РҚАО-ның ескертуі: Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібін 34-баптан қараңыз.
Осы Заң резиденттер мен резидент еместер валюталық құндылықтарға құқықтарын іске асырған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерi мен тәртiбiн айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1)
базалық актив
- бағасына туынды қаржы құралының құны тәуелдi қаржы құралы, көрсеткiш немесе тауар;
2)
валюта
- мемлекеттердің заңды төлем қаражаты ретінде қабылдаған ақша бiрлiгі немесе банкноттар, қазынашылық билеттер және монеталар, оның iшiнде қымбат металдардан жасалған монеталар (айналыстан алынған немесе алынатын, бiрақ айналыста жүрген ақша белгiлерiне айырбасталуға жататынын қоса алғанда) түрiндегі қолма-қол және қолма-қол емес ақша нысанындағы құнның ресми стандарттары, сондай-ақ шоттардағы, оның ішiнде халықаралық ақша немесе есеп айырысу бiрлiктерiндегі қаражат;
3)
валюталық операциялар:
валюталық құндылықтарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың көшуіне, сондай-ақ валюталық құндылықтарды төлем қаражаты ретінде пайдалануға байланысты операциялар;
валюталық құндылықтарды, ұлттық валютаны, номиналы ұлттық валютамен көрсетiлген бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын, резиденттер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына әкелу, жіберу және аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету, жiберу және аудару;
4)
валюталық құндылықтар:
шетел валютасы;
номиналы шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;
резидент еместер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздар;
тазартылған құйма алтын;
резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында операциялар жасалған жағдайда қолданылған ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;
резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында операциялар жасалған жағдайда қолданылған резидент шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздар;
5)
валюталық шарт
- өзгерістері мен толықтыруларын қоса алғандағы келiсiм, құрылтай құжаттары, сондай-ақ солардың негізiнде және (немесе) оларды орындау үшiн валюталық операциялар жүзеге асырылатын өзге де құжаттар;
6)
шетел валютасы
- шет мемлекеттің валютасы, сондай-ақ халықаралық ақша немесе есеп айырысу бiрліктерi;
7)
шетелдiк банктер
- Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған және өздері тіркелген мемлекеттердiң заңнамасы бойынша банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар банктер мен өзге де қаржы институттары;
8)
коммерциялық кредиттер
- тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) жеткiзушiлер (сатушылар) мен алушылар (сатып алушылар) арасында тiкелей жүзеге асырылатын экспорт бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе импорт бойынша алдын ала ақы төлеу (аванстық төлем);
9)
ұлттық валюта
- Қазақстан Республикасының валютасы;
10)
резидент еместер
- осы баптың 15) тармақшасында аталмаған жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктерi;
11)
айырбастау пункттерi
- шетел валютасымен айырбастау операциялары жүргiзiлетiн арнайы жабдықталған орындар;
12)
мәміле паспорты
- валюталық операциялар бойынша есепке алуды және есептілікті қамтамасыз ету үшін қажетті сыртқы экономикалық мәміле туралы мәліметтер көрсетілетін белгіленген нысандағы құжат;
13)
туынды қаржы құралдары
- құны базалық активтiң құнынан бөлек бағалануы мүмкін және мәмiлелердiң дербес объектісi бола алатын қаржы құралдары;
14)
тiкелей инвестициялар
- заңды тұлғаның акцияларын (қатысушылардың салымдарын) төлеуге зияткерлiк шығармашылық қызметтiң нәтижесіне құқықтарды қоса алғанда, ақшаны, бағалы қағаздарды, заттарды, мүліктік құқықтарды және өзге де мүлiктi салу, соның нәтижесiнде осындай салымдарды жүзеге асыратын тұлғаға осы заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп проценті (қатысушылар даусының жалпы санының он және одан да көп процентi) тиесілi болады;
15)
резиденттер:
Қазақстан Республикасының азаматтары, оның iшiнде шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына осы мемлекеттiң заңнамасына сәйкес берiлген құжаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, шет елде уақытша жүрген немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде оның мемлекеттiк қызметінде жүрген азаматтары;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығына
құжаты
бар шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасына
сәйкес
құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жері бар барлық заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде орналасқан жерi бар олардың филиалдары мен өкілдiктерi;
V990667
V990768
(
1-қосымша
)
Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкiлдiктерi;
16)
уәкілетті банктер
- Қазақстан Республикасында құрылған банктер және осы баптың 17) тармақшасында аталған ұйымдарды қоспағанда, валюталық операцияларды, оның ішiнде клиенттердiң тапсырмасы бойынша операцияларды жүзеге асыратын банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге құқығы бар ұйымдар;
17)
уәкiлетті ұйымдар
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, қызметiнiң ерекше түрі шетелдiк валютамен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар;
18)
қаржы қарыздары:
ақша нысанында берілетін қарыздар (коммерциялық кредиттерді қоспағанда);
банктердің шет елде халықаралық капитал нарықтарында қаражат тарту мақсатында құрылған еншiлес ұйымдарының сол банктердегі салымдары (депозиттерi);
борышкердiң міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуге берілетін ақша;
үшінші тұлғалардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) сатып алуды және өзге де мәмiлелердi қаржыландыруы, сондай-ақ үшiншi тұлғалардың кредитор алдындағы борышкердің мiндеттемелерiн орындауы, соның нәтижесінде ақшаны және өзге де мүлiктi сыйақымен немесе онсыз қайтару жөнiндегі міндеттемесі орындалған тұлғаның осындай қаржыландыруды ұсынған және (немесе) осындай орындауды жүзеге асырған тұлғаға мiндеттілігі туындайды;
19)
экспорт (импорт)
- резиденттiң резидент емеске (резидент еместiң резидентке) тауарларды сатуы, жұмыстарды орындауы, қызметтер көрсетуі.
2-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы Қазақстан Республикасының
Конституциясына
негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданыста болады және Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резидент еместерге қолданылады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде осы Заң Қазақстан Республикасының резиденттеріне қолданылады.
4-бап. Валюталық реттеудің мақсаттары мен міндеттері
1. Валюталық реттеудің мақсаты тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің саясатына жәрдемдесу болып табылады.
2. Валюталық реттеудің міндеттері:
1) Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтардың айналысының тәртiбiн белгілеу;
2) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік экономикаға одан әрi кiрiгуi үшін жағдайлар жасау;
3) валюталық операциялар мен капитал легi жөніндегі ақпараттық базаны қамтамасыз ету болып табылады.
5-бап. Валюталық реттеу органдары
1. Қазақстан Республикасында валюталық реттеудiң негізгі органы Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкi
болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi және өзге де мемлекеттiк органдар валюталық реттеуді өз құзыретi шегінде жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Заңға сәйкес өз құзыреті шегінде резиденттер мен резидент еместер үшін мiндеттi нормативтік құқықтық актiлер шығарады.
Валюталық реттеу органдары әзiрлеген валюталық реттеу мәселелері жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен міндетті түрде келісiлуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық реттеудің негізгі органы ретiнде:
1) осы Заңның 6-бабына сәйкес резиденттердің валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметін жүзеге асыруына қойылатын талаптарды;
2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртiбiн, соның iшiнде валюталық реттеу режимдерiн:
V011561
лицензиялауды;
тiркеудi;
хабардар етудi;
3) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларына мониторингтi (валюталық мониторингтi) жүзеге асыру тәртiбiн;
4) уәкілеттi мемлекеттік органдармен келiсiм бойынша олардың құзыретiне сәйкес барлық резиденттер мен резидент еместердiң орындауы үшін мiндеттi валюталық операциялар бойынша есепке алу және есептілік нысандарын белгілейдi.
Жүзеге асырылу тәртібі осы Заңда белгiленбеген валюталық операциялар шектеусiз жүргізіледi.
6-бап. Валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты
қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметтің мынадай түрлерін:
1) қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауданы
жүзеге асыруды
және қызметтер көрсетуді;
2) уәкiлеттi ұйымдардың шетел валютасымен айырбастау операцияларын
ұйымдастыруын
лицензиялауға тиіс.
Осы тармақтың 1) тармақшасында аталған қызметтi жүзеге асыруға лицензия өз қызметін
бажсыз сауда дүкенінің
кеден режимiнде, сондай-ақ халықаралық тасымалдар жасайтын теңiз, iшкi cу, әуе, темiр жол және автомобиль көлiгiнде жүзеге асыратын тұлғаларға берiледі.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi осы баптың 1-тармағында аталған қызметке қойылатын
біліктілік талаптарын
, сондай-ақ қосымша сауда нүктелерi мен айырбастау пункттерiн тiркеу (ашу) тәртiбiн белгiлейдi. Айырбастау пунктін тiркеу кезiнде белгiленген үлгідегi құжат - айырбастау пунктiнiң
тiркеу куәлiгi
берiледi. Уәкілеттi ұйымдар үшiн құрылтай құжаттарын келiсу
тәртiбi,
құрылтайшылардың құрамына, ұйымдастыру-құқықтық нысанына, жарғылық капиталдың мөлшерiне және қалыптасу тәртiбiне қойылатын талаптар, бөлiмшелер құру және басқа заңды тұлғаларға қатысу жөнiндегi шектеулер қосымша белгіленедi.
3. Резиденттер лицензия алу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының
Заңына
сәйкес белгіленген құжаттардан басқа, осы Заңның 10-бабының бірінші бөлігіндегі 1), 3)-9) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген шарттармен және тәртіппен тапсырады.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған қызметті жүзеге асыруға лицензиялар немесе лицензия беруден бас тарту резидент құжаттардың толық топтамасын табыс еткен күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде берiледi.
Өтiнiш берушiге лицензия беруден бас тартылған кезде жазбаша нысанда дәлелдi жауап берiледi.
5. Лицензия беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты ұсынбау;
2) өтiнiш берушiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген талаптарға сай болмауы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген өзге де негіздер.
6. Жүзеге асыруға лицензия алынған қызмет бойынша ақпарат ұсынудың нысандары мен тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
7-бап. Валюталық операцияларды лицензиялау
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында көзделген
валюталық операцияларға
лицензиялар бередi.
2. Валюталық операцияларға қатысушы резидент шоты ашылғанға дейін немесе тараптардың бiрi шарт бойынша мiндеттемелердi орындауды бастағанға дейiн не осы Заңның 20-бабы 5-тармағының екiншi бөлігінде, 7-тармағында және 25-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген мерзiм өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде лицензия алуға өтініш жасауға міндеттi.
3. Резиденттер лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының
Заңында
белгiленген құжаттардан басқа осы Заңның 10-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1)-8), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтік құқықтық актісiнде белгіленген шарттармен және тәртiппен ұсынады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі нормативтік құқықтық актiде:
1) осы Заңның 22-бабының 3-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операциялардың көлемдеріне қатысты талаптарды;
2) осы Заңның 22-бабының 2-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс операцияларды резидент-клиенттің тапсырмасы бойынша оның мүддесiне және оның есебінен резидент еместің жүргiзуi көзделетiн, ол тiркелген мемлекеттiң заңнамасы бойынша бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар резидент пен резидент емес арасындағы мәміле шарттарына қатысты талаптарды;
3) осы Заңның 25-бабына сәйкес лицензиялануға тиiс операциялар бойынша уәкілетті банктердегі шоттар арқылы валюталық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндіктің жоқтығына негіздеме ұсынудың талаптарын белгілейдi.
5. Лицензия беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты ұсынбау;
2) жүргiзiлетiн операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келмеуі;
3) жүргiзiлетiн валюталық операцияның және (немесе) өтiнiш берушiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген талаптарға сай келмеуi;
4) осы Заңның 22 және 25-баптарына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операцияларға қатысты салықтық берешектiң, бюджет қаражатының, үкіметтік сыртқы қарыздардың есебінен берілген кредиттер бойынша және мемлекеттік кепілдіктерді орындауға байланысты туындаған талаптар бойынша мерзімі өткен берешектің болуы;
5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер.
Өтініш берушіге лицензия беруден бас тартылған жағдайда, бас тарту себептері көрсетіле отырып, жазбаша нысанда дәлелді жауап беріледі.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде лицензиялануға тиіс валюталық операциялардың ең аз сомасы, сондай-ақ берілген лицензияға сәйкес валюталық операция бойынша ақпарат ұсынудың нысандары мен тәртібі белгіленеді.
8-бап. Валюталық операцияларды тіркеу
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында аталған валюталық операцияларды тіркеуді жүзеге асырады.
2. Тіркеу режимі валюталық шартты тіркеуді және тіркелген валюталық шарт бойынша резиденттің кейiннен мәлiметтер беруін қамтиды.
3. Валюталық операцияға қатысушы резидент тараптардың бiрi валюталық шарт бойынша мiндеттемелерiн орындауды бастағанға дейiн не осы Заңның 20-бабының 7-тармағында және 23-бабының 2-тармағында аталған мерзiм өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішiнде, ал осы Заңның 25-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда шот бойынша операциялар жүргізіле басталғанға дейін тiркелуге өтiніш беруге мiндетті.
4. Резиденттер валюталық операцияларды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы Заңның 10-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1)-4), 6), 7), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген шарттармен және тәртiппен тапсырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сiлтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.
5. Резидент құжаттардың толық топтамасын тапсырған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде тіркеу жүзеге асырылады.
Валюталық шартты тiркеген кезде өтiнiш берушiге белгiленген үлгiдегi құжат -
тiркеу куәлігі
беріледi.
6. Тiркеуден бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) дұрыс емес ақпарат ұсыну не осы Заңға сәйкес көзделген ақпаратты ұсынбау;
2) жүргiзiлетiн операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеуi.
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінiң нормативтік құқықтық актiсiнде тiркелуге тиiс мәмiленiң ең аз сомасы және тіркеу тәртiбiнiң ерекше жағдайлары белгiленеді.
9-бап. Валюталық операциялар туралы хабарлама
1. Хабарлама режимi валюталық операцияларға қатысушы резиденттердiң және (немесе) уәкiлетті банктердің, сондай-ақ клиенттердің тапсырмасы бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсiби қатысушылардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне валюталық шарт бойынша белгіленген нысанда ақпарат ұсынуын және жүргізілген операциялар мен валюталық шарттың өзгерiстерi туралы кейіннен ақпарат ұсынуын қамтиды.
Валюталық операцияларға қатысушы резиденттер валюталық шарт жасалғаннан кейін, бiрақ ол бойынша мiндеттемелердi тараптардың бiрi орындауды бастаған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешiктірмей, ал шетелдiк банкте шот ашу кезiнде, осы Заңның 25-бабының 2-тармағында белгіленген мерзiмде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлама жасайды. Егер хабарлама тәртiбi валюталық шартқа ол бойынша мiндеттеменi орындау процесiнде қолданылған болса - валюталық шарт бойынша жүзеге асырылатын валюталық операциялар хабарлама жасалуға тиiсті күннен бастап жетi жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық операцияға қатысушы резидентке одан валюталық шарт туралы ақпарат алған күннен бастап он күннен аспайтын мерзiмде хабарлама туралы растау бередi.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық операциялардың жасалу мән-жайларын нақтылау мақсатында соның негiзiнде валюталық операциялар жүзеге асырылатын валюталық шартты талап етуге құқылы.
4. Уәкiлеттi банктер және (немесе) бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушылары хабарлама туралы растау болмаған жағдайда клиенттердiң валюталық операцияларын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінe хабарлай отырып жүргізеді.
10-бап. Лицензия мен тіркеу куәлігін алу үшін талап
етілетін құжаттар
Резиденттер валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыруы қойылатын талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Заңда белгiленген валюталық peттеу режимдерiнiң талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш;
2) тiгілiп, қол қойылып (жеке және заңды тұлғалар үшін) және мөр басылып (заңды тұлғалар үшiн) куәландырылған валюталық шарттың көшiрмесi;
3) жеке басты куәландыратын құжаттың көшiрмесi (валюталық операцияны жүзеге асыратын жеке тұлғалар үшін);
4) заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенi туралы куәлiктiң көшiрмесi (заңды тұлғалаp үшiн);
5) құрылтай құжаттарының нотариатпен куәландырылған көшiрмесi (заңды тұлғалap үшiн);
6) бiрегей сәйкестендiрілген код берiлгенiн растайтын, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк статистикасының уәкiлеттi органы берген құжаттың көшiрмесi (заңды тұлғалар үшiн);
7) салық төлеушiнiң мемлекеттiк тiркелгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi;
8) өтінiш берушінiң талаптарға, оның iшiнде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген бiлiктілiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар;
9) резиденттiң шетел валютасы шотының бар екендігі туралы банктің анықтамасы;
10) валюталық шарт бойынша мiндеттемелердiң туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттардың көшiрмесi.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi танысу үшiн осы бапта аталған құжаттардың түпнұсқаларын резиденттен сұратуға құқылы.
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық мониторингтi Қазақстан Республикасының төлем балансының тұрақтылығын бағалау мақсатында жүзеге асырады.
Валюталық мониторингтің негізгі міндеттерi:
1) валюталық мониторинг объектілерi жүзеге асыратын валюталық операциялар бойынша ақпарат базасын жасау;
2) Қазақстан Республикасы төлем балансының, сыртқы борышының және халықаралық инвестициялық позициясының статистикасын, оларды талдау мен болжауды жетiлдiру болып табылады.
2. Резидент емес заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында бiр жылдан астам жұмыс iстейтін филиалдары мен өкілдiктерi валюталық мониторинг объектiлерi болып табылады, Валюталық мониторинг қолданылатын қызметтiң түрлерiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
3. Валюталық мониторинг белгіленген есептілік нысандарына сәйкес валюталық мониторинг объектiлерiнiң резиденттермен және резидент еместермен iске асыратын жобалары бойынша олардан ақпарат жинау әдiсiмен жүзеге асырылады.
4. Валюталық мониторинг жүргiзу үшiн есептілік мерзiмдерi мен нысандары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актісiнде белгіленедi.
12-бап. Шет ел валютасын және ұлттық валютаны қайтару
1. Резиденттер мәміле шарттарында көзделген мерзiмде уәкілетті банктердегі банк шоттарына:
1) резиденттiң тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспортына ақы төлеуге алған ұлттық валютаны және шетел валютасын;
2) резидент емес мiндеттемелерiн орындамаған және (немесе) толық орындамаған жағдайда, резиденттiң тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асыруы үшiн резидент еместiң пайдасына аударған ұлттық валютаны және шетел валютасын аударуды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Резиденттің тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспорты, импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асырған кезде уәкілетті банктердегі банк шоттарына ұлттық және шетелдік валютаны аударуы:
1) резидент еместен тартылған қарыздың шарттарына сәйкес резиденттің міндеттемелерін қамтамасыз етуге арналған шетелдік банктердегі резиденттің шоттарына валюта түсімін аударған;
2) резиденттің шет елде ашылған филиалдары мен өкілдіктерінің қызметін қамтамасыз етуге арналған шетелдік банктердегі шоттарына валюта түсімін аударған жағдайларда талап етілмейді.
3. Тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспорты, импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асырған кезде уәкілетті банктердегі шоттарға ұлттық және шетелдік валюта түспеген кезде аудару жөніндегі міндеттеме осы Заңға сәйкес:
1) біркелкі қарсы талапты есепке алу арқылы резидент еместің міндеттемелері тоқтатылған;
2) олардың арасында бұрыннан бар бастапқы мiндеттеменi сол тұлғалар арасында өзгеше нысананы немесе өзгеше орындау тәсілiн көздейтiн басқа мiндеттемемен ауыстыру арқылы резидент еместiң мiндеттемелерi тоқтатылған;
3) резидент емеске талап қою құқығы басқа тұлғаға берiлген;
4) резидент еместiң мiндеттемелердi орындамау тәуекелiн сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемi алынған жағдайларда ішінара немесе толық орындалды деп есептеледi.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi резиденттердiң қайтару талаптарын орындауын қамтамасыз ету мақсатында резиденттердің экспорт және импорт жөнiндегі мәмiле
паспорттарын ресiмдеудiң
бiрыңғай ережесi мен шарттарын және экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi.
Экспорттаушы (импорттаушы) келiсiм-шарт жасасқан күнi баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын сомаға жасалған келiсiм-шарттар бойынша мәміле паспорты ресiмделмейдi.
5. Резиденттiң уәкiлеттi банктердегi және (немесе) шетелдiк банктердегi өзiнің шоттарына ұлттық және шетелдiк валютаны аударуын бақылау мақсатында, тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудің) экспортын, импортын көздейтiн келiсiм-шартта резидент еместердiң мiндеттемелердi орындау мерзiмi мiндеттi түрде көзделуi тиiс.
Резиденттердiң валюталық операцияларын жүргізетiн уәкiлеттi банктер резиденттен шетел валютасын уәкiлетті банктердегi шоттарға аудару мерзiмдерiн нақтылауды және (немесе) дәл белгілеудi талап етуге құқылы.
Мiндеттемелердің орындалу мерзiмдерi өзгерген жағдайда, уәкілеттi және (немесе) шетелдiк банктердегі шоттарға шетел валютасын белгiленген мерзiмде аударуға әсерiн тигiзетiн өзге де мән-жайлар туындаған кезде, резиденттер уәкілеттi банктерге және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне тиiстi негiздеменi және растау құжаттарын ұсына отырып, хабарлауға мiндеттi.
6. Осы баптың талаптарының орындалуын және валюталық қаражаттың қайтарылмауының негiздiлiгiн бақылауды салық қызметi органдарымен, кеден және құқық қорғау органдарымен бiрлесiп Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады.
13-бап. Резиденттер арасындағы валюталық операциялар
Резиденттер арасындағы валюталық операцияларға тыйым салынады, оған мыналар кiрмейдi:
1) тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және (немесе) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi болатын операциялар;
2) өздеріне берiлген лицензияға және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес уәкiлеттi банктер мен уәкілеттi ұйымдар жүзеге асыруға құқылы банктік операцияларға және өзге де операцияларға жатқызылатын валюталық құндылықтармен операциялар;
3) валюталық операциялар жүргізу жөнiндегі банктiк қызмет көрсетуге ақы төлеу, сондай-ақ шетел валютасымен банктiк қызмет көрсету көзделетін шарттар бойынша тұрақсыздық айыппұлын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеу;
4) резиденттердiң шетел валютасымен шығарған бағалы қағаздарын және резидент еместердiң шығарған бағалы қағаздарын сатып алуға, сатуға, сыйақы төлеуге және (немесе) өтеуге байланысты операциялар;
5) аударым аккредитивтерiн ақы төлеу нысаны ретінде пайдаланған кезде экспортты (импортты) жүзеге асыруға байланысты комиссия шарттары бойынша ақша төлемдері мен аударымдары;
6) шетел валютасымен көрсетілген вексельдерді ақшалай міндеттемелерді орындау ретінде беру;
7) бөлшек сауданы жүзеге асыруға әрі осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгіленген талаптарға сәйкес алынған қолма-қол шетел валютасымен қызмет көрсетуге лицензиясы бар резиденттермен есеп айырысу;
8) қызметкерлердi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге iссапарларға жiберуге байланысты шығыстарды төлеу;
9) жеке тұлғалардың ақшаны өтеусiз аударуы немесе валюталық құндылықтарды жеке тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық қызметi қайырымдылық қызметiн жүзеге асыруға бағытталған заңды тұлғаларға өтеусiз беруi;
10) жеке тұлғалардың басқа жеке тұлғалардың пайдасына банк салымдарын енгізуi;
11) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерімен көзделген жағдайларда салықтар және бюджетке төленетін басқа да мiндетті төлемдердi төлеуге байланысты операциялар.
14-бап. Резиденттер мен резидент еместер арасындағы
валюталық операциялар
1. Резиденттер Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес тараптардың келiсiмi бойынша резидент еместермен ұлттық және (немесе) шетелдік валютамен мәмілелер жасасуға құқылы.
2. Резиденттер резидент еместермен операциялар бойынша шетел валютасымен көрсетiлген вексельдер шығаруға құқылы.
3. Резидент еместер салымдар (депозиттер), бағалы қағаздар, резиденттермен қарыз алу операциялары және осы Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылған өзге де валюталық операциялар бойынша алынған дивидендтердi, сыйақы мен өзге де кiрiстердi шектеусiз алуға және аударуға құқылы.
4. Егер осы Заңның 20-24-баптарында аталған валюталық операцияларға қатысты валюталық реттеу режимдерi белгiленбесе, резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар хабарлама режимін белгiлеуге құқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртіппен шектеусіз жүзеге асырылады.
Осы Заңда белгiленген валюталық реттеу режимдерi тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және (немесе) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi болып табылатын резидент еместермен жасалатын валюталық операцияларға қолданылмайды.
15-бап. Резидент еместер арасындағы валюталық
операциялар
1. Қазақстан Республикасының аумағында резидент еместер арасындағы валюталық операциялар осы Заңның 16-бабында белгіленген талаптарды ескере отырып шектеусiз жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында резидент еместер арасындағы валюталық операцияларды жүргiзуге шектеулер осы Заңның 32-бабында көзделген жағдайларда ғана енгiзiлуi мүмкін.
16-бап. Резиденттер мен резидент еместердiң валюталық
операциялар бойынша төлемдері және ақша
аударымдары
1. Резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операциялар бойынша төлемдерi және ақша аударымдары уәкiлеттi банктердегі шоттар арқылы жүзеге асырылады, оған мыналар кірмейдi:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке тұлғалардың ұлттық валютамен төлемдерi және ақша аударымдары, сондай-ақ олардың пайдасына төлемдер мен ақша аударымдары;
2) осы баптың 3-тармағына сәйкес жеке тұлғалардың уәкiлеттi банктерде шот ашпай жүзеге асыратын ақша аударымдары;
3) бөлшек сауданы жүзеге асыруға және қолма-қол шетел валютасымен қызмет көрсетуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар арасындағы төлемдер;
4) жеке тұлғалар мен уәкілетті банктердің немесе уәкілетті ұйымдардың арасындағы олардың айырбастау пункттері арқылы жүзеге асырылатын төлемдер;
5) резидент заңды тұлғалардың резидент емес қызметкерлерге, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғалардың резидент және резидент емес қызметкерлерге шетел валютасымен жалақы төлеуі;
6) заңды тұлғалардың қызметкерлерді Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарларға жіберуге байланысты шығыстарды шетел валютасымен төлеуі;
7) өз қызметін Қазақстан Республикасының кеден аумағында әуежайларда, порттарда және халықаралық қатынастар үшін ашылған шекаралық өткелдерде кедендік бақылаумен жүзеге асыратын жеке тұлғалар мен резидент емес заңды тұлғалар арасындағы төлемдер;
8) резидент заңды тұлғалар мен Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар арасындағы Қазақстан Республикасының төлемдер мен ақша аударымдары туралы заңнамасында белгiленген сома шегiнде ұлттық валютадағы төлемдерi;
9) чек, вексель беру (тапсыру) арқылы жасалатын төлемдер;
10) осы Заңда белгiленген тәртіппен ашылған шетелдiк банктердегi шоттар арқылы жүзеге асырылатын төлемдер мен ақша аударымдары;
11) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актісiнде көзделген жағдайларда, резидент еместер резиденттiң мiндеттемелерiн орындау есебіне жүзеге асыратын олардың шетелдiк банктердегi шоттарынан ақша аударымдары.
Резидент және резидент емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операциялар жүргiзген кезде алған қолма-қол шетел валютасы олардың уәкілетті банктердегi шоттарына мiндеттi түрде аударылуға тиiс.
2. Осы Заңда лицензиялау, тiркеу, хабарлама және (немесе) мәміле паспортын ресiмдеу талабы белгiленген Қазақстан Республикасының аумағындағы валюталық операциялар бойынша төлемдер мен ақша аударымдары уәкiлеттi банктерде ашылған шоттар арқылы ғана жүзеге асырылады.
3. Резидент және резидент емес жеке тұлғалар белгіленген сома шегінде уәкiлеттi банктерде шот ашпай-ақ:
1) Қазақстан Республикасының аумағында, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына өтеусiз ақша аударымдарын (салықтық, лицензиялық төлемдердi, айыппұлдарды, мұрагерлік сома аударымдарын, алименттердi, гранттарды және басқаларын);
2) жеке тұлғаның кәсіпкерлiк қызметтi жүзеге асыруына байланысты емес және осы Заңға сәйкес оған қатысты лицензиялау, тiркеу, хабарлама талабы белгіленбеген өзге де ақша аударымдарын Қазақстан Республикасынан жүзеге асыруға құқылы.
4. Резиденттердiң және резидент еместердiң қолма-қол шетел валютасын пайдалану және шотқа аудару тәртiбi, сондай-ақ банк шотын ашпай-ақ ақша аударымдарының сомасы мен оларды жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
17-бап. Шетел валютасымен жасалатын айырбастау
операциялары
1. Уәкiлеттi банктер өздерiне берiлген лицензияға немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен берiлген құқыққа сәйкес шетел валютасын Қазақстан Республикасында, сол сияқты шет елде де еркiн сатуы және сатып алуы мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасында шетел валютасын сатуды және сатып алуды резиденттер мен резидент еместер тек қана уәкiлеттi банктер, олардың айырбастау пункттерi, сондай-ақ уәкiлеттi ұйымдардың айырбастау пункттерi арқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгілеген тәртіппен жүргізедi.
18-бап. Валюталық құндылықтарды, қолма-қол ұлттық
валютаны, номиналы және (немесе) құны ұлттық
валютамен көрсетілген бағалы қағаздарды және
төлем құжаттарын, резиденттер шығарған
номиналы жоқ бағалы қағаздарды әкелу және
әкету, жiберу
1. Резидент және резидент емес жеке тұлғалар әкетiлетін қолма-қол шетел валютасының қайдан алынғанын растайтын құжаттарды ұсынбай-ақ баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде қолма-қол шетел валютасын Қазақстан Республикасынан әкетуге құқылы.
Резидент және резидент емес жеке тұлғалар Қазақстан Республикасынан баламасы он мың АҚШ долларынан асатын мөлшерде қолма-қол шетел валютасын әкететін кезде Қазақстан Республикасының кеден органдарына баламасы он мың АҚШ долларынан асатын сомаға олардың қайдан алынғандығының заңды екендігін растайтын құжаттарды табыс етуі қажет.
Әкетiлетiн қолма-қол шетел валютасының қайдан алынғандығының заңды екендiгін растайтын құжаттардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
2. Резидент және резидент емес жеке тұлғалардың баламасы үш мың АҚШ долларынан асатын мөлшерде қолма-қол шетел валютасын және (немесе) ұлттық валютаны Қазақстан Республикасына әкелуi және одан әкетуi қолма-қол шетелдiк және (немесе) ұлттық валютаның әкелiнетiн немесе әкетiлетiн бүкіл сомасына кедендік декларация беру арқылы Қазақстан Республикасының кеден органында мiндеттi түрде декларациялануға тиiс.
3. Номиналдық құны (номиналы) ұлттық валютамен және шетел валютасымен көрсетiлген төлем құжаттарын (вексельдердi, чектердi, оның iшiнде жол чектерiн) Қазақстан Республикасына әкелу және әкету жазбаша декларациялауға жатпайды және шектеусiз жүзеге асырылады.
4. Валюталық құндылықтарды, қолма-қол ұлттық валютаны, номиналы және (немесе) құны ұлттық валютамен көрсетiлген бағалы қағаздар мен төлем құжаттарын, сондай-ақ резиденттер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздарды әкелуін және әкетудi кедендiк ресiмдеу тәртiбi Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
19-бап. Ақпарат және құжаттар ұсыну жөнiндегі мiндеттеме
1. Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын резиденттер, сондай-ақ резидент еместер осы Заңда белгiленген талаптарды орындау мақсатында валюталық реттеу мен бақылау органдарына және валюталық бақылау агенттерiне өздерi жүргiзетiн валюталық операциялар бойынша есептiлiктi, ақпарат пен құжаттарды ұсынуға мiндетті.
2. Резиденттер және резидент еместер уәкілеттi банктердiң сұратуы бойынша олар арқылы жүргiзiлетiн валюталық операциялар жөнiндегi төлемдер мен ақша аударымдарының мақсатын көрсетуге, сондай-ақ осы Заңда белгiленген талаптарды орындау мақсатында төлемдер мен ақша аударымдарының көрсетілген мақсаттарын растайтын құжаттарды ұсынуға мiндеттi.
20-бап. Экспорт (импорт) бойынша есеп айырысу
1. Резиденттер тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспортына ақы төлеу валютасын тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспорты күнiнен бастап 180 күн iшiнде немесе тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн жекелеген тауарлар экспорты күнiнен бастап 365 күн iшiнде алуға және уәкiлеттi банктердегi шоттарға аударуға тиiс.
Резиденттердiң тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспортына ақы төлеу ретiнде алған олардың шетелдiк банктердегi шоттарындағы валютасын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы негізiнде шетелдiк банктерде ашылған шотқа аударуына жол берiледi.
2. Резидент емеске коммерциялық кредит шарттарымен тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшiн резиденттің резидент еместiң пайдасына аударған валютасын, резидент емес мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда, аудару күнiнен бастап 180 күннен кешiктiрмей резидент алуға және оны уәкiлеттi банктердегi шоттарға аударуға тиiс.
3. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, 180 күннен астам мерзiмге берiлген коммерциялық кредиттеp бойынша резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
4. Резиденттердің резидент еместерге 180 күннен астам мерзімге берілген коммерциялық кредиттері бойынша резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер лицензиялау режимінде жүзеге асырылады.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тізбеге кіретін тауарлар экспорты кезінде, егер резидент коммерциялық кредитті резидент емеске 365 күннен аспайтын мерзімге берген жағдайда, төлем мерзімін кейінге қалдыру шарттарымен жасалған резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер лицензиялауға жатпайды.
365 күннен аспайтын мерзімге берілген коммерциялық кредиттер бойынша резидент еместің қаражатты қайтаруының немесе міндеттемелерді өзгеше орындауының нақты мерзімі 365 күннен асып кеткен жағдайларда, резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер осы Заңда көзделген тәртіппен лицензиялауға жатады.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы уәкілетті банктердегі шоттарға ұлттық валютаны және шетел валютасын есептеуге немесе резидент негiздеген мерзiмде мiндеттемелердi өзгеше орындауға құқық бередi.
7. 180 күннен астам мерзiмге берiлген коммерциялық кредиттерге қатысты осы бапта белгiленген тәртiп 180 күннен аспайтын мерзiмге берiлген коммерциялық кредиттер бойынша резиденттiң немесе резидент еместiң қаражатты қайтаруының немесе мiндеттемелердi өзгеше орындауының нақты мерзiмi 180 күннен асып кеткен жағдайларда да қолданылады.
8. Уәкiлеттi банктер импорты жүзеге асыруға байланысты резиденттер арасындағы комиссия шарттары бойынша резидент еместердiң пайдасына аккредитивтер аударуды көздейтiн шетел валютасымен аударым аккредитивтерiн резиденттердiң пайдасына ашуға құқылы.
Резидент еместердiң Қазақстан Республикасына және резиденттердiң шет елге тiкелей инвестициялары тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
22-бап. Жарғылық капиталға қатысу, бағалы қағаздармен
және туынды қаржы құралдарымен жасалатын
операциялар
1. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, резиденттер бағалы қағаздарды, инвестициялық қорлардың пайларын сатып алуға, жарғылық капиталға қатысуды қамтамасыз ету мақсатында салымдар енгізуге байланысты валюталық операциялар туралы, сондай-ақ туынды қаржы құралдарына байланысты операциялар туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне хабарлауға мiндеттi.
2. Резидент еместердiң жарғылық капиталына қатысуды қамтамасыз ету мақсатында резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарын, резидент еместердiң инвестициялық қорларының пайларын сатып алуы, резиденттердiң салымдар енгiзуi, сондай-ақ резиденттер мен резидент еместер арасындағы туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар лицензиялау режимiнде жүзеге асырылады.
Осы тармақтың ережелерi банктерге, сақтандыру ұйымдарына, сондай-ақ зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдарға және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы қорларына (олар зейнетақы активтерiн инвестициялаған кезде) қолданылмайды.
3. Бағалы қағаздар нарығында кәсiби қызметтi жүзеге асыратын ұйымдарға осы баптың 2-тармағында көрсетiлген валюталық операцияларды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өз қаражаты есебiнен де, клиенттердің қаражаты есебінен де осындай операцияларды жүзеге асыруға құқық беретін лицензиялар береді.
Осы тармақтың ережелері бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыратын банктерге қолданылмайды.
4. Жеке тұлғалар мен резидент заңды тұлғалардың өздері алған лицензиялар шегінде бағалы қағаздар нарығының қазақстандық кәсіби қатысушылары арқылы жүзеге асыратын осы баптың 2-тармағында көрсетілген валюталық операциялары шектеусіз жүзеге асырылады.
5. Туынды қаржы құралдарының базалық активіне қатысты құқықтар мен міндеттемелерді іске асыру нәтижесінде жүзеге асырылатын резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар хабарлама режимінде жүзеге асырылады.
Туынды қаржы құралдарының базалық активі болып табылатын тауарларға қатысты құқықтар мен міндеттемелерді іске асыру нәтижесінде жүзеге асырылатын резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар осы Заңның 12 және 20-баптарында көзделген тәртіппен реттеледі.
6. Резиденттердің жарғылық капиталға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында резидент еместердің резиденттердің бағалы қағаздарын, резиденттердің инвестициялық қорлардың пайларын қоса сатып алуы, резидент еместердің салымдар енгізуі, сондай-ақ резиденттердің бағалы қағаздарды халықаралық капитал нарықтарына бастапқы орналастыруы, оның ішінде резиденттердің бағалы қағаздарға депозитарлық қолхаттар шығаруы тіркеу режимінде жүзеге асырылады.
7. Осы баптың ережелерi тiкелей инвестицияларға қолданылмайды.
1. Резиденттердiң резидент еместерге және резидент еместердiң резиденттерге 180 күннен астам мерзiмге берген қаржы қарыздары тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
2. Тiркеу режимi, егер резиденттiң немесе резидент еместiң қаражат қайтарымын немесе мiндеттемелердi өзгеше орындауының нақты мерзiмi 180 күннен асып кеткен жағдайда, 180 күннен аспайтын мерзiмге берiлген қаржы қарыздарына да қолданылады.
24-бап. Капитал қозғалысының басқа да операциялары
1. Капитал қозғалысының басқа операцияларына:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде жылжымайтын мүлiкке жатқызылған жылжымалы заттарды қоспағанда, жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығын сатып алу;
2) зияткерлiк меншiк объектiлерiне ерекше құқықтарды сатып алу;
3) бiрлескен қызметке қатысушының мiндеттемелерiн орындау үшiн ақшаны және өзге де мүлiктi беру жатады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, резиденттердiң жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығын сатып алуға байланысты төлемдерi, сондай-ақ олардың пайдасына резидент еместердiң төлемдерi хабарлама режимiнде жүзеге асырылады.
3. Резидент заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығын сатып алуға байланысты төлемдерi, сондай-ақ олардың пайдасына резидент еместердiң төлемдерi тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
4. Зияткерлiк меншiк объектiлерiне ерекше, құқықты сатып алуға байланысты резиденттердің резидент еместерге төлемдерi, резиденттердiң пайдасына резидент еместердiң төлемдерi, сондай-ақ резиденттердің бiрлескен қызметке қатысушының мiндеттемелерiн орындау үшiн ақшаны және өзге де мүлікті беруi мен алуы тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
25-бап. Резиденттердің шоттары
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, резиденттер шет ел валютасымен уәкілеттi банктерде банк шоттарын шектеусiз ашады.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, резиденттер шетелдiк банкпен шарт жасасқан күннен бастап не шет елден оралған күннен бастап (жеке тұлғалар үшiн) күнтiзбелік отыз күннен кешiктiрмей, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен шетелдiк банктерде шот ашқаны туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне хабарлауға мiндеттi.
Осы баптың талаптары банктердiң шоттар ашуына қолданылмайды.
3. Резидент жеке тұлғалардың шетелдiк банктерде шоттар ашуы лицензиялау режимiнде жүзеге асырылады, оған:
1) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының немесе ақшаның iзiн жасыруға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзiрлеу тобының мүшелерi болып табылатын мемлекеттерде орналасқан шетелдiк банктерде шоттар ашу;
2) жеке тұлғаның өзге мемлекеттердiң аумағында болған уақытта оларда орналасқан шетелдік банктерде шоттар ашуы кiрмейдi. Резидент жеке тұлғалар Қазақстан Республикасына оралғаннан кейiн шетелдiк банктегi шотын жабуға немесе лицензия алуға өтініш беруге міндетті.
4. Резидент заңды тұлғалардың шетелдік банктерде шоттар ашуы лицензиялау режимінде жүзеге асырылады, оған:
1) банктердің шоттар ашуы;
2) резидент қаржы ұйымдарының бағалы қағаздардың халықаралық нарықтарында қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу үшін шетелдік банктерде шоттар ашуы;
3) резидент заңды тұлғалардың сол заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерін ұстауға байланысты шығыстарды қаржыландыру мақсатына арнап, шетелдік банктерде шоттар ашуы;
4) резидент заңды тұлғалардың шетелдік банктерде заңды тұлғаның жарғылық капиталын төлеуі ретінде талап етілетін қаражатты, егер мұндай талап резиденттің қатысуы көзделетін шет мемлекеттің заңнамасында белгіленсе, аударуға арналған шоттар ашуы;
5) резидент заңды тұлғалардың резидент еместерден тартылған қарыздар бойынша резиденттердiң резидент еместер алдындағы мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мақсатында шетелдiк банктерге қаражатты аударуға арналған шоттар ашуы кiрмейді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясында шетелдiк банктегi қаражат қалдығының лимитi және шотты пайдалану шарттары белгiленуi мүмкiн.
5. Резидент заңды тұлғалардың осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында аталған шоттарды ашуы тіркеу режимiнде жүзеге асырылады.
Осындай шоттарды пайдалану шарттары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленедi.
26-бап. Резидент еместердiң шоттары
1. Резидент еместер уәкiлеттi банктерде шет ел валютасында және (немесе) ұлттық валютада банк шоттарын шектеусiз ашады.
2. Резидент еместер Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi өздерiнiң шоттарынан шетел валютасын және ұлттық валютаны уәкiлеттi банктердегi өздерiнiң банк шоттарына, сондай-ақ уәкiлеттi банктердегi өздерiнiң банк шоттарынан Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi өз шоттарына шектеусiз аударуға құқылы.
27-бап. Валюталық бақылаудың мақсаттары мен міндеттерi
1. Валюталық бақылаудың мақсаты Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместер валюталық операциялар жүргiзген кезде олардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Валюталық бақылаудың мiндеттерi:
1) жүргiзiлетiн валюталық операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн айқындау;
2) валюталық операциялар бойынша төлемдердiң негiздiлiгiн және оларды жүзеге асыруға қажеттi құжаттардың болуын тексеру;
3) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептіліктiң толықтығын және объективтiлiгiн тексеру болып табылады.
28-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi
1. Қазақстан Республикасында валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өкілеттіктерi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар (валюталық бақылау органдары) және валюталық бақылау агенттерi жүзеге асырады.
2. Уәкiлетті банктер және уәкiлеттi ұйымдар, сондай-ақ өздері операциялар жүргiзген кезде алынған лицензияларына сәйкес Қазақстан Pecпубликасы валюталық заңнамасының сақталуын бақылау мiндетi жүктелген басқа да ұйымдар валюталық бақылау агенттерi болып табылады.
29-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң
құқықтары және мiндеттерi
1. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi өз құзыретi шегiнде резиденттер мен резидент еместердiң Қазақстан Республикасында жүргiзетiн валюталық операцияларына осы операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына, лицензиялардың шарттарына, тiркеу және хабарлама талаптарына сәйкес келуi бөлігінде бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
2. Валюталық бақылау органдары өз құзыретi шегiнде:
1) резиденттер мен резидент еместердің Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауын тексерудi жүзеге асырады;
2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептілігінің толымдылығын және дұрыстығын тексерудi жүзеге асырады;
3) валюталық операцияларды жүргiзуге байланысты құжаттар мен ақпаратты сұратады;
4) валюталық бақылауды тиiстi түрде жүзеге асыру мақсатында валюталық бақылау агенттерiне олардың орындауы үшін мiндеттi тапсырмалар бередi;
5) валюталық операциялар бойынша есеп берудiң және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы нормаларының сақталуы мәселелерi бойынша тексеру жүргiзудiң тәртiбiн белгiлейдi;
6) анықталған құқық бұзушылықты жою туралы талаптар қояды және Қазақстан Республикасының барлық резиденттерi мен резидент еместерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да шараларды қабылдайды.
3. Валюталық бақылау агенттерi:
1) өздерi, оның iшiнде клиенттердің тапсырмасы бойынша операциялар жүргiзген кезде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептiлiктiң толымдылығын және объективтiлiгін қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өкiлеттiктерге сәйкес өз клиенттерi жол берген, өздерiне белгілі болған Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу фактiлерi туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне, сондай-ақ басқа да валюталық бақылау органдары мен құқық қорғау органдарына хабарлауға;
4) валюталық бақылау органдарына өздерiнің қатысуымен жүргізiлетiн валюталық операциялар туралы валюталық реттеу органдарының нормативтік құқықтық актілерiнде белгіленген тәртіппен ақпарат беруге мiндеттi.
4. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi өз өкiлеттіктерiн жүзеге асырған кезде өздерiне белгiлi болған коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтауға мiндеттi.
5. Уәкiлеттi банк резиденттiң және (немесе) резидент еместiң төлемдер мен ақша аударымдарын соңғысы осы Заңға және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес талап етiлетiн құжаттарды ұсынған жағдайда ғана жүзеге асырады.
6. Резиденттер мен резидент еместер валюталық операцияларды жүргiзген кезде олардан валюталық бақылау агенттерi валюталық бақылауды жүзеге асыру мақсатында осы Заңға сәйкес мыналарды талап етуге құқылы:
1) жеке басты куәландыратын құжат (жеке тұлғалар үшiн);
2) Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығын растайтын құжат (шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшiн);
3) құрылтай құжаттары (заңды тұлғалар үшiн);
4) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк (заңды тұлғалар үшiн);
5) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк статистикасының уәкiлеттi органы табыс еткен бiрегей сәйкестендiрілген код берiлгенiн растайтын құжат (заңды тұлғалар үшiн);
6) салық төлеушiнiң мемлекеттiк тiркелгенiн растайтын құжат;
7) валюталық шарт;
8) осы Заңда белгiленген жағдайларда лицензия, тiркеу куәлігi, хабарлама туралы куәлiк;
9) мәмiле паспорты;
10) экспорт (импорт) мәмiлелерi бойынша мiндеттемелердi орындауды не соның негiзiнде орындаудың қажеттігін растайтын құжаттар.
7. Уәкiлеттi банктер жүргізiлетiн валюталық операцияларға тiкелей қатысты емес құжаттардың ұсынылуын талап етуге құқылы емес.
8. Тұлға осы Заңға сәйкес және валюталық реттеу мен валюталық бақылау органдарының нормативтiк құқықтық актілерiнде талап етiлетiн құжаттарды ұсынбаған не дұрыс емес құжаттар ұсынған жағдайда не Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында талап етілетiн iс-әрекетті жүзеге асырмаған жағдайда уәкiлеттi банктер валюталық операцияны жүзеге асырудан бас тартады.
30-бап. Ықпал ету шаралары мен санкциялар
1. Уәкілетті банктер мен уәкiлеттi ұйымдардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.
Уәкiлеттi банктер мен уәкiлеттi ұйымдардың өздерiнiң айырбастау пункттерi арқылы шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргiзу тәртiбiн бұзуға жол бергенi анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi айырбастау пункті тіркеу куәлігінің қолданылуын алты айға дейiн тоқтата тұруға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi лицензиаттардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны анықталған жағдайда лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға құқылы.
31-бап. Резиденттер мен резидент еместердiң құқықтары
және мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен резидент еместер:
1) валюталық бақылау органдары жүргiзген тексеру нәтижелерi туралы анықтамалармен танысуға;
2) валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң iс-әрекетiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен резидент еместер:
1) валюталық бақылау органдары мен агенттерiне барлық сұратылатын құжаттарды және валюталық операциялардың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгіленген мерзiмде беруге;
2) валюталық бақылау органдарының тексеру жүргiзуi барысында, сондай-ақ тексеру нәтижелері бойынша оларға түсінiктемелер табыс етуге;
3) жүргізілетін валюталық операциялар бойынша олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген мерзiм ішінде сақталуын қамтамасыз ете отырып, есеп жүргізуге және есептеме жасауға;
4) валюталық бақылау органдарының анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарын (нұсқауларын, ұйғарымдарын) орындауға;
5) валюталық бақылау органдарының тексеру жүргiзуi барысында оларға өз үй-жайларына кiруін, құжаттарына және автоматтандырылған деректер базасына қол жеткiзуін қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Резиденттер осы Заңда белгiленген жағдайларда лицензияны, тіркеу куәлігін, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң хабарлама туралы растамасын алу үшін уақтылы өтiнiш беруге және барлық қажеттi шараларды қабылдауға, сондай-ақ берілген лицензияның шарттарын сақтауға мiндеттi.
32-бап. Қаржы жүйесiнiң экономикалық қауiпсiздiгіне
және тұрақтылығына қатер төнген жағдайдағы
шектеу
1. Қазақстан Республикасының экономикалық қауiпсiздігіне және оның қаржы жүйесінiң тұрақтылығына қатер төнген жағдайда, егер ахуалды экономикалық саясаттың басқа құралдарымен шешу мүмкін болмаса, арнайы рұқсат режимi енгiзiледi.
2. Арнайы рұқсат режимiн енгізу, ұзарту туралы шешімді, рұқсат берудiң тәртiбi мен шарттарын, сондай-ақ арнайы рұқсатсыз жүргiзуге болмайтын операцияларды Қазақстан Республикасының Үкiметiмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп жүргiзiлген консультациялардан кейiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
3. Арнайы рұқсат режимi қаржы жүйесiнiң экономикалық қауiпсiздігіне және тұрақтылығына төнген қатерді жою үшiн қажеттi мерзімге енгізiледi.
4. Арнайы рұқсатты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi резиденттер мен резидент еместер операцияны азаматтардың өмiрiне және денсаулығына қатерді болғызбау, мемлекет қауiпсіздігі, Қазақстан Республикасының өз халықаралық мiндеттемелерiн орындауы мақсатында жүзеге асырған жағдайда, сондай-ақ, егер валюталық операцияны жүргізу Қазақстан Республикасының төлем балансындағы және iшкi валюта нарығындағы ахуалды едәуiр жақсартуға ықпалын тигiзетiн болса ғана бередi.
Егер тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және (немесе) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi болса, арнайы рұқсат талап етiлмейдi.
5. Резиденттер мен резидент еместер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң арнайы рұқсатынсыз арнайы рұқсат режимi қолданылатын валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүзеге асыруға құқылы емес.
33-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын
бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 12-баптың 1-тармағын қоспағанда, жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзіледi.
2. Осы Заңның 5-бабының 4-тармағы 2) тармақшасының екiншi абзацы, 7-бабы, 20-бабының 1, 2, 4-6-тармақтары, 22-бабының 2-6-тармақтары, 24-бабының 3-тармағы, 25-бабының 3-5-тармақтары 2006 жылғы 31 желтоқсанды қоса алған мерзiм бойынша қолданылады.
3. "Валюталық реттеу туралы" 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 20-21, 404-құжат; 1997 ж., N 13-14, 205-құжат, 1998 ж., N 16, 219-құжат; 1999 ж., N 20, 722-құжат; 2001 ж., N 4, 23-құжат; 2003 ж., N 10, 51-құжат; N 11, 56-құжат; N 15, 139-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi