Реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту және "Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру қағидаларын және тексеру парақтарының нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 31 шілдедегі № 3 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2022 жылғы 22 маусымдағы № 48 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 23 маусымда № 28577 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. "Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру қағидаларын және тексеру парақтарының нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 31 шілдедегі № 3 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17371 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тексеру парағының нысанын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 85-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақтың 1) тармақшасы алып тасталсын;

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген тексеру парағының нысаны осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақты және 2-тармақтың алтыншы абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрінің м.а
Т. Жаксылыков

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бас прокуратурасының

      Құқықтық статистика және

      арнайы есепке алу жөніндегі

      комитеті

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрінің
м.а
2022 жылғы 22 маусымдағы
№ 48 бұйрығына
1-қосымша

Реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 85-бабының 2-тармағының 5-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидалар реттеуші мемлекеттік органдардың "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сәйкестігіне жүргізілетін тексерулер (бұдан әрі – талаптарға сәйкестігін тексеру) және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу мақсатында бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау және тәуекелдерді басқару өлшемшарттарын әзірлеуіне, сондай-ақ Кодекстің 132-бабының 2-тармағына, 141-бабына және 143-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес бекітілетін тексеру парақтарын әзірлеуіне арналған.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) тәуекел – бақылау және қадағалау субъектісінің қызметі нәтижесінде адам өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне салдарларының ауырлық дәрежесін ескере отырып зиян келтіру ықтималдығы;

      2) тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары – бақылау және қадағалау субъектісінің тікелей қызметімен, салалық даму ерекшеліктерімен және осы дамуға әсер ететін факторлармен байланысты, бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тәуекелдің әртүрлі дәрежелеріне жатқызуға мүмкіндік беретін сандық және сапалық көрсеткіштердің жиынтығы;

      3) тәуекел дәрежесін бағалаудың объективті өлшемшарттары (бұдан әрі – объективті өлшемшарттар) – белгілі бір қызмет саласында тәуекел дәрежесіне байланысты және жеке бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) тікелей байланыссыз бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары;

      4) тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті өлшемшарттары (бұдан әрі – субъективті өлшемшарттар) – нақты бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) қызметі нәтижелеріне байланысты бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары;

      5) тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі – тиісті қызмет салаларында тәуекелдің жол берілетін деңгейін қамтамасыз ете отырып, кәсіпкерлік еркіндігін шектеудің ең төменгі ықтимал дәрежесі мақсатында бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексерулерді кейіннен жүзеге асыру үшін бақылау және қадағалау субъектілерін тәуекел дәрежелері бойынша бөлу арқылы қолайсыз факторлардың туындау ықтималдығын азайтуға бағытталған, сондай-ақ нақты бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі) үшін тәуекел деңгейін өзгертуге бағытталған басқарушылық шешімдерді қабылдау және (немесе) осындай бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудан және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексеруден босату процесі;

      6) тексеру парағы – бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметіне қойылатын, олардың сақталмауы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қатер төндіруге алып келетін талаптар тізбесі.

      4. Кодекстің 141-бабының 5-тармағына сәйкес бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізу үшін қолданылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтары реттеуші мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітіледі және реттеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.

      Мемлекеттік органдардың тәуекел дәрежесін бағалау және тәуекелдерді басқару өлшемшарттарын, тексеру парақтарын бекіту туралы нормативтік құқықтық актілері бекітілгенге дейін тәуекелдерді бағалау және басқару жүйелерін автоматтандырудың техникалық мүмкіндігі және тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі – ақпараттық жүйесінің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен келісілуге тиіс.

      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен келісу мерзімі жоба келісуге келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнін құрайды.

      5. Мемлекеттік органдар бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асыру кезінде тәуекелдерді басқару мақсаттары үшін бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) мынадай тәуекел дәрежелерінің біріне (бұдан әрі – тәуекел дәрежесі) жатқызады:

      1) жоғары тәуекел;

      2) орташа тәуекел;

      3) төмен тәуекел.

      Тәуекелдің жоғары және орташа дәрежелеріне жатқызылған бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметі салаларында талаптарға сәйкестігіне тексеру, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

      Тәуекелдің төмен дәрежесіне жатқызылған бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметі салаларында талаптарға сәйкестігіне тексеру, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

2-тарау. Реттеуші мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) талаптарға сәйкестігін тексеру және профилактикалық бақылау жүргізу кезінде тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру тәртібі

      6. Бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) талаптарға сәйкестігіне тексеру және профилактикалық бақылау жүргізу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары объективті және субъективті өлшемшарттарды айқындау арқылы қалыптастырылады.

1-параграф. Объективті өлшемшарттар

      7. Объективті өлшемшарттарды айқындау тәуекелді айқындау арқылы жүзеге асырылады.

      8. Тәуекелді айқындау мынадай өлшемшарттардың бірін ескере отырып, мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын саланың ерекшелігіне қарай жүзеге асырылады:

      1) объектінің қауіптілік (күрделілік) деңгейі;

      2) реттелетін салаға (облысқа) ықтимал теріс салдарлар ауырлығының, зиянның ауқымы;

      3) адамның өмірі немесе денсаулығы, қоршаған орта, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделері үшін қолайсыз оқиғаның туындау мүмкіндігі.

      9. Барлық ықтимал тәуекелдерге талдау жүргізгеннен кейін бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) тәуекелдің үш дәрежесі (жоғары, орта және төмен) бойынша бөлінеді.

2-параграф. Субъективті өлшемшарттар

      10. Субъективті өлшемшарттарды айқындау мынадай кезеңдерді қолдана отырып жүзеге асырылады:

      1) деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау;

      2) ақпаратты талдау және тәуекелдерді бағалау.

      11. Деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) анықтау үшін қажет.

      Тәуекел дәрежесін бағалау үшін мынадай ақпарат көздері пайдаланылады:

      1) бақылау және қадағалау субъектісі ұсынатын есептілік пен мәліметтер мониторингінің нәтижелері;

      2) бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) алдыңғы тексерулер мен бару арқылы профилактикалық бақылаудың нәтижелері;

      3) бақылау және қадағалау субъектісі кінәсінен туындаған қолайсыз жағдайлардың болуы.

      Қолайсыз оқиғаларға инфекциялық аурулар және (немесе) паразиттік және топтық инфекциялық аурулар мен уланулар, оның ішінде тамақтан улану, өрттер, өндірістік жарақаттар мен авариялар, оқиғалар, апаттар, оқыс оқиғалар жағдайларын тіркеу, аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерді, олардың таралу ошақтарын анықтау, жануарлар дүниесі объектілерінің санын қысқарту және олар мекендейтін ортаның нашарлауы жатады;

      4) расталған шағымдар мен өтініштердің болуы және саны;

      5) тәуелсіз ұйымдар аудитінің (сараптамасының) нәтижелері (энергия аудиті, энергия сараптамасы, тарату кезіндегі тәуелсіз аудит, өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы);

      6) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері (бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау қорытындылары бойынша берілген қорытынды құжаттар);

      7) мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарын, бұқаралық ақпарат құралдарын талдау;

      8) мемлекеттік органдар мен ұйымдар ұсынатын мәліметтерді талдау нәтижелері;

      9) Кодекстің 144-4-бабында көзделген негіздерге сәйкес, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының тергеп-тексеру жүргізу нәтижелері.

      Кәсіпкерлік субъектілеріне талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізу кезінде іріктеу үшін қосымша ақпарат көздері мыналар болып табылады:

      бақылау және қадағалау субъектілері қызметкерлерін аттестаттау, емтихан нәтижелері (осындай талаптар болған жағдайда);

      берілетін рұқсаттар шұғыл болған жағдайда кәсіпкерлік субъектілерін аттестаттау (аккредиттеу) нәтижелері (осындай талаптар болған жағдайда).

      12. Қолда бар ақпарат көздерінің негізінде реттеуші мемлекеттік органдар бағалауға жататын субъективті өлшемшарттарды қалыптастырады.

      Субъективті өлшемшарттарды талдау және бағалау ең жоғары әлеуетті тәуекелі бар бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізуді және профилактикалық бақылауды шоғырландыруға мүмкіндік береді.

      Бұл ретте талдау және бағалау кезінде нақты бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты бұрын ескерілген және пайдаланылған субъективті өлшемшарттардың деректері не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап қою мерзімі өткен деректер қолданылмайды.

      Алдыңғы жүргізілген бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексерудің қорытындылары бойынша берілген бұзушылықтарды толық көлемде жойған бақылау және қадағалау субъектілеріне қатысты оларды мемлекеттік бақылаудың кезекті кезеңіне кестелер мен тізімдерді қалыптастыру кезінде енгізуге жол берілмейді.

      13. Ықтимал тәуекел мен проблеманың маңыздылығына, бұзушылықтың біржолғы немесе жүйелі сипатына, әрбір ақпарат көзі бойынша бұрын қабылданған шешімдерді талдауға байланысты реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес бұзушылық дәрежесіне – өрескел, елеулі және болмашы дәрежелерге сәйкес келетін субъективті өлшемшарттар айқындалады.

      Бұл ретте өрескел, елеулі және болмашы бұзушылықтарды айқындау реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында тиісті мемлекеттік бақылау және қадағалау саласының ерекшелігі ескеріле отырып белгіленеді.

      Субъективті өлшемшарттарды қалыптастыру кезінде бұзушылық дәрежесі (өрескел, елеулі, болмашы) өрескел, елеулі, болмашы бұзушылықтардың белгіленген анықтамаларына сәйкес беріледі.

      14. Қолданылатын ақпарат көздерінің басымдығын негізге ала отырып, субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткішін есептеу тәртібіне сәйкес осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші 0-ден 100-ге дейінгі шәкіл бойынша есептеледі.

      Тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі) мыналарға:

      1) тәуекел дәрежесінің көрсеткіші 71-ден 100-ді қоса алғанға дейін болған кезде – тәуекелдің жоғары дәрежесіне;

      2) тәуекел дәрежесінің көрсеткіші 41-ден 70-ті қоса алғанға дейін болған кезде – тәуекелдің орташа дәрежесіне;

      3) тәуекел дәрежесінің көрсеткіші 0-ден 40-ты қоса алғанға дейін болған кезде – тәуекелдің төмен дәрежесіне жатқызылады.

3-параграф. Тәуекелдерді басқару

      15. Адал бақылау және қадағалау субъектілерін көтермелеу және бұзушыларға бақылау мен қадағалауды шоғырландыру қағидатын іске асыру мақсатында бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) субъективті өлшемшарттарды қолдану арқылы реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарымен айқындалатын кезеңге бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексеру жүргізуден босатылады.

      16. Бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) ақпараттық жүйені қолдана отырып, бақылау және қадағалау субъектілері қызметінің тиісті салаларындағы жоғары тәуекел дәрежесінен орташа тәуекел дәрежесіне немесе орташа тәуекел дәрежесінен төмен тәуекел дәрежесіне мынадай жағдайларда:

      1) егер мұндай субъектілер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен үшінші тұлғалар алдында азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарттарын жасасcа;

      2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында және реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудан немесе талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізуден босату жағдайлары айқындалған болса;

      3) егер субъектілер өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің нәтижелерін тану туралы келісім жасалған, "Өзін-өзі реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері болып табылса ауыстырылады.

      17. Кодекстің 141-бабының 10-тармағына сәйкес реттеуші мемлекеттік органдар, сондай-ақ мемлекеттік органдар ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесіне (қатысушысына) мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің нәтижелерін тану туралы жасалған келісімді ескере отырып, жеңілдететін индикатор ретінде тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында осындай мүшеліктің (қатысудың) болу фактісін ескереді.

      Осы тармақтың, сондай-ақ осы Қағидалардың 16-тармағы 3) тармақшасының ережелері ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету салаларына қолданылмайды.

      18. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудан және (немесе) талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізуден босату мақсатында реттеуші мемлекеттік органдар, сондай-ақ мемлекеттік органдар жеңілдететін индикаторларды ескереді.

      Жеңілдететін индикаторларға:

      1) деректерді онлайн-режимде беретін аудио және (немесе) бейне жазбалардың болуы;

      2) деректерді мемлекеттік органдар жүйесіне беретін датчиктер мен басқа да бекіту құрылғыларының болуы (су датчиктері, атмосфераға шығарындыларды тіркеу датчиктері) жатады.

      19. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осындай негіздер көзделген болса, реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес тәуекелдерді бағалау мен талдаудың, аудиттің, сараптамалардың қолданылатын баламалы (тәуелсіз) жүйелері негізінде бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудан және (немесе) талапқа сәйкестігіне тексеру жүргізуден босату мүмкін болады.

4-параграф. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес ерекшелік пен құпиялылық ескеріле отырып, ақпараттық жүйелерді пайдаланатын мемлекеттік органдарға арналған тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру ерекшеліктері

      20. Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тәуекелдің нақты дәрежелеріне жатқызатын және бақылау іс-шараларын жүргізу кестелерін немесе тізімдерін қалыптастыратын ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жүргізіледі, сондай-ақ мемлекеттік статистикаға, ведомстволық статистикалық байқаудың қорытындыларына, сондай-ақ ақпараттық құралдарға негізделеді.

      Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесі болмаған кезде оларға қатысты бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексеру жүзеге асырылатын бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) санының ең аз жол берілетін шегі мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың белгілі бір саласындағы осындай бақылау және қадағалау субъектілерінің жалпы санының бес пайызынан аспауға тиіс.

      21. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес ерекшелік пен құпиялылық ескеріле отырып, ақпараттық жүйелерді пайдаланатын мемлекеттік органдарға арналған тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру кезінде тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткішін есептеу, сондай-ақ оларға сәйкес бақылау және қадағалау субъектісі жоғары, орташа немесе төмен тәуекел дәрежесіне жатқызылатын тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында белгіленеді.

      22. Тәуекелдерді бағалау жүйелерін автоматтандырудың техникалық мүмкіндігі және тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі – ақпараттық жүйенің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес құпия болып табылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен олардың құпиялылығын қамтамасыз ете отырып келісіледі.

      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен келісу мерзімі жоба келісуге келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнін құрайды.

3-тарау. Субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткішін есептеу тәртібі

      23. Осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес бақылау және қадағалау субъектісін тәуекел дәрежесіне жатқызу үшін тәуекел дәрежесінің көрсеткішін есептеудің мынадай тәртібі қолданылады.

      Бір өрескел бұзушылық анықталған кезде бақылау және қадағалау субъектісіне тәуекел дәрежесінің 100 көрсеткіші теңестіріледі және оған қатысты талаптарға сәйкестігіне тексеру немесе бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіледі.

      Өрескел бұзушылықтар анықталмаған жағдайда тәуекел дәрежесінің көрсеткішін айқындау үшін елеулі және болмашы дәрежедегі бұзушылықтар бойынша жиынтық көрсеткіш есептеледі.

      Елеулі бұзушылықтар көрсеткішін айқындау кезінде 0,7 коэффициенті қолданылады және бұл көрсеткіш мына формула бойынша есептеледі:

      SРз = (SР2 х 100/SР1) х 0,7,

      мұнда:

      SР3 – елеулі бұзушылықтардың көрсеткіші;

      ЅР1 - елеулі бұзушылықтардың талап етілетін саны;

      ЅР2 - анықталған елеулі бұзушылықтардың саны;

      Болмашы бұзушылықтардың көрсеткішін айқындау кезінде 0,4 коэффициенті қолданылады және бұл көрсеткіш мына формула бойынша есептеледі:

      SРн = (SР2 х 100/SР1) х 0,4,

      мұнда:

      ЅРн – болмашы бұзушылықтардың көрсеткіші;

      ЅР1 – болмашы бұзушылықтардың талап етілетін саны;

      ЅР2 – анықталған болмашы бұзушылықтардың саны;

      Тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші (SР) 0-ден 100-ге дейінгі шәкіл бойынша есептеледі және мына формула бойынша елеулі және болмашы бұзушылықтардың көрсеткіштерін қосу арқылы айқындалады:

      SР = SРз + SРн,

      мұнда:

      SР – тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші;

      SР3 – елеулі бұзушылықтардың көрсеткіші;

      SРн – болмашы бұзушылықтардың көрсеткіші.

      Жалпы көрсеткіштің алынған мәні кәсіпкерлік субъектісін осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес белгілі бір тәуекел дәрежесіне жатқызуға негіз болып табылады.

4-тарау. Тексеру парақтары

      24. Тексеру парақтары бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) біртекті топтары үшін жасалады және Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес талаптарды қамтиды және Кодекстің 143-бабының 2-тармағында айқындалған шарттарды сақтай отырып жүргізіледі.

      25. Біртекті топтар бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) жүзеге асыратын қызмет түрлері бойынша, сол сияқты тіркеу нысаны бойынша (заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер) бөлінеді.

      26. Тексеру парақтары осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      27. Тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) қызметінің салалары үшін талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізудің жиілігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарымен, бірақ жылына ең көбі бір рет айқындалады.

      Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы эпидемиялық маңыздылығы жоғары бақылау және қадағалау объектілеріне қатысты талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізу жиілігі ең көбі жарты жылда бір рет айқындалады.

      Тәуекелдің орташа дәрежесіне жатқызылған бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) қызметінің салалары үшін талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізудің жиілігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарымен, бірақ ең көбі екі жылда бір рет айқындалады.

      Тәуекелдің төмен дәрежесіне жатқызылған бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) қызметінің салалары үшін талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізудің жиілігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарымен, бірақ ең көбі үш жылда бір рет айқындалады.

  бұйрығына
2-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика
министрінің міндетін
атқарушының
2018 жылғы 31 шілдедегі
№ 3 бұйрығына
2-қосымша

      Нысан

Тексеру парағы

      ______________________________________________________________________

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің

      _____________________________________________________ саласында/аясында

      138 және 139-баптарына сәйкес

      ______________________________________________________________ қатысты

      бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) біртекті тобының атауы

      Тексеруді/ бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы

      профилактикалық бақылауды тағайындаған мемлекеттік орган _______________

      ______________________________________________________________________

      Тексеруді/ бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы

      профилактикалық бақылауды тағайындау

      туралы акт ____________________________________________________________

      №, күні

      Бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы ___________________

      _____________________________________________________________________

      Бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) (жеке сәйкестендіру нөмірі),

      бизнес-сәйкестендіру нөмірі ____________________________________________

      _____________________________________________________________________

      Орналасқан жерінің мекенжайы _________________________________________

      _____________________________________________________________________

Талаптар тізбесі

Талаптарға сәйкес келеді

Талаптарға сәйкес келмейді

1

2

3

4









      Лауазымды адам (-дар) __________________________________ _____________

                                                лауазымы                   қолы

      ____________________________________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

      Бақылау және қадағалау субъектісінің басшысы _______________ ___________

                                                      лауазымы             қолы

      _______________________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)