Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 525 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 26 шілдеде № 19096 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-6-бабының 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2019 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
Р. Скляр

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және
даму министрінің
2019 жылғы 22 шілдедегі
№ 525 бұйрығымен
бекітілген

Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-6-бабы 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі анықтамалар пайдаланылады:

      1) авиация инспекторы – азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның әуе кеңістігін пайдалану саласында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды тұлғасы;

      2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;

      3) арнайы даярлау (қайта даярлау) – авиация инспекторын жаңа талаптардың енгізілуіне негізделген жаңа (қосымша) кәсіптік білімді, білік пен дағдыларды алуға бағытталған оқыту процесі;

      4) бастапқы даярлық – азаматтық және эксперименттік авиация саласында бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыруы мақсатында авиация инспекторына кәсіптік білім беру процесі;

      5) біліктілік – өзінің қызметтік міндеттері мен функцияларын тиімді орындау үшін талап етілетін білімнің, білік пен дағдының қажетті деңгейін иелену;

      6) біліктілік белгісі – куәлікте жасалған және оның бір бөлігі болып табылатын жазба, онда осы куәлікке қатысты ерекше шарттар, құқықтар немесе шектеулер көрсетіледі;

      7) жеке бағдарлама – авиация инспекторы жұмысының қағидалары мен рәсімдерін зерделеуге, инспекция нәтижелерін құжаттау, басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу, авиация инспекторларының өз өкілеттіліктерін қолдану, ұшу қауіпсіздігінің және авиациялық қауіпсіздіктің деңгейін арттыруға, сондай-ақ авиациялық оқиғалар және басқа да қолайсыз жағдайларды тексеру материалдары негізінде алдын алу іс-шараларын әзірлеуге бағытталған салалық және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу дағдысын қалыптастыру, мәселелерін зерделеуге бағдарланған бағдарлама;

      8) кәсіптік деңгейді ұстап тұру – авиация инспекторын оқыту процесі, оның мақсаты кәсіптік білімді, біліктілік пен дағдыларды жаңарту, кеңейту және тереңдету болып табылады;

      9) курс – авиация инспекторын оқыту процесі, оның мақсаты кәсіптік және әдістемелік шеберлігін жетілдіруге бағытталған білімі мен біліктерін жаңарту және тереңдету болып табылады;

      10) тағылымдама – азаматтық және эксперименттік авиация қызметін бақылау мен қадағалау әдістерін практикалық игеру мақсатында оқытуды қамтамасыз ететін адамның басшылығымен авиация инспекторын жұмыс орнында оқыту;

      11) теориялық даярлық – авиация инспекторын кәсіптік даярлау процесінің кезеңі, одан өткен кезде білім алушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым бекіткен оқыту бағдарламаларына сәйкес арнайы теориялық білім алады;

      12) тренажерда даярлау – авиация инспекторын кәсіптік даярлау процесінің кезеңі, одан өткен кезде білім алушы әртүрлі жаттықтырушы қондырғылардың (авиациялық тренажерлар) көмегімен практикалық білік пен дағдыларды алады, сақтайды және жетілдіреді;

      13) ИКАО – халықаралық азаматтық авиация ұйымы.

      3. Авиация инспекторларын даярлау азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) сертификаттаған авиациялық оқу орталықтарында жүргізіледі.

      4. ИКАО-ның Бас хатшысы бекіткен Doc8335 "Пайдаланушыны инспекциялау, сертификаттау және тұрақты қадағалау рәсімдері бойынша нұсқаулық" талаптарына сәйкес бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін авиация инспекторлары оқыту кезінде мынадай:

      1) ұшу өндірісін бақылауды қамтамасыз ету;

      2) әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын ұстау;

      3) шетелдік авиатасымалдаушылардың әуе кемелерін бақылауды қамтамасыз ету;

      4) әуеайлақтардың перронында ұшу қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз ету;

      5) әуеайлақтарда (тікұшақ айлақтарында) және алаңдарда ұшуды бақылауды қамтамасыз ету;

      6) әуе тасымалының қағидаларын орындауды бақылауды қамтамасыз ету;

      7) авиациялық қауіпсіздікті бақылауды қамтамасыз ету;

      8) ұшудың авариялық-құтқару қызметімен қамтамасыз етілуін бақылауды қамтамасыз ету;

      9) авиациялық персоналға куәліктер беру жүйесін бақылауды қамтамасыз ету;

      10) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеруді бақылауды қамтамасыз ету бағыттары бойынша жеке мәселелерді тереңдетіп зерделеудің қосымша немесе кеңейтілген бағдарламаларын өтеді.

      5. ИКАО Конвенциясына 1-қосымшаның талаптарына сәйкес авиация инспекторларында қолданыстағы тиісті куәліктері болуы тиіс, олар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 307 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10809 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидаларға сәйкес біліктілігін сақтау және олардың жарамдылығы мерзімін ұзарту үшін оқудан өтеді.

      Әуе кемелерінің ұшуын орындауға және қамтамасыз етуге, оларға техникалық қызмет көрсетуге, әуе қозғалысына қызмет көрсетуге тікелей байланысты авиация инспекторлары кәсіптік қызметке осындай қызметті жүзеге асыру құқығына арналған жарамды куәлігі болған және денсаулық жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда жіберіледі.

      Міндетті медициналық куәландырылуға жататын авиация инспекторларына денсаулық жағдайы бойынша қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негізінде әзірленген және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 5 маусымдағы № 324 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15325 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы медициналық куәландыру және қарап-тексеру қағидаларында белгіленеді. Авиация персоналына жататын адамның денсаулық жағдайының сәйкестігі авиация персоналы куәлігінің ажырамас бөлігі болып табылатын медициналық қорытындымен расталады.

2-тарау. Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру тәртібі

      6. Авиация инспекторларын даярлау уәкілетті ұйыммен бекітілген бастапқы даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша жүргізіледі.

      Даярлықтың мерзімділігі мен көлемін уәкілетті ұйымның ішкі актісімен белгіленеді және бекітіледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 24.02.2023 № 119 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Кәсіптік даярлық және біліктілігін ұстап тұру курстарынан өткенен кейін авиация инспекторларына авиациялық оқу орталығы тиісті курсты өткендігін растайтын құжатты (сертификатты) қағаз және (немесе) электрондық түрде береді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 24.02.2023 № 119 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Авиация инспекторларының Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының орындалуын бақылау және қадағалау, әуе кемелерін және олардың экипаждарын бағыттар бойынша инспекциялауды қоса алғанда, азаматтық авиация ұйымдары мен кәсіпорындарында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау жөніндегі функцияларды орындауына белгіленген үлгідегі құжаттар (сертификаттар, куәліктер, лицензиялар) беріліп, кәсіптік даярлықтың толық курсын өткеннен кейін рұқсат етіледі.

      9. Бастапқы даярлық мынадай даярлық түрлерінен тұрады:

      1) авиация инспекторының даярлық деңгейін ескере отырып, жеке бағдарлама бойынша теориялық оқыту және уәкілетті ұйымда функционалдық міндеттері бойынша оның білімін тестілеу;

      2) инспекторлық құрамды тиісті даярлау курстарында (базалық инспекторлық курс) оқыту;

      3) уәкілетті ұйымның тиісті құрылымдық бөлімшесінің тағайындалған адамдарының басшылығымен сертификаттауды, тексеруді, қадағалауды және бақылауды орындау үшін жұмыс жағдайындағы авиация инспекторының тағылымдамасы.

      10. Біліктілігін арттыру және кәсіптік деңгейді ұстап тұру мынадай жолмен жүзеге асырылады:

      1) азаматтық авиация қызметі мәселелері бойынша халықаралық азаматтық авиация ұйымдары не авиациялық оқу орталықтары, авиациялық техниканы өндірушілер өткізетін курстарға, семинарларға, оқытуға қатысу;

      2) авиациялық тренажерларды пайдалана отырып, тренажерлік даярлықтан өту.

      Кәсіптік деңгейдің расталуы біліктілік талаптарына сәйкес тестілеу және белгіленген үлгідегі құжаттарды (сертификаттар, куәліктер, лицензиялар) беру арқылы айқындалады.

      11. Арнайы даярлық (қайта даярлау) азаматтық авиация саласындағы заңнамада маңызды өзгерістер, ұшулар қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты және авиация инспекторынан жаңа білім мен дағдыларды талап ететін жаңа талаптар мен рәсімдер енгізілген жағдайларда жүзеге асырылады.

      12. Жұмыс орнындағы тағылымдама уәкілетті ұйымның басшысы тағайындаған авиация инспекторының басшылығымен жүргізіледі.

      Азаматтық авиация ұйымдары мен кәсіпорындарында әуе кемелерін және олардың экипаждарын инспекциялауды қоса алғанда, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауды орындауға алты ай ішінде іс жүзінде қатыспаған авиация инспекторы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауды жүргізуге тағылымдамадан өткеннен кейін ғана жіберіледі.

3-тарау. Авиация инспекторларын кәсіптік даярлауды және олардың біліктілігін ұстап тұруды жоспарлау

      13. Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және біліктілігін ұстап тұру қажеттілігін уәкілетті ұйымның функционалдық және алға қойылған міндеттерді орындау талаптарына сүйене отырып, сондай-ақ штат кестесіне сәйкес кадрлардың қозғалысы негізінде айқындайды.

      14. Персоналды оқытуды жоспарлау авиация инспекторларын теориялық және практикалық үздіксіз оқытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ оқу процесін бақылауды және реттеуді жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.

      Авиация инспекторларын оқыту жоспары мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) даярлық бағдарламасының атауы;

      2) біліктілікті арттыру курстарының атауы;

      3) оқыту нысаны (топпен, жеке);

      4) оқушылардың саны;

      5) оқудың ұзақтығы.

4-тарау. Кәсіптік даярлықтан өту және біліктілікті ұстап тұру туралы ақпаратты есепке алу

      15. Авиация инспекторларының кәсіптік даярлықтан өтуі және біліктілікті ұстап тұруы туралы ақпаратты есепке алуды (жазбаларды сақтауды) уәкілетті ұйымның кадр қызметі ақпаратты электрондық түрде сақтай отырып жүзеге асырады.

      Бұл ретте авиациялық инспекторларының даярлығының деңгейі және кәсіптік қызметі туралы ақпарат үнемі жаңартылып отырады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 24.02.2023 № 119 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.