледi.
      2. "Инновациялық қызмет туралы" 2002 жылғы 3 шiлдедегi Қазақстан Республикасы  Заңының  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 13-14, 142-құжат; 2005 ж, N 23, 142-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi