Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 11 ақпандағы № 21 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 12 ақпанда № 22200 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қаулының күшін жою көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 26.05.2023 № 28 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық Банкі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2021 жылғы 11 ақпандағы
№ 21 Қаулыға
қосымша

Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді және зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға (бұдан әрі – ИПБ) сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру тәртібін және мерзімдерін айқындайды.

      2. Қағидаларда Заңда көрсетілген мағыналарда қолданылатын ұғымдар пайдаланылады.

2-тарау. Зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруынан ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру тәртібі мен мерзімдері

      3. Салымшы зейнетақы активтерін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ) жеке жүгінуі арқылы немесе БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы БЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында белгіленген нысан бойынша және құжаттарды қоса бере отырып, Заңның 39-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасында көзделген, электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған ИПБ-ны таңдау туралы өтінішті береді.

      4. БЖЗҚ мына:

      1) БЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында белгіленген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған;

      2) салымшының жеке басын куәландыратын құжат ИПБ-ны таңдау туралы өтініш берілген күнгі жағдай бойынша жарамсыз болған;

      3) егер салымшының ИПБ-ны таңдау туралы өтініште көрсетілген және ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға берілуге тиіс зейнетақы жинақтары ИПБ-ны таңдау туралы өтініш берілген күнгі жағдай бойынша салымшының зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысымен бекітілген зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесіне сәйкес айқындалған салымшының зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегінің арасындағы айырмадан асып кеткен жағдайларда, ИПБ-ны таңдау туралы өтінішті алған күннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруден бас тартады.

      5. Салымшының ИПБ-ны таңдау туралы өтініші (өтініштері) негізінде зейнетақы активтерін Заңның 35-1-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында ИПБ-ны таңдау туралы өтініш берілген күнгі жағдай бойынша белгіленген шектеуді ескере отырып, бірнеше ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беруге жол беріледі.

      6. БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруынан ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруді зейнетақы жинақтарының ИПБ-ны таңдау туралы өтініште көрсетілген сомасына сәйкес келетін сомада ИПБ-ны таңдау туралы өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүзеге асырады.

      7. БЖЗҚ-ның кастодиан банкі БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын аударуға төлем тапсырмасын алған кезде операциялық 1 (бір) күн ішінде ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына берілген зейнетақы активтерін есепке алуға және сақтауға БЖЗҚ, ИПБ және кастодиан банк арасында үшжақты шарт жасалған ИПБ-ның кастодиан банкіндегі (бұдан әрі – ИПБ-ның кастодиан банкі) БЖЗҚ-ның шотына салымшының зейнетақы жинақтарын аударады.

3-тарау. Зейнетақы активтерін бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға беру тәртібі мен мерзімдері

      8. Салымшы зейнетақы активтерін бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға беру мақсатында БЖЗҚ-ға жеке жүгінуі арқылы немесе БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы БЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында белгіленген нысан бойынша және құжаттарды қоса бере отырып, Заңның 39-бабы 1-тармағының 4-2) тармақшасында көзделген, электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған ИПБ-ны өзгерту туралы өтінішті береді.

      9. БЖЗҚ мына:

      1) БЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында белгіленген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған;

      2) салымшының жеке басын куәландыратын құжат ИПБ-ны өзгерту туралы өтініш берілген күнгі жағдай бойынша жарамсыз болған;

      3) зейнетақы активтерін бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру үшін ИПБ-ны өзгерту туралы өтініш берудің жылына бір реттен жиі емес мерзімі сақталмаған жағдайларда, ИПБ-ны өзгерту туралы өтінішті алған күннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруден бас тартады.

      10. БЖЗҚ зейнетақы активтерін бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға беруді салымшының зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруында тұрған ИПБ-ны зейнетақы активтерін беру күніне дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей алдын ала хабардар ете отырып, зейнетақы активтерінің ИПБ-ны өзгерту туралы өтініште көрсетілген сомасына сәйкес келетін сомада ИПБ-ны өзгерту туралы өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 66 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. ИПБ-ның кастодиан банкі БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін аударуға төлем тапсырмасын алған кезде операциялық 1 (бір) күн ішінде басқа ИПБ-ның кастодиан банкіндегі БЖЗҚ-ның шотына салымшының зейнетақы жинақтарын аударады.

4-тарау. Зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға беру тәртібі мен мерзімдері

      12. Салымшы зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға қайтару мақсатында БЖЗҚ-ға жеке жүгінуі арқылы немесе БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы БЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында белгіленген нысан бойынша Заңның 39-бабы 1-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған зейнетақы жинақтарын қайтаруға өтінішті береді.

      13. БЖЗҚ мынадай жағдайларда:

      1) салымшы (алушы) Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 10 (он) жұмыс күні ішінде;

      2) БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болуына байланысты, сондай-ақ Заңның 31-бабы 1-тармағының 3), 4) тармақшаларында, 32-бабы 1-тармағының 3), 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, зейнетақы төлемдерін (жерлеуге, мұрагерлеріне) тағайындау туралы өтініш не соттың заңды күшіне енген шешімі БЖЗҚ-ға келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде;

      3) зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт бұзылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде;

      4) зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға қайтаруға өтінішті алған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жағдайды қоспағанда, ИПБ-ға зейнетақы активтерін беру күніне дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей алдын ала хабарлай отырып, зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан ҚРҰБ-ның сенімгерлік басқаруына беруді жүзеге асырады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 66 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. БЖЗҚ мына:

      1) салымшының жеке басын куәландыратын құжат зейнетақы жинақтарын қайтаруға өтініш берілген күнгі жағдай бойынша жарамсыз болған;

      2) Қағидалардың 13-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруынан ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына бастапқы бергеннен кейін 2 (екі) жылдан ерте емес болатын зейнетақы жинақтарын қайтаруға өтініш беру мерзімі сақталмаған жағдайларда, зейнетақы жинақтарын қайтаруға өтінішті алған күннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға қайтарудан бас тартады.

      15. БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына қайтаруды зейнетақы жинақтарын қайтаруға өтініште көрсетілген зейнетақы жинақтарының сомасына сәйкес келетін сомада зейнетақы жинақтарын қайтаруға өтініш негізінде жүзеге асырады.

      16. ИПБ-ның кастодиан банкі БЖЗҚ-дан салымшының зейнетақы жинақтарын қайтаруға төлем тапсырмасын алған кезде операциялық 1 (бір) күн ішінде БЖЗҚ-ның Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шотына салымшының зейнетақы жинақтарын аударады.