Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференц-байланыс немесе бейнежолданым арқылы жолданым беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2021 жылғы 16 маусымдағы № 213/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 19 маусымда № 23111 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.

      2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 64-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференц-байланыс немесе бейнежолданым арқылы жолданым беру қағидалары бекітілсін.

      2."Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференцбайланыс немесе бейнеөтініш арқылы жүгіну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 50 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13206 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің
2021 жылғы 16 маусымдағы
№ 213/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференц-байланыс немесе бейнежолданым арқылы жолданым беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференц-байланыс немесе бейнежолданым арқылы жолданым беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 64-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына (бұдан әрі – мемлекеттік органдардың басшылары) бейнеконференц-байланыс немесе бейнежолданым арқылы жолданым беру тәртібін айқындайды.

      2. Бейнеконференц-байланыс немесе бейнежолданым арқылы жолданым берілген кезде дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар мен қысқартулар қолданылады:

      1) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган – ақпараттандыру және "электрондық үкiмет" саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет;

      3) әкімшілік рәсімге қатысушылар – мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;

      4) бейнеконференц-байланыс – өзара қашық бірнеше абоненттің нақты уақыт режимінде аудио және бейнеақпарат алмасу мүмкіндігі беріліп, интерактивтік өзара іс-қимыл жасауы үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланылатын көрсетілетін байланыс қызметі;

      5) бейнежолданым – "Aзаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыратын, әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберілген бейнеформаттағы жеке немесе ұжымдық арыз, шағым;

      6) бейнежолданымдарды қабылдау сервисі (бұдан әрі – БЖҚС) – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында орналасқан, жабдықталған бөлмелерде мемлекеттік органдардың басшыларына бейнежолданым беру жөніндегі ақпараттық ресурс;

      7) жеке сәйкестендiру нөмiрi (бұдан әрі – ЖСН) – жеке тұлға, оның iшiнде өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр;

      8) онлайн-қабылдау – Мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылатын, субъектінің, лауазымды тұлғаның жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініштерін бейне-конференцбайланыс арқылы қабылдау жөніндегі әрекеті;

      9) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      10) электрондық тіркеу бақылау карточкасы – электрондық құжат деректемелерін тіркейтін, белгіленген нысан бойынша құжат туралы есептік деректері бар электрондық құжат;

      11) "электрондық үкiмет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – "электрондық үкiмет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;

      12) "электрондық үкіметтің" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің бірыңғай терезесін білдіретін ақпараттық жүйе;

      13) "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы пайдаланушылардың кабинеті (бұдан әрі – жеке кабинет) – "электрондық үкімет" веб-порталының өтініштерді қарайтын субъектілерге өтініш беру мәселелері, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына арналған құрам бөлігі.

2-тарау. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференц-байланыс арқылы жолданым беру тәртібі

      4. Мемлекеттік органның бірінші басшылары ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісуімен бейнеконференц-байланысы арқылы қабылдауды өткізуге бөлінген уақытты көрсете отырып, алдағы тоқсанға Кодекске сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушылардың қабылдау кестесін (бұдан әрі – Қабылдау кестесі) дербес бекітеді.

      5. "Электрондық үкімет" веб-порталына орналастыру үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік органның жауапты қызметкері бекітілген Қабылдау кестесін тоқсан басталғанға дейін кем дегенде күнтізбелік он бес күн бұрын жібереді.

      6. Бейнеконференц-байланыс арқылы қабылдау туралы әкімшілік рәсімге қатысушының арызына берген мемлекеттік органдардың шешімдері мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) бейнеконференц-байланыс арқылы қабылдау күнін және өткізу уақытын белгілеу;

      2) егер мәселе мемлекеттік орган басшысының құзыретіне жатпаса, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту.

      Бейнеконференц-байланыс арқылы қабылдау туралы жолданымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін мемлекеттік орган әкімшілік рәсімге қатысушыға осы шешімге қатысты өз ұстанымын білдіруге (тыңдауға) мүмкіндік беруге міндетті, ол туралы арыз иесіне алдын ала, бірақ ол қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарланады.

      Тыңдау Кодекстің 63-бабының талаптарына сәйкес жүргізіледі.

      7. Мемлекеттік органның қабылданған шешімі туралы хабарламасы әкімшілік рәсімге қатысушының электрондық поштасының мекенжайына немесе оның жеке кабинетіне "электрондық үкімет" порталы арқылы жіберіледі, сондай-ақ операторға және "электрондық үкімет" веб-порталына орналастырылған бейнеконференц-байланыс арқылы қабылдау бойынша жабдықтар орнатылған Мемлекеттік корпорацияның тізбесіне сәйкес, бейнеконференц-байланыс арқылы қабылдау жүргізілетін Мемлекеттік корпорацияға хабарланады.

      8. Келесі айға бекітілген Кестенің шеңберінде мемлекеттік орган басшыларының қабылдауына әкімшілік рәсімге қатысушыларды тіркеу аяқталған кезде, мемлекеттік органның жауапты қызметкері бейнеконференц-байланыс арқылы қабылдау кестесін (бұдан әрі – кесте) жасайды және бейнеконференц-байланыс арқылы қабылдау жоспарланған ай басталмай тұрып үш күннен кешіктірмей операторға және Мемлекеттік корпорацияға хабарлайды.

      9. Оператор кесте келіп түскеннен кейін бір жұмыс күн ішінде оны "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырады.

      10. Кодекстің 76-бабына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.

      Кодекстің 99-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.

3-тарау. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың орынбасарларына бейнежолданым арқылы жолданым беру тәртібі

      11. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың бейнежолданымдарын қабылдау "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырылған "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының тізіміне сәйкес, жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну арқылы жүзеге асырылады.

      12. Әкімшілік рәсімге қатысушы бейнежолданым беру мәселесі бойынша Мемлекеттік корпорацияның ресепшніне (анықтама бұрышы) жүгінген жағдайда, Мемлекеттік корпорация қызметкері әкімшілік рәсімге қатысушыны сәйкестендіруді жүзеге асырады, "Бейнежолданым берген азаматтарды тіркеу" журналына әкімшілік рәсімге қатысушының жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін енгізеді, бейнежолданым берудің негізгі қағидаларын түсіндіреді, әкімшілік рәсімге қатысушыны бейнежолданым беру бөлмесіне шығарып салады.

      13. Әкімшілік рәсімге қатысушы бейнежолданым жазу алдында өзінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), пошталық мекенжайы, электрондық пошта мекенжайы; заңды тұлғалар – атауы, пошталық мекенжайы, электрондық пошта мекенжайы туралы мәліметтерді енгізеді.

      14. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың бейнежолданым жазу уақыты үш минутты құрайды. Үш минуттан артық бейнежолданым жазу қажеттілігі туындаған жағдайда, сол адресатқа жаңа жолданым жазу қажет.

      Бейнежолданым жазбасы аяқталысымен экранда жазу күні, жауабын қарау үшін құпия коды және жауаптың болжамды күні туралы мәліметтер көрініп, код-штрихы бар чек шығады.

      15. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың бейнежолданымы "электрондық үкімет" мемлекеттік органдар тізбесіне сәйкес веб-порталында орналастырылған БЖҚС сервисіне қосылған, бейнежолданымда қойылған мәселелердiң шешімі құзыретіне кіретін мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға жіберіледі.

      Шағым түсірген кезде мемлекеттік орган атауы немесе әрекетіне шағымданатын лауазымдық тұлғалардың лауазымы, аты-жөнінің бірінші әріптері, аты-жөні, жолданымның уәждері мен талаптары көрсетіледі.

      16. Осы Қағидаларға сәйкес белгiленген тәртiппен берiлген бейнежолданымдар Кодекстің 64-бабына сәйкес мiндеттi түрде қабылдауға, тiркеуге және есепке алуға жатады.

      17. Мемлекеттік органдарға БЖҚС-ге қолжетімділікті ақпарат саласындағы уәкілетті орган береді.

      18. Жолданымда қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға келiп түскен әкімшілік рәсімге қатысушылардың бейнежолданымдары мемлекеттік органға, лауазымды тұлғаға келiп түскен күнінен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тиiстi мемлекеттік органдарға жiберiледi, бұл туралы әкімшілік рәсімге қатысушыға хабарланады.

      19. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың бейнежолданымдарын қарау нәтижелері бойынша Кодекстің 89-бабы 1-тармағында немесе 100-бабының 1-тармағында көзделген шешімдердің бірі қабылданады.

      Кодекстің 73-бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушыға тыңдау рәсімін өткізу арқылы әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, ол туралы әкімшілік рәсімге қатысушыға алдын ала, бірақ шешім қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей хабар беріледі.

      20. Бiр тұлғаның мүддесi үшiн бiр мәселе бойынша бiрнеше әкімшілік рәсімге қатысушылардан бейнежолданым келiп түскен кезде, бiрiншi жолданым негiзгi жолданым ретiнде тiркеледi, ал кейiнгiлерi негiзгi жолданымға қоса тiркеледi және бiрiншi жолданым келiп түскен күннен бастап есептелетiн белгiленген мерзiм шегiнде оларды шешудiң нәтижелерi туралы әкімшілік рәсімге қатысушыға хабарлана отырып, бiр жолданым ретiнде қаралады.

      21. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың бейнежолданымдарын қарау бойынша шешімдер әкімшілік рәсімге қатысушының пошталық мекенжайына жолданады.

      Мемлекеттік органның жауапты қызметкері БЖҚС-ға шешімді қосымша орналастырады және әкімшілік рәсімге қатысушы көрсеткен электрондық мекенжайға жібереді.

      22. Мемлекеттік органның жауапты қызметкері әкімшілік рәсімге қатысушылардың бейнежолданымдарына берілген жауаптарды оларға қол қойылған және тіркелген күні БЖҚС-да тіркейді.

  Әкімшілік рәсімге
қатысушылардың мемлекеттік
органдардың басшыларына және
олардың орынбасарларына
бейнеконференц-байланыс
немесе бейнежолданым арқылы
жолданым беру қағидаларына
қосымша

Бейнеконференц-байланыс арқылы жолданым беруді толтырудың үлгісі