Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 220/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 1 шiлдеде № 33007 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
2023 жылғы 30 маусымдағы
№ 220/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Байланыс туралы", "Қазақстан Республикасының ұлттық кауіпсіздігі туралы", "Ақпараттандыру туралы", "Қарсы барлау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) абонент – байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасаған жеке немесе заңды тұлға;

      2) абоненттер туралы қызметтік ақпарат – байланыс желілерінде қарсы барлау қызметі мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттарына ғана арналған және мыналар:

      абоненттік нөмірлер иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, абоненттік нөмірлер туралы ақпарат;

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары туралы ақпарат;

      биллингтік мәліметтер (абоненттің алған қызметтері туралы мәліметтер);

      техникалық регламент талаптарына сәйкес желідегі абоненттік құрылғының орналасқан жері;

      деректер беру желісіндегі мекенжайы;

      деректер беру желісіндегі интернет-ресурстарға өтініш жасау мекенжайы;

      интернет-ресурстың сәйкестендіргіштері;

      деректер беру желісінің хаттамалары қамтылған абоненттер туралы мәліметтер;

      3) абоненттік нөмір – басқа абоненттік жабдықпен қосылу сол арқылы орнатылатын шартты жасасқан кезде абоненттің пайдалануына бөлінетін және желіде абонентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нөмір;

      4) байланыс желісі – байланыс құралдары мен желілерден тұратын және телекоммуникацияларға немесе почта байланысына арналған технологиялық жүйе;

      5) байланыс операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға.

      3. Осы Қағидалардың талаптары почта байланысын қоспағанда, байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын байланыс операторларына (бұдан әрі – Оператор) қолданылады.

2-тарау. Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру тәртібі

      4. Оператор екі жыл бойы абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды қамтамасыз етеді, ол өткен соң ақпарат жойылады. Оператор абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтау жөніндегі міндетін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 637-бабымен көзделген жауаптылықта болады.

      5. Оператор осы Қағидаларға сәйкес телекоммуникация құралдарынан абонентке көрсетілген қызметтер туралы қызметтік ақпаратты тұрақты жинауды жүзеге асырады және оның Оператор жүйесінде (бұдан әрі – Жүйе) сақталуын қамтамасыз етеді.

      6. Абоненттер туралы қызметтік ақпаратты сақтау Қазақстан Республикасының аумағында ғана жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге Қазақстан Республикасының шетелдегі абоненттеріне байланыс қызметтерін көрсету жағдайларын қоспағанда, абоненттер туралы қызметтік ақпаратты беруге тыйым салынады.

      7. Жүйенің пайдаланылатын құралдарын жаңғырту (ауыстыру) кезінде оның сипаттамаларын жақсарту мақсатында (көрсетілетін байланыс қызметтері түрінің саны, абоненттер саны ұлғайғанда, сақталатын ақпараттың көлемі өскенде, Жүйенің функционалдағы кеңейтілгенде), сақталған ақпараттың жоғалуына немесе өзгеруіне жол берілмейді.

      8. Оператор қызметтік ақпаратты қолда бар ақпараттық жүйелерден, дерекқор мен техникалық байланыс құралдарынан алады.

      9. Функционалды түрде Жүйе жинау, сақтау, басқару және қорғау құралдарының функцияларын орындайтын логикалық модульдерден тұрады. Жүйе модульдерінің өзара әрекеті хаттамасын Оператор байланыс желілерінде қарсы барлау қызметі мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыратын органмен келіседі.

      10. Абонент туралы қызметтік ақпарат ақпаратты сақтау жабдығындағы Жүйеде жиналады.

      Жүйе мыналарды:

      1) абоненттер туралы ақпарат пен абонентке көрсетілген қызметтер туралы ақпаратты сақтауды;

      заңды тұлғалар үшін – бизнес-сәйкестіндіру нөмірі, шоттарды жеткізу үшін мекенжай;

      жеке тұлғалар үшін - тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі мен берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі, электрондық почтаның мекенжайлары, почталық мекенжайы;

      байланыс телефондарының нөмірлері; абоненттік жабдықтарды орнату мекенжайы; шартты жасасу және қолданылуын тоқтату күні; абонентке қолжетімді байланыс қызметтерінің тізбесі; абоненттік нөмір;

      биллинг - абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ оларды тарифтеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

      биллингтік мәліметтер – абоненттің жеке шоты бойынша ақпарат, шотты толтыру туралы ақпарат, деректерді беру желісіндегі абоненттердің мекенжайлары;

      деректерді беру желісіндегі абоненттердің мекенжайлары және деректерді беру желісіндегі интернет-ресурстарға кірудің мекенжайы, интернет желісіне қол жеткізудің әрбір көрсетілген қызметі бойынша деректерді беру желісінің хаттамалары, оның ішінде: "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-2-бабының ережелеріне сәйкес уақыт белдеулерін ескере отырып, абонентті желіде тіркеу күні мен уақыты; осы сессия үшін бөлінген динамикалық немесе статикалық ІР-мекенжайы; желіге шығу нүктесі; желіге шығу жүзеге асырылған абоненттік нөмір және ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру коды; осы сессия ішінде берілген және қабылданған ақпарат көлемі; қызметтердің әрқайсысы көрсетілген уақыт кезеңі; пайдаланушы қолданған байланыс түрі, жіберілген немесе алынған электрондық хабарламаның мекенжайлары, почталық хабарламаның электрондық почта мекенжайлары, интернет-ресурсты сәйкестендіруші, уақыт белдеулері есебімен интернет-ресурста деректер өзгеруінің басы мен аяқталу күні және уақыты, сондай-ақ өзгеріс болған ІР-мекенжайы;

      2) сақтаудың бірыңғай форматын;

      3) уақытқа деректерді байланыстыруды;

      4) деректердің өзгермеуін;

      5) сақталатын деректердің толықтығы мен анықтығын;

      6) телекоммуникациялар желілерінде жедел-іздестіру іс-шаралары құралдарымен біріктіру мүмкіндігін;

      7) байланыс қызметтерін пайдаланушылар және оларға көрсетілген байланыс қызметтері туралы сұраулардың алуан түрлерін қабылдауды қамтамасыз ететін автоматтандырылған қол жеткізуді, берілген параметрлер бойынша ақпарат пен жүйелік есептер беруді;

      8) авторизацияның бағдарламалық және техникалық құралдары арқылы Жүйенің деректеріне рұқсат етілмеген қолжеткізуден қорғауды қамтамасыз етеді.