Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидаларын және ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) ұсыну жөніндегі шарттың үлгілік нысанын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қазанда № 21559 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 7-бабының 59) тармақшасына және 202-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.05.2022 № ҚР ДСМ-42 (01.07.2022 қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер ұсыну жөніндегі шарттың үлгілік нысаны бекітілсін.

      Мынадай:

      1) "Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттарын және Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсетуге арналған шарттың үлгілік нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 304 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11341 болып тіркелген, 2015 жылғы 24 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) "Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 304 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 2 мамырдағы № ҚР ДСМ-60 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18643 болып тіркелген, 2019 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бюджеттік департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ә.Б. Нүсіповаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2020 жылғы 29 қазандағы
№ ҚР ДСМ-170/2020
бұйрығына 1-қосымша

Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.05.2022 № ҚР ДСМ-42 (01.07.2022 қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 202-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Ақылы қызметтер медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы тұлғалар (бұдан әрі – пациенттер) болып табылатын, оның ішінде қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын жеке тұлғаларға көрсетіледі.

      Ақылы қызметтер көзі – азаматтардың өз қаражаты, ерікті медициналық сақтандыру қаражаты, жұмыс берушілердің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер ақылы медициналық қызметтерді қалыптастыру көздері болып табылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) денсаулық сақтау ұйымының дәрiлiк формуляры – Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр негізінде қалыптастырылған және денсаулық сақтау ұйымының басшысы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бекіткен, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған дәрілік заттардың тізбесі;

      3) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені;

      4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі – бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын медициналық көмектің көлемі.

2-тарау. Ақылы қызметтер көрсету тәртібі

      4. Ақылы негізде көрсетілетін медициналық көмекті (ақылы медициналық қызметтерді) денсаулық сақтау субъектілері стандарттарға сәйкес шарттық негізде көрсетеді.

      5. Ақылы қызметтердің түрлері және оларға бағалар прейскуранты жалпыға ортақ көпшілікке қолжетімді жерлердегі көрнекі ақпарат арқылы, оның ішінде интернет-ресурстарда көрсетілген денсаулық сақтау субъектілері жеткізеді, онда:

      1) денсаулық сақтау ұйымының ақылы қызметтер көрсетуге құқығын регламенттейтін құқықтық актілерге сілтемелер;

      2) медициналық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия және оған қосымшалар туралы мәліметтер (нөмірі мен берілген күні, лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрлерінің тізбесі, лицензиардың толық атауы);

      3) құны көрсетілген ақылы қызметтер тізбесі және оларға ақы төлеу тәртібі туралы мәліметтер;

      4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесі;

      5) ақылы медициналық қызметтер көрсетуге қатысатын медицина қызметкерлері туралы, олардың кәсіптік білімі мен біліктілігінің деңгейі туралы мәліметтер;

      6) азаматтардың жекелеген санаттары үшін ақылы қызметтер көрсету кезіндегі жеңілдіктер туралы мәліметтер;

      7) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек, ақылы қызметтер көрсетуге қатысатын денсаулық сақтау субъектілерінің жұмыс режимі, медицина қызметкерлерінің жұмыс кестесі;

      8) уәкілетті органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының, медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің мекенжайлары мен телефондары көрсетіледі.

      6. Ақылы қызметтер пациенттерге мынадай жағдайларда көрсетіледі:

      1) олардың бастамасы бойынша, оның ішінде бастапқы және қайталама деңгейдегі мамандарға жолдамай медициналық көмек көрсету;

      2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету;

      3) денсаулық сақтау ұйымының дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттармен емдеу;

      4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің тізбесіне кірмейтін және (немесе) медициналық көрсетілімдерсіз медициналық зерттеулер жүргізу;

      5) тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарды қоспағанда, санаторийлік- курорттық ұйымдарда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;

      6) медициналық көрсетілімдерсіз медициналық-генетикалық зерттеулер;

      7) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде көзделмеген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру көлемінен тыс медициналық зерттеп-қарау;

      8) тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарды қоспағанда, шарт бойынша, оның ішінде ерікті медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсету;

      9) Кодекстің 83-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету арқылы жүзеге асырылады.

      7. Ақылы медициналық қызметтер ақылы медициналық қызметтер (көмек) көрсету жөніндегі шарттың үлгілік нысаны негізінде көрсетіледі.

      Шарт Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалады.

      8. Егер ақылы медициналық қызметтер көрсету кезінде денсаулыққа келетін елеулі зиянды болдырмау және (немесе) өмірге төнген қатерді жою үшін кезек күттірмейтін медициналық араласуды қажет ететін кенеттен болған жіті аурулар, созылмалы аурулардың жай-күйі, асқынуы кезінде пациентке шұғыл медициналық көмек көрсету талап етілетін жағдайда, мұндай медициналық көмек ақы алмай, ал қажетті медициналық қажеттіліктер болмаған кезде, оның ішінде осы субъектінің мемлекеттік лицензия бейініне сәйкес келмеген кезде, осы субъекті медициналық, өз қаражаты есебінен пациентті тасымалдауды қоса алғанда, пациенттің тиісті денсаулық сақтау ұйымына рұқсатты ұйымдастырады.

      9. Тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарды қоспағанда, пациенттерді ақылы негізде емдеуге жатқызу денсаулық сақтау ұйымдарының ақылы бөлімшелерінде (палаталарында) жүзеге асырылады.

      10. Ақылы қызметтер көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері денсаулық сақтаудың медициналық ақпараттық жүйелерінде бастапқы есепке алу және есептік құжаттаманы жүргізуді "Денсаулық сақтау саласындағы есептік құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-313/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21879 болып тіркелген) және "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-313/2020 және (немесе) № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрықтары) бекітілген нысандары бойынша жүзеге асырады.

      Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде емделіп жатқан, Денсаулық сақтау ұйымының дәрілік формулярына енгізілмеген, сондай-ақ Кодекстің 251-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды сатып алуды қоса алғанда, емделіп жатқан пациенттерге ақылы қызмет көрсетудің әрбір жағдайы ҚР ДСМ-313/2020 және (немесе) № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрықтарына сәйкес бекітілген нысан бойынша есепке алу медициналық құжаттамасында негіздемемен көрсетіледі.

      Денсаулық сақтау субъектілері Аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктемесінің 9-қайта қарау кодына (бұдан әрі – АХЖ-9), Аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктемесінің 10-қайта қарау (бұдан әрі – АХЖ-10) кодына сәйкес есепке алу нысандарының уақтылы және дұрыс толтырылуын қамтамасыз етеді.

      11. Пациенттерге денсаулық сақтау субъектілері:

      1) шығару эпикризін - № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына сәйкес;

      2) көрсетілетін қызметтердің саны мен құнын көрсете отырып, көрсетілген ақылы қызметтердің тізбесі туралы ақпаратты ұсынады.

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2020 жылғы 29 қазандағы
№ ҚР ДСМ-170/2020
бұйрығына 2-қосымша

Ақылы медициналық қызметтер (көмек) ұсыну жөніндегі шарттың үлгі нысаны

      Ескерту. Нысан жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.05.2022 № ҚР ДСМ-42 (01.07.2022 қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      _____________________ _____жылғы "___"_______
(Орналасқан жері)
Бұдан әрі Тапсырыс беруші деп аталатын
_______________________________________________________________,
(пациенттің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке басын куәландыратын құжаттардың
деректері) бір тараптан және бұдан әрі Қызмет беруші деп аталатын
_________________________________________________________________
(Жарғы, Ереже) негізінде әрекет ететін
_________________________________________________________ атынан
(денсаулық сақтау ұйымының толық атауы, БСН)
___________________________________________________ екінші тараптан
(уәкілетті адамның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

төмендегілер туралы осы Шартты (бұдан әрі – Шарт) жасасты:

      1. Шарттың мәні

      1. Қызмет беруші осы Шартқа ____ қосымшаға сәйкес ақылы медициналық қызметтерді (көмек) _______ жылғы _________ бастап ______________ бойынша ____________ (____________) теңге сомасына _____ бастап _____ дейінгі мерзімде көрсетеді. Толық жазылуы

      2. Тапсырыс беруші немесе оның сенімхаты бойынша өкілі, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкілі, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкілі қызмет берушіге көрсетілген медициналық қызметтер (көмек) үшін осы Шартта көрсетілген тәртіппен және мерзімдерде ақы төлеуді жүзеге асырады.

      2. Ақы төлеу тәртібі

      3. Тапсырыс беруші немесе оның сенімхат бойынша өкілі, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкілі, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкілі Қызмет беруші ұсынған шотқа сәйкес іс жүзінде көрсетілген медициналық қызмет (көмек) бойынша Қызмет берушінің медициналық қызметтеріне (көмегіне) ақы төлеуді жүзеге асырады.

      4. Тапсырыс беруші немесе оның сенімхаты бойынша өкілі, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкіліне, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкіліне шарт жасалған кезде шарттың жалпы сомасының сексен пайызынан аспайтын мөлшерде Қызмет берушіге аванс төлеуге, қалған соманы – шоттың ұсынылуына қарай, қызмет көрсету аяқталған кезден бастап төлеуге жол беріледі.

      5. Ақылы медициналық қызметтерді (көмекті) ұсыну кезінде ақылы негізде Шартта көзделмеген қосымша медициналық қызметтерді (көмекті) ұсыну қажет болған жағдайда, Қызмет беруші Тапсырыс берушінің немесе оның сенімхат бойынша өкілінің, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкілінің, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкілінің келісімімен нақты көрсетілген медициналық қызметтің (көмектің) көлемі ескеріле отырып, шарт сомасына түзету жүргізеді.

      Қосымша сома және оны төлеу тәсілі Тапсырыс берушімен немесе оның сенімхаты бойынша өкілімен, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкілімен, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкілімен келісіледі және Шартқа қосымша келісім түрінде ресімделеді.

      6. Қызмет беруші Тапсырыс берушіге немесе оның сенімхаты бойынша өкіліне, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкіліне, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкіліне Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ақы төлеу фактісін растайтын құжатты береді.

      7. Денсаулық сақтау субъектісі қызметті мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, Қызмет беруші Шарттың талаптарын бұзу жағдайларын қоспағанда, Тапсырыс берушіге немесе оның сенімхат бойынша өкіліне, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхат бойынша өкіліне, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкіліне төленген сома мен іс жүзінде көрсетілген медициналық қызметтің (көмектің) арасындағы айырмашылықты төлейді.

      3. Тараптардың міндеттері

      8. Қызмет беруші:

      ауруларды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес медициналық қызметтер (көмек) көрсетуді қамтамасыз етуге (осы нозологиялар бойынша клиникалық хаттамалар болмаған кезде – жалпы қабылданған тәсілдерге және медициналық көрсетілімдер бойынша дәлелді медицина базасына сәйкес);

      Тапсырыс берушінің медициналық қызметтер (көмек) көрсету нәтижелеріне қанағаттануының ең жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауға;

      егер ақылы медициналық қызметтер көрсету кезінде Кодекске сәйкес кенеттен болған жіті аурулар, жай-күйлер, асқынулар, созылмалы аурулар кезінде пациенттің өміріне төнген қауіпті жою үшін шұғыл көрсетілімдер бойынша қосымша медициналық қызметтер көрсету талап етілген жағдайда, медициналық қызметтер (көмек) көрсетуді ақы алмай ұсынуды қамтамасыз етуге;

      жасалған Шарт шеңберінде медициналық қызмет (көмек) көрсету үшін жағдайлар болмаған жағдайда, басқа денсаулық сақтау ұйымында осы қызметті көрсетуді ұйымдастыруға және оған ақы төлеуге;

      Тапсырыс берушіге немесе оның сенімхаты бойынша өкіліне, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкіліне, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкіліне көрсетілген медициналық қызметтердің (көмектің) түрлері мен көлемін көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 412-бабына сәйкес белгіленген мерзімдерде шот-фактура ұсынуға міндетті.

      9. Тапсырыс беруші:

      жұмыс тәртібі мен режимін айқындайтын Қызмет беруші белгілеген қағидаларды сақтауға;

      Шарт бойынша медициналық қызмет (көмек) алу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;

      Шартта белгіленген медициналық қызметті (көмекті) көрсету күні басталғанға дейін бір күн және одан артық күн бұрын медициналық қызметті (көмекті) немесе медициналық қызметтердің (көмектің) бір бөлігін алудан бас тарту туралы Қызмет берушіні хабардар етуге;

      Шартта көрсетілген мерзімдерге сәйкес көрсетілген медициналық қызметтер (көмек) үшін Қызмет берушіге ақы төлеуді жүргізуге міндетті.

      4. Тараптардың құқықтары

      10. Тапсырыс берушінің:

      ақылы медициналық қызметтер (көмек) көрсететін дәрігерлер қатарынан емдеуші дәрігерді таңдауға;

      "Медициналық қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-230/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21727 болып тіркелген) сәйкес жүргізілген емдеу сапасына және дәрігерлік тағайындаулардың негізділігіне сараптаманы жүзеге асыруға құқығы бар.

      11. Тапсырыс беруші осы Шартта белгіленген қағидаларды бұзған жағдайда, Қызмет берушінің емдеуді мерзімінен бұрын тоқтатуға құқығы бар.

      5. Тараптардың жауапкершілігі

      12. Қызмет беруші ақылы медициналық қызметтер көрсету бойынша мынадай жол берілген бұзушылық жағдайлары үшін жауапты болады:

      1) көлемі мен сапасы сәйкес келмейтін медициналық қызметтер көрсету;

      2) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 424-бабы 2-тармағына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіретін қызметтер үшін Тапсырыс берушіден ақы алу;

      3) бір медициналық қызмет көрсеткені үшін екі есе ақы алу (Тапсырыс берушінің қаражаты және бюджет қаражаты есебінен).

      13. Осы Шартта көзделген міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда тараптар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      14. Тапсырыс беруші іс жүзінде көрсетілген медициналық қызметтер (көмек) үшін Қызмет берушіге шығындарды уақтылы өтемегені үшін жауапты болады.

      15. Тараптар осы Шарт шеңберінде өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда барлық даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы азаматтық заңнамасына сәйкес шешіледі.

      16. Тапсырыс беруші тарапынан медициналық қызмет (көмек) көрсетуге арналған шарттың 2, 3-тармақтары бұзылған жағдайда, Қызмет беруші мерзімі өткен әрбір күн үшін Шарт сомасының ___%-ы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын ұстайды.

      6. Форс-мажор

      17. Егер Шарт талаптарының орындалмауы форс-мажорлық мән-жайлардың нәтижесі болып табылса, Тараптар ол үшін жауапты болмайды.

      18. Егер Шарттың орындалуын кешіктіру форс-мажорлық мән-жайлардың нәтижесі болып табылса, Қызмет беруші тұрақсыздық айыбын төлеуге немесе Шарттың талаптарының орындалмауына байланысты оны бұзуға жауапты болмайды.

      19. Шарттың мақсаттары үшін "форс-мажор" Тараптардың бақылауына бағынбайтын және күтпеген сипаттағы оқиғаны білдіреді. Мұндай оқиғалар мыналарды қамтуы мүмкін, бірақ осыларды қоса алғанда: соғыс қимылдары, табиғи немесе дүлей апаттар және басқалар.

      20. Форс-мажорлық мән-жайлар туындаған кезде Қызмет беруші бір және одан артық жұмыс күні ішінде Тапсырыс берушіге немесе оның сенімхаты бойынша өкіліне, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкіліне, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкіліне осындай мән-жайларды және олардың себептері туралы жазбаша хабарламаны дереу жіберуге тиіс. Егер Тапсырыс берушіден немесе оның сенімхаты бойынша өкілінен, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкілінен, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкілінен басқа жазбаша нұсқаулықтар келіп түспесе, Қызмет беруші шарт бойынша өз міндеттемелерін мүмкіндігінше орындауды жалғастырады және форс-мажорлық мән-жайларға байланысты емес Шартты орындаудың баламалы тәсілдерін іздеуді жүргізеді.

      7. Шартты өзгерту және бұзу

      21. Осы Шарттың талаптары тараптардың жазбаша келісімі бойынша өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін.

      22. Шартты мерзімінен бұрын бұзу ниеті туралы тараптар үш және одан артық жұмыс күні ішінде бір-бірін хабардар етуге міндетті.

      23. Осы Шартты бұзуға тараптардың келісімі немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негіздер бойынша сот шешімімен жол беріледі.

      8. Қорытынды ережелер

      24. Тараптардың ешқайсысының осы Шарт бойынша өз міндеттемелерін Тараптардың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа беруге құқығы жоқ.

      25. Осы Шарт Тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді және шарттың мерзімінен бұрын тоқтатылуын қоспағанда, осы Шарт бойынша тараптардың барлық міндеттемелері орындалған кезге дейін қолданылады.

      26. Бірдей заңды күші бар осы Шарт екі данада жасалды, бір данасы Тапсырыс берушіде немесе оның сенімхаты бойынша өкілінде, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың сенімхаты бойынша өкілінде, тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары бойынша өкілінде екіншісі Қызмет берушіде болады.

      Шарт Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қағаз және электрондық түрде жасалуы мүмкін.

      27. Тапсырыс беруші мен Қызмет беруші арасындағы осы Шарттың талаптарын орындауға байланысты барлық даулы мәселелер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шешіледі.

      28. Осы Шартта көзделмеген барлық жағдайларда Тараптар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасын басшылыққа алады.

      9. Тараптардың мекенжайлары мен деректемелері:

      Қызмет беруші: Тапсырыс беруші:

      _________________ _______________