"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 59) тармақшасына және 202-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер ұсыну жөніндегі шарттың үлгілік нысаны бекітілсін.
Мынадай:
1) "Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттарын және Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсетуге арналған шарттың үлгілік нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 304 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11341 болып тіркелген, 2015 жылғы 24 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);
2) "Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 304 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 2 мамырдағы № ҚР ДСМ-60 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18643 болып тіркелген, 2019 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бюджеттік департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ә.Б. Нүсіповаға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Цой |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 29 қазаны № ҚР ДСМ-170/2020 Бұйрыққа 1-қосымша |
Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 202-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Ақылы қызметтер медициналық қызметтерді тұтынушылар болып табылатын жеке тұлғаларға (бұдан әрі – пациенттер) көрсетіледі.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі – бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын медициналық көмектің көлемі;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені;
3) ақылы бөлімшелер (палаталар) – денсаулық сақтау ұйымдарындағы ақылы негізде медициналық қызметтер көрсетуге арналған бөлімшелер (палаталар);
4) денсаулық сақтау ұйымының дәрілік формуляры – Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр негізінде қалыптастырылған және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекіткен, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған дәрілік заттардың тізбесі;
5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсету сапасы саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Ақылы қызметтер көрсету тәртібі
4. Ақылы негізде көрсетілетін медициналық көмекті (ақылы медициналық қызметтерді) денсаулық сақтау субъектілері (денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар) стандарттарға сәйкес шарт негізінде көрсетеді.
5. Денсаулық сақтау субъектілері халыққа ақпаратты медициналық ұйымның интернет–ресурсында орналастыру арқылы, сондай-ақ тіркеу орындарында, қабылдау бөлімшелерінде (камераларда) көрнекі ақпарат арқылы мынадай мәліметтерді қамтитын ақпаратты мәліметке дейін ұсынады:
1) денсаулық сақтау ұйымының ақылы медициналық қызметтер көрсетуге құқығын регламенттейтін құқықтық актілерге сілтемелерді;
2) медициналық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия туралы мәліметтерді (нөмірі және берілген күні, лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрлерінің тізбесі, лицензиардың толық атауы);
3) құнын көрсете отырып, ақылы медициналық қызметтердің тізбесін, медициналық қызметтерді ұсыну шарттары, нысаны және оларды төлеу тәртібі туралы мәліметтерді;
4) медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тегін көрсетілетін қызметтер тізбесі;
5) ақылы медициналық қызметтер ұсынуға қатысатын медицина қызметкерлері туралы, олардың кәсіптік білімі мен біліктілігі туралы мәліметтерді;
6) ақылы қызметтер көрсету кезінде азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер туралы мәліметтерді;
7) денсаулық сақтау ұйымының жұмыс режимі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмек, ақылы қызметтер көрсетуге қатысатын медицина қызметкерлерінің жұмыс кестесі;
8) уәкілетті органның, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мемлекеттік басқару жергілікті органының, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті аумақтық бөлімшелерінің мекенжайлары мен телефондарын қамтитын ақпаратты орналастыру арқылы ұсынады.
6. Ақылы қызметтер пациенттерге мынадай жағдайларда:
1) өздерінің бастамасы бойынша, оның ішінде бірінші және екінші деңгейлердегі мамандардың жолдамасынсыз медициналық көмек көрсету;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету;
3) денсаулық сақтау ұйымының дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттармен емдеу;
4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесіне кірмейтін және (немесе) медициналық көрсетілімдерсіз медициналық зерттеулер жүргізу;
5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде санаторийлік-курорттық ұйымдарда көрсетілетін қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
6) медициналық көрсетілімдерсіз медициналық-генетикалық зерттеулер;
7) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде көзделмеген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру көлемінен тыс медициналық зерттеп-қарау;
8) шарт бойынша, оның ішінде ерікті медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсету;
9) Кодекстің 83-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету кезінде ұсынылады.
8. Ақылы медициналық көрсетілген қызметтер осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсетуге арналған шарттың негізінде көрсетіледі.
Шарт Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалады.
8. Егер ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде шартта көзделмеген қосымша медициналық қызметтерді ақылы негізде ұсыну қажет болған жағдайда, ұйым бұл өзгерістер туралы пациентті ескертеді.
9. Егер ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде денсаулыққа келетін елеулі зиянды болдырмау және (немесе) өмірге төнген қатерді жою үшін кезек күттірмейтін медициналық араласуды қажет ететін кенеттен болған жіті аурулар, созылмалы аурулардың жай-күйі, асқынуы кезінде пациентке шұғыл медициналық көмек көрсету талап етілетін жағдайда, мұндай медициналық көмек Кодекске сәйкес ақы алынбай ұсынылады.
Егер пациенттің өміріне қауіп төндіретін жағдай мемлекеттік лицензияға сәйкес денсаулық сақтау ұйымының бейініне сәйкес келмесе, онда ақылы қызметтер көрсететін денсаулық сақтау ұйымы пациенттерді тасымалдауды қоса алғанда, пациентке тиісті денсаулық сақтау ұйымына қол жеткізуді ұйымдастырады.
10. Пациенттерді ақылы негізде емдеуге жатқызу денсаулық сақтау ұйымының ақылы бөлімшелерінде (палаталарында) жүзеге асырылады.
11. Пациенттерді Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген дәрілік заттармен қамтамасыз етуді денсаулық сақтау ұйымдары пациенттің жазбаша келісімімен ақылы негізде жүзеге асырады.
12. Ақылы қызметтер көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша денсаулық сақтаудың медициналық ақпараттық жүйелерінде бастапқы есепке алу мен есептік құжаттама жүргізуді жүзеге асырады.
Денсаулық сақтау ұйымының дәрілік формулярына енгізілмеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелмеген, біржолғы әкелу арқылы әкелінген дәрілік заттарды сатып алуды қоса алғанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде емдеуде жүрген пациенттерге ақылы медициналық қызметтер көрсетудің әрбір жағдайы Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша есептік медициналық құжаттамада негізделе отырып көрсетіледі.
Денсаулық сақтау субъектілері 9 қайта қараудағы (АХЖ-9) Аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктелуінің, 10-қайта қараудағы (АХЖ-10) Аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктелуінің кодына сәйкес есепке алу нысандарын уақтылы және дұрыс толтыруды қамтамасыз етеді.
13. Ақылы қызметтерді алушыларға денсаулық сақтау ұйымдары:
1) консультациялық-диагностикалық көмек көрсету кезінде медициналық қорытындыны Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша есептік медициналық құжаттамада негізделе отырып көрсетіледі;
2) стационарлық, стационарды алмастыратын көмек, оның ішінде қалпына келтіру (оңалту) емін жүргізу кезінде және паллиативтік көмек көрсету кезінде сырқатнамадан шығару эпикризін;
3) қызметтердің саны мен құнын көрсете отырып, көрсетілген қызметтердің тізбесі туралы ақпаратты ұсынады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 29 қазаны № ҚР ДСМ-170/2020 Бұйрыққа 2-қосымша |
Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсетуге арналған шарттың үлгілік нысаны
____________________ | ____ жылғы "___"_______ |
Бұдан әрі Тапсырыс беруші деп аталатын
_______________________________________________________________,
(пациенттің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке басын куәландыратын
құжаттардың деректері)
бір тараптан және бұдан әрі Қызмет беруші деп аталатын
____________________________________________________________________
(Жарғы, Ереже) негізінде әрекет ететін _________________________________ атынан
(денсаулық сақтау ұйымының толық атауы, БИН)
_________________________________________ екінші тараптан
(уәкілетті адамның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)
төмендегілер туралы осы Шартты (бұдан әрі - Шарт) жасасты:
1. Шарттың мәні
1. Қызмет беруші осы Шартқа ____ қосымшаға сәйкес ақылы қызметтерді _______ жылғы _________ бастап ______________ бойынша ____________ (____________) теңге сомасына _____ бастап _____ дейінгі мерзімде көрсетеді.
толық жазылуы
2. Тапсырыс беруші осы Шартта көрсетілген тәртіпте және мерзімде Қызмет берушіге көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеуді жүзеге асырады.
2. Ақы төлеу тәртібі
3. Тапсырыс беруші Қызмет берушінің қызметтеріне ақы төлеуді Қызмет беруші ұсынған шотқа сәйкес нақты көрсетілген медициналық көмектің көлемі бойынша жүзеге асырады.
4. Шартты жасасқан сәтте Шарттың жалпы сомасының 80 пайызынан аспайтын мөлшерде Қызметтер берушіге аванс беруге рұқсат етіледі, қалған сома шотты ұсыну бойынша қызметтер көрсету аяқталған сәтте төленеді.
5. Егер ақылы медициналық қызметтер ұсыну кезінде шартта көзделмеген қосымша медициналық қызметтерді ақылы негізде ұсыну қажет болған жағдайда, Қызмет беруші Тапсырыс берушінің келісімімен нақты көрсетілген медициналық көмектің көлемін ескере отырып, шарттың сомасын түзетеді. Қосымша сома және оны төлеу тәсілі Тапсырыс берушімен келісіледі және шартқа қосымша келісім түрінде ресімделеді.
6. Қызмет беруші Тапсырыс берушіге ақы төлеу фактісін растайтын белгіленген үлгідегі құжатты береді.
7. Қызмет мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда Қызмет беруші Тапсырыс берушіге Шарт талаптарын Тапсырыс берушінің бұзған жағдайларын қоспағанда, төленген сома мен нақты көрсетілген қызмет арасындағы айырманы төлейді.
3. Тараптардың міндеттері
8. Қызмет беруші:
ауруларды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес аталған нозологиялар бойынша хаттамалар болмаған кезде – жалпыға бірдей қабылданған тәсілдерге және дәлелді базаға сәйкес медициналық көрсетілімдер бойынша медициналық қызметтер көрсетуді қамтамасыз етуге;
Тапсырыс берушінің емдеу нәтижелерімен қанағаттанушылығының ең жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауға;
егер ақылы медициналық қызметтерді ұсыну кезінде кенеттен болған қатты аурулар, жай-күйлер, асқынулар, созылмалы аурулар кезінде пациенттің өміріне қауіпті жою үшін шұғыл көрсетілімдер бойынша қосымша медициналық қызметтерді ұсыну қажет болған жағдайда, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес медициналық көмекті ақы алмай ұсынуды қамтамасыз етуге;
жасасқан Шарт шеңберінде осы немесе өзге де қызметтерді көрсетуге жағдайлар болмаған жағдайда, осы қызметті басқа денсаулық сақтау ұйымында көрсетуді ұйымдастыруға және оған ақы төлеуге;
Тапсырыс берушіге көрсетілген медициналық, диагностикалық және сервистік қызметтердің түрлері мен көлемдерін көрсете отырып, белгіленген мерзімде шот ұсынуға;
Тапсырыс берушіге осы Шарттың орындалуына тексеру жүргізу үшін барлық қажетті медициналық және қаржылық құжаттаманы ұсынуға міндетті.
9. Тапсырыс беруші:
жұмыс тәртібі мен режимін айқындайтын денсаулық сақтау ұйымында белгіленген қағидаларды сақтауға;
Шарт қызметтерін алу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
қызметті немесе қызметтердің бір бөлігін алудан бас тарту туралы Қызмет берушіні уақтылы хабардар етуге;
көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеуді уақтылы жүргізуге міндетті.
4. Тараптардың құқықтары
10. Тапсырыс берушінің:
ақылы бөлімшеде (палатада) жұмыс істейтіндер қатарынан емдеуші дәрігерді таңдауға;
жүргізілген емнің сапасы мен дәрігерлік тағайындаулардың негізділігіне сараптаманы жүзеге асыруға құқығы бар.
11. Қызмет берушінің тапсырыс беруші аурухана режимін бұзған және дәрігерлік ұйғарымдарды орындамаған жағдайда емдеуді мерзімінен бұрын тоқтатуға құқығы бар.
12. Міндеттемелер шартта белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, Тарап екінші Тарапқа мән – жайлардың басталғаны туралы, ал олар тоқтатылғаннан кейін мән-жайлардың тоқтатылғаны туралы 1 күн ішінде хабарлауға міндетті. Бұл ретте, шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін Тараптар осындай мән-жайлар мен олардың салдарлары қолданылған уақытқа мөлшерлес ұзартуы мүмкін.
5. Тараптардың жауапкершілігі
13. Қызмет беруші ақылы медициналық қызметтер көрсету бойынша бұзушылық жағдайларына жол бергені үшін жауапты болады:
1) медициналық қызметтерді тиісті көлемде және сапада көрсетпеу;
2) ТМККК-ға және МӘМС кіретін қызметтер үшін Тапсырыс берушіден ақы алу;
3) нақ сол медициналық қызметті көрсеткені үшін екі рет ақы алу (пациент қаражатының және бюджет қаражатының есебінен).
14. Осы Шартта көзделген міндеттемелерді орындамаған немесе тиісті орындамаған жағдайда тараптар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
15. Тапсырыс беруші Қызмет берушіге іс жүзінде көрсетілген медициналық көмектің көлемі үшін шығындарды уақтылы өтемегені үшін жауапты болады.
16. Тараптар осы Шарт шеңберінде өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда барлық даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәкес шешіледі.
17. Тапсырыс беруші тарапынан Медициналық көмек көрсетуге арналған шарттың 2, 3-тармақтары бұзылған жағдайда Қызмет беруші мерзімі өткен әрбір күн үшін Шарттың сомасынан ____ % мөлшерінде тұрақсыздық айыбын ұстап қалады.
6. Форс-мажор
18. Егер Шарт талаптарының орындалмауы форс-мажорлық жағдаяттардың нәтижесі болып табылса, Тараптар ол үшін жауапкершілікте болмайды.
19. Егер Шартты орындауды кешіктіру форс-мажорлық жағдаяттардың нәтижесі болып табылса, Өнім беруші Шарт талаптарының орындалмауына байланысты тұрақсыздық айыбын төлеуге немесе оны бұзуға жауапты болмайды.
20. Шарт мақсаттары үшін "форс-мажор" Тараптардың бақылауына бағынбайтын және күтпеген сипаттағы оқиғаны білдіреді. Мұндай оқиғалар мыналарды қамти алады, бірақ тек олар ғана емес: соғыс қимылдары, табиғи немесе дүлей апаттар және басқалар.
21. Форс-мажорлық жағдаяттар туындаған кезде Өнім беруші тез арада Тапсырыс берушіге осындай жағдаяттар мен олардың себептері туралы жазбаша хабарлама жіберуге тиіс. Егер Тапсырыс берушіден басқа жазбаша нұсқаулықтар келіп түспесе, Өнім беруші Шарт бойынша өз міндеттерін мүмкіндігінше орындауды жалғастырады және форс-мажорлық жағдаяттарға байланысты емес Шартты орындаудың баламалы тәсілдерін іздейді.
7. Шартты өзгерту және бұзу
22. Осы Шарттың талаптары тараптардың жазбаша келісімі бойынша өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін.
23. Шартты мерзімінен бұрын бұзу ниеті туралы тараптар бір-бірін алдын ала хабардар етуге міндетті.
24. Осы Шартты бұзуға тараптардың келісімі бойынша немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негіздер бойынша сот шешімі бойынша жол беріледі.
8. Қорытынды ережелер
25. Тараптардың бірде-бірі өздерінің осы Шарт бойынша міндеттемелерін екінші тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа беруге құқығы жоқ.
26. Осы Шарт бірдей заң күші бар екі данада жасалған, бір данасы - Тапсырыс берушіде, екіншісі Қызмет берушіде болады.
27. Осы Шарт бірдей заңды күші бар екі данада жасалды, бір данасы Тапсырыс берушіде, екіншісі өнім берушіде болады. Шарт Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қағаз және электрондық түрде жасалуы мүмкін.
28. Осы Шарттың талаптарын орындауға байланысты Тапсырыс беруші мен өнім беруші арасындағы барлық даулы мәселелер заңнамада белгіленген тәртіппен шешіледі.
29. Осы Шартта көзделмеген барлық жағдайларда Тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады.
9. Тараптардың мекенжайлары мен деректемелері:
Қызмет беруші: |
Тапсырыс беруші: |