Инвестициялар туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2003 жылғы 8 қаңтар N 373-II

Жаңартылған

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы инвестицияларға байланысты қатынастарды реттейдi, инвестицияларды ынталандырудың құқықтық және экономикалық негiздерiн айқындайды, Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған кезде инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепiлдiк бередi, инвестицияларды мемлекеттiк қолдау шараларын, инвесторлар қатысатын дауларды шешу тәртiбiн белгiлейдi.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) инвестициялар - лизинг шартын жасаған кезден бастап қаржы лизингi заттарын, сондай-ақ оларға құқықтарды қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына инвестор салатын мүлiктiң барлық түрлерi (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа) немесе кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын тiркелген активтердi ұлғайту;
      2) инвестициялық қызмет - жеке және заңды тұлғалардың коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуы жөнiндегi не кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын тiркелген активтердi құрау немесе ұлғайту жөнiндегi қызметi;
      3) инвестициялық преференциялар - Қазақстан Республикасының инвестициялық жобаның iске асырылуын жүзеге асырушы заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлетiн атаулы сипаттағы артықшылықтар;
      4) инвестициялық жоба - жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және жаңартуға инвестициялар көздейтiн iс-шаралар кешенi;
      5) инвестициялық дау - инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау;
      6) инвестор - Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар;
      7) мемлекеттiк заттай гранттар - Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны iске асыру үшiн уақытша өтеусiз пайдалануға берiле отырып не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз берiлетiн мүлiк;
      8) келiсiм-шарт - инвестицияларды жүзеге асыруға арналған инвестициялық преференцияларды көздейтiн шарт;
      9) модельдiк келiсiм-шарт - Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн және келiсiм-шарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгi келiсiм-шарт;
      10) уәкiлеттi орган - келiсiм-шарттар жасасуға және олардың орындалуын бақылауға тiкелей байланысты құқықтар берiлген орталық атқарушы орган;
      11) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен құрылған заңды тұлға, соның ішінде шет ел қатысатын заңды тұлға.
       Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       2-бап. Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы
             заңдары

      1. Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Осы Заң:
      мемлекеттiк бюджет қаражатынан инвестицияларды жүзеге асыруға;
      коммерциялық емес ұйымдарға, оның iшiнде бiлiм беру, қайырымдылық, ғылыми немесе дiни мақсаттар үшiн капитал салуға байланысты қатынастарды реттемейдi.
      3. Инвестицияларды жүзеге асырған кезде туындайтын және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiн қолдану саласына жататын қатынастарға, осындай заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның ережелерi қолданылмайды.
      4. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Инвестициялық қызмет объектiлерi

      1. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, инвесторлардың кәсiпкерлiк қызметтiң кез келген объектiлерi мен түрлерiне инвестициялар салуды жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттiгi негiзге алына отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен инвестициялық қызмет шектелетiн немесе оған тыйым салынатын қызмет түрлерi және (немесе) аумақтар белгiленуi мүмкiн.

  2-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖИМІ

       4-бап. Қазақстан Республикасының аумағында инвесторлар
             қызметiн құқықтық қорғау кепiлдiктерi

      1. Инвестордың құқықтары мен мүдделерi толық және сөзсiз қорғалады, ол Қазақстан Республикасының  Конституциясымен , осы Заңмен және Республиканың өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен қамтамасыз етiледi.
      2. Инвестордың мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келмейтiн актiлер шығаруы салдарынан, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) салдарынан өзiне келтiрiлген-зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өтеткiзуге құқығы бар.
      3. Шарттарға өзгерiстер тараптардың келiсiмi бойынша енгiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы инвесторлар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары арасында жасалған шарттар талаптарының тұрақтылығына кепiлдiк бередi.
      Бұл кепiлдiктер:
      1) импорттың, өндiрiстiң, акцизделетiн тауарлар өткiзудiң тәртiбi мен талаптарын өзгертетiн Қазақстан Республикасының заңдарындағы өзгерiстерге және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын күшiне енгiзуге және (немесе) олардың өзгерiстерiне;
      2) ұлттық және экологиялық қауiпсiздiктi, денсаулық сақтау мен имандылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заң актiлерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларға қолданылмайды.

       5-бап. Кiрiстердi пайдалану кепiлдiктерi

      Инвесторлар:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлегеннен кейiн өзiнiң қызметiнен алынған кiрiстердi өз қалауы бойынша пайдалануға;
      2) Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде Қазақстан Республикасының банктiк және валюталық заңдарына сәйкес ұлттық валютамен және (немесе) шетелдiк валютамен банктiк шоттар ашуға құқылы.

       6-бап. Мемлекеттiк органдардың инвесторларға қатысты
             қызметiнiң жариялылығы

      1. Инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми хабарлары мен нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарияланады.
      2. Коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиясы бар ақпаратты қоспағанда, инвесторлардың заңды тұлғаларды тiркеу туралы, олардың жарғылары туралы, жылжымайтын мүлiкпен жасалатын мәмiлелердi тiркеу туралы, сондай-ақ берiлген лицензиялар туралы ақпаратқа еркiн қол жеткiзуi қамтамасыз етiледi.

       7-бап. Мемлекеттiк органдардың инвесторлар қызметiн
             бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруы

      1. Инвесторлардың қызметiн бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес осындай құқық берiлген мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      2. Инвесторлардың қызметiн бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

       8-бап. Мемлекет меншiгiне алу және реквизициялау
             кезiндегi инвесторлар құқықтарының кепiлдiктерi

      1. Мемлекеттiк мұқтаждар үшiн инвестордың мүлкiн мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет меншiгiне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген ерекше жағдайларда жол берiледi.
      2. Мемлекет меншiгiне алынған кезде инвесторға Қазақстан Республикасы мемлекет меншiгiне алу туралы Қазақстан Республикасының заң актiлерiн шығару салдарынан оған келтiрiлген залалды толық көлемiнде өтейдi.
      3. Инвестордың мүлкiн реквизициялау оған мүлiктiң нарықтық құнын төлей отырып жүзеге асырылады.
      Мүлiктiң нарықтық құны Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады.
      4. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаға ол сот тәртiбiмен дауласуы мүмкiн.
      5. Реквизициялаудың жүргiзiлуiне байланысты мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған кезде инвестор сақталған мүлiктiң қайтарылуын талап етуге құқылы, бiрақ бұл ретте мүлiк құнының төмендеуiнен болған ысырапты ескере отырып, өзi алған өтем сомасын қайтаруға мiндеттi.

       9-бап. Дауларды шешу

      1. Инвестициялық даулар келiссөздер жолымен, оның iшiнде сарапшыларды тарта отырып не дауларды шешудiң тараптармен бұрын келiсiлген рәсiмiне сәйкес шешiлуi мүмкiн.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес инвестициялық дауларды шешу мүмкiн болмаған жағдайда дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заң актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келiсiм-шарттарымен айқындалатын халықаралық төрелiк соттарда жүргiзiледi.
      3. Инвестициялық дауларға жатпайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.

       10-бап. Инвестор құқықтарының басқа тұлғаға ауысуы

      Егер шет мемлекет немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты берiлген кепiлдiк (сақтандыру шарты) бойынша инвестордың пайдасына төлем жүргiзетiн болса және аталған инвестицияларға инвестордың құқықтары осы шет мемлекетке не ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк органға ауысатын болса (талаптар берiлетiн болса), Қазақстан Республикасында құқықтардың осылай ауысуы (талаптардың берiлуi) инвестор Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған және (немесе) ол белгiлi бiр шарттық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда ғана заңды деп танылады.

  3-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЬI МЕМЛЕКЕТТIК ҚОЛДАУ

       11-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты

      1. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты экономиканың дамуы үшiн қолайлы инвестициялық ахуал жасау және осы заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндiрiстер құруға жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға, қазақстандық кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға инвестицияларды ынталандыру болып табылады.
      2. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдау инвестициялық преференциялар беру болып табылады.
       Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       12-бап. Уәкiлеттi орган

      1. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары арасынан консультанттар мен сарапшылар тартуға құқығы бар.
      3. Уәкiлеттi органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн Ережемен реттеледi.

       13-бап. Инвестициялық преференциялардың түрлерi

      Осы Заңға сәйкес уәкiлеттi органмен келiсiм-шарт жасасу арқылы мынадай инвестициялық преференциялар:
      1) инвестициялық салықтық преференциялар;
      2) кеден баждарын салудан босату;
      3) мемлекеттiк заттай гранттар берiледi.

       14-бап. Инвестициялық преференциялар беру тәртiбi

      1. Инвестициялық преференциялар қызметтiң басым түрлерiне берiледi, олардың тiзбесiн экономикалық қызмет түрлерiн жалпы сыныптаушының сыныптары деңгейiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметтiң әрбiр басым түрi бойынша инвестициялардың ең жоғары көлемiн және инвестициялық салықтық преференциялардың қолданылу мерзiмдерiн бекiтедi, бұл ретте инвестициялық преференцияларды уәкiлеттi орган бередi.
      3. Инвестициялардың белгiленген ең жоғарғы көлемiнен олар асырылып жiберiлген жағдайда, қолданылатын инвестициялық салықтық преференциялардың қолданылу мерзiмдерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тиiстi шешiмiн қабылдау жолымен белгiленедi.
      4. Инвестициялық преференциялар инвестициялық жобаның атқарылуын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасымен келiсiм-шарт жасасу арқылы берiледi.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       15-бап. Инвестициялық преференциялар беру талаптары

      Инвестициялық преференциялар:
      1) көзделетiн инвестициялық қызмет қызметтiң басым түрлерiнiң тiзбесiне сәйкес болған;
      2) осы заманғы технологиялар қолданыла отырып, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне жаңа өндiрiстер құру, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту үшiн инвестициялар жүзеге асырылған;
      3) осы Заңның 19-бабында тiзiп келтiрiлген, инвестициялық жобаны iске асыру үшiн тапсырыс берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасының қаржылық, техникалық және ұйымдастырушылық мүмкiндiктерiнiң болуын растайтын қажеттi құжаттар табыс етiлген жағдайда берiледi.
       Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       16-бап. Инвестициялық салықтық преференциялар

      1. Инвестициялық салықтық преференциялар әрбiр жекелеген жағдайда қызмет түрлерiне және тiркелген активтерге салынатын инвестициялардың көлемiне байланысты айқындалатын мерзiмге берiледi.
      2. Инвестициялық салықтық преференциялардың қолданылуы басталатын дата Қазақстан Республикасының Салық  Кодексiне  сәйкес келiсiм-шартта белгiленедi.
      3. Заңды тұлға жүзеге асыратын, арнаулы салық режимi қолданылатын қызметке, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiм-шарттар бойынша қызметке қатысты инвестициялық салықтық преференциялар берiлмейдi.
      4. Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына мемлекеттiк заттай грант түрiнде берiлген тiркелген активтерге қатысты инвестициялық салықтық преференциялар берiлмейдi.
       Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       17-бап. Кеден баждарын салудан босату

      1. Кеден баждарын салудан босату инвестициялық жобаны iске асыру үшiн әкелiнетiн жабдықтар мен олардың жиынтықтаушы бұйымдарының импорты кезiнде ұсынылады.
      2. Кеден баждарын салудан босату келiсiм-шарттың қолданыс мерзiмiне, бiрақ келiсiм-шарт тiркелген кезден бастап 5 жылдан аспайтын мерзiмге ұсынылады.
      3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешiм туралы хабарламаны уәкiлеттi орган бес жұмыс күнi iшiнде кеден iсi мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға жiбередi.
       Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       18-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар

      1. Мемлекеттiк заттай гранттарды осы Заңда белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган мемлекеттiк мүлiктi және жер ресурстарын басқару саласындағы тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша инвестициялық мiндеттемелер келiсiм-шартқа сәйкес орындалған жағдайда кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз бере отырып, уақытша өтеусiз пайдалануға не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен бередi.
      Ұсынылған мемлекеттiк заттай грантты меншiкке немесе жер пайдалануға өтеусiз беру үшiн уәкiлеттi органның шешiмi негiз болып табылады. Уәкiлеттi органның шешiмi осы Заңның 21-1-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес өзi жүргiзген тексеру нәтижелерiнiң негiзiнде қабылданады.
      2. Мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автокөлiктi қоспағанда), өндiрiстiк және шаруашылық саймандар берiлуi мүмкін.
      3. Мемлекеттiк заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғарғы мөлшерi Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне салынатын инвестициялар көлемiнiң отыз процентiнен аспайды.
      Егер сұрау салынған мемлекеттiк заттай гранттың бағаланған құны аталған ең жоғарғы мөлшерден асып түссе, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының сұрау салынған мүлiктi оның бағаланған құны мен мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғарғы мөлшерi арасындағы айырманы төлеп алуға құқығы бар.
       Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       19-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған
              өтiнiмге қойылатын талаптар

       Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдi уәкiлеттi орган:
      1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң нотариаттық куәландырылған көшiрмесi;
      2) заңды тұлғаның статистикалық карточкасының нотариаттық куәландырылған көшiрмесi;
      3) заңды тұлға жарғысының нотариаттық куәландырылған көшiрмесi;
      4) инвестициялық жобаның уәкiлеттi орган белгiлейтiн талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;
      5) жобаны iске асыру кезiнде пайдаланылатын құрылыс-монтаж жұмыстарының сметалық құнын және тiркелген активтердi сатып алуға арналған шығындарды негiздейтiн құжаттардың нотариаттық куәландырылған көшiрмелерi;
      6) инвестициялық жобаны қаржыландырудың көздерi мен кепiлдiктерiн белгiлейтiн, құжаттардың нотариаттық куәландырылған көшiрмелерi. Инвестициялық жобаны өз қаражаты есебiнен қаржыландырған жағдайда олардың бар екендiгi туралы жазбаша растама қағазы қоса берiледi;
      7) өтiнiм берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы сұрау салған мемлекеттiк заттай гранттың мөлшерiн (құнын) және оны беру алдын ала келiсiлгенiн растайтын құжаттар болған жағдайда қабылдайды және тiркейдi;
      8) өтiнiм берiлген тоқсанның алғашқы күнiне арналған бухгалтерлiк баланс;
      9) салық берешегiнiң, мiндеттi зейнетақы жарналары және әлеуметтiк аударымдар бойынша берешегiнiң жоқ екендiгi туралы тiркеу орны бойынша салық органының анықтамалары болған жағдайда қабылдайды және тiркейдi.
       Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       20-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған
              өтiнiмдi қарау мерзiмдерi

      1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм уәкiлеттi органның қарауына берiледi, ол осы Заңның 15-бабында белгiленген талаптарға сәйкес өтiнiм тiркелген кезден бастап отыз жұмыс күнi iшiнде инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылдап, өтiнiм берушiге жазбаша түрде жауап жiбередi.
      2. Инвестициялық преференцияларды беруге жасалған өтiнiмдердi қабылдау, тiркеу және қарау тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
       Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       21-бап. Келiсiм-шарт жасасу

      1. Уәкiлеттi орган инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде модельдiк келiсiм-шарттың ережелерiн ескере отырып, келiсiм-шартты қол қоюға дайындайды.
      2. Келiсiм-шартты қол қойылған күнiнен бастап бес жұмыс күні iшiнде уәкiлеттi орган тiркейдi және ол тiркелген күннен бастап күшiне енедi.

       21-1-бап. Мониторинг және келiсiм-шарт талаптарының
                сақталуын бақылау

      1. Келiсiм-шарт жасасқаннан кейiн Қазақстан Республикасының келiсiм-шарт жасасқан заңды тұлғасы уәкiлеттi органға:
      1) тоқсан сайын есептiк тоқсаннан кейiнгi айдың жиырма бесiнен кешiктiрмей статистика жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша инвестициялық жобаны iске асыру туралы есептi;
      2) жыл сайын бiрiншi маусымнан кешiктiрмей:
      статистика жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша бiр жылғы есептi және оған түсiндiрме жазбаны;
      тiркелген активтердiң пайдаланылуға енгiзiлуiн растайтын құжатты;
      аудиторлық есеппен расталған:
      инвестициялық қызмет нәтижесiндегi кiрiстер мен шығыстар туралы есептi;
      бiр жыл iшiндегi бухгалтерлiк балансты;
      тiркелген активтердiң таратып көрсетiлген түсiндiрiлiмiн ұсынады.
      Аудиторлық есеп өткен жылдағы қаржы-шаруашылық қызметтiң нәтижелерiн талдауды және келiсiм-шарт бойынша инвестициялық мiндеттемелердiң орындалуы туралы ақпаратты қамтуға тиiс.
      2. Уәкiлеттi орган мониторингтi және келiсiм-шарт талаптарының сақталуын бақылауды өзi бекiткен тәртiппен тексерудiң мынадай нысандарында:
      1) инвестициялық жобаларды iске асыру туралы есептiлiктi;
      2) ұсынылған аудиторлық есептер негiзiнде;
      3) инвестициялық қызмет объектiсiне бара отырып, оның iшiнде, инвестициялық жобаны iске асыру жөнiндегi құжаттарды қарау арқылы жүзеге асырады.
      Ескерту. 21-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

       22-бап. Келiсiм-шартты бұзу жағдайлары

      1. Инвестициялық преференциялардың қолданылуы келiсiм-шарттың қолданылу мерзiмi бiткен соң тоқтатылады не осы бапта белгiленген тәртiппен осындай мерзiм бiткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.
      2. Келiсiм-шарттың қолданылуы:
      1) тараптардың келiсiмi бойынша;
      2) бiр жақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      3. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайларда:
      1) өтiнiш берушi табыс еткен мәлiметтердiң бұрмаланғаны немесе жасырылғаны анықталған және бұл инвестициялық преференциялар беру жөнiндегi шешiмге ықпал еткен жағдайда;
      3) осы Заңның 21-1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының келiсiм-шарт жасасқан заңды тұлғасы табыс еткен есептiлiктегi мәлiметтердiң бұрмаланғаны немесе жасырылғаны анықталған жағдайда, бұл туралы Қазақстан Республикасының келiсiм-шарт жасасқан заңды тұлғасына жазбаша түрде хабарлаған кезден бастап үш ай өткен соң келiсiм-шартты бiржақты тәртiппен бұзуға құқылы.
      Бұл жағдайларда аталған заңды тұлға келiсiм-шарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар салдарынан төленбеген салықтар мен кеден баждарының сомасын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айыппұл санкцияларын қолдана отырып төлейдi.
      4. Қазақстан Республикасының келiсiм-шарт жасасқан заңды тұлғасының бастамасы бойынша келiсiм-шарт бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде, аталған заңды тұлға келiсiм-шарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар салдарынан төленбеген салықтар мен кеден баждарының сомасын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өсiмпұлды есептей отырып төлейдi.
      5. Келiсiм-шарт тараптардың келiсiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда Қазақстан Республикасының келiсiм-шарт жасасқан заңды тұлғасы келiсiм-шарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесiнде төленбеген салықтар мен кеден баждарының сомасын төлейдi.
      6. Келiсiм-шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда Қазақстан Республикасының келiсiм-шарт жасасқан заңды тұлғасы өзiне мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай, не келiсiм-шарттың талаптарына сәйкес оның берiлген күнгi бастапқы құнын қайтарады.
      7. Мемлекеттiк заттай грантты қайтаруды Қазақстан Республикасының келiсiм-шарт жасасқан заңды тұлғасы уәкiлеттi орган келiсiм-шартты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiм қабылдағаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады.
       Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04.  N 48  Заңымен.

  4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       23-бап. Келiсiм-шарттардың тұрақтылығы

      Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн инвестициялар бойынша уәкiлеттi мемлекеттiк органмен жасалған келiсiм-шарттар негiзiнде берiлген жеңiлдiктер осы келiсiм-шарттарда белгiленген мерзiм бiткенге дейiн өзiнiң қолданылуын сақтап қалады.

       24-бап. Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiнiң
              күшi жойылды деп тану туралы

      Қазақстан Республикасының мына заң актiлерiнiң күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Шетелдiк инвестициялар туралы" 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының  Заңы  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 23-24, 280-құжат; 1995 ж., N 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 14, 274-құжат; 1997 ж., N 11, 143-құжат; N 13-14, 205-құжат; N 17-18, 218-құжат; 1998 ж., N 5-6, 50-құжат; 1999 ж., N 21, 786-құжат; 2000 ж., N 10, 244-құжат);
      2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң "Шетелдiк инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңын күшiне енгiзу тәртiбi жөнiндегi" 1994 жылғы 27 желтоқсандағы  Қаулысы  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 23-24, 281-құжат; 1995 ж., N 1-2, 15-құжат);
      3) "Тiкелей инвестицияларды мемлекеттiк қолдау туралы" 1997 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының  Заңы  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 4, 50-құжат; 1999 ж., N 21, 786-құжат).

       Қазақстан Республикасының
      Президентi