Инвестициялар туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 қаңтардағы N 373 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы инвестицияларға байланысты қатынастарды реттейдi, инвестицияларды ынталандырудың құқықтық және экономикалық негiздерiн айқындайды, Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған кезде инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепiлдiк бередi, инвестицияларды мемлекеттiк қолдау шараларын, инвесторлар қатысатын дауларды шешу тәртiбiн белгiлейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жинақтауыштар – жиынтығында технологиялық жабдықтың конструкциялық тұтастығын құрайтын және Кеден одағының Комиссиясы жасаған тауарлардың тиісті тізбесіне енгізілген құрамдас бөліктер;
      2) жұмыс бағдарламасы – инвестициялық жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны iске асыру жөнiндегi жұмыстардың күнтiзбелiк кестесiн айқындайтын, инвестициялық келiсiмшартқа қосымша;
      3) инвестициялар – лизинг шартын жасаған кезден бастап қаржы лизингi заттарын, сондай-ақ оларға құқықтарды қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына немесе кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын тiркелген активтердi ұлғайтуға инвестор салатын мүлiктiң барлық түрлерi (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа), сондай-ақ концессионердің (құқық мирасқорының) концессия шарты шеңберінде жасаған және алған тіркелген активтері;
      4) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, инвестициялық келісімшарттар жасасу және олардың орындалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;
      5) инвестициялық дау – инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау;
      6) инвестициялық жоба – концессионердің (құқық мирасқорының) концессия шарты шеңберінде жасаған және алған өндірісін қоса алғанда, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және жаңартуға инвестициялар көздейтiн iс-шаралар кешенi;
      7) инвестициялық келiсiмшарт – инвестицияларды жүзеге асыруға арналған, инвестициялық преференцияларды көздейтiн шарт;
      8) инвестициялық қызмет – жеке және заңды тұлғалардың коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуы жөнiндегi не кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын тiркелген активтердi түзу немесе ұлғайту жөнiндегi, сондай-ақ концессионердің (құқық мирасқорының) концессия шарты шеңберінде жасаған және алған тіркелген активтері жөніндегі қызметi;
      9) инвестициялық преференциялар – инвестициялық жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны iске асыруды жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлетiн атаулы сипаттағы артықшылықтар;
      10) инвестициялық стратегиялық жоба – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбеге енетін және Қазақстан Республикасының экономикалық дамуына стратегиялық ықпал етуге қабілетті инвестициялық жоба;
      11) инвестор – Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар;
      12) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысумен құрылған заңды тұлға;
      13) мемлекеттiк заттай гранттар – Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны iске асыру үшiн уақытша өтеусiз пайдалануға берiле отырып не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз берiлетiн мүлiк;
      14) миноритарлық инвестор – дауыс беретін акциялардың он пайызынан аз (қатысушылар дауысының жалпы санының он пайызынан аз) мөлшерде инвестицияларды жүзеге асырған инвестор;
      15) модельдiк келiсiмшарт – Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн және инвестициялық келiсiмшарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгi келiсiмшарт;
      16) технологиялық жабдық – инвестициялық жобаның немесе инвестициялық стратегиялық жобаның технологиялық процесiнде пайдалануға арналған тауарлар.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы
             заңдары

      1. Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Осы Заң:
      мемлекеттiк бюджет қаражатынан инвестицияларды жүзеге асыруға;
       коммерциялық емес ұйымдарға, оның iшiнде бiлiм беру, қайырымдылық, ғылыми немесе дiни мақсаттар үшiн капитал салуға байланысты қатынастарды реттемейдi.

      3. Инвестицияларды жүзеге асыру кезінде туындайтын және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының қолданылатын аясына қатысты қатынастарға осы Заңның ережелері Қазақстан Республикасының осындай заңдарына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

      4. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      3-бап. Инвестициялық қызмет объектiлерi

      1. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, инвесторлардың кәсiпкерлiк қызметтiң кез келген объектiлерi мен түрлерiне инвестициялар салуды жүзеге асыруға құқығы бар.
      Инвесторлардың кәсіпкерлік қызметтің инвестициялар жүзеге асырылатын объектілері мен түрлеріне қатысты құқықтары мен міндеттері осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде және тиісті шарттарда белгіленеді.

      2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттiгi негiзге алына отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен инвестициялық қызмет шектелетiн немесе оған тыйым салынатын қызмет түрлерi және (немесе) аумақтар белгiленуi мүмкiн.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

2-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖИМІ

      4-бап. Қазақстан Республикасының аумағында инвесторлар
             қызметiн құқықтық қорғау кепiлдiктерi

      1. Инвестордың құқықтары мен мүдделерi толық және сөзсiз қорғалады, ол Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен және Республиканың өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен қамтамасыз етiледi.

      2. Инвестордың мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келмейтiн актiлер шығаруы салдарынан, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) салдарынан өзiне келтiрiлген-зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өтеткiзуге құқығы бар.

      3. Шарттарға өзгерiстер тараптардың келiсiмi бойынша енгiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы инвесторлар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары арасында жасалған шарттар талаптарының тұрақтылығына кепiлдiк бередi.
      Бұл кепiлдiктер:

      1) импорттың, өндiрiстiң, акцизделетiн тауарлар өткiзудiң тәртiбi мен талаптарын өзгертетiн Қазақстан Республикасының заңдарындағы өзгерiстерге және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын күшiне енгiзуге және (немесе) олардың өзгерiстерiне;

      2) ұлттық және экологиялық қауiпсiздiктi, денсаулық сақтау мен имандылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заң актiлерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларға қолданылмайды.

      5-бап. Кiрiстердi пайдалану кепiлдiктерi

      Инвесторлар:

      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлегеннен кейiн өзiнiң қызметiнен алынған кiрiстердi өз қалауы бойынша пайдалануға;

      2) Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде Қазақстан Республикасының банктiк және валюталық заңдарына сәйкес ұлттық валютамен және (немесе) шетелдiк валютамен банктiк шоттар ашуға құқылы.

      6-бап. Мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты
              қызметінің жариялылығы және инвесторлардың
              инвестициялық қызметті жүзеге асыруға байланысты
              ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының инвесторлардың мүдделерін қозғайтын ресми хабарлары және нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жарияланады.

      2. Миноритарлық инвесторларды қоса алғанда, инвесторлардың заңды тұлғаларды тіркеу туралы, олардың жарғылары туралы, жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді тіркеу туралы, берілген лицензиялар туралы ақпаратқа, сондай-ақ олардың инвестициялық қызметті жүзеге асыруымен байланысты коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтымайтын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен көзделген өзге де ақпаратқа еркін қол жеткізуі қамтамасыз етіледі.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      7-бап. Мемлекеттiк органдардың инвесторлар қызметiн
             бақылауды жүзеге асыруы

      1. Инвесторлардың қызметiн бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарымен осындай құқық берiлген мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

      2. Инвесторлардың қызметiн бақылауды жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      8-бап. Мемлекет меншiгiне алу және реквизициялау
             кезiндегi инвесторлар құқықтарының кепiлдiктерi

      1. Мемлекеттiк мұқтаждар үшiн инвестордың мүлкiн мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет меншiгiне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген ерекше жағдайларда жол берiледi.

      2. Мемлекет меншiгiне алынған кезде инвесторға Қазақстан Республикасы мемлекет меншiгiне алу туралы Қазақстан Республикасының заң актiлерiн шығару салдарынан оған келтiрiлген залалды толық көлемiнде өтейдi.

      3. Инвестордың мүлкiн реквизициялау оған мүлiктiң нарықтық құнын төлей отырып жүзеге асырылады.
      Мүлiктiң нарықтық құны Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады.

      4. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаға ол сот тәртiбiмен дауласуы мүмкiн.

      5. Реквизициялаудың жүргiзiлуiне байланысты мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған кезде инвестор сақталған мүлiктiң қайтарылуын талап етуге құқылы, бiрақ бұл ретте мүлiк құнының төмендеуiнен болған ысырапты ескере отырып, өзi алған өтем сомасын қайтаруға мiндеттi.

      9-бап. Дауларды шешу

      1. Инвестициялық даулар келiссөздер жолымен, оның iшiнде сарапшыларды тарта отырып не дауларды шешудiң тараптармен бұрын келiсiлген рәсiмiне сәйкес шешiлуi мүмкiн.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес инвестициялық дауларды шешу мүмкiн болмаған жағдайда дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заң актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келiсiм-шарттарымен айқындалатын халықаралық төрелiк соттарда жүргiзiледi.

      3. Инвестициялық дауларға жатпайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.

      10-бап. Инвестор құқықтарының басқа тұлғаға ауысуы

      Егер шет мемлекет немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты берiлген кепiлдiк (сақтандыру шарты) бойынша инвестордың пайдасына төлем жүргiзетiн болса және аталған инвестицияларға инвестордың құқықтары осы шет мемлекетке не ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк органға ауысатын болса (талаптар берiлетiн болса), Қазақстан Республикасында құқықтардың осылай ауысуы (талаптардың берiлуi) инвестор Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған және (немесе) ол белгiлi бiр шарттық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда ғана заңды деп танылады.

3-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ МЕМЛЕКЕТТIК ҚОЛДАУ

      11-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты

      1. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты экономиканың дамуы үшiн қолайлы инвестициялық ахуал жасау және осы заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндiрiстер құруға жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға, қазақстандық кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға инвестицияларды ынталандыру болып табылады.

      2. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдау инвестициялық преференциялар беру болып табылады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04. N 48 Заңымен.

      12-бап. Уәкiлеттi орган

      1. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      2. Уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары арасынан консультанттар мен сарапшылар тартуға құқығы бар.

      3. Уәкiлеттi органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн Ережемен реттеледi.

      13-бап. Инвестициялық преференциялардың түрлерi

      Осы Заңға сәйкес уәкiлеттi органмен инвестициялық келісімшарт жасасу арқылы мынадай инвестициялық преференциялар:
      1) алынып тасталды - ҚР 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      2) кеден баждарын салудан босату;
      3) мемлекеттiк заттай гранттар;
      4) инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен жер салығына және мүлік салығына жеңілдіктер;
      5) әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекендерде инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғалар үшін өнеркәсіптік жеңілдіктер беріледі.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.09 № 535-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      14-бап. Инвестициялық преференциялар беру тәртiбi

      1. Инвестициялық преференциялар қызметтің басым түрлерінің тізбесі бойынша экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышының сыныптары деңгейінде немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін инвестициялық стратегиялық жобалар тізбесі бойынша беріледі.

      2. Алынып тасталды - ҚР 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Алынып тасталды - ҚР 2008.12.10  N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4. Инвестициялық преференциялар инвестициялық жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасымен инвестициялық келiсiмшарт жасасу арқылы берiледi.
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.05.04 N 48, 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      15-бап. Инвестициялық преференциялар беру талаптары

      Инвестициялық преференциялар:

      1) инвестициялық қызмет экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышының сыныптары деңгейінде қызметтің басым түрлерінің тізбелеріне немесе инвестициялық стратегиялық жобалардың тізбесіне сәйкес болған;

      2) (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2008.12.10  N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен);

      3) осы Заңның 19-бабында тiзбеленген, инвестициялық жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны iске асыру үшiн өтінім берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасының қаржылық, техникалық және ұйымдастырушылық мүмкiндiктерiнiң болуын растайтын қажеттi құжаттар табыс етiлген жағдайда берiледi.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.05.04 N 48, 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      16-бап. Инвестициялық салықтық преференциялар

       Ескерту. 16-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      17-бап. Кеден баждарын салудан босату

      1. Инвестициялық келісімшарт шеңберінде инвестициялық жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Кеден одағының заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектерінің, шикізаттың және (немесе) материалдардың импорты кезінде кеден баждарын салудан босатылады.
      2. Технологиялық жабдықтың және оның жинақтауыштарының импорты кезінде кеден баждарын салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ инвестициялық келiсiмшарт тiркелген кезден бастап 5 жылдан аспайтын мерзiмге беріледі.
      3. Технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерінің, шикізаттың және (немесе) материалдардың импорты кезінде кеден баждарын салудан босату Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына тіркелген активтерге инвестицияларының көлеміне қарай және инвестициялық жоба экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышының сыныптары деңгейінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қызметтің басым түрлерінің тізбесіне сәйкес келген жағдайда 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл қызметтің басым түрлерінің тізбесі жылына бір реттен артық қайта қаралмайды.
      Кеден баждарын салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ жұмыс бағдарламасы бойынша тіркелген активтерді пайдалануға енгізген күннен бастап 5 жылдан аспайтын мерзiмге беріледі. Егер жұмыс бағдарламасында екі немесе одан көп тіркелген активтерді пайдалануға енгізу көзделетін жағдайда, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерін, шикізатты және (немесе) материалдарды әкелуге кеден баждарын төлеуден босату мерзімін есептеу жұмыс бағдарламасы бойынша бірінші тіркелген актив пайдалануға енгізілген күннен бастап жүргізіледі.
      4. Осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешім туралы хабарламаны уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде кеден органына жібереді.
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар

      1. Мемлекеттiк заттай гранттарды осы Заңда белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган мемлекеттiк мүлiктi және (немесе) жер ресурстарын басқару жөніндегі тиiстi уәкілетті органдармен, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдармен келiсiм бойынша инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестициялық мiндеттемелер орындалған жағдайда уақытша өтеусiз пайдалануға не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсына отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз бередi.
      Уәкiлеттi органның шешiмi ұсынылған мемлекеттiк заттай грантты меншiкке немесе жер пайдалануға өтеусіз беру үшін негiз болып табылады. Уәкiлеттi органның шешiмi инвестор мен уәкілетті орган арасында жасалған инвестициялық келісімшартқа сәйкес инвестор инвестициялық міндеттемелерін орындаған жағдайда, инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзiмi өткеннен кейін қабылданады.

      2. Мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автокөлiктi қоспағанда), өндiрiстiк және шаруашылық саймандар берiлуi мүмкін.

      3. Мемлекеттiк заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғарғы мөлшерi Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне салынатын инвестициялар көлемiнiң отыз процентiнен аспайды.
      Егер сұрау салынған мемлекеттiк заттай гранттың бағаланған құны аталған ең жоғарғы мөлшерден асып түссе, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының сұрау салынған мүлiктi оның бағаланған құны мен мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғарғы мөлшерi арасындағы айырманы төлеп алуға құқығы бар.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.05.04 N 48, 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-1-бап. Инвестициялық стратегиялық жобаларды іске
                 асыратын заңды тұлғалар (тұлға) үшін Қазақстан
                 Республикасының салық заңнамасында көзделген
                 тәртіппен жер салығына және мүлік салығына
                 жеңілдіктер

      1. Инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын заңды тұлға Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен жер салығы және мүлік салығы бойынша жеңілдіктерге үміттене алады.
      2. Инвестициялық стратегиялық жобалардың тізбесіне енгізу үшін инвестициялық жоба қосылған құны жоғары (қайта жасалуы және қайта өңделуі анағұрлым жоғары) өнім өндіруге бағытталуға, басым қызмет түрлеріне сәйкес келуге, сондай-ақ мынадай критерийлердің біріне жауап беруге тиіс:
      1) инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жоғары технологиялық өнімдерді өндіру қызметі түрлерінің тізбесіне кіретін өнімдерді өндіруге бағытталуға тиіс;
      2) инвестициялық жоба бойынша инвестиция көлемі тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген ең төменгі есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем болмауға тиіс.
      3. Инвестициялық жобаларды инвестициялық стратегиялық жобалар тізбесіне енгізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Ескерту. 18-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.09 № 535-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-2-бап. Әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді
                 мекендерде инвестициялық стратегиялық жобаларды
                 іске асыратын заңды тұлғалар үшін өнеркәсіптік
                 жеңілдіктер

      1. Әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекендерде инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғаларға өнеркәсіптік жеңілдіктер беру әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекендерде инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын заңды тұлғаның мынадай:
      1) газға;
      2) электр энергиясына;
      3) жер учаскесін сатып алуға;
      4) ғимараттар, құрылыстар сатып алуға (салуға) арналған шығын түрлері бойынша шығындарының бір бөлігін өтеуді немесе төлеуді қамтиды.
      2. Әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекендерде инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғалар үшін өнеркәсіптік жеңілдіктер беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекендерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Ескерту. 18-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.09 № 535-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      19-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған
               өтiнiмге қойылатын талаптар

      Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдi уәкiлеттi орган белгілеген нысан бойынша:
      1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
      2) Алынып тасталды - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.
      3) заңды тұлға жарғысының заңды тұлғаның басшысы қолымен және мөрімен расталған көшiрмесi;
      4) инвестициялық жобаның немесе инвестициялық стратегиялық жобаның уәкiлеттi орган белгiлейтiн талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;
      5) инвестициялық жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны iске асыру кезiнде пайдаланылатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының сметалық құнын және тiркелген активтердi, шикiзатты және (немесе) материалдарды сатып алуға жұмсалған шығындарды негiздейтiн, тiзбесi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленетiн құжаттардың заңды тұлғаның басшысы қолымен және мөрімен расталған көшiрмелерi;
      6) инвестициялық жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны қаржыландырудың көздерi мен кепiлдiктерiн белгiлейтiн құжаттардың заңды тұлғаның басшысы қолымен және мөрімен расталған көшiрмелерi. Инвестициялық жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны өз қаражатынан қаржыландырған жағдайда олардың бар екендiгi туралы жазбаша растама қағазы қоса берiледi;
      7) өтiнiм берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы сұрау салған мемлекеттiк заттай гранттың мөлшерiн (құнын) және оны беру алдын ала келiсiлгенiн растайтын құжаттар болған жағдайда қабылдайды және тiркейдi;
      8) алып тасталды - ҚР 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      9) салық берешегiнiң, мiндеттi зейнетақы жарналары және әлеуметтiк аударымдар бойынша берешегiнiң жоқ екендiгi туралы тiркеу орны бойынша салық органының анықтамалары болған жағдайда қабылдайды және тiркейдi.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.05.04 N 48, 2010.03.19 № 258-IV, 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      20-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған
              өтiнiмдi қарау мерзiмдерi

      1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм уәкiлеттi органның қарауына берiледi, ол осы Заңның 15-бабында белгiленген талаптарға сәйкес өтiнiм тiркелген кезден бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылдап, өтiнiм берушiге жазбаша түрде жауап жiбередi.

      2. Инвестициялық преференцияларды беруге жасалған өтiнiмдердi қабылдау, тiркеу және қарау тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.05.04. N 48, 2009.02.13. N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  3-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      21-бап. Инвестициялық келiсiмшарт жасасу

      1. Уәкiлеттi орган инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде модельдiк келiсiмшарттың ережелерiн ескере отырып, инвестициялық келiсiмшартты қол қоюға дайындайды.
      2. Инвестициялық келiсiмшартты қол қойылған күнiнен бастап бес жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi орган тiркейдi және ол тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
      3. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзiмiмен айқындалады. Жұмыс бағдарламасы бойынша жұмыстарды аяқтау мерзiмi инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн кемiнде тоғыз ай бұрын бітуге тиiс.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      21-1-бап. Инвестициялық келiсiмшарт талаптарының сақталуын
                 бақылау

      1. Инвестициялық келiсiмшарттар талаптарының сақталуын бақылауды уәкiлеттi орган мынадай нысандарда:
      1) камералдық бақылау – уәкiлеттi орган осы баптың 2-тармағына сәйкес ұсынылған есептердi зерделеу және талдау негiзiнде жүзеге асыратын бақылау;
      2) инвестициялық қызмет объектiсiне бара отырып, оның iшiнде жұмыс бағдарламасын және инвестициялық келiсiмшарт талаптарын орындау жөнiндегi құжаттарды қарап жүзеге асырады.
      2. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқаннан кейiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы уәкiлеттi орган белгілейтін нысан бойынша тіркелген активтердің пайдалануға берілуін, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерінің, шикізаттың және (немесе) материалдардың жеткізілуі мен пайдаланылуын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жұмыс бағдарламасында көзделген шығындар баптары бойынша таратып жазып, инвестициялық келісімшарттың орындалуы туралы жартыжылдық есептерді жиырма бесінші шілдеден және жиырма бесінші қаңтардан кешіктірмей береді.
      3. Жұмыс бағдарламасына өзгерiстер тараптардың келiсiмi бойынша жылына бiр рет енгiзiле алады.
      4. Инвестициялық қызмет объектісіне бара отырып, тексеру:
      1) жұмыс бағдарламасы аяқталған жағдайда, инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі біткенге дейін үш ай қалғанда аяқталатын алты ай кезеңінде;
      2) кедендік баждар салудан босатылатын технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар импорты жүзеге асырылған жылдан кейінгі жылдан бастап, жыл сайын жүргізіледі.
      5. Тексеру нәтижелерi бойынша уәкiлеттi органның өкiлi мен инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғаның басшысы инвестициялық келiсiмшарттың жұмыс бағдарламасының орындалуының ағымдағы жай-күйі туралы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша актіге қол қояды.
      6. Инвестициялық келiсiмшарттың жұмыс бағдарламасы орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасына бұзушылықтарды көрсете отырып, жазбаша нысанда хабарлама жiбередi және бұзушылықтарды жою үшiн екі ай мерзiм белгiлейдi.
      7. Егер уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін әкелінген және кедендік баждар төлеуден босатылған технологиялық жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар пайдалануға берілмегені не пайдаланылмағаны анықталған жағдайда, инвестициялық келісімшарт бойынша ұсынылған инвестициялық преференциялар салдарынан кедендік баждардың сомасын төлемеген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімпұлды есептей отырып, пайдаланылаған жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізаттар және (немесе) материалдар бөлігінде оларды төлейді.
      8. Инвестициялық келiсiмшарттың бұзылуы туралы ақпарат мемлекеттiң экономикалық мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында мыналарға:
      1) тиiстi шаралар қабылдау үшiн салық қызметі органдарына, кеден органдарына және қажет болған жағдайда өзге де мемлекеттiк органдарға;
      2) мемлекеттiк заттай грант оларға сәйкес берiлген инвестициялық келiсiмшарттар бойынша салық қызметі органдарына, кеден органдарына, мемлекеттiк мүлiктi және (немесе) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органдарға, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдарға жiберiледi.
      9. Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасының инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы барысында:
      1) берiлген мемлекеттiк заттай гранттың, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлiктiң нысаналы мақсатын өзгертуге;
      2) берiлген мемлекеттiк заттай грантты, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлiктi иеліктен шығаруға құқығы жоқ.
      10. Кедендік баждар салудан босату объектілерінің мақсатты пайдаланылуын бақылау Кеден одағы комиссиясы айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 21-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      22-бап. Инвестициялық келiсiмшартты бұзу жағдайлары

      1. Инвестициялық преференциялардың қолданылуы инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi бiткен соң тоқтатылады не осы бапта белгiленген тәртiппен осындай мерзiм бiткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.
      2. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы:
      1) тараптардың келiсiмi бойынша;
      2) бiр жақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      3. Уәкiлеттi орган мынадай:
      1) өтiнiш берушi табыс еткен және инвестициялық преференциялар беру жөнiндегi шешiмге ықпал еткен мәлiметтердiң бұрмаланғаны және (немесе) жасырылғаны анықталған;
      2) Қазақстан Республикасының инвестициялық келісімшартты жасасқан заңды тұлғасының инвестициялық келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған;
      3) осы Заңның 21-1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасы табыс еткен есептiлiктегi мәлiметтердiң бұрмаланғаны немесе жасырылғаны анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасына жазбаша түрде хабарланған кезден бастап екі ай өткен соң инвестициялық келiсiмшартты бiржақты тәртiппен бұзуға құқылы.
      Бұл жағдайларда аталған заңды тұлға инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар салдарынан төленбеген салықтар мен кеден баждарының сомасын төлейдi.
      4. Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасының бастамасы бойынша инвестициялық келiсiмшарт бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде, аталған заңды тұлға инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар салдарынан төленбеген салықтар мен кеден баждарының сомасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өсiмпұлды есептей отырып төлейдi.
      5. Инвестициялық келiсiмшарт тараптардың келiсiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасы инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар салдарынан төленбеген салықтар мен кеден баждарының сомаларын төлейдi.
      6. Инвестициялық келiсiмшарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасы өзiне мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай не инвестициялық келiсiмшарттың талаптарына сәйкес оның берiлген күнгi бастапқы құнын қайтарады.
      7. Мемлекеттiк заттай грантты қайтаруды Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасы уәкiлеттi орган инвестициялық келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiм қабылдағаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады.
      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      23-бап. Инвестициялық келiсiмшарттардың тұрақтылығы

      1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн уәкілетті органмен жасалған инвестициялық келiсiмшарттар негiзiнде берiлген жеңiлдiктер осы инвестициялық келiсiмшарттарда белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн өзiнiң қолданылуын сақтайды.
      2. Осы Заңның 21-1-бабы 2-тармағының, 22-бабының 3, 4 және 5-тармақтарының салықтар сомаларын төлеу бөлiгiндегi нормалары уәкiлеттi органмен 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған инвестициялық келiсiмшарттар бойынша қолданылуын сақтайды.
      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.20 N 567-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      24-бап. Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiнiң
              күшi жойылды деп тану туралы

      Қазақстан Республикасының мына заң актiлерiнiң күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Шетелдiк инвестициялар туралы" 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 23-24, 280-құжат; 1995 ж., N 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 14, 274-құжат; 1997 ж., N 11, 143-құжат; N 13-14, 205-құжат; N 17-18, 218-құжат; 1998 ж., N 5-6, 50-құжат; 1999 ж., N 21, 786-құжат; 2000 ж., N 10, 244-құжат);
      2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң "Шетелдiк инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңын күшiне енгiзу тәртiбi жөнiндегi" 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 23-24, 281-құжат; 1995 ж., N 1-2, 15-құжат);
      3) "Тiкелей инвестицияларды мемлекеттiк қолдау туралы" 1997 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 4, 50-құжат; 1999 ж., N 21, 786-құжат).

      Қазақстан Республикасының
      Президентi