"Азаматтық авиациядағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 12 маусымдағы № 339 бұйрығына және "Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 525 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 24 ақпандағы № 119 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 28 ақпанда № 31981 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Азаматтық авиациядағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 12 маусымдағы № 339 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15363 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Борттық тамақты тиеуді жүзеге асыратын тасымалдаушы үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптарда:

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жұмыс уақытында тасымалдаушы арнайы киімдерді, арнайы аяқ киімдерді және басқа да қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әсерінен жеке қорғаныш құралдарын пайдаланады.";

      26-тармақ алып тасталсын;

      37, 38 және 39-тармақтар алып тасталсын;

      43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Тасымалдаушы барлық жұмыс уақыты бойы арнайы киімде, арнайы аяқ киімде және басқа да жұмыс үшін қажетті қауіпті және зиянды өндірістік факторлар әсерінен жеке қорғаныш құралдарында болады.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Әуе кемелерінің жуушылары үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптарда:

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Әуе кемесін жуушы жұмыс уақытының ішінде "Алуан түрлі экономикалық қызмет ұйымдарының жұмыскерлеріне арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 943 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12627 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 943 бұйрық) сәйкес арнайы киімді, арнайы аяқ киімді және басқа да қауіпті және зиянды өндірістік факторлар әсерінен жеке қорғаныш құралдарын пайдаланады.

      Авиациялық-химиялық жұмыстардан кейін әуе кемелерін жуу кезінде респираторларды, резеңке қолғаптарды, қорғаныш көзілдіріктерді, су өткізбейтін матадан жасалған жеңдерді қосымша беруді көздеу қажет.";

      27-тармақ алып тасталсын;

      31-тармақ алып тасталсын;

      52-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "52. Авиациялық-химиялық жұмыстарда пайдаланылатын әуе кемелерін тазалау, жуу және газсыздандыру жұмыс берушінің нормативтік техникалық актілеріне сәйкес жүргізіледі.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жолаушыларды қарсы алу мен отырғызу бойынша кезекшілер үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптарда:

      11-тармақ алып тасталсын;

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Жұмыс басталар алдында және бүкіл жұмыс уақыты бойында жолаушыларды қарсы алу мен отырғызу бойынша кезекші № 943 бұйрыққа сәйкес арнайы киімді, арнайы аяқ киімді және басқа да қажетті қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әсерінен жеке қорғаныш құралдарын пайдаланады.

      Кезекшіге бекітілген жеке қорғаныш құралдары мөлшері, бойы бойынша таңдалуы және таза болуы тиіс.";

      22-тармақ алып тасталсын;

      32 және 33-тармақтар алып тасталсын;

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық авиация бортсеріктері үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптарда:

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жұмыс уақытында және барлық жұмыс уақыты кезінде бортсерік № 943 бұйрыққа сәйкес арнайы киімді, арнайы аяқ киімді және басқа да қажетті қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әсерінен жеке қорғаныш құралдарын пайдаланады.";

      13-тармақ алып тасталсын;

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Бортсерік жұмысты орындау үшін олардың дұрыстығын алдын ала тексере отырып, басқа да жеке қорғаныныш құралдарын дайындайды.";

      27-тармақ алып тасталсын;

      42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "42. Оттегі жабдығын пайдалану кезінде оттегі мен майдың байланысын болдырмау және оттегі жабдығымен тоң май мен майдың ізі жоқ таза қолмен жұмыс істеу талап етіледі.".

      2. "Авиациялық инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 525 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19096 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидаларында:

      6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Авиация инспекторларын даярлау уәкілетті ұйыммен бекітілген бастапқы даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша жүргізіледі.

      Даярлықтың мерзімділігі мен көлемін уәкілетті ұйымның ішкі актісімен белгіленеді және бекітіледі.

      7. Кәсіптік даярлық және біліктілігін ұстап тұру курстарынан өткенен кейін авиация инспекторларына авиациялық оқу орталығы тиісті курсты өткендігін растайтын құжатты (сертификатты) қағаз және (немесе) электрондық түрде береді.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Авиация инспекторларының кәсіптік даярлықтан өтуі және біліктілікті ұстап тұруы туралы ақпаратты есепке алуды (жазбаларды сақтауды) уәкілетті ұйымның кадр қызметі ақпаратты электрондық түрде сақтай отырып жүзеге асырады.

      Бұл ретте авиациялық инспекторларының даярлығының деңгейі және кәсіптік қызметі туралы ақпарат үнемі жаңартылып отырады.".

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
М. Карабаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрлігі