Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 122 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 28 сәуірде № 22644 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.05.2021 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Білім және

      ғылым министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Денсаулық

      сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Еңбек және

      халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму,

      инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2021 жылғы 28 сәуірдегі
№ 122 бұйрығымен
бекітілген

Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 35-11) тармақшасына сәйкес әзірленді және балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:

      1) оператор – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы немесе осы Қағидаларға сәйкес мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру рәсімін басқаруды орындауға уәкілеттік берілген оның құрылымдық бөлімшесі;

      2) өнім беруші – білім беру ұйымдарынан басқа, меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына, типтері мен түрлеріне қарамастан, заңды тұлға немесе дара кәсіпкер.

2-тарау. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру тәртібі

      3. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) орналастыру мыналарды қамтиды:

      1) мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін өнім берушілерді іріктеу;

      2) шығармашылық үйірмелерге орындарды бөлу тәртібі.

      Мемлекеттік тапсырысты орналастыру оператордың тиісті жылға арналған бюджетінде көзделген қаражат көлемінде өнім берушілер арасында жүзеге асырылады.

      Оператор мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру жоспарының жобасын күнтізбелік жылдың толық көлемінде жасайды және мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоспарланған елді мекеннің аудандары (шағын учаскелері) мен шығармашылық түрлерін егжей-тегжейлі көрсете отырып, жыл сайын жоспарланатын жылдың алдыңғы жылының 31 қазаннан кешіктірілмейтін мерзімде оператордың ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      Оператор мемлекеттік тапсырысты қаржыландырудың бекітілген жоспарын оны бекіткеннен кейін жыл сайын 5 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оператордың ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін оператор балалардың контингентін электрондық түрде жинақтауды жүргізеді. Балалар контингентін жинақтау кезінде оператор осы Қағидалардың 11 және 12-тармақтарында көзделген кезектілікті басшылыққа ала отырып, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге орындарды бөледі.

      Мемлекеттік тапсырысты орналастыру, балалар контингентін жинақтау, сондай-ақ өнім берушінің, оператордың және баланың заңды өкілінің осы процестерге байланысты өзге де ілеспе функционалдық операциялары өнім беруші және баланың заңды өкілі үшін өтеусіз жүзеге асырылады.

Параграф 1. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін өнім берушілерді іріктеу

      4. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысу үшін өнім беруші операторға цифрландыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) келесі құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді:

      1) жеке кәсіпкер үшін: жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаның нөмірі (ӘҚНЖК);

      2) шығармашылық үйірме қызметін ұйымдастыруға пайдалану үшін өтініш берушінің меншігіндегі және (немесе) өзге де заңды негіздегі (қолдану мерзімі өтініш берілген күннен бастап 1 жылдан кем емес) жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды ұсынады;

      3) өнім беруші бекіткен оқу бағдарламасы:

      оқу бағдарламасының мақсаттары мен міндеттері;

      болжамды шығармашылық нәтижелер;

      оқу дәрежелері бойынша сабақтардың мазмұны;

      сабақтарды қамтамасыз ету үшін материалдық-техникалық жарақтандырудың сипаттамасы;

      сабақтарды өткізу кестесі;

      баланың заңды өкілдері үшін ішкі іс-шараларды, оның ішінде конкурс (жарыс), есептік іс-шараларды және ашық сабақтарды өткізудің жоспарланған кестесі;

      сабақ өткізу үшін қажетті балалардың жеке құрал-жабдықтары мен киім-кешегі туралы мәліметтер;

      өнім беруші бекіткен шығармашылық үйірмеге қатысу регламентін қамтиды;

      4) балалармен сабақ өткізуге тартылатын қызметкерлердің тізімі;

      5. Балалармен сабақ өткізетін өнім берушінің әрбір қызметкерінің өтінішіне мынадай мәліметтерді қамтитын ақпарат қоса беріледі:

      1) жеке сәйкестендіру нөмірі, ТАӘ (болған жағдайда);

      2) мынадай тәсілдердің бірімен кәсіби шығармашылық бағдарын растайтын құжаттар:

      мәдениет немесе өнер бағыттары бойынша жоғары және кәсіптік (арнаулы орта, кәсіптік орта) білімінің болуы;

      шығармашылықтың бейінді түрі бойынша мәдениет немесе өнер саласында кадрларды даярлаудың немесе қайта даярлаудың табысты аяқталған курстарының болуы;

      3) өтініш берілген күнге 24 айдан кешіктірмей "Алғашқы көмекті медициналық білімі жоқ, оның ішінде тиісті даярлықтан өткен адамдардың көрсету қағидаларын және Алғашқы көмекті көрсету стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-269/2020 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21814 болып тіркелген) сәйкес берілген сертификат;

      4) өтініш берілген күнге күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей берілген соттылығының болуы немесе болмауы туралы анықтама;

      5) өтініш берілген күнге күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей берілген наркологиялық ұйымдағы диспансерлік бақылауда тұрғаны/тұрмағаны туралы анықтама;

      6) өтініш берілген күнге күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей берілген психоневрологиялық ұйымдағы диспансерлік бақылауда тұрғаны/тұрмағаны туралы анықтама;

      7) өтініш берілген күнге күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей берілген мамандандырылған туберкулезге қарсы ұйымнан (туберкулезбен ауыратын науқастардың диспансерлік есепте тұрғаны/тұрмағаны туралы) анықтама.

      6. Өтінішке қоса берілетін құжаттар, операторға оларда қамтылған ақпаратты сәйкестендіру үшін жеткілікті түрде орындалған электронды құжаттар түрінде ұсынылады

      Өтініш беру оператордың ақпараттық жүйесінде орналастырылатын және мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын тараптардың өзара қарым-қатынастарын реттейтін оператордың жария офертасына өнім берушінің акцептімен сүйемелденеді.

      7. Оператор өтінішті тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды.

      Өтінішті қарау қорытындылары бойынша өнім беруші осы Қағидалардың 4, 5 және 6-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келген жағдайда мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын өнім берушілердің тізіміне енгізіледі. Өнім беруші осы Қағиданың 4, 5 және 6-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, өнім берушіге дәлелді бас тарту жіберіледі.

      8. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын өнім берушілер тізіміне енгізілген өнім беруші осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша операторға өтініш жіберу арқылы өз бастамасы бойынша тізімнен шығарылады.

Параграф 2. Шығармашылық үйірмелерге орындарды бөлу тәртібі

      9. Өнім беруші шығармашылық үйірмелердегі орындарды босату фактісі бойынша операторға бос орындардың бар-жоғы туралы мәліметтерді береді, ал оператор "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-12) тармақшасына сәйкес мәдениет саласындағы уәкілетті орган бекітетін Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларында көзделген көлемде оларды кейіннен бөлуге бос орындар туралы мәліметтерді қабылдайды.

      Оператор ақпараттық жүйе арқылы баланың заңды өкіліне шығармашылық үйірмеге қабылдау үшін электрондық ваучер бере отырып, бос орындарды балалар арасында олардың кезектілігіне сәйкес бөледі.

      10. Шығармашылық үйірмеге қабылдануға ваучер алу үшін баланың заңды өкілі кезекке тұруға электрондық өтініш береді.

      Ваучер, оператор оны алған бала туралы ақпаратты тіркейтін, бала қабылданатын өнім берушінің шығармашылық үйірмесі және балаға бөлінетін қаржыландыру көлемін көрсететін бірегей нөмір болып табылады. Берілген ваучер туралы ақпарат электрондық хабарлама арқылы баланың заңды өкіліне жіберіледі.

      Баланың заңды өкілінің арыз беруін оның өзі не баланың заңды өкілі берген нотариат куәландырған сенімхат негізінде уәкілетті адам жүзеге асырады. Осы талаптың бұзылуы анықталған кезде оператор кезектегі өтініштің және ол бойынша берілген ваучердің күшін жояды, сондай-ақ 6 ай мерзімдік талап бұзушылық жасаған адам үшін кезекке қоюға тыйым салады.

      Мемлекеттік спорттық, шығармашылық және білім беру тапсырыстары шеңберінде ел ауқымындағы бір балаға спорт секцияларының немесе шығармашылық үйірмелердің қызметтеріне кезектегі баланың заңды өкілінің екіден көп емес өтінішінің болуына жол беріледі.

      Бала көшкен жағдайда баланың заңды өкілі операторға кезекке қоюға бұрын берілген өтінішін кері қайтарып алу туралы электрондық өтініш жібереді және баланың жаңа тұрғылықты жері бойынша кезекке қоюға қайтадан өтініш береді.

      11. Оператор шығармашылық үйірмеге қабылдау кезегін электронды түрде ақпараттық жүйеде жүргізеді.

      Кезек өнім берушінің әрбір шығармашылық үйірмесіне жеке қалыптастырылады және балалардың заңды өкілдері берген өтініштерден тұрады. Кезектегі өтініштер олардың берілген күні бойынша, секундқа дейінгі дәлдікпен сұрыпталады, жеңілдіктері жоқ және кезекке қою күні мен уақытына байланысты кезектегі позициядан басқа, бір-біріне қатысты тең мәнді болады.

      Кезектегі жайғасым балалардың кезектен шығуы себебінен кему жағына және өнім беруші ваучерлерін жойған балалардың кезекке оралуы себебінен өсу жағына қарай жылжиды.

      Кезекте орын ауыстыруға жол берілмейді.

      12. Орындарды бөлу және ваучерлерді беру Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша күн сайын сағат 18:00-де ақпараттық жүйемен автоматты түрде жүзеге асырылады.

      Ваучерлер тізімге енгізілген, мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын өнім берушілердегі шығармашылық үйірмелердің бос орындарына кезек тәртібімен беріледі. Ваучер берілгеннен кейін баланың заңды өкілінің өтініші кезектен алынады.

      Ваучердің қолданылу мерзімі 10 жұмыс күнін құрайды, осы уақыт ішінде баланың заңды өкілі шығармашылық үйірмеге қабылдау үшін қажетті құжаттарды жинауды және өнім берушімен шарт жасасуды жүзеге асырады.

      Ваучер атаулы болып табылады және алмастыруға жатпайды. Ваучердің қолданылу мерзімі ұзартылмайды, мерзімі өткен ваучер автоматты түрде жойылады. Баланың заңды өкілі қажет болған жағдайда кезекке тұру үшін қайта өтініш беруді жүзеге асырады.

      Мемлекет тарапынан шектеу шараларынан өнім берушілердің мәжбүрлі тоқтап тұруына, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан балалардың шығармашылық үйірмеге бармауына әкеп соғатын шектеу шаралары белгіленген жағдайда, оператор орындарды бөлуді және ваучерлерді беруді жүргізбейді.

      13. Жыл сайын 1-31 тамыз және 1-28 ақпан аралығында оператор бұрын кезекке қоюға өтініш берген, кезекте тұру мерзімі үш айдан асатын және баланы шығармашылық үйірмелерге қабылдау үшін ваучерлер алынбаған балалардың заңды өкілдерінің кезекті электрондық растау рәсімін жүзеге асырады.

      Баланың заңды өкілі электрондық түрде кезекте тұруға одан әрі мүдделілігін растайды немесе баланың заңды өкілінің растауы болмаған жағдайда оператор өтінішті кезектен алып тастайды.

      Қажет болған жағдайда баланың заңды өкілі кезекке қоюға қайта өтініш беруді жүзеге асырады.

      14. Кезекке қоюға өтініш берген кезде баланың заңды өкілі оның отбасы тұратын аудан (шағын учаске) бойынша шығармашылық үйірмелерге қажеттілігі туралы ақпараты бар электрондық сауалнаманы толтырады.

      15. Өнім беруші операторға берілген орындарды бөлу үшін, оның ішінде берілген ваучері бар орындарды қайтарып алу себебін көрсете отырып, кері қайтарып алады.

      Ваучер берілген орынды кері қайтарып алу баланың заңды өкілінің өтінішті беру күні мен уақытына сәйкес бос орынға кезектегі бастапқы өтінішін қалпына келтіреді.

      16. Оператор төмендегі ақпаратты уақтылы өзектендіріп және ресми интернет-ресурс арқылы ашық қол жеткізуге ұсынады:

      1) елді мекеннің аудандарындағы (шағын учаскелердегі) шығармашылық үйірмеге сұраныс туралы мәліметтер;

      2) келесі қаржы жылына арналған мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру жоспары туралы мәліметтер;

      3) ағымдағы қаржы жылында мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру жоспарының ай сайын орындалуы туралы мәліметтер

      4) шығармашылық үйірменің рейтингі туралы мәліметтер;

      5) оператор балаларға арнап ұйымдастыратын аудандық, қалалық және өңірлік байқаулардың, сайыстар мен жарыстардың тегін іс-шараларының күнтізбесі;

      6) баланың тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), өтініштің нөмірі мен берілген күні көрсетілген ваучер алуға кезекте тұрғандардың тізімі;

      7) операторға бөлуге берілген орындар тізімі;

      8) өнім берушілерде орындардың босау реттілігі;

      9) ваучерлерді беру реттілігі.

      Оператор жеке тұлғалар туралы мәліметтерді: жеке тұлғалардың телефон нөмірлерін, мекен-жайларын, жеке сәйкестендіру нөмірлерін және туған күндерін жарияламайды.

      17. Оператор мемлекеттік тапсырыс рәсімдерін орындау барысында жинақталатын мәліметтерді ақпараттық жүйенің серверлерінде және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бірыңғай көлік ортасы периметрінің ішінде нақты орналасқан ақпарат жеткізгіштерде сақтауды жүзеге асырады.

      Мемлекеттік тапсырыс міндеттерін жүзеге асыратын ақпараттық жүйенің құрамдас бөліктері:

      1) "электрондық үкіметтің" сыртқы шлюзі арқылы Интернет желісін пайдаланушылармен өзара қарым-қатынаста болады";

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға" сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органда ақпараттық қауіпсіздікті екінші деңгейден төмен емес ақпараттандыру объектілеріне қойылатын талаптарға сәйкестігіне ақпараттық қауіпсіздікке жүргізілген сынақтардың сәтті нәтижесі туралы акт алады;

      3) білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен ақпарат алмасуды және мемлекеттік білім беру мен мемлекеттік тапсырыс алуға кезекте тұрған және алатын балалар, осы процеске қатысатын өнім берушілер мен олардың қызметкерлері бойынша ақпаратты салыстырып тексеруді, сондай-ақ бала баратын орта білім беру ұйымы туралы мәліметтерді, оның қорғаншылары мен қамқоршылары туралы мәліметтерді, оның ағымдағы және тарихи үлгерімі туралы деректерді алуды жүзеге асыру үшін интеграцияланады;

      4) баланың денсаулық жағдайы туралы және баланың эпидемиологиялық ортасын талдау туралы анықтаманы электрондық түрде алу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланады;

      5) істен шығу жағдайында жұмысқа қабілеттілікті тез қалпына келтіру мүмкіндігі үшін жинақталған деректерді резервтейді.

3-тарау. Шығармашылық үйірмелердің жұмыс істеу тәртібі

      18. Шығармашылық үйірмелердің жұмыс істеуі мыналарды қамтиды:

      1) сабақтар өткізу үшін үй-жайға қойылатын талаптар;

      2) балаларды есептеу, есепке алу және дамыту.

      Өнім беруші шығармашылық үйірмелердің жұмыс істеуін сабақтар өткізу үшін үй-жайларды жарақтандыруға қойылатын талаптарды ескере отырып және Заңның 7-бабының 35-13) тармақшасына сәйкес мәдениет саласындағы уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес шығармашылық үйірмелердің түрлеріне қойылатын талаптарды ескере отырып жүзеге асырады.

Параграф 1. Сабақтар өткізу үшін үй-жайға қойылатын талаптар

      19. Сабақтар өткізуге арналған таза үй-жай және жұмыс жасауға ыңғайлы жабдықталған санитариялық тораппен:

      дәретхана;

      ыстық және суық суы бар қолжуғышпен;

      жеке гигиена құралдарымен, оның ішінде дәретхана қағазы және сабын;

      жарықтандыру;

      қол кептіргішпен немесе бір рет қолданылатын қағаз сүлгімен жабдықталады.

      20. Сабақтар өткізу үшін үй-жай топтағы балалардың рұқсат етілген шекті санынан кем емес мөлшерде жарақтандырылған шешінетін орынмен, жеке шкафтармен жабдықталады.

      21. Сабақтар өткізу үшін үй-жайлар, санитарлық торап пен киім шешетін бөлмелер жылытылады және күзгі-қысқы кезеңде кемінде 20°C температураны қамтамасыз етеді.

      Сабақтар өткізу үшін үй-жайдың табиғи жарықтандырылуы және желдету мүмкіндігі бар терезелері болады, не ішке сору-сыртқа тарату желдеткішімен жабдықталады.

      22. Сабақтар өткізу үшін үй-жайларды күтіп-ұстау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 16-тармағы бірінші бөлігінің 132-1) тармақшасында көзделген құзыретке сәйкес бекітілетін "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларында көзделген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

Параграф 2. Балаларды тіркеу, есепке алу және дамыту

      23. Ваучерде көрсетілген өнім беруші мен баланың заңды өкілі арасында ваучердің қолданылу мерзімі ішінде баланы шығармашылық үйірмеге қабылдауға шарт жасалады.

      Өнім беруші мен баланың заңды өкілі арасында шарт жасасу әрбір ваучер бойынша жеке жүзеге асырылады.

      24. Баланың заңды өкілі өнім берушінің біліктілігін және сабақтарды өткізу шарттарын бағалау мақсатында өнім берушімен шартқа қол қою немесе қол қоймау туралы шешім қабылдау үшін ваучердің қолданылу мерзімі кезеңінде кемінде екі сынақ сабағын өткізуге жіберіледі.

      25. Шарт жасасу үшін баланың заңды өкілі өнім берушіге келесі құжаттарды ұсынады:

      1) Шығармашылық үйірмеге қабылдау үшін еркін нысандағы өтініш;

      2) баланың суреті;

      3) баланың туу туралы куәлігінің сканерленген көшірмесі;

      4) баланың денсаулық жағдайы туралы 027/у нысаны бойынша дәрігердің сабаққа жіберуге рұқсаты бар "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі – ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығы) анықтама;

      5) баланың эпидемиологиялық ортасын талдау туралы 037/е нысаны бойынша ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген анықтама.

      26. Өнім беруші шарт жасасудан мынадай жағдайларда бас тартады:

      1) баланың заңды өкілі осы Қағидалардың 25-тармағында көзделген құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда;

      2) баланың заңды өкілінің анық емес және бұрмаланған ақпарат беруі;

      3) баланы шығармашылық үйірмеге қабылдауға кедергі келтіретін медициналық қарсы айғақтардың болуы.

      Ерекше білім беру қажеттіліктері бар немесе мүмкіндіктері шектеулі баланы шығармашылық үйірмеге қабылдау мүмкіндігін бағалау өнім берушінің қалауы бойынша анықталады.

      27. Баланы шығармашылық үйірмеге қабылдау шарт жасалған күннен кейінгі келесі күні жүзеге асырылады.

      28. Баланың заңды өкілінің қалауы бойынша және өнім берушінің келісімі бойынша қабылданған бала алдын ала кезекке қою қажеттілігінсіз осы өнім берушінің басқа балалар тобына ауыстырылады.

      29. Өнім беруші балалардың заңды өкілдерін алдын ала хабардар ете отырып, ішкі қажеттілікке сәйкес топтарды, сабақтар кестесін және топтарда сабақ жүргізетін қызметкерлерді ұлғайтады, қысқартады және (немесе) қайта қалыптастырады.

      30. Өнім беруші күнтізбелік жылға арналған жұмыс жоспарын жасайды және онымен әрбір баланың заңды өкілін таныстырады.

      Жұмыс жоспары мыналарды қамтиды:

      1) конкурс (жарыс) іс-шараларының болжамды кестесі;

      2) балалар іссапарларының болжамды кестесі;

      3) балалардың заңды өкілдері алдында есептік өнер көрсетуінің болжамды кестесі.

      31. Өнім беруші әр бала үшін портфолио жүргізеді, оған бейне және фотоматериалдар мен олар туралы ақпарат енгізіледі:

      жыл бойы баланың шығармашылық даму көрсеткіштері;

      конкурс (жарыс) іс-шараларына қатысу нәтижелері туралы;

      іссапарларға қатысу;

      балалардың заңды өкілдерінің алдында есептік өнер көрсетуіне қатысу;

      сабаққа қатысу;

      денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық қарап-тексеруден өту нәтижелері бойынша баланы шығармашылық үйірмедегі сабақтарға жіберу немесе жібермеу.

      32. Өнім беруші баланы шығармашылық үйірмеден бір жақты тәртіпте шығарады, оның орнын операторға бөлуге береді:

      1) мектеп демалыстары кезеңін қоспағанда дәлелді себепсіз қатарынан 3 сабақ өткізіп алған жағдайда;

      2) шығармашылық үйірмеге бару регламентін сақтамағаны үшін;

      3) денсаулық сақтау ұйымы растаған, баламен сабақ өткізуге кедергі келтіретін, баланың медициналық қарсы көрсетілімдері немесе эмоциялық-ерік саласының бұзылыстары болған жағдайда;

      4) шарт талаптары сақталмаған жағдайда тоқтатылады.

      Бала оқудан шығарылған кезде өнім беруші 10 жұмыс күні ішінде баланың заңды өкіліне баланың портфолиосын береді.

  Балалар мен жасөспірімдерге
арналған шығармашылық
үйірмелерде мемлекеттік
шығармашылық тапсырысты
орналастыру және олардың
жұмыс істеу қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  Мемлекеттік шығармашылық
тапсырыс операторына
____________________________
жергілікті атқарушы орган,
облыс, республикалық
маңызы бар қаланың және
астананың немесе оның
шығармашылық тапсырысты
орналастыру рәсімдерін
әкімшілендіруді орындауға
уәкілетті басшысы атынан
____________________________
басшының қызметі, тегі, аты,
әкесінің аты (болған жағдайда)
өнім беруші атынан
____________________________
заңды тұлғаның (бизнес-
сәйкестендіру нөмірі)
жеке кәсіпкердің атауы
(жеке сәйкестендіру нөмірі)
басшысы атынан ____________
басшының қызметі, тегі, аты,
әкесінің аты (болған жағдайда)

Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруға қатысуға өтініш

      Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруға қойылатын талаптарды зерделеп, қоса берілген құжаттарды қарауыңызды және мені мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын өнім берушілердің тізіміне қосуды сұраймын.

      Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес келесі шығармашылық үйірмелер қызметін көрсетуді жоспарлап отырмын:

№ р/с

Шығармашылық үйірменің түрі

Балалар тобының түрі (инклюзивті, интеграцияланған, арнайы)

Баланың жасы мен жынысы

Қызмет көрсетудің түрі (стационарлық немесе қашықтықтан)

Сабақтарды өткізу тілі

Елді мекеннің ауданы (шағын учаске)

Қызмет көрсету мекен-жайы

1

2

3

4

5

6

7

8

      Осымен балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларында көзделген талаптармен, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларымен және мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесімен танысқанымды растаймын.

      Қосымша: құжаттар ______ парақта

      Ұйымның басшысы                   ________________________________________

                                          қолы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      Толтырылған күні

  Балалар мен жасөспірімдерге
арналған шығармашылық
үйірмелерде мемлекеттік
шығармашылық тапсырысты
орналастыру және олардың
жұмыс істеу қағидаларына
2-қосымша
  Нысан
  Мемлекеттік шығармашылық
тапсырыс операторына
____________________________
жергілікті атқарушы орган,
облыс, республикалық
маңызы бар қаланың және
астананың немесе оның
шығармашылық тапсырысты
орналастыру рәсімдерін
әкімшілендіруді орындауға
уәкілетті басшысы атынан
____________________________
басшының қызметі, тегі, аты,
әкесінің аты (болған жағдайда)
өнім беруші атынан
____________________________
заңды тұлғаның (бизнес-
сәйкестендіру нөмірі)
жеке кәсіпкердің атауы
(жеке сәйкестендіру нөмірі)
басшысы атынан _____________
басшының қызметі, тегі, аты,
әкесінің аты (болған жағдайда)

Өтініш

      Мені мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруға қатысатын өнім

      берушілердің тізімінен ________________________________________________ себебі

      себебін сипаттау

      бойынша шығаруды сұраймын

      Ұйымның басшысы                         ____________________________________

                                          қолы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      Толтырылған күні