Инвестициялар туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 2003 жылғы 8 қаңтар N 373-II

Қолданыстағы

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы инвестицияларға байланысты қатынастарды реттейдi, инвестицияларды ынталандырудың құқықтық және экономикалық негiздерiн айқындайды, Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған кезде инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепiлдiк бередi, инвестицияларды мемлекеттiк қолдау шараларын, инвесторлар қатысатын дауларды шешу тәртiбiн белгiлейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) инвестициялар - лизинг шартын жасаған кезден бастап лизинг заттарын, сондай-ақ оларға құқықтарды қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына инвестор салатын мүлiктiң барлық түрлерi (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа) немесе кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын тiркелген активтердi ұлғайту;
      2) инвестициялық қызмет - жеке және заңды тұлғалардың коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуы жөнiндегi не кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын тiркелген активтердi құрау немесе ұлғайту жөнiндегi қызметi;
      3) инвестициялық преференциялар - Қазақстан Республикасының инвестициялық жобаның iске асырылуын жүзеге асырушы заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлетiн атаулы сипаттағы артықшылықтар;
      4) инвестициялық жоба - жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және жаңартуға инвестициялар көздейтiн iс-шаралар кешенi;
      5) инвестициялық дау - инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау;
      6) инвестор - Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар;
      7) мемлекеттiк заттай гранттар - Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын инвестициялық жобаны iске асыру үшiн Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының меншiгiне не жер пайдалануына өтеусiз берiлетiн мүлiк;
      8) келiсiм-шарт - инвестицияларды жүзеге асыруға арналған инвестициялық преференцияларды көздейтiн шарт;
      9) модельдiк келiсiм-шарт - Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн және келiсiм-шарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгi келiсiм-шарт;
      10) уәкiлеттi орган - келiсiм-шарттар жасасуға және олардың орындалуын бақылауға тiкелей байланысты құқықтар берiлген орталық атқарушы орган;
      11) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен құрылған заңды тұлға, соның ішінде шет ел қатысатын заңды тұлға.

      2-бап. Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы
             заңдары

      1. Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Осы Заң:
      мемлекеттiк бюджет қаражатынан инвестицияларды жүзеге асыруға;
      коммерциялық емес ұйымдарға, оның iшiнде бiлiм беру, қайырымдылық, ғылыми немесе дiни мақсаттар үшiн капитал салуға байланысты қатынастарды реттемейдi.
      3. Инвестицияларды жүзеге асырған кезде туындайтын және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiн қолдану саласына жататын қатынастарға, осындай заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның ережелерi қолданылмайды.
      4. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Инвестициялық қызмет объектiлерi

      1. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, инвесторлардың кәсiпкерлiк қызметтiң кез келген объектiлерi мен түрлерiне инвестициялар салуды жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттiгi негiзге алына отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен инвестициялық қызмет шектелетiн немесе оған тыйым салынатын қызмет түрлерi және (немесе) аумақтар белгiленуi мүмкiн.

2-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖИМІ

      4-бап. Қазақстан Республикасының аумағында инвесторлар
             қызметiн құқықтық қорғау кепiлдiктерi

      1. Инвестордың құқықтары мен мүдделерi толық және сөзсiз қорғалады, ол Қазақстан Республикасының Конституциясымен , осы Заңмен және Республиканың өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен қамтамасыз етiледi.
      2. Инвестордың мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келмейтiн актiлер шығаруы салдарынан, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) салдарынан өзiне келтiрiлген-зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өтеткiзуге құқығы бар.
      3. Шарттарға өзгерiстер тараптардың келiсiмi бойынша енгiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы инвесторлар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары арасында жасалған шарттар талаптарының тұрақтылығына кепiлдiк бередi.
      Бұл кепiлдiктер:
      1) импорттың, өндiрiстiң, акцизделетiн тауарлар өткiзудiң тәртiбi мен талаптарын өзгертетiн Қазақстан Республикасының заңдарындағы өзгерiстерге және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын күшiне енгiзуге және (немесе) олардың өзгерiстерiне;
      2) ұлттық және экологиялық қауiпсiздiктi, денсаулық сақтау мен имандылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заң актiлерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларға қолданылмайды.

      5-бап. Кiрiстердi пайдалану кепiлдiктерi

      Инвесторлар:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлегеннен кейiн өзiнiң қызметiнен алынған кiрiстердi өз қалауы бойынша пайдалануға;
      2) Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде Қазақстан Республикасының банктiк және валюталық заңдарына сәйкес ұлттық валютамен және (немесе) шетелдiк валютамен банктiк шоттар ашуға құқылы.

      6-бап. Мемлекеттiк органдардың инвесторларға қатысты
             қызметiнiң жариялылығы

      1. Инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми хабарлары мен нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарияланады.
      2. Коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиясы бар ақпаратты қоспағанда, инвесторлардың заңды тұлғаларды тiркеу туралы, олардың жарғылары туралы, жылжымайтын мүлiкпен жасалатын мәмiлелердi тiркеу туралы, сондай-ақ берiлген лицензиялар туралы ақпаратқа еркiн қол жеткiзуi қамтамасыз етiледi.

      7-бап. Мемлекеттiк органдардың инвесторлар қызметiн
             бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруы

      1. Инвесторлардың қызметiн бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес осындай құқық берiлген мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      2. Инвесторлардың қызметiн бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

      8-бап. Мемлекет меншiгiне алу және реквизициялау
             кезiндегi инвесторлар құқықтарының кепiлдiктерi

      1. Мемлекеттiк мұқтаждар үшiн инвестордың мүлкiн мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет меншiгiне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген ерекше жағдайларда жол берiледi.
      2. Мемлекет меншiгiне алынған кезде инвесторға Қазақстан Республикасы мемлекет меншiгiне алу туралы Қазақстан Республикасының заң актiлерiн шығару салдарынан оған келтiрiлген залалды толық көлемiнде өтейдi.
      3. Инвестордың мүлкiн реквизициялау оған мүлiктiң нарықтық құнын төлей отырып жүзеге асырылады.
      Мүлiктiң нарықтық құны Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады.
      4. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаға ол сот тәртiбiмен дауласуы мүмкiн.
      5. Реквизициялаудың жүргiзiлуiне байланысты мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған кезде инвестор сақталған мүлiктiң қайтарылуын талап етуге құқылы, бiрақ бұл ретте мүлiк құнының төмендеуiнен болған ысырапты ескере отырып, өзi алған өтем сомасын қайтаруға мiндеттi.

      9-бап. Дауларды шешу

      1. Инвестициялық даулар келiссөздер жолымен, оның iшiнде сарапшыларды тарта отырып не дауларды шешудiң тараптармен бұрын келiсiлген рәсiмiне сәйкес шешiлуi мүмкiн.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес инвестициялық дауларды шешу мүмкiн болмаған жағдайда дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заң актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келiсiм-шарттарымен айқындалатын халықаралық төрелiк соттарда жүргiзiледi.
      3. Инвестициялық дауларға жатпайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.

      10-бап. Инвестор құқықтарының басқа тұлғаға ауысуы

      Егер шет мемлекет немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты берiлген кепiлдiк (сақтандыру шарты) бойынша инвестордың пайдасына төлем жүргiзетiн болса және аталған инвестицияларға инвестордың құқықтары осы шет мемлекетке не ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк органға ауысатын болса (талаптар берiлетiн болса), Қазақстан Республикасында құқықтардың осылай ауысуы (талаптардың берiлуi) инвестор Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған және (немесе) ол белгiлi бiр шарттық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда ғана заңды деп танылады.

3-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЬI МЕМЛЕКЕТТIК ҚОЛДАУ

      11-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты

      1. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты экономиканың дамуы үшiн қолайлы инвестициялық ахуал жасау және осы заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндiрiстер құруға жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және бар жұмыс орындарын сақтауға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға инвестицияларды ынталандыру болып табылады.
      2. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдау инвестициялық преференциялар беру болып табылады.

      12-бап. Уәкiлеттi орган

      1. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары арасынан консультанттар мен сарапшылар тартуға құқығы бар.
      3. Уәкiлеттi органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн Ережемен реттеледi.

      13-бап. Инвестициялық преференциялардың түрлерi

      Осы Заңға сәйкес уәкiлеттi органмен келiсiм-шарт жасасу арқылы мынадай инвестициялық преференциялар:
      1) инвестициялық салықтық преференциялар;
      2) кеден баждарын салудан босату;
      3) мемлекеттiк заттай гранттар берiледi.

      14-бап. Инвестициялық преференциялар беру тәртiбi

      1. Инвестициялық преференциялар қызметтiң басым түрлерiне берiледi, олардың тiзбесiн қызметтiң кiшi түрлерiн сыныптаушы деңгейiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметтiң әрбiр басым түрi бойынша инвестициялардың ең жоғары көлемiн және инвестициялық салықтық преференциялардың қолданылу мерзiмдерiн бекiтедi, бұл ретте инвестициялық преференцияларды уәкiлеттi орган бередi.
      3. Инвестициялардың белгiленген ең жоғарғы көлемiнен олар асырылып жiберiлген жағдайда, қолданылатын инвестициялық салықтық преференциялардың қолданылу мерзiмдерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тиiстi шешiмiн қабылдау жолымен белгiленедi.
      4. Инвестициялық преференциялар инвестормен келiсiм-шарт жасасу арқылы берiледi.

      15-бап. Инвестициялық преференциялар беру талаптары

      Инвестициялық преференциялар:
      1) көзделетiн инвестициялық қызмет қызметтiң басым түрлерiнiң тiзбесiне сәйкес болған;
      2) осы заманғы технологиялар қолданыла отырып, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне жаңа өндiрiстер құру, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту үшiн инвестициялар жүзеге асырылған;
      3) осы Заңның 19-бабында тiзiп келтiрiлген, инвестициялық жобаны iске асыру үшiн инвестордың қаржылық, техникалық және ұйымдастырушылық мүмкiндiктерiнiң болуын растайтын қажеттi құжаттар табыс етiлген жағдайда берiледi.

      16-бап. Инвестициялық салықтық преференциялар

      1. Инвестициялық салықтық преференциялар тiркелген активтерге салынатын инвестициялардың көлемiне қарай белгiленетiн, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
      2. Инвестициялық салықтық преференциялардың қолданылуы басталатын дата Қазақстан Республикасының Салық Кодексiне  сәйкес келiсiм-шартта белгiленедi.
      3. Заңды тұлға жүзеге асыратын, арнаулы салық режимi қолданылатын қызметке, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiм-шарттар бойынша қызметке қатысты инвестициялық салықтық преференциялар берiлмейдi.
      4. Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына мемлекеттiк заттай грант түрiнде берiлген тiркелген активтерге қатысты инвестициялық салықтық преференциялар берiлмейдi.

      17-бап. Кеден баждарын салудан босату

      1. Кеден баждарын салудан, инвестициялық жобаны iске асыру үшiн әкелiнетiн жабдықтар мен олардың жиынтықтаушыларының импорты кезiнде:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында ұқсас жабдықтар мен олардың жиынтықтаушыларының өндiрiсi болмаған;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаға сәйкес қызметтi жүзеге асыру үшiн ұқсас жабдықтар мен олардың жиынтықтаушыларының өндiрiсi жеткiлiксiз болған;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн ұқсас жабдықтар мен олардың жиынтықтаушылары осы жобаның шеңберiнде қойылатын талаптарға сәйкес болмаған жағдайларда босатылуы мүмкiн.
      2. Кеден баждарын салудан босату, мерзiмiн ұзарту мүмкiндiгiмен бiр жылға, бiрақ келiсiм-шарт тiркелген кезден бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
      Кеден баждарын салудан босату жөнiндегi шешiмдi және оның мерзiмдерiн ұзартуды уәкiлеттi орган қабылдайды.
      3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешiм туралы хабарламаны уәкiлеттi орган кеден iсi мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға жiбередi.

      18-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар

      1. Мемлекеттiк заттай гранттарды осы Заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi не уәкiлеттi орган мемлекеттiк мүлiктi және жер ресурстарын басқару саласындағы тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес меншiкке не жер пайдалануға бередi.
      Мемлекеттiк заттай грант берудi келiсу сауал жiберiлген кезден бастап он бес жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автокөлiктi қоспағанда), өндiрiстiк және шаруашылық саймандар берiлуi мүмкін.
      3. Мемлекеттiк заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғарғы мөлшерi Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне салынатын инвестициялар көлемiнiң отыз процентiнен аспайды.
      Егер сұрау салынған мемлекеттiк заттай гранттың бағаланған құны аталған ең жоғарғы мөлшерден асып түссе, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының сұрау салынған мүлiктi оның бағаланған құны мен мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғарғы мөлшерi арасындағы айырманы төлеп алуға құқығы бар.

      19-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған
              өтiнiмге қойылатын талаптар

      Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдi уәкiлеттi орган:
      1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң нотариаттық тәртiппен куәландырылған көшiрмесi;
      2) заңды тұлғаның статистикалық карточкасының нотариаттық тәртiппен куәландырылған көшiрмесi;
      3) заңды тұлға жарғысының нотариаттық тәртiппен куәландырылған көшiрмесi;
      4) инвестициялық жобаның уәкiлеттi орган белгiлейтiн талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;
      5) жобаны iске асыру кезiнде пайдаланылатын құрылыс-монтаж жұмыстарының сметалық құнын және тiркелген активтердi сатып алуға арналған шығындарды негiздейтiн құжаттар;
      6) жобаны қаржыландырудың көздерi мен кепiлдiгiн белгiлейтiн құжаттар;
      7) инвестор сұрау салған мемлекеттiк заттай гранттың мөлшерiн (құнын) және оны беру алдын ала келiсiлгенiн растайтын құжаттар болған жағдайда қабылдайды және тiркейдi.

      20-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған
              өтiнiмдi қарау мерзiмдерi

      Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм уәкiлеттi органның қарауына берiледi, ол осы Заңның 15-бабында белгiленген талаптарға сәйкес өтiнiм тiркелген кезден бастап отыз жұмыс күнi iшiнде инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылдап, өтiнiм берушiге жазбаша түрде жауап жiбередi.

      21-бап. Келiсiм-шарт жасасу

      1. Уәкiлеттi орган инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде модельдiк келiсiм-шарттың ережелерiн ескере отырып, келiсiм-шартты қол қоюға дайындайды.
      2. Келiсiм-шартты қол қойылған күнiнен бастап бес жұмыс күні iшiнде уәкiлеттi орган тiркейдi және ол тiркелген күннен бастап күшiне енедi.

      22-бап. Келiсiм-шартты бұзу жағдайлары

      1. Инвестициялық преференциялардың қолданылуы келiсiм-шарттың қолданылу мерзiмi бiткен соң тоқтатылады не осы бапта белгiленген тәртiппен осындай мерзiм бiткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.
      2. Келiсiм-шарттың қолданылуы:
      1) тараптардың келiсiмi бойынша;
      2) бiр жақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      3. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайларда:
      1) өтiнiш берушi табыс еткен мәлiметтердiң бұрмаланғаны немесе жасырылғаны анықталған және бұл инвестициялық преференциялар беру жөнiндегi шешiмге ықпал еткен жағдайда;
      2) инвестор келiсiм-шарт бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда, бұл туралы инвесторға жазбаша түрде хабарлаған кезден бастап үш ай өткен соң келiсiм-шартты бiр жақты тәртiппен бұзуға құқылы.
      Бұл жағдайларда инвестор келiсiм-шарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар салдарынан төленбеген салықтар мен кеден баждарының сомаларын төлеп, оған Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айыппұл санкциялары қолданылады.
      4. Бiр жақты тәртiппен инвестордың бастамасы бойынша келiсiм-шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде, инвестор Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өсiмпұлын есептей отырып, келiсiм-шарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялардың салдарынан төленбеген салықтар мен кеден баждарының сомаларын төлейдi.
      5. Келiсiм-шарт тараптардың келiсiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда инвестор келiсiм-шарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесiнде төленбеген салықтар мен кеден баждарының сомасын төлейдi.
      6. Келiсiм-шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда инвестор өзiне мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай, не келiсiм-шарттың талаптарына сәйкес оның берiлген күнгi бастапқы құнын қайтарады.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      23-бап. Келiсiм-шарттардың тұрақтылығы

      Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн инвестициялар бойынша уәкiлеттi мемлекеттiк органмен жасалған келiсiм-шарттар негiзiнде берiлген жеңiлдiктер осы келiсiм-шарттарда белгiленген мерзiм бiткенге дейiн өзiнiң қолданылуын сақтап қалады.

      24-бап. Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiнiң
              күшi жойылды деп тану туралы

      Қазақстан Республикасының мына заң актiлерiнiң күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Шетелдiк инвестициялар туралы" 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 23-24, 280-құжат; 1995 ж., N 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 14, 274-құжат; 1997 ж., N 11, 143-құжат; N 13-14, 205-құжат; N 17-18, 218-құжат; 1998 ж., N 5-6, 50-құжат; 1999 ж., N 21, 786-құжат; 2000 ж., N 10, 244-құжат);
      2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң "Шетелдiк инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңын күшiне енгiзу тәртiбi жөнiндегi" 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қаулысы  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 23-24, 281-құжат; 1995 ж., N 1-2, 15-құжат);
      3) "Тiкелей инвестицияларды мемлекеттiк қолдау туралы" 1997 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 4, 50-құжат; 1999 ж., N 21, 786-құжат).

      Қазақстан Республикасының
      Президентi