Байланыс операторларының абоненттері және (немесе) байланыс қызметтерінің пайдаланушылары туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 220/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 1 шiлдеде № 33007 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 20-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
2023 жылғы 30 маусымдағы
№ 130 Бұйрықпен
бекітілген

      Ескерту. Жоғары оң жақ бұрыштағы мәтіні жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 21.05.2024 № 25 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 20-бабына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік кәсіпкерлік – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтар мен қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге ықпал ететін, Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметі;

      2) әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамасы – Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтар мен қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге бағытталған кәсіпкерлік бастамасы;

      3) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда);

      4) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар туралы мәліметтер, атап айтқанда:

      дара кәсіпкердің атауы не заңды тұлғаның атауы және тіркелген күні;

      сәйкестендіру нөмірі;

      заңды мекенжайы (орналасқан жері);

      әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген күні;

      әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің санаты қамтылатын электрондық дерекқор;

      5) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган – жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      6) ұлттық даму институттары – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен акционерлiк қоғамдар ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, қызметiнiң басты мақсаты өнеркәсіптік-инновациялық даму және кәсiпкерлiктi қолдау саласындағы жобаларды iске асыру болып табылатын қаржылық, консалтингтiк, инновациялық, сервистiк ұйымдар;

      7) ұлттық холдинг –ұлттық компаниялардың және өзге де акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін тиімді басқару үшін құрылған, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын акционерлік қоғам;

      8) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – ҰКП) – Қазақстан Республикасының бизнес қоғамдастығы мен мемлекеттік билік органдары арасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктерінің қызметін ынталандыру және қолдау мақсатында құрылған, кәсіпкерлік субъектілері одағын білдіретін коммерциялық емес ұйым;

      9) кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қоры – қызметінің негізгі мақсаты жеке кәсіпкерлікті қаржылай және қаржылай емес қолдауды ұсыну арқылы Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлікті сапалы дамытуға жәрдемдесу болып табылатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлға.

2-тарау. Мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру тәртібі

1-параграф. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру

      3. Мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттары және өзге де ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шаралары туралы, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 6) тармақшасына сәйкес тиісті ақпаратты өздерінің интернет-ресурстарында орналастыру арқылы хабардар ету жөнінде шаралар қабылдайды.

      4. Жергілікті атқарушы орган әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі тізілімге енгізілгеннен кейін бір айлық мерзімде оны мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шаралары туралы "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 6) тармақшасына сәйкес тиісті ақпаратты өз интернет-ресурсында орналастыру арқылы хабардар етеді.

      Мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері енгізілген не олар өзгерген кезде де әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісіне осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде тиісті ақпаратты өз интернет-ресурсында орналастыру арқылы тиісті хабарлама жіберіледі.

      5. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік органдарға, ұлттық холдингтерге, ұлттық даму институттарына және өзге де ұйымдарға әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамасымен жүгінген жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шаралары және оны алу нысандары туралы жауап беріледі.

2-параграф. Әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың түрлері

      6. Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің өз қызметіне әлеуметтік жауапкершілікті енгізуіне кепілдік береді және оны көтермелейді.

      7. Әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау:

      1) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау инфрақұрылымының болуын қамтамасыз ету;

      2) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) сәйкес салықтық жеңілдіктер беру;

      3) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылай қолдау көрсету (оның ішінде екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсыну шеңберінде және мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) төлеміне);

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 8 қазандағы № 91 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24750 болып тіркелген) Мемлекеттік мүлікті әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларына сәйкес мемлекеттік мүлікті сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру;

      5) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық қолдау көрсету;

      6) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық және әдістемелік қолдау көрсету, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту (оның ішінде қаражат тарту, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу мәселелері бойынша) түрінде жүзеге асырылады.

      Акселерациялық бағдарламалар деп оқыту және сараптамалық қолдау арқылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қарқынды дамыту және ілгерілету бағдарламалары түсініледі;

      7) іскерлік әріптестерді іздеуде өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу (оның ішінде іскерлік іс-шаралар өткізу, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің көрсетілген іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету арқылы);

      8) кәсіптік білім беруді және қосымша білім беруді ұйымдастыру;

      9) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру түрінде жүзеге асырылады.

      8. Әлеуметтік кәсіпкерлікті инфрақұрылымдық қолдау жеке кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын құру және дамыту арқылы қамтамасыз етіледі, бұл өз ісін ұйымдастыруға жәрдемдесуді, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласында ақпарат беруді, коммерциялық негізде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсіпкерліктің жұмыс істеуі мен дамуының жалпы жағдайларын қамтамасыз ететін құрылатын немесе жұмыс істейтін ұйымдар кешені деп түсініледі.

      Жеке кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымына кәсіпкерлікті қолдау орталықтары, бизнес-инкубаторлар және индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтері жатады.

      9. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің салық салынатын кірісін азайту Салық кодексінің 288-бабы 1-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық қолдау көрсету (оның ішінде екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсыну шеңберінде және мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) төлеміне) Кодекстің 94-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 8 қазандағы № 91 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2021 жылғы 14 қазанда № 24750 болып тіркелген) Мемлекеттік мүлікті әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларына сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға) беріледі.

      12. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық қолдау көрсету мынадай жолдармен жүзеге асырылады:

      1) жеке кәсіпкерлікті дамыту бойынша оқу семинар-тренингтерін және ғылыми-практикалық конференцияларды ұйымдастыру;

      2) шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыру;

      3) жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру практикасы, жаңа технологиялар нарығы туралы әдістемелік құралдарды, ақпараттық бюллетеньдерді тарату;

      4) өңірлерде ақпараттық, консалтингтік орталықтар желісін құру;

      5) консультациялық, ақпараттық, заңдық, маркетингтік және өзге де қызметтер көрсету;

      6) озық шетелдік технологиялар трансфертіне жәрдемдесу;

      7) отандық тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) экспортқа ілгерілету кезінде сервистік-ақпараттық қолдау көрсету;

      8) өңірлерде шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқытуды ұйымдастыру үшін менеджерлер даярлау.

      13. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық және әдістемелік қолдау көрсету, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту (оның ішінде қаражат тарту, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу мәселелері бойынша) Кодекстің 232 және 232-1-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 21.05.2024 № 25 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кәсіпкерлер палаталары іскер әріптестер іздеуде өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде іскерлік іс-шаралар өткізу, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің көрсетілген іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету арқылы жәрдем көрсетеді.

      15. Жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қоры жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру, оның ішінде жеке кәсіпкерлікті қаржылай және мүліктік қолдау мәселелері бойынша оқыту мен консалтингті жүзеге асырады.

      Жергілікті атқарушы органдар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.

      16. Экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар Кодекстің 94-бабына сәйкес беріледі.

      17. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне Кодекстің 93 және 232-баптарында көзделген мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуі мүмкін.

      18. Ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға мемлекеттік қолдау шаралары олар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілгеннен кейін көрсетіледі.