Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының 2025 жылғы 3 маусымдағы № 2 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 9 маусымда № 36224 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Аппараты) басшысының кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізілетін осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес тізбесі (бұдан әрі - Тізбе) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің жергілікті соттардың жұмысын үйлестіру бөлімі:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігі басшысының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін Тізбенің 2-тармағының жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші абзацын, 3-тармағының он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырма тоғызыншы, отызыншы, отыз бірінші және отыз екінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Сот әкімшілігінің басшысы
Н. АХМЕТЗАКИРОВ

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және ақпарат министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Сот әкімшілігінің басшысы
2025 жылғы 3 маусымдағы
№ 2 Бұйрыққа
қосымша

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының өзгерістер мен толықтыру енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы № 6001-15-7-6/486 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12457 болып тіркелді) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Кассациялық сатыдағы сотта, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында хаттама жүргізілмейді.".

      2. "Соттарға құжаттарды электрондық құжат нысанында беру құралдарын техникалық қолдану, оларды тіркеу, өңдеу, олармен танысу қағидаларын бекіту туралы" 2018 жылғы 9 маусымдағы № 6001-18-7-6/188 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17148 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Соттарға құжаттарды электрондық құжат нысанында беру құралдарын техникалық қолдану, оларды тіркеу, өңдеу, олармен танысу қағидаларында:

      6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының жүйесі арқылы электрондық құжаттарды беру, оларды тіркеу, сондай-ақ жүйенің арыз берушілерді хабардар ету тәртібі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген).

      7. Арыз беруші сотқа электрондық құжаттарды "Сот кабинеті" сервисінде орналастырылған электрондық нысандарды толтыру арқылы ұсынады.

      Сотқа электрондық құжаттарды беру үшін "Сот кабинеті" сервисіне авторизациялау электрондық цифрлық қолтаңба немесе жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН)/бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН) мен пароль арқылы жүзеге асырылады.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      8. Арыз беруші қылмыстық іс жүргізудің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізудің тиісті бөлімдері арқылы авторизациядан кейін мына сот сатыларының біреуін таңдайды:

      1) бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу;

      2) апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізу;

      3) кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу;

      4) Жоғарғы Сотта іс жүргізу.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Әрбір электрондық құжат жеке файл түрінде электрондық құжаттарды беру жүйесіне жүктеледі. Файл атауы құжаттың сәйкестендірілуін қамтамасыз етеді.

      Арыз беруші файлдарды *doc, *docx, *pdf, *xlsx форматында жүктейді. Әрбір файлдың ең үлкен мөлшері 20 мегабайттан аспауға тиіс.";

      Көп бетті құжат біртұтас файл ретінде жүктеледі. Көп бетті құжатты жүктеу кезінде 20 мегабайттан асқан жағдайда, оны бөлуге рұқсат етіледі.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Мына жағдайларда құжаттарды тіркеуден бас тартылады:

      1) орналастырылған құжатты оқу мүмкін болмағанда;

      2) ӘРПК-ға сәйкес қаралуға жататын өтініштерді қоспағанда, құжат қайта жіберілгенде және бұрын СО АЖ-де тіркелгенде;

      3) электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығы сәйкес келмеген кезде;

      4) құжат осы сотқа арналмаған кезде;

      5) арыздарда, шағымдарда, өтінішхаттарда және өтініштерде қосымшада көрсетілген құжаттар немесе материалдар салынбағанда;

      6) қоса берілген құжат таңдалған бөлімге сәйкес келмеген кезде.".

      3. "Электрондық құжатқа қойылатын техникалық талаптар және оның соттың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде айналыс қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының 2020 жылғы 29 шілдедегі № 18 бұйрығына келесі өзгерістер енгізілсін (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21065 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электрондық құжатқа қойылатын техникалық талаптар және оның соттың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде айналыс қағидаларында:

      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Электрондық құжатқа қоса берілетін құжаттар көшірмелерінің рұқсат етілетін форматтары:

      1) PDF;

      2) DOC, DOCX – мәтіндік формат;

      3) XLS, XLSX – кестелік формат.

      6. Әрбір жеке құжат жеке файл түрінде ұсынылады. Файл атауы құжаттың сәйкестендірілуін қамтамасыз етеді. Электрондық құжаттың әрбір файлының өлшемі 20 мегабайттан аспайды.

      Көп бетті құжат біртұтас файл ретінде жүктеледі. Көп бетті құжатты жүктеу кезінде 20 мегабайттан асқан жағдайда, оны бөлуге рұқсат етіледі.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы электрондық құжаттарды беру, оларды тіркеу, сондай-ақ жүйенің өтініш берушілерін хабардар ету тәртібі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген).";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Өтініш беруші электрондық құжатты жіберу үшін азаматтық немесе әкімшілік сот ісін жүргізудің тиісті бөлімі арқылы авторизациялау рәсімінен өткеннен кейін сот сатысының бір түрін таңдайды:

      1) бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу;

      2) апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізу;

      3) кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу;

      4) Жоғарғы Сотта іс жүргізу.";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Өтініш беруші талап қоюдың (арыздың), шағымның, кассациялық шағымның, кері қайтарып алудың және АПК-де және (немесе) Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде (бұдан әрі – ӘРПК) белгіленген талаптарына сәйкес келетін басқа да құжаттардың электрондық нысанын толтырады.";

      мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Талап қоюды "Сот кабинеті" сервисі арқылы берген кезде жеке тұлғаға оның мүліктік жағдайына немесе заңды тұлғаға, ірі кәсіпкерлік субъектісін қоспағанда, қаржылық жағдайына қарай мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген мынадай негіздердің бірі болған кезде берілуі мүмкін:

      1) дүлей зілзаланың, технологиялық апаттың салдарынан залал келтіру;

      2) жеке тұлғаға жалақыны уақытылы төлемеу;

      3) жұмысы жоқ адам ретінде есепке қою;

      4) жеке тұлғаның ауыр сырқатының болуы және үш айдан астам емделуі;

      5) заңды тұлғаға жеткізілген тауар, орындалған жұмыстар, ол көрсеткен қызметтер үшін ақша төлемеу;

      6) заңды тұлғаның тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өндірудің және (немесе) өткізудің маусымдық сипаты;

      7) атаулы әлеуметтік көмек беру.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Талап қоюды (арызды), шағымды, кассациялық шағымды, кері қайтарып алуды және басқа құжаттарды тіркеу мәртебесі және қарау барысы "Менің істерім" қосымша бетінде қаралады.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. ЭЦҚ қойылған талап қоюды, апелляциялық, кассациялық шағымдарды электрондық түрде берген кезде оларға қоса берілген барлық құжаттар АПК-нің және (немесе) ӘРПК-нің талаптарына сәйкес ресімделеді.";

      63-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "63. Құжаттарды ұлттық мұрағат қорына мемлекеттік мұрағатқа тұрақты сақтауға беру тәртібі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 235 бұйрығымен бекітілген Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архивтік құжаттарды ведомстволық және жеке архивтердің қабылдау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33338 болып тіркелген).".