Жарнама туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 508 Заңы

Қолданыстағы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жарнама жасау, тарату, орналастыру және пайдалану процесiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Заңның мақсаттары

      Осы Заңның мақсаттары жарнаманы жасау, тарату, орналастыру және пайдалану үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету, жарнама саласындағы жосықсыз бәсекеден қорғау, жөнсiз жарнаманы болғызбау және оларға тыйым салу болып табылады.

       2-бап. Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жарнама жасайтын, тарататын, орналастыратын және пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың қызметi процесiнде туындайтын қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Заң жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты болмайтын хабарландыруларына, соның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарландыруларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырылатын саяси үгiт пен насихатқа қолданылмайды.

       3-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) жарнама - адамдардың беймәлiм тобына арналған және жеке немесе заңды тұлғаларға, тауарларға, тауар белгiлерiне, жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге қызығушылықты қалыптастыруға немесе қолдауға арналған және оларды өткiзуге жәрдемдесетiн кез келген нысанда, кез келген құралдардың көмегiмен таратылатын және орналастырылатын ақпарат;
      2) жөнсiз жарнама - мазмұнына, уақытына, таратылу, орналастырылу орнына және тәсiлiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуына жол берiлген жосықсыз, дәйексiз, әдепсiз, көрiнеу жалған және жасырын жарнама;
      3) жарнама берушi - жарнама жасау, тарату және орналастыру үшiн жарнамалық ақпарат көзi болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
      4) жарнама жасаушы - жарнамалық ақпаратты тарату және орналастыру үшiн дайын нысанға келтiрудi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      5) жарнама таратушы - мүлiктi, соның iшiнде радио және (немесе) теледидар хабарларын таратудың тexникалық құралдарын беру және (немесе) пайдалану жолымен және өзге де тәсiлдермен жарнамалық ақпаратты тарату мен орналастыруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      6) жарнама тұтынушылар - жарнама арналған жеке және (немесе) заңды тұлғалардың беймәлiм тобы;
      7) жүгiртпе жол - жарнама таратудың теледидар бойынша, кино және бейнеқызмет көрсетуде берiлетiн тәсiлi, ол теледидар экрандарында, сондай-ақ дербес мониторларда - тұрақты орналастыру объектiлерiнде жиынтығымен белгiлi бiр ақпаратты құрайтын әрiптер, цифрлар, белгiлер тiркесiнiң тiзбектесiп алмасуымен (қозғалуымен) сипатталады.

       4-бап. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       5-бап. Жарнамаға авторлық құқық және сабақтас құқықтар

      Жарнама авторлық құқықтың және сабақтас құқықтардың толық немесе iшiнара объeктici бола алады. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес қорғалуға тиiс.  ( Z960006 Z040547  қараңыз)

  2-тарау. Жарнамаға қойылатын жалпы және
арнайы талаптар

       6-бап. Жарнамаға қойылатын жалпы талаптар

      1. Жарнама таратылу, орналастырылу нысанына немесе пайдаланылатын құралына қарамастан, тiкелей ұсынылу сәтiнде арнаулы бiлiмсiз немесе арнаулы құралдарды қолданбай дәйектi әрi түсiнiктi болуға тиiс.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында жарнама, теледидардағы, радиодағы және сыртқы (көрнекi) жарнаманы қоса, мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде, ал қажет кезiнде басқа да тiлдерде таратылады.
      Жарнама мазмұнының бiр тiлден екiншi тiлге аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс.
      Бұл ретте теледидар мен радио арқылы мемлекеттiк тiлде берiлетiн жарнама күн сайынғы эфирге шығатын барлық уақыт бойы бiркелкi таратылуға тиiс.
      3. Белгiленген тәртiппен тiркелген тауар белгiлерi мен логотиптер түпнұсқа тiлiнде және (немесе) басқа тiлде жазылуы мүмкiн.
      4. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалуына және сатылуына тыйым салынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) жарнамалауға жол берiлмейдi.
      Егер жарнама берушi жүзеге асыратын қызмет лицензиялануға тиiс болса, онда тиiстi тауарды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) жарнамалау кезiнде, сондай-ақ жарнама берушiнiң өзiн жарнамалау кезiнде, радиодағы жарнаманы қоспағанда, лицензияның нөмiрiн және лицензия берген органның атауын көрсету қажет.
      5. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелмеген дiни ұйымдар мен дiни оқу орындарын жарнамалауға тыйым салынады.
      6. Жарнама Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, порнографияны насихаттауға немесе үгiттеуге пайдаланылмауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын құрайтын мәлiметтердi және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды тарату үшiн пайдаланылмауға тиiс.
      7. Жарнама қоғамда дүрбелең туғызбауға, азаматтарды агрессияға бастамауға, сондай-ақ құқыққа қарсы өзге де әрекеттi (әрекетсiздiктi) қоздырмауға тиiс.
      8. Жарнамаға қойылатын шектеулер осы Заңмен және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.

       7-бап. Жөнсiз жарнама түрлерi

      1. Мынадай:
      1) жарнамаланатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларымен (жұмыстарымен, көрсетiлетiн қызметтерiмен) салыстыратын, сондай-ақ олардың абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне кiр келтiретiн сөздерi, бейнелерi бар;
      2) басқа өнiмдердi жарнамалауда пайдаланылатын фирмалық атауды, тауар белгiсiн, фирмалық ораманы, тауардың сыртқы безендiрiлуiн, формулаларын, бейнелерi мен басқа да коммерциялық белгiлемелерiн көшiрiп алу арқылы не олардың сенiмiн терiс пайдалану арқылы жарнамаланатын өнiмдерге қатысты тұтынушыларды жаңылдыратын;
      3) кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру кезiнде пайдаланылуы тауардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) сипатына, дайындалу тәсiлiне, қасиеттерiне, қолдануға жарамдылығына немесе санына қатысты жаңылыстыруы мүмкiн нұсқамалары немесе дәйектемелерi бар;
      4) жарнамаланатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) пайдаланбайтын жеке немесе заңды тұлғалардың беделiн түсiретiн, қорлайтын немесе мазақ ететiн жарнама жосықсыз жарнама болып табылады.
      2. Мыналарға:
      1) өнiмдердiң табиғаты, құрамы, дайындау тәсiлi мен күнi, мақсаты, тұтыну қасиеттерi, пайдалану шарттары, сәйкестiк сертификатының, сертификат белгiлерiнiң және мемлекеттiк стандарттарға сәйкестiк белгiлерiнiң болуы, саны, шығарылған жерi сияқты сипаттамаларына;
      2) өнiмнің нарықта болуына, оны белгiлi бiр орында сатып алу мүмкiндiгiне;
      3) жарнама тарату және орналастыру кезiндегi өнiмнiң құны (бағасы) мен ақы төлеудiң қосымша шарттарына;
      4) өнiмдердi жеткiзуге, айырбастауға, қайтаруға, жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге;
      5) кепiлдiк мiндеттемелерге, қызмет мерзiмдерiне, жарамдылық мерзiмдерiне;
      6) қолданудың болжамды нәтижелерiне;
      7) заңды тұлғаның зияткерлiк қызметiнiң және соған теңестiрiлген даралау құралдарының, өнiмнiң, орындалған жұмыстардың немесе көрсетiлетiн қызметтiң нәтижелерiне берiлетiн айрықша құқықтарға;
      8) мемлекеттiк нышандарды (елтаңба, жалау, гимн), сондай-ақ халықаралық ұйымдардың нышандарын пайдалану құқықтарына;
      9) ресми тануға, медальдар, жүлделер, дипломдар және өзге де наградалар алуға;
      10) өнiмнiң толық топтамасын, егер ол топтаманың бiр бөлiгi болып табылса, сатып алу тәсiлдерi туралы ақпарат ұсынуға;
      11) зерттеулер мен сынақтар нәтижелерiне, ғылыми терминдерге, техникалық, ғылыми және өзге де жарияланымдардан алынатын дәйек-сөздерге;
      12) басқа адамдардың өнеркәсiптiк немесе сауда қызметiнiң, жеке немесе заңды тұлғаның беделiн түсiретiн кәсiпкерлiк қызметте жүзеге асырылатын тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) туралы ұйғарымдарға;
      13) негiздiлiгi асыра көрсетiлген түрiнде берiлмеуге тиiс статистикалық деректерге;
      14) тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) жасаушының, сатушының немесе оларды жарнамалайтын адамдардың мәртебесiне немесе құзыреттiлiк деңгейiне қатысты шындыққа сай келмейтiн мәлiметтерi бар жарнама дәйексiз жарнама болып табылады.
      3. Мыналар:
      1) жеке тұлғалардың нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, кәсiбiне, әлеуметтiк жағдайына, жасына, жынысына, дiни, саяси және өзге де нанымына қатысты қорлайтын сөздердi, теңеулердi, бейнелердi пайдалану арқылы жалпыға бiрдей қабылданған iзгілік пен мораль нормаларын бұзатын мәтiндiк, көрiнiстi, дыбыстық ақпаратты қамтитын;
      2) ұлттық немесе әлемдiк игiлiк болып табылатын өнер, мәдениет объектiлеріне, тарих ескерткіштерiне нұқсан келтiретiн;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандарына, ұлттық валютасына немесе шетел валютасына, дiни нышандарға нұқсан келтiретiн жарнама әдепсiз жарнама болып табылады.
      4. Жарнама берушiнiң (жарнама жасаушы, жарнама таратушы) жарнама тұтынушыны қасақана жаңылыстыратын, жарнамалау көмегiмен берiлетiн жарнамасы көрiнеу жалған жарнама болып табылады.
      5. Радио, теле, бейне, дыбыс және кино өнiмдерiнде, сондай-ақ өзге де өнiмдерде, соның iшiнде арнаулы бейнеқосылғыларды, қосарланған дыбыс жазбаларын пайдалану арқылы және өзге де тәсiлдермен тұтынушының қабылдауына, түйсiгiне аңдаусыз әсер ететiн жарнама жасырын жарнама болып табылады.
      6. Жөнсiз жарнамаға тыйым салынады.

       8-бап. Теле және радиобағдарламалардағы жарнама

      1. Жарнама сипатындағы хабарламалар мен материалдарға мамандандырылмаған теле және радиобағдарламалардағы жарнама, жүгiртпе жолды қоспағанда, тәулiк iшiнде берiлетiн хабарлардың жалпы көлемiнiң жиырма процентiнен аспауға тиiс.
      Жарнама беру кезiнде оның дыбысы берiп отырған бағдарлама дыбысынан жоғары болмауға тиiс.
      2. Жарнаманы қосарластыру түрiнде, соның iшiнде жүгiртпе жол тәсiлiмен пайдалану кезiнде оның көлемi кадр аумағының жетi жарым процентiнен аспауға және телехабарлардағы мәтiндiк немесе ақпараттық материалды бұзбауға тиiс.
      3. Ресми хабарларды, Қазақстан Республикасының Президентiне және өкiлдi органдардың депутаттығына кандидаттардың сөздерiн, бiлiм беру және дiни хабарлар берілімдерiн, сондай-ақ балалар мен жасөспiрiмдерге арналған жарнамаларды қоспағанда, балалар бағдарламалары көрсетілімдерiн жарнамамен, соның ішінде жүгiртпе жол әдiсiмен де бөлiп жiберуге тыйым салынады.
      4. Ұлттық аза тұту күндерiнде электрондық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамаға тыйым салынады.

       9-бап. Мерзiмдi баспасөз басылымдарындағы жарнама

      Мерзiмдi баспасөз басылымдары жарнама объектiлерiн, оның тақырыбын дербес анықтайды.
      Жазылым арқылы тарайтын баспасөз құралдары жазылым шарттарында басылымның тақырыптық бағыттамасын көрсетуге мiндеттi.

       10-бап. Кино, бейне және анықтамалық қызмет
                көрсетудегi жарнама

      1. Сериялар арасындағы үзiлiстердi қоспағанда, кино және бейне қызмет көрсетудегi фильмнің қойылымын жарнамамен бөлiп жiберуге тыйым салынады.
      2. Анықтамалық қызмет көрсету кезiнде жарнама сұратылған ақпарат хабарланғаннан кейiн ғана берiледi.
      3. Ақылы анықтамалық компьютерлiк және өзге де қызмет көрсету кезiнде жарнама клиенттiң келiсуiмен ғана таратылады. Мұндай жарнаманың құны сұратылған ақпараттың құнына кiрмеуге тиiс.

       11-бап. Сыртқы (көрнекi) жарнама

      1. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлiнген белдеулерiнде және елдi мекендерде орналастыру плакаттар, стендтер, жарық берушi табло, билбордтар, транспаранттар, афишалар және жарнаманы тұрақты орналастырудың өзге де объектiлерi түрiнде осы баптың 2-7-тармақтарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.  ( K030442 ; Z010245 ( 9-10-баптар ) ;  P980845 V042989  қараңыз)
      Сыртқы (көрнекi) жарнама жолдардың көлiк-пайдалану сапасын төмендетпеуге, көлiк құралдарының қозғалыс қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзбауға, жол белгiлерiмен және сілтемелерiмен ұқсас болмауға, олардың көрiнуiн немесе қабылдау тиiмділiгiн нашарлатпауға, жол пайдаланушылардың көзiн қарықтырмауға тиiс.
      Осы баптың мақсаттары үшiн сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыpу деп жарнамалық ақпаратты кеңiстiкте қозғалмауымен сипатталатын жарнаманы тұрақты орналастыру объектiлерiнiң көмегiмен жарнама тұтынушылардың назарына жеткiзу түсiнiледi.
      2. Сыртқы (көрнекi) жарнама объектiсiн орналастыруға:
      1) ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлiнген белдеулерiнде жарнама объектiсiн орналастыру кезiнде - автомобиль жолдары мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен, белгілi бiр мерзiмге беретiн құжат;
      2) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен үлгi ережелер негiзiнде жергiлiктi атқарушы органдар әзiрлеген, елдi мекендерде сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырудың тәртiбi мен шарттары туралы ережелерге сәйкес берiлетiн рұқсат болған жағдайда жол берiледi.
      3. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгіленген тәртiпте және мөлшерде төлемақы алынады.  ( K010209  қараңыз)
      4. Осы баптың 2-тармағында айқындалған уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен берiлген рұқсат құжаттары туралы мәлiметтердi салық қызметi органдарына тапсыруға мiндеттi.
      5. Тарих пен мәдениет ескерткiштерi, ғибадат ету объектiлерi аумағында, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыруға тыйым салынады.
      6. Уәкiлеттi орган өтiнiштi алғаннан кейiн он күннiң iшiнде сыртқы (көрнекi) жарнама объектiлерiн орналастыруға рұқсат беруге не оны орналастырудан негiздi түрде бас тарта отырып жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi.
      7. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыру сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыру объектiлерiнiң меншiк иелерiмен немесе, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыру объектiлерiне өзге де заттық құқықтарға ие адамдармен жасалған шарттың негiзiнде жүзеге асырылады.
      Сыртқы (көрнекi) жарнаманы жекеше меншiк объектiлерiнде орналастыру жөнiндегi көрсетiлетiн қызметке тұрақты мемлекеттiк бағалар (тарифтер) белгiлеуге тыйым салынады.

       12-бап. Көлiк құралдарындағы жарнама

      Көлiк құралдарында жарнама тарату, орналастыру жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң ережелерi сақтала отырып, көлiк құралдарының меншiк иелерiмен және егер заңда немесе шартта осы мүлiкке өзге де заттық құқықтарға ие тұлғаларға қатысты өзгеше көзделмесе, көлiк құралдарына өзге де заттық құқықтарға ие тұлғалармен жасалған шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.

       13-бап. Жекелеген өнiм түрлерiн жарнамалау ерекшелiктерi

      1. Mыналарға:
      1) алкоголь өнiмдерiн жарнамалауға;  ( Z990451  қараңыз)
      2) ана сүтiнiң жасанды алмастырушысын жарнамалауға;
      3) Қазақстан Республикасында сертификаттаудан өтпеген, мiндеттi сертификаттауға жататын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) жарнамалауға тыйым салынады.
      2. Темекiнi және темекi өнiмдерiн жарнамалау ерекшелiктерi темекi шегудiң алдын алу және оны шектеу туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.  ( Z020340  қараңыз)
      3. Дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы жасауға және (немесе) сатуға лицензиясы болмаған кезде оларды жарнамалауға, сондай-ақ медициналық және дәрiгерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы болмаған кезде оны жарнамалауға жол берiлмейдi.
      Дәрiгерлердiң рецептiлерi бойынша босатылатын дәрiлiк заттарды, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды жарнамалау медицина және фармацевтика қызметкерлерiне арналған мамандандырылған баспасөз басылымдарында ғана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Құрамында есiрткi немесе психотроптық заттар бар дәрiлiк препараттардың үлгiлерiн жарнамалау мақсатында таратуға тыйым салынады.
      Дәрiлiк заттарды жарнамалауға рұқсат беру тәртiбiн денсаулық сақтау iсi жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды.  ( V043077  қараңыз)
      4. Қызмет қаруын, сондай-ақ экспорты мен импорты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн қару-жарақты, әскери техниканы және қосарлы мақсаттағы өнiмдердi жарнамалауға арнаулы басылымдарда ғана, сондай-ақ мамандандырылған көрмелерде немесе сату жәрмеңкелерiнде жол берiледi. Аталған жарнама әскери және арнаулы қаруды, қару-жарақты, әскери техниканы жасау технологиясын, қолдану тәсiлдерiн тiкелей немесе жанама түрде ашып көрсетпеуге тиiс.

       14-бап. Қаржы, сақтандыру, инвестициялық қызметтердi
                және бағалы қағаздарды жарнамалау ерекшелiктерi

      Жеке және заңды тұлғалардың ақшаларын, сондай-ақ бағалы қағаздарды пайдалануға байланысты қаржы (соның iшiнде банктiк), сақтандыру, инвестициялық және өзге де көрсетiлетiн қызметтерге жарнама жасау, тарату, орналастыру кезiнде:
      1) жарнамаланатын қызметтер көрсетуге немесе бағалы қағаздарға тiкелей қатысы жоқ ақпаратты жарнамада келтiруге;
      2) жай акциялар бойынша кiрiс алуға және дивидендтер мөлшерiне кепiлдiк беруге;
      3) бағалы қағаздарды эмиссиясы тiркелмеген, сондай-ақ бағалы қағаздар эмиссиясы тоқтатыла тұрған немесе жасалмады деп танылған кезде жарнамалауға;
      4) қызметтiң болашақтағы тиiмдiлiгі (кiрiстiлiгi) туралы, соның iшiнде бағалы қағаздардың бағамдық құнының өсуiн жариялау арқылы кез келген кепiлдiктер немесе ұсыныстар беруге;
      5) жарнамада айтылған, шарттардың елеулi талаптарының кез келгенiн жасырып қалуға;
      6) басқа азаматтарды белгiлi бiр кәсiпорынның қызметiне немесе сол кәсiпорынның тауарларын сатып алуға тарту есебiнен азаматтарды өз табысын немесе пайдасын алуға шақыратын кәсiпкерлiк қызмет түрлерiн жарнамалауға тыйым салынады.

       15-бап. Жарнама жасау, тарату, орналастыру кезiнде
                кәмелетке толмағандарды қорғау

      Жарнама жасау, тарату, орналастыру кезiнде кәмелетке толмағандарды олардың сенiмiн және тәжiрибесiнiң жоқтығын терiс пайдаланудан қорғау мақсатында:
      1) ата-ананың беделiн түсiруге, кәмелетке толмағандардың оларға деген сенiмiн жоғалтуға;
      2) ата-ананы немесе басқа да адамдарды жарнамаланатын өнiмдi сатып алуға иландыра шақыратын тiкелей ұсыныс жасауға;
      3) белгiлi бiр өнiмге ие болу басқалармен салыстырғанда қандай да болсын артықшылық беретiнiн, сондай-ақ қолда ондай өнiмнiң болмауы керiсiнше жағдайға алып келетiнiн кәмелетке толмағандарға тiкелей көрсетуге;
      4) кәмелетке толмағандарды қауiптi орындар мен жағдайларда көрсету алдын алу мақсаттарында ақталмаса, оны мәтiндiк, көрнекi немесе дыбыстық ақпараттарды жарнамада орналастыруға;
      5) кәмелетке толмағандарға арналған тауарларға (жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге) тiкелей қатысы жоқ жарнамада кәмелетке толмағандардың бейнелерiн көрнекi немесе дыбыстық пайдалануға;
      6) өнiмдi пайдалану нәтижелерi көрсетiлген немесе сипатталған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың өнiмдi пайдалану дағдыларының қажеттi деңгейiн кемiтiп көрсетуге жол берiлмейдi. Жарнама өнiм арналған жас мөлшерi тобындағы кәмелетке толмағандар үшiн нақты қол жеткiзуге болатын ақпарат беруге тиiс;
      7) кәмелетке толмағандардың бойында кәмелетке толмағандарға арналған өнiмнiң құны (бағасы) туралы шындыққа жанаспайтын (бұрмаланған) түсiнiк қалыптастыруға, сондай-ақ жарнамаланатын өнiмге кез келген отбасы бюджетi қол жеткiзе алады деген тiкелей немесе жанама нұсқауға жол берiлмейдi.

       16-бап. Жарнамасы бар материалдарды сақтау мерзiмдерi

      Жарнамасы бар материалдарды немесе олардың көшiрмелерiн, оларға кейiннен енгiзiлетiн өзгерiстердiң бәрiн қоса алғанда, жарнама берушi, жарнама жасаушы бiр жыл бойы, жарнама таратушы - жарнама соңғы таратылған, орналастырылған күннен бастап кемiнде бiр ай бойы сақтауға мiндеттi.

  3-тарау. Жарнама саласындағы
мемлекеттік реттеу

       17-бап. Жарнама саласындағы мемлекеттiк реттеу

      1. Жарнама саласындағы мемлекеттiк реттеу деп Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес белгiленетiн жарнама жасауды, таратуды және орналастыруды бақылау түсiнiледi.
      Жарнама саласындағы мемлекеттiк реттеудi тиiстi уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      2. Жарнама саласындағы мемлекеттiк реттеудiң негiзгi мақсаттары:
      1) ұлттық мүдделердi қорғау;
      2) жөнсiз жарнаманы, сондай-ақ қоғамдық құндылықтар мен жалпыға бiрдей қабылданған мораль және адамгершiлiк нормаларына қол сұғатын жарнаманы болғызбау және оларға жол бермеу;
      3) жосықсыз бәсекеден қорғау болып табылады.

       18-бап. Жарнамалық ақпарат беру

      Осы Заңның талаптары орындалмаған жағдайда уәкiлетті органдардың талап етуi бойынша жарнама берушi, жарнама жасаушы және жарнама таратушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарнамалық ақпараттың құжаттық растамасын беруге мiндеттi.
      Егер жарнама берушi, ескертуге қарамастан, өзiнiң жарнамаға қоятын талабын өзгертпесе не өзiнiң жарнамалық ақпаратының дәйектi екендiгiне құжаттық растама тапсырмаса не жарнаманы жөнсiз жасауы мүмкiн өзге де мән-жайларды жоймаса, жарнама жасаушы және (немесе) жарнама таратушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, белгiленген тәртiппен шартты бұзуға және залалдың толық өтелуiн талап етуге құқылы.

       19-бап. Терiске шығару

      1. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарын бұзу фактiсi анықталған жағдайда, бұзушылыққа жол берген тұлға мұндай жарнаманы таратуды, орналастыруды дереу тоқтатуға және Қазақстан Pecпубликасының заңдарында белгiленген тәртiппен терiске шығаруды жүзеге асыруға мiндеттi. Бұл ретте терiске шығару жөнiндегi шығыстардың бәрiн бұзушылыққа жол берген тұлға көтередi.
      2. Терiске шығару нақ сол тарату, орналастыру құралдарымен және тәсiлдерiмен терiске шығарылатын жөнсiз жарнама сияқты, ұзақтығының, кеңiстiгiнiң, орны мен тәртiбiнiң нақ сондай сипаттамалары мен өлшемдерi пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
      3. Егер терiске шығару белгіленген мерзiмде жүзеге асырылмаса, онда уәкiлетті органның шешiмi бойынша терiске шығаруды жарнама туралы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына жол берген және белгiленген мерзiмде терiске шығаруды жүзеге асырмаған тұлғаға келтiрiлген шығындарды өтеу туралы керi талап қою (регресс) құқығы бар жарнама таратушылар жүзеге асыруға тиiс.

       20-бап. Қазақстан Республикасының жарнама туралы
                заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      1. Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарының жарнаманың мазмұнына қатысты бұзылғаны үшiн, егер ол жарнама жасаушының не жарнама таратушының кiнәсiнен болғаны дәлелденбесе, жарнама берушi жауапты болады.
      2. Жарнама жасаушы Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарының жарнаманы ресiмдеуге немесе жасауға қатысты бұзылғаны үшiн жауапты болады.
      3. Жарнама таратушы Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңдарының жарнама таратудың, орналастырудың уақытына, орнына және тәсiлiне қатысты бұзылғаны үшiн жауапты болады.
      4. Осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында аталған тұлғалардың жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен туындайды.  ( K970167 ; K010155 ( 168-1 173 192 321 324 325 339 349 349-1 436 488-баптар ) қараңыз)

       21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң, 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi