Ветеринария туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2002 жылғы 10 шілде N 339-ІІ

Жаңартылған

      Осы Заң ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негiздерiн айқындайды, ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың, ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөптiк қоспалардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға бағытталған.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) сараптама актісі - мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерi диагностикасының немесе ветеринариялық-санитариялық сараптамасының нәтижелерi бойынша ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгілеген тәртiппен ветеринариялық зертханалар беретiн, олардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын, сондай-ақ оларды пайдалануға ұсынатын құжат;
      2) ветеринариялық препаратты байқаудан өткiзу - ветеринариялық препаратты ветеринария практикасында пайдалану мүмкiндiгiн анықтау үшiн, оның иммундық-биологиялық қасиеттерi мен эпизоотологиялық тиiмдiлiгiн, препарат әсерiнiң зардаптары жоқтығын, сондай-ақ экологиялық қауiпсiздiгiн айқындау мақсатында, шектеулi зертханалық немесе өндiрiстiк жағдайларда ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен сынақтан өткiзу;
      3) ветеринария (ветеринария саласы) - жануарлардың аурулары мен азықтан улануын (зақымдануын) зерделеуге, олардың профилактикасына, диагностикасына, оларды емдеуге және жоюға, мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiнiң Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сәйкес келуiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға бағытталған арнаулы ғылыми бiлiмдер мен практикалық қызмет саласы;
      4) ветеринариялық-санитариялық қауiпсiздiк мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiнiң олар пайдаланылатын дағдылы (белгiленген) жағдайларда жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiрмейтiн күйi;
      5) ветеринариялық-санитариялық сараптама - жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкес келуiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешенi арқылы тексеруi;
      6) ветеринариялық құжаттар - мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен ветеринариялық инспекторлар беретiн ветеринариялық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық куәлiк, ветеринариялық сертификат, ветеринариялық анықтама;
      7) ветеринариялық iс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, емделуiн немесе диагностикасын қоса алғанда, оның шығуын, таралуын болдырмауға немесе оны жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауiп төндiретiн аса қауiптi аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнiмдiлiгiн арттыруға; жануарлардың және адамдардың денсаулығын жұқпалы, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бiрдейлендiру рәсiмiн қоса, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған iндетке қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсiмдер кешенi;
      8) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн, ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар орындау үшiн мiндеттi болып табылатын ветеринариялық нормативтер негiзiнде ветеринариялық iс-шараларды жүргiзу тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық акт;
      9) ветеринариялық препараттар - жануарлар ауруларының профилактикасы, диагностикасы, оларды емдеу, олардың өнiмдiлiгiн арттыру, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жасау үшiн жануарлардан, өсiмдiктерден алынатын немесе синтетикалық заттар, сондай-ақ жануарларға арналған парфюмерия немесе косметика құралдары ретiнде пайдаланылатын заттар;
      10) ветеринариялық паспорт - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысандағы құжат, онда жануардың иесi, түрi, жынысы, түсi, жасы, жануарлар ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу мақсатында жүргiзiлген ветеринариялық дауалаудың мерзiмдерi мен сипаты көрсетiледi;
      11) жануарлар ауруларын қоздырушылар - вирустар, бактериялар, риккетсиялар, хламидиялар, микоплазмалар, приондар, қарапайым жәндiктер, саңырауқұлақтар, гельминттер, кенелер, жәндiктер;
      12) ветеринариялық препараттарды мемлекеттiк тiркеу - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның ветеринариялық препараттарды сараптамадан, байқаудан өткiзу және тiркеу сынақтарының нәтижелерi бойынша оларды заңдарда белгiленген тәртiппен Ветеринариялық препараттардың мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзуi және оларға белгiленген нысандағы тiркеу куәлiктерiн беруi;
      13) Ветеринариялық препараттардың мемлекеттiк тiзiлiмi ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган шығаратын, мемлекеттiк тiркеуден өткен және Қазақстан Республикасында өндiруге, импорттауға және қолдануға рұқсат етiлген ветеринариялық препараттар туралы мәлiметтерi бар тiзбе;
      14) карантин - iндет ошағын жою және аурудың таралуына жол бермеу мақсатында iндет ошағы, қолайсыз пункт пен ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қолайлы аумақ арасындағы шаруашылық байланыстарды шектеудi немесе тыюды және мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң орнын ауыстыруды тоқтата тұруды қамтамасыз етуге бағытталған ветеринариялық және әкімшілік-шаруашылық iс-шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
      15) ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы базарларда және (немесе) басқа орындарда өткiзiлетiн жануарлардан алынатын өнiмдерге ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның мамандандырылған бөлiмшесi;
      16) ауру бойынша қолайсыз пункт (қолайсыз пункт) - iндет ошағы белгiленген аумақ;
      17) ветеринариялық препараттар айналысы - ветеринариялық препараттарды өндiру, сақтау, тасымалдау, байқаудан өткiзу, тiркеу сынағынан өткiзу, стандарттау, сертификаттау, сапасын бақылау, жарнамалау, сату немесе қолдану;
      18) шектеу iс-шаралары - жануарлар ауруының таралуына жол бермеу және iндет ошағы мен қолайсыз пунктте ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайға қол жеткiзу мақсатында шаруашылық байланыстарды iшiнара шектеуге және мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң орнын ауыстыруды тоқтата тұруға бағытталған ветеринариялық, әкiмшiлiк-шаруашылық iс-шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
      19) жануарлардың аса қауiптi аурулары - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган анықтайтын, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, тез немесе кең таралатын, жануарлардың ауруға шалдыққыштығына немесе өлуiне, үлкен әлеуметтiк-экономикалық залалға әкеп соғатын жануарлар аурулары;
      20) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктер - жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзат, ветеринариялық препараттар, жемшөп және жемшөптiк қоспалар;
      21) жануарлардан алынатын өнiмдер - тиiсiнше өңделмей тамаққа пайдаланылмайтын ет және ет өнiмдерi, сүт және сүт өнiмдерi, балық және балық өнiмдерi, жұмыртқа және жұмыртқа өнiмдерi, сондай-ақ бал ара шаруашылығының өнiмдерi;
      22) ветеринариялық препараттарды тiркеу сынағынан өткiзу - ветеринариялық препараттардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сәйкестiгiн анықтау үшiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен қолданылатын әдiстер, әдiстемелер кешенi;
      23) жануарлар ауруларының диагностикасы жөнiндегi референттiк және әдiстемелiк қызмет - жануарлардың аса қауiптi, баяу және экзотикалық ауруларының қоздырушыларын типтендiрудi (белгiлi бiр түр iшiндегi типтiк айырмашылықтарды анықтауды),олардың профилактикасы мен диагностикасы шараларын әзiрлеудi қоса жүзеге асыру, сондай-ақ күмәндi немесе даулы жағдайларда түпкiлiктi диагноз қою;
      24) базар - жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөптi және жемшөптiк қоспаларды сату орнын қоса алғанда, арнайы жабдықталған сауда орны;
      25) жануарлардан алынатын шикiзат - жануарлардан алынатын, жануарларды азықтандыруға арналған және (немесе) өнеркәсiпте пайдаланылатын терi, жүн, түк, қыл, бағалы аң терiсi, мамық, қауырсын, эндокриндiк бездер, iшек-қарын, қан, сүйек, мүйiз, тұяқ және басқа да өнiмдер;
      26) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн, өз өкiлеттiгi шегiнде ветеринария саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      27) індет мониторингi - эпизоотологиялық зерттеудi және жануарлардың нақты ауруларының өршу заңдылықтары, олар мекендеген (ұсталған, өсiрiлген) аумақтардың табиғи-географиялық және экономикалық (шаруашылық) жағдайлары жүргiзiлетiн ветеринариялық-санитариялық iс-шаралар туралы ақпаратты қоса алғанда, жануарлар ауруларының таралуы туралы сандық деректердi жинау жүйесi және оларды кейiннен ветеринариялық-санитариялық iс-шаралар тиiмділігiн талдау және iндеттердiң немесе панзоотиялардың пайда болуын, өршуiн және жойылуын болжау үшiн статистикалық өңдеу;
      28) iндет ошағы - жұқпалы ауруды қоздырушы көздер, тарататын факторлар және ауруға бейiм жануарлар тұрған шектеулi аумақ немесе қора-жай;
      29) iндет - белгiлi бiр әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында жануарлардың аса қауiптi және басқа да жұқпалы ауруларының жаппай таралуы.

       2-бап. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы
             заңдары

      1. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Ветеринария саласындағы негiзгi мiндеттер

      Ветеринария саласындағы негiзгi мiндеттер мыналар:
      1) жануарларды аурулардан қорғау және емдеу;
      2) халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау;
      3) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң ветеринариялық-санитариялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      4) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау;
      5) ветеринариялық препараттардың сапасын бақылау;
      6) жануарлар ауруларына қарсы күрес құралдары мен әдiстерiн әзiрлеу және пайдалану, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың сапасына ветеринариялық-санитариялық бақылауды қамтамасыз ету;
      7) жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою;
      8) ветеринария ғылымын дамыту, ветеринария мамандарын даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру.

  2-тарау. ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

       4-бап. Ветеринария саласындағы мемлекеттiк саясат

      Ветеринария саласындағы мемлекеттiк саясат:
      1) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi өндiру, сақтау және өткiзу кезiнде мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыруға;
      2) осы Заңның 11-бабында белгіленген ветеринариялық қызметтiң жекелеген түрлерiн жүргiзуге мемлекеттiк монополияны сақтауға;
      3) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғауға;
      4) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалаудың тәуелсiздiгiн қамтамасыз етуге;
      5) iндет жағдайын объективтi түрде бағалауды және ветеринария саласындағы халықаралық нормаларды ескере отырып, ветеринариялық ережелер мен нормативтердi ғылыми негiзде әзiрлеуге;
      6) ғылыми негiздемесi болған жағдайда, ветеринариялық iс-шаралар өткiзудiң халықаралық ұсыныстарда көзделгеннен анағұрлым жоғары деңгейiне жетуге;
      7) ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайды қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi өткiзуде негiзсiз шектеулерге жол бермеуге;
      8) жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiретiн, алып қойылатын және жойылатын жануарлардың құнын өтеу тәртiбiн белгiлеуге бағытталған.

       5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ветеринария
             саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ветеринария саласындағы құзыретiне:
      1) ветеринария саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
      2) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша жануарлардың аса қауiптi ауруларының профилактикасы мен диагностикасы жөнiндегi бағдарламаларды бекiту;
      3) ветеринария саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау немесе бекiту;
      4) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша, профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi ауруларының тiзбесiн қабылдау немесе бекiту;
      5) жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiретiн, алып қойылатын және жойылатын жануарлардың құнын өтеу тәртiбi мен шарттарын белгiлеу;
      6) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ветеринария саласындағы ынтымақтастық кiредi.
      7) <*>
       Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       6-бап. Қазақстан Республикасының ветеринария жүйесi

      Қазақстан Республикасының ветеринария жүйесiне:
      1) ветеринарияны мемлекеттiк басқару органдары;
      2) мемлекеттiк органдардың ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын бөлiмшелерi;
      3) мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар;
      4) ветеринария саласында кәсiпкерлiк қызметпен шұғылданатын жеке және заңды тұлғалар кiредi.

       7-бап. Ветеринарияны мемлекеттiк басқару органдары

      1. Ветеринарияны мемлекеттiк басқару органдарына:
      1) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
      2) ветеринариялық бақылау постылары бар шекарадағы және көлiктегi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалаудың аймақтық бөлiмшелерi;
      3) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның облыстық (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) аумақтық бөлiмшелерi;
      4) селолық округтердiң, базарлардағы, мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау орындары бақылайтын жүктердi өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткiзу жөнiндегi ұйымдардағы ветеринариялық инспекторлары бар ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның аудандық (қалалық) аумақтық бөлiмшелерi жатады.
      2. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары - Қазақстан Республикасы мен тиiстi аумақтардың бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлары, ал олардың орынбасарлары Қазақстан Республикасы мен тиiстi аумақтардың бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторларының орынбасарлары болып табылады. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның басшысы әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметшiлердiң тиiстi лауазымдарына қоса "бас мемлекеттiк ветеринариялық инспектор", "бас мемлекеттiк ветеринариялық инспектордың орынбасары" деген арнаулы атаулар беруге құқылы.
       Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       8-бап. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк
             орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретi

      Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретiне:
      1) ветеринария саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзу;
      2) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарын сақтауына мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      3) жануарлардың аса қауiптi ауруларының профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын тiзбесiн әзiрлеу;
      4) аса қауiптi аурулармен ауыратын жануарлар ауруының профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыру мен қамтамасыз ету;
      5) денсаулық сақтау органдарымен бiрлесе отырып, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
      6) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғауды ұйымдастыру;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ветеринариялық препараттарды мемлекеттiк сатып алуды, сақтауды, тасымалдауды (жеткiзудi) және пайдалануды жүзеге асыру;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ветеринариялық iс-шараларды, ветеринариялық ережелер мен нормативтердi, ветеринариялық есеп пен есептiлiк нысандарын, ветеринария саласындағы басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен бекiту;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ветеринариялық қызметтi лицензиялау;
      10) ветеринариялық ғылыми зерттеулер мен ветеринария саласындағы мамандарды қайта даярлауды ұйымдастыру;
      11) жануарлар аурулары бойынша iндет мониторингiн жүргiзу және iндет жағдайын зерделеу;
      12) жүргiзiлiп жатқан ветеринариялық iс-шаралар, белгiленген ветеринариялық ережелер мен нормативтер, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы басқа да нормативтiк құқықтық актiлерi туралы мүдделi тұлғаларға ақпарат берудi қамтамасыз ету;
      13) ветеринариялық препараттарды, аспаптарды, құрал-саймандарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды байқаудан өткiзудi, бақылауды, оларды тiркеу сынағынан өткiзудi жүзеге асыру, сондай-ақ Ветеринариялық препараттардың мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу;
      14) жаңа ветеринариялық препараттарға, аспаптарға, құрал-саймандарға, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларға қорытындылар беру;
      15) халық арасында ветеринариялық ағартушылық жұмысты ұйымдастыру және жүргiзу;
      16) мал шаруашылығы объектiлерiн және жануарларды өндiру, дайындау (сою), жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты өңдеу жөнiндегi ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттiк комиссияларға қатысу;
      17) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ветеринария саласындағы халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету, сондай-ақ олармен ынтымақтастықты ұйымдастыру;
      18) басқа елдердiң ветеринариялық-санитарлық шараларының, егер ол шаралар ел аумағындағы салауаттылық деңгейiн қамтамасыз ететiн болса, баламалылығын тану;
      19) экспорттаушы елдiң ғылыми негiздемесi жеткiлiксiз болып табылған жағдайда, халықаралық ұйымнан алынған ақпаратты қоса отырып, қолда бар тиiстi ақпараттың негiзiнде уақытша ветеринариялық шараларды енгiзу;
      20) ауру таралмаған немесе ауру аз таралған аумақтарды немесе олардың бөлiктерiн анықтау, осы аумақтардан экспортталатын жүктерге бақылауды жүзеге асыру, импортталатын елге растауды беру, оның өкiлдерiнiң осы аумақтарда инспекция жүргiзуге қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;
      21) жеткiлiктi ғылыми негiздемеге негiзделген және адамдар мен жануарлардың өмiрi мен денсаулығына тигiзетiн салдарлары ескерiлген, сондай-ақ халықаралық талаптарға сай келетiн ветеринариялық нормативтердi әзiрлеу мен бекiту кiредi.
       Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       9-бап. Мемлекеттiк органдардың ветеринария саласындағы
             қызметтi жүзеге асыратын бөлiмшелерi

      1. Жануарларды ұстайтын және пайдаланатын мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ветеринария саласындағы мынадай қызметтердi:
      1) тиiстi мемлекеттiк органдарға тиесiлi жануарлар ауруларына профилактика және диагностика жасау, оларды емдеу;
      2) тиiстi мемлекеттiк органдарға тиесiлi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау қызметiн жүзеге асыратын бөлiмшелер құра алады.
      2. Мемлекеттiк органдардың осы баптың 1-тармағында аталған бөлiмшелерi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыруды қоса алғанда, ветеринариялық iс-шараларды ұйымдастыру мен орындауға қатысты бөлiгiнде Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарын басшылыққа алады.
      3. Мемлекеттiк органдардың осы баптың 1-тармағында аталған бөлiмшелерi ветеринариялық есеп пен есептiлiк жүргiзедi және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен табыс етедi.

       10-бап. Аудандардың (қаланың) өкiлдi және атқарушы
              органдарының ветеринария саласындағы құзыретi

      1. Ауданның (қаланың) өкiлдi органының құзыретiне:
      1) елдi мекендерде жануарларды күтiп ұстау ережелерiн бекiту;
      2) елдi мекендерде иттер мен мысықтарды серуендетудiң ережелерiн бекiту;
      3) жануарларды күтiп ұстаудың санитарлық аймақтары шекараларын белгiлеу кiредi.
      2. Ауданның (қаланың) атқарушы органының құзыретiне:
      1) ауданның (қаланың) жергiлiктi өкiлдi органына елдi мекендерде жануарлар ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету ережелерiн, жануарлар ұстаудың санитарлық аймақтарының шекараларын белгiлеу жөнiндегi ұсыныстарды бекiтуге енгiзу;
      2) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру;
      3) ауру жануарларды санитарлық союды, мал көмiндiлерiн (биотермиялық шұңқырлар) салуды ұйымдастыру және ветеринариялық нормативтерге сәйкес оларды күтiп ұстауды қамтамасыз ету кiредi.
       Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

         10-1-бап. Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село),
                ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң құзыретi

      Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң құзыретiне:
      1) елдi мекен жерлерiнде мал жаятын орындарды айқындау;
      2) елдi мекен аумақтарын санитарлық тазалауды ұйымдастыру кiреді.
      Ескерту. 10-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       11-бап. Мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар

      1. Қазақстан Республикасының Yкiметi мынадай нысандарда мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар:
      1) мынадай функцияларды:
      ветеринарияда пайдаланылатын сақтаулы микроорганизмдер штаммдарының Ұлттық коллекциясын жүргiзе отырып, жануарлар ауруларының диагностикасы жөнiндегi референттiк және әдiстемелiк мiндеттердi;
      Қазақстан Республикасындағы жабайы хайуанаттар ауруларының iндет мониторингiн жүзеге асыру мақсатында мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар;
      2) мемлекеттiк монополияға жатқызылған мынадай функцияларды:
      жануарлардың Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбеге енгiзiлген аса қауiптi ауруларының диагностикасын;
      ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды тiркеу сынағынан, байқаудан өткiзудi, сондай-ақ ветеринариялық препараттарға шағым түскен кезде олардың серияларына (топтарына) бақылау жасауды;
      жануарлардың Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбеге енгiзiлген аса қауiптi ауруларының ошақтарын жоюды;
      мемлекеттiк шекарадағы ветеринариялық бақылау постыларында көлiк құралдарын дезинфекциялауды;
      ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтауды жүзеге асыру мақсатында республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар құрады.
      2. <*>
      3. Мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар өз қызметiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган берген лицензия негiзiнде, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар ветеринариялық есеп пен есептілік жүргiзедi және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен табыс етедi.
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       12-бап. Ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялау

      1. Ветеринариялық қызметтi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы"  ( Z952200 P971272  қараңыз)  заңдарында белгiленген тәртiппен ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган мiндеттi түрде лицензиялауға тиiс.
      2. Ветеринариялық қызметке лицензия беру, оның қолданылуын тоқтата тұру және оны керi қайтарып алу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.04.15.  N 45  Заңымен.

       13-бап. Ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызмет

      1. Ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      2. Жоғары немесе орта ветеринариялық бiлiмi бар жеке адамдардың ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы бар.
      3. Ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен аттестатталуға тиiс.
      4. Жеке және заңды тұлғалар өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiнiң нәтижелерi бойынша ветеринариялық есеп пен есептiлiк жүргiзедi және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен табыс етедi.

  3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ

       14-бап. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау

      1. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарын бұзудың алдын алуға, оны анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған қызметi.
      2. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау:
      1) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарын орындау жөнiндегi қызметiн бақылауды;
      2) бюджеттiк бағдарламалар бойынша сатып алынған ветеринариялық препараттарды, олардың республикалық қорын қоса алғанда, бөлудi және оларды сақтауға, тасымалдау (жеткiзу) мен пайдалануға бақылау жасауды;
      3) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық аурулары қоздырушыларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау жөнiндегi ветеринариялық iс-шараларды жүзеге асыру мен бақылауды;
      4) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен ветеринариялық есеп пен есептiлiк жүргiзудi және оларды табыс етудi;
      5) ветеринариялық iс-шараларды ұйымдастыру мен олардың орындалуын бақылауды;
      6) базарларда, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткiзу жөнiндегi ұйымдарда, сондай-ақ мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауға жататын жүктердi тасымалдау (орнын ауыстыру) кезiнде мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыруды; мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiнiң қауiпсiздiгiн, ветеринариялық-санитариялық жағдайды бақылауды; жануарлар ауруларының пайда болу мен таралу және жануарлардың азықтан улану себептерi мен жағдайларын ашып, анықтауды;
      7) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауды көздейдi.
      3. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн ветеринариялық инспекторлар жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау туралы ереженi ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

       15-бап. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерi

      Мыналар мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерi болып табылады:
      1) жануарлар, жануарлардың жыныс және дене клеткалары;
      2) жануарлар ауруларының қоздырушылары;
      3) жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзат, ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөптiк қоспалар, патологиялық материал немесе олардан диагностика және ветеринариялық-санитариялық сараптама үшiн алынатын сынамалар, сондай-ақ судың, ауаның, топырақтың, өсiмдiктердiң сынамалары;
      4) жануарларға профилактика жасау, оларды емдеу мен дауалау, жануарлар ауруларының диагностикасы, ветеринариялық-санитариялық сараптама үшiн пайдаланылатын ветеринариялық және зоогигиеналық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттар;
      5) жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкiн көлiк құралдары, ыдыстың барлық түрлерi, буып-түю материалдары;
      6) жеке және заңды тұлғалардың ветеринария саласындағы қызметi;
      7) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi өсiретiн, дайындайтын, сақтайтын, өңдейтiн, өткiзетiн немесе пайдаланатын, сондай-ақ ветеринария саласындағы ғылыми қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың аумақтары, өндiрiстiк үй-жайлары мен қызметi;
      8) мал айдалатын жолдар, маршруттар, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтары, оларды бiрдейлендiрудiң рәсiмдерi мен нысандары;
      9) ветеринариялық есеппен есептiлiк жөнiндегi құжаттама, ветеринариялық куәлiк, ветеринариялық анықтама, ветеринариялық-санитариялық қорытынды, сараптама актiсi, мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi өндiру, дайындау (сою), сақтау және өңдеу жөнiндегi нормативтiк-техникалық құжаттама мен ветеринария саласындағы өзге де нормативтiк құжаттамалар.

       16-бап. Бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлар
              мен олардың орынбасарларының құзыретi

      1. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы мен оның орынбасарларының құзыретiне:
      1) <*>
      2) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру мақсатында орындалуға мiндеттi актiлердi басып шығару;
      3) тиiстi аумақтағы iндеттi жағдайды бағалауды ескере отырып, мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң экспортына, импортына және транзитiне рұқсат беру;
      4) қызметтен шеттетуге негiз болған себептер анықталғанға дейiнгi мерзiмге облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы мен оның орынбасарларын қызметiнен шеттету туралы шешiм шығару;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету кiредi.
      6) <*>
      2. Шекарадағы және көлiктегi бас мемлекеттiк ветеринариялық инспектордың және оның орынбасарларының құзыретiне:
      1) шекарада және көлiкте мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      2) шекарада және көлiкте мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру мақсатында орындалуға мiндеттi актiлердi шығару;
      3) қызметтен шеттетуге негiз болған себептер анықталғанға дейiнгi мерзiмге шекарадағы және көлiктегi ветеринариялық бақылау пункттерi мен бекеттерiнiң ветеринариялық инспекторларын қызметiнен шеттету туралы шешiм шығару;
      4) ветеринариялық есеп пен есептiлiк жүргiзу және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен табыс ету кiредi.
      5) <*>
      3. Облыстың бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторының және оның орынбасарының құзыретiне:
      1) облыс аумағында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      2) облыстың аумағында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру мақсатында орындалуға мiндеттi актiлердi басып шығару;
      3) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне ветеринариялық құжаттар беру;
      4) қызметтен шеттетуге негiз болған себептер анықталғанға дейiнгi мерзiмге ауданның (қаланың) бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторын қызметiнен шеттету туралы шешiм шығару;
      5) ветеринариялық есеп пен есептiлiк жүргiзу және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен табыс ету кiредi.
      6) <*>
      3-1. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторының және оның орынбасарының құзыретiне:
      1) республикалық маңызы бар қала, астана аумағында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      2) республикалық маңызы бар қала, астана аумағында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру мақсатында орындалуға мiндеттi актiлер басып шығару;
      3) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне ветеринариялық құжаттар беру;
      4) ветеринариялық есеп пен есептiлiк жүргiзу және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен ұсыну;
      5) шеттету үшiн негiз болған себептер анықталғанға дейiнгi мерзiмге аумақтағы ветеринария инспекторларын қызметтен шеттету туралы шешiм шығару кiредi.
      4. Ауданның (қаланың) бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторының және оның орынбасарының құзыретiне:
      1) ауданның (қаланың) аумағында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру;
      2) <*>
      3) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне ветеринариялық құжаттар беру;
      4) қызметтен шеттетуге негiз болған себептер анықталғанға дейiнгi мерзiмге ауданның (қаланың) аумағында жұмыс iстейтiн ветеринариялық инспекторларды қызметiнен шеттету туралы шешiм шығару;
      5) ветеринариялық есеп пен есептiлiк жүргiзу және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен табыс ету кiредi.
      6) <*>
       Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       17-бап. Ветеринариялық инспекторлардың құқықтары

      1. Ветеринариялық инспекторлардың:
      1) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдары нормаларының орындалуын тексеру, сондай-ақ ветеринария саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қызметi туралы ақпарат алу мақсатында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне заңдарда белгiленген тәртiппен кедергiсiз (қызмет куәлiгiн көрсетiп) кiруiне;
      2) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне диагностика немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама жасау үшiн, зерттеу жүргiзу мерзiмi туралы мүдделi тараптарға хабарлай отырып, олардың сынамаларын iрiктеп алуды жүргiзуге;
      3) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау жүргiзуге;
      4) ветеринариялық құжаттар беруге;
      5) осы заңда берiлген өкiлеттiктер шегiнде актiлер шығаруға;
      6) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалаудың бақылауындағы ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақтарда, сондай-ақ қолайсыз пункттерде жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiретiн жүктер анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оларды алып қоюға және жоюға, оларды залалсыздандыруды (зарарсыздандыруды)немесе өңдеудi ұйымдастыру iсiне қатысуға, сондай-ақ аталған фактiлер туралы азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы органына хабарлауға;
      7) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдары бұзылған жағдайда сотқа талап қоюға құқығы бар.
      2. Ветеринариялық инспекторлардың әрекетiне (әрекетсiздiгiне) жеке және заңды тұлғалар жоғары тұрған мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау органдарына және (немесе) сотқа шағым жасай алады.

       18-бап. Ветеринариялық инспекторлардың актiлерi

      1. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау нәтижелерi бойынша ықпал етудiң құқықтық шараларын қолдану мақсатында, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарын бұзушылықтың анықталуына байланысты ветеринариялық инспекторлар мынадай актiлер:
      1) нұсқамалар:
      Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдары талаптарының бұзылуын жою туралы нұсқама;
      мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама мен диагностика жүргiзу туралы нұсқама;
      жануарлар ауруларының пайда болуын, таралуын болғызбау және оларды жою үшiн жануарларға профилактикалық немесе мәжбүрлi түрде вакцина егу, iндет ошақтарындағы мал шаруашылығы қора-жайларында және олардың аумақтарында, қолайсыз пункттерде, көлiкте дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргiзу туралы нұсқама;
      жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, жануарлардың аса қауiптi және басқа да жұқпалы ауруларының пайда болу немесе таралу қатерi төнген жағдайларда жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметiне үш күннен аспайтын мерзiмге, аталған мерзiмде сотқа мiндеттi түрде талап-арыз бере отырып, сот шешiмiнсiз тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы нұсқама шығарады. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешiмi шыққанға дейiн қолданылады;
      ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасының ветеринариялық нормативтердi бiрнеше рет бұзған мамандарын қайта аттестаттау туралы нұсқама;
      жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды залалсыздандыру (зарарсыздандыру), өңдеу туралы нұсқама;
      2) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдары бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртiптiк жаза қолдану туралы немесе әкiмшiлiк жауапқа тарту туралы қаулы;
      3) жануарлар мен адамның денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты алып қою туралы қаулы шығарады.
      2. Нұсқамалардың нысандарын, оларды жасау мен беру тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
      3. Ветеринариялық инспекторлардың актiлерi жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.

       19-бап. Ветеринариялық инспекторлардың тәуелсiздiгi

      Ветеринариялық инспекторлар өз қызметiнде тәуелсiз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алады.

       20-бап. Қазақстан Республикасының аумағын басқа
              мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және
              экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан
              қорғау

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өтетiн, мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктер мiндеттi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауға жатады.
      2. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейтiн ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер сақтала отырып, Қазақстан Республикасының аумағына iндет тарамаған басқа мемлекеттерден ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң әкелiнуiне, сондай-ақ транзитiне жол берiледi.
      3. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң әкелiнуi, әкетiлуi және транзитi тиiстi аумақтардың iндеттілік жағдайын бағалауға сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан Республикасының аумағына басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру үшiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган шекара және кеден пункттерiнде (мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерiнде) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен шекаралық ветеринариялық бақылау бекеттерiн ұйымдастырады.
      5. Жануарлардың аса қауiптi ауруларының шығуы тiркелген шектес мемлекеттердiң шекаралық аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына келетiн көлiк құралдары Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында белгiленген кезең мен тәртiп бойынша мiндеттi түрде дезинфекциялануға тиiс.
      6. Мемлекеттiк шекарадағы және көлiктегi ветеринариялық бақылау бекеттерiнiң ветеринариялық инспекторлары қызметтiк мiндеттерiн атқару кезінде ветеринариялық рәмiздерi бар арнаулы киiм киiп жүредi.
      7. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң экспортына, импортына және транзитiне шарттар жасасудың алдында жеке немесе заңды тұлғаның ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнен экспорт, импорт және транзит елiндегi iндеттiлiк жағдайы туралы, жануарлар ауруларының қоздырушыларын әкелу мен әкетудi болдырмайтын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер туралы ақпарат алуға құқығы бар. Жасырын сипаттағы ақпарат мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүк иесiнiң жазбаша келiсiмiнсiз жария етiлмеуге тиiс.
      8. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң мемлекеттiк шекара арқылы өтуi кезiндегi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

       21-бап. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын
              жүктердi Қазақстан Республикасының аумағында
              тасымалдау (орнын ауыстыру) кезiндегi
              мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау

      1. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктер Қазақстан Республикасының аумағында тасымалданған (орны ауыстырылған) кезде мiндеттi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауға жатады.
      2. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсiру кезiнде оларға мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды тиеу, түсiру жүргiзiлетiн аумақтардың, сондай-ақ тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруты өтетiн аумақтардың ветеринариялық инспекторлары жүзеге асырады.
      3. Ауыл шаруашылық жануарларын тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттарын (мал айдау жолдарын) тиiстi аумақтардың бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторларымен келiсе отырып ауданның (қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.
      4. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң орнын ауыстыру (тасымалдануы) үшiн пайдаланылатын және пайдаланылған көлiк құралдары Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сәйкес мiндеттi түрде дезинфекциялануға тиiс.
      5. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдануын (орнын ауыстыруды) жүзеге асыру тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
       Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       22-бап. Базарлардағы мемлекеттiк ветеринариялық
              қадағалау

      1. Базарлардағы мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау мiндеттi болып табылады.
      2. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктер базарлардағы мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауға жатады.
      3. Базарлардағы мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауға:
      1) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң қоса жiберiлетiн ветеринариялық құжаттарға сәйкестiгiн тексеру;
      2) жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты тексерiп қарау;
      3) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарын сақтауын тексеру;
      4) жануарлардың және адамның денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қою және жою;
      5) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сәйкес келмейтiн, мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi залалсыздандыруды (зарарсыздандыруды), өңдеудi ұйымдастыру кiредi.
      4. Базарларда мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң ветеринариялық нормативтерге сәйкестiгiн анықтап, кейiн сараптама актiсiн берудi ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханалары жүзеге асырады.
      5. Базарларда ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргiзу мiндеттi болып табылады. Жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз сатуға тыйым салынады.
      6. Базарларда ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргiзу тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      7. Базар әкiмшiлiгi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды және ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргiзудi жүзеге асыру үшiн базардағы ветеринариялық инспекторларға,  ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханаларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шарт негiзiнде ветеринариялық нормативтерге сәйкес келетiн қызметтiк үй-жайлар беруге мiндеттi.

       23-бап. Жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен
              шикiзатты өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу
              және өткiзу жөнiндегi ұйымдарда мемлекеттiк
              ветеринариялық қадағалау

      1. Жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткiзу жөнiндегi ұйымдарда мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау жүргiзiлуi мiндеттi.
      2. Дайындау, сақтау және өткiзу жөнiндегi ұйымдар ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткен жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты қабылдайды, сақтайды және өткiзедi.
      3. Жануарларды сою, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты өңдеу жөнiндегi ұйымдардың әкiмшiлiктерi жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестiгiн анықтау жөнiндегi өндiрiстiк бақылау бөлiмшелерiн құруға, сондай-ақ мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру үшiн ветеринариялық инспекторларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шарт негiзiнде қызметтiк үй-жай беруге мiндеттi.
      4. Жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткiзу жөнiндегi ұйымдарда мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестiгiн анықтау ережелерi мен тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.

        24-бап. Ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөптiк
              қоспалар айналысын мемлекеттiк ветеринариялық
              қадағалау

      1. Қазақстан Республикасында ветеринариялық препараттарды тiркеу сынақтарын жүргiзу үшiн қажеттi көлемде өндiру, әкелу (импорттау) жағдайларын қоспағанда, оларды мемлекеттiк тiркеуден өткiзгеннен кейiн ғана өндiруге, әкелуге (импорттауға), өткiзу мен қолдануға (пайдалануға) рұқсат етiледi.
      2. Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды өндiрудi, әкелудi (импорттауды), тасымалдауды, өткiзудi, қолдануды (пайдалануды) қоса алғанда, олардың айналысы мiндеттi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауға жатады.
      3. Ветеринариялық препараттардың мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген ветеринариялық препараттар серияларын (топтарын) Қазақстан Республикасында қолдануға (пайдалануға) олардың ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен ветеринариялық нормативтерге сәйкестiгі анықталғаннан кейiн (ветеринариялық препараттардың сериялары (топтары) бақыланғаннан кейiн) жол берiледi.
      4. Ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөптiк қоспалар өндiру жөнiндегi ұйымдар ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөптiк қоспалардың ветеринариялық нормативтердiң талаптарына сәйкестiгiн анықтау жөнiндегi өндiрiстiк бақылау бөлiмшелерiн құруға мiндеттi.
      5. Антибиотиктерi, гормондары және биологиялық стимуляторлары бар ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөптiк қоспалардың ветеринариялық нормативтер талаптарына сәйкестiгiн анықтау тәртiбiн  денсаулық сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы органымен келiсе отырып, ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
       Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

  4-тарау. ЖАНУАРЛАР АУРУЛАРЫНЫҢ, ОНЫҢ IШIНДЕ ЖАНУАРЛАР МЕН АДАМҒА ОРТАҚ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ЖОЮ

       25-бап. Жеке және заңды тұлғалардың жануарлар
              ауруларының, оның iшiнде жануарлар мен адамға
              ортақ аурулардың алдын алу жөнiндегi мiндеттерi

      Жеке және заңды тұлғалар:
      1) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарымен белгiленген жануарлар ауруларының алдын алуды және мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелердi сақтай отырып, ветеринариялық және әкiмшiлiк-шаруашылық iс-шараларды жүзеге асыруға;
      2) зоопарктердегi, цирктердегi, омарталардағы, аквариумдардағы жануарларды қоса алғанда, жануарлардың ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелермен нормативтерге сәйкес ұсталуын, өсiрiлуiн және пайдаланылуын жүзеге асыруға;
      3) аумақты, мал шаруашылығы қора-жайларын, сондай-ақ жемшөптi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауға және өңдеуге арналған ғимараттарды ветеринариялық-санитариялық ережелер мен нормативтерге сәйкес ұстауға, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге;
      4) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi ұстауға, өсiруге, пайдалануға, өндiруге, дайындауға (союға), сақтауға, өңдеу мен өткiзуге байланысты мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiн орналастыру, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру кезiнде, сондай-ақ оларды тасымалдау кезiнде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды сақтауға;
      5) ауыл шаруашылық жануарларын бiрдейлендiрудi және оларға ветеринариялық паспорттарды ресiмдеудi қамтамасыз етуге;
      6) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау органдарына жаңадан сатып алынған жануарлар, туған төлдер, олардың сойылғаны мен сатылғаны туралы хабарлауға;
      7) ветеринариялық мамандарға олардың талап етуi бойынша диагностикалық зерттеулер мен вакцина егудi жүзеге асыру үшiн жануарларды беруге;
      8) бiрнеше жануар кенеттен өлген, бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы ветеринариялық мамандарға хабарлауға және ветеринариялық мамандар келгенге дейiн ауру деп күдiк келтiрiлген жануарларды оқшаулап ұстау жөнiнде шаралар қолдануға;
      9) ветеринариялық инспекторларға мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi ветеринариялық тексеру үшiн кедергiсiз беруге;
      10) ветеринариялық инспекторлардың жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiретiн мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi залалсыздандыру (зарарсыздандыру), өңдеу жөнiндегi талаптарын орындауға;
      11) союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей жануарларды өткiзу үшiн союға және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткiзуге жол бермеуге;
      12) ветеринариялық мамандарға өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындауына жәрдем көрсетуге;
      13) жаңа, жетiлдiрiлген ветеринариялық препараттарға жасалған ғылыми-техникалық құжаттаманы ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсуге мiндеттi.

       26-бап. Ветеринариялық iс-шаралар

      1. Ветеринариялық iс-шаралар:
      1) жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, жануарлар ауруларының пайда болуы мен азықтан улануының алдын алу, жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың, ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөптiк қоспалардың ұсталуының Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қолайлы аумақта өткiзiлетiн iс-шаралар;
      2) шектеу iс-шараларын немесе карантиндi қоса алғанда, жануарлардың аса қауiптi ауруларын жою және олардың таралуының алдын алу мақсатымен iндет ошағында және қолайсыз пунктте жүргiзiлетiн iс-шаралар болып бөлiнедi.
      2. Ветеринариялық iс-шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi және жеке және заңды тұлғалардың оны орындауы мiндеттi болып табылады.

       27-бап. Шектеу iс-шаралары және карантин

      1. Жануарлардың жұқпалы аурулары туындаған жағдайда тиiстi аумақтың бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторының ұсынуы бойынша тиiстi әкiмшiлiк аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органы карантин режимiн және шектеу iс-шараларын енгiзе отырып, карантин аймағының ветеринариялық режимiн белгiлеу туралы шешiм қабылдайды.
      2. Жануарлардың шектеу iс-шаралары немесе карантин белгiленетiн жұқпалы ауруларының тiзбесiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
      3. Ветеринариялық iс-шаралар өткiзiлген жағдайда, тиiстi аумақтың бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторының ұсынуы бойынша тиiстi әкiмшiлiк аумақтық бiрлiктiң жергіліктi атқарушы органы шектеу iс-шараларын немесе карантиндi тоқтату туралы шешiм қабылдайды.
      4. Тиiстi аумақтардың бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторларының ұсынуы бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмiмен карантин тоқтатылғаннан кейiн Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында көзделген жағдайларда, ветеринария саласындағы уәкiлеттi орган шектеу iс-шараларын белгiлеуi мүмкiн.
       Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).       

       28-бап. Ветеринариялық препараттардың республикалық қоры

      1. Iндет ошақтарын жою және жануарлардың Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн тiзбеге енгiзілген аса қауiптi ауруларының таралу қаупінің алдын алу кезiнде пайдаланылатын, үнемi жаңартылып отыратын ветеринариялық препараттардың белгiлi бiр көлемi ветеринариялық препараттардың республикалық қоры болып табылады.
      2. Ветеринариялық препараттардың республикалық қоры бюджеттiк бағдарламалар шеңберiнде сатып алынған ветеринариялық препараттар көлемiнен жасалады. Ветеринариялық препараттардың түрлерi бойынша қордың нормативiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      3. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қалыптастыру мен пайдалану тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.

       29-бап. Ветеринариялық нормативтер

      1. Ветеринариялық нормативтер (ветеринариялық, ветеринариялық-санитариялық немесе зоогигиеналық нормалар) ветеринариялық немесе ветеринариялық-санитариялық факторды жануарлардың және адамның денсаулығына, қоршаған ортаға қауiпсiздiгi тұрғысынан сипаттайтын көрсеткiштердiң жол беруге болатын сандық немесе сапалық мәнiн белгiлейдi.
      2. Ветеринариялық нормативтер Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн зерттеулер негiзiнде белгiленедi.
      3. Ветеринариялық нормативтер iндеттердiң объективтi және негiзделген мониторингiн жүргiзу, ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайға қол жеткiзуге арналған ветеринариялық iс-шаралардың көлемi мен сипатын жоспарлау, сондай-ақ жануарлар ауруларының пайда болу, таралу және оларды жою мүмкiндiктерiн болжау үшiн негiз болып табылады.
      4. Ветеринариялық нормативтердi ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi және олар ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.

       30-бап. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын
              жүктердi алып қою, жою, залалсыздандыру
              (зарарсыздандыру) және өңдеу

      1. Жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзат, олардың қауiптілік дәрежесiне қарай, ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiткен тәртiппен мiндеттi түрде алып қоюға және жойылуға не алып қойылмай, мiндеттi түрде залалсыздандырылуға (зарарсыздандырылуға) және өңделуге тиіс.
      2. Жануарлардың және адамның денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты мiндеттi түрде алып қою және жою жүргiзiлетiн жануарлардың аса қауiптi ауруларының тiзбесiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      3. Жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды алып қоймай-ақ, мiндеттi түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және өңдеу жүргiзiлетiн жануарлар ауруларының тiзбесiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
      4. Жеке және заңды тұлғалардың жануарлардың және адамның денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты алып қою және жою салдарынан өздерiне келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен және жағдайларда өтеттiруге құқығы бар.

       31-бап. Азаматтардың денсаулығын жануарлар мен адамға
              ортақ аурулардан қорғау

      Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi ұстауды, өсiрудi, пайдалануды, өндiрудi, дайындауды (союды), сақтауды, өңдеудi, тасымалдау мен өткiзудi жүзеге асыратын азаматтардың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау тәртiбiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi орталық атқарушы органымен келiсе отырып, ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.

       32-бап. Ауыл шаруашылық жануарларын, базарларды,
              мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын
              жүктердi өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу
              және өткiзу жөнiндегi ұйымдарды бiрдейлендiру

      1. Ауыл шаруашылық жануарлары ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгілеген тәртiппен жануарлар ауруларының профилактикасы мен диагностикасы жөнiндегi ветеринариялық дауалаудың жүзеге асырылуын бақылау мақсатымен әрбiр жануарға қадағалау жүргiзуге мүмкiндiк беретiндей мiндеттi бiрдейлендiруге тиiс.
      2. Базарлар, жануарларды өндiру, дайындау (сою), жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды сақтау, өңдеу және өткiзу жөнiндегi ұйымдар мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердiң Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сәйкестiгiн бақылау мақсатымен бiрдейлендiруге тиiс.
      3. Базарларды және жануарларды өндiру, дайындау (сою), жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды сақтау, өңдеу және өткiзу жөнiндегi ұйымдарды бiрдейлендiру тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.

5-тарау. ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАУ МЕН ОЛАРДЫҢ БIЛIКТIЛIГIН АРТТЫРУ ЖӨНIНДЕГI ҚЫЗМЕТ

       33-бап. Ветеринария саласындағы ғылыми зерттеулер

      1. Жануарларды пайдалану рәсiмдерiн, сондай-ақ ветеринария саласындағы ғылыми зерттеулер жүргiзiлетiн үй-жайлар мен аумақтарды қоса алғанда, ветеринария саласындағы ғылыми зерттеулер Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының талаптарына сай болуға тиiс.
      2. Ғылыми зерттеулер нәтижесiнде әзiрленген немесе жетiлдiрiлген ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөптiк қоспалардың ветеринариялық нормативтерге сәйкестiгiн анықтау мақсатымен олар байқаудан өткiзiлуге тиiс.
      3. Микроорганизмдердiң Қазақстан Республикасында бар, сондай-ақ ғылыми зерттеулер нәтижесiнде, жануарлар ауруларының диагностикасы кезiнде алынған штаммдары ветеринарияда пайдаланылатын сақтаулы микроорганизмдер штаммдарының Ұлттық коллекциясында сақталуға тиiс.

       34-бап. Ветеринария мамандарын даярлау және олардың
              бiлiктiлiгiн арттыру

      Ветеринария мамандарының бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi бағдарламалар ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен мiндеттi түрде келiсiлуге тиiс.

  6-тарау. ВЕТЕРИНАРИЯНЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫ БҰЗҒАНЫ YШIН ЖАУАПТЫЛЫҚ

       35-бап. Ветеринарияны қаржыландыру көздерi

      1. Мыналарды қаржыландыру бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады:
      1) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiн ұстауға арналған шығыстар;
      2) мемлекеттiк ветеринариялық мекемелердi ұстауға арналған шығыстар;
      3) ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар бөлiмшелерiн ұстауға арналған шығыстар;
      4) мемлекеттiк шекарадағы ветеринариялық бақылау бекеттерiнде көлiк құралдарын дезинфекциялауды және ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзбе бойынша жануарлардың аса қауiптi ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды жою;
      5) жануарлардың және адамның денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн алып қойылған жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты жою;
      6) алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың иелерiне олардың құнын өтеу;
      7) ветеринарияда пайдаланылатын сақтаулы микроорганизмдер штаммдарының Ұлттық коллекцияларын сақтауға арналған шығыстар.
      8) <*>
      2. Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметiн бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерi иелерiнiң есебiнен мынадай ветеринариялық iс-шаралар орындалады:
      1) ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды байқаудан өткiзу, серияларын бақылау және оларға тiркеу сынағын жүргiзу;
      2) ауыл шаруашылық жануарларын, базарларды, ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткiзу жөнiндегi ұйымдарды бiрдейлендiру рәсiмi;
      3) базарлардағы ветеринариялық-санитариялық сараптама;
      4) дегельминтизация, дезинсекция, деразитация, дезинфекция (мемлекеттiк шекарадағы ветеринариялық бақылау бекеттерiндегi дезинфекцияны қоспағанда);
      5) жануарлардың Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбеге енгiзiлген аса қауiптi ауруларын қоспағанда, жануарлар ауруларын емдеу, олардың профилактикасы, диагностикасы және оларды жою;
      6) түсетін қаражатты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бюджеттiң кiрiсi есебiне аудара отырып, ветеринариялық-санитариялық қорытынды мен ветеринариялық куәлiктiң бланкiлерiн беру.
       Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).      

       36-бап. Қазақстан Республикасының ветеринария
              саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      1. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
      2. Айыппұлдар салу не өзге де жаза қолдану кiнәлi тұлғаларды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен залалды өтеуден босатпайды.

       37-бап. Осы заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Мал дәрiгерлiгi туралы" 1995 жылғы 25 шiлдедегi N 2376  заң күшi бар Жарлығының  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 14, 94-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 17-18, 225-құжат; N 24, 443-құжат; N 23, 931-құжат) күші жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті